Тұлға құрылымының қалыптасуы мен дамуының психологиялық аспектілері

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 27 Ноября 2013 в 15:14, дипломная работа

Краткое описание

Зерттеудің өзектiлiгi. Қазiргi кезде қоғамда болып жатқан нарықтық-экономикалық, саяси-идеологиялық және рухани-әлеуметтiк өзгерiстер оған белсене араласып, оның талаптарын өз бетiнше шеше алатын, ортаға бейiмделгiш, шығармашылық көзқарасы бар, жан-жақты үйлесiмдi дамыған тұлғаны қалыптастыруды талап етедi. Мұның өзi жоғары оқу орындарындағы болашақ мамандардың тұлғаға тән мағыналы құрылымын дамыту мәселесiмен тiкелей байланысты.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Гулнур косыша 1.docx

— 399.36 Кб (Скачать документ)

Iс-әрекет теориясының негiзiн салушылардың (А.Р. Лурия, 1998; А.Н. Леонтьев, 1975; Л.С. Выготский, 2003) айтуынша сана практикалық бiрлескен iс-әрекет жағдайында қалыптасады. Ол қажеттiлiктiң заты мен iс-әрекеттiң нәтижесiнiң ажырау кезеңiнде пайда болып, ары қарай олар iс-әрекеттiң болашақ нәтижесiнiң саналы бейнесi негiзiнде қосылуы мүмкiн дейдi С.М. Жақыпов [81]. “Тiптi классикалық мысалда қойылған алғашқы қауымдық ұжымдық аңшылықты талдау мен адам санасының дамуы мен пайда болуының мәселелерiн қарастырған А.Н. Леонтьевтiң негiзгi еңбегiн мұқият оқып отырсақ”, - дейдi С.М. Жақыпов: “iс-әрекеттiң болашақ нәтижесiнiң саналы бейнесi негiзiндегi iс-әрекеттiң нәтижесi мен қажеттiлiктiң затының қосылуы барлық аң аулауға қатысушылардың iс-әрекетiнiң болашақ нәтижесiнiң саналы бейнелерiнiң бiрдей болуының арқасында көрiнуi мүмкiн деп болжауға мүмкiндiк бередi” [81, 38 б.]. Дегенмен, бұл туралы еш жерде тiкелей айтылмайды, бiрақ соған қарамастан, “саналылық” ұғымын енгiзгенде нақ осы iс-әрекеттiң болашақ нәтижесiнiң бiрдейлiгiне көңiл аударады. Осы пiкiрге қатысты А.Н. Леонтьев “бiлiмнен шығарылған” сөзiнiң құрамдық сипатын арнайы атап көрсетедi. “Сана дегенiмiз бiлiмнен шығарылған”, - дейдi ол: “бiрақ мынандай жағдайда, оның шынайы субстраты болып табылатын тiл мен қоғамдық сана болғанда ғана индивидуалды сана өмiр сүре алады” [81, 38 б.]. “Басқаша айтқанда iс-әрекеттiң болашақ нәтижесiнiң “саналы” бейнесi iс-әрекеттiң болашақ нәтижесiнiң бейнесiн барлық қатынасушылардың бiлетiндiгiнен басқа ештеңе емес”, - деп жазады С.М. Жақыпов [81, 38 б.].

Сонымен қоса С.М. Жақыпов саналылық бiр жағынан соңында жалпылануды құрайтын iс-әрекеттiң болашақ нәтижесi туралы кейбiр бiлiмдердiң жиынтығының болуын  бiлдiредi, сондықтан бейне белгiлi бiр дәрежеде бiрдей болады, ал басқаша жағынан ол iс-әрекеттiң болашақ нәтижесi туралы бiлiмдердiң жиынтығын, сананы бiлдiретiндiгiн айтады. “Заттық әлемдi оның идеалды, саналы бейнелеу түрлерiн субъектiнiң меңгеру процесi алдымен iс-әрекеттiң заттық мазмұнынан оның жемiсiне өту кезiнде жүретiн сол объективтi қатынастар жүйесiнде пайда болады”, - деп анықтайды А.Н. Леонтьев. “Бiрақ осы процесс жүзеге асу үшiн, өзiнiң заттық қасиетiмен субъектiнiң алдында тұратын, оны өзiне сiңiрiп алатын iс-әрекеттiң нәтижесi жеткiлiксiз; нәтижесiнде ол тани алатын субъектi, яғни идеалды бола алатын оның сондай өзгерiсi болуы керек. Өзгерiс бұл өндiрiстiң қатысушылары арасындағы қарым-қатынастың құралы мен жемiсi болып табылатын тiлдiң қызметi арқылы жүзеге асады” [81, 39 б.]. А.Н. Леонтьевтiң осы қағидаларын басшылыққа ала отырып С.М. Жақыпов: “саналы бейнелеу негiзiнде қарым-қатынастың құралы мен жемiсi болып табылатын тiл жатыр”, - дейдi [81, 39 б.]. С.М. Жақыповтың пiкiрiнше тiл өзiнiң жүйелi сапасы арқасында бiлiм ретiнде қызмет ететiн мәндер (ұғымдар) жүйесi болып табылады.

