Тұлға құрылымының қалыптасуы мен дамуының психологиялық аспектілері

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 27 Ноября 2013 в 15:14, дипломная работа

Краткое описание

Зерттеудің өзектiлiгi. Қазiргi кезде қоғамда болып жатқан нарықтық-экономикалық, саяси-идеологиялық және рухани-әлеуметтiк өзгерiстер оған белсене араласып, оның талаптарын өз бетiнше шеше алатын, ортаға бейiмделгiш, шығармашылық көзқарасы бар, жан-жақты үйлесiмдi дамыған тұлғаны қалыптастыруды талап етедi. Мұның өзi жоғары оқу орындарындағы болашақ мамандардың тұлғаға тән мағыналы құрылымын дамыту мәселесiмен тiкелей байланысты.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Гулнур косыша 1.docx

— 399.36 Кб (Скачать документ)

А.Ф. Лазурскийдiң айтуынша адамның эндобiтiстерi туа берiледi. Дегенмен ол мұның бәрiн туа берiледi деп есептемейдi. Бiрақ, оның пiкiрiнше эндопсихика адам тұлғасның өзегi, ең басты негiзi болып табылады. Ал экзопсихикалық көрiнiстер қашанда адамға сыртқы қоршаған ортаның жағдайын бейнелейдi. Тұлғаның осы айтылған екi бөлiгi бiр-бiрiне әсер ете отырып, өзара тығыз байланыста болады. Тұлғаның қоршаған ортаға бейiмделуi әр түрлi деңгейде болатындығын айта отырып, ол психика дамуының үш түрлi деңгейлерiн бөлiп шығарады.

Б.Г. Ананьевтiң айтуына қарағанда адам құрылымындағы ұйымдасқан әр түрлi деңгейлер (индивидтiк, тұлғалық, субъектiлiк) бiр-бiрiмен тығыз байланыса отырып, өзара әрекеттесу негiзiнде тұлға мен iс-әрекет субъектiсiнiң жүйе құрушы сапаларын анықтайды. Мұнда индивидуалдылық осы айтылған деңгейлердiң бәрiне де ортақ адамның қайталанбайтын үйлесiмдiлiгiн қамтамасыз етедi. Кеңес психологтары тұлға түсiнiгiн әр түрлi сипатта талдаса да, оның әлеуметтiк табиғаты мен қоғамдық мәнiне көп назар аударды. Л.С. Выготскийдiң, С.Л. Рубинштейннiң, А.Н. Леонтьевтiң, Б.Г. Ананьевтiң, А.Р. Лурияның, В.Н. Мясищевтiң, Б.Ф. Ломовтың, К.К. Платоновтың және т.б. жұмыстарында тұлға мен әлеуметтiк орта, тұлға мен қоғамның ара қатынастары мәселелерiне ерекше мән берiлдi. Осы авторлардың бәрi де тұлғаны түрлiше түсiндiргендiктерiне  қарамастан, тұлғаның психикалық құбылыстарын адамның iс-әрекетiнен келiп шығатындығын және оның өмiрiнiң қоғамдық даму жағдайымен детерминденетiндiгiн айтты.

А.И. Анцыферованың пiкiрінше тұлға дамып қалыптаса отырып, белгiлi бiр нысанға ие болады. “Бұл нысан әлеуметтiк қасиеттердiң тұтастай жүйесiн, дәлiрек айтсақ, ұжымдық қана емес, индивидуалды түрде қызымет ететiн адамның әлеуметтiк мүшесi болып табылады” [16, 10 б.]. Алайда тұлғаның өмiр үстiнде қалыптасқан қоғамдық мәнi оның психологиялық ұйымдасуында қалай көрiнедi? Тұлғаның психологиялық құрылымы мен iс-әрекетiнiң қоғамдық шарттылығының нақты механизмдерi қандай? Мiне бұл сұрақтар әлi де болса терең зерттеудi талап етедi.

