Кеңес дәуір әдебиеті

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 07 Ноября 2012 в 20:14, дипломная работа

Краткое описание

Тақырыптың өзектілігі. Қазақ әдебиетінің тарихында ең бір шоқтығы биік, белесі мол кезең - кеңес дәуірі әдебиеті. Осы кеңес дәуірі әдебиетін дәуірлеу мен сол дәуір әдебиетінің айтулы тұлғаларының шығармалары туралы ғалымдардың еңбектері аз емес. Кеңес дәуіріндегі әдебиет тарихы қайта жазылып жатқан қазіргі заманда осы уақытқа дейін өз мәнін жоймаған еңбектерді саралап, ой елегінен өткізудің үлкен маңызы бар.

Содержание

КІРІСПЕ ..............3
1 ҚАЗАҚ КЕҢЕС ӘДЕБИЕТІНІҢ ҚАЛЫПТАСЫП ДАМУЫ.......................
1.1 Қазақ кеңес әдебиетінің зерттелуі ...............................................................
1.2 Б.Кенжебаев – кеңес дәуір әдебиетін алғашқы зерттеуші
2 КЕҢЕС ДӘУІР ӘДЕБИЕТІН ДӘУІРЛЕУ ЖӘНЕ ЖАҢАША ПАЙЫМДАУ..............................................................................................................
2.1 1930 жылдардағы қазақ әдебиеті
2.2 Сұрапыл соғыс әсерінен туған әдебиет немесе жауынгерлік тақырыбы
2.3 Жаңғыру кезіндегі әдебиет
2.4 Кеңестік қазақ әдебиетінің соңғы дәуірі
ҚОРЫТЫНДЫ...........................................................................................................63
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ.........................................................65

Прикрепленные файлы: 1 файл

кенес дәуір.doc

— 581.00 Кб (Скачать документ)

Ғафу жырлары туған  жерге деген сүйіспеншіліктің биік үлгілерін алдыңа тартады. Ол өзі туған Торғай даласы ғана емес, қазақтың бай табиғатының қай жерін жырласа да, жаңа ақындық пафоспен тың теңеу, метафоралар арқылы образ жасайды. «Туған жерге хат» өлеңінде ол:

Туған жер, саған деген сағыныштан,

Быт-шыт боп, көкіректегі  жарылыстан.

Жай денем жетімсіреп жерде қалып,

Ғарышка күнде самғап жаным ұшқан, —

дейді. Қиял тебіренісі, туған жерге деген сағыныш  сезімі ақынды көтеріп, рухтандырып тұрғаны мұнда әдемі-ақ айтылған. Алтай таулары жайлы тағы бір толғанысында ақын:

Ардағым Алтай — даламның асқақ төрі екен,

Таудан да тарлан таланттысы екен, сері екен.

Тау емес мынау, кілең бір алтын баспалдақ,

Алланың өзі аспаннан түсер жері екен, —

дейді. Қаншама биіктетіп, көтеріп айта білген.

Акын шеберлігі оның ғажайып суреткерлігімен байланысты. Ол суретті көре біледі, таниды. Соны әдемі өлең жолдарымен өрнектейді.

Батар күннің тауда қалып сирағы,

Сау денесі сай ішінде қирады.

Анау жатқан аю бұлттар шыға кеп,

Күннің алтын сынықтарын жинады, —

дейді ол күннің батар  кездегі суретін елестетіп. Табиғаттың құбылысын ақын көзі ғана осылай көре алатынына, оның құпия сырын ақынның қырағы көзі танитынына күмәнданбайсыз.

Қадыр Мырзалиев поэзиясы бұл дәуірде айрықша толығып, оның аты таңдаулы қазақ ақындарының қатарына кірді. «Ақ отау», «Күміс қоңырау», «Домбыра», «Көш», «Жерұйық», «Қорамсақ»  т.б. жыр жинақтары ақынның өленді тақырыптап, қазақ өмірінің әр қилы сырына ой жібергенін көрсетеді. Оның жырлары өмір жайлы толғаныстардан тұрады.

Адам күліп тумайды, туа сала күлмейді,

Үйренеді күлуді, бірақ күліп өлмейді.

Адам жылап туады, жатады жұрт жұбатып,

Және жылап өледі, өзгені де жылатып.

Жылайтыны туарда — жамандар бар қинайтын,

Жылайтыны өлерде — жақсылар бар қимайтын.

