Бейімбет Майлиннің сыншылдық, сатиралық бағыттағы публицистикасы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 21 Сентября 2014 в 16:19, дипломная работа

Краткое описание

Диплом жұмысының өзектілігі. Тума талант Бейімбет Майлиннің есімі кемелденген ұлттық әдебиетіміздің парақтарына алтын әріппен жазылды. Ол сол әдебиеттің ірге тасын қаласып, мазмұн-маңызын, көркемдік дәрежесін биікке көтерісті. Аласапыран заманның, соқтықпалы кезеңнің кедір-бұдырлы, соқпақсыз жолымен жүріп, туған әдебиетінің бар ауыртпалығын көтірісті, қаламгерлігін асқан іскерлікпен абыройлы атқарды. Ондағы ойы - қараңғылық, бақытсыздық күй кешкен, еңсесі езілген халқының озат ел санатына қосылуына, көкірек-көзін оятуға, өнер-біліммен сусындауына, сөйтіп бақытты, еркін өмір сүретін күнге жеткізуге, қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, қаламымен өз көмек-жәрдемін беру. Аңсаған арман, өмір нысанасы - осы.

Содержание

КІРІСПЕ...........................................................................................................

1 ЖАЗУШЫ СЫНШЫЛДЫҒЫНЫҢ БАСТАУЫ, ӨРІС АЛУЫ ЖӘНЕ ЖАНРЛЫҚ АУҚЫМЫ

2 БЕЙІМБЕТ МАЙЛИННІҢ СЫНШЫЛДЫҚ, САТИРАЛЫҚ БАҒЫТТАҒЫ ПУБЛИЦИСТИКАСЫ: ТАҚЫРЫП ЖӘНЕ ПРОБЛЕМА

3 Б.МАЙЛИННІҢ СЫНШЫЛДЫҚ, САТИРАЛЫҚ БАҒЫТТАҒЫ ПУБЛИЦИСТИКАСЫНЫҢ СТИЛЬДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

ҚОРЫТЫНДЫ........................................................................................
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ...............................................

Прикрепленные файлы: 1 файл

беймбет кыскар.docx

— 314.58 Кб (Скачать документ)

Осындайларға қарама-қарсы мысал ретінде басқа жақтарда өз тілдеріне қандай мән беретіндігі туралы Б.Майлиннің «Татар тіліне көшу» мақаласы [35] жазылған. Бейімбет татарлардың өз тілін таза сақтауға ұмтылысын үлгі еткен. Татар халқының қалам қайраткерлері ана тілін сақтау, дамыту жөніндегі бағдарлама белгілеген. Соны Бейімбет те қуаттап жазады. Татар қаламгерлері ұлттық өнерді өркендетудің негізгі бағыты - таза татар тіліне көшу деп санайды. Олардың осы белсенділігін өнеге ете отырып Бейімбет өзіміздегі осы саладағы іске қоңылтақси қарайтын сияқты. Мұнда ол тіл тазалығы туралы проблеманың басқаларда қалай шешіліп жатқанын айту арқылы жұртшылықтың назарын аударған. Орысшадан қазақ тіліне аудару ісіне де Б.Майлин соқпай өтпеген. Кеңсе қызметінде небір сауатсыз аудармашылар істеген көрінеді. Әсіресе, әртүрлі құжаттарды, қаулы-қарарларды, бұйрық-жарлықтарды аударатындар орашолақ, балдыр-бұлдыр, жұрт түгіл, өздері де түсінбейтін бірдеңелерді тудырады екен. Бейімбет бұл ретте Қазалы жер бөлімінде, шаруа күнін өткізетін Қызылорда уездік комиссиясында, Ақмоланың губернелік аткомінде әзірленген аудармаларды салыстыра отырып, былықтырылған аудармаларды келтіріп сынаған «Перевод» фельетонын [35] жазған. Төсін ұрып, кеудесін қағатын мақтаншақ аудармашыларды әжуалап мысқылдағаны «Мұның аты бөрік аламын деп бас алған, қас түзеймін деп көз шығарған болды. Қолынан келмейтін жұмысқа жармасып істі былықтырған болды», - дегенінен айқын көрініп тұр. Фактінің сипатына қарай жазушы үн-тонын құбылта шығаратынын да байқаймыз.

