Автор работы: Пользователь скрыл имя, 27 Ноября 2013 в 15:14, дипломная работа
Зерттеудің өзектiлiгi. Қазiргi кезде қоғамда болып жатқан нарықтық-экономикалық, саяси-идеологиялық және рухани-әлеуметтiк өзгерiстер оған белсене араласып, оның талаптарын өз бетiнше шеше алатын, ортаға бейiмделгiш, шығармашылық көзқарасы бар, жан-жақты үйлесiмдi дамыған тұлғаны қалыптастыруды талап етедi. Мұның өзi жоғары оқу орындарындағы болашақ мамандардың тұлғаға тән мағыналы құрылымын дамыту мәселесiмен тiкелей байланысты.
Бихевиористiк бағытта мiнез-құлық психологияның пәнi ретiнде алынды. Ал оны талдаудың бiрлiгi адамның сыртқы түрткiлерге жауабы түрiнде көрiнетiн реакциясы болды. Дж. Уотсон бихевиористердiң бiрден-бiр мiндетi - түрткiге сәйкес жауап ретiнде берiлетiн реакцияны дәлме-дәл тiркеу дедi. Сондай-ақ Дж. Уотсон “мiнез-құлық психологтарының көзқарасы тұрғысынан “мән” (мағына) мәселелерi таза абстракция болып табылады. Мiнез-құлық психологтары өздерiнiң зерттеулерiнде олармен ешқандай қақтығыспайды. Бiз адам индивидтерi немесе жануарлар атқарған әрекеттердi бақылаймыз. …Бiз әрекет үстiнде ол не ойлап тұрғанын, оның әрекетiн үзiп сұраудың ешқандай теориялық және практикалық қажеттiлiгiн көрiп тұрған жоқпыз” - дейдi [30, 591 б.]. Бихевиоризмде ұсынылған адам үлгiсi - жануарлардың сыртқы ортамен өзара әрекеттестiгi секiлдi, қателесу мен сынап көру әдiсiне ұқсас, сыртқы қоршаған орта әсерiнен әрекет ететiн тiрi машина болып табылады. Бихевиористiк теорияда, оның алуан түрлiлiгiнен тәуелсiз “…шытырман өмiрде адамның мiнез-құлық детерминанты жануарлардың мiнез-құлық детерминантына ұқсас” деп М.Г. Ярошевский атап көрсеткендей [31, 410 б.], мiнез-құлықты талдаудың бiрлiгi ретiнде алып отырған олардың “түрткi - реакциясы” теориялық негiздемелер мен психологияның пәнiн түсiнуге сәйкес келсе де, психикалық дамудың детерминдерiн анықтау мен ғылыми психологиялық теория құруда жарамсыз болып табылады.
Д.Н. Узнадзенiң мектебiнде барлық психикалық процестер сана құбылыстары, тұлға мен оның көрiнiстерi бейiм-бағдар теориясы тұрғысынан түсiндiрiлдi. Грузин психология мектебi өкiлдерiнiң пiкiрiнше бейiм-бағдар бiрдемеге “бағыттылық” ретiнде, ыңғайшылдық ретiнде, танымдық немесе қимыл-қозғалысты әрекеттердi орындауға дайындық күйi ретiнде “психиканы талдаудың бiрлiгi” қызметiн атқарады [33, 112 б.]. Мұны А.Н. Ткаченко да растайды [34].
Д.Н. Узнадзенiң пiкiрiнше, бейiм-бағдар қандай да бiр қасиет түрiнде кездесiп, саналы түрде сезiлмейдi, бiрақ ол осыған қарамастан адамның қоршаған шындықпен өзара әрекеттестiгiнiң жанамалаушы механизмi болып табылады. Атап айтқанда, бейiм-бағдар адамды тек қандай да бiр тәсiлдермен берiлген түрткiнiң сипатына тәуелдi тiршiлiк иесi ғана емес, белсендi қайраткер ретiнде де сипаттай алады. Д.Н. Узнадзенiң теориясы бойынша, бейiм-бағдар белгiлi бiр қажеттiлiктi өтеу үшiн және осы жағдайға мiнез-құлықтың икемделуi, дайындықтың тұтастай тұлғалық күйi болып табылады. Осы қажеттiлiктi жүзеге асыруға болатын жағдайдың қайталануы нәтижесiнде, бейiм-бағдар бекидi. Бекiген бейiм-бағдар екiншi, ал өзектi жағдайда көрiнетiн бейiм-бағдар алғашқы бейiм-бағдар ретiнде көрiнедi. Бiрақ, мiнез-құлықты түсiну үшiн ол ең маңыздысы бола тұра, осы құбылыс ғылымда дұрыс қолданылмай, түсiнiктi болмай тұр дейдi Д.Н. Узнадзе [35, 37 б.]. Кезiнде К. Левин мiнез-құлық механизмдерiн түсiндiретiн қоршаған обьектiдегi заттардың адамға талап қоятын сипатының бар екенiн алғаш рет айтты [36]. Мұнда ол қоршаған ортадағы заттар адамның мiнез-құлқын оятып, қажеттiлiгiне әсер етедi деген едi. Дегенмен Д.Н. Узнадзе өзiнiң “бейiм-бағдар” теориясын зерттеуде нелiктен екенi белгiсiз К. Левиннiң мұндай құнды пiкiрлерiн елемейдi.