Қарапайым айтылған осы  бір шындықта қаншама сыр бар. Онда адам тағдыры, қуанышы мен қайғысы жатыр. Ақын дала мен көшпелі халықтың ұлы қасиетіне терең үңіліп, оны терең ұғады.

Адамды тану, оның ой-сезімін, рухани тіршілігін көркем бейнелеуде поэзия да бірсыпыра табыстарға ие болды. 60-жылдарда басталған адам бойындағы сілкіністі суреттеу арқылы лирика тың сапарларды бойына сіңіріп жаңарды, пафосын жетілдірді, өлең мәдениетін көтерді. Бұл бір кезде В.Маяковский аңсаған әртүрлі талантты және жақсы ақындардың қатарын көбейтті. М.Шаханов, Ф.Оңғарсынова, Н.Оразалин, Ж.Жақыпбаев, С.Тұрғынбеков, И.Сапарбаев, К.Салықов, И.Оразбаев, А.Бақтыгереева, Қ.Жұмағалиев, Т.Рахимов, Ш.Сариев, С.Иманасов, І.Зікібаев, К.Ахметова, Т.Медетбеков, Е.Раушанов, Ұ.Есдаулетов қазақ лирикасын байытып, адам сыры мен көңіл-күйінің, құштарлық сезімдерінің алуан түрлі көрінісін ашты. Өлеңде сыршылдық, ойшылдық артты. Адам еңбегін эпикалық кеңдік пен суреттеуде Ғ.Қайырбековтің, А.Шәмкеновтің поэмалары көзге түсті. Поэма тілімен тарихи тұлғаларды ашуға ұмтылыс етек алды.

Заман мен адам тағдырын түйістіре толғауда тәжірибелі эпик ақындарымыз Ә. Тәжібаев пен X. Ерғалиев үлкен үлгі көрсетті. «Мен кешеден келдім бүгінге», «Жылдар, Жылдар» поэмаларында олар туған Қазақстаны мен оның халқының соңғы жарты ғасырлық өмірі жайлы толғанып, заманның тұтас келбетін бейнелейді. Халықтың күреске толы өмірін суреттеу негізінде өз замандастарын жырға қосты.

Қазақ ақындарының замандас өмірін әр қырынан алып көрсету талабы М. Шахановтың «Танакөз», Қ.Жұмағалиевтің «Беймаза бақыт» атты поэмаларынан да көрінеді. Кейіпкерлердің сезім күйлерін шынайы суреттеуде, олардың өз бақытын өзі жасаған қайсар мінезі мен адамгершілік қасиеттерін ашуда бұл ақындардың шеберлігі жақсы танылады. Қарапайым, жаны бай, жайсаң мінезді Танакөз бен Зылиха, Есен бейнелері беймаза дәуірде шын бақытын тапқан замандастарды еске алғызады.

Замандас бейнесін жасау  жөніндегі бір сала ізденіс — халыққа аты белгілі адамдар жайлы толғаныстардан көрінеді. Ә.Тәжібаевтың «Ағалар», А.Тоқмағамбетовтің «Ақ күріштің атасы», Х.Ерғалиевтің «Қыз-хисса», С.Сейтхазиннің «Қайран Сәбең», «Жамбыл-дастан», Т.Есімжановтың «Ілияс-дастан», Ф.Оңғарсынованың «Мақатаев туралы жыр» поэмалары халкымыздың қадірлі азаматтары С.Сейфуллин, Ғ.Мұратбаев, Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, С.Мұқанов, І.Жансүгіров, Жамбыл, Ыбырай Жақаев, Жадыра Таспамбетова, М.Мақатаев сияқты адамдардың өмірі мен еңбегіне арналды. Бір жағы арнау, екінші жағынан естелік сияқты ақындық толғаныстармен қатар келетін нақты детальдар суреті олардың халықтық еңбегін, тұлғасын ашуға көмектеседі.