Сонымен қоса С.М. Жақыпов мағыналардың жалпы қорын қалыптастыру үшiн жағдай жасайтын индивидуалды мағыналардың өзара әрекеттестiгiнде, индивидуалды мағыналардың сапалы артықшылығын беретiн қосындысы жаңа мағыналы құрылымдардың туындайтынын, соның нәтижесiнде қалыптасқан мақсаттардың жалпы санына қатысты мақсатқа жету санының ұлғаюынан көрiнетiн мақсат құрылу процесiнiң тиiмдiлiгi артатындығын айтады [5]. Жалған бiрлескен ойлау процесiнен бiрлескен ойлау сатысына өту кезiндегi мақсат құрылу процесiнiң эксперименттiк нәтижелерiн қорытындылай келiп С.М. Жақыпов: “Жалған бiрлескен ойлау iс-әрекетiнен бiрлескен ойлау iс-әрекетiне айналудың басты шарты мақсат пен оның нәтижелерiне қол жеткiзу туралы ақпараттарды алмасу барысындағы субъектiлердiң серiгiнiң мақсатын қайта құру процесi болып табылады”, - деген тұжырым жасайды [5, 56 б.].

Дамыған бiрлескен ойлау iс-әрекетi сатысындағы мақсат құрылу процесiн талдай отырып С.М. Жақыпов былай дейдi: “Сонымен қарастырып отырған мақсат құрылу процесiне тән сипат, қарым-қатынас барысында қалыптасқан, мағыналы құрылымдардың жалпы қорын әрқайсысының интериоризациялау нәтижесiндегi iс-әрекет субъектiлерiнiң мағыналы құрылымдарының толық сәйкес келуi  болып табылады” [5, 60 б.]. Сондай-ақ, ол бiрлескен iс-әрекеттiң әрбiр субъектiлерi осы жалпы мағыналар қорының тек жалпы объектiсiмен сәйкес келетiн мағыналарын ғана сүзiп алады дейдi [5, 60 б.]. Оның айтуынша iс-әрекеттiң жалпы объектiсiне индивидуалды мағыналар неғұрлым жақын болған сайын соғұрлым, олар өзара жақынырақ ара қатынаста болады. “Бәлкiм мағыналардың ара қатынаста болуының осындай механизмi субъектiлердiң iс-әрекетiнiң ортақ мотивiнiң, не басқаша айтқанда бiрлескен iс-әрекеттiң мотивiнiң қалыптасуы негiзiнде жатса керек. Бiрақ, бiрлескен iс-әрекеттiң мотивтерiнiң қалыптасу деректерi мағыналы құрылымдарға қатысты iс-әрекет теориясының негiзгi қағидаларына қайшы келетiн жекелеген нақты мағыналардың сәйкес келуi нәтижесiнде емес, iс-әрекеттiң жалпы объектiсiмен жүзеге асатын мағыналар жүйесiмен, “мағыналы өрiспен” (А.Н. Леонтьев) сәйкес келуi нәтижесiнде ғана мүмкiн болатынын естен шығармау керек”, - дейдi С.М. Жақыпов [5, 60 б.].

Дамыған бiрлескен ойлау iс-әрекетiндегi мақсат құрылу процесiн эксперименттiк зерттеудiң нәтижелерiн қорытындылай отырып ол былай деп түйiндейдi: “Мақсат құрылу процесi негiзiнен жалған бiрлескен аралық ойлау мақсатынан олардың бастапқы сатысында-ақ бiрлескен аралық ойлау мақсатына айналдырумен сипатталады. Бұл процестiң негiзiнде iс-әрекеттiң ортақ мотивiнiң қалыптасуы жатыр. Бiрлескен ойлау iс-әрекетiнiң табысты дамуы ең алдымен мотивациялық-мағыналық әсер етушi себептермен анықталады” [5, 63 б.].

