Бейімбет Майлиннің сыншылдық, сатиралық бағыттағы публицистикасы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 21 Сентября 2014 в 16:19, дипломная работа

Краткое описание

Диплом жұмысының өзектілігі. Тума талант Бейімбет Майлиннің есімі кемелденген ұлттық әдебиетіміздің парақтарына алтын әріппен жазылды. Ол сол әдебиеттің ірге тасын қаласып, мазмұн-маңызын, көркемдік дәрежесін биікке көтерісті. Аласапыран заманның, соқтықпалы кезеңнің кедір-бұдырлы, соқпақсыз жолымен жүріп, туған әдебиетінің бар ауыртпалығын көтірісті, қаламгерлігін асқан іскерлікпен абыройлы атқарды. Ондағы ойы - қараңғылық, бақытсыздық күй кешкен, еңсесі езілген халқының озат ел санатына қосылуына, көкірек-көзін оятуға, өнер-біліммен сусындауына, сөйтіп бақытты, еркін өмір сүретін күнге жеткізуге, қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, қаламымен өз көмек-жәрдемін беру. Аңсаған арман, өмір нысанасы - осы.

Содержание

КІРІСПЕ...........................................................................................................

1 ЖАЗУШЫ СЫНШЫЛДЫҒЫНЫҢ БАСТАУЫ, ӨРІС АЛУЫ ЖӘНЕ ЖАНРЛЫҚ АУҚЫМЫ

2 БЕЙІМБЕТ МАЙЛИННІҢ СЫНШЫЛДЫҚ, САТИРАЛЫҚ БАҒЫТТАҒЫ ПУБЛИЦИСТИКАСЫ: ТАҚЫРЫП ЖӘНЕ ПРОБЛЕМА

3 Б.МАЙЛИННІҢ СЫНШЫЛДЫҚ, САТИРАЛЫҚ БАҒЫТТАҒЫ ПУБЛИЦИСТИКАСЫНЫҢ СТИЛЬДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

ҚОРЫТЫНДЫ........................................................................................
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ...............................................

Прикрепленные файлы: 1 файл

беймбет кыскар.docx

— 314.58 Кб (Скачать документ)

Халық өміріне сіңіп кеткен салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты өрескел бұзушылық та әр түрлі тәсілмен суреттеледі. Сондай жағдайды Б.Майлин «Ағаш атқа - жіп құйысқан» сықағында [39] күлкі етіп әжуалайды. Шағын туындыға Бейімбет екі штрих енгізген. Біріне Кәдірбек деген жігіттің үйлену тойында көргенін арқау етті. Ол әдептілік сақтап, ғұрыпты сыйлап, енесінің алдында қыздай сызылып тұрады. Бейімбет «бес биенің сабасындай іркілдеген жуан бәйбіше теңселіп отырып, алдына ет табақ келгенше жігіт, дем алу былай тұрсын, міз бақпай түрегеп тұрды» деп жігіт әдептілігін суреттейді. Әуелде өзін сыпайы ұстаған Кәдірбек мүлт кетіп, әдет-ғұрыпты бұзады, оғаштық жасайды. Ол «Тал түсте қыздың қасында отырып алады, сонымен «қыз күйеу жанына түнде келетін» қазақ салты бұзылады. Тойға қатысқан діншілдер оған тіс жарып ештеңе демейді. Кәдірбектің осы ерсілігін Бейімбет «басына сәлде салып, үстіне арты тілік пальто кигенмен бір есеп болды» деп келеке етеді. Оқшаудағы екінші штрихтан да байқайтынымыз - осындай жағдай. Мұнда Сылқым деген кісінің қайтыс болған інісіне құран оқылады. «Менің күлкім келді» дейді Бейімбет. Неге? Құранды оқыған Сылқымның өзі. Бейімбет бұдан бір ай бұрын Ыбырай дегеннің үйінде арақ ішіп қызып алған оның құран оқығанын көрген. Сол есіне түсіп кетеді. Сылқымның ісінде қарама-қайшы әрекеті бар. Қазақ ғұрпын ол бұзып отыр. Тұрақсыздық, салтқа мән бермеушілік жазушыға ұнамайды, сондықтан «Ескі ғұрпын ел өзі істесе, ол жарастықты секілді. Сол ғұрыпты Сылқымбай істесе, ағаш атқа жіп құйысқан таққанмен бір есеп» - деп қағытады. Екі кейіпкерді әрекетіндегі қайшылықты көрсету тәсілімен Бейімбет әшкере еткен. Ерсілігін бетіне басқандарға берген «Біз «безпартийныймыз ғой!» деген жауаптарымен Бейімбет олардың пиғылдарын ашты. Жұрт қастерлейтін әдет-ғұрпымызды бұзу, теріске айналдыру, сөйтіп одан шеттету осындайдан шығады. Жазушы ойы - соған назар аударту.

