Тұлға құрылымының қалыптасуы мен дамуының психологиялық аспектілері

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 27 Ноября 2013 в 15:14, дипломная работа

Краткое описание

Зерттеудің өзектiлiгi. Қазiргi кезде қоғамда болып жатқан нарықтық-экономикалық, саяси-идеологиялық және рухани-әлеуметтiк өзгерiстер оған белсене араласып, оның талаптарын өз бетiнше шеше алатын, ортаға бейiмделгiш, шығармашылық көзқарасы бар, жан-жақты үйлесiмдi дамыған тұлғаны қалыптастыруды талап етедi. Мұның өзi жоғары оқу орындарындағы болашақ мамандардың тұлғаға тән мағыналы құрылымын дамыту мәселесiмен тiкелей байланысты.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Гулнур косыша 1.docx

— 399.36 Кб (Скачать документ)

Д.Н. Узнадзе  мен оның шәкiрттерi “бейiм-бағдарды бекiту” әдiсiнiң көмегiмен психикалық белсендiлiктер процесiнiң “бұзылуын” және әр түрлi жалған қабылдаулардың бәсеңдеуi мен дамуында, пайда болуында үлкен орын алатын бекiген бейiм-бағдарлардың маңызды рөлiн зерттеуге қол жеткiздi. Әлемдiк психологияда Д.Н. Узнадзенiң мектебi секiлдi ешбiр мектеп осындай бағытта ешқандай үлкен жаңалық ашқан жоқ. Д.Н. Узнадзенiң iзбасарлары өз ұстазына елiктей отырып, бекiген бейiм-бағдардың сипаттарын, оның динамикалылығы мен статикалығын, ырғақтылығы мен өрескелдiгiн, тұрақсыздығы мен тұрақтылығын, таралуын және т.б. бөлiп алып зерттедi. Д.Н. Узнадзенiң басшылығымен олар бекiген бейiм-бағдарды зерттейтiн астарлы әдiстердiң тұтастай қатарын, атап айтқанда З.И. Ходжавы “бейтарап әрiптер”, Б.И. Хачапуридзе “субсенсорлы тiтiркендiргiштер” әдiсiн салды, И.Т. Бжалова бейнелерден кейiнгi материалдардағы бекiген бейiм-бағдарды зерттедi. Осы зерттеулердiң көмегiнсiз негiзгi мәселе алғашқы бейiм-бағдарды зерттеу мүмкiн емес едi дейдi психолог А.Г. Асмолов [35].

Бiрде бекiген бейiм-бағдарды зерттеу барысында “мотивтiң мақсатқа айналуы” елеусiз түрде жүргендiгi анықталған, яғни соңғы қырық жыл iшiндегi зерттеулердiң негiзгi мақсаты болып қалған және толық дербес мәнге ие болған “бекiген бейiм-бағдарды зерттеудегi” мақсатқа “алғашқы бейiм-бағдарды зерттеудегi” мотив уақытша жылжыған [35, 53 б.]. Осы деректерге сүйене отырып А.Г. Асмолов өз кiтабында Ш.Н. Чхартишвилидiң бекiген бейiм-бағдар құбылыстары бейiм-бағдарлы құбылыстар қатарына мүлде жатпайды деген пiкiрiмен келiспейтiндiгiн бiлдiредi [35, 53 б.]. Ол: “iс-әрекеттiң бейiм-бағдарлы реттелуiнiң осы екi әр алуан түрлерiн бiрiктiретiн жалпы және негiзгi белгiсi алғашқы және бекiген бейiм-бағдарлардың өзiне тән ерекше белгiлерiнiң жиынтығында бүркемеленiп қалмауы керек”, - дей отырып, барлық бейiм-бағдарларға тән олардың ортақ белгiсiн анықтауға мән бередi [35, 53 б.]. Сонымен А.Г. Асмоловтың пiкiрi бойынша екi жағдайға да ортақ белгi бейiм-бағдардың белгiлi бiр бағытқа жауап беретiн әрекетке дайындығы деп танылады. Ол былай деп жазады: “Бейiм-бағдарлы құбылыстардың осы сипаттары шетел психологиясы мен Д.Н. Узнадзе мектебiнiң зерттеулерiндегi ең бастысы болып табылады” [35, 53 б.].