Сондай-ақ Д.Н. Узнадзе қажеттiлiктi одан тыс жатқан бiрдемеге мұқтаждық түрiнде көрiнетiн, ағзаның психофизиологиялық күйi ретiнде анықтайды. “Егер ағзада қажеттiлiк пайда болмаса ол қозғалыссыз қалар едi. Қажеттiлiк белсендiлiкке күш бередi, бейiм-бағдар бағытынан белсендiлiкке көшуге, ең бастысы - алғашқы бейiм-бағдардың негiзгi ерекшелiгi оның динамикалығына өтуiне әкеледi”, - дейдi [35, 37 б.].
Тұлғалық көрiнiстердi iске асырудың механизмi, соның iшiнде iс-әрекеттi де жүзеге асыратын бейiм-бағдар болып табылады. Бұған мәскеу мен грузия мектептерiнiң психологтары арасындағы көп жылдық “iс-әрекеттiң бейiм-бағдары ма, әлде бейiм-бағдардың iс-әрекетi ме?” - деген пiкiрталастар дәлел бола алады [37]. Сонымен қоса бейiм-бағдарды дайындық күйi ғана емес, сондай-ақ оны сана көрiнiстерiне жататын “семантикалық мән”, “ақпараттар”, тұлғадағы “тiкелей ұмтылыстың алғашқы түрi”, “тұлғаның мағыналық сипаттамалары”, “бейнелеудiң алғашқы әсерi” ретiнде түсiнедi [33, 127 б.]. Осындай бейiм-бағдарға берiлген алуан түрлi анықтамалар “шын мәнiнде ол не болып табылады?” - деген ойға қалдырады. Егер күй болса, ол ненiң күйi, психикалық ұйымдасудағы өзiнiң жеке мәртебесi бар сана мен санасыздықты қосқандағы бейiм-бағдардың ба? Егер ол тұлғаның сипаты болса, психикалық күй қалай тұлғаның сипаты болады? Тiптi бейнелеудiң алғашқы әсерi дегенi мүлде түсiнiксiз [38, 42-43 бб.].
“Тұлғаның субьективтi қатынасы” ұғымы “бейiм-бағдар”, “тұлғалық мағына”, “аттитют” ұғымдарына мазмұны жағынан тым жақын”, - деп жазады Б.Ф. Ломов [24, 326 б.]. Қатынас категориясын тұлға психологиясына алғаш рет енгiзген А.Ф. Лазурский екенi белгiлi. А.Ф. Лазурский тұлғаны талдау психологиялық тұрғыдан ғана емес, психофизиологиялық тұрғыдан да болуы тиiс, талдау барысында оның психофизиологиялық және жеке психологиялық ерекшелiктерi ғана емес, сонымен қоса адамның дүниеге көзқарасы (ол дүние танымы деп атаған) мен әлеуметтiк пiшiнi де ашылуы тиiс. Тұлғаның маңызды жақтары деп А.Ф. Лазурский оның ортаға, табиғатқа, материалдық еңбек өнiмiне, басқа тұлғаларға, әлеуметтiк топтарға, рухани ғылымға, өнерге қатынасы деп есептедi. Бiрақ, ол қатынас түсiнiгiнiң өзiн тұлғаны жiктеу мен оның мiнезiн анықтау үшiн көбiрек қолданды.
