Тіл білімінің зерттеу нысаны

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 29 Октября 2013 в 11:34, лекция

Краткое описание

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Бүгінгі таңда тіл білімінде антропоөзектік бағыт үстемдік алып, адам факторына ерекше мән беріліп отыр. Зерттеу парадигмасының антропоөзектік ұстанымы тілдің диалектикалық бірліктегі ең маңызды екі қызметін, атап айтқанда, танымдық (когнитивтік) және коммуникативтік қызметін терең ашуға бағытталады. Антропоөзекті зерттеулерде ұлттық сананың тілдегі көрінісі бейнеленеді. Тілден тыс болмыс сөйлеушілердің тілінде бейнеленумен қатар, бір тілде сөйлесушілердің ойлау жүйесі де ортақ болады.

Прикрепленные файлы: 1 файл

тіл білімінің зерттеу нысаны.docx

— 109.08 Кб (Скачать документ)

Сан-мөлшер ұғымының репрезентациясы «сан-мөлшер» концептінің  түзілуімен байланысты. Бұл концепт  жалпылау (дерексіздендіру) когнитивті механизмінің негізінде пайда болады. Сол арқылы сан-мөлшер негізгі концептінің мазмұнында сандық ұғым түзіледі. Сандық ұғым сан-мөлшер концептінің қалыптасуына негіз болады. Ол көптік және даралық сияқты нақты сипаттардан құралады. Сол арқылы жекеше және көпше тұлғада көрініс табатын морфологиялық категория қалыптасады. Сан-мөлшер концепті мен сан-мөлшер морфологиялық категориясының арасындағы қатынас «фон-фигура» ұстанымына негізделеді. Морфологиялық репрезентацияда жекеше және көпше тұлғалар сан-мөлшер концептін актив қолданысқа түсіріп, оның мазмұнын құрайтын жекелік  және көптік сипаттарын актуалдандырады. Нәтижесінде жалпы сипаттағы морфологиялық мән түзіледі. Сан-мөлшер концептінің жекелік және көптік мәндері жекеше және көпше тұлғада актуалданып, морфологиялық мәндердің қалыптасуына негіз болады. Сан-мөлшер категориясының жалпылану деңгейі өте жоғары болатындықтан, жекелік және көптік мәндерін өте жалпы, дерексіз сипатта береді.

Сонымен, сан-мөлшер концепті жекеше және көпше тұлғаның актив қолданылуы арқылы жекелік  және көптік морфологиялық мәндерінің жалпылануы нәтижесінде қалыптасады. Олар сөйлем-сөйлесімде қосымша лингвистикалық факторлардың көмегімен нақтыланады. Мұнда әсіресе семантикалық фактордың  орны ерекше.  Бұл сан-мөлшер категориясының сөздердің лексика-грамматикалық топтары арқылы берілуіне байланысты. Сондықтан лексика-грамматикалық мән зат есімнің мағынасына байланысты болады. Мысалы, сапалық көптік деректі (заттық мәнге ие) зат есімдер арқылы, жіктелетін және жиынтық көптік – деректі зат есімдер арқылы, жұптық көптік – адамның не жануардың жұп дене мүшелерін білдіретін зат есімдер арқылы, жіктелетін және жіктелмейтін жиынтық көптік жинақтық мәнді зат есімдер арқылы, кеңістік және дерексіз көптік – деректі және дерексіз зат есімдер арқылы, партитивті көптік – жұп заттарды білдіретін зат есімдер арқылы беріледі.

4.2 Шама  концептінің морфологиялық репрезентациясы. Тілдің концептуалды жүйесі әркелкі, әртүрлі концептілер жиынтығынан құралады. Қазақ тілінде сапа негізгі (іргелі) концепт болып табылады, сол арқылы грамматикалық объективтену ерекшеліктері көрінеді. Қазақ тіліндегі ғаламның тілдік бейнесіндегі сапа концепті кеңістік, уақыт т.с.с. іргелі концептімен сабақтас, байланысты болып келеді. Сын есімдер арқылы адам бейнесі айқын көрінеді. Тілдің антропоөзектік ұстанымы сын есімдердің лексика-семантикалық жүйесінде айқын көрініс тапқан. Адамның тілдік бейнесі сыртқы (анатомиялық) және ішкі (интеллектуалды, адамгершілік, ментальді, эмоционалды) параметрлері бойынша айқындалады. Қазақ ғаламының тілдік бейнесінде адам сыртқы және ішкі қырларымен тұтастықта (ұлты, жасы, әдеті, мінезі) сипатталады. Ғаламның тілдік бейнесінің көрсеткіші ретінде сын есімнің ерекшелігін зерттеу арқылы адамның ақиқат болмысты тану ерекшеліктері көрінеді,  тілдік таңбада көрініс тапқан ғалам бейнесінің санадағы көрінісі байқалады. Заттың белгісін білдіретін сөз табы ретінде сын есімді когнитивті тұрғыдан сипаттап, семантикалық және лингвомәдениеттанымдық ерекшеліктерін айқындау арқылы сапа концептінің өзіндік сипаты айқындалады.