Психологияда тұлғаның құрылымы туралы ғылыми түсiнiктердi дайындау, адамның қоғамдық мәнiн, оның барынша бай көрiнiстерiн ашып беретiн тұтас теория жасаудың қажеттi бөлiгi болып табылады. Бiрақ, қазiргi психологиядағы өзектi мәселелердiң бiрi - көптеген психологтардың тұлға құрылымын түрлiше түсiнуiнде болып отыр. Адамның мiнез-құлық мотивациясын талдай отырып П.М. Якобсон: “мiнез-құлық мотивациясының дербес сұрақтары бойынша психологтардың тар және жеке зерттеулерге кетуi, тұлға психологиясын тұтастай талдаудың қиындығынан ғана емес, зерттеу үстiнде қажеттi бағдар беретiн психологиялық дайындалған тұлға құрылымының жоқтығынан шығып отырғаны даусыз. Ал мұндай бағдардың болмауы нақты адамның мiнез-құлқының мотивациясын зерттеуде көптеген қиындықтарға апарып соқтырады” - деп атап көрсетедi [8, 307 б.].

Психология тарихының әр түрлi кезеңдерiнде тұлғаның құрылымы жөнiндегi мәселелер түрлiше бағытта қарастырылды. Мысалы, психолог К.К. Платонов 1917 - 1970 жылдар аралығында кеңес психологиясында қалыптасқан тұлға теорияларының мынадай төрт түрлi бағытының үстемдiк алғандығын айтады: 1917 - 1936 жылдары - тұлға психикалық қызметтердiң кескiнi ретiнде; 1936 - 1950 жылдары - тұлға адамның тәжiрибесi ретiнде; 1950 - 1962 жылдары - тұлға адамның жасы мен темпераментi ретiнде; 1962 - 1970 жылдары - тұлға адамның бағыттылығында көрiнетiн қатынастардың жиынтығы ретiнде қарастырылды [17, 29 б.]. Бұл бағыттар оның құрылымынан тұлға үшiн мәнi бар әр түрлi құрылымшаларды бөлiп шығарды. К.К. Платоновтың айтуынша осы кезеңдерде қалыптасқан теориялық бағыттардың ең басты кемшiлiгi, әр бағыт тұлға құрылымының жеке құрылымшаларын бөлiп шығара отырып, оның тұлға үшiн мәнiн дәлелдей келе басқа құрылымшаларды бөлiп шығарған бағыттарды елемей, өз тұжырымдамаларын бiрiншi орынға қойды [17]. Мұның өзi тұтас құрылымнан тұратын тұлға түсiнiгiн дұрыс анықтап, оны әр қырынан түсiнуге керi әсерiн тигiздi.

А.Г. Асмолов психология ғылымында тұлғаның құрылымын талдаудың екi түрлi әдiснамалық алғышарттарының бар екенiн айтады [18, 59 б.]. Оның бiрi - тұлғаның құрылымын қандай да бiр физикалық объектiнiң құрылымымен, мысалы, ағзаның анатомиялық құрылымымен теңестiре отырып қарастыру. Бұл бағытты жақтаушылар психиканы атомдарға жiктеу жолымен алынған, оның тұтас бейнесiн жасау қағидаларына сүйене отырып, тұлғаның тұтастай құрылымын қарапайым элементтерге бөлiп талдайды. Тұлғаның құрылымын зерттеген мұндай бағыттарға, оның құрылымын әр түрлi факторлардың немесе мiнез бiтiстерiнiң, темпераменттердiң, мотивтердiң және т.б. жиынтығынан iздеген тұжырымдамаларды жатқызуға болады. Мысалы, психологиядағы факторлық бағытта тұлға құрылымының қарапайым “элементтерi” ретiнде оның “мiнез бiтiстерi” алынады. Сондықтан Р. Кеттелдiң, Н. Айзенктiң, Дж. Гилфордтың тұжырымдамаларындағы тұлғаның құрылымы - мiнез бiтiстерiнiң жиынтығы болып табылады. Осы тұжырымдамаларда ұсынылған әдiстер көмегiмен тұлғаның құрылымын диагностикалау арқылы әрбiр зерттеушi тұлғаның өзгешелiктерiн, яғни белгiлi бiр мәдениет өкiлiне жататын адамға тән мiнез бiтiстерiнiң жиынтығын анықтай алады. Тұлғаның мұндай көрiнiстерi оның әлеумет үстiнде қалыптасқан адам үшiн мәнi бар мотивтерiнiң жүйесi екендiгi сөзсiз. Тiптi тұлғаны зерттеудегi факторлық тұжырымдамаларда қолданылатын көмекшi тәсiлдердiң өзi де әлеумет үстiнде қалыптасқан мiнез бiтiстерiн өлшеуге негiзделген. Осыған қарамастан факторлық бағытты жақтаушылар тұлғаның құрылымын талдаудағы өзектi мәселелердiң бiрi - iшкi және сыртқы факторлардың өзара байланысы жөнiндегi сұрақты түсiндiруге келгенде көбiне оны iшкi-биологиялық қасиеттердiң пайдасына қарай шешедi.

