Автор работы: Пользователь скрыл имя, 07 Ноября 2012 в 20:14, дипломная работа
Тақырыптың өзектілігі. Қазақ әдебиетінің тарихында ең бір шоқтығы биік, белесі мол кезең - кеңес дәуірі әдебиеті. Осы кеңес дәуірі әдебиетін дәуірлеу мен сол дәуір әдебиетінің айтулы тұлғаларының шығармалары туралы ғалымдардың еңбектері аз емес. Кеңес дәуіріндегі әдебиет тарихы қайта жазылып жатқан қазіргі заманда осы уақытқа дейін өз мәнін жоймаған еңбектерді саралап, ой елегінен өткізудің үлкен маңызы бар.
КІРІСПЕ ..............3
1 ҚАЗАҚ КЕҢЕС ӘДЕБИЕТІНІҢ ҚАЛЫПТАСЫП ДАМУЫ.......................
1.1 Қазақ кеңес әдебиетінің зерттелуі ...............................................................
1.2 Б.Кенжебаев – кеңес дәуір әдебиетін алғашқы зерттеуші
2 КЕҢЕС ДӘУІР ӘДЕБИЕТІН ДӘУІРЛЕУ ЖӘНЕ ЖАҢАША ПАЙЫМДАУ..............................................................................................................
2.1 1930 жылдардағы қазақ әдебиеті
2.2 Сұрапыл соғыс әсерінен туған әдебиет немесе жауынгерлік тақырыбы
2.3 Жаңғыру кезіндегі әдебиет
2.4 Кеңестік қазақ әдебиетінің соңғы дәуірі
ҚОРЫТЫНДЫ...........................................................................................................63
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ.........................................................65
«Алмас қылыш» (1971) Дешті Қыпшақтың ханы Әбілқайырдың билігінде болған қазақ руларының топтасуын, олардың билікке таласын, Жәнібек, Керей бастаған қазақтардың бөліну үрдісін көрсетуге арналса, «Жанталаста» (1973) қазақ хандығының жоңғарлардың шабуылынан қорғану тарихынан мол мәлімет береді. Онда Хақназар, Тәуекел, Есім, Абылай хандар тұсындағы қазақ елінің жайы суреттеледі. «Алмас қылыштың» идеясы қазақ руларының бірігуі, бөлек ел болуы жайына құрылса, «Жанталаста» қазақ халқының елін қорғау және ұлттық мемлекетті орнықтыру жолындағы күресі негізге алынады. Екі роман да қазақ халқының саяси-экономикалық ахуалы мен көшпелі елдің рухани өмірін кең суреттейді. Халықтың ел қорғаған батырлары мен шешен билерінің бейнелерін жасайды. Роман стилінде халық әдебиетінің, эпостың бейнелеу тәсілдері байқалады. Қазақ елінің ұзақ (XV — XVIII ғасырлар) тарихын көркемдікпен танытуға арналған шығармада хроникалық сыпат та мол. Сөйте тұра, «Көшпенділер» қазақ тарихының негізгі кезеңдерін, ондағы дамудың бағыты мен оқиғаларын, тарихи кайраткерлері өмірін кеңірек түсінуге жол ашқан тың шығарма болды. Ол бүгінгі ұлттық мәдениетімізге жаңа леп әкелді.
