Автор работы: Пользователь скрыл имя, 07 Ноября 2012 в 20:14, дипломная работа
Тақырыптың өзектілігі. Қазақ әдебиетінің тарихында ең бір шоқтығы биік, белесі мол кезең - кеңес дәуірі әдебиеті. Осы кеңес дәуірі әдебиетін дәуірлеу мен сол дәуір әдебиетінің айтулы тұлғаларының шығармалары туралы ғалымдардың еңбектері аз емес. Кеңес дәуіріндегі әдебиет тарихы қайта жазылып жатқан қазіргі заманда осы уақытқа дейін өз мәнін жоймаған еңбектерді саралап, ой елегінен өткізудің үлкен маңызы бар.
КІРІСПЕ ..............3
1 ҚАЗАҚ КЕҢЕС ӘДЕБИЕТІНІҢ ҚАЛЫПТАСЫП ДАМУЫ.......................
1.1 Қазақ кеңес әдебиетінің зерттелуі ...............................................................
1.2 Б.Кенжебаев – кеңес дәуір әдебиетін алғашқы зерттеуші
2 КЕҢЕС ДӘУІР ӘДЕБИЕТІН ДӘУІРЛЕУ ЖӘНЕ ЖАҢАША ПАЙЫМДАУ..............................................................................................................
2.1 1930 жылдардағы қазақ әдебиеті
2.2 Сұрапыл соғыс әсерінен туған әдебиет немесе жауынгерлік тақырыбы
2.3 Жаңғыру кезіндегі әдебиет
2.4 Кеңестік қазақ әдебиетінің соңғы дәуірі
ҚОРЫТЫНДЫ...........................................................................................................63
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ.........................................................65
Бұл дәуірдегі әдеби қозғалыстың басты ерекшеліктерінің бірі жазушылардың шығармашылық белсенділігінің артуы деуге болады. Бұл осы дәуірде туған прозалық шығармаларда айрықша танылды. Өмірді күнгей жағынан ғана алып, боямалап көрсету фактылары сынға ұшырағаннан кейін қазақ жазушылары бүгінгі заман шындығындағы қайшылықты құбылыстарды көріп зерттеуге, көркем бейнелеуге ұмтылды. Ел тарихындағы маңызды тарихи оқиғаларды суреттеуге ойысты.
Көркем шығармаларда заман жаңалықтарын кең қамтып жаңа адамның қайшылықты, күделу өсу жолын танытуда М.Әуезовтың “Өскен өткен”, Т.Ахтановтың “Боран” романдары тын жол бастады. Күресте шыныққан, бойында рухани қуаты мол, моральдық сапасы биік адамнан жаңа бейнелері жасалды. Тахауи адамның рухани күші тағдырдың қандай қыспағына түссе де оны ілгері жетелейтін, енсесін түсірмейтін биік сапа екенін аша білді. Осы саладағы жаңаша ізденістерді Т.Әлімқұловтың “Ақбоз ат”, С.Жүнісовтың “Жапандағы жалғыз үй”, З.Шашкиннің “Темиртау”, “Сеңім”романдарынан тану қиын емес . Сәкен романын бүгінгі заман түсінігі түсынан қайта оқу қажет . Онда шаруаны жерден айырған, ескі дәстүрлердің шектеле бастауының трагедиясы ашылған . Бұл идеяны жазушы характерлер тағдыры арқылы әдемі байқатады .