Бейімбеттін көп жазған такырыптарынын бірі - мектеп жайы. оқу процесі. «Елен турецкий» оқшауында [36] сауатсыз, екі сөздің басын қосып жаза алмайтын, білімі тайыз мұғалімді сынайды. Тобыл болыстық кеңесіне келіп, еңбек ақысын алмақ болған Қасен деген мұғалімнің жазған арызы мынадай: «... Мен беремін үшбу хат таңбаны болыстық откем ағасына оның үшін айлық ақыма 30 сом алдым...» Күл мейлің, жыла мейлің. Мұндай мұғалім балаларға не білім беріп жарытады. Онымен оңаша сөйлескенде өзінің міндет-мақсатын білмейтіндігі, білімі шамалы екендігі, күнделікті шығып тұратын баспасөзді оқымайтындығы ашылады. Елдегі мұғалімдердің оқыту ісіне жауапкершілігін арттыру мәселесін көтереді. «Елен турецкимен жүріп елге дұрыс білім беру қиын», - деп қамығады ол.

Қарабалық ауданындағы оқу жайын кеңірек сынаған «Іздеумен мысырды да табасың» деген мақаласы [88] «Жолдан» деген айдармен «фельетон ретінде» жарияланған. «13 қыркүйрек, Бөрлі» деп көрсетілуіне қарағанда  жолсапар үстінде жазылған. Б.Майлин аудандық оқу бөлімін іздеуге шығып, біраз сенделеді. Ақыры табады, ол мекеме аудан орталығындағы 7 жылдық мектеп үйінің бір бөлмесіне орналасыпты. Онда барғанда әуелі кездестіргені - мектеп басқарушысы Есмағамбетұлы. Сөйлесе келе ол мектептің мүшкіл жайын ақтарып салады. Тапсырған соң қыркүйректің басында келген ол мектептің түгін таба алмай дал болады. Оқу жылының басталуына еш дайындық жоқ. Бейімбет одан кейін іздеп аудандық бөлімін тауып,   оның бастығымен сөйлессе, мұнда да жағдай мәз емес болып шығады.

Оқу ісіндегі   кемшіліктер   «Еңбек  ақы  ала білгендер, оқыта да білсін» [30], «Тарсылдақ» оқу бола ма?» [31], «Мұғалімдер сапы туралы» [32], «Аудандық оқу» [33], «Мектеп керек» [34] сияқты мақалаларында да сынға алынған.

Сөзімізді түйіп айтар болсақ, біріншіден, Б.Майлин публицистикасындағы сын-сықаққа оқиға-құбылыстардың, іс-әрекеттердің өткен уақытына, ортасына, келтірген деректеріне, фактілеріне, заманына орай кейіпкерлер бейнелерінің суреттелуіне, көтерген тақырыптары мен мәселелеріне қарай нақты және шартты, оперативті және проблемалы деп қараған жөн.

Екіншіден, жазушы публицистикасының тақырыптық бағыты кең, көтерілген    проблема  сан  алуан.

Үшінші байқалатын нәрсе, Б.Майлин тек жақсы жақтарды, жаңа істерді жазып қоймаған, жаман, зиянды, кесір-кеселді, содырлы-сойқанды мінез-қылықтарды, солар туындатқан еш пайдасы жоқ, кері кеткен әрекеттерді әшкерелеуді нысана еткен.

Төртіншіден, бір-біріне ұқсамайтын алуан түрлі образдар жасалған.

Бесіншіден, Б.Майлиннің батылдығы айқын көзге түседі. Қандай да бір өзі көрген, білген кемшілікке, кері тартпа кеселге төзе алмаған,   ашына сынаған.   Ондағы мақсаты - жұртты сан алуан оңбағандықтан, надандықтан, кесапаттан сақтандыру, оларға игі әсер ету.