Қазақ—Ресей қарым-қатынастарының басталуы мен күрделі жағдайда өрістеуін суреттейтін үлкен бір кең тынысты шығарма — Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» (1981 — 1983) атты екі томдық романы. Әуелде көне дәуірдегі казақ әдебиетін зерттеуші болған Мұхтар XV — XVIII ғасырлардағы қазақтың жыраулық поэзиясын аша жүріп, «Аласапыранның» уақиғасына тап болғанға ұқсайды. Роман XVI ғасырдың аяғы, XVII ғасырдың бас кезіндегі Қазақ ордасы мен Ресей мемлекеті арасындағы қарым-қатынас тарихын қозғайды. Мұнда қазақ ханы Тәуекелдің немере інісі Оразмұхамед сұлтанның аңдаусызда Сібірдегі орыс воеводасының қолына түсіп, Мәскеуге апарылуы, орыс патшасының қарамағында жұмыс істеуі, еліне қайтуға рұқсат бермегенмен, патшаның оны құрметпен ұстауы, Ресейдің сыртпен соғысына қатысып ерліктер көрсетуі, ақыры Қасымов хандығына тағайындалуы, сондағы өмірі, өлімі суреттеледі. Орталық кейіпкер сол болғандықтан, романда орыс-қазақ қатынасының көп мәселелері, Ресейдің қоғамдық өмірінің шындығы — бәрі Оразмұхамедтің сезімі мен ой-пікірі арқылы суреттеліп отырады. Көрші елдердің құрметті адамдарын қолға ұстап, сол арқылы қарым-қатынасты жөндеу, біртіндеп бағындыру сол тұстағы Ресей саясаты болғаны да анық көрінеді. Бұл арқылы жазушы орыс-қазақ елдері байланысының ұзақ және күрделі тарихы бар екеніне көңіл аударады. Алғашқы қазақ жеріне келген орыс елшілігі жайы сөз болады. Ал орыс мемлекетінде Оразмұхамед куә болған тарихи оқиғалар шындығы елдің ішкі мәселелеріне қоса, Борис Годунов өлгеннен кейінгі аласапыран кезенді қамтылады. Роман осыдан төрт ғасырдай бұрынғы, бүгін ұмытыла бастаған тарихты жаңғыртып, көп адамдардың бейнесін аша білуімен ерекшеленеді. Әсіресе Қасымов хандығының құрылу тарихы, онда халықтардың қарым-қатынасы, қайшылықтары тартымды суреттеледі. Шығарма Мұхтардың суреткерлік өнерін де кең паш етті. Елден алыс қалған Оразмұхамед пен оның маңындағы адамдардың сағыныш сезімі, көңіл күйі, қуанышы мен қайғысы жан тебіренерлік суретке түскен. Роман бұл жанрдың ең тартымды туындыларының қатарына кіреді.
Қазақ-орыс қарым-қатынасының кейінгі тарихын (XVIII—XIX ғасырлар) Ә. Кекілбаев жазды. Оның «Үркер» (1981), «Елең-алаң» (1984) романдары Қазақстанның Ресей құрамына кіруі мен содан кейінгі алғашқы дәуірдің күрделі қарым-қатынасын суреттейді.
Бұл — Әбіштің тарихи тақырыпқа алғашқы қалам тартуы емес еді. «Аңыздың ақыры» (1974) атты тұңғыш романын ол халық жадында сақталған аңыз сюжетіне құрып, тарих туралы философиялық толғаныс жасаған. Бас-аяғы екі-үш адамның (хан, кіші ханша, шебер) іс-әрекетіне негізделген роман кейіпкерлерінің ішкі сезім күйін, жан әлеміндегі толғанысын суреттеуге құрылады. Хан жорықта жүргенде, оны құрметпен күтіп алғысы келген кіші ханша мұнара салғызады. Мұнараны салушы шебер ол арқылы кіші ханшаға іңкәрлігін бейнелейді. Оған қызғаныш танытқан хан шеберді жазалайды. Жазушы ішкі монологты пайдалана отырып, характерлерді сыртқы әрекет емес, ішкі ой-сезім арпалысы арқылы ашады. Хан характерінде де күйініш-сүйінішін сездірмегенмен, толғаныс басым. Ханша мен шебер мұнара тілімен сөйлеседі. Мұнара — шебердің жан сезімі, құмарлығы. Оны түсінерлік, әсемдікті танырлық сезім ханшада да мол. Ханға хабар өзегін құрт жеген қызыл алма арқылы беріледі. Ойлы хан әлемді