С.М. Жақыпов көрсетiп бергендей, бiрлескен iс-әрекет диадасындағы қарым-қатынас барысында жүзеге асатын мағына құрылу процесi ортақ мақсат пен ортақ мотивтiң қалыптасуына алып келгенде ғана ол психологиялық шындыққа айналады. Бiрлескен iс-әрекетке қатысушылар вербалды және вербалды емес, сондай-ақ эмоциялық ақпараттарды көбiрек алмасады. Мұнда шешушi кезең бiрлескен iс-әрекетте серiктер бiр-бiрiнiң мақсаттарын қайта құруы мен оларды қабыл алуы, сонымен қоса өзiнiң мотивациялық-мағыналық шеңберiне енгiзуi болып табылады. Осының негiзiнде қатысушыларда мағыналардың жалпы қоры қалыптасады. Сондай-ақ, С.М. Жақыпов мағыналы ақпараттарды алмасу мен вербалды қарым-қатынас мағыналардың жалпы қорын құруға түрткi болатынын, мұның өзi өз кезегiнде қарым-қатынастың вербалды құралдарын қысқартып, оның вербалды емес құралдарының белсендiлiгiн арттыратынын эксперименттiк түрде көрсетiп бердi.

Кейiнiрек С.М. Жақыповтың мағынаны беру жайындағы осы идеяларын А.К. Белоусова одан ары дамытты [97]. Ол iс-әрекет бағытымен ойлау психологиялық теориясындағы бiрлескен iс-әрекеттiң мағыналы реттелуiн қарастырды. А.К. Белоусованың айтуынша бiрлескен iс-әрекеттiң белгiсi бiр қатысушының құндылықтары мен мағыналары екiншi бiр қатысушының құндылықтары мен мағыналарына сәйкес келуiнде, бiрлескен iс-әрекетке қатысушылардың әрқайсысы өз әрекеттерiнiң құндылықтары мен мағыналарын және серiгiнiң әрекеттерiн түсiнгенде барып, оның қажеттiлiктерi мен мақсаттары, мүмкiндiктерi сәйкес келетiн болады. Ол бiрлескен ойлау iс-әрекетiнде бiр жағынан әрбiр қатысушыда өзiнiң индивидуалды жаңа құрылымдар мен өзiнiң динамикасын сипаттайтын, өзiнiң жеке психологиялық жағдайы қалыптасатындығын, ал екiншi жағынан әрбiр қатысушының индивидуалды жаңа құрылымдарына кiрмейтiн жаңа жалпы құрылымдар пайда болатынын ерекше атап көрсетедi. Ал бұл қалай жүредi. “Мотивтер мен заттардың өзектi мағыналары негiзiнде қалыптасатын аралық мақсаттардың жүзеге асу процесiнде қатысушылар ойлау iс-әрекетiнiң өзгеруi мен мотивтердiң құрылуына, бағалаудың қалыптасу процесiне әсер ететiн, заттардың жаңа индивидуалды мағыналарын құрады. Қарым-қатынас процесiнде қарым-қатынастың вербалды және вербалды емес құралдарын пайдалана отырып сыналушылар өздерiнiң индивидуалды психологиялық жағдайлар, мақсаттар, индивидуалды мағыналар және т.б. туралы кейбiр мәлiметтердi бiр-бiрiне эмоциялық және вербалды түрде бередi. Серiктердiң индивидуалды мағыналарды беру процесiн бiз мағына беру процесi деп атаймыз. Серiктердiң мағыналарды беруi немесе мағына беруi вербалды емес құралдар мен вербалды бағалауында, мәндерде жүзеге асады. … Олай болса, заттардың жалпы мағынасы дегенiмiз бiрлескен ойлау iс-әрекетi мен бiр мезгiлде жалпы мақсаттың, мотивтiң, бағалаудың құрылу процесiнiң жемiсi болып табылады” [97, 69 б.].

Сондай-ақ, А.К. Белоусова осы жұмысында мағына беру процесiнiң сипатына ерекше назар аударады. “Сөздiң сөзбе-сөз мәнiнде мағынаны беруге болмайды. Адам қарым-қатынас құралдарының эмоциялық (эмпатиялық) күрделi жүйесi арқылы басқа адамға мағынаны ұқтырады және бара-бар (бiрақ ешқашан толық өлшемде бiрдей болмаған) мағыналарды қалыптастырады, шындығында да бұл процесс осы мағынада тұрған оның мақсаттары мен мотивтерiн тану мен басқа адамның мағынасын ұғу процесiмен сәйкес келедi. … Осы мақсатты қабылдау мағына құрылудағы мағынаны ұғуға ауысады: бiреу үшiн бiрде субъективтi маңызды болған нәрсе, басқа бiреу үшiн шешушi болады, яғни жай ғана бiрдейлiк (эмоциялық белгiсi бойынша эмпатия арқылы) емес, дегенмен ортақ мақсаты бар екi адам үшiн шындығында да ортақ” [97, 72 б.]. Сөйтiп А.К. Белоусова да С.М. Жақыпов секiлдi мағыналардың жалпы қоры бiрлескен iс-әрекетте қалыптасатынын айтады.