Алтыншыдан, жазушы публицистикасында да қазақ сатирасының, сын-сықағының қалыптасу, даму, кемелдену кезеңдерінде біте қайнасып, мол үлес қосқанына көз жеткіздік.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

3 Б.МАЙЛИННІҢ СЫНШЫЛДЫҚ, САТИРАЛЫҚ БАҒЫТТАҒЫ ПУБЛИЦИСТИКАСЫНЫҢ СТИЛЬДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Қандай да бір жазушы болмасын, оның шеберлігінің дәрежесі стильдік ерекшеліктерінен көрінеді. Шығарманың тартымдылығы, әсерлігі стильге де байланысты. Сол себепті әр қаламгер өз стилін жетілдіре отырып, оның сан қилы атрибуттарын мейлінше пайдалануға ұмтылады. Соның нәтижесінде шеберлігі арта береді. Б.Майлиннің публицистикасында пайдаланған стильдік әдіс-тәсілдері - көңіл аударарлық үлкен проблема. Басы ашық ақиқат - жазушы стилі көлемді туындылары мен публицистикасында қатар жетіліп, шеберлігі арта түскендігі. Ерекше назар аударған ісі - көсемсөз туындылары арқылы дәуір тынысын, заман келбетін, қоғам бағытын жедел көрсетіп отырғандығы. Өзінің ойы, көздеген нысанасы, идеялық болмысы осыған бағындырылды. Стилі де соған орай дамыды, өріс алды.

Ал көркемдік белгілері - суреттеу, тіл, бейне жасау, штрих, деталь кіргізу жағынан Б.Майлиннің фельетондары әңгімелерінен кем емес. Оларды қолдануда адам кескін-кейпін беру, ішкі ой-сезім иірімін ашу, тіпті ойда қалатын тип жасау, ол үшін диалог, монолог, метафора қолдану, конфликтілік қақтығыс, сюжет элементтерін кіргізу, нақыл сөздерді, мақал-мәтелдерді пайдалану, табиғат құбылыстарымен астастыру молынан кездеседі. «Бұл сол еді», «Ұл туса, Мәнкеден тусын!», «Пәленің мыңы   сырда», «Рақымбайдың  мақаласы», «Жігітшілік», «Тап өзі», «Қонақасы»,   «Әлекемнің  аяқ алысы», «Салқамбай тоба қылды», «Жолаба!   Торы!»,    «Жол үстінде», «Ол бір түс қой», «Жырым  жегендер» сияқты оқшауларын кейбір зерттеушілер әңгімелерінің қатарына жатқызып жүр. Осы туындылар Б.Майлиннің бес томдық шығармалар жинағының үшінші томына (1987) әңгіме ретінде енгізілген. Т.Нұртазин «Бұл сол еді», «Ол бір түс қой»,  «Құлақ», «Өңгелбай», «Охрана бастығы» шығармаларын әңгімеге жатқызса, «Жол үстінде», «Серттескендер» дегендерін бірде әңгіме, бірде фельетонға теліді. Осының себебін атақты орыс сыншысы В.Г.Белинский «Жанрлардың шекарасы  нағыз   дәлдіктен   гөрі,   шамамен айырылады.   Қайткенмен де оны картада мемлекеттің шекарасын көрсеткендей саусағыңмен нұқып көрсете алмайсың. Көркемөнер қай жақтағы болсын, бір шекарасына таяна беріп,   өзінің әуелгі мағынасын біртіндеп  жоғалтады  да, шекаралас екінші жанрмен мағыналас болады. Сөйтіп, шекаралас екі сипаттар ортақтасып екеуін жанастырады» [42, 805 б.] - деп тұжырымдайды. Б.Майлиннің әңгімелері мен фельетондарының арасында сыншы айтқан жақындастықты байқаймыз.   Олардың  ара-жігі, тігісі, шекарасы қабысып, бір-біріне кірігіп, жымдасып тұрғандай сезіледі.   Күні бүгінге дейін көптеген туындыларын не әңгімеге, не фельетонға, тіпті мақалаға да жатқыза алмай жүруіміз сондықтан.

Б.Майлиннің фельетондары  негізінен   образ бен сюжетке құрылады. Олармен бірге баяндау, диалог,   монолог,   деталь, салыстыру, теңеу тағы басқа стильдік компоненттер қатар кездесе береді. Бірақ, фельетонға жақын екенін немесе соған жататынын өткір, шымшыма тілінен, кекесін, мысқылынан, әзіл-оспақ әжуасынан, езу тартқызатын немесе күлкі шақыратын келемежінен аңғара    аламыз.    Фельетондарының  бәрі   дерлік етек-жеңі жинақы,   қысқа келеді,   ұзын-сонар боп созылмайды, шағын сюжетке,   авторлық   баяндауға немесе мақсатты ой қорытындысына толы болады.   Алайда,   кейіпкердің  кескін-кейпін, мінез-құлқын,   іс-әрекетін,   ішкі   жан дүниесін ашып береді, айтар ойын да,   қояр талап-тілегін де жеткізіп жібереді. Осы ой-пікірді   негізге   алсақ,   жоғарыдағы  шығармаларын да оқшау-фельетон деп есептейміз.