Д.Н. Узнадзе түсiнiгiнде бейiм-бағдардың мазмұны бейiм-бағдарды тудыратын объективтi себептерге байланысты анықталады. Олай болса бейiм-бағдардың мазмұнын зерттеуде әрқашан мiндеттi шешу жағдайындағы бейiм-бағдар бағытталған сол затты және сонымен қоса осы зат iс-әрекеттiң детерминдеуiнде қандай рөл атқарады, мiне соны тауып алу керек дейдi А.Г. Асмолов. “Сондықтан, алғашқы және бекiген алуан түрлi бейiм-бағдарлардың  ерекшелiктерiнiң шынайы себептерiн табу үшiн мiнез-құлықтан оны туғызатын объективтi себептердiң орнын тауып алу мен осы себептер субъектiде қалайша бейнеленетiнiн зерттеу керек, яғни  оған мазмұнды сипаттамалар беру қажет” [35, 54 б.]. Сондай-ақ А.Г. Асмолов “осыларды iздеу барысында бекiген және алғашқы секiлдi бейiм-бағдардың әр алуан түрлерiнiң өзiн белгiлеу жалған пайымдауларға алып келуi мүмкiн, “алғашқылық” пен “бекiгендiк” сияқты терминдер бейiм-бағдардың қалыптасуында уақытша өтiп кететiн әр түрлi сәттердi ғана бiлдiредi” деген тұжырым жасайды [35, 54 б.]. А.Г. Асмоловтың айтуынша бейiм-бағдарлы тәжiрибенiң көмегiмен беку процесi әлi жүрмегендiктен, алғашқы бейiм-бағдарда операционалды мағына ғана болады. Онда беку процесi жүргенде ғана ол бекiген бейiм-бағдарға айналады. Олай болса, бекiген бейiм-бағдардың қасиетi алғашқы бейiм-бағдардың қасиетiнен қалайша бiрден ерекшеленетiн болып шығады, бұл мүлде түсiнiксiз қалып отыр деген ой айтады.

Одан ары А.Г. Асмолов iс-әрекет құрамындағы бейiм-бағдардың орны мен рөлiн талдауға назар аударады. Алуан түрлi бейiм-бағдарлы құбылыстардың кездесетiндiгiн тiлге тиек ете отырып, ол бұл мәселелердi басқаша қырынан қарастыруды, атап айтқанда бейiм-бағдарды заттық iс-әрекетте талдауды дұрыс деп санайды. “Мұны iстеу үшiн бейiм-бағдар мәселелерiн зерттеу барысының ұзақ уақытын анықтайтын: бейiм-бағдардан iс-әрекет шығуы тиiс емес, iс-әрекеттен бейiм-бағдар шығуы тиiс деген негiзгi тұжырымды ауыстырып, есеп беру жүйесiн өзгерту керек”, - деп А.Г. Асмолов заттық iс-әрекеттегi бейiм-бағдардың қызметi мен орнын қарастыруға көшедi [35, 55 б.]. Бiз А.Г. Асмоловтың бұл ойларынан алғашқы және бекiген бейiм-бағдарлардың психологиялық орны мен рөлi жайлы мәселелердiң әлi де болса өз шешiмiн таппай отырғанын оңай аңғарамыз. Бiздiңше психолог Ш.Н. Чхартишвилидiң алғашқы және бекiген бейiм-бағдарлардың өзiне тән ерекше белгiлерiн ажыратып көрсетуiнiң үлкен мәнi бар. Өйткенi Ш.Н. Чхартишвилидiң бұл деректерi бiрiншiден баладағы бейiм-бағдар құбылыстарының онтогенезегi дамуы мен қалыптасуын түсiндiруге жол ашып берсе, екiншiден олардың қалай дамитындығы мен қалыптасатындығы жайындағы сұрақтарды қайта қарауға мүмкiндiк жасады. Бiздiңше алғашқы және бекiген бейiм-бағдарлар арасындағы бұл мәселелердi түбегейлi шешу үшiн алдымен психологиялық талдауды алғашқы және бекiген бейiм-бағдарлардың пайда болуы мен қалыптасуын түсiндiруден  бастаған орынды.