Бұл саладағы жаңаша ізденістің бір үлгісін Мұхтар Әуезов көрсетті. Ол «Өскен өркен» (1962) романы арқылы бүгінгі күн тақырыбын игеруде өзгеше ізденіс танытты. Әдебиетте өз замандастарының бейнесін эпикалық түрде бейнелеуді ойлаған жазушы өмірінің соңғы кезінде республиканы көп аралап, еңбек адамдарымен танысып, өмір сырына ой жібере қарады. «Өскен өркенде» ол Қазақстандағы бүгінгі мал шаруашылығының жайы және онда еңбек етіп жүрген адамдар тағдырын суреттеуді мақсат ете отырып, сонымен байланысты моральдық-этикалық, ұлттық дәстүрлер мен олардың жаңаруы, салт-санадағы ескі ұғымдар мен өзгерістер, жаңа адамды тәрбиелеу мәселелері тәрізді көптеген проблемаларды қозғады. Осы негізде Қазақстанды мекендейтін халықтардың бүгінгі қарым-қатынастарына үңілді. Өмір шындығын әрқашан қат-қабатымен көтеріп үйренген жазушы бүгінгі тіршіліктің де күнгей жағын ғана қаузамай, дамуға бөгет болып отырған қиындықтар мен қайшылықтарды шыншылдықпен ашады. Романның бүкіл сюжеттік-композициялық идеялық-көркемдік негізінен туатын қорытынды — мал шаруашылығын өркендетудің сенімді шараларын ойласудың қажеттігі (өмір бойы мал басының өсуіне бөгет болған жұт әлі бар, малшылардың көшпелі күйінде өзгеріс аз) мен санадағы ескілікпен аяусыз күресу (Айсұлу — Сағит оқиғалары) керектігі. Мұны жазушы кейіпкерлердің белсенді әрекеті мен іскерлігін күтіп отырған проблема етіп көтереді.
М.Әуезов «Өскен өркен» арқылы қазақ әдебиетіндегі ұнамды кейіпкерлер туралы ұғымды кеңейте түсті. «Біздің замандасымыз — барша қауымның бақытын тілейтін, жалпақ дүниенің жан лебін жүрегімен ұғатын адам. Оны тебірентпейтін нәрсе жоқ— ел өмірі, достар мен қастар жайы ойын бөледі, саясат та, ғылым да, өнер де, еңбектегі жеңіс пен жетімсіздік те, отаршылдыққа қарсы күрес те — бәрі-бәрі де оны толғандырады. Жеңісіміздің әр сәті — кеңес еңбеккерінің жан-жүрегінің жарқ еткен сәулесі, жалт еткен ұшқыны іспетті. Ол өзі осындай адам», — деп жазды ол «Қазіргі роман және оның қаһарманы» атты мақаласында.
«Өскен өркенде» Мұхтар осындай қаһарманның жаңа үлгісін жасауға ұмтылды. Оның кейіпкерлері — бүгінгі заманның қажырлы, жан-жақты білімді, адамгершілік мінездерді бойына жинақтаған тұлғалары. Олардың іс-әрекетінің өлшеуіші — қызмет емес, қоғам алдындағы жауапкершілік пен адамдық игі қасиеттері. Нил Карпов, Алмасбек Жайлыбеков, Әсия, Әлім, Ақан, Медет, Сағадат тағы басқалардың бәрін де жазушы осындай жаңа қасиеттер тұрғысынан іріктеген. Мақсат, тілек бір болғанмен, олар характер есебінде дара-дара.
Мал шаруашылығын өркендету шараларын проблемалық тұрғыда көтере отырып, ондағы адам тағдырының әрқилы өзгешеліктеріне көңіл бөлу Т.Әлімқұловтың «Ақбоз ат» (1962) романында да байқалады. Мұнда қазақтың қанына сіңген жылқы құмарлық, жүйрік ат баптау, бәйгеге қосу, сонымен бірге сауықшылдықты қызық көрген елдің дәстүрлі кәсібі мен өнері кең бейнелі сурет табады. Біркімбай бейнесінен осындай қазақтың табиғатын, еңбекқорлық, адамдық ар-намыс, борыш атаулыны бағалайтын тұлғаны танысақ, өмірі еңбекпен еткен Гүлнаштың да тұтас характерін көреміз. Оның бейнесін жасауда жазушы отызыншы жылдардың ауыр кезеңі оқиғаларына сүйенген. Бұл жылдардағы кеңестік жалған белсенділік «Алтын тіс» бойында жинақталған. Ұсақ мінезді, пасық Қараштың типінде де іштарлық, көре алмаушылық мінездердің айқын көрінісі бар.
Бұл жылдардағы ауыл еңбеккерлері жайлы романдарды Қазақстанда тың көтерумен байланысты туған жаңа туындылар толықтырды. Бұлардың ішінде С.Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үй», З.Шашкиннің «Сенім» романдары көрнекті орын алады.