Кейiнiрек оның шәкiртi В.Н. Мясищев қатынасты негiзгi психологиялық категориялар қатарына жатқыза отырып, өз ұстазы көзқарастарының кейбiр әлсiз жақтарын түзеп, оны қайта тұжырымдады [39]. Ол тұлғаның қатынасын, оның тәжiрибелерiне негiзделген шындықтың алуан түрлi жақтарымен белсендi, саналы, бiр тұтас, таңдамалы байланысы деп түсiндi. В.Н. Мясищевтiң түсiнiгiнде қатынас - қатынастардың жүйесi ретiнде ұсынылған тұлғаның жүйе құрушы элементтерi болып табылады. Мұндағы маңызды сәттердiң бiрi деп В.Н. Мясищевтiң тұлға ұғымын қоршаған ортаның жеке жақтарымен, не оның құбылыстарымен, субъектiнiң байланысынан бастап тұтастай шындықтың барлығымен байланысын анықтайтын - жалпылану дәрежесi бойынша құрылымдалған қатынастардың жүйесi деп түсiнуiн айтуға болады. В.Н. Мясищевтiң айтуы бойынша тұлға қатынасының өзi тұлғаның тұтастай қоршаған ортамен, жекелеп алғанда қоғаммен байланысындағы қоғамдық қатынастардың әсерiнен қалыптасады. Егер тұлға қатынастардың жүйесiнен тұрса, онда В.Н. Мясищев бойынша тұлғаның дамуы да қатынастардың дамуымен анықталады. Сөйтiп, В.Н. Мясищев А.Ф. Лазурский секiлдi адамдағы қатынастың дамуына ерекше көңiл аударды.
Оның айтуынша, адамның мiнез-құлқының таңдамалы өрiстеуiнiң алғашқы сатыларында, саналылықтың белгiсi байқалмайтын жаңсақ қатынастың түрi болады. Қатынастың бұл түрiнде адам еш нәрсенi сезбейдi, бiрақ ол баланы белгiлi бiр iс-әрекетке итермелейдi. Мұны мiнез-құлықтың санасыз мотивтерi деп айтуға болады. Одан ары екi-үш жасар балада ата-анаға, тәрбиешiлерiне, құрбыларына деген қатынастың таңдамалылығы айқындалып, дами бастайды. Мектеп жасына келгенде балада қатынастың саны көбейiп, өзiнiң мiнез-құлқын ерiктi түрде басқарудың қажеттiлiгi секiлдi отбасынан тыс мiндеттер, оқу әрекетi пайда болады. Жоғарғы сыныптарда баланың мұраттары мен нанымдары, принциптерi қалыптасады. Соның нәтижесiнде адамдағы қатынас дамып, күрделене түседi [39].
В.Н. Мясищевтiң түсiнiгiнде қатынас қана тұлғаның мiнез-құлқының бiр iздiлiгi мен тереңдiгiн, тұрақтылығын, тұтастығын қамтамасыз ете алады, сондай-ақ, қатынас тұлғаның болашақ мiнез-құлқының бағыттылығын анықтайды. Ол тұлға психологиясы мәселелерiне келгенде, бiз оның мынадай маңызды жақтарын есепке алуымыз керек дейдi. “Даму тарихының бiрiктiрiлген күрделi өнiмi ретiнде тұлғаның байлығын және көп қырлылығын анықтайтын қатынастың алуан түрлiлiгi, тұлға құрылымынан оның бағыттылығын сипаттайтын доминациялаушы қатынасты бөлiп шығаруды талап етедi” [40, 35 б.]. Адамның шындыққа қатынасының алуан түрлiлiгiнiң қай бөлiктерi оның бағыттылығын жеткiлiктi айқын түрде анықтауы мүмкiн екендiгiн ашып көрсетуге талаптанған ол “бағыттылық немесе доминациялаушы қатынас туралы айтқанда мыналарды есепке алу керек дедi: а) адамның адамға қатынасын; ә) оның өзiне қатынасын; б) қоршаған дүниедегi заттарға қатынасын. Адамдарға деген қатынас котегориясы шешушi, анықтаушы және өзара әрекеттесетiн сипат болып табылады” [40, 36 б.].