Тұлғаның құрылымы К.К. Платоновтың зерттеу жұмыстарында толығырақ қарастырылды [17]. Тұлғаның тұтас құрылымынан ол оның өзара байланысты жақтарын немесе сапаларын бейнелейтiн төрт құрылымшаларды бөлiп шығарды: 1) тұлғаның әлеуметтiк сапалары (бағыттылығы, тiлектерi, қызығушылықтары, ұмтылыстары, мұраттары, дүние танымы, нанымдары); 2) тұлғаның тәжiрибелерiмен байланысты сапалары (бiлiмi, дағдылары, ептiлiктерi, әдеттерi); 3) тұлғаның жеке психикалық процестерiнiң индивидуалды ерекшелiктерiмен байланысты болып келетiн сапалары (есте сақтауы, эмоциясы, түйсiнуi, ойлауы, қабылдауы, сезiмдерi, ерiк-жiгерi); 4) тұлғаның биологиялық қасиеттерi (жас ерекшелiктерi, жынысы, темпераментi).

К.К. Платоновтың тұлғаның құрылымы жөнiндегi пiкiрлерiн талдай отырып Н.И. Рейнвальд “тұлғаның негiзгi құрылымдық құрамдас бөлiктерi ретiнде ненi қарастыру керек? … оның барлық көрiнiстерiне қатысатын және тұлғаның құрылымына кiретiн жетекшi фактор қандай? Тұлға құрылымының негiзiн не құрайды?” - деген сұрақтарды өте орынды қойды [22, 89 б.]. Бiрақ, Н.И. Рейнвальд бұл сұрақтардың кiлтiн “оның белсендiлiк көрiнiстерiнiң бiрiн қалдырмай өтеуге бағытталған мұның негiзiнде қажеттiлiк жатқанын табиғи және қоғамдық ғылымдардың мәлiметтерi растайды” - дей отырып, адамның қажеттiлiгiнен iздедi [22, 90 б.]. Егер қажеттiлiктердi адамның кейбiр психикалық белсендiлiктерi деп түсiнсек, онда осындай психикалық белсендiлiктер қалай пайда болады? Сондай-ақ осы белсендiлiктердiң биологиялық емес, психикалық белсендiлiк екендiгiн қалайша ажыратамыз? Бұл сұраққа жауап iздеуде Н.И. Рейнвальд А.Г. Ковалевтiң “алдымен адам тынышсыздану күйiн басынан кешiредi, содан соң өтеу үстiнде шиеленiскен тiлектердiң бәсеңдеуi мен тыныштану күйi пайда болады, ақыр аяғында өтелгенiн сезедi” - деген пiкiрiне сүйене отырып, ол “ғалым сипаттаған iс-әрекеттiң психикалық құрамдас бөлiктерiнiң өзгерген сипаттарына сәйкес қажеттiлiк фазаларынан, жалпы айтқанда бiз қажеттiлiктiң сипатын емес, оны өтеуге бағытталған нақты доминациялаушы мiнез-құлық актiлерiн танимыз” - дейдi [23, 36 б.]. Сөйтiп Н.И. Рейнвальд тұлға құрылымын талдаудың бiрлiгiн iс-әрекеттiң тұтастай актiсiнен iздедi.

Тұлғаның үнемi бiрқалыптылығы мен тұрақтылығын сипаттайтын тұлға құрылымының жүйе құрушы белгiсi оның бағыттылығы екендiгiн көптеген психологтар мойындайды (А.Г. Асмолов, 1984; Л.И. Божович, 1968; А.Г. Ковалев, 1965; Б.Ф. Ломов, 1981; К.К. Платонов, 1986; С.Л. Рубинштейн, 2004; және т.б.). Тiптi И.Л. Божович өзiнiң тұлға жөнiндегi тұжырымдамасында “тұлға құрылымы бар болғаны, оның бағыттылығымен анықталады” деп атап көрсетедi [7, 422 б.].

