Автор работы: Пользователь скрыл имя, 15 Января 2015 в 09:56, реферат
Ұлы перзент, ұлы дүние, жалпы ұлылық туралы, әсіресе ұлағатты, артына өшпес дүние қалдырған дүлдүл ақын жайлы сөз қозғау алдында Қадыр Мырза-Әлидің «әдебиетті салынып жатқан ғаламат бір ғимарат, көк тіреген күмбез, сұлулық сарайы деп есептесек, сен соның талантты тас қалаушыларының бірі едің» деп Мұқағалиға баға бере сөйлеген сөзімен нақтылап қазық орнатып алғанымыз жөн болар. Тәуелсіздіктің көк байрағы төрімізде желбіреп көктегі күнге қол бұлғап жайқала түскен уақыттан көп ұзамай Мұқағали Мақатаев мұрасына жаңаша көзқарас қалыптасты.
Кіріспе.................................................................................................................
3
1 М. Мақатаев поэмаларының идеялық-көркемдік сипаты.........................
6
2 М. Мақатаев поэмаларындағы лирикалық кейіпкер және тарихи тұлға ...
33
Қорытынды .......................................................................................................
61
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі....................................................................
64
Абайдан кейін ақын болу, қазақ ақындары үшін асу бермес белес екені бәрімізге мәлім. Дегенмен де Мұқағали Абайдың айына да, айшығына да тиіспеді. Алайда, Абайдың көркемдік принципін терең күрсініп арман етті.
Айтарын ашық айтқан абайламай,
Дариға-ай
Махамбеттер, Абайлар-ай!!!
Бұл ұлыға тағзым ғана емес, шарапатына шарпылу. Ақиқатшыл жүрегін ақтап, олардан қорған іздеу. Сондықтан да болар, «ашық айтуда» Мұқағали әлгі пірлерінен кем қалған жоқ. Абайға тағзым еткен Мұқағали қара өлеңнің қара жолынан өз ризығын күтті. Мұқағали шығармашылығының (поэзиясының) халықтық сипаты мол, сиқыр, синкретті болу себеі сол. Мұқағалиды қара өлеңнің майталманы еткен негізгі фактордың бірі – импровизация – тапқырлық дер едік. Алайда, ол ағыл-тегіл төкпе Иса ақынның ізімен шешендік қуып, немесе «Айтыс» өнерінің дүлділі емес, өзіне тән образдық «көш-керуені» бар жазба стиль қалдырды. Өлең-жырмен ауызданған «бөбек»:
Қазақтың қара өлеңі құдіретім,
Онда бір сұмдық сыр бар естімеген, –
деп сырлы көшке ереді. Бұл – Абай ауылын аңсау деген сөз.
Мұқағали поэзиясының арқауы – ән. Ол Абай арманы еді. «Туғанда дүние есігін ашады өлең» (Абай) философиясының тарқатылған бір тармағындай.
Осы бір боздау үнді естігенде,
Ән болып көкейіме есті жел де.
Ойыма ойран салып осы бір үн,
Бауырымды ұстарамен кескілеуде.
Апырай қайдан шықты, қайдан келді?! –
деп аласұратын ақынды айнымай тапқан қазақ өнері – ән құдіреті. Ақын о дүниеге аттағанда да сол ән құлағында кетті. Оған тағы да ақынның өз сөзі куә:
О, құдірет, әлде бір алдау ма еді?!
Тұлпардың құлынындай бұла дауыс,
Тұтқындап жан-жағымнан алды-ау мені.
«Өлеңмен жер қойнына кірер денең» деген Абай данышпандығы тағы алдыңнан шығады. Мұқағали бойын буған бұл өнерді үкілеп, баптап мұра етті. Абай реализмі Мұқағалиға жат емес.
О, Муза!
Тағдырыма иембісің?
Күрсініп, көкірегім, күйеді ішім.
