Концептуалды және
семантикалық деңгейлердің өзара байланысы
нәтижесінде концептуалды жүйеде тілдік
бірліктер қолданылады. Концептуалды
ақпараттың маңызды бөлігі, тіл үшін
маңызды болатын мағыналар тілдің грамматикасында,
әсіресе морфологиясында көрініс табады.
Бұл табиғи, логикалық сұрыптау негізінде
жүзеге асады. Алдымен барлық мағыналар
лексика деңгейінде көрініс тауып, кейін
олардың ішіндегіең маңыздылары ғана морфология,
грамматика деңгейіне өтеді. Морфология
концептуалды жүйенің ең негізгі концептілерін,
яғниконцептуалды кеңістік құрайтын
концептілерін репрезентациялайды,
сол себепті олар әмбебап сипатта болады.
Тілдік тұрғыдан
ерекше маңызды болатын мағыналар
грамматикада айқын көрініс табады.
Грамматика концептуалды жүйенің ең
маңызды бөліктерін көрсетеді, грамматикалық
категориялар категориалды мәндерінің
ерекше деңгейлерінің репрезентациялану,
объективтену құралы болып табылады.
Грамматикада көрініс тапқан категориялар
міндетті болатындықтан, морфологияны
когнитивті тұрғыдан зерттеуде белгілі
бір тіл үшін маңызды болатын,
сөйлеуші назарынан тыс қала алмайтын
бөліктері ғаламның тілдік бейнесінде
көрініс тауып, жіктелгенін анықтауға
болады.
Тілдік емес бірліктермен
қатар болмыс нысандарының бірі ретінде
тіл де концептуалданады. Тілдік білімнің
концептуалдану жолдарының бірі –
морфология. Морфология деңгейіндегі
концептуалдау ерекшелігі – ол білімді
құрылымдай отырып, лексикалық жолмен
берілген концептуалды материал үшін
қабат, тор түзіп, белгілі бір деңгейде
лексиканың қажетін өтейді. Осыған байланысты
тілдік деңгейде морфология мен лексика
өзара байланыста болады. Белгілі бір
тілдік құралдардың көмегімен берілген
концепт адам санасында негізгі концептінің
сипаттарының негізде қалыптасып, құрылымға
енеді. Сол арқылы концептуалды жүйе үздіксіз
сипат алып, бұрыннан бар концептілер
жүйесінің көмегімен жаңа мағыналық құрылымдар
түзіледі. Концептуалдаудың әр деңгейінде
концептуалды мазмұнның тілдік бірліктері
адамның ғаламды қалай зерделейтінін,
ғаламның қандай сипаттары тілдік формаларда
көрініс табатынын айқындайды. Яғни түрлі
деңгейдегі тілдік құралдар ғаламның
тілдегі концептуалдану жолдарын көрсетеді.
Әмбебап сипаттағы
негізгі концепт – ең жоғарғы
деңгейдегі жалпылау нәтижесі болып
табылады. Сол арқылы тілдің лексикалық
жүйесінде грамматикалық топтар,
яғни сөз таптары, лексика-грамматикалық
топтар, жіктер түзіледі. Грамматикалық
ұғымдар лексикалық концептосфераға
үстеледі. Сол себепті қандай да
бір сөз табына қатысты болмайтын
сөз жоқ. Ендеше, тілдің грамматикалық
құрамының концептосферасы адамның
тілдік санасының ажырамас бөлшегі
болып табылады.