“Бағыттылық”, - деп жазады Б.Ф. Ломов: “оның психикалық құрылымдарын анықтайтын, тұлға қасиетерiнiң жүйе құрушысы ретiнде жетекшi орында тұрады. Атап айтқанда осы қасиетте тұлғаның сол үшiн әрекет ететiн мақсаттары, оның мотивтерi, шындықтың алуан түрлi жақтарына оның субьективтi қатынасы, оның сипатының барлық жүйелерi көрiнедi. Басты жоспарда бағыттылықты тұлғаның қоғамнан алатынын (материалдық және рухани құндылықтарын есептегенде), ол оған не бередi, оның дамуына не қосады, соған қатынасы ретiнде бағалауға болады” [24, 311 б.]. Сонымен қоса Б.Ф. Ломов “тұлғаны әр түрлi түсiндiруiне қарамастан жоғарыда келтiрген барлық бағыттар оның жетекшi сипаттамасы ретiнде бағыттылығын бөлiп шығарады. Әр түрлi тұжырымдамаларда бұл сипатты түрлiше ашып көрсетедi: “динамикалық үрдiс” (С.Л. Рубинштейн), “мағына құрушы мотив” (А.Н. Леонттев), “доминациялаушы қатынас” (В.Н. Мясищев), “негiзгi өмiрлiк бағыттылық” (Б.Г. Ананьев), “адамның маңызды күштерiн динамикалық ұйымдастыру” (А.С. Прангшвили) және т.б. Дегенмен бұл сипаттарын ашып көрсетпей жатып, оған жетекшi мән бередi” - деп жазады [18, 60 б.].

“Бағыттылық”, - дейдi А.Г. Асмолов: “тұлға құрылымын кеңiрек бейнелеушi сипаты болып табылады. Оны ашу үшiн “элементтер” бойынша тұлға құрылымын талдау принципiнен “бiрлiктер” бойынша талдау принципiне және Л.С. Выгодский тұжырымдаған және оны кеңес психологтары (Н.Д. Гордеева, В.П. Зинченко, 1982) дайындаған, психиканы талдау “бiрлiгi” параметрлерi туралы түсiнiкке бағытталып, сондай-ақ кеңес және шетел психологиясындағы тұлғаның динамикалық ұйымдасуын зерттеуге көшу қажет” - дейдi [18, 60-61 бб.]. Ғалымның бұл пiкiрiне қосыла отырып, бiз де тұлғаны сипаттайтын алуан түрлi психикалық құбылыстарды түсiну үшiн ең алдымен, оның құрылымын талдаудың негiзгi бiрлiгiн тауып алған дұрыс деп санаймыз. “Ғылымның даму тарихына үңiле отырып, бiз талдаудың негiзгi “жасаушысын” дұрыс бөлiп шығарған зерттеушiлер ғана iрi нәтижелерге қол жеткiзгендiгiне көз жеткiземiз” - дейдi Н.И. Рейнвальд [22, 50 б.].

Кезiнде С.Л. Рубинштейн “алуан түрлi психикалық құбылыстарды, олардың iшкi маңызды өзара байланыстарын түсiну үшiн, ең алдымен психологияның барлық элементтерiн, олардың бiрлiгiн ашатын бастамасын “жасаушысын” тауып алу керек”  - деген едi [21, 163 б.]. Олай болса, тұлғаны тереңiрек тану үшiн, оның құрылымын талдаудың генетикалық алғашқы бiрлiгiн тауып алу қажет.