«Жапандағы жалғыз үй» — тың игеру тақырыбына арналды дегенмен, шаруашылық мәселелерін емес, адам тағдырын, оның өсу, өзгеру психологиясын тартымды суреттеген шығарма. Онда елдегі әлеуметтік өзгерістер бір отбасының тағдырына байланысты көрсетіледі. Жазушы онда заманның, уақыттың адамға, оның тағдырына қайшылықты әсер етіп жатқанын ашады. Тың көтеру ісі де қайшылықты. Жапандағы жалғыз үйдің құлауы, бір жағынан, жаңарып жатқан тіршіліктің ықпалы болса, екінші жағынан, шаруаның жеке меншікшіл сезімінің күйреуін аңғартады. Коллективизация кезінде де солай болған. Шаруаны жерден айырған. Ескі дәстүр, ұлттық ұғымдар шектеле бастады. Сәкен мұны ашып айтпағанмен, характерлер, адам психологиясы арқылы танытады. Адам өмірі, олар көрген жаксылық пен зорлық та сабақтас, Күргерей әңгімесінен мұны анық түсінеміз. Жер ана жаңа адамдардың қолына тиді. Тағдыры не болады? Олар қайда апарады? Ұлт тағдыры не күйге түседі? Роман осы тәрізді көптеген сұрақтар қояды.
Осы жылдары роман жанрында Зейін Шашкин (1912— 1966) елеулі қызмет етті. Әдебиеттік қызметін өлең жазудан бастап, кейін сын-зерттеу саласында еңбек еткен Зейін 1937 жылы жазықсыз жер аударылып, елуінші жылдардың орта кезіне дейін шығармашылық үзіліске тап болды. Осыдан соң әдебиет өміріне қайта оралған ол ерекше бір белсенділікпен жұмыс істеп, эпикалық прозада көптеген шығармалар тудырды. Олардың ішінде «Ұядан ұшқанда» (1957), «Тоқаш Бокин» (1958), «Темірқазық» (1959), «Теміртау» (1960), «Доктор Дарханов» (1962), «Өмір тынысы» (1964), «Сенім» (1966) сияқты романдар мен повестер бар. Бұларда автор қазақ жеріндегі әлеуметтік өзгерістер мен халық өмірінің маңызды оқиғаларын көтерді. «Тоқаш Бокин» романында Жетісу жеріндегі жаңа өмір жолындағы күресті суреттесе, «Доктор Дархановта» жеке адамға табынушылық кезінің заңсыздықтарын доктор Дархановтың тағдыры арқылы ашты. «Сенім» романын тың игерушілер өміріне арнады. Онда туған жердегі жаңарту, елдің бақытына қызмет ету борышын ұғынған жаңа адамдардың бейнесін жасады.
«Теміртау» романы Зейіннің ғана емес, сол тұстағы қазақ әдебиетінің бағалы табыстарының қатарына кіреді. Жазушы онда жеке адамға табынушылықты сынағаннан кейінгі заман рухын, осы кездегі өндірістегі жұмысшы адамдардың ұжымдық өмірін, олардың қарым-қатынасын жаңаша танып бейнелейді. Шығармадағы тартыс екі жүйеде — өндірістегі әрқилы көзқарас пен махаббаттағы талас ретінде дамиды. Құрыш құюдың жаңа тәсілін ұсынған жас инженер Дәмешке бас инженер Мүсілім қарсы шықса, махаббат мәселесінде Дәмешті қатар сүйген зауыт директоры Қайыр мен катардағы жұмысшы Ораз қақтығысқа түседі.