Мен сені жаңартам деп келгенім жоқ,
Сен мені жаралғансың сүйеу үшін, –
деген жолдар ақын болмысын – кредосын айқара аша отырып, өлеңге Абай дарытқан психологизм мен реализмге суарылған жолдар екені айдан анық. Абайда дәл солай – романтикалық сюжет – реалистік стиль. Мұқағали жырлары пафосты келеді. Тілдік ерекшелікке талдай келгенде, халықтың ауызекі сөйлеу тіліне бас игізеді. Бұл жағынан Мұқағали –халықтың тілдік бағын ашқан бірегей ақын. Поэзияны мейлінше халық тіліне жақындатты. Бойындағы тым табиғи бұла сезім халық тілінің тұп-тұнық бұлағы боп сылдырайды. Кейде «Құдірет» қайсы екенін түсінбей қаласың. Мұқағали – аналитик. Ол ағынан ақтарылудан арыла алмады, қашса да құтылмады. Пушкиннің «Поэзия ақымақтау болу керек» деген сөзінің терең мағынасын Мұқағали түйсікпен түсінгендей. Сезіммен жауап қайырғандай. Мұқағали мінезіндегі батырлық өлеңдерде «қара жерде қасқыр соққызды». Шын мәнінде Мұқағали төтеден шауып, төске озды. Абай арқылы жазба мәдениет үрдіс көтерілгенде, кенет «халық тілі» – Мұқағали өлеңмен өрілген түпнұсқа күйінде төбеден түсе қалғандай еді. Поэзия тәңірісі Мұқалидың:
Ақынмын деп қалай мен айта аламын,
Халқымның өз айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін
Шекпен жауып өзіне қайтарамын –
деуі содан. Оның поэзиясына батырлық беретін де осы ақиқатшылдығы ғой. Өз талант тамырын да тап басады. Осы жерден оның поэзиясының қарапайымдылығы, адалдығы бастау алады. Ақындықтан адамдыққа ұмтылады. Өліп-өшіп ақырында адамдық бақытты көксейді. Оның сол періште болмысы өлең тарихында пәк, сәби күйінде ұзақ сақталады. Дәстүрлі орыс поэзиясына дала гүлінің жұпарын аңқытып Есениннің енуі құбылыс еді. Мұқағали да – қазақ өлеңіндегі сондай құбылыс. Өтпелі кезеңдегі екі ақынның тарихи ситуациясы да өте ұқсас. Ұқсаудың да кейде себеп-салдары болады.
Таныс өлке,
Таныс аймақ,
Таныс шақ;
Анау жерде құрбылармен алысқам,
Анау жерде құрбыжанмен танысқам.
Алба-жұлба ақша бұлттар жарысқан,
Жолдар анау шұбатылып шаңы ұшқан,
Таныс өлке, таныс аймақ, таныс маң.
Бұл мүдіріссіз оқылатын жолдар жеңіл ұйқасқа құрылғанмен, «жөнделмеген» ауызекі тіл немесе ауыз әдебиеті емес, жазба дәстүр, тіпті өзінше бейнеленген сурет бар. Қарапайым болғанмен, құнарлы поэзия. Мұқағалидың жанымен, болмысымен үйлесетін қоңыр әуезді әндей бір ұлттық тіл үйлесімі табылған. Мұндай халықтық қасиет сіңген әдебиет жасау оңайшылық емес. Ал оны жасау – қажеттілік. Әлгі жолдардан жаның жаңарып, қажетті колориямен дем алғандай тынығады. Ұлттық өнер миссиясының бастау алар бұлағының бірден-бірі осы.
Мұқағалидың Қасыммен тамырластығы. Беймаза қоғам үшін бұлардың «алтын ғасырдың» асыл мирастарындай жырқырап шыға келуі – біздің бақытымыз. Олардың дәуірі, кемерінен асып жататын ежелгі қазақ жырының өзгеше бір кезеңі іспетті. Абайды, одан кейін Қасымды таныған Мұқағали қазақ өлеңінің жарқыраған жұлдызы еді. Қасымның поэзиясы өзінің мұрагері Мұқағалиды тапқаны үшін Қасым да, халық та қуанышқа кенелгені бар. Екеуінің арасы жиырма жыл. Бірақ, бұл өнер үшін қас-қағым сәт. Ізін суытпай ілескен Мұқағалиды аға алмасы жасымастай суарып, айбынды поэзия жолында үлкен дәнекер болды. Туған елге, жерге деген махаббаттары, тағдырларының ұқсастығы, көп күйзелткен қоғамымен арадағы «оқиғалар», ақын болмысты тұлғаларды қатар қоюға сүйрейді. Қалай айтсақ та, Мұқағали Қасымның бел баласындай еді. Екеуі де өйткені, «Етек басты көп көрдім елден бірақ» деген Абай шапанының шалғайынан шықты ғой. Асқақтап бар тірліктің үстінен қарап, оған әділ баға беруі – қазақ өлеңінің бақыты. Ұлы музаға иек артқан, адуынды ақындар, қазақ өлеңінің рузын сақтап қалды. Мұқағали Қасымның әр көзқарасына шаттана шалқып, жас балаша мәз болды. «Исатайдай ағам бар, ақ кіреуке жағам бар» деп ұлы махаббат жүрегімен сүюі – қапысыз.
