Автор работы: Пользователь скрыл имя, 21 Сентября 2014 в 16:19, дипломная работа
Диплом жұмысының өзектілігі. Тума талант Бейімбет Майлиннің есімі кемелденген ұлттық әдебиетіміздің парақтарына алтын әріппен жазылды. Ол сол әдебиеттің ірге тасын қаласып, мазмұн-маңызын, көркемдік дәрежесін биікке көтерісті. Аласапыран заманның, соқтықпалы кезеңнің кедір-бұдырлы, соқпақсыз жолымен жүріп, туған әдебиетінің бар ауыртпалығын көтірісті, қаламгерлігін асқан іскерлікпен абыройлы атқарды. Ондағы ойы - қараңғылық, бақытсыздық күй кешкен, еңсесі езілген халқының озат ел санатына қосылуына, көкірек-көзін оятуға, өнер-біліммен сусындауына, сөйтіп бақытты, еркін өмір сүретін күнге жеткізуге, қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, қаламымен өз көмек-жәрдемін беру. Аңсаған арман, өмір нысанасы - осы.
КІРІСПЕ...........................................................................................................
1 ЖАЗУШЫ СЫНШЫЛДЫҒЫНЫҢ БАСТАУЫ, ӨРІС АЛУЫ ЖӘНЕ ЖАНРЛЫҚ АУҚЫМЫ
2 БЕЙІМБЕТ МАЙЛИННІҢ СЫНШЫЛДЫҚ, САТИРАЛЫҚ БАҒЫТТАҒЫ ПУБЛИЦИСТИКАСЫ: ТАҚЫРЫП ЖӘНЕ ПРОБЛЕМА
3 Б.МАЙЛИННІҢ СЫНШЫЛДЫҚ, САТИРАЛЫҚ БАҒЫТТАҒЫ ПУБЛИЦИСТИКАСЫНЫҢ СТИЛЬДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
ҚОРЫТЫНДЫ........................................................................................
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ...............................................
Етекке оралып, кері тартатын ежелден келе жатқан енжарлық, селқостық, бейқамдық сияқты дәрменсіздіктер де жазушы назарынан тыс қалмады. Қырсыздықты байқатып, қадамды алға бастырмайтын осындай мінездің кесірі аз болушы ма еді. Адам бойындағы сол кері кеткендік Б.Майлиннің «Сайлау» деген оқшауында [32] бір сыдырғы көрінеді. Қарасай еліндегі ауылдық кеңесті сайлауда ауылнайдың есебін тыңдағысы келмей, көп отыра алмайтынын білдіріп, сайлауды өткізе беруді талап еткен жұртты жазушы құптайтын емес. Тықақтап отырып, ауылнайдың есебін жасатқан инструктордың ісі де бос әурешілік болды. Оның «Бір жылдан бергі ісіңізден есеп беріңіз!» дегеніне ауылнайдың бар берген жауабы төмендегідей: «Былтыр сайландым... Биылға дейін іс атқардым... Жоғарғы орынның айтқанын әліміз келгенше істеген болдық». Ауылнай Терлікбайдың мұнысы қыжылыңды келтіреді, әрі мысқыл үйіреді. Ауыл кеңесі болып жұртқа не жақсылық істеді, қандай еңбек сіңірді? Аңғарғанымыз - ол ештеңе істеп жарытқан емес. Сондықтан жиналысқа келгендер оны сұрақтың астына алып, есебіне қатал талап қоюы керек еді, бірақ олар енжарлық, бойкүйездік танытып, «сайлауды тезірек бастасаңыз екен» деп отырып алады.
Бейімбет «Кім ұры?» атты оқшаушасында [32] ұрлықты сынға алады. Лепсі уезі Сарқан болысындағы Әуежан Сеңгірбайұлы дегеннің екі өгізі, екі биесі ұрланады. Оны істеген «аруақ қонған, нар шөккен» атақты Тұрысбеков Маман тұқымының бірі Есенғұл деген екен. Міне, соған қарсы тиісті шара қолдануды алға тартады қаламгер. Ол үшін не істеу керек? «Сот орындары... қылмысы ашылған байларға сот құрып, жазасын мойнына қоюы» керек, ұрыларды жазалау керек деп біледі. Бұл оқшаушасында Бейімбет байлар - ұры деген қорытынды жасайды.