Б.Майлин кейіпкер    образын  жасаудың,   сол  арқылы өмірдің шынайы келбетін берудің шебері.   Стиль мәселесін зерттеген ғалымдарымыз

оның атрибуттары   әр жазушы да әртүрлі болатынын дәлелдеген. Стиль жөнінде М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Т.Нұртазин, М.Қаратаев, 3.Қабдолов, С.Қирабаев, М.Дүйсенов, Ф.Оразаев т.б. ғалымдар толғақты ойлар қозғап, стильдің құрылымдық ауқымының кең екендігін тұжырымдап   берген.   Ұзақ уақыт бойы айтылып келе жатқан толғам-талдауларды білгірлікпен таразылай келе белгілі ғалым Ф.Оразаев төмендегідей   қорытынды жасайды: «Сонымен жазушының өзіндік стилі ең алдымен оның дүниетанымы мен идеясынан,   жазушы мәнері мен жанрынан, үлгі етер идеалынан, тіл шеберлігінен, шығармаларының бүтіндей пафосынан көрінеді»  [43, 160 б.]. Жинақтап, түйіндеп түзілген осы ойдан   стильдің ауқымы кең,   құрамды компоненттері көп екені байқалады.   Бұған жазушының    өресі (өмірден көргені,   түйгені,   білігі,   түсінігі, тәжірибесі), идеясы (не айтпақ,   нені уағыздамақ, нені өнеге етіп көрсетпек,   неден сақтандырмақ,   яғни ойлаған мақсаты),   осылардың негізінде жазатын тақырыбы, проблемасы, жанры, тілі, көркемдік әдіс-тәсілдері (бейнелі образ жасау, сюжет құру, сатира, юмор,   теңеу,   кейіпкер сөздері, баяндау, деталь, салыстыру, табиғат көріністерін енгізу т.б.) кіреді. Сонда шығармашылық өнердегі құралдардың бәрінің басы түйісетін  жері   -   стиль. Шығармада олардың бәрі бірдей кездесе бермеуі, ал кейбір туындыда бірнешеуі болуы мүмкін.   Стиль құрамдарын шебер қолдана   отырып  жазушы өз нысанасын көздейді, оларды идеясын, ойын жеткізуге бағындырады. Сол мақсаттың орындалуы, әрине, жазушының дүниетанымына, ойлау өресіне, стиль шеберлігіне байланысты. Б.Майлин публицистикасында кездесетін көркемдік құралдар, әдіс-тәсілдер - әралуан.

Стильдің ерекше бір бөлігі - тіл. «Тіл - стильдің өзі емес, қоры, құралы» (М.Әуезов) деп қарасақ, оның атқаратын рөлі үлкен екендігіне дау жоқ. Кейіпкер бейнесін беру, образын ашу, сюжет құру, ойды жеткізу - көркем тіл арқылы жасалады. Стильдің басқа элементтері де тілмен ашылады. Түр мен мазмұн да тіл арқылы беріледі. Стильде басты қызмет атқаратын, стильді жандандыратын, әрлендіретін құрал - тіл.

Бұл туралы академик З.Қабдолов «Көркем әдебиеттің негізгі предметі - адам болса, жазушының негізгі құралы - тіл екені белгілі. Тіл жоқ жерде сөз өнері - көркем әдебиет те жоқ. Көркем әдебиеттің бояуы да, үні де, тынысы да, қимылы да, бәрі де - сөз;» [1, 215 б.] - дейді. Тіл адамның қимыл-әрекетін, ішкі жан дүниесін ашу үшін, сөйтіп өмір шындығын көрсету үшін қызмет етеді. Сондықтан оның барлық кестелі бояуын, мәнерін, оралымын, құрылымын кеңінен әрі жөнімен пайдалану әр қаламгердің шырақ етіп ұстар мұраты болса керек.