Тұлға мәселесiн шешуде В.Н. Мясищев баяндалуы тиiс екi мәселенi қояды: бiрiншi мәселе - бұл тұлғаның дамуы туралы сұрақ. Екiншi мәселе - тұлға қатынасының динамикасын өмiр үстiнде не анықтайтындығы жөнiндегi сұрақ. В.Н. Мясищев бұл сұрақтарға өзiнiң қатынас туралы iлiмiне сүйенiп былай дейдi: “тұлға құрылымындағы қатынастың бағыттылық рөлiнiң сипатынан даму процесiнiң сипатына өтуде, даму процесiнде тұлға деңгейiнiң өсетiндiгiн атап өту керек, қатынас интеллектуалданады, жалпыланып күрделенедi, өткен тәжiрибенiң барлық күрделiлiгi бiршама жанамаланатын болады, кенет сыртқыдан iшкiге өтiп, тұрақтанады, прициптенедi” [40, 37 б.].
В.Н. Мясищевтiң осы айтқандарына қарамастан кейбiр психологтар, атап айтқанда В.С. Мерлин [41] мен Н.И. Рейнвальд [23] қатынас ұғымын әлi де болса нақтылаудың қажет екенiн атап көрсетедi. В.Н. Мясищев тұлғаның тұтастылығын зерттеудiң қажеттiлiгi жайлы жағдайды айта отырып, оның кiлтiн тұлғаның қоршаған шындыққа деген қатынасынан iздедi. Ол үшiн В.Н. Мясищев психологияның негiзгi категориясы болып табылатын және тұлғаның құрылымын талдаудың бiрлiгi ретiнде ұсынуға болатын “қатынас” ұғымын нақтылап түсiндiруден бастайды. Бiрақ, В.Н. Мясищевтiң бұл ойларын жүзеге асыруға “қатынас психологиясына” негiзделген еңбектердегi қатынас ұғымының көп мәндiлiгi мен көмескiлiгi көп кедергi келтiрдi. Ол қатынас туралы былай деп жазды: “адамды, оның қоршаған ортамен байланысын зерттеу - адамның шындыққа қатынасын зерттеу деген сөз, демек бiрiншi кезекте адамның басқа адамдармен өзара қатынасын зерттеу керек” [39, 159 б.]. Тағы бiр жерiнде, “жалпы қатынас деген болмайды. Ол бiрде бiрдеменiң арасында және қандай да бiр объектiлер арасындағы арақатынас ретiнде кездеседi, бiрде ол бiреудiң бiрдемеге: ағзаның затқа, мұны толығырақ айтқанда, адамның - субъектiнiң объектiге қатынасы ретiнде кездеседi. Ақыр аяғында ол адамдар мен субъектiлердiң өзара әрекеттестiгi ретiнде кездеседi” дейдi [39, 159 б.]. В.Н. Мясищев қатынасты субъектiнiң обьектiмен байланысы ретiнде түсiндiруден таймай, оны қайта-қайта “…қатынас тұлғаның (субъектiнiң) шындықпен (объектiмен) байланысын бiлдiредi” деп атап көрсетедi [39, 19 б.].
Соңғы кездерi психолог Б.С. Братусь тұлғалық құндылықтарды мағыналы құрылымдардың бiр түрi ретiнде қарастырып жүр [47]. “Олай болса”, - дейдi Б.С. Братусь: “тұлғалық құндылықтар - адамның саналы түрде қабылдаған, оның өмiрiнiң жалпы мағынасы” [47, 412 б.]. Демек, әлеуметтiк құндылықтардың мағынасын адам саналы түрде ұғынғанда ғана ол оның тұлғалық құндылығына айналады. Сондықтан тұлға құрылымының жүйе құрушы белгiлерi болып табылатын бейiм-бағдарлардың, қатынастың және тұлғалық құндылықтардың мағыналық сипатын ашып көрсетпейiнше, оның құрылымының табиғатын түсiну мүмкiн емес. Тұлға құрылымын талдаудың бiрлiгi ретiнде бiздiң мағынаны таңдауымыз соңғы кездерi психологиядағы iс-әрекет бағытының өзектi мәселесiне айналып отырған мағына мәселелерiн тереңiрек қарастыруға логикалық тұрғыдан көшудi талап етедi.