Когнитивтік құбылыс
ретінде сөз таптары адамның
әлемді тану, қабылдау, түсіну ерекшеліктерін
көрсетеді. Сол арқылы таным иесі
– субъектінің ментальді ерекшелігі
айқындалады. Бұл ерекшеліктер тілде
кеңістік, уақыт, сапа категорияларында
көрініс табады. «Тіл – құрал» А.Байтұрсынұлы
зат есімдерді былайша сипаттайды:
«Зат есім – нәрселердің атын көрсететін
сөздер. Нәрсе деп не түрлі де
болса заттарды атаймыз. Зат тегінде
екі түрлі: біреулері – көзге
көрінетін, құлаққа естілетін, мұрынға
иіскелетін, тілге татылатын, денеге
сезілетін деректі заттар, екіншілері
– көзге көрінбейтін, құлаққа
естілмейтін, мұрынға иіс келмейтін,
тілге татылмайтын, денеге сезілмейтін,
адам ақылмен ғана білетін дерексіз
заттар. Сол деректі һәм дерексіз
заттардың атын көрсететін сөздерді
зат есім дейміз… Зат есім екі
түрлі болады: біреулері – нәрсенің
дербес өз басына ғана қойылған: жалқы
есім. Екіншілері – нәрсенің біріне
емес, барлық тобына қойылған: жалпы
есім» [10, 105].
Ғалым лексикалық бірліктердің
белгілері мен өзара байланысын
ескере отырып, сөз таптарын белгілі
бір грамматикалық топқа жатқызған.
Еңбектері шәкірт болашағына арналғандықтан,
ғалым тіл білімінің негізгі
ұғымдарын түсінікті тілмен жеткізуге
тырысқан. «Тіл – құралы» (қазақ
тілінің сарфы) деген жалпы атауы
болғанмен, оларды тарауларға жіктеуде
фонетика – дыбыс жүйесі мен түрлері,
морфология – сөз жүйесі мен түрлері,
синтаксис – сөйлем жүйесі мен
түрлері деп берілген. Яғни, тұтастай
алғанда, тіл – жүйе ретінде сипатталып,
әрқайсысының өзіндік ерекшелігі айқындалған.
Ғалым оқулық түзуде жекеден жалпыға
қарай ойыса отырып, оқушылардың
материалды оңай меңгеруін ескерген.
Сөз таптары –
адамның таным әрекеті арқылы
айналасын категоризациялау негізінде
қалыптасады. Сондай-ақ сөз таптарын
табиғи категория ретінде қарастыруда
адамның санғасырлық тәжірибесін
түйсіну, оны оны тілдік құралдармен
объективтірендіруге негізделген когнитивті
қабілеті көрініс табады. А.Байтұрсынұлы
зат есім мен сын есімнің айырмашылығы
– зат есім нәрсені атаса, сын есім нәрсенің
сынын білдіретінін айтады [10]. Ғалым зат
есім мен сын есімді жіктеуде жалпы грамматика,
түсінік, ұғым сияқты логикалық категория
қағидаттарын негізге алған. Бұл ғалымның
сан есім, есімдік, етістіктерге берілген
анықтамаларында да айқын көрініс тапқан.
Ғалымның ұстанымдарын кейінгі оқулық
авторлары да (Қ.Кемеңгерұлы, Қ.Жұбанов,
Т.Шонанов т.с.с.) басшылыққа алып, сөз таптарын
ажыратуда меже етеді.
Бүгінде лексикалық
мағынасы түсініксіз, көнерген сөздерге
этимологиялық талдау жасауда грамматикалық
концептосфера тұрғысынан морфологиялық
концептілер жүйесі арқылы сөз мағынасын
айқындауға болады: сөздің қай тұлғада,
қандай сөз табы ретінде қолданылуына
байланысты морфологиялық концептілер
де, лексикалық бірліктер сияқты, сөз
мағынасын айқындауда маңызды қызмет
атқарады. Алайда тіл және сөйлесім
әрекетін толық түсіну үшін лексикалық
және грамматикалық концептілер бірлікте
сипатталуы керек. Е.С.Кубрякова еңбектерінде
морфологияның когнитивті аспектілерін
зерттеудің негізгі бағыттары қалыптасты
[11]. Ғалым морфология «синтаксис үшін
қызмет ететінін» айта келіп, грамматикаға
когнитивті сипат тән екенін ескертеді.