Тарихи адамдар тағдырын суреттеу, олардың ұлт азаттығы, бостандық жолындағы күресін еске алу арқылы халық санасына әсер ету талабы халық тарихының өткен кезіне арналған поэмаларда да айқын көрініс береді. Бұлардың ішінде революция мен азамат соғысы жылдарының оқиғаларын суреттейтін Ғ.Қайырбековтің «Большевик ауыл», Ф.Оңғарсынованың «Қырдағы айқас», С.Жиенбаевтың «Қырандар хикаясы», Т.Молдағалиевтің «Ескерткіш» поэмалары көрнекті орын алады. Алғашқы ақындар тобы заман шындығын эпикалық суреттеу арқылы танытуға ұмтылса, Т. Молдағалиев бұл поэмасында да сезім күйін лирикалық толғаныспен ашады. Шығарма сюжетін шиеленісті оқиғалар арқылы дамыту Ф. Оңғарсынова поэмасынан аңғарылады. Сол арқылы ақын кейіпкерлерін тартыстан өткізіп даралайды.

Тарихи оқиғаларды суреттеуге арналған поэмалардың ауқымы кең. Оларда алыс тарих та, одан бергі өмірдің әр кезеңдері де қозғалады. М. Мақатаев пен Н. Айтов жырлаған қалмақ басқыншыларына қарсы күрес («Райымбек», «Қабанбай батыр»), І.Мәмбетов жазған Пугачев қозғалысына қатысқан қазақтар тағдыры («Пугачев нөкері») тарихты барлау халықтың ерлік жолын таныту идеясымен байланыстылығын көрсетеді. Тарих шындығын бағалау дәрежесінің, суреттеу әдісінің әрқилылығына қарамастан, бұл поэмалар да өз дәуірінің ескерткіштері саналады.

Әрине, бұл дәуірдің ширек ғасырлық мерзімінде баспасөзде жарияланған поэма саны бұл аталғандардан көбірек. Алайда жұртшылық назарын аударарлық, биік рухани талапқа жауап берерлік дүние осы аталғандардың ішінде. Жалпы, бұл жылдар қазақ поэмасының өмірмен байланысының артқанын, көркемдік ізденісте жаңа қырларын ашып, кемелдене түскенін танытады.

Әдебиеттің басқа жанрлары сияқты, бұл жылдары драматургия да едәуір өркендеді. Ол өмір шындығын терең тартыс арқылы бейнелеуде, сол арқылы адам бойындағы сыр мен мінезді ашуда, оны өмірдің күрделі құбылыстарымен байланыстыра көрсетуде бірсыпыра табыстарға жетті. Өмірдегі жаңалыктарды тану және көркем бейнелеу жаңа кейіпкерлер туғызды. Мұндай жаңашыл ізденістер, ең алдымен, бұл жанрда қызмет істейтін қаламгерлердің жаңа буынының таланты мен табысына байланысты. Бұл жылдары драматургияға, негізінен, жас авторлар келді. Олар өмірді тануда, оны көркем бейнелеуде өз ұғым-түсінігін жария етті. Осы тұрғыдағы ізденістің басы ретінде Қ. Мұхамеджановтың Ш. Айтматовпен бірігіп жазған «Көктөбедегі кездесу» (1972) пьесасын айтуға болады. Пьеса Қазақстан шекарасын аттап өтіп, көптеген шетел театрларында қойылды. Оның Мәскеуде, «Современник» театрындағы қойылымын көрген К. Симонов: «Мен көптен бері театрдан дәл осындай, адамның адамшылығының бағасы және менің, сенің, оның, кез келгеніміздің өміріміз бен қызметімізді бағалаудағы жоғары адамгершілік өлшемдердің маңыздылығы жайындағы спектакльді көрсем деп жүруші едім», — депті. Пьесаға ризалық айтқан. Бұл ризашылықтың негізінде пьеса авторларының көтеріп отырған мәселесінің маңыздылығы және оның көркемдік шешімі туралы баға жатыр. Пьеса көтерген проблема тек бір халықтың өмірімен шектелмейді, ол — жалпы адамзатқа ортак проблема. Адамның қандай жағдайда болса да, адам боп қалу мәселесі. Жазушылар оны пьеса кейіпкерлерінің ішкі жан дүниесіне үңіле отырып, жалпы адамдық, азаматтық борыш, шындыққа адалдық тұрғысынан шешеді. Онда Көктөбенің басына жиналған достардың өз бастарынан кешкен өміріне терең барлау жасалып, қуанышы мен қайғысы, жақсылығы мен реніші ақтарылады. Осы арқылы олардың өмір ағымында қаншалықты өзгергені көрінеді. Олар көзқарасы мен өмір жайлы түсінігі, адамгершілік, азаматтық сыпаты жағынан әрқилы боп шығады. Шындық оларға өз бағасын береді. Ғылым докторы Өсіпбай, жазушы Исабек, агроном Досберген және олардың әйелдерімен диалог достар арасындағы сырға айналып, адамдық психологиясы мен өмір философиясын ашуға көмектеседі. Олар ескі досы Сабырды еске алу арқылы оның алдындағы дос қарызын өтей алмағанын көреді. Шындық жолындағы айтысқа олардың ұстазы Айша апай қатынасып, төреші болады. Пьеса адамның өз арымен, шындықпен бетпе-бет келуі арқылы адалдықты, адамдықты паш етеді. Жалған суреттер арқылы адамға ақыл үйретуден бой тарту, драмалық ойды адам тағдырын ашуға құру, ол үшін кейіпкер психологиясының қалтарыстарын ақтаруға ұмтылыс Тахауи Ахтанов пьесаларында жақсы нышан ретінде танылды. Оның «Күтпеген кездесу», «Боран», «Махаббат мұңы», «Ант» пьесалары бұл жанрдың осы кезеңдегі тәуір үлгілеріне қосылады.