Роман кейбір кейіпкерлер бойында жеке адамға табыну кезінде туған мінез-құлықтар мен адамгершілігі жоғары, күресте табанды, адал адамдар арасындағы күресті жап-жақсы көрсетеді. Әкесі жаламен ұсталған Дәмеш оның жолдасы, адал азамат Құрышбайдың қолында, оның баласы Оразбен бірге өседі. Осы жүйелі тартыста жазушы өз кейіпкерлерінің жаңа сапалы адамгершілік үшін гуманистік күресін дәл бейнелейді. Жаңа дәуірдің қайраткерлері сыпатын ол Дәмеш, Қайыр, Ораз бейнелеріне жинақтаған. Жазықсыз жалаға ұшыраған Асқар да табандылығын жоғалтпайды. Құрышбай болса, күреспен өскен дәуірдің қаһарманы, ар алдындағы тазалығы мен өз ұғым-түсінігіне беріктігін сақтайды. «Теміртау» — қазақ даласындағы тың өндіріс Қазақстан металлургия зауыты өмірін жылдамдықпен барлап, ондағы еңбек адамдарының қарым-қатынасын батыл суреттеген елеулі шығарма.
Бұл дәуірдің бірталай тәуір туындылары қазақ халқы бастан кешкен тарихи кезендердің шындығын тануға арналды. Ғ.Мұстафиннің “Дауылдан кейін”, Х.Есенжановтың “Ақ Жайық”, А.Нүрпейісовтың “Қан мен тер” романдары халықтың азаттығы жолындағы күрестің шындығын аша білуім бағаланады. Азаттық, тәуелсіздік халықтың өмір бойғы арманы. Бұларда сол жолдағы ұмтылыс бар. Мәселе қай өкіметін жеңіп, қандай жолмен кеткенінде емес, халық арманы мен ісінін өмір соқпақтарынан жаңа жол іздеуін танып суреттеуінде. Сондықтан бұл шығармаларды, оның кейіпкерлерін түсіне, жаңаша көзбен танып оқу орынды. Бұрын жазылған шығармаларды танып түсінудің мұндай өлшемін тарихи қайраткерлер туралы романдар (“Сұлтанмахмут”, “Қайран, шешем”) мен соғыс тақырыбыны жазылған шығармаларды (“Күткен күн”, “Қаһарлы күндер”) оқу үстінде де қолдануға болады. Үлкен прозаның табыстарын толықтыруда С.Шәймерденовтың, Б.Соқпақбаевтың, Н.Ғабдуллиннің, А.Кекілбаевтың, Ә.Таразидің, Ш.Мұртазаның, Қ.Ысқақовтың т.б. шығармаларының елеулі орыны бар.
Осы тақырыпқа жазған «Қан мен тер» романында Ә.Нұрпейісов заман шындығын эпикалық кеңдікпен алып, тарихи оқиғалар сырына терең толғаныс жасайды. Роман Арал балықшыларының бұрынғы өмірі мен теңдік жолындағы күресін суреттеуге арналады. Қазақ ауылынан күнкөріс қамымен сырғып, теңіз бойын сағалаған балықшы шаруалар өмірі ауыр да ащы шындығымен көрінеді. Оларды екі жақты қыспаққа алған теңіз байлығының иесі Федоров пен қазақ ауылының билеушілері Құдайменде, Тәңірбергендер тіршілігі роман оқиғаларының негізгі тартысын құрайды. Осы қыспақ өмірден құтылуға жол іздеп тырбанып, кейде ел билеушілермен қақтығысқа келіп қалып, романның басты қаһармандары біртіндеп күрес жолына шығады. Бұл тұрғыда Еламан бейнесі қызғылықты жасалған. Федоровты өлтіріп, жер ауған Еламан үлкен өмір мектебінен өтіп оралады, азаттық жолындағы күреске батыл араласады. Балықшы ауылдың жүдеу тіршілігі, ондағы адамдар тағдыры романда боямасыз, шын суретке түскен. Оның характерлері бір-біріне ұқсамайтын даралығымен бағалы. Өмір соққысына қажымай, бар күшін өз басын кемітпеуге жұмсап келе жатқан ер жүрек, намысты Қален, ауылдың бас көтерер балықшылары Дос пен Мөңке, жастық сезімге малтыққан өр мінез Ақбала, қазақ қоғамының бар берекесіздігі мен жалқаулығын бойына жинаған Судыр Ахмет, тоң мінез, қатыгез бай Федоров пен Құдайменде, жымысқы іш мерез, заман аңысын аңдыған қу Тәңірберген — барлығы да қазақ даласында болған, оның әр алуан тіршілігі тудырған реалистік бейнелер. Автор соңғы кітабында қазақ ауылының революция құшағына кіруін бүкілресейлік оқиғалар легінде бейнелейді.