Бiз алдыңғы бөлiмде адамдағы мотивациялық-қажеттiлiк шеңберiнiң екi түрлi қызметiнiң, яғни оның оятушылық және атқарушылық қызметтерiнiң болатындығын айтқан едiк. Бiздiң ойымызша Д.Н. Узнадзенiң айтып отырған алғашқы бейiм-бағдар ұғымы, сiрә мотивтiң оятушы қызметi болуы мүмкiн. Себебi С.М. Жақыпов айтқандай еш нәрсеге шамасы жетпейтiн, қауқарсыз жас нәрестеде мотивтiң оятушы қызметi болғанымен, онда мотивтiң атқарушы қызметi болмайды. Оны бiрлескен iс-әрекетте үлкендердiң өзi атқарады. Бiрақ, алғашқы бейiм-бағдар бекiп, мотивтiң атқарушы қызметiне айналу үшiн, бала мiндеттi түрде үлкендермен жалған бiрлескен iс-әрекетке түсуi қажет. Олай болса, алғашқы бейiм-бағдардың нәтижесi түрiнде көрiнетiн екiншi реттiк бекiген бейiм-бағдар бiздiңше С.М. Жақыпов сипаттаған жалған бiрлескен iс-әрекеттiң жемiсi. Жалған бiрлескен iс-әрекетте балада ең алғашқы жалған индивидуалды бейiм-бағдар қалыптасады. Мұнда бала өз iс-әрекетiнiң бейiм-бағдарын саналы түрде ұғына бермейдi, ол тек үлкендердiң көмегiмен қарапайым операцияларды ғана орындайды. Сондықтан, бейiм-бағдардың мұндай түрiнде психолог А.Г. Асмолов айтқан операционалды мағына ғана болады. Дегенмен мақсатқа жетуге бағытталған iс-әрекеттi тұрақты түрде сүйемелдеп тұру үшiн адамда мұндай операционалды бейiм-бағдарлардың болуы жеткiлiксiз, сондай-ақ онда мақсатты бейiм-бағдар да болуы қажет. Бiздiңше мақсатты бейiм-бағдар жалған бiрлескен iс-әрекет сатысынан бiрлескен iс-әрекет сатысына өту кезiндегi мақсат құрылу, мотив құрылу, мағына құрылу процесi мен аралық мақсаттарды меңгеру үстiнде қалыптасады. Жалған бiрлескен iс-әрекет сатысынан бiрлескен iс-әрекет сатысына өту кезiндегi мақсаттардың қайта құрылуы мен жаңа мағыналардың туындауы салдарынан алғашқы бейiм-бағдардың нәтижесi түрiнде көрiнетiн бекiген бейiм-бағдардың мазмұны өзгередi.

Сондай-ақ, тұлғаның iс-әрекетi мен мiнез-құлқының үнемi бiр қалыптылығы мен тұрақтылығын сипаттайтын, оның құрылымының негiзгi бағыттылығына айналу үшiн бейiм-бағдар тұлғалық мағынада көрiнетiн мағыналы бейiм-бағдар түрiнде болуы қажет. Бiздiң ойымызша тұлғалық мағынада көрiнетiн және тұлғаның мағыналы құрылымының жүйе құрушы элементi болып табылатын мағыналы бейiм-бағдар дамыған бiрлескен iс-әрекет сатысында қалыптасатын мағыналы құрылымдардың жалпы қорын меңгерудiң нәтижесi. Алайда психолог А.Г. Асмолов бiз келтiрген бейiм-бағдар түрлерiнiң өзiне тән ерекше белгiлерiн ажыратып бөлуден бас тартып, барлық бейiм-бағдарлы құбылыстарға тән ортақ белгiнi тауып алу мен олардың субъектiде қалай бейнеленетiнiн зерттеп, оған мазмұнды сипаттама беру керек деп алғашқы және бекiген бейiм-бағдарлардың қалыптасуы мен пайда болуы жөнiндегi мәселенi ескермейдi. Тiптi ол: “бейiм-бағдардың әр алуан түрлерiнiң өзiн белгiлеу жалған пайымдауларға алып келуi мүмкiн”, - деген сенiмсiздiк танытып, олар “бейiм-бағдардың қалыптасуында уақытша өтiп кететiн әр түрлi сәттердi ғана бiлдiредi”, - деп бұл мәселелердi мүлде жоққа шығарады [35, 54 б.].