Алыпсатарлық, саудагерлік қашан да жойылған емес. Алдау да, былықтыру да, артық алу да, қымқыру-жымқыру да осында. Осыған орай жазылған Бейімбеттің «Серый ме?... Қарешнеби ме?» фельетонын [32] оқыған адамның қазіргі нарықтың алмағайып кезеңін еске алуы сөзсіз. Ол фельетонның басында кооператив туралы баяндай келіп: «Әлі де сүрініп-қабынумен келеді. Бастықтары қазына ақшасын жеп, белшесінен батып, түрменің есігін тоздырып, немқұрайды сауда қылуын әлі қоймай келеді» дейді. Ол алдында иін тіресіп жұрт тұрған кооперативті көрсетеді. Зат аламыз деп жанталасып, бірімен бірі ұрысып жатқан адамдар. Бір шал әрең дегенде товар өлшеп беріп жатқан сатушыға жетіп, көйлектік сәтен алмақшы екенін айтады. «Қандай сәтен, серый ме, қарешнеби ме?» - деп ол тықылдай қалады. Бұл да «Бидіш, шалабек занит» дейтін болыстық атком ағасы сияқты орыс тілін білгіштігін байқатпақ. Сөйтсе сатушы оларды алдап, асты-үстіне түсіп, жылмың қағып товар бағасынан артық ақша алатын сияқты.
Саудадағы былық арқау болған оқшаудың бірі – «Сый тарақ» [30]. Жаңадан ашылған Сарыағаштағы кооператив дүкеніне Дүйсен деген кісі келіп кемпіріне көйлектік мата алмақ болады. Алар-алмасына қоймай дүкенші өлшеп, жыртып жіберген сисаның арасына бір нәрсені тығып жібереді. Сол туралы екеуінің диалогіне көңіл қойып көрейік, не аңғарар екенбіз: «- Ау, шырағым-ау, мұның не?
Алып қараса, орыс әйелдерінің шашын бастырып қоятын сойдақ тісті имек қара тарақ. Дүйсен шыдай алмай күліп жібереді.
- Шырағым-ау, кемпірім мұнымен қай жерін тарайды?
- Онда біздің жұмысымыз жоқ. Тауар керек болса, бірге аласың...»
Дүкенші іс-әрекетінен типтік бейне қылаң береді. Ол - жылпос, менмен, безбүйрек, сауда тәртібін бұзушы қу. Бұл - кооператив ісінде жайлаған індет, кесір-кесепат. Сойдиған тарақты қосымша беру - зорлық жасаушылық. Оны Бейімбет «сый» деп келемеж еткен. Дүйсен сияқты біз де күлеміз, бірақ ол - ызалы күлкі. Өйткені, кооперативтегі сатушының жұртқа керек емес нәрсені тоғытып, тықпалап, қалталарын қағып алуына ызаланасың. Сондықтан да Бейімбет: «Кооператив ашсақ, түйені түгімен жұтатын бір оңбағандар қылду-қылду қылып, кооперативтің басына мініп алып, ақшасын шашып, елдің жігерін құм қылады. Иә болмаса, жұмысқа шалағай, немқұрайды қарайтын біреулер сайланып кетіп, берекелендірудің орнына аяғынан тоздырып, шырайын шығармауға тырысады. Мұның қайсысы болса да осы күні кооперативімізден іздеп табылады» - деп тағы да қынжылады. Анығында, бұл - тұтастай кеңес үкіметі кезіндегі саудаға айтылған сын, тағылған кінә.
Қыз сату салты қазақтың қанына мол сіңген бір қасірет десе де болады. Заманнан заманға жалғасып осы салт-дәстүр қаншама балғын жас қыздың өмірін өксіткенін, қаншама әке мен шешені қайғы-қасіретке душар еткенін ешкім есептеп көрмеген, сірә. Осы мәселеге, үлкен тақырыпқа шығарма, очерк, фельетон, мақала жазбаған жазушы жоқ та шығар. Б.Майлин -бұл салада көп туынды берген қаламгер. Көркем шығармалар рана емес, публицистикалық дүниелерді де мол жазды. Әйел теңдігі - Б.Майлин шығармаларының негізгі тақырыбының бірі. Бұл мәселеге ол алғаш «Айыртау болысынан» мақаласында қалам тартты.