Кезiнде Л.С. Рубинштейн “сыртқы себеп iшкi жағдайлар арқылы әсер етедi”, - деген қағиданы басшылыққа ала отырып, миға тiтiркендiргiштер әсер еткенде, осыдан шығатын нәтиже тек тiтiркендiргiштердiң күшiне ғана емес, мидың iшкi жұмысына да байланысты болады деген заңдылықты ашты [82, 209 б.]. Iшкi жағдайлардың рөлiн түсiнуде С.Л. Рубинштейннiң осы қағидасының маңызы зор едi. Дегенмен бұл қағида әлi күнге дейiн психологияда өз шешiмiн таба алмай келедi [100]. Тiптi бұл мәселеге А.Н. Леонтьев тiкелей қарсы болды. Ол “iшкi жағдайларды сыртқы әсерлерге байланысты өзгеретiн субъектiнiң күнделiктi қалпы деп түсiнетiн болсақ, онда С.Л. Рубинштейн бихевиористердiң S - R сұлбасына сәйкес ешқандай жаңалық енгiзiп отырған жоқ”, - деп бағалады [52, 138 б.]. Солай болса да С.Л. Рубинштейннiң осы бiр қағидасында үлкен мән бар секiлдi. Өйткенi iшкi жағдайларға тек туа берiлетiн қасиеттер ғана емес, өмiр үстiнде пайда болып өзгерiстерге ұшыраған қасиеттер де жатады. Мұндай қасиеттердi С.Л. Рубинштейн iшкi жағдайларға жатқыза отырып, тарихи дамудың жемiсi деп түсiндi.

Өз еңбегiнде С.М. Жақыпов: “бiздiң түсiнiгiмiздегi мағыналардың иерархиялық жүйесi орталығы тұлғалық мағыналар жүйесiмен байланысты болатын “мағыналы құрылымдар” (Братусь, 1981) ұғымына жақындайды”, - деген едi [81, 45 б.]. Осы орайда сiрә ғалым өзiнiң мағыналы құрылымдар жайындағы түсiнiгiнiң Б.С. Братусь бөлiп шығарған тұлғаның мағыналы шеңберiмен үндес екенiн айтып отырса керек. Ендi бiз Б.С. Братусь бөлiп шығарған тұлғаның мағыналы шеңберiн қарастырайық. Б.С. Братусь өз зерттеулерiнде тұлғаның мағыналы шеңберiнен өзiне тән ерекше сапалы бiрнеше деңгейлердi бөлiп шығарды [78]. Оның айтуынша тұлғаның мағыналы шеңберiнiң ең төменгi деңгейiнде - берiлген нақты жағдайларда мақсатқа жетудiң заттық логикасымен анықталатын прагматикалық жағдайлы мағыналар орналасқан. Келесi бiрiншi деңгейде - тұлғаның пайдасымен, өзiне қолайлылығымен, абройымен анықталатын менмендiк (эгоцентрлiк) мағыналар орналасқан. Екiншi деңгейiнде - топқа тартылу мағыналары орналасқан. Мұнда адамның шындыққа мағыналы қатынастары референттi шағын топтар мен өзiн қоршаған жақын адамдарға қатынасы арқылы анықталады. Үшiншi деңгейiнде - нағыз әлеуметтiк мағыналар орналасқан. Бұған жалпы адамзатқа тән қоғамдық мағыналар, яғни өзiнiң ұнамды мағыналы бағдарлары жатады [78, 100-101 бб.]. Кейiнiрек Б.С. Братусь осы деңгейге құдаймен байланысты сезiмдерден келiп шыққан мағыналы қатынастарды бiлдiретiн тағы бiр деңгейдi қосты [101]. Б.С. Братусь өзiнiң ең соңғы жұмысында осы деңгейдi нақтырақ анықтай отырып, оны былай деп сипаттайды: “… оның жеке дiнi тағайындалатын, яғни өмiрлiк мағына мен соңғы сұраққа қатысты адамның шексiздiкпен субъективтi қатынасын анықтайтын деңгей. Құдайдан шығарылған осы жеке дiндер атеистiк те болуы мүмкiн, бiрақ олар қашанда қандай да бiр сенiмдердiң жемiсi, бұл сала тәжiрибелi бiлiм емес, метофизикалық ақылмен құрылғандықтан, бұл жерде мағыналардың негiзi тексерiлiп жатпайды” [102, 293 б.]. Мағыналы шеңбердiң осы деңгейiн Б.С. Братусь оның өзегiн құрайтын көрiнбейтiн күйде қалатын тұлғаның мағыналы тiк сызығы ретiнде сипаттады [101, 35 б.].