Шырай категориясы  – тілде сан-мөлшер ұғымын репрезентациялайтын  морфологиялық категориялардың  бірі. Сол арқылы адамның сан мен  сандық қатынастар туралы танымы көрінеді. Ол салыстыру негізінде көрініс  тауып, зат белгілерінің ұқсастық-айырмашылығын  сипаттайтын тілдік формалар арқылы беріледі. Шырай категориясы заттар мен құбылыстардағы белгілердің  сапалық қатынастарын білдіреді.  Кез келген заттың сапасы болатын сияқты, сапасыз заттың болуы мүмкін емес. Себебі әлем – бөлшектерге жіктелетін тұтас дүние, ондағы заттардың бәрінің сапасы болады. Адамның әлемді тануында сапаның маңызы ерекше, себебі сапасын анықтау арқылы адам белгілі бір заттардың ерекшелігін, белгісін білумен қатар, оларды топтастырып, жинақтай алады. Заттың белгісін, өзіндік ерекшелігін түсіну арқылы адам оның сапасын анықтайды, ол ұжымдық санада көрініс тауып, тілдік семантикада бекиді. Мәдениет сапа концепті арқылы тілмен байланысты болады. Қазақ тілінде сапа іргелі, негізгі концептілердің бірі, заттар әлемін танудағы негізгі ұғым болып табылады. Бұл сапа концептінің грамматикалық объективтенуінен де байқалады. Сапалық белгіні білдіретін сөздердің грамматикалық топтарын сын есім категориясының түзілуіне негіз болады.

Салыстырмалы шырай  тұлғалары мен қосымша лингвистикалық факторлардың көмегімен «заттың  салыстырмалы белгісі» сипаты актуалданып, салыстыру концептінің мазмұнында қосымша мәндер түзіледі. Күшейтпелі шырай көрсеткіштері мәнмәтін және семантикалық факторлардың көмегімен  мынадай лексика-грамматикалық мәндер түзеді: бір топқа жататын заттардың  белгілерін өзара салыстыру; белгісіне  қарай белгілі бір топтың ішінен бір затты ерекшелеу, даралау.

Күшейтпелі шырай  көрсеткіштері заттың айқын белгісі  сипатын актив қолданысқа түсіре отырып, мәнмәтін және семантикалық факторлардың көмегімен нақтыланады. Мұнда ішінен, ішіндегі, арасынан, арасындағы, қатарындағы т.с.с. көмекші есімдер, мекендік қатынаста жұмсалған зат есімдердің қатысуымен жасалған бірліктер қолданылады. Сол арқылы бірнеше зат өзара қарсы қойылып, солардың ішіндегі сол белгісі молы ерекшеленеді. Мысалы: Бұлардың ішінде ең зияндысы – дизентерия амебасы. Ол адамды амебиаз ауруына шалдықтырады (ҚҰЭ).

Ғаламның тілдік бейнесіндегі адамның түсінігі –  адамды сипаттау арқылы оның жас ерекшелігі, ұлты, әлеуметтік күйі, мінезі т.с.с. көрінеді. Ғаламның тілдік бейнесінің көрсеткіші ретінде сан-мөлшер концептінің  ерекшелігін зерттеу арқылы адамның  ақиқат болмысты тану сипаты көрінеді. Сонымен қатар сан-мөлшер категориясы  тіл тұтынушыларының тілді қолдану  ерекшеліктерінен де хабар береді.

Диссертациялық  жұмыс қазақ тіліндегі антропоөзектік факторларды анықтауға мүмкіндік  беретін, онтологиялық категориялардың  ұжымдық санадағы бейнесін көрсететін морфологиялық категориялардың  тілдік табиғатын, грамматикалық категориялардың  мазмұндық және коммуникативтік  негізіндегі антропоөзектік сипат  пен оның көрінісін талдай отырып, мынадай қорытынды жасауға болады:

-          Адамның когнитивті (таным) тәжірибесі мен ғаламды  түйсіну тәсілдері арқылы ойлау құрылымдары (концепт, концептуалды жүйелер мен категориялар) қалыптасып, олардың тілдік құрылымдарға (тілдік таңба мен категорияларға)  жіктелуі нәтижесінде грамматикалық категориялар түзіледі. Сол себепті морфологиялық категориялар мен көрсеткіштер концептуалды мазмұнның құрылымдалу тәсілі болып табылады. Морфологияда тілдік жүйе үшін маңызды болатын, ғаламның концептуалды бейнесін репрезентациялайтын концептілер көрініс табады. Сөйлеушінің ментальді ерекшеліктері уақыт, модальділік, персоналділік, қатынас, сан-мөлшер т.б. негізгі (іргелі) концептілерде көрінеді.