«Салқамбай тоба қылды» деген фельетонында [31] Салқамбай деген кедейдің 14-15 тегі Күләш атты қызын қалай сатып, басы пәлеге қалғанын арқау еткен. Ол Рахым дегеннің азғырғанына көне қалып, Мәлік байға 500 сомға қызын береді. Сол қаржыға бір ат, әйеліне бір жаулық, бір көйлек алып мәз болған қызығы ұзаққа бармайды. «Байтал түгіл, бас қайғы», істі болады. Байлар сияқты шаруа жасаймын деген аңқаулығынан арандап қалады. Сол себептен ғой бір жігіттің:
«- Әй, отағасы-ай, аңқау екенсіз ғой! Мың түгіл, он мың сом алса да, байларға білінуші ме еді... Олар сен құсап алаяқ ат алып мінбейді ғой. Міне қалғанда да, олардың малы көп, қайдан алдың деп кім байласпақшы...» - деуі көп нәрсені аңғартады. Бай адамның «мықтылығы», қулығы, жарлының ашық ауыздығы көрінеді. Қызын сатамын деп құрбан болып кете жаздаған Салқамбайдың ойына күлейін десең де күле алмайсың, керісінше жанашырлық сезімге берілесің, оны аяйсың. Бұл фельетонды да ұлтымызға сіңісті болған алдау-арбау, өсекшілдік, адам басына күн туғанда қол ұшын берудің орнына, дікеңдеп, дегбірді кетіретін пасық психология көрініс береді. Осы секілді фельетондардың мәні бүгін де кеміген жоқ. Өйткені, он-дай әдет әлі де қалмай келеді. Жазушының сынға алып отырған объектісі - қыз сату салты. Қалың мал алып немесе беріп қол қусырып қалғандар Бейімбет публицистикасында көп-ақ. Салқамбай сияқты Құлбай да алданған. Екеуінің айырмашылығы - Салқамбай қызын сатып пәлеге қалса, Құлбай ерте бастан қалың мал беріп сергелдеңге түседі.
Б.Майлин «Гүлсім Рахымжан қызы» мақаласында [31] малға сатылған қыз туралы сөз қозғаса, «Торға түскен торғай» [32] оқшауында ақсақалдардың қыздарын сүймеген адамына зорлап қосуын әйгілейді. «Бітсін күңдік» [33] «Әйел теңдігімен ойнаушылар қатты жазалансын» [33] деп үн көтереді. Әйелдің құқықтық талаптарын елемейтін байлар мен болыстарды, дін басыларын сынаған «Би ағалар өтірік айтады» [31] «Байту молда» [31] «Молдалар ауыздықталсын» [34] «Ауру қалса да әдет қалмайды» [33] «Қалыңмал соты» [34] және тағы басқа оқшаулары мен мақалаларын жазды.
«Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған «Сүйетін еді», «Материал толық», «Айнажанның соры ғой» [38] «Ауылда» басылған «Өше ме десек, өрши түседі» [38] «Ауыл тілінде» жарық көрген «Қыздың зары» [38] сияқты мақалаларында да әйел теңдігі мәселесін қозғаған. Әйел жайына қаншалықты мән беріп, назар аударғаны Б.Майлиннің бұл жазбаларымен шектелмейді.
Сөйтіп, Бейімбет, біріншіден, әйелге күң, мал ретінде қараған ескі әдет-ғұрыптың тұрмыстан қалмай, санадан өшпей келе жатқанын, оның зиянды жақтарын көрсетіп берді, екіншіден, сөздерінде пәтуа жоқ қожа-молдаларды, қалың мал беріп, риза-риза еместігімен, ұнату-ұнатпауымен есептеспей қыздарды тоқал ретінде берген, не алған бай-болыстарды, әмісе араша түсе бермейтін, заң жүзінде теңдік мәселесін әділ шешпейтін, пара алатын тергеу, сот қызметкерлерін әшкере етіп, ондайларды жауаптауды талап қылды, үшіншіден, өз құқы жолында күреске шыға бастаған әйелдерді үлгі етті.