Сондай-ақ ол мағыналы бейiм-бағдардың қалыптасуы мен дамуына, пайда болуына себеп болатын алғашқы және бекiген секiлдi бейiм-бағдар түрлерiнiң қалыптасуы мен дамуын, алғашқы және бекiген бейiм-бағдарлардың адамның өмiрлiк iс-әрекетiн реттеудегi орны мен рөлiн ашып берудiң орнына, керiсiнше оларды дербес теориялық мәртебесiнен айырғысы келедi. Дегенмен психолог А.Г. Асмолов “iс-әрекет пен бейiм-бағдар арасындағы қатынас мәселелерiн шешу жолдарында кедергi тас болып табылатын бейiм-бағдарлы бейнелеу, алғашқы бейiм-бағдар туралы сұрақ әлi күнге дейiн пiкiрталас күйiнде қалып отыр”, - деп мәселенi дұрыс қоя бiлдi, бiрақ оны шешуге келгенде “негiзгi тұжырымды ауыстырып, есеп беру жүйесiн өзгерту керек”, - деп оны аяқсыз қалдырды. Бiздiңше А.Г. Асмоловтың ең басты кемшiлiгi алғашқы немесе операционалды бейiм-бағдарлардың адамның өмiрлiк iс-әрекетi үстiнде тұлғалық мағынаны бiлдiретiн мағыналы бейiм-бағдарға қалайша айналатындығы жөнiндегi сұрақты тиянақты ашып көрсете алмауында. Бiз психолог А.Г. Асмоловтың мұндай қорытындыға келуiн өзiнiң мағыналы бейiм-бағдар жөнiндегi ұғымын енгiзгенде, оны “объектi-субъектiлiк” қатынас жүйесiнде қарастыруынан деп түсiнемiз. Егер ол мағыналы бейiм-бағдар жөнiндегi мәселелердi “субъектi-субъектiлiк” қатынас жүйесiнде, яғни бiрлескен iс-әрекетте қарастырса, дәл мұндай қорытындыға келмес едi. Сондықтан да психологиядағы бейiм-бағдар табиғатының түрлерi мен мазмұнын түсiндiруде, оларды “объектi-субъектiлiк” қатынас жүйесiнде емес, “субъектi-субъектiлiк” қатынас жүйесiнде, яғни бiрлескен iс-әрекетте талдау қажет.

Бiздiң тұжырымдамамыз бойынша алғашқы бейiм-бағдар адамдар арасындағы жалған бiрлескен iс-әрекетте бекiген алғашқы бейiм-бағдарға, яғни бекiген операционалды бейiм-бағдарға айналады. Адамдар арасындағы жалған бiрлескен iс-әрекет одан ары жалғасқанда бекiген алғашқы бейiм-бағдарлардың мазмұны өзгермейдi, ол тек бiрлекен iс-әрекетке айналу үстiнде ғана өзгередi. Сондай-ақ жалған бiрлескен iс-әрекеттен бiрлескен iс-әрекетке өту үстiнде туындайтын жаңа мағыналар мен құрылған жаңа мақсаттарды осы iс-әрекетке қатысушылардың меңгеруi нәтижесiнде адамдағы бекiген алғашқы бейiм-бағдардың мазмұны мақсатты бейiм-бағдардың мазмұнына ауысады. Дәлiрек айтқанда, бекiген алғашқы бейiм-бағдар бiрлескен iс-әрекет сатысында мақсатты бейiм-бағдарға айналады.  Мақсатты бейiм-бағдардың мазмұны жалған бiрлескен iс-әрекеттен бiрлескен iс-әрекет сатысына өту кезiндегi серiктердiң iс-әрекеттерiнiң мақсатына сәйкес болады. Ал адамдар арасындағы бiрлескен iс-әрекет дамыған бiрлескен iс-әрекет сатысына өткенде мақсатты бейiм-бағдарлар, мазмұны тұлғалық мағынаны сипаттайтын мағыналы бейiм-бағдарға айналады. Мағыналы бейiм-бағдардың мазмұны дамыған бiрлескен iс-әрекет сатысында қалыптасатын мағыналы құрылымдардың жалпы қорының даму деңгейi мен оны осы iс-әрекетке қатысушы серiктердiң меңгеруiнiң қаншалықты дәрежеде екендiгiмен анықталады. Сонымен тұлғалық мағынаны сипаттайтын адамдағы мағыналы бейiм-бағдарлар тұлғаның өмiрлiк iс-әрекетiнде сыртқы ортадағы затқа сәйкес туындап, бiрден қалыптасатын психикалық құбылыс емес, ол адамдар арасындағы бiрлескен iс-әрекетте туындап, бiртiндеп қалыптасатын психикалық құбылыс.