Өмірдегі жаңалықтарды тану арқылы жаңа кейіпкерлер ашуда  драматургия да қалысқан жоқ. Т.Ахтановтың, Қ.Мұхамеджановтың, С.Жүнісовтің, Ш.Мұртазаның, А.Жағанованың, Қ.Ысқақовтың, Т.Әбдіковтің, Д.Исабековтің, Б.Мұқаевтың жаңа пьесалары  туды. Бұлар қазақ драматургиясы мен театрының заман өзгерістеріне үн қосудағы жаңа белесі саналады.

Сексенінші жылдардың орта тұсынан бастап біздің елімізде қоғамды «қайта құру» саясаты іске асты. Ел басшысы М.С.Горбачев сол арқылы кеңестік ел билеу жүйесі мен социализмнің дүние жүзілік экономикалық дамуда  артта қалып отырған жағдайын жақсартуды көздеді. Идеологиялық саясатта да кеңестік жүйенің қатал тәртібі босаңси бастады. Осы жағдайларды пайдаланып, қазақ халқының әдеби-мәдени мұрасын кеңірек қарастыру, олардың бұрынғы идеологиялық талапқа жауап бере алмаған бөлігін зерттеу, жекелеген ақын-жазушылар шығармашылығын қайта қарау мәселесі күн тәртібіне қойылды. Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті Алашорда қозғалысы мен оған қатысты деген ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығын зерттейтін комиссия құрды. 1988 - 1989 жылдары осы комиссияның шешімі бойынша Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулатов т.б. жазушылар ақталып, олардың кітаптары басылды. Әдебиет өмірінің «ақтаңдақ» беттері ашылып, ғылыми айналымға түсе бастады. Аталған ақын-жазушылардың мұрасын насихаттау және зерттеу мақсатында ғылыми-теориялық конференциялар өтті. Ш.Сәтпаеваның «Шәкәрім Құдайбердиев» (1994), С.Қирабаевтың «Жүсіпбек Аймауытов», Ш.Елеукеновтің «Мағжан» (1995) атты зерттеу кітаптары жарық көрді. Алашорда қозғалысына көзқарастың өзгеруіне байланысты, Сұлтанмахмұттың шығармашылығы қайта қаралып, оның жаңа жинағы екі том (1993) боп шықты. Ақын жайлы А.Еспембетовтің монографиясы басылды. Осы тұста өткен Ы.Алтынсариннің, Абайдың, Жамбылдың, Ақан серінің 150 жылдық тойлары олардың мұрасына қатысты жаңа көзқарас қалыптастыруға көмектесті. Олардың шығармалары қайта қаралып басылды. Абай тойы күндері З.Ахметовтің «Абайдың ақындық әлемі», Ж.Ысмағұловтың «Абай: ақындық тағлымы», М.Мырзахметовтің «Абайтанудың тарихы», Қ.Мұхамедхановтың «Абайдың ақын шәкірттері» атты еңбектері мен «Абай» энциклопедиясы, тағы басқа көптеген кітаптар жарияланды. 1997 жылы М. Әуезовтің 100 жылдығы атап өтілді. Осыған байланысты жазылған жаңа зерттеулердің ішінде З.Ахметовтің, З.Қабдоловтың, Р.Бердібаевтың, Т.Жұртбаевтың, М.Мырзахметовтің тағы басқалардың кітаптары бар. Бұл еңбектер қазақ халқының әдеби мұрасын бүгінгі егемендік алған елдің рухани сұранысы тұрғысынан қайта қарау мақсатында жазылды. Қазақ әдебиетінің ұзақ ғасырлар бойы аңсап жырлаған ел болу, отаршылдыққа қарсылық, ел бірлігін көксеу идеялары бүгінгі әдебиет зерттеу ғылымының негізгі ұстар  қазығы болып отыр. Қазір бүкіл қазақ әдебиетінің тарихы осы тұрғыдан қайта қаралу үстінде.