Күңдік күй кешіп жүрген әйелдердің басын арашалап алу өткен заманда, тіпті кеңес өкіметі тұсында да оңай болмаған. Соған - Бейімбеттің «Айшаның қайраты» оқшауындағы [36] Айшаның өмірі дәлел. 1914 жылы Торғай уезі Майғарау болысындағы Оспан қожа деген емші «әулиенің» баласы Әмірхан мырза бәйбішесі Айшаның үстіне Қатима деген қызды тоқалдыққа алады. Әлі жас Айша қатты қапаланып, қайғырады. Көп ойланады, ақыры 1925 жылы кеңес өкіметін арқа тутып, еліне қашады. Бірақ, «күштінің арты диірмен тартады» дегендей, аруағын щақырып бұрқылдаған Оспан қожа, қабағын қар жауып, аш бурадай буырқанған Өмірқан мырза Айшаны төркінінен байлап алып қайтады.
Бақыт іздеген Айша енді Әмірқанның ұрып, соғуынан көз ашпайды. Басы да жарылады. Төзімнің де шегі бар. Айша қайрат көрсетіп, сотқа барып, басына ерік алады. Бұдан үш нәрсені аңғарамыз: 1) байлар мен төре мырзалар әйелдерді ескі заңмен бағындырып ұстамақ болады; 2) бұрынғы замандағыдай көніп жүре бермеу керектігін сезінген, бақытын іздеп, ерік алуға ұмтылған Айшаның көнбестігі көрінеді; 3) мейірімділік пен әділеттіліктің табылатынына, оның бір төрешісі сот орындары екеніне көз жетеді. Жазушы Айшаның қайраттылығын үлгі етеді.
Неше түрлі әпербақандар милиция орындарында да бар екен. «Уайттың тойы» фельетонында [37] шолақ белсенділер қатарына жататын, асыра сілтеп, асқандық жасайтын милициялардың моральдық бейнелері суреттеледі. Фельетон кейіпкері аға милиционер Уайт - бірнеше күн бойы арақтан басын алмайтын маскүнем. Ол әкіреңдеп, қорқытып, ерлі-зайыпты Оразбек пен Сақыпжамалды бірінен-бірін айырып, әдепсіздік істейді. Жігітті түрмеге жаптырады, қызды зорлағандай ғып өзі құшады. Оразбек шағынып жүріп Сарыағаштағы Әлиұлы деген милицияға жүгінеді. Уайтқа көрсетемін деп мақтанып лепірген ол Уайтпен қосылып арақ ішіп, ауыз жаласады. Сөйтіп, аламын деп алдап, қыздың абыройын төккен Уайт жөнімен кетеді. Зар еңіреп қалған Сақыпжамал не істеуі керек? Қыздарды әурелеп, табалайтындар кеңес заманында да шолжаңдап, ойына келгенін істеп жүре бере ме? Әйел адамдар қашанғы тәлкекке түсе береді? Одан құтылудың жолы қайсы? Қадау-қадау осындай сауалдар шешімін күтеді. Ал мына жастың жайына байланысты Бейімбет мынадай шараны істеуді ұсынады: «Қалай болғанда да осы туралы Ишан базарында бір сот құрмай жөніміз келмес: мелетсенің міндеті не? Уайт мелетсе міндетін атқарған ба? Мына істері сол мелетсенің міндетіне кіре ме? Кірмейтін болса қандай статьяға жатады? Осының бәрін қыстақ халқының алдында талқыға салып шешіп беру керек!..» Бұл жерде Б.Майлин милицияның өзі тәртіп бұзып, көргенсіздік көрсетіп, әйел намысын аяққа таптағанын факті ретінде хабарлаумен ғана шектелмеген, Уайтты қалай қолға алу жөнінде ұсыныс жасаған.
