Кеңес дәуір әдебиеті

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 07 Ноября 2012 в 20:14, дипломная работа

Краткое описание

Тақырыптың өзектілігі. Қазақ әдебиетінің тарихында ең бір шоқтығы биік, белесі мол кезең - кеңес дәуірі әдебиеті. Осы кеңес дәуірі әдебиетін дәуірлеу мен сол дәуір әдебиетінің айтулы тұлғаларының шығармалары туралы ғалымдардың еңбектері аз емес. Кеңес дәуіріндегі әдебиет тарихы қайта жазылып жатқан қазіргі заманда осы уақытқа дейін өз мәнін жоймаған еңбектерді саралап, ой елегінен өткізудің үлкен маңызы бар.

Содержание

КІРІСПЕ ..............3
1 ҚАЗАҚ КЕҢЕС ӘДЕБИЕТІНІҢ ҚАЛЫПТАСЫП ДАМУЫ.......................
1.1 Қазақ кеңес әдебиетінің зерттелуі ...............................................................
1.2 Б.Кенжебаев – кеңес дәуір әдебиетін алғашқы зерттеуші
2 КЕҢЕС ДӘУІР ӘДЕБИЕТІН ДӘУІРЛЕУ ЖӘНЕ ЖАҢАША ПАЙЫМДАУ..............................................................................................................
2.1 1930 жылдардағы қазақ әдебиеті
2.2 Сұрапыл соғыс әсерінен туған әдебиет немесе жауынгерлік тақырыбы
2.3 Жаңғыру кезіндегі әдебиет
2.4 Кеңестік қазақ әдебиетінің соңғы дәуірі
ҚОРЫТЫНДЫ...........................................................................................................63
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ.........................................................65

Прикрепленные файлы: 1 файл

кенес дәуір.doc

— 581.00 Кб (Скачать документ)

Сонымен отызыншы жылдар кеңес өкіметі тарихында ерекше бір өзгерістердің дәуірі болғанын мойындауға тура келеді. Саяси-қоғамдық жүйе жаңарды, өмір соған бейімделе өзгеріске ұшырады, рухани тіршілікке өзгерістер кірді, мұның бәрі әдебиетте із қалдырды. Өмірдегі жаңалық әдебиеттің мазмұнына да жаңалық әкелуі занды. Ондағы түрлі ізденістер де осы мазмұн жаңалығынан туындайды. Ал осы жаңалықты қазақ поэзиясы бойына қалай сіңірді? Бұл басқа мәселе. Социализмді жырлаудың әлемдік тәжірибесінің жоқтығы, жаңалық қуып жүріп, ұлттық дәстүрімізден қол үзіп қалу — осы дәуірдегі қазақ поэзиясы сәтсіздіктерінің негізгі себебі болса керек. Соған қарамастан, поэзия жүре түзелуге бет алды.

Отызыншы жылдардағы қазақ әдебиетінің елеулі табысы-үлкен прозаның өрістеуі болды. Ж.Аймауытов өмірден кеткенмен оның дәстүрі әдебиетте жалғасын тауып қалды. Б.Майлинның “Азамат Азатович”, І.Жансүгіровтың “Жолдастар”, С.Мұқановтың “Теміртас”, “Жұмбақ жалау” (кейін “Ботагөз” болып өзгертілген), М.Дәулетбаевтың “Қызыл жар” романдары қазақ даласындағы азаттық үшін күрестін оқиғаларын суреттеуге құрылды. Бұл шығармаларды таза кенес өкіметі үшін күрес деп қарауға болмайды, олардың негізінде еңбекші халықтың отаршылдық езгіге, қамауға қарсылығы, бостандыққа жету жолындағы арпалысы суреттелген. Олардың басты қаһармандары қарапайым халықтың ішінен шығып, күрес үстінде ысылады. Егерде осы жолда олардың большевиктік, қызылшылдық сипаттары баса айтылса, оны дәуірдің телуі деп қарау керек.Кезінде мұңдай ұғымдардың өзі адалдықтың, күрескерліктің белгісі есебінде танылғаны белгілі. Осы дәстүрді жалғастыра туған С.Ерубаевтың “Менің құрдастарым”, Ғ. Слановтың “ Дөң асқан”, Ғ. Мұстафиннің “Өмір не өлім” романдары қазақ халқы өмірінің әр қилы шындығын суреттеп, жанырдың ішкі ерекшеліктерін менгеруде бұл жанырдағы ізденістердің бағыт-бағыдарын танытты. Осы ізденіс Б. Майлиннің, М. Әуезовтің, С. Сейфуллиннің, С. Шәріповтің, Ғ. Мүсіреповтің әңгіме-повестерінде жалғасты. Бұлар да сол дәуір мен өткен тарих шындығын шынайы көрсете алуымен бағаланады.