Бейімбет публицистикалық шығармаларды шырайландыру үшін мақал-мәтелді де пайдаланып отырады. Олардың бірқатарын атар болсақ, төмендегідей: «Көресіңді көрмей көрге кірмейсің» («Әлім болыс»), «Жел тұрмаса шөп басы қозғалмайды» («Қаудыр тон»), «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» («Ақ шайыға ораулы»), «Күштінің арты диірмен тартады»,    «Байдың мыңының ішінен жарлының жалғызын алады», («Кім ұры?»),   «Сыйға - сый, сыраға – бал» («Сый-тарақ»), «Сыйынғаныңнан сүйенгенің күшті болсын», «Иесін сыйлағанның итіне сүйек сал», «Сотқа түстің - отқа түстің» («Болыстың құдасы»), «Көсеу ұзын болса, қол күймейді» («Күлшара  жеңгей»), «Ештен де кеш жақсы» («Ұжмақ белеті»), «Ертеңгіні есек қайғырады» («Оңай олжа»), «Келінім саған айтам, қызым сен тыңда» («Олай емес «Казахский язык»). Халық өміріндегі тәжірибеден туған, қысқа орамды маржан сөздерден құйылған, үлкен  мағына  жүгін көтерген құрылымдар жазушы ойын ашуда, кейіпкер образын дәл беруде қызмет атқарғанына сөз жоқ.

Б.Майлин қазақтардың күнделікті сөйлеу тілінде жиі қолданатын, сол кезде санаға сіңіп кеткен, бірақ кімге болса да түсінікті орыс сөздерінен де қашпаған, айтылуынша орнымен енгізген. Мысалы, қулақ-кулак, көменес-коммунист, мелетсе, пәлетсе-милиция, арыстабат, арыстауын-арестовать, комесие, кемесе-комиссия, гуладайштар-голодающие, пүртекел, пүртекел-протокол, пүркерел-прокурор, кемесерет-комиссариат, атбекет-адвокат, компеске, кәнпеске-компескация, пешет-печать, ғазит, кәзит-газет, піркеншік-сатушы, дүкенші, аптамабел-автомобиль, шопыр-шофер, кәпәрәтіп-кооператив, қалқоз-колхоз, спрәбкі-справка, задетке-алдын ала төлем, іспес-спец, пүрлетариат-пролетариат, көртопырақ-гурпоправ, суд-сот деген сияқты тізе берсек көп ұшырасады. Бұлар өмірде, тұрмыста, ауызекі тілдесуде кірігіп кеткен сөздер. Олардың орысшасын алса, қалың көпшілік түсінбеуі де мүмкін, әрі тілді жұрттың өз түсінігіне жақындатуды ойлаған деп білеміз. Сондай-ақ ондай бұрмаланған сөздерді қаламгер қағыту, мысқылдау, кекету, сын-сықақ ретінде де пайдаланған.

Кейбір орыс сөздері сол қалпында кездесетіні де жоқ емес. Бұрмаланған болса да өз тіліміздегі баламасы жоқтықтан орыс сөздерінің кейбірін алуға мәжбүр болғаны байқалады. Бірақ, оларды Бейімбет өз мақсатына жету үшін қолданған. Орыс сөздерін қазақша айтылу, естілу түрінде жазу да оқырманға үлкен әсер етеді.