Б.С. Братусь өз еңбегiнде мағыналы құрылымдардың туындауын қарастыра отырып, мағыналы иерархияның деңгейлерiнде төменгiсiнен жоғарғысына дейiн орын алатын мынадай үш түрлi сұрақтарды талдайды: “Институтта лекцияға қатысу не үшiн қажет? Жоғары бiлiмдi алуға ұмтылу не үшiн қажет? Өмiр сүру не үшiн қажет?” [47, 409 б.]. Ғалымның айтуынша бiрiншi сұраққа жұртшылықтың көбi сессияны табысты аяқтау, жоғарғы оқу орнын бiтiру үшiн т.с.с. деп жауап беруi мүмкiн, екiншi сұрақ бұған қарағанда күрделiрек, оның жауабы мамандыққа деген қызығушылық, абырой, аспирантураға түсу және т.б. әр түрлi мотивтер мен iс-әрекеттерге байланысты болады. Ал үшiншi сұраққа жауап беру бұған қарағанда оданда күрделi. Ол былай дейдi: “бiз көрiп отырғанымыздай мағыналы құрылымдар иерархиялық сатыда неғұрлым жоғары орналасқан сайын оларды саналы түрде ұғынып, онымен жұмыс iстеу соғұрлым қиын болады…” [47, 411 б.]. Б.С. Братусьтың бұл ойларынан адамдағы мағынаның үнемi саналы түрде сезiлiп, ұғынымды түрде кездесе бермейтiнiн аңғарамыз. Бiздiңше С.М. Жақыпов мағына туындау үшiн қандай да бiр санасыз құндылықтар болу қажет дегенде, Б.С. Братусь сипаттаған дәл осы жағдайды айтты.

Сонымен Б.С. Братусь бойынша мағыналы құрылымдар иерархиялық сатыда неғұрлым жоғары орналасқан сайын оларды саналы түрде ұғынып, онымен жұмыс iстеу соғұрлым қиын болады, ал олар саналы түрде сезiлгенде ол тұлғалық құндылыққа айналады. Мұның өзi өз кезегiнде адамның өмiрлiк бағытының өзгеруi мен оның әр түрлi жолдарды таңдауына апарып соқтырады. Ғалымның осы айтқан пiкiрлерi адам өмiрiндегi мағынаның, сондай-ақ шығармашылықтың табиғатын түсiнуге көп көмегiн тигiзедi. Атап айтқанда адамның шығармашылық мiндеттердi шешуi әдетте санадан тыс түрде жүредi. Адам шығармашылық мәнi бар күрделi жұмбақ мәселелердi шешу үстiнде оның кiлтiн өзiнiң интуициясына сүйене отырып табады. Интуицияға психологиялық сөздiкте былай деп анықтама берiлген: “интуиция - саналы түрде сезiлмейтiн жолдар арқылы пайда болатын бiлiмдер және оны алудың жолдары…” [27, 149 б.]. Демек интуиция арқылы шешiлетiн шығармашылық мiндеттердiң кiлтi саналы түрде сезiле бермейдi, ол санасыз түрде кездеседi. Бұл жерде шығармашылық есептiң кiлтiн табу адам үшiн қандай да бiр құндылыққа ие. Бiрақ оның кiлтi оңайлықпен табыла қоймайтындықтан, ол алдымен санасыз түрде кездеседi. Сондықтан дәл осы сәттi психолог С.М. Жақыпов санасыз құндылықтар деп түсiндi.

Психологиялық әдебиеттердегi тұлғаның индивидуалды құндылықтарының немесе құнды бағдарларының психологиялық табиғатын түсiндiрген бағыттарды негiзiнен үш түрге бөлiп көрсетуге болады [106]. Бiрiншi бағыт құндылықтарды пiкiрлер, түсiнiктер немесе нанымдар секiлдi ұғымдармен ұштастырады (Rokeach, 1969; 1973; 1979; Ручка, 1976; Брожик, 1982; Schloder, 1993). Құндылықтарды осылай түсiнуде ол қандай да бiр деректерден алынғандықтан, оның өздiгiнен дербес оятушы күштерi болмайды.

Информация о работе Тұлға құрылымының қалыптасуы мен дамуының психологиялық аспектілері