Морфология –
тілдік білімді объективтендіретін,
ғалам туралы білімді құрайтын сала
болып табылады. Онда морфологиялық категориялар
мен тұлғалардың тілде қалай концептуалданатыны туралы
білім қоры жинақталып, адамның концептуалды
жүйесін құруда маңызды орын алатын, ғалам
бейнесін қалыптастыратын уақыт, персоналдылық,
модальділік т.с.с. іргелі концептілердің
тіл туралы білімді құраудағы орны сипатталады.
Әр тілдің грамматикалық және концептуалды
жүйесінің ерекшеліктері, басқа тілде
кездеспейтін морфологиялық концептілер
жиынтығы, бір тілден екінші тілге ауысып
отыратын морфологиялық категориялар
болады. Мұндай ерекшеліктер морфологиядағы
концептуалдану деңгейлеріне байланысты.
Морфологияның концептуалды
кеңістігінде тілдік білім сақталып,
репрезентацияланады. Онда тілдік мағына,
категориялар мен тұлғалар туралы білімдер
сақталып, ғаламның тілде қалай концептуалданатыны
көрінеді. Морфологияда концептуалды
жүйенің маңызды бөліктері категорияланады.
Сол себепті морфологиялық категориялар
мен тұлғалар категориалды мағынаның
ерекше деңгейінің жалпылану, репрезентациялану
жолы болып табылады. Концептуалды жүйенің
категориалды бөлігі морфологиялық концептілер
түрінде көрініс тауып, морфологияның
концептуалды кеңістігін құрайды, морфологиялық
репрезентацияның тілдегі когнитивті
негізін түзеді. Сондықтан грамматика
таным үдерісімен тығыз байланысты.
1.3 Морфологиялық
категориялардың когнитивті құрылымы. Категориялау – динамикалық
сипаттағы танымдық үдеріс. Категориялау
адамның ойлау, танымдық қызметінің негізгі
белгісі болып табылады. Категориялау
– әлемді категорияларға жіктеу, яғни
ұқсас заттар мен құбылыстарды топтарға
бөлу. Категориялау ұғымы адамның білім
деңгейін, жинақталған білімді қатынас
құралы, ақпаратты қабылдау, сақтау құралы
ретінде қолдану ерекшеліктерін де көрсетеді.
Тілдік бірліктер концептуалды жүйе мен
оны түзуші концептілермен тығыз байланыста
болады. Көп жағдайда категориялау дайындықсыз
түрде жүзеге асады, адам қажет болған
жағдайда ғана сол туралы ойланады. Күнделікті
өмірде адам жан-жануарларды, адамдарды,
физикалық құбылыс ретінде де, сондай-ақ
адам түзген артефактілер ретінде де категорияларға
жіктейді. Басқаша айтқанда,категориялау –
бір жағынан, белгілі бір заттар мен құбылыстарға
атау беру болса, екінші, жағынан, белгілі
бір зат не құбылыстарды категорияға жіктеу
болып табылады. Яғни категориялау қандай
да бір атау беру арқылы жүзеге асады.
Ол таным әрекетінің ортақ принциптерін
айқындап, білімді қалыптастырады, сол
арқылы адамның болмысты қабылдау, тіл
арқылы жинақталған білімді сақтау ерекшеліктері
айқындалады. Осыған байланысты Ы.Маманов:
«Сөз – шындықтың адам санасындағы сәулесі.
Барлық зат пен құбылысты білдіретін ұғым
сөз арқылы таңбаланады. Ұғым заттың, құбылыстың
ішкі мазмұны болса, ұғымды білдіретін
сөз – сыртқы формасы, таңбасы. Тілде әрбір
ұғым өз формасында (сөзде) қолданса ғана,
сөз өз функциялық қызметін дәл атқарады.
Сөздер сөйлем құрамында бір-бірімен тіркесіп,
коммуникативтік қызмет атқарады», –
деп жазады [12, 422].