- Предикативті қатынас  жақ, рай, шақ категориялары  негізінде құралады. Антропоөзектік  тұрғыдан алғанда, предикативті  бірліктер сөйлеуші-тыңдаушы осінде  орналасқан. Сөйлеуші (адресат) –  нақты адам, сөйлеу актінің авторы, тыңдаушы (адресант) та нақты адам  ретінде қабылданады. Предикативті  қатынас негізінде сөйлеушінің  ақиқат болмысқа қатынасы, коммуникацияға  қатысушы адам факторы ескеріледі.  Жақ категориясы арқылы сөйлесушілердің өзара қатысы, өзара ілтипаты, сыйластығы, қарым-қатынас ерекшеліктері көрінеді. Модальділік концепті арқылы сөйлесушілердің ақиқат болмысқа деген көзқарасы байқалады. Соған сәйкес модальділік объективті және субъективті модальділік болып жіктеледі. Ол рай категориясына, соған сәйкес ашық (реалды) және неғайбыл (ирреалды) райларға негіз болған. Уақыт тікелей концептуалданбайды, оған жанама түрде оқиғалар, кеңістік пен қозғалыс атаулары уәж болады. Сөйлеу сәті сөйлесушілердің коммуникацияға түскен уақыты болып табылады. Шақ, рай категорияларында сөйлеушілердің дүниені, ақиқат болмысты қабылдау ерекшеліктері көрініс тапса, жақ категориясында олардың тілді тұтыну ерекшеліктері көрінеді.

- Қазақ тілінде  қатынас мәні етіс және септік  грамматикалық категориялары арқылы  репрезентацияланады. Етіс, септік  категориялары субъектілі-предикаттық,  объектілік, меншіктілік қатынас,  мекендік-мезгілдік, көлемдік т.с.с.  қатынастарды білдіріп, сөйлеушілердің  ақиқат болмысқа деген көзқарасын  білдіреді. Етіске тән өзіндік  мағынасы мен арнаулы көрсеткіштері  болуына байланысты салт, сабақты  етістіктер етіс категориясынан  өз орнын алуы керек.  Қазақ тілді сөйлеушілердің тілдік санасында өздік, ырықсыз, ортақ етіс мазмұн межесі мен тұрпат межесі тұрғысынан толық қалыптасқан, ал өзгелік етіс тұлғалары тілдік санада әлі орныға қоймаған. Ол өзгелік етіс қосымшаларының сабақты етіс қосымшаларымен ұқсастығына байланысты.  Адам объективті шындықты, ақиқат болмысты өзгертетін субъект ретінде көрінетін актив құрылымдар ұлттық болмысты таныта алады.

- Сан-мөлшер мәні  жекелік-көптік, шырай категорияларының  көмегімен беріледі. Сан-мөлшер концепті  арқылы ақиқат болмыстың тілдік  санадағы көрінісі байқалады.  Ғаламның тілдік бейнесінің көрсеткіші  ретінде сан-мөлшер концептінің  ерекшелігін зерттеу арқылы адамның  ақиқат болмысты тану сипаты  көрінеді. Сонымен қатар сан-мөлшер  категориясы тіл тұтынушыларының  тілді қолдану ерекшеліктерінен  де хабар береді.

- Әмбебап сипаттағы  негізгі (ядролық) концептілер  – мазмұн және тұрпат межесі  бар грамматикалық жүйе бірлігі  болып табылады. Әмбебап сипаттағы  негізгі (ядролық) концептілер  концептуалды мазмұн мен репрезентацияланатын  тұлғалардың бірлігінен құралады.

- Грамматикалық  категорияларда ұлттық тілдің  өзіндік ерекшеліктері көрініс  табады. Морфологиялық категорияларда  ұлттық болмыс, ұлттық дүниетаным, адамдар арасындағы қатынас айқын  көрінеді.  Морфологиялық бірліктердің когнитивті қызметі ойлау үдерісімен, ұлттық ділмен, ақпаратты өңдеу, сақтау, жіктеу ерекшеліктерімен байланысты болады. Белгілі бір этнотілдік қауымдастықтың мәдениеті, білімі мен тәжірибесі тілде көрініс тауып, менталитет түзеді. Білім қоры тіл семантикасында көрініс тауып, белгілі бір тілдік ұжымның ұлттық, мәдени мәдени тәжірибесін көрсетеді. Қазақ тіліндегі жақ категориясының анайы/сыпайы түрге жіктелуі ұлттық ділдің, ментальдылықтың көрсеткіші болып табылады. Морфологияға идиоэтникалық сипат тән болғандықтан, морфологиялық жүйе тілдің өзіндік ерекшелігін танытады.