Қандайда бiр психологиялық мектептi алсақ та, психикалықты талдаудың генетикалық алғашқы бiрлiгiн олардың үздiксiз iздестiрiп келгенi психологияның даму тарихынан бiзге жақсы белгiлi. Кез келген психологиялық тұжырымдама тiкелей не жанама түрде белгiлi бiр ғылыми теориялық орынға үмiттене отырып, психологиялық талдаудың пәнiн ғана емес, оны талдаудың бiрлiгi болатын қарапайым психикалық шындықты негiзгi постулат ретiнде бөлiп шығарды [25, 159 б.]. Н.Д. Гордеева мен В.П. Зинченко теориялық бағыттардың  “талдау бiрлiгiн бөлiп шығаруды ұғынуы - теорияларды жүйелi құрудың бастамасы, ғылымдағы әр түрлi бағыттардың әдiснамалық пiсiп жетiлуiнiң белгiсi” - екендiгiн дұрыс атап көрсеттi [26, 5 б.]. Психология ғылымының әр түрлi даму сатыларында психиканы талдаудың бiрлiгi қызметiн атқаратын психологиялық ұғымдардың өзi де түрлiше болды: “түйсiнулер”, “түсiнiктер мен идеялар”, “рефлекстер”, “фигура-фонның құрылымдық ара қатынастары”, “мiнез-құлық актiлерi немесе дағды”, “бейiм-бағдар”, “бейне”, “мотив”, “мән”, “қатынас” және т.б. [27, 114 б.].

Психиканы талдаудың бiрлiгiн анықтау мәселелерiнiң тарихи түбiрi құрылымдық психология мектебiнен басталғаны даусыз. В. Вундт психологияны дербес ғылым ретiнде бөлiп шығарды, оның пәнiн “физиологиялық психология” деп анықтады және онда “тiкелей тәжiрибе” болу керек деп санады [28]. Құрылымдық психологияның өкiлдерi психиканы санамен теңестiрдi, психикалықты талдаудың негiзгi бiрлiгiн сана элементтерi деп жариялады. Осы мақсатта жүргiзiлген зерттеулердiң негiзгi әдiсi ретiнде интроспекциялық талдау алынды. Лейпциг қаласындағы эксперименттiк психология Институтында жүргiзiлген эксперименттерге қарамастан В. Вундт физиологиялық эксперименттер практикасынан ауыстырылған тәсiлдердi қолданды. В. Вундт, кейiнiрек Титченер психологияда өзiн-өзi бақылаудан басқа әдiстiң қолданылуы мүмкiн емес деп есептедi, сондай-ақ интроспекциялық эксперимент кезiнде “тiкелей тәжiрибе” сыналушының өз пiкiрiнен тәуелсiз болған жағдайда ғана адам санасын ашып бере алады. Олай болмаған жағдайда, яғни сыналушылар өздерiнiң қайғырулары немесе қабылдауы туралы не болмаса сана мазмұны туралы  жеке пiкiрлерiн айтса, онда тек жанама тәжiрибе туралы ғана сөз болуы мүмкiн. Басқаша айтқанда, олар өмiр үстiндегi ақпараттардан алынып жинақталған бiлiмдердiң нәтижелерi болып табылады. Олардың пiкiрiнше эксперименттiк психологияның пәнi мұндай бiлiмдердi зерттеу емес, шын мәнiнде сана неден тұрады? Мiне осы мәселемен айналысу. Осылайша Вундт психологияның негiзгi мiндеттерiн анықтайтын маңызды зерттеу мақсаттарының үш түрiн бөлiп шығарды: 1) сананы құрайтын негiзгi элементтердi сипаттау; 2) сана элементтерi арасындағы байланыстардың сипатын анықтау (яғни тiкелей тәжiрибе құрылымындағы элементтердiң ұйымдасу тәсiлдерiн анықтау); 3) осы ұйымдасу тәсiлдерiмен анықталатын принциптердi орнату немесе элементтердiң байланысын қамтамасыз ететiн механизмдердi ашу [28, 77 б.]. Вундттың эксперименттiк лабораториясында “iшкi перцепция” сананың атомдық құрамын табуға мүмкiндiк бермейтiндiгi анықталды. Алғашқы тәжiрибенi құрушы сананың қарапайым құрамдас бөлiктерi түйсiну мен сезiмдердi байқаған Вундт, олар уақыттың әр сәтiнде сана өрiсiне қатысып қана қоймай, өзара байланыста болады деп санады. Сонымен Вундттың шамалауынша әрбiр түйсiнуге белгiлi бiр сезiм сәйкес келедi. Осылайша сана құрылымын талдаған Вундттың бағытындағы интроспекционизмнiң алғышарттарынан бiз мүлде шешiлмейтiн қарама-қайшылықты көремiз. Мұндай қарама-қайшылықтың мәнi мынада: бiр жағынан В. Вундттың сана элементтерiн тазартылған күйiнде тауып алуға тырысуы, ал екiншi жағынан осы элементтердiң өзi бiр-бiрiнен жекеленiп, бөлектенген күйiнде “тiкелей тәжiрибеде” кездеспеуi.