Өз заманының шындығын әдебиетте көркем бейнелеп, типтік құбылыстарды дәл таба білген Бейімбет проза мен драматургиада қатар  еңбек етті. Оның шығармалары ауылды кеңестендіру науқаны тұсындағы белсенділікті, колхоздасу кезіндегі асыра сілтеу фактілерін,осы жағдайда адамдар бастан кешкен күйзелістіктің төркін-себептері жайлы ойлауға жол ашады.әлеуметтік тартысқа түсіп көрмеген жартылай көшпелі рулық, феодалдық санадан арылмаған халықтың  трагедиясын жазушы “Ұлбосын”, “Әміржанның әңгімесі”, “Майдан”, “Талтаңбайдың тәртібі”, т.б. шығармаларында үлкен көрегенлікпен бейнеледі. Оның тарихи тақырыпқа жазған пьесаларының (“Шұға”, “Жалбыр”, “Біздің жігіттер”, “Аманкелді”) өзінде халықтың бостандық жолындағы күресі кең көрінеді. Осының бәрінде Бейімбет адам тағдыры арқылы қарапайым қазақтың жаңа, жақсы өмір жайлы ой-арманын ашты. Бұл тақырыпты халықтық аңыздар мен эпостық сюжетке негізделіп жазылған пьесалар легі (М.Әуезов: “Айман-Шолпан”, Ғ.Мүсірепов: “Қыз Жібек”, “Қозы Көрпеш-Баян сұлу”, “Ақан сері-Ақтоқты”, С.Қамалов: “Ер Тарғын”, т.б.) толықтырады.

І.Жансүгіровтің «Жолдастары» мен М.Дәулетбаевтың «Қызылжар» романы қазақ халқының бостандық жолындағы күресін суреттеуге арналды. Бұларда да төңкерістен бұрынғы қазақ ауылы өміріндегі таптық жіктелушілік пен кедейлер мен байлар арасындағы тартыстың әлеуметтік күреске ұласуы, осы жолда бұрын тәжірибесі жоқ қарапайым адамдардың саналы күрескерлер дәрежесіне көтерілуі, олардың жеңісі жан-жақты көрініс табады. Өмір материалдарын іріктеу, кейіпкерлерді ашу, суреттеу құралдарын пайдалану жағынан да бұл шығармалар алғашқы ізденістерімен бағалы. Ілияс өз кейіпкерлері Сатан, Мәмбет, Мардан сияқты тағдырлас жігіттердің өмірін өз ортасымен байланысты бөлек-бөлек суреттеп алып, ақыры оларды кездестіріп, күреске шығарады. Романның алғашқы үш тарауы сондықтан да үш бөлек повесть сияқты көрінеді. Ал жеке-жеке күйінде өз ортасымен өз тартысымен бұл кейіпкерлер жан-жақты бейне табады. «Қызылжарды» Мәжит калада кеңес өкіметінің жеңуімен шектемей, оның ақгвардияшылардың көтерілісі тұсында құлауымен аяқтайды. Бірақ революция жеңісіне күдіктенбейді.