тебіренткен әміршілік әрекетінің өткіншілігін, опасыздығын түсініп, ханшаға қызғаншақтық танытады. Бұл да ұсақ дүние. Ойлап қараса, дүние опасыз екен, қызғаныш пен сабыр, өкініш пен үміт, қанағат пен тойымсыздық қатар жүреді екен. Хан осыған талдау жасайды. Осыдан бастап ішкі монолог Әбіштің жазу мәнеріне еркін кіргенін байқаймыз. «Үркер» романындағы қазақ тарихының мәселелері (қазақ хандығының көшпелі салтанаты, дербестігі, ел ішіндегі жағдайлар, алауыздық, Әйтеке, Төле, Қазыбек билердің бірлік үшін күресі т. б.) де Әбілқайырдың ойлауы, еске түсіруі ретінде беріледі. Бірақ тиянақ таппаған тарих елді тағы да тығырыққа тіреп отыр. Жоңғар шабуылы тықсырып барады. Осыдан Әбілқайырда Ресей мемлекетіне бодан боп кіру идеясы туады. Жеке елдің ханы боп тыныштық таппаған Әбілқайыр орыстың панасына кіріп сән түземек, абырой-атаққа ие болмақ. Роман Әбілқайырдың орыс патшасына елші жіберуі, Тевкелев бастаған елші келуі, оның қазақ ру басшыларынан ант алуы оқиғаларына құрылады. Әрине, бұл оп-оңай іске аса салмайды. Әбілқайыр шешіміне наразы ру басшыларының тартысы, ханның айла-амал қолдануы т. б. жайлар романда кең суреттеледі. Романда сонымен бірге ел тағдыры, оны ұстаудың жайы, орысқа бағынудың себеп-салдары сияқты мәселелер маңында ой-толғақ мол. Ондағы адам характерлері де жарқын жасалған.
«Елең-алаң» — «Үркердің» жалғасы. Онда орыс елшілігі мен Әбілқайырдың арасында қиыншылықпен іске асқан келіссөзден кейінгі екі елдің арақатынастарының ширай түсуі сөз болады. Роман оқиғасында қазақ делегациясының Петербургке баруы, Орынбор экспедициясының құрылуы мен қазақ даласына сапары, Ор өзені бойында бекініс салу, Татищев пен Әбілқайырдың кездесуі, Әбілқайырдың бодандыққа беріктігіне қайтадан ант беруі сияқты жайлар қамтылған. Башқұрттар көтерілісі, оның қазақтарға әсері негізгі арнаға қосылып суреттеледі.
Екі романда да жазушы Әбілқайыр идеясын қолдауымен көрінеді. Орысқа қосылуды маңдай алдыңнан туып, жолынды жарқыратып тұратын Үркерге балайды. Елең-алаң — сол таңның әлі де атып болмаған бейнесі. Қазақ елі үшін әлі де көп нәрсе жұмбақ, күдікті. Екі роман да осыған меңзейді, ойландырады.
Қазақ-қалмақ жаулаушылығының оқиғалары Ә.Әлімжановтың «Жаушы» (1974), С.Сматаевтың «Елім-ай» (1979) романдарына да арқау болған. Бұларда да қазақтың ынтымақсыздықтан, алауыздықтан тартқан трагедиясы бар. Қазақтың ұзақ жылдар жоңғар басқыншыларының тепкісіне ұшырап жүруін екі автор да халықтың басы бірікпегендігінен, алауыздығынан, ел басшыларының ұйымдастыра білу қабілетінің жетімсіздігінен көреді. Әнуар көшпелі елдің басына төнген табиғат қаталдығымен (қыс, жұт, қуаңшылық) қабат келген тосын жаудың шапқыншылығы елді есеңгіретіп кеткенін тартымды суреттесе, Софы «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» оқиғасын негізге алады. Екеуі де ел ішінде жауға қарсы тұрар күш барын көреді, тек бірлік болуын тілейді. «Жаушыдағы» Бегенбай, Малайсары, Саңырақ, Тайлақ, Жанатай, Кенже, Орақбайлар, «Елім-айдағы» Бөгенбай маңына топтасқан жас батырлар осыны көрсетеді. «Елім-айда» Қазыбек би мен Тәуке ханның, Ақтанберді, Үмбетей жыраулардың елді бірлікке шақырған жырлары келтіріледі. Алайда бұл романда кейіпкерлерді мүсіндеуден гөрі баяндауға, оқиғаны түсіндіруге көп орын берілуі көзге түспей қалмайды.