- Грамматикалық  категориялардың қызметі әр форманың  өзіне ғана тән семантикалық  белгілері арқылы айқындалады.

- Элитарлық тілдік  тұлға – ұлттық тілдің жанрлық-стилистикалық  ерекшеліктерін толық меңгерген,  оларды орынды қолданатын, лексикалық, фразеологиялық, паремиологиялық бірліктердің  семантикасын жан-жақты түсініп,  орнымен қолдана алатын, коммуникативті  стратегиялар мен тактикаларды, вербалды және бейвербалды қатынас  талаптарын толыққанды меңгерген,  ұлттық тіл мен мәдениет концептосферасын  құрайтын концептілердің ұғымдық,  бейнелі-ассоциативтік, құндылық  сипатын түсінетін тілдік тұлғалар. Элитарлық тілдік тұлғаға ақын-жазушы, филолог, журналистермен қатар  тіл білімінің дамуына үлес  қосқан ғалымдарды да жатқызуға  болады. Элитарлық тілдік тұлғалардың  ғылыми тұжырымдарын талдау негізінде  қазақ тіліндегі грамматикалық  категориялардың қолданыс сипаты, сондай-ақ қазақ тіл білімінің  қалыптасу, даму жолы мен ондағы  түрлі бағыт, ұстанымдар анықталады.

- Қазақ тіл білімінің  тарихын шартты түрде төрт  кезеңге (ұлттық тіл білімі  қалыптасқанға дейінгі кезең:  Н.Ильминский, М.Терентьев, П.Мелиоранский, И.Лаптев, Н.Созонтов еңбектері (1860-1912 ж); ұлттық тіл білімі қалыптасқан  кезең: А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы,  Т.Шонанов, Қ.Кемеңгерұлы, Е.Омаров, Ж.Аймауытов (1912-1930 ж); ұлт зиялыларының  қудалануына байланысты еңбектерін  оқытуға тыйым салынып, тіл  білімінде еуропоцентристік бағыт  белең алған кезең (1930-1988 ж.); репрессия  құрбандарының ақталып, олардың  еңбектерін пайдалануға жол ашылған  кезең (1988 жылдан бергі кезең)  жіктей отырып, ұлттық тіл білімінің  қалыптаса бастаған кезеңіндегі  ғалымдардың еңбектерінде грамматикалық  категориялардың антропоөзектілігі,  функционалды грамматика, коммуникативті  лингвистика бағытындағы зерттеулердің  негізі қаланғанын көреміз. Алайда  ғалымдардың репрессиялануына байланысты  ой-тұжырымдары кейінгі еңбектерде  сабақтастық таппай қалған.

- Қазақ тіліндегі  грамматикалық категорияларда (жақ  категориясын анайы және сыпайы  түрге жіктелуі, көптік жалғаудың  статусы, болжалдық сан есімдер,  етіс категориясының танылуы  т.с.с.) әлі де басы ашылмаған  мәселелер баршылық.

Болашақта зерттеу жұмысының әдістемесі мен ұстанымдарын тілдің синтаксистік құрылымдары мен басқа да грамматикалық категорияларға қатысты қолдана отырып, адам факторының тілдегі көрінісін мейлінше толық сипаттауға болады. 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: 

 

1        Байтұрсынұлы А. Ақ жол: өлеңдер мен тәржімелер, публицистикалық мақалалар және әдеби зерттеу. Құрастырған Р.Нұрғалиев. – Алматы, Жалын, 1991. – 464 б.

2        Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы: Мемлекеттік тілді дамыту институты, 2010. – 608 б.

3        Ахметжанова З.К.  Ядерные концепты казахской культуры как основа казахской языковой картины мира //Этнос және тіл атты академик Ә.Қайдардың 85 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференция материалдары. –Алматы, 2009. – Б. 175-179.

4        Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. – Алматы, Рауан, 1998. – 304 б.

5        Ислам А. Ұлттық мәдениет контексіндегі дүниенің тілдік суреті. Филология ғылымының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты: 10.02.19. –Алматы, 2004. – 54 б.

6          Постовалова, В.И. Картина мира в жизнедеятельности человека //Роль человеческого фактора в языке: Язык и картина мира. – М., 1988. – С. 8-69.

Информация о работе Тіл білімінің зерттеу нысаны