Революция дәуіріндегі  халық өмірін суреттейтін шығармалар ішінде «Ботагөз» романы көрнекті орын алады. Жазушы мұнда патшашыл отаршылар мен қазақ байларының екі жақты қанауында болған еңбекші халықтың азаттық жолындағы күресінің басталуын, 1916 жылғы халықтық көтерілісті, оның 1917 жылғы төңкеріске ұласуын, Қазақстандағы азамат соғысы кезіндегі оқиғаларды кең планда алып, эпикалық үлгіде суреттей білді. Роман күрестің халықтық сипатын айрықша танытып, сол халықтың алдыңғы қатарлы өкілдерінің (Амантай, Аскар, Ботагөз) типтік бейнелерін жасады. Дәуір оқиғаларының ішінен ең типтік құбылыстарды іріктеп ала білу, характерлерді жағдайға байланысты өсу, өзгеру үстінде бейнелеу, адамның азаттық жолындағы биік мұраттарын көрсете білуі жағынан «Ботагөздің» жетістіктері мол. Шығарма композициясының тұтастығы, портреттен ішкі монологқа дейінгі суреттердің шындығы, суреттеу құралдарының молдығы және әр түрлілігі, оның үстіне романның таза ұлттық сипаты оны шын мағынасында халықтық туынды етті.

«Ботагөз» — Сәбит  Мұкановтың ұзақ ізденіп, терең зерттеп жазған шығармасы. Ол қазақ әдебиетінің, оның ішінде роман жанрының жетілуі кезеңін белгіледі. Өзінен кейінгі прозалық шығармалар үшін де зор үлгі, мектеп болды. Бұдан былайғы жерде қазақ романына жаңа талаптар қоюға, оларға көтеріңкі өлшеммен қарауға мүмкіндіктер берді.

Қазақстанда туа бастаған өндіріс пен ондағы жұмысшылардың өміріне арналған үлкен прозаның үлгілері — «Менің құрдастарым» мен «Өмір не өлім» романдары. Өмірі ерте аяқталған жас автор Саттар Ерубаев (1914 — 1937) толық аяқтай алмай кеткен романын «Менің құрдастарым» деп атап, Қарағанды жастарының өмірін суреттеді. Романның кейіпкерлері — жаңа дәуірде тәрбиеленіп, білім алған өндіріс мамандары. Басты кейіпкер — кешегі қойшының баласы Рахмет Дәуірұлы өз дәуірінің бел баласы болып қалыптасады да, бар еңбек, жігерін сол қоғамға арнайды. Лиза, Ықлас бейнелерінде де жаңа заман жастарының озық қасиеттері жинақталған. Ой парасаты, мұрат-мүдделері жағынан олар ез кезінің интеллектуальды азаматтары болып табылады. Оларды еңбек, өндіріс қана емес, жаңа өмірдің барлық саласы, тіршілігі қызықтырады. Романда сонымен қатар бұрын Қарағандыны ағылшындар билеген кезді көрген, қазір онда еңбегін жалғастырып жүрген ұрпақтың өкілдері де бейнеленеді. Автор олардың өміріндегі жаңалықтарды көрсетеді. Әр ұрпақ өкілдерінің қарым-қатынасы, моральдық сыпаттары, тұрмыстағы өзгерістер тәп-тәуір суреттеледі.

«Менің құрдастарым» өзінің көркемдік ерекшелігі, композициялық бітімімен, жазу стилімен сол тұстағы шығармалардан оқшау тұрады. Онда романды жаңаша құрудың талабы бар, жазушының ізденісі, орыс және дүниежүзілік әдебиеттен үйренуге тырысуы, М.Горький әсері айқын байқалады.