Б.Майлин публицистикасы қалай әртүрлі басталса   (баяндау, кейіпкер образын жасау, табиғат құбылысын, оқыс оқиғаны суреттеу, диалог т. б.),   аяқталуы да әрқалай болып келеді. Әсіресе, көзге көбірек түсетін стилінің  бір қыры - мекеме-ұйымдарға сілтеп, көтерілген мәселенің  дұрыс   шешілуін, шара қолданылуын талап етуі немесе өтініш жасауы. Мұндай талап-тілекті айтқанда сыпайы, мәдениетті келеді, дөрекілікке, шаптығуға бармайды,   бұйыра сөйлеп, билік айтпайды. Мысалы, «Жантөре түрмеде жатсын-жатпасын, ісі сотта болса, күнә-сауабы ақтарылмай  кетер  дейсің бе?» («Жантөре мен Шаймерден» оқшауы) деп сотқа құлаққағыс етеді. «Милиция салақсып жүргенде, Жыңғылды домалатып өлтіріп тастауы да мүмкін», («Әлекімнің аяқ алысы» оқшауы) деп милицияның салақтығын қағыта кетіп, ескерту жасайды.

Б.Майлин стиліне тән ерекшеліктін бірі - адам күйін, сырт кейпін, ауыл-аймақты, табиғат құбылыстарын суреттеу. Ол әдіс кейіпкер образын беруде үлкен рөл атқарады. Мәселен, «Әлім болыс» оқшауында Әлім болыс кезінде бай адам болған. Қаламгердің оның ауылын суреттеуін алайық: «Қатарлап тігіп тастаған үйлер. Ауыл сыртында лек-лек болып үйірлеп тұрған қалың жылқы, қотан толған қой, өріс толған сиыр, түйе...». «Мыңғырған», «мыңдаған», «жүздеген» немесе «бәлен мың малы бар» деген сияқты таптаурындыққа жоламаған. Бейімбеттің тіл көркемдігіне, нәрлі сөздерді тауып алатынына осы көрініс дәлел.

«Жасасын Мұсабай!» оқшауындағы «Еркіншілік болысының байлары қынадай шабылады. Боз қасқасын белдеуіне байлап, қолын қусырып қарсы алады. Сараңдық қылғаны «арыстауын» болып та қалады. Жылы шырай көрсеткендері болыстың қасына нөкер болып еріп, бағылан қозы, сары қымызға белшесінен батады» деген суреттеу байлардың болыс, төре, ұлықтарға жағынып, байлығын шашып шабылып, көзге түсу, қатарында жүру үшін көрсеткен жағымпаздық мінезін ашады. Халық тілін Бейімбеттің жақсы білетіндігіне сүйсінесің. «Күн ызғырық боран... Терезеден енген жел үйді ысқаяқтандырып, танапты қуырып барады... Жел ысқырады, долданады, сарнайды» деген табиғат көрінісі күйзеліс, жайсыз жайдың хабаршысындай, үрей туғызады, арқаңды қарып тітіркендіреді. Қыс ызғарымен қатар екі көзінің ыстық жасына булығып, сарнап отырған Дәмешті көресің. Далада боран азынаса, үйде Дәмеш күңіренеді. Олай болса, қыстың әлгі көрінісі бір сұмдықтың, алапаттың боларын алдын ала сездіргендей екен. Дәмештің жылауының, ойға батып, сезімі аласұрып отыруының бір сыры осы болса керек. Оқшауда адам басына түскен күй табиғат құбылысымен шендестірілген. Табиғат суреті - жансыз емес, ол - адамның жан толқыны, сезім иірімі, тағдыр-талайы.