Дейсіңдер-ай: «Қасымның несі басым?!»
Қасым солай болмаса, несі Қасым?
Ақынмын деп қопаңдап жүргендердің
Әммесінен Қасымның десі басым.
Қуат алып жырына боз даладан,
Ол жанған. Күні жақты маздамаған!
Өлісінде өнеге болғаны анық,
Тірісінде біреуге «жазған Адам...»
Жалын жұтып, жанын жеп жазған құрлы,
Өлеңнің өлмеуін арман қылды.
Тасқа басып қалдырды тәкаппар жан,
Қан мен жас аралас тарлан жырды! –
дей отырып, жерін кеңге салын шалқайды. Шындықты, адалдықты, өткірлікті ата ту қылып, Қасым жүрген сара жолдағы кедергілерді де Мұқағали сезінді, жырлады, қарсы жалын шашты, өз тұғырын сақтап бақты. Тағдыры ұқсас, балғын әрі ұшқыр сезім иелерін бір-біріне матастырған – Далаға деген ұлы махаббат пен оған деген шексіз сағыныш болатын.
Жата алмас ем топырағыңде тебіренбей,
Ақын болмай, тасың болсам мен егер.
Мұнда өзінің тірі екенін, туған жерге деген патриоттық сезіммен әріден толғайды. Бұл жауға қарсы қылыш сермететін де осы сезім. Қасым сөзінің асыодығы да сонда. Сөз – шын алмас. Бірақ оны ол батырша жұмсамайды – заманы бөлек. Ол Абайдан туды. Ендігі жауға қылыш қол емес. Мұқағали ағасы Қасымның ірірек тартқан дәнін майдалай түсуінің түб себебі де сонда.
Жетпейтіні жүректің әні болар,
Бақыт, бақтың тарыдай дәне болар, –
дейді Мұқағали. Бұл – екі ақынның ақындық кредосы. Өзін-өзі таныған шындық. Табиғи талант ерекшеліктері. Рухтас, ұқсас ақындар бір-біріне тәуелсіз шығармашылық жол айрық осы жерден аттанады. Әр ақын өз поэзиясының бұлбұлы. Бірін-бірі қайталамайды, әрқайсысының түп-төркінінде бөлек сарайы бар.
Біз Мұқағали Абайға тағзым ете тұрып, айына да, айшығына да тиіспегені жайлы айтқанбыз. Алайда, «жаны сері» Қасым Абай поэзиясының дәстүрін жалғағаны рас. Ол өзін соған бағыштады, қанша қатер болса да, Қасым қайыспады, дегенін істеді. Сол қиын жерден қисындап, жазба мәдениеттегі «Қасым сарайын» соқты. Мұқағали өйтпеді. Абайды таныды, ұлылығына бас теді, бірақ тағдырын тоғыстырмады. Ал Қасым – Абай меңгерген жазба жаңа дәстүрдің берік мұрагері.
«Қасым деген қалғыған жанар тау ғой» деген Мұқағали сөзінде жалған пафос жоқ. Ол рас, шын мәнінде Қасым да – ағыл-тегіл төкпе ақын. Оның «Абдолласы» бұл сөзімізге дәлел. Қасым сезімнің асылын іріктеп, көркемдік көгеніне тізуге машықтанды. Қара өлеңнің құт қонған қара шаңырағы Абай десек, оның тарам-тарам дәстүрлері бір-бір ақ отау болып, қазақ поэзиясының іргесі беки түскені анық. Қасым мен Мұқағали – осы «ауылдың» екі шамшырағы. «Қазақ жырының ...» деуіміз содан. Бұған бір дәлел. Қасым өлең өрнегін Абай концепциясына салады.