Ғ.Мұстафиннің «Өмір не өлім» романының тақырыбы да — Қарағанды көмір өндірісі. Мұнда бұрын жабылып қалған өндірістің Кеңес өкіметі тұсында қайта ашылуы суреттеледі. Автор осы жолдағы күресті «тап жауларының» әрекеті арқылы біраз шиеленістіруге тырысады. Сойдақтістің (тап жауы) тәп-тәуір бейнесін де жасайды. Бірақ тартыстың жасандылығы ұнамды бейнелердің әлсіз шығуына, роман композициясының босаңдығына әсер етпей қоймағаны көрінеді. Кейін бұл тақырыпқа қайта оралып, Ғабиден «Қарағанды» (1952) романында дәуір шындығы мен өндіріс адамдарын суреттеуде едәуір табыстарға ие болды.

Бұл айтылғандар отызыншы жылдар ішінде қазақ романының қалыптасып, халқымыз бастан кешкен ірі-ірі тарихи кезеңдердің эпикалық суретін жасауға бет бұрғанын көрсетеді. Ол жаңа жанр есебінде барлау ғана жасап қоймады, елеулі табыстарға жетті. Бұл дәуірдегі прозаның дамуы романмен ғана өлшенбейді. Ел өмірінің әрқилы шындығын бейнелеген повесть, әңгіме, очерктер де көптеп жазылды.

С.Сейфуллин «Жемістер» (1935) деген повесть жазды. Бұл шығарманың негізгі идеясы кейінгі дәуірде тәрбиеленіп шыққан жаңа адамдарды көрсетуді көздейді. Шығарманың кейіпкері — азамат соғысынан отызыншы жылдардың орта тұсына дейінгі ел өміріндегі әрқилы шырғаланды бастан кешіп, жаңа санаға ие болған еңбек адамдары. Олардың ішінде Нияз, Ғайни сияқты жастар мен жаңа заманда кұлшынып еңбек етуге шыққан Ыбырай ұста сияқты қарттар да бар.

30-жылдар әдебиетінде  жалпы қоғам өміріндегі халықтық  энтузиазмге құрылған жаңа пафос  бар еді. Әдебиет саяси бағытын  содан алғанмен, өмірді игеруге белсенді бет бұрды. Әдебиет ісі әртүрлі айтыс-тартыстардан босап, бой түзей бастаған еді. Бірақ 1937 жыл соның бәрін бұзып кетті. Бүкіл елде қоғамның даму заңдылықтары бұзылды.

Бұл дәуірдегі прозаның шағын жанрларындағы ізденістер М.Әуезов пен Ғ.Мүсіреповтің әңгімелері арқылы да танылады. М.Әуезов түрмеден босап шыққаннан кейін кеңес дәуірі шындығынан «Шатқалаң», «Іздер», «Құм мен Асқар», «Бүркітші» сияқты әңгімелер жазды. Оларда жаңа заманның озық тұлғаларын бейнелеуге тырысты. Ол да басқа әріптестері сияқты дәуірдің тартысы — таптық күрестің көріністерін шығармаларына арқау етіп, шаруалардың жаңа өмір жасауына кедергі жасаған тап жауларын әшкерелейді. Жаңа адамдардың отаншылдығын, коллективтік меншікті қорғауын көрсетеді. Ғ.Мүсірепов те алғашқы әнгімелерін («Күсен», «Алғашқы адымдар», «Талпақтанау») колхоз козғалысының алғашқы қадамдарын суреттеуге арнады. Жазушының ана туралы әңгімелері осы дәуір әдебиетіндегі үлкен жаңалык болып табылады. Бұларда Ғабит М.Горький әсерімен, адамды ардақтау, ананы қадірлеу идеясын көтеріп, оны романтикалык пафоспен жырлай білді. Ол Горькийден «Өлімді жеңген ана», «Адамның анасы» әңгімелерін еркін аударып, қазақ өмірінің шындығы негізінде «Ананың арашасы», «Ашынған ана», «Ананың анасы» тәрізді әңгімелер жазды. Бұлардың қай-қайсысы болсын, өмір иесі-ананың парасатын, күш-қайратын, асқақ сезімін паш етті.