Категориялауды
когнитивті бағытта динамикалы тұрғыда
сипаттауда екі түрлі түсінік
қалыптасқан. Тар мағынасында,
категориялау – заттар мен құбылыстарды,
үдерістерді белгілі бір категорияға
жіктеу, ал кең мағынасында,
заттар мен құбылыстардың белгілері мен
сипаты бойынша категорияларды қалыптастырып,
ерекшеліктерін айқындау.
Концептуалдау да,
категориялау да жіктеу әрекетімен байланысты
болады, концептуалдау адамзат тәжірибесінің,
білімдер жүйесінің ең кіші бірліктерін
айқындауға бағытталса, категориялау
– өзара ұқсас бірліктерді
топтастыру, категорияларға біріктіру
мақсат етеді.
Концептуалдау мен
категориялау сияқты негізгі танымдық
әрекеттерді зерттеуде когниция мен
коммуникацияның төмендегі қағидаттарын
басшылыққа алу керек:
- Концептуалдау және категориялауды динамикалы сипатта қарастыру оларды адамның ақпаратты когнитивті тұрғыдан өңдеуінің нәтижесі әрі үдеріс ретінде сипаттауға мүмкіндік береді.
- Концептуалды деңгей білімнің бірегей деңгейі әрі тіл жүйесінің әмбебап негізі болып табылады. Концептуалды деңгей түрлі ақпаратты (тілдік, сенсорлық және моторлы) қамтып, жүйетүзуші фактор ретінде тілдің құрылымы мен қолданысын көрсетеді. Концептуалды деңгей – концептілер мен концептуалды топтар жүйесі ғана емес, категориалды мәндер деңгейі болып табылады. Грамматикалық категорияларға жекелеген концептілер емес, категориалды мағыналар негіз болады.
- Концептуалды және семантикалық деңгейлер өзара байланыста болумен қатар, олардың өзіндік ерекшеліктері де бар. Бұл деңгейлердің айырмашылығы – концептінің тілге тәуелді болмауынан көрінеді. Ой үнемі тілдік сипатқа ие бола бермейді. Сол себепті концептілердің бәрі бірдей тілдік тұрғыда объективтене бермейді. Концептуалды мазмұн тілдік (вербалды) және тілдік емес (бейвербалды) сипаттарға жіктеліп, жалпы концепт және вербалды коррелят түрінде сараланады. Яғни концептінің бейвербалды сипаты да болады.
Категориялау концептуалдаумен
тығыз байланысты. Алайда әрқайсысының
өзіндік ерекшеліктері де бар. Концептуалдауда
белгілі бір деңгей үшін маңызды
болатын түсініктер жинақталса, категориялау
үдерісінде тілдік бірліктердің осы
категорияға негіз болған концептілермен
ұқсастықтары негізге алынады. Яғни
адам санасындағы оперативті бірліктер
концепт түзеді. Біркелкі, өзара
байланысты концептілерді біріктіру
нәтижесінде категория құралады.
Категория қалыптасуы үшін – концептілердің орны
ерекше. Концепт – ғалам туралы білімдер
жүйесінің негізгі элементтері. Адам ойлау,
пайымдау әрекеттерінде осы бірліктер
мен құрылымдарға иек артады. Ғалам туралы
білімді нысанды білім және тіл туралы білім (тілдік білім) деп
жіктеуге болады. Концептілер лексикалық,
фразеологиялық бірліктер арқылы, грамматикалық
жолдармен берілуіне қарай жіктеледі.
Морфологиялық концептуалдану және категориялану
сияқты танымдық үдерістерді жүзеге асыра
отырып, концептуалды мазмұнға ие болып,
әр тілде өзінше көрініс табады. Осыған
байланысты Қ.Айдарбек: «Ғаламның тілдік
бейнесінің әр этноста әртүрлі болуы,
сол халықтың тәжірибесімен, білімімен
байланысты, өйткені тілдік таңбаның таңбалау
қызметі экстралингвистикалық факторлардың
тікелей байланысында емес, адамның көрген-білгені,
ойға түйгені білімінің негізі болып табылады.