1.2 Мағына құрылудың жалпы қоры - тұлға қалыптасуының негiзi
Өзiнiң теориялық және практикалық мәнi жағынан алғанда тұлға мәселесi қазiргi кездегi үздiксiз өзгерiп отыратын қоғамның даму сатысына белсене араласып, оның талаптарын өз бетiнше шеше алатын, ортаға бейiмделгiш жаңа адамды қалыптастыру мiндеттерiн шешумен тiкелей байланысты болып келетiн психологиядағы iс-әрекет бағытының өзектi мәселелерiнiң бiрi. С.Л. Рубинштейн тұлғаны онтогенетикалық дамудың соңғы жемiсi деп түсiнедi [82]. Бiрақ, тұлғаның әлеуметтiк мәнi мен iс-әрекетiнiң мағынасында көрiнетiн оның сапалары, олар баланың үлкендер тарапынан арнайы ұйымдастырылған бiрлескен iс-әрекетiнде қалыптасып дамитындығын Л.С. Выготский [3], С.Л. Рубинштейн [82], А.Н. Леонтьев [52], П.Я. Гальперин [83], Л.И. Божович [7], В.В. Давыдов [11], К.К. Платонов [17], С.М. Жақыпов [5] және т.б. атап көрсетедi. Олардың бiрлесiп атқарған iс-әрекетiнде қоғам мен баланың өзара әрекеттестiгi жүзеге асады, соның нәтижесiнде баланың мәдени дамуы басталады. Л.С. Выготскийдiң пiкiрiнше “осы сөздiң шынайы мағынасы даму” болып табылады [84, 728 б.].
Басқаларды құрал ретiнде емес, мақсат ретiнде пайдалана отырып, басқа адамдар үшiн өзiнiң адамзаттық мәнi мен әлеуметтiк маңызын танытады, қоршаған дүниеге өзiнiң саналы қатынасын анықтау арқылы адам тұлға болып қалыптасады. Адамның тұлға болып қалыптасуының мәнi мен негiзi өзiнiң бар мүмкiндiктерiнiң шегiнен шығуға көмектесетiн, тұлғаның дамуына үнемi қызмет ететiн iс-әрекеттердiң дамуы болып табылады. С.Л. Рубинштейннiң айтуына қарағанда адамдардың мақсатқа сай бiрлескен заттық iс-әрекетi - тұлға дамуының негiзгi бастамасы [21].
Көптеген психологтардың, атап айтқанда Л.С. Выготскийдiң, Б.Ф. Ломовтың, А.Г. Асмоловтың, К.К. Платоновтың, С.М. Жақыповтың және т.б. айтуынша бiрлескен iс-әрекет - тұлға қалыптасуының негiзi болып табылады. Психологиялық сөздiкте бiрлескен iс-әрекетке былай деп анықтама бередi: “рухани мәдениет пен материалды объектiлердi мақсатқа сай өндiруге (ұдайы өндiруге) бағытталған өзара әрекеттесушi индивидтер белсендiлiктерiнiң ұйымдасқан жүйесi. Бiрлескен iс-әрекеттiң ерекше белгiлерi: 1) олардың арасында тiкелей тұлғалық байланыстың, соның iшiнде әрекеттердi алмасудың, сондай-ақ өзара перцепцияның болуына жағдай жасайтын қатынасушылардың кеңiстiкте және уақытша бiрге қатысатындығы; 2) бiрлескен iс-әрекетке қосылған индивидтердiң әрқайсысының қажеттiлiктерiнiң жүзеге асуына жағдай жасайтын және жалпы қызығушылықтарына жауап беретiн бiрлескен iс-әрекеттiң нәтижелерiн болжап бiлетiн - бiрыңғай мақсатының болатындығы болып табылады” [27, 367 б.]. Бiрлескен iс-әрекеттiң анықтамаларының әр түрлi болуына қарамастан, қазiргi отандық психологиялық әдебиеттердiң бәрiнде де оның маңызды белгiлерiнiң бiрi ретiнде, оған қатысушылардың алдында тұрған бiрыңғай, ортақ мақсатының болатындығын айтады (В.А. Кольцова, 1977; А.В. Петровский, В.В. Шпалинский, 1978; 1982; А.И. Донцов, 1979; Н.Н. Обозов, 1979; А.А. Леонтьев, 1979; Б.Ф. Ломов, 1979; Г.М. Андреева, 2002).
С.М. Жақыпов өзiнiң мағына құрылу жайындағы тұжырымдасында бiрлескен iс-әрекеттегi мақсат құрылу мәселесiн қарастырды [81]. Мұнда ол Б.Ф. Ломовтың “ортақ мақсат қалай қалыптасады, индивидуалды мақсаттардың онымен ара қатынастары қандай болады, бiрлескен iс-әрекеттi психологиялық зерттеудiң сiрә кiлтi болып табылатын мiне осы сұрақтар, оны шешудiң ыңғайы әлi жасалған жоқ; зерттеудiң тиiмдi әдiстерi жасалмады” - деген пiкiрлерiн келтiре отырып, бiрлескен iс-әрекеттегi ортақ мақсаттың қалыптасуы жөнiндегi мәселенiң осы күнге дейiн зерттеу пәнi ретiнде қарастырылмағанын атап көрсетедi [81, 17 б.].