Қазақ тарихының кейбір мәселелері Ә.Әлімжановтың басқа романдарында да көрініс тапқан. «Махамбеттің жебесі» (1969), «Ұстаздың қайтып оралуы» (1978) романдарында ол халық тарихының бүгінгі адам санасына ой саларлық фактілерін іріктеп алуға тырысады. Сонымен қатар жазушы одан жалпы адам баласы тарихына ортақ үндестік табады. «Махамбеттің жебесі» романында Әнуар қазақтың өмір бойы арыла алмай келе жатқан алауыздығын, рушылдық дертін талдайды. Махамбеттей ұлы күрескер ақынды да мерт еткен осы мінез екеніне назар аударады. Оқырман көңіліне ол халық мүддесін жоғары қоюдың, бірлік пен ынтымақтастықтың маңызын ұялатуға ұмтылады. Ал Махамбетті ру мен ауыл көлемінен әлдеқайда жоғары, шын халықтық дәрежеге көтерілген ақын ретінде бейнелейді, оның бойына халық даналығының көп сипаттарын жинақтайды. Ақынның ел тағдырына кең көзбен қарауы осыдан.
Қазақтың бұл тұстағы тарихи романында тарихтың әр кезеңінде өмір сүрген ұлы тұлғалардың өмірі мен кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесін негізге ала суреттеу дәстүрі қалыптасты. Сәбит Мұқановтың Шоқан Уәлихановқа арналған «Аққан жұлдыз» (1967 — 1969), Ж. Молдағалиевтің Ыбырай Алтынсарин туралы «Алғашқы қоңырау» (1978), Д. Әбіловтің «Сұлтанмахмұт» (1965 - 1971), С. Жүнісовтің «Ақан сері» (1971 - 1978), 3. Ақышевтің «Жаяу Мұса» (1981) романдары әдебиет тарихында елеулі мән-мағынаға ие болған туындылар. Бұлардың бәрі де ғұмырнамалық мәліметтер негізінде жазылған. Қоғам өмірінде анық ізі қалған оқиғаларды іріктей отырып, нақты заман кейіпкерінің қыры мен сырын ашуға ұмтылады. Алайда көркемдік ізденістері жағынан олар біркелкі емес. Олардың ішінде ұзын-сонар баяндауларға, тарихи оқиғаларды тізбелеуге құрылған, характерлік мінездеуден гері әңгімелеп түсіндіруге тырысқан туындылар да кездеседі. Дегенмен, тарих сырын тануға, қазақ халқының ұлы тұлғалары жайлы мәлімет алуға пайдалы еңбектер болғаны даусыз.
Жеке қайраткерлерге арналған шығармалар легінде Қ.Сәрсекеевтің «Қызыл жалау» (1979— 1983), Ш.Мұртазаның «Қызыл жебе» (1978— 1980), «Жұлдызды көпір» (1984) атты романдарының да көрнекті орны бар. Қоғабай романы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Амангелді Имановтың жастық шағы мен көтеріліске басшы болған кезін суреттеуге арналған. Роман оқиғасы қазақ жеріндегі қоғамдық-әлеуметтік күрестердің фонында дамиды. Амангелді жас кезінде ел билеушілер тарапынан жәбір көріп еседі де, кейін төменгі тап мүддесі жолында күрескер боп шығады. Ал Шерхан романдары Қазақстанда кеңес өкіметін орнатуға белсенді қатысқан революционер Тұрар Рысқұловтың өмірі мен еңбегін суреттеуге құрылған. Тұрар — XX ғасырдың басындағы әлеуметтік өзгерістер дәуірінің үлкен қайраткері. Ол орнатысқан өкімет кейін күштеу мен зорлаудың билігіне айналып кеткенмен (өзі де сол өкімет қолынан қаза тапты ғой), оған тілектестер халықтың азаттығын, теңдігін идеал тұтқаны даусыз. Сондықтан Тұрардың, тағы сол сияқты социалистік революцияны қолдаған қайраткерлер еңбегі — тарих алдында айрықша бағалауға тұратын, бірақ ақталмаған, ауыр еңбек. Тұрарлар жолы — кездейсоқ емес, әлеуметтік теңсіздіктің сырын терең түсініп, соны шешуге ұмтылған саналы күрескерлер жолы. Шерхан романда әуелде әкесі Рысқұлдың өз кезіндегі әділетсіздікке қарсы күресі арқылы Тұрарларға ой салған идеяның түп-төркінін ашады. Қоғамдық даму бағдарына қоса жас Тұрардың жүрегіне түскен жара оны үлкен қайраткерлікке дайындайды.