Әр ұлттың, халықтың өмірлік тәжірибесі
әртүрлі болғандықтан, ғаламның тілдік
бейнесі де, сол қоғамда өмір сүрген адамдардың
тәжірибесі де әртүрлі болады. Сондықтан
тілдік тұлға ретінде олардың когнитивтік
санасындағы ғаламның тілдік бейнесінде
айырмашылықтар болады», – деп жазады
[13, 263 б.].
Әмбебап сипаттағы
концептілерде категориалды мағыналар
ғана көрініс табады, олар морфологиялық
категориялардың мазмұнын танытады. Яғни
морфологиялық концептілер концептуалды
жүйенің (ғаламның концептуалды бейнесінің)
тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі факторлардың
бірі болып табылады. Тұрақтылық толық
сипат ала бермейді, себебі адамның білімі
болмыс туралы жаңа түсініктермен толығып,
өзгеріп, байып отырады.
Әмбебап сипаттағы
концептілердің тұрақтылығы не өзгеруге
бейімділігі морфологиялық тұлғалардың
мазмұнындағы өзгерістерге байланысты
болады. Ол дискурс талаптары мен
тілдің дамуы нәтижесінде пайда
болуы мүмкін.
Категориалды мағыналарды
былайша сипаттауға болады:
- Категориалды мағыналар морфологиялық категориялардың мазмұнын құрайтын грамматикалық (морфологиялық) мағыналардың, кейін коммуникация барысында лексика-грамматикалық мағыналардың қалыптасуына негіз болады.
- Категориалды мағыналар семантика мен синтаксистің арасындағы байланысты көрсетуде ерекше маңызды болады.
Категориялауды бастапқы және кейінгі категориялауға жіктеуге
болады. Бастапқы категориялау (лексикалық)
тілдің атауыштық қызметіне байланысты
болады, ол лексикалық категорияларда
(сөздердің лексика-семантикалық топтарында)
көрініс табады. Ол болмысты категориялаудың
нақты заттық деңгейімен сәйкес келеді.
Кейінгі категориялауда (грамматикалық)
тілдік қолданысты ескере отырып, сөздер
грамматикалық топтарға жіктеледі. Ол
болмысты категориялаудың абстрактілі-жүйелі
деңгейімен сәйкес келеді. Болмысты репрезентациялайтын
сөздік қордан өзгешелігі грамматикалық
категориялар адамның ғаламды қалай көретінін
бейнелейді. Грамматикалық категория
танымның динамикалы, процессуалды сипатын
көрсетеді. Функционалды-семиологиялық
тұрғыдан алғанда, категориялаудың екі
жақты қыры айқындалады: статикалық жүйе
ретінде адамның ғаламды категориалды
жіктеуі туралы білімдерді көрсетсе, динамикалы үдеріс ретінде сөйлеу-ойлау
әрекетінде ойға түрткі болған заттар
мен нақты концептуалды категорияларды
байланыстырады. Морфологиялық репрезентация
мәселесін айқындауда грамматикалық категориялаудың
орны ерекше.
Морфологиялық
репрезентация дегеніміз – морфологиялық категориялар
мен тұлғалар арқылы концептуалды мазмұнның
құрылымдалуының категориалды тәсілі
болып табылады. Мұнда морфологиялық көрсеткіштер
арқылы мағынаның негізгі, басты бөліктері
кодталады. Морфологиялық репрезентация
концептуалды мазмұнның дерексізденуі,
жалпылануы, саралануына негізделіп, морфологиялық
категориялар мен тұлғалар арқылы көрініс
табады. Дерексіздену барысында негізгі
концепт (уақыт, сан, қатынас т.с.с.) мазмұны,
жекелеген мәндер жалпылық сипат алып,
өзара байланысқа түседі, маңызды белгілері
айқындалады. Жалпылану нәтижесінде тіл
үшін маңызды болатын сипаттар кодталып,
шақ, көптік, септік т.с.с. морфологиялық
жолдармен берілетін концептілердің қалыптасуына
негіз болады.