Бұл дәуірде тарихи адамдар өмірінен алынып жазылған шығармалар ішінде Д.Әбіловтің «Ақын арманы», «Арман жолында» (кейін «Сұлтанмахмұт» деген атпен трилогия болып басылған) атты романдарының көркемдік табыстары аз емес. Бұл романдарын автор XX ғасыр басындағы қазақ халқының ағартушы-демократ ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірі мен еңбегіне арнады. Романның сюжеттік желісі Сұлтанмахмұттың жас кезі-нен бастап, басынан өткен тарихи кезеңнің негізгі суреттеріне құрылады. Онда сол тұстағы қазақ қоғамының даму қиыншылықтары мен қайшылықтары, ел өмірінің шындығы, әлеуметтік революциялар әсерімен ақынның демократтық көзқарасының қалыптасуы нанымды бейнеленген. Сондай ортада басты қаһарманның жанды бейнесі ашылады. Қашанда шыншыл, әділет үшін күресуші, өктемдікке жаны қас, ел тағдырын жеке адам мүддесінен жоғары қоя білген Сұлтанмахмұт бейнесі — романның айрықша атап айтар табысы.
Сұлтанмахмұт өміріне қатысты оқиғаларды іріктеп ала білуде де, оның заманының қайшылықты сырларын ашуда да, ақын шығармашылығына арқау болған әлеуметтік шындықты көркем бейнелеуде де Диқан шеберлігі ерекше танылады. Романда Сұлтанмахмұт шығармаларының туу жағдайлары, оның ой-сезімінің күрделі сыры сайрап жатыр. Ақынның ізденімпаздығын, сол жолда алған бетінен қайтпайтын қайсарлығын, өлеңдерінде «Оқып адам болу», «Жарық күнде сәуле қуу» идеясының тууын жазушы ақын өмірінің нақты деректеріне сүйене, оның шығармаларындағы ойларды көркем бейнелеу арқылы ашып берген. Сұлтанмахмұт өмір сүрген ортаның сырын, әділетсіздікке негізделген қоғамның ішкі мазмұнын автор Жарқынбай, Әбунүсіп, Майсор, Ақкірпік сияқты бейнелер арқылы көрсетеді. Олар қоғам дамуының әр кезеңінде туып, бірінің әрекетін бірі жалғастырған феодалдық тіршіліктің қорғаушылары. Жауынгер ақынның халықпен байланысы, әділет үшін күресі көбінесе осы типтермен кақтығыс үстінде суреттеледі.
«Сұлтанмахмұт» — ақын туралы роман. Сондықтан онда халықтық өнерге, махаббат, жастық сезім әсерлеріне көбірек көңіл бөлінеді. Ақынның Мәликеге деген сезімі, биік мұратты махаббаты — шығарманың ең бір қызықты оқылатын беттері. Сұлтанмахмұт маңында жаңашыл жастар өсіп келе жатқаны да оқырманды оптимистік сенімге бөлейді. Романға М. Әуезовтің Абай туралы шығармасының әсері тиген. Ол өзінің реалистік байсалдылығымен, характерлерінің шыншылдығымен, Сұлтанмахмұт өмір сүрген ортаны аша білуімен, ақынның ағартушылық, демократтық көзқарасын таныта алуымен қазақ әдебиетіндегі өнер адамдары туралы романдар легінде елеулі орын алады.
Өнер адамының өмірін суреттеуге арналған шығармалар ішінде С.Бақбергеновтің «Қайран шешем» (1963) романының да елеулі орны бар. Ол — қазақ халқының күйші қызы Дина Нұрпейісованың өмірі мен өнері туралы шығарма. Роман аты авторының өзінен үйреніп, Дина тартқан Құрманғазы күйіне қойылған. Сол арқылы ұлы күйші алдында тебіреніп ашылған Динаның бағы асқақтайды, осы күй оның өмірінің азығына айналады. Роман Дина өмірінің басты кезендерін, күйші есебінде қалыптасу сәттерін келісті аша білген. Онда өнер адамының көңіл күйі, шабытты шақтары тартымды суреттеледі.