Отызыншы жылдар қазақ жазушыларының өмірмен байланысының артуына мол материал берді. Қаламгерлер ел ішіне көп шықты, нақты өзгеріспен, жаңа адамдармен танысты. М.Горькийдің үлгісімен «Социализм орнатудың тәжірибесін» көздерімен көрді. Осы сапарлар көптеген очерктердің, жолсапар күнделігінің жарық көруіне себеп болды. Қазақстанның бай өмірінің әр саласына арналған очерктер жазуға Б.Майлин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, А.Тоқмағамбетов, Қ.Әбдіқадыров, М.Дәулетбаев т. б. қатысты.

Сатиралық прозада бұл жылдары Қ.Тайшықов, Д.Еркінбеков, Ж.Тілепбергенов т. б. еңбек етті.

Отызыншы жылдар прозасынын елеулі табыстары оның есу жолындағы қиыншылықтары мен олқылықтарын бүркелей алмайды. Жанрдың ішкі ерекшеліктерін игерумен байланысты кемшіліктер, негізінен, әдебиетімізде бұл жанрдың калыптасқан дәстүрі болмағанымен түсіндіріледі. Шектен тыс оқиғаны көп қамтуға тырысу, оларды екшеп алудың жетіспеушілігі, кейіпкерлердің дараланып жетпеуі, осылардан туатын композициялық бостандық бірсыпыра эпикалық туындыларда бой көрсетті. Реализмнің жетіспеуі схематизмге, суреткерліктен баяндаушылыққа ұрындырды. Проблемалық очерктің орнына көргенін тізбелеу орын алды. Мұның бәрі тәжірибесіздіктен туғаны даусыз. Ал түптеп келгенде, қазақ прозасының беталысы игі болды. Аз уақыттың ішінде қазақ жазушылары жаңа жанрларды ашып, меңгере білді. Мұның өзі дәуір әдебиетінің үлкен табысы еді.

Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің осы жылдар ішіндегі оң бет-алысы театр мен драматургияға да пайдалы әсерін тигізді. Қазақ драматургиясы өзінің бұрынғы ізденістерін орнықтырып, заман тақырыбына және халқымыз өткен тарихтың оқиғаларына арнап бірсыпыра шығармалар берді.

Қаралып отырған дәуірде  қазақ драматургиясына М.Әуезовтің қосқан үлесі мол. Бұл жылдары ол кеңес дәуірінің уақиғаларына арнап бірсыпыра пьеса жазды. Олардың ішінде «Тартыс», «Тастүлек», «Алма бағында», «Шекарада» секілді шығармалар бар. Бұлар әлеуметтік өзгерістердің әсерімен халық санасына түскен жаңалықтарды, рухани жаңаруды бейнелеу жолындағы жазушының зор талабын танытады. Жаңа адамдарды ол қоғамдық күрес үстінде көрсетуге ұмтылады. «Жас түлектегі» ауыл жастары колхоз құрылысының жауларына қарсы күресе жүріп шынықса, «Тартыста» қазақ интеллигенциясының жаңа идеологияны орнықтыру жолындағы ізденістері суреттеледі. «Шекарада» пьесасында шекарашылар мен шекарада орналасқан аудан еңбекшілерінің бірігіп, Отанды қорғау жолындағы еңбегі көрінеді. Драмалық тартыстың ширақтығы, оның дамуы мен характерлердің қақтығысы, диалогтардың суреттілігі жағынан бұл пьеса кезінде үлкен табысқа ие болған. Жазушы онда шекаралық аудан өмірінің ішкі қайшылықтарына шекарадағы тынымсыз тіршілікті қосып, терең тартыс жасаған. Пьесадағы әрбір көрініс қимыл, әрекетті молайтып, тартыс қоюланып, кейіпкерлер даралана көрінеді. Олардың ішінде Мұраттың, Ганшиннің, Қадиша, Ажар, Садық сияқты сол тұстағы шекарашылар мен шекарадағы қазақ ауылының тандаулы азаматтарының бейнелері бар.