Барым да, бақыт та осы өлеңім,
Жақыным, жүрегімнің досы өлеңім.
немесе
Туған жер қызығыңа тоя алмаспын
Ән мен жыр, өлең сені қоя алмаспын –
деп Абай реализмін толғайды, тәсілінде де «психологиялық параллелизм» пайдаланыды.
Мұқағали да
О, Муза
Тағдырыма иембісің?
Күрсініп, көкірегім, күйеді ішім.
Мен сені жаңартам деп келгенім жоқ,
Сен мені жаралғансың сүйеу үшін
деген өлең жолдарында Абай реализмі, Абай дарытқан психологизм, романтикалық сюжет – реалистік стиль айқын, анық көрініп тұрғанына тоқталған едік.
Мұқағалидың «Таныс өлке, Таныс аймақ, Таныс маң» деп басталатын өлеңі жайлы тоқталғанбыз. Онда ұйқас, ырғақ, оның әуезділіг басым. Өлең-жырға таптырмайтын өзек – көңіл күй әуені, халықтық сипат алған профессионализм, құпиялы кілт, жеңілдік бар екенін айтқанбыз.
Ал, Қасым айтпақ ойын образға сыйғызады. Онда метафорашылдық:
Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Қағып-соғып жығар ма,
Оңайлықпен мені өлім.
Бұл төрт жолға ақынның уақыты, кеңістік субъект түгел сыйып кеткен. Тарих көркем шындыққа айналған. Ол батырлар жырындағы (бас кейіпкер ұқсап) ауыздан-ауызға көшпей, тасқа басылған. 7-8 буынды жыр үлгісі. Сөйтіп Абай арқылы өзгеше көркем пішім тауып әлгіндей мүмкіндікке өріс ашқан. Өмір, қолтаңба, сезім – бәрі Қасымдікі, алайда дәстүр Абайда екенін үнемі есте ұстау парыз.
Өлең өрнегінде мін жоқ. Әсерден әдебиетшілдіктен әлдеқайда арылған шақтағы тұспалды бейнеліліктің нәзік арқауын зерделей білген жазба өнердің тіс қаққан ақынның есейген жыры бұл. Қасым енді таңданбайды, таңбалайды. Ол түбіне жеткізе ойлайды. Сондықтан «Қағып-соғып жығар ма, оңайлықпен мені өлім» деген жолдар жеңіл оқылғанмен, астарында қорғасындай салмақ жатыр. Өйткені ол үлкен шындықпен үйлеседі. Өлең қарапайымдылығын, жеңілдігін қамтамасыз ету үшін алдыңғы екі жол үнемі қайталанып отырады. Екінші орамда «Ұмытса да достарым, Ұмытар ма мені елім» мағынасы алдыңғы ойды бекіте түседі. Философиялық салмақ қосады. «Дос» пен «елдің» екі ұғым екенін айтады. Концептуалдық мәселеге шығады. Оның арғы жағы том-том кітап, зерттеу, әр түрлі көзқарастар қайшылығы... Ал Қасымның оған нақты көзқарасы – сенімі бар. Елі ұмытпайды. Ол шындық. Елі – Ерін, Ері – Елін сүйеді. Бұл – аксиома. Реализм осындай нақтылықтан өрбиді. Қасым – қазақ поэзиясының методологиясына үлес қосқан іргелі ақын. Қасым шығармашылығына классикалық әндер тән. Барлығы да сөз, өлең, жанр табиғатына сәйкес келетін әндер. Бұл жағынан да Қасым Абай сапында тұр, профессионалды музыка азығына айналмақ.
Қасым образдық өлеңнің тереңіне бойлай түсті. «Қызғалдақ», «Дариға сол қыз», «Өзім туралы» – соның жемісі. Бұл өлеңдер арқылы ол өз ортасынан бөілініп, кеңістікпен тілдесуге мүмкіндік алды.
Өртенген үй жұртында,
Қып-қызыл боп желбіреп,
Қалай өстің сен мұнда?
Нендей сыр бар, нендей кеп?