Бұл дәуірде сонымен қатар Отан соғысы дәуірінің шындығы қайта қаралып, оның адам тағдырына әсерін ашарлық бірталай тың туындылар жазылды. Олардың ең тәуірлері қатарында Т. Ахтановтың «Қаһарлы күндер» (1956), Б.Момышұлының «Артымызда Москва» (1958) сияқты кітаптары бар. Бұл шығармалар жеке адамға табыну саясатының сыналған кезінде, бұрын сыңаржақ суреттеліп келген соғыс шындығын бар болмысымен, қалтарыссыз бейнелеуге бастама болды. Оларда соғыстың алғашқы кезіндегі майдангерлердің ауыр өмірі, қатты ұрыспен шегіну оқиғалары суреттелді. Сондай қиыншылық сынынан өткен біздің отандастарымыздың жеңіске деген сенімі, жауапкершілік бейнесі, оптимизмі тарихи шындыққа сүйеніп көрсетілген. Тахауи романы соғыс шындығын жаңа бейнелер арқылы ашуға құрылса, Бауыржан өзі қатысқан Мәскеу түбіндегі ұрыстар күнделігін деректі мәліметтер негізінде ашады. Екі шығарма да Қазақстанда құрылып, 1941 жылы Мәскеуді қорғауда айрықша ерлік танытқан Панфилов дивизиясының өмір шындығына сүйеніп жазылған. Мәскеуді қорғаудағы соғыс фактыларын Тахауи көркем жинақтау үлгісімен көрсетсе, Бауыржан әскери адамның ой елегінен еткен нақты деректерге сүйенеді.
Аталған дәуірде қазақ прозасының даму тенденциясын осы сияқты көлемді романдар айқындағанмен, прозаның басқа жанрлары да әдеби процеске өзіндік үлесін қосты. Прозаның жаңа ізденістерін баянды етуде С.Шаймерденовтің «Мезгіл», С.Омаровтың «Күншуақ», Н.Ғабдуллиннің «Өмір, қымбатсың маған», Ә.Таразидің «Құйрықты жұлдыз», Ә.Кекілбаевтің «Бір шөкім бұлт», Ш.Мұртазаның «Табылған теңіз», «Белгісіз солдаттың баласы», Б.Соқпақбаевтың «Менің атым — Қожа», Р.Тоқтаровтың «Бақыт», Ж.Молдағалиевтің «Жаз ерке», Қ.Ысқақовтың «Қоңыр күз еді» повестерінің елеулі орны бар. Бұл шығармаларда кеңестік дәуірде көп айтыла бермейтін адамның жеке басының сырлары (адам еңбекпен байланысты ғана көрінетін), жан әлемі, моральдық-этикалық проблемалары әр жағынан көркем суретке түсті. Мысалы, Шаймерденов повесі жетім бала мен өгей ананың арасындағы қарым-қатынасқа құрылады да, жазушы Бибігүл бойындағы мейірімділікті, адалдықты әдемі бейнелейді. Жас бала Мезгілдің көзімен, сезінуімен ол қазақ жеріндегі отызыншы жылдардың басындағы аштық оқиғаларын көрсетіп, халықты сондай күйге душар еткен белсенді өкілдің бейнесін өткір жасайды. Б.Соқпақбаевтың повесі қиялшыл, сезімтал, зейінді бала Қожаның бейнесін тамаша жасауымен бағалы. Жазушы оның рухани өсуін, сана-сезімінің жетілуін нанымды аша білген. Жастар прозасы нәзік лирикаға, жастардың жан сезімін танытар психологиялық суретке бай. Кейіпкерлердің ой толғанысын таныту үшін ішкі монологты да мол пайдаланады. Бұл жас жазушылардың проза әлемінде жаңа ізденістер бастағанын байқатады.