“Шығармашылық бiрiктiрiлудiң” нәтижесiнде сананың бұл элементтерi өз сапасы бар, күрделi тұтастылықта ұйымдасады. В. Вундттың айтуынша кез келген күрделi психикалық құбылыстың сипаты оны құрайтындардың сипаттарының қосындысынан тұрмайды. Яғни, олар сезiмдер мен түйсiну элементтерiнiң қарапайым қосындылары емес, адам санасында жүретiн ассоциациялардың нәтижесi болып табылады. Сонымен қоса, сананың тiкелей тәжiрибесi сезiм (қанағаттану-қанағаттанбау, шиеленiсу-әлсiреу, қозу-бәсеңдеу) мен түйсiну  (қарқындылығы, ұзақтығы, модальдылығы) қасиеттерiнiң тiлiнде сипатталуы мүмкiн емес, сондай-ақ сана мазмұнының болуы механикалық үйлестiру емес, осы элементтердiң жиынтығы, бiрiгуi болып табылады.

Вундттың тұжырымдамасында тәжiрибе ұйымдасуының механизмiне - элементтер арасындағы өзара байланысты орнатуға жауап беретiн, ешнәрсемен детерминденбеген адамның ерiк қабiлетi жатады. “Шығармашылық бiрiгу” арқылы ерiк осы элементтерге қарағанда басқаша анықталатын күрделi, тұтас құрылымдалған элементтердi жалғайды. Интроспекциялық талдау барысында тiкелей тәжiрибенi бөлшектерге бөлу көмегiмен сананың атомдық құрамын зерттеу психология үшiн негiзгi мiндет дей отырып, Вундт психикалық iс-әрекеттердiң ес, ойлау, ерiк секiлдi түрлерiн зерттеу мүмкiн емес деп есептедi. Интроспекциялық әдiске сенбеушiлiк пен құрылымдық психология бағытының әлеуеттiк мүмкiндiгiне таңдану, Вундт теориясының құлдырауына әкелiп соқтырды.

Титченер “сана” мен “ақыл” ұғымдарын ажырата отырып, сана - өтiп жатқан уақыт сәтiндегi өзектiлiкке айналған қайғырулардың қосындысы деп түсiндi. Ол психология “таза ғылым” және психологтарды тәрбиелеу, оқыту, психологиялық көмек, қоғамдық қатынастарды үйлестiру секiлдi қолданбалы мәселелер алаңдатпауы тиiс. Психология саналы процестер мен олардың мазмұнды жақтарын және бiрыңғай толық сана құрушыларын бiрiктiретiн заңдылықтарды орнатумен айналысуы керек дедi. Сөйтiп, ол сана құрылымының үш негiзгi элементтерiн: түйсiнулердi, бейнелердi, эмоциялық күйлердi бөлiп шығарды, бұдан басқа сана элементтерi жоқ деп есептедi [25, 160 б.]. Құрылымдық психология мектебiнiң негiзгi идеялары Титченерден соң одан ары дами алмады. Тiптi интроспекциялық бағыттың негiзiн салушы Вундттың өзiнiң бұрынғы көзқарастарын өзгертiп, өмiрiнiң соңғы кездерiнде “халықтар психологиясы” атты он томдық кiтап жазып, мәдени-тарихи психологиямен айналысқаны және сананы эксперименттiк зерттеуге қайта оралмағаны тарихтан бiзге жақсы белгiлi [29]. Дегенмен, құрылымдық бағытты жақтаушылар психикалықтың материалды сипаты туралы маңызды мәселелердi қоя бiлдi. Бiрақ, олар психиканың құрылымын эксперименттiк түрде зерттеуге келгенде қаншама талаптанғанымен, оны дұрыс шеше алмады. Психикалық бейнелеу қалай жүредi? Өз санасының көмегiмен адам қоршаған ортаға қалай бейiмделедi? Психикалық белсендiлiктiң детерминдеушiлерi қандай? Құрылымдық бағыттың мұндай сұрақтарға толық жауап беруге мүмкiндiгi жоқ едi [25, 160 б.].

Информация о работе Тұлға құрылымының қалыптасуы мен дамуының психологиялық аспектілері