Қазақ поэзиясына ежелден «риторикалық сұрау» – ерекше көркемдік тән тәсіл. Қасым оны мүлде өз стиліне сәйкестендіріп жібереді. Жалғаны жоқ, күнделік өмірінен кездескен осы көріністен философиялық ой түйеді. Қасымның ғана қолы жеткен бұл көркем «пішімнің» айтары көп. Теңіздің дәмін тамшыдан білгізеді. Үш-ақ шумақтан тұратын «Қызғалдақ» өлеңі Қасымның тұтас қазақ әдебиетінің жетістігі мен жеңісі болды. Шағын өлең, жалын боп жанған. Сол қызғалдақтай гүл атқан Қасым өмірінің де бар болмысын ашып бергендей. Бұл – көркем түрдегі Абай бармаған «жаңалық». Қасым ғана кешке оқ дәрі мен өрттің иісі сіңген ол гүлге. Тұтас сол кезеңге – алапат қырғынға қойылған ескерткіш іспетті. Қасым бұл өлеңде символды аса нәзік пайдаланды. Сондықтан оның сыры мен сипаты әлі сол күйінде сақталған. «Күніне мың ойланып, жүз толғанған» өлеңнің өлмеуін арман еткен ақын бақыты осы шығар, бәлкім.
Қасым, Абай даналығынан бөлінген сол нәзік лиризмі Мұқағалида тіпті жетіле түсті. Бірақ Қасым тәсілін қайталамады. Керісінше, ол аналитикалық жолмен өз болмысын ашады. Мұқағалидың ақындық лабораториясы осы жағынан күрделі. Ақындық тәуелсіздікті ол да қатты қадірледі. Кеңістік пен ақын тұлға ғана қалатын сәттер аз емес. Сәби көңіл, батыр тұлға шарпылысы өлеңге бір жақтылық бояуын жаққызбады. Өмірдің өзіндей күрделі жұмбақ қалпында көрсетуге бастайды. Мұқаңның бойындағы суырып салмалық қасиет кейде үстем отырады. Бірақ, жазба ақын одан ұтылып көрген емес.
Шаң шығарып ізінен құйындаған,
Барасың ба өмірім қиындаған!
Сыйын маған,
Ей, өмірім, сыйын маған.
Сыйыңды алам мен сенен бұйырмаған.
Міне, бұл – белгілі ақындық позиция – жүйеге сыймайтын өлең. Мұнда тапқырлық, шешендік өнер ақынның мысын басып тұрғандай. Бірақ, ол авторсыз – стильсіз еием. Екі дәстүрдің ұштасқан жері Мұқағалидай «алыпты» туғызған. Әрине, авторлық пйқын позиция бар. Өмірді нық басатын сеніміне, күшіне күдік келмейді. Оның бәрінен тәуелсіз өлең эстетикасы деген жайт – басқа мәселе. Мұқағали өлеңінің канонсыз көп қүрақтай балауса қасиетінің өз қалпында сақталу сыры да сонда. Атойлаған Мұқағали стилі де еш қайталанбайды. Стиль – адам. Стиль бар жерде ақын өлмек емес.
Мұқағалида поэзия атын көсейтін «көсеу» мықты. Ол килікке әрбір сөз өлең болып маздай жөнеледі. Ондай қол жетпейтін қасиетті қадірлей білу керек. Мұқағали осыны тереңінен ұққан. Ол өлеңін үкілеп, құлагердей баптады. Бірақ, өзі айтқандай, «Муза мен сені жөндеуге келгенім жоқ» деп, оған қызмет етті. Осының өзінде ақынның ғажайып болмысы тұр. «Табиғат өлмейді» деген Абай данышпандығы рас. Демек, табиғат сыйлаған Мұқағали қасиеті де өлмек емес. Ол аруаққа, рухқа айналып ұшып жүр. Мәңгі ескерткішті Мұқағали қазақ поэзиясына осылай орнатты. Еңселі Мұқағали сөйтіп, қазақ жырының сүбелі, ұрымтал жеріне алып күшпен, асқан батылдықпен килікті. Оның еншісінің мол болу қисыны бар. «Где стиль – там жанр» дейді Бахтин.
Информация о работе М. Мақатаев поэмаларындағы лирикалық кейіпкер және тарихи тұлға