Мұхтардың бұл дәуірдегі тағы бір өзгеше ізденісі «Абай» трагедиясынан көрінеді. Мұнда жазушы ұлы ақын Абай өмірінің соңғы кезін алып, сол кездегі қоғамдағы қайшылықтарды, Абай арқылы келген әділет жолындағы күрес идеясының феодалдық әдет-ғұрыптармен тартысын терең де өткір бейнелейді. Абай жолы — шығармашылық жолы, бостандық, әділет жолы екендігіне, осы жолдың барған сайын елге ықпал етіп, кеңейіп бара жатқанына автор оқырманды сендіреді, кертартпа дөкір күштен, ескішіл ұғымдардан жирендіреді. Абай бейнесінде үлкен гуманист, күрескер, жаңашыл ақынның қасиеттері жинақталған. Ол қашанда халық жағында, оның ескіге қарсы күресі халық болашағын ойлаудан туады. Пьесаның трагедиялық сыпаты ақынның асыл армандарының іске аспауынан, Айдардан, сүйікті ұлы Әбіштен айырылған бақытсыздықтан, өзін түсінбеген қауымның надандығына налудан туады. Онда осы бір таласты терендете түскен кесек бейнелер жасалған. Дүниежүзілік драматургияның озық үлгілерінен сабақ алған «Отелло», «Асауға тұсау», «Ревизор» сияқты туындыларды аударған М. Әуезовтің драматургиядағы шеберлігі мен табысы оның есімін сол кездің өзінде-ақ кең танытты. Әлемдік үлгі мен қазақтың ұлттық әдебиетінің, әсіресе фольклордағы шешендік сөздердің бай қорын пайдалана білуі жазушының шығармашылығын әрлендіре алды.

Белгілі ақын Ілияс Жансүгіров отызыншы жылдар ішінде драматургия саласында да қалам тербеп, «Кек», «Түрксіб», «Исатай — Махамбет» атты пьесалар жазды. «Кекте» жазушы казақ ауылындағы әлеуметтік тартыстардан туған жіктелушілікті, кедей топтың өзін қанағандарға қарсы күресін көрсетеді. Ал биліктен кетіп, қуылғандар кек қайтарып, кейін астыртын кедейлердің жаңа құрылған шаруашылықтарының қаз тұруына бөгет жасайды. Пьеса бір бай отбасының күйреуіне, негізгі өмірде болған шындыққа құрылады. Кейіпкерлері де — өмірде болған адамдар, олардың бірқатарының аттары да өзгертілмей алынған. Шығарманың тартысы ширақ өрбіп, характерлерді ашуға кемектеседі. Пьеса — өз дәуіріндегі әлеуметтік мәселені көтерген, жаңа тақырыпты игерудегі сәтті ізденістердің бірі.

Жалпы алғанда, отызыншы жылдардағы қазақ әдебиеті ұлттық әдебиеттің дамуында елеулі кезең болып табылады. Әдебиет өз дәуірінің қоғамдық міндеттеріне үн қоса отырса да, негізінен, өзінің көркемдік ізденісінде, жанрлардың даму бағытында жеміссіз болған жоқ. Әр жанрда әдебиет табысын белгілерлік шығармалар туды. Жаңа кейіпкерлер ашылды. Бұл жағдайлар қазақ әдебиетінің кейінгі жолына да бағыт берді.

 

2.2 Соғыс кезіндегі  қазақ әдебиеті + кейінгі

 

Ұлы Отан соғысы кезінің (1941-1945) әдебиетке артқан өз міндеттері болды. Ол алдыңғы отызыншы жылдардан  да, соғыстан кейінгі дәуірден де өзгеше еді. Соғыс кезіндегі әдебиеттің мазмұнын бұл тұста социалистік қоғам басына түскен қауіп-қатер, Отан қорғау мүддесі айқындады.

Информация о работе Кеңес дәуір әдебиеті