Әлеуметтiк психология саласында зерттеген А.В. Петровский, В.В. Шпалинскийдiң (1978), А.И. Донцовтың (1979), Н.Н. Обозовтың (1979), Г.М. Андрееваның (2002) еңбектерiнде бiрлескен iс-әрекеттiң ортақ мақсатының болатындығы мойындалса да, нақты психологиялық мәселе ретiнде қойылмаған. Бiрлескен iс-әрекеттегi мақсат құрылуды ойлау iс-әрекетiнде зерттеу О.К. Тихомировтың (1969; 1972; 1974; 1977; 1980; 1981; 1984), В.А. Терехов, И.А. Васильевтiң (1975), А.Е. Войскунскийдiң (1976; 1979), А.Е. Войскунский, Д.С. Шмерлинг, М.А. Ягломның (1981), Н.Б. Березанскаяның (1978), Т.Г. Богданованың (1978), Ю.Е. Виноградовтың (1972), В.Е. Ключконың (1978), Ю.Д. Бабаеваның (1979), И.А. Васильев, В.Л. Поплужный, О.К. Тихомировтың (1980) жұмыстарында қарастырылды. Осы жұмыстарды талдай отырып, С.М. Жақыпов бұл зерттеулерде бiрлескен iс-әрекеттегi мақсат құрылу мәселелерiнiң сыртқы жағы, яғни оның құрылымдарын ұйымдастыру жақтары ғана қарастырылғанын айтады [81, 18-19 бб.].
Сондай-ақ С.М. Жақыпов бұл мәселе сыртқының iшкiге айналуының нәтижесi интериоризация механизмi арқылы түсiндiрiлiп, оған жалпылама түрде жауап берiлгендiгiн айтады. Мұндайда дейдi ол мақсат құрылу интерпсихикалық құрылымдардың бейнеленуi - әрекеттiң туу процесi болып табылатын, жаңа мақсаттың туындауы секiлдi интрапсихикалық құрылым ретiнде сипатталады [81]. С.М. Жақыповтың зерттеулерiнде интериоризация бiрлескен iс-әрекет тұрғысынан қарастырылды. Ол былай деп жазады: “Бiз интериоризация деп “практикалық-идеалды” жазықтығында туындайтын қайта құрылымдарды ғана емес, сонымен қатар “әлеуметтiк (бiрлескен)-индивидуалды” жазықтығында туындайтын қайта құрылымдарды да түсiнемiз” [81, 31 б.]. Оның айтуынша онтогенездегi бала мен үлкендердiң арасындағы өзара әрекеттестiк былайша жүредi: бағалаушы, оятушы, түзетушi қызметтер үлкендерде, ал атқарушы қызмет балада болады. Iс-әрекеттi жүзеге асыру барысында бала әлi де болса оны бағалап, түзете алмайды. Онда үлкендер ұйымдастырған мазмұн мен бағыттылық, белгiлi бiр әрекеттi орындауға дайындық қана болады. Мұнда әрекет етушi бала өз әрекетiнiң не құндылығын, не мағынасын, не мақсатқа жетудiң мәнiн түсiне алмайды. Сондықтан сыртқы заттық әрекеттiң интериоризациясының өзi мағыналардың, құндылықтардың, бағалаулардың интериоризациясын бiлдiрмейдi дейдi психолог С.М. Жақыпов. “Сондықтан, ерекше мән берiлетiн”, - дейдi С.М. Жақыпов: “жеке адамның мағыналы құрылымдарының дамуы болып табылады” [81, 31 б.]. С.М. Жақыповтың пiкiрiнше мақсатқа жету мен мақсат құрылудың бiр адамның iс-әрекетiндегi бiрiгуiн зерттеу үшiн бiрiктiрушi негiзгi себеп болып табылатын қарым-қатынасты талдау қажет. Сондай-ақ қарым-қатынасты зерттеуден индивидуалды iс-әрекеттi зерттеуге, одан бiрлескен iс-әрекеттi зерттеуге көшу керек.
Информация о работе Тұлға құрылымының қалыптасуы мен дамуының психологиялық аспектілері