А.А. Бодалевтiң эксперименттiк зерттеулерiнде адамның адамды қабылдауындағы бейiм-бағдардың қабылдауға тигiзетiн әсерi қарастырылған [138]. Ол студенттердiң екi тобына бiр адамның суретiн көрсетiп, олардың бiрiншi тобына суреттегi адам барып тұрған қылмыскер, ал екiншi тобына ол iрi ғалым деп нұсқау берген. Соңынан екi топтан да суреттегi осы адамға сөздiк сипаттама берудi сұраған. Жалған бiрлескен iс-әрекетке құрылған бұл эксперименттiң нәтижесiнде екi топта қалыптасқан бейiм-бағдарлар экспериментатордың алдын-ала берген нұсқауына сәйкес болған, яғни бiрiншi топ суреттегi адамды қылмыскер ретiнде сипаттаса, екiншi топ оны ғалым ретiнде сипаттаған [138, 120 б.]. Сондықтан жалған бiрлескен iс-әрекетте адам басқа бiр адамды қалай қабылдаса, соңынан оған сондай қатынас жасайтын болады.

Адамның адамды қабылдауында әлеуметтiк психологиядағы “ореол әсерi” маңызды рөл атқарады. Ореол әсерiнiң мәнi алғаш рет адам басқа бiр адамды қалай қабылдаса, соған сйкес қалыптасатын бейiм-бағдар болып табылады. Адам басқа бiр адамды қабылдағанда, оны бұрын қалыптасқан бейнелердiң негiзiнде қабылдайды. Бұрын қалыптасқан мұндай бейнелер адамның басқаларды қабылдауында “ореол” қызметiн атқара отырып, оның шынайы мiнез бiтiстерiн (жағымды не жағымсыз) объективтi бағалап, дұрыс тануына кедергi келтiредi. Көптеген эксперименттiк зерттеулерде қабылданатын объектiлер туралы ақпараттар адамда тым аз, әрi тапшы болғанда ғана ореол әсерi айқын байқалатыны анықталған.

Олай болса, жалған бiрлескен iс-әрекеттiң нәтижесiнде қалыптасатын адамдағы алғашқы бекiген бейiм-бағдарлар ақпараттардың тапшылығынан туындайтын бейiм-бағдарлар болып табылады. Мұндай бейiм-бағдарлар адамның басқа адамдарды объективтi бағалап, дұрыс тануына бағытталған iс-әрекетiн реттеуде көптеген кедергi келтiредi. Алғашқы әсердiң негiзiнде қалыптасатын бейiм-бағдарлар адам өмiрiнде ұзаққа созыла ма, жоқ па? Сондай-ақ осындай бейiм-бағдарлар тұлғаның басқа адамдарға деген үнемi бiр қалыпты тұрақты қатынасын сипаттайтын, оның тұлғалық бағыттылығы бола ала ма, жоқ па? Мiне, бiздi ең алдымен осы сұрақтар қызықтырады. Егер бiз А.А. Бодалев жүргiзген эксперименттi лабораториялық эксперимент жағдайында одан әрi жалғастырсақ, яғни сыналушылар суреттi көрiп, оған алғашқы сөздiк сипаттаманы бергеннен соң, оларды осы адамның өзiмен бiрлескен iс-әрекетке түсiрсек және ол бiткесiн тағы да сөздiк сипаттама беруiн талап етсек, онда сыналушылардың осы адамға берген алғашқы сөздiк сипаттамасына қарағанда бiрлескен iс-әрекеттен соң берген сөздiк сипаттамалары мүлде басқаша болар едi. Сондықтан жалған бiрлескен iс-әрекет негiзiнде қалыптасатын алғашқы бекiген бейiм-бағдарларға ақпараттардың тапшылығы ғана әсер етiп қоймай, мағыналардың тапшылығы да әсер етедi. Жалған бiрлескен iс-әрекет сатысында адам бiлiмнiң ақпараттық сипатын қабылдайды. Ал бiрлескен iс-әрекетте адам бiлiмнiң мағынасына қол жеткiзедi. Олай болса, Б.Ф. Ломов айтқан “ақпараттардың жалпы қоры” жалған бiрлескен iс-әрекетте қалыптасады да, бiрлескен iс-әрекетте “мағыналардың жалпы қоры” қалыптасады. Бiрлескен iс-әрекеттегi қалыптасқан мағыналардың жалпы қорын меңгерудiң нәтижесiнде, адамның алғашқы бейiм-бағдары өзгерiп, оның тұлғалық мағынасында көрiнетiн мағыналы бейiм-бағдарына айналады. Бейiм-бағдарлардың өзгеруi тек бiрлескен iс-әрекетте ғана жүзеге асады.