Бұл жылдары қазақ повестерінің тәуір үлгілерін Ғабит Мүсірепов жасады. Оның «Кездеспей кеткен бір бейне» (1967), «Ұлпан» (1974) повестері қазақ әдебиетінің осы жанрдағы озық туындылары саналады. Алдыңғы повестің басты кейіпкері — Сәкен Сейфуллин, белгілі революционер, ақын, кеңес өкіметін орнатушы қайраткерлердің бірі. Алайда кеңес дәуірінің шындығын фон есебінде пайдаланғанмен, жазушы оны мадақтап жатпайды. Ол, негізінен, кейіпкердің рухани өміріне, характеріне көңіл бөледі. Ол адамды ардақтауға, оның азаттығы жолындағы күресі идеясына берік Еркебұланның біртұтас характерін сомдаған. Еркебұлан бойындағы сезім сұлулығы, арманның асқақтығы, оның жан дүниесінің мөлдірлігі мейлінше ұтымды суреттеледі. Ғабиттің повесін «поэма» деп атауы да оның сыршыл, лириктік сыпатынан туған болу керек. Шынында да, шығарма прозамен жазылған жырдай, ақындық албырт сезім мен жүрек сырын бейнелейді. Оның күрескерлігі мен ақындығы қос өрімдей үзілмей, бірін-бірі толықтырып отырады. Еркебұланның Ақлимаға кездесуі, көрген түстей жарқ етіп, қайта жолығыспауы ақын аңсаған алыс арманның, өшпес махаббаттың, өмір сұлулығының символындай елестейді.
Ал «Ұлпан» арқылы жазушы біздің казақ әйелінің тарихи тағдыры жайлы ұғымымызды жаңартты. Халық сүйіспеншілігіне бөленіп, елдің анасы болған күрескер қазақ әйелінің кесек бейнесін жасады. Тарихта болған Ұлпанды көркем бейнеге айналдыруда жазушы өмірдің шындығын сәл көтере түсер, өз ортасынан оқшау шыққан адам екенін танытар романтикалық бояулар қосады. Қарапайым қазақ қызының ісі де, қылығы да бір көргеннен кесек танылады. Оны алдымен Есеней көреді. Сондықтан да ол қосылғаннан кейін Ұлпанның бетінен қақпай, ерік береді. Ер мінезді әйел Есеней атына да кір келтірмей, тіршілікті өз ырқымен құрады. Оның қайырымдылығы, ашықтығы, ел-жұртпен жарасымдылығы атын тез шығарады. Ұлпан қылығын баладай қызықтап, Есеней құптайды. Есеней-Ұлпан бейнелері, солай бірін-бірі толықтырып көтеріледі. Осылай етекбасты әйел тағдыры мен Ұлпан ортасындағы тартыс Ұлпан пайдасына шешіледі. Ұлпан өмірінің трагедиямен аяқталуы да заңды. Беймезгіл заманның пәлеқор саясаты Ұлпан үйіне Торсан боп кіреді де, оның байлығын да, беделін де өзіне пайдаланып кетеді. Біжікен өлімі Ұлпанның сахнадан ысырылуын тездетеді. Сөйтіп қоғам мен адам арасындағы қайшылық Ұлпанды жеңумен шешіледі. Әділетсіз заманда басқаша шешім болуы да мүмкін емес еді.