Бейімбет Майлин публицистикасының стилін ерекшелейтін маңызды компоненттердің бірі - оның бүркеншік аттары. Т.Нұртазин «Б.Майлиннің псевдонимдері (бүркеншік аттары) көп, жалпы саны отызға жуық. Бірсыпыра зерттеушілер қаламгердің жұртқа әйгілі псевдонимдермен жарияланған шығармаларын ғана алып, бейтаныс псевдониммен шыққандарына назар аудармаған. Б.Майлиннің сан қилы псевдонимдерін бірнеше жыл арнайы зерттеп, мен ажыраттым. Бірақ, бәрі түгелденді деу қиын. Бізге белгісіз псевдонимдермен жарияланған шығармалары да ықтимал» [108, 10 б.] - деп жазған болатын. Бейімбеттің бүркеншік аттары оның өлеңдерінде, әңгімелерінде, очерктерінде кездеседі. Әсіресе, фельетондарында, мақалаларында мол ұшырасады. Баспасөз бетінде оның алғашқы көзге түскен мұндай аты «М.М.». Бұл атын Бейімбет қазақтың әдет-ғұрпындағы келеңсіздіктерді әжуалаған «Фельетонына» қойған. Содан кейінгі кезде «Шаңқан», «Малай», «Жалшы», «Малшы», «Мырқымбай», «Жолаушы», «Тілші», «Быж», «Қарабалық баласы», «Мереке». «Шаңқан» С.Мұқановтың айтуына қарағанда, қара қыпшақ ішінде бір аталарының аты көрінеді. Ал «Малай» деуі өз басынан кедейліктің қасіретін көріп, малайлықта жүргенін білдіреді, әрі жарлы-жақыбайларды жақтап, араша түсіп көп жазғандығына байланысты.

Б.Майлин «Тілші» деген бүркеншік атын 1923 жылдан қоя бастайды. «Тілші» деп Бейімбет көбінесе сын мақалаларына қойған, әрі олары негізінен «Ауыл», «Еңбекші қазақ», «Ауыл тілі» газеттеріне жарияланған. 1935-36 жылдары Б.Майлин «Мереке» бүркеншік атын қолданады. Ол - өзінің ортаншы ұлының аты. Т.Нұртазин жазушының бүркеншік аттарының санын 45-ке жеткізеді. Б.Майлиннің бүркеншік аттарының көп болуының бірнеше себептері бар. Біріншіден, ол көркем шығармаларды да, әсіресе әңгімелерді,    өндірте жазды. Оларға өзінің шын атын қойып жүрді. Публицистикасы  да   кем емес еді. Сондықтан, оқшау-фельетондарына, мақалаларына жасырын аттарды қоюды лайық көрді. Екіншіден, оның қаламынан күн құрғатпай бір емес, бірнеше туындылары жарияланып жатқанда оның бәрін өз атымен беру ыңғайсыздық туғызды. Кейде газетте оның бірнеше материалы жарияланған күндері болған. Сол себептен ең көп жарияланым Бейімбеттікі еді. Мысалы, тек «Ауыл» газетінде 1924 жылы 9 өлеңі, 7 әңгімесі, 7 фельетоны, 74 әр   түрлі мақала, хат-хабары және заметкасы басылған. Ал «Еңбекші қазақта» 1925 жылы 7 өлеңі, 7 әңгімесі, 6 фельетоны, 55 мақаласы жарық көрген.   Үшіншіден, сын материалдарында, әсіресе фельетондарында бүркеншік аттарының көп болуы сол кездегі өштесу, кек алу ахуалының өршуі. Сыналған бай-болыстар, атқамінер белсенділер авторларға қауіп-қатер  туғызып отырған. Фельетондары  бүркеншік  аттарымен  жариялануының бір себебі осы болса керек. «Құлақ», «Өңгелбай», «Орынбасардың орынбасары», «Әлекемнің аяқ алысы», «Бұл сол еді», «Ел зорлап сайлады», «Жол үстінде»,    «Зәуре қыздың некесі», «Рақиланың көк тұсағы», «Ұл туса, Мәңкеден тусын!» оқшау-фельетондарында «Малай» атын қоюы дәлел. Басқа бүркеншіктері де осындай жағдайдан қойылған. Төртіншіден, тарихи-саяси   жағдайдың, хал-ахуалдың өзгеруінің әсері. Соған байланысты әр кезеңде қаламгердің аты әртүрлі болып жаңарып отырды.