Қазақ кеңес әдебиетінің тарихы күрделі де қайшылықты жағдайларға толы. Ол негізінен дәуірдің, қоғамдық шындықтың жағдайларымен байланысты болды. Оның бірсыпыра жағдайлары жоғарыда айтылды. Ал сонымен бірге бұл дәуір қазақтың ұлттық мәдениеті мен әдебиетінің өсу, өркендеу жолында елеулі өзгерістер әкелген кезең болғаны да даусыз. Оны 1917 жылға дейінгі әдебиет пен бүгінгі әдебиет дәрежесін салыстыру арқылы да көре аламыз. Бұл кезде қазақ әдебиеті көп салалы, көп жанрлы әдебиет болып, әлем әдебиетінің деңгейіне көтерілді. Үлкен-үлкен қайраткерлерді, ұлы шығармаларды тудырды.

 

 

 

 

 

 

ҚОРЫТЫНДЫ

Әрине, қазақ әдебиеті дамуын осылай жіктеу, дәуірлеу шартты. Қандай да   жіктеу, дәуірлеу шартты. Қандай да болмасын, дәуірлеу, кезеңге  бөлудің жалпы шарттылығын ескерсек, дәл осы күйде жүйелеу бірсыпыра шындыққа жақын келетінін көреміз. Ең алдымен ол әдебиет дамуына ықпал, әсер еткен қоғамдық, әлеуметтік өзгерістердің сипатын белгілейді. Әдебиет те мезгіл үніне сергек қарап, оны көркем бейнелеуге ұмтылды. Тарихи әдебиеттің дамуында да, ондағы өткен өмір сабағына көзқараста да дәуір үні естілмей қалмайды. Отызыншы, қырқыншы жылдардағы тарихқа көзқарас пен алпысыншы, жетпісінші жылдардағы ұғым-түсінік, ой-пікірді танытудың еркіндігі бірдей емес қой. Сондықтан оның дамуына да заман өзгерістерінің кезендік сипаттары әсер еткені даусыз.

Жалпы алғанда, бұл дәуірдегі  қазақ әдебиеті халықтың азаттық  жолындағы ой-тілегінен басталып, жаңа өмір үшін, жақсылық үшін күресте  шынығып, адамның арман-талабын жырлауда жаңа сапаға ие болды. Ол күрескер (кең мағынада) адамның бейнесін жасауға көтерілді. Өмірдің адамды ілгері жетелейтін оптимистік бағытын бетке ұстап, адам рухын көтеруге бағытталған әдебиет дәстүрін қалыптастырды. Қазақ халқы бастан кешкен өмір сабақтарын біржақты суреттеген мен, ол, түптеп келгенде, прогресшіл әдебиет рухынан алыс кеткен жоқ еді. Сол арқылы ол әлемнің прогресшіл әдебиеттерімен туысты. Осы жолмен өзінің ізденісін байытты, жанрларын жетілдірді, кадрларын толықтырды.

Қазақ қаламгерлерінің  кейінгі ұрпағы үшін аға жазушылар қалыптастырған осы дәстүр үлкен мектеп болғаны даусыз. Әдебиет дамуының соңғы 20-30 жылдағы салмағын көтеріп келе жатқан талантты топ осы мектептен өсіп шықты. Реалистік өнерді байытып, оны тұрмыс-тіршіліктің, адамның жұпыны өмірінің шындығын бейнелеу арқылы жетілдіріп, қоғам мен адам дамуының қайшылықты күйін ойшылдықпен суреттеуде осы ұрпақ тың ізденістер бастады. Оны сәтті жалғастыруда. Ол аға ұрпақ үлгі еткен монументтік өмір суреттерін екінші жағынан толықтырды.

Информация о работе Кеңес дәуір әдебиеті