Жалпы алғанда, бұл дәуірде Қазақстандағы әдеби қозғалыс қарқынмен жүрді. Қаламгерлер қатары молайып, әр жанрдың тұрақты кадрлары өсіп шықты. Реалистік әдебиеттің беталысын танытатын проза кең көлемде өрістеді. Ол ұлттық және әлемдік әдебиеттің дәстүрін пайдалана отырып өсті. Әсіресе, тарихи роман өзгеше тездік пен дамыды. Онда халықтың өткен тарихы мен оның негізгі оқиғалары арқылы елдік дәстүрі, бостандық, азаттық идеяларының мәселелері көтерілді. Бұл халықтың ұлттық санасының өсуіне зор ықпалы жасады. Халық өмірінің әр кезеңіндегі шындықты көркем бейнелеуде жоғары да аталған жазушылармен қатар С.Мұқанов, Д.Әбілев, Т.Ахтанов, Б.Соқпақбаев, С.Шәймерденов, Қ.Жұмаділов, О.Сәрсенбаев, А.Жақсыбаев, Қ.Ысқақов, Ә.Тарази, Р.Тоқтаров, Б.Нұржекеев, т.б. қаламгерлер елеулі еңбек етті. Аға ұрпақтың монументтік өмір суреттерін бейнелеген тәжірибесіне қоса, кейінгі жастар реализмді халықтың тұрмыс-тіршілігінің жұпыны суреттерін, адам характерінің қайшылықты диалектикасын ашу арқылы байытуға тырысты. Бұл тарих сабағына сын көзімен қарауға, адам өмірін психологиялық талдау арқылы барлауға жол ашты. Бұл тұрғыда С.Мұратбековтің, О.Бөкеевтің, Д.Исабековтің, Т.Әбдіковтің, С.Санбаевтың, Т.Нұрмағамбетовтің әңгіме-повестерін еске алу артық емес.
Қазақтың көркем әңгімелерімен жалғас, көсемсөз, очерк, ой толғанысы, өмірді бейнелі жолмен тануға ұмтылған публицистика да бұл дәуірде едәуір өркендеді. Бұған Ғ.Мүсірепов, Ә.Әлімжанов, С.Жүнісов, С.Бақбергенов, Ә.Нұршайықов, Ә.Шәріпов т.б. қатысты, Республика еңбеккерлерінің өмірінен Ә.Нұрпейісовтің «Ақбидай туралы аңыз» (1995), Ж.Ысмағұловтың «Адам мерейі» (1968) атты очерктер кітаптары жарияланды. Ә.Әлімжановтың орыс тілінде шыққан «Ғасырлар мен континенттерден асып» (1973), Ә.Шәріповтің «Алыс жағалаулар» атты кітаптары олардың шетел сапарларынан алған әсеріне құрылды. Бұл кітаптар қазақ оқырмандарына шетелдер жайлы мол мәлімет береді. Бірқатар сын-сықақ, әңгімелер, фельетондар (С.Адамбеков, Б.Қыдырбекұлы, Қ.Ілиясов, М.Рәшев) жинақтары жарық көрді.
Кеңестік заманның адамға, оның кең пейілді талантын мойындауға қарай бет бұрғанын, адам бойындағы сезімнің молаюын көрген жас ақындар тобы поэзияда да алуан түрлі, қызықты шығармалар туғызды. Өлең мәдениетін көтеруде, таптаурын қағидаларды сындырып жаңартуда да жастар көп еңбектеніп келеді. Дәуірдің осы жаңалықтарын ұғынып, қоғам алдындағы азаматтық міндетін шабытпен атқаруда аға ақындар да қалысқан жоқ. Олар өздері өткен өмір тәжірибесін бүгінгі шындықпен сабақтастыра ойланады. Жаңаша қорытады. Мұндай сыпаттар Ә.Тәжібаев пен С.Мәуленовтің өлең-жырларынан мол танылады.
Ә.Тәжібаевтың «Көне қоңырау» (1973) атты жинағы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Бұл кітапта егде тартқан азамат ақынның өзі куә болған өмір құбылыстары жайлы толғанысы нәзік те сыршыл үлгіде жырланады. Ақынның өткен жолы мен өмір тәжірибесі мол. Есею, ұлғаю — табиғаттың заңды жолы. Осы жолда ақынның жүгіріп өтпей, жан-жағына көз салып, өмір сырын оқып, көкейіне тоқи өткеніне куә боламыз. Онда өмірді сүю, жалықпай, шаршамай жырлауға құмарлық бар. Ол жақсылық пен жамандық, адалдык, пен пасықтық, жарық пен қараңғылық, жылылық пен суықтықты қатар сезінеді. Осы ұғымдардың жарқын жақтарын таңдайды. Жақсы адаммен кездесу оның жанына жылылык, қуат береді.