Қорыта айтқанда, Б.Майлиннің публицистік стилінің құрылымы саналуан. Сол көп қырлы әдіс-тәсілдері арқылы Бейімбеттің өзі өмір сүрген дәуірдің кеселдері мен дерттерінің бетін ашып әшкерелегенін, кейіпкерлер  кейпін, мінезін, іс-қимылын бейнелеумен көптеген кемшіліктер мен кереғарлықтарды, өрескелдіктер мен әділетсіздіктерді сынға алып, заман тынысын шынайы түрде, оперативтілікпен дер кезінде жұртқа жеткізгенін аңғарамыз. Өмірге, айналасындағы оқиға-құбылыстарға, қоғам болмысына қарай оның публицистік стилі қалыптасып, шеберлене түскен. Бейімбет публицистикасы жақсыдан гөрі, көлеңкелі жақтарды жазуға көбірек көңіл аударғандай әсер қалдырады. Тіпті ұсақ-түйек кінараттар да оның назарына ілінбей кетпеген. Сөйтіп, Б.Майлинді өзіндік дара стилі қалыптасып, өрісін жан-жақты кеңейткен, асқан шыншылдығымен ерекшеленген сыншыл публицист деген тұжырымға келдік.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ҚОРЫТЫНДЫ

Қаламгерлер пешенесіне қашан да халыққа қызмет ету жазған. Оны әрқайсысы әрқалай атқарған. Сенім артқан елінің тағдыры үшін қыл көпірдің үстінде, қылпып тұрған ұстараның жүзінде жүрген, нар жүгін қайыспай көтерген азаматтардың есімі естен кетпейді, санадан өшпейді. Солардың бірі – Бейімбет Майлин. Қаламгер өзі өмір сүрген қоғамның кішігірім деталына шейін нанымды суреттеудің классикалық үлгісін жасады, сан алуан тағдырлы  адамдардың  бейнесі арқылы заманның салмағын саралап, болмысын байыптап шежірелі энциклопедиясын жазып кетті. Тарихи шындық тұрғысынан қоғам кезеңдерін шынайы көрсетіп, ішкі сарайы, рухани дүниесі, көзқарасы, ой-толғанысы, сана-сезімі, қимыл-әрекеті, тіршілік-тынысы алуан түрлі тағдырлардың галереясын жасады. Сыншыл да шыншыл жазушының публицистикасында да соның   бәрі әр қырынан мол қамтылды. Б.Майлин өзінің публицистикалық шығармаларында қоғам мінездерін бірде астарлап, бірде туралап сынаса, ол - жазушының ішіндегі қыжылының, жүрегі сыздауының қалам арқылы сыртқа серпіліп шығуы.

Байыппен байыптап қарасақ, жазушының кеңес өкіметінің қатыгез қалпын, пайымсыз нарық-парқын батыра сынағанын, барлық атқарылып жатқан істермен келісе бермегенін аңғарамыз. Оның заманның запыран-зарын, қоғамның қайшылықтарын сезінбеуі, олардан тіксінбеуі мүмкін емес. Мақсат пен шындық арасындағы алшақтықтың жазушының сеніміне селкеу түсіріп, секем алғызған тұстары, әрине, молынан бар. Алайда, қаламгер ертеңгі күннен үміт үзбейді. Құлшына жазады. Сөйтіп жүргенде ол құрбандыққа шалынады.

Б.Майлин публицистикасындағы мынадай ерекшеліктерді айқындадық: Басты ерекшелік - жазылған тақырыптардың, көтерілген проблемалардың молдығы. Жазушы бірлі-жарлы мәселенің төңірегінде қалмаған. Халықтың, қоғамның, мерзімнің қандай да бір бағдар-бағыты, келбет-тұрпаты, талпыныс-тірлігі болмасын, бәрі дерлік жазушы публицистикасынан табылады. Бірақ, мол қамтып, кең шалқып жазған публицистикасының мақтауынан гөрі, сыны басым.

Екінші ерекшелікке оперативтілікті жатқызар едік. Бейімбет күн тәртібіндегі талаптарға, құбылыстарға дереу үн қосып отырған. Қандай да бір оқиға, жаңалық болмасын, ол жедел жазып, жетістікті де, кемістікті де оқырманға жеткізуге асыққан. Өзі өмір сүрген уақыттан қалыспаған.