С.Мұқанов 1934 жылы Казахстан жазушыларының тұңғыш съезінде «Майлыұлы Бейімбеттің өз алдына өзгеше стилі бар. Оның стилінде ашық түсінік, ойлаулы сөз, дәлдік ұғым бар. Ол сөздің жазба түрде сұлулығын көп қумайды. Оның - тілі түсінуге жеңіл қара шаруаның тілі, кедейдің, батырақтың тілі. Бейімбеттегі шеберлік - кедейдің тілін біледі», [44, 95 б.] - деген болатын. Қ.Жұмалиевтің «Ол қандай өмір құбылысын көрсетпек болса да, қарапайым тілмен, мейлінше қысқа, тұжырымды етіп беруге тырысады... Лаконизм Майлиннің өлеңдеріне де, қара сөздеріне де тән. Адам образын жасауда болсын,   психологиялық жәйттерді суреттеуде болсын,   осы әдіс берік қолданылады» [45, 42 б.] - деуі де ақиқат. Ал Т.Ахтанов «Бейімбет өмірде де, шығармаларында да лепірме сөзден аулақ болған адам» [5, 162 б.] - деген еді. Б.Майлин - тіл қадірін, сөз құдіретін қастерлей білген қаламгер. Сондықтан да ол «Тіл ұстарту мәселесіне енжар қарамау - біздің басты мініміз. Сөз саралауда қанша талпыныс болғанмен, кедір-бұдырлық, дөп баспаушылық әлі де жеткілікті» [46] - деп сөз қолдану жайына сыншылдықпен қараған.

Тілді бағаламау жайында фельетон, мақала жазғаны өз алдына. Тілімізді сақтау, оны шұбарламау, әсіресе оған менсінбей қараушылық туралы жазылған Б.Майлиннің «Өңгелбай», «Рақымбайдың мақаласы», «Перевод», «Бидіш, шалабек занит», «Олай емес, «Казахский язык!"», «Серый ме, карешнеби ме?» фельетон-оқшауларында әшкерелеудің әр түрлі әдіс-тәсілдері байқалады.

«Өңгелбай» оқшауындағы Өңгелбай мен Алексей - бірі болыс, бірі оның хатшысы, жұрт сыйлап жүрген адамдар сияқты еді. Міне, осы   екі   «жақсы»   адам күлкілі жағдайға ұшырап, өздерін өздері әшкере етеді.   Б.Майлин соны  қандай   әдіспен ашып берді? 2-ауылдың ауылнайы келіп орысша жазылған бұйрық-ты Алексейдің алдына тастай салады. «Списоктерді әкелдің бе?» - деген оның сұрағына «Список жоқ» деп жауап береді. Бұрын ондай «сұмдықты» көрмеген хатшы басы тасқа тигендей бір тойтарыс алады. «Арестуй» деп дауыс көтереді. Сөйтсе, ауылнайдың хатшысы «Орысша жазылған бұйрықты орындауға міндетті емеспіз» деп қайтарып беріп жіберіпті. Онымен қоймай бұйрықтың үстіне «... Газеттің 29-санындағы гүбернелік атқару комитетінің тығыз бұйрығы бойынша ғинуардың бірінен бастап істің қазақша жүруі керек... Сондықтан мына бұйрықтарыңызды қазақша жазып жіберулеріңізді тілейміз..» деп жазыпты. Болыс та, оның хатшысы да апалақтап сасады. Білгіш деген екеуін де қайдағы бір ауылнайдың хатшысы тақыр жерге отырғызып кетті. Екеуі де ондай газетті де, бұйрықты да көрмей масқара болып қалды. Бейімбет ауылнай хатшысының сергектігін арттыра көрсетіп, мына екеуіне жымия қарайтындай. Олардың газет оқымайтындығын да ашып отыр. Ол үшін мынадай полилог енгізген.

«- Алексей, ғинуардың бірінен бастап бұйрықты қазақша жазу туралы приказ келді ме?

  • Никакой приказ жоқ.
  • «...» газетінде бар дейді ғой! Ол қайда?
  • Қандай газет.
  • Қазақша.
  • Бәйбіше   майлыққа қағаз сұраған соң,   мен барын бергем.

Болыс қысылды.