Д. Майерс өзiнiң “Әлеуметтiк психология” атты кiтабында ақ және қара нәсiлдi американдықтар арасындағы нәсiлдiк бейiм-бағдарлардың жақсаруы мен өзгеруi жөнiндегi мәселелерге талдау жасайды [139]. Көптеген психологтар тиым салынған оншақты мектептiң балаларын, олардың қандай нәсiлдiң өкiлдерiмен бiрге тамақтанатындығын, ойнайтындығын, сөйлесетiндiгiн және т.б. жағдайларын бақылаған. Нәтижесiнде ақ нәсiлдiлер ақ нәсiлдiлермен, ал қара нәсiлдiлер қара нәсiлдiлермен қарым-қатынасқа түсетiндiгi анықталған. Осы бақылаудың нәтижелерiн тұжырымдай келiп зерттеушiлер адамдар арасындағы байланысты нәсiл анықтайды деген қорытынды шығарады [139].

Кейбiр зерттеулерде жазғы демалыс лагерьлерiндегi және түрмеде бiр камерада жатқан ақ пен қара нәсiлдiлердiң арасындағы байланыстар қарастырылған [139, 654 б.]. Сонда олардың ұзақ уақыттық үздiксiз байланысының салдарынан ақ пен қара нәсiлдер арасындағы нәсiлдiк бейiм-бағдарлар жақсарған. Осы секiлдi зерттеулердiң қорытындыларын талдай келiп, Д. Майерс нәсiлдер арасында тепе-теңдiк немесе беделдiлер тарапынан қолдау болмаса нәсiлдiк бейiм-бағдарлардың жойылмайтындығын айтады [139, 654 б.]. Ол: “… жансақ нанымдар әлсiреу үшiн, нәсiлдер арасындағы байланыс, мәртебелерi теңдей адамдар арасындағы байланыстың орнына ие болу керек”, - деп жазады [139, 654 б.]. Ол тағы бiр жерiнде: “Атқыштар бөлiмшелерiндегi әскери нәсiлдердiң араласуы ақ және қара нәсiлдер арасындағы мәртебелерi теңдей байланысқа әкелiп қана қоймай, олардың арасындағы бiр-бiрiне деген тәуелдiлiкке де әкелдi. Олар өз жауларымен бiрге соғысып, ортақ мақсат үшiн күрестi” [139, 655 б.]. “Әсiресе жалпыға бiрдей қауiптi не төтенше мақсатты адамдар бiрлесiп жеңуге талпынғанда байланыс жемiстi болады”, - дейдi Д. Майрес [139, 672 б.]. Олай болса бiр адамның басқа адамға деген қатынасының немесе бейiм-бағдарының өзгеруi бiрлескен iс-әрекеттi жүзеге асырудағы сол адамдардың бiр-бiрiне деген тәуелдiлiгi мен мәртебелерiнiң теңдей болуына байланысты. Бiздiңше мұндай тепе-теңдiк дамыған бiрлескен iс-әрекет сатысындағы мақсат құрылу процесiнде айқын байқалады. Дамыған бiрлескен iс-әрекет сатысында бiрлескен iс-әрекетке қатысушылар бiрiнiң құрған мақсатын қабылдай отырып, өзiнiң мотивациялық-мағыналық шеңберiне енгiзедi және соның негiзiнде өздерiнiң жеке мақсаттарын қатар құрады. Осы iс-әрекетке қатысушы серiктердiң қатар құрған мақсаттарының сәйкес келуi, олардың мотивтерiнiң, мағыналарының ғана емес, позициялары мен мәртебелерiнiң де сәйкес екендiгiн көрсетедi. Соның салдарынан олардың бiр-бiрiне деген қатынастары да өзгередi.

Бiздiң тұжырымдауымызша жалған бiрлескен iс-әрекеттiң нәтижесiнде адамда қатынас дамуының төменгi деңгейiн сипаттайтын операционалды қатынастар қалыптасады. Қатынас дамуының ең төменгi деңгейiн сипаттайтын мұндай операционалды қатынастарды бiз бұдан былай алғашқы қатынас деп айтамыз. Алғашқы қатынас адамның қоршаған дүниеден, басқа адамдардан, заттардан ең алғашқы алған әсерiнiң негiзiнде қалыптасады. Жалған бiрлескен iс-әрекет бiрлескен iс-әрекетке айналғанда адамдағы алғашқы қатынас мақсатты қатынасқа айналады. Ал дамыған бiрлескен iс-әрекет сатысында қатынастардың мұндай түрлерi мазмұны тұлғалық мағынаны бiлдiретiн мағыналы қатынасқа айналады.

Информация о работе Тұлға құрылымының қалыптасуы мен дамуының психологиялық аспектілері