Б.Майлин шығармаларын, оның ішінде фельетон, очерк, мақалаларын оқығанда қазақ өмірін айна қатесіз танисың. Әсіресе, ұлт табиғаты, қалыптасқан дағды-әдеті, психологиялық сезімі, саналық өрісі өзіне тән беріледі. Адам мінезін, ойлау дәрежесін, жан дүниесін суреттеп ашқанда оның кейіпкерлері типтік бейнеге көтеріледі. Фельетон-оқшауларында ұлттық кескін-түр, қимыл-әрекетті дәл, айнытпай суреттейді. Мұны үшінші ерекшелік деп білеміз.

Жазушы фельетон-оқшауларын, очерктерін көбінесе кейіпкерлерінің шаруадағы, өндірістегі, от басы, ошақ қасындағы, қызмет билігіндегі, жұмыс басындағы тұрмыс-тіршілігіне құрып жазған. Сөйтіп, тіпті ұсақ-түйек оқиғалар төңірегінде күрделі, маңызды мәселелер көтерген. Сондықтан, туындыларының шарттылығынан гөрі, нақтылығы басым сезіледі. Бұл - төртінші ерекшелік.

Б.Майлин фельетон-оқшауларын өлеңмен де, қара сөзбен де жазған. Осының екінші түрінде  жазған  шығармалары композициялық және   сюжеттік  құрылымы, баяндау  тәсілдері, стильдік басқа да құралдары жағынан әңгіме,   очеркке өте ұқсас келеді. Осы қыры - бесінші ерекшелік.

Алтыншы ерекшелігі - сатиралық ұнамды не ұнамсыз образдарды шебер жасауында. Оның кейіпкерлері сыртқы түр-келбетімен де, қимыл-қаракетімен де, сондай-ақ мінез-қылығымен де, сана-сезімімен де бір-біріне ұқсамайды, дараланып тұрады. Бұл жөнінде «Бейімбет - психолог жазушы, - дейді профессор С.Бәйменшин - Ол кейіпкерлерінің сырт пішінін ғана емес, оның ішкі сарайын, ой-арманын, есіл-дертін де ашып тастап отырады. Осы үшін ол оқиғаны өз атынан баяндап келе жатып кейіпкерлердің ой тұрғысынан баяндауға ауыса қойып отырады [52].

Бейімбет сын-сықақтарының бәрі қысқа   келеді,   олардың етек-жеңі жинақы, түп-тұтас болады, шағын сюжет те, айқын, жанды образ да,   келісті сурет те, байыпты баяндау да, өткір әзіл-оспақ та, келемеж-кекесін де табылады. Бәрі сиып жатады. Жетінші ерекшелігі дер едік бұны.

Келесі сегізінші ерекшелігіне - фельетондарының салмақты, сабырлы, сыпайы жазылғанын жатқызар едік. Ол оқырманын күлдіремін деп, бүлдіріп алуға, ашындырамын деп ашуландырып жіберуге барғысы келмесе де, ұшқыр ой, жүрдек қаламы еркін билеп кетеді. Езуіңе күлкі үйірер, көңіліңе күдік туғызар, сезіміңді селт еткізіп жирендірер оқиға, құбылыстарды суреттей келіп, ұнамсыз жайтты, жөн-жосықсыздықты салмақтап отырып та сынап-мінеп жібереді. Жазушының ашулы көңілі, ызғарлы күйі астарлы мысқылынан, юморлы әзілінен де аңғарылады. Қанша күйінсе де ол оғаш, ауыр сөзге, жер-жебіріне жетіп тілдеуге, батыл айтам деп масқаралауға, бейпіл сөйлеп жәбірлеуге бара бермейді. Оның жеңіл, сыпайы әзіл-оспақ, келемеж күлкісінен-ақ, мысқыл-кекесінінен-ақ, түйреп алатын қағытпасынан-ақ келеңсіз кейіпкерлері әшкереленіп жатады. Бұл ерекшелік жазушының сөз қолдануындағы, тіліндегі қырын ашып береді. Ол сұлу сөзді көп қумайды, тілі қарапайым, жатық, түсінікті келеді. Мың бұрап жазылған шұбалаңқылық жоқ. Оқуға жеңіл, көкейге тез қона кетеді.

Информация о работе Бейімбет Майлиннің сыншылдық, сатиралық бағыттағы публицистикасы