- Қатын, уа қатын!

  • Немене?
  • Газет алдың ба?
  • Газеті несі?
  • Антұрған, мүсылманша тасқа басқан жазуы бар қағаз.
  • Алексей берген қағаздары бар, қол сүртіп бітірдік.
  • Тіпті қалған жоқ па?
  • Жыртық біреуімен сенің темекіңді орап қойып едім.
  • Соны әкелші!»

Алексей бұйрық жоқ деп қасарысады. Болыс газетті іздеп әлек. Бәйбіше газетті құр қағаз деп ұғады, майлыққа, қол сүртуге ұстайды, темекі орайды. Күлетін де, қынжылатын да жағдай. Шұрқ-шұрқ тесіліп, аяғы жыртылып қалған жаңағы газеттен бұйрықты оқып Өңгелбай аңырып, дал болады. Ал Алексей ері бауырына сырғып түсіп тулаған асаудай бұлқынып, булығып, хатшы болмайтындығын білдіреді. Болыс қанша сөйлессе де, көнбейді. «Не могу... Прощай!» деп кете береді. Оқшау да аяқталады. «Жаны ашымастың басы ауырмас» деген осы. Б.Майлин аяғында ештеңені баяндап жатпай-ақ, біреуге сілтемей-ақ, осындай ойын Алексейдің соңғы сөзімен-ақ сездірген.

Ана тілімізді шұбарлауға қарсы тағы бір мысал - Бейімбеттің «Бидіш, шалабек занит» оқшауы. Мұндағы қолына болыстық атком ағасы билігі тиген Оспанның бюрократтығы оқырманды бейжай қалдырмайды. Оған да керегі болыс болып алу, одан арғының керегі жоқ. Мейлі өртеніп жатсын, мейлі топан су қаптап жатсын, ол ел қамын ойлап, бас қатырып жатпайтын адам. Міне, оның сол бейнесін Бейімбет өз ісімен, сөзімен әшкере етіп көрсетеді. Әуелі «Оспан болыс орысшаға жетік. Заманның түзу шағында тәртіп көріп қалған кісі ғой, болыстық атком ісін баяғы үйез кеңесінен бір-ақ елі төмен жүргізетін көрінеді... Ірі адамның жұмысы да ірі болуы керек» - деп бірден қағытып өтеді. Бұл бекер емес екен. Ол қағыту қалай дәлелденеді? Алдымен байқайтынымыз - ірі істің адамы өзіне өтінішпен келгендерді «Но, баласыңдар-ау, осындай пустәкпен келесіңдер ме?» деген қынжылысы, шұбар тілі арқылы оның іскер еместігі ашылады. Одан кейінгі жерде Оспан «мәдениеттілігі», орыс тілін «білгіштігі» ұстап, сөзін орысша, қазақша араластыра сөйлеп, көкірек кереді. Оған келіп, қолын алып амандаспақ болған Оразғалиға «Табарыш, рукопажатый атменается!» деп ежірейе қарайды. Осы қылығы үшін оған ызаң келеді. Оразғали сондай күйден әрең арылып, жұмысын айтып күңкілдейді. «Бидіш, шалабек занит. Я болыс сериозный ...» деген жауап алады. Басына таспен ұрғандай Оразғали мең-зең болады. Ақыры оның «... Мына хатты апарушы Күзембайұлын сол жаққа орналастыра салыңдар, пуст там шытайтса» деп жазып берген қағазына шектен шыға ашуға булығасың. Ақымақтығын түсініп, сонсоң күлесің. Ал Бейімбет оқырманын күйіп-пісіріп, ызаландырып қойып, өзі Оспан мінезіне жымия күліп отырған сияқты. Оспан әжуаланып, күлкіге қалып, сынға ілініп отырғанын сезбейтіндей. «Қазақ жаманы орыс бола алмайды» демекші, дүбара, шала сауатты болыстан елге не қайыр. Ондай адамдарды болыстық аткомге сайламау керек, сайланса, босатып жіберу керек - міне, жазушы ойының түйіні осы. Бейімбет сондықтан «Пусть там шытается!..» деп Оспанша сөйлеп, мазақтап күледі.

Информация о работе Бейімбет Майлиннің сыншылдық, сатиралық бағыттағы публицистикасы