«Заман кімге күле қарап жүр: мыңды айдаған байды, үріп ішкен мырзаны, керіле басқан кербез сұлуларды қабатына салып илеп жүн қылып, ішер ас, киер киімге зар қылып отыр» - деп басталады «Заман» деген оқшауы [39, 39-40 бб.]. Енді бір жерінде «Өзгерген заман өзгергендігін қылады. Көңілге ұнайтын бір ісі жоқ» десе, тағы бір жерінде «Қайтерсің? Заман бұзылған!» - дейді Бейімбет. 1923 жылы жазылған бұл оқшауында өзгерген заманның бет алысына көңілі толмайтындай, байларға да бүйрегі бұратындай оның. Бірақ, амал қанша, сол кездегі өмір құбылыстарының, аумалы-төкпелі заман оқиғаларының ақиқатынан аттап өте алмады ол, көргендерін жалған жазуға көңілі дауаламады. Қазақ болмыс-бітіміндегі, жан-дүниесіндегі, ой-санасындағы арылмай келе жатқан келеңсіздіктерді сынаса, кедейі не байы болсын, жек көргендіктен сынады десек, бір жақты кеткен болар едік. Әрине, Бейімбет өз ұлтын, қазағын сүйді. Сондықтан оның қандай да бір кеселдерден, жаман әдеттерден, теріс мінез-қылықтардан, психологиясындағы дәрменсіздік ниет пиғылдан, керенаулық пен керітартпалықтан, жауласу, өштесу, арбасу, алдау сияқты зиянды істерден арылуын жақтады. Ұлттық санаға әсер етпекші болып өз ойымен, қаламымен жанталасты.
Б.Майлиннің қарымды қаламы қозғамаған, ол жазбай кетті-ау дейтін өз кезіндегі кеселдер, мәселелер жоқ сияқты. Оның публицистикасында сынға алынған бір топ кемшіліктер - шаруашылық, әлеуметтік және мәдениет істерінде жіберілғен қателіктер, орашолақтықтар, қырсыздықтар.
Қазақтың байлығының көзі - жер. Бұл да Бейімбеттің назарында болған бір мәселе. Оны ол әуелі «Кедейлер назарына» мақаласында көтерген болатын. Жерге байланысты шаруаға қырсыздық, оны ұқсата алмау –«Оңай олжа» сықағының [38] арқауы. Онда Б.Майлин қазақтың жерді дұрыс пайдалана алмайтынын, жақсы өнім өндірудің жөнін білмейтінін, білгісі келмейтінін сынайды. Ол үшін алдымен Степан деген ұстаны үлгі етеді. Ол дер кезінде жерді жыртып, өңдеп, күтіп-баптап отырғандықтан жақсы түсім алады екен. Степан жөніндегі детальдан Бейімбет «Қазаққа не көрінді? Ерте сепсе, қолын біреу байлап отыр ма? Залок жыртса, көлігі жетпей отыр ма?» деген ой түйіп, риторикалық сұрақ қойып, қазақтың жалқаулығын қағытып кетеді. Қазақ оңай олжаға жүгіретін сияқты.
Б. Майлиннің «Сыр бойы» газетінде жарияланған «Тереңөзек маманы» оқшауында [40] маңызды, аса зәру проблема көтерілген. Қазақтың аул тұрмысын айнытпай суреттейтін жазушы мұнда да Сыр елінің тірлігін қалай көрсеткеніне тәнті боласың. «Сыр бойы - қайнаған өмір: кетпенін арқалаған дихан, қазылған арық, аққан су. Кетпен шапты, дақыл салды. Сыр сараңдық қылмай, суынан берсе, күнге күйген дихан еңбегі жанып болад та қалады» - деген оқшаудың басталуын оқығанда әрі қызығасың, әрі құмартасың. Табиғат пен еңбек суретін көз алдыңа әкеледі. Ондағы мақсаты не жазушының? Гәп сонда. Бірақ, бір жылы дихан еңбегінің еш кеткеніне қынжылмай, бейтарап қала алмайсың.
Информация о работе Бейімбет Майлиннің сыншылдық, сатиралық бағыттағы публицистикасы