Автор работы: Пользователь скрыл имя, 21 Сентября 2014 в 16:19, дипломная работа
Диплом жұмысының өзектілігі. Тума талант Бейімбет Майлиннің есімі кемелденген ұлттық әдебиетіміздің парақтарына алтын әріппен жазылды. Ол сол әдебиеттің ірге тасын қаласып, мазмұн-маңызын, көркемдік дәрежесін биікке көтерісті. Аласапыран заманның, соқтықпалы кезеңнің кедір-бұдырлы, соқпақсыз жолымен жүріп, туған әдебиетінің бар ауыртпалығын көтірісті, қаламгерлігін асқан іскерлікпен абыройлы атқарды. Ондағы ойы - қараңғылық, бақытсыздық күй кешкен, еңсесі езілген халқының озат ел санатына қосылуына, көкірек-көзін оятуға, өнер-біліммен сусындауына, сөйтіп бақытты, еркін өмір сүретін күнге жеткізуге, қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, қаламымен өз көмек-жәрдемін беру. Аңсаған арман, өмір нысанасы - осы.
КІРІСПЕ...........................................................................................................
1 ЖАЗУШЫ СЫНШЫЛДЫҒЫНЫҢ БАСТАУЫ, ӨРІС АЛУЫ ЖӘНЕ ЖАНРЛЫҚ АУҚЫМЫ
2 БЕЙІМБЕТ МАЙЛИННІҢ СЫНШЫЛДЫҚ, САТИРАЛЫҚ БАҒЫТТАҒЫ ПУБЛИЦИСТИКАСЫ: ТАҚЫРЫП ЖӘНЕ ПРОБЛЕМА
3 Б.МАЙЛИННІҢ СЫНШЫЛДЫҚ, САТИРАЛЫҚ БАҒЫТТАҒЫ ПУБЛИЦИСТИКАСЫНЫҢ СТИЛЬДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
ҚОРЫТЫНДЫ........................................................................................
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ...............................................
«Әйел бостандығын жарыққа шығара алмай жүргендігімізге сот орындары, тергеушілер - айыпкер. Істі тез іліп алып кетпейді. Сөз бұйдалап жүргенде өтірік куә, қолдаушылар шығып кетіп, оң істі қараға айналдырып жібереді. Біздің сот адамдарымыздың қымызға қонақ бола беруінің де жөні жоқ. Қазақ ешкімге де тегін қымыз беріп сыйламайды. Ескі кездегідей пара бере алмайтын болған соң қулардың көбі қымызды дәнекер қылуға айналды. Қымыз ішу пара орнына жүрмесе де, кей жауапкерлермен такыстыру, істі бірбеткей қарауға мүшкіл, - деді қара жігіт.
- Оның қате, - деп шетте отырған бір жігіт килікті. Қымызды қазақ сатып бермейді. Осы үйге келіп отырмыз, пара болатын болса, неге ішеміз? Мүмкін бұлардың да дауы бар шығар?
Ортада отырған бір жігіт билік есебінде сөз айтты.
- Екеуіңдікі де қате, - деді. Қымызға ешкім сатылмайды. Дауы бар адам қымызды берсе, қымызына қанып алып, ісі жаман болса, түрмеде басын шіріту керек». Шетте тыңдап тұрған Күзембайдың жаны мұрнының ұшына келген шығар. Сол күйін Бейімбет «төбе шашы тік тұрды» деп бір-ақ сөзбен жеткізген. Содан-ақ түсіне бересің байдың жайын. Кешегі айтыс әсер етті ме, жоқ пара алмаған соң ба, әлде өзі таза адам ба, Бейімбет оның бәрін тәптіштеп жатпайды, тергеуші біраз әңгімелескеннен кейін «іс тексеріліп болғанға шейін Күзембай тұтқындыққа алынсын» деп қаулы алады. Ақыры бай түрмеге түседі. Жазушының зорлықшыл адам жазасын тартсын деген идеясы осылай шешімін табады. Бұл оқшауда Б.Майлин сот, тергеу орындары шара қолдануы керектігін айтып, оларға сілтей салмаған, істі қалай ақырына жеткізу қажеттігін айқын аңғартқан. Бейімбет істің әділ шешілуіне әсер еткен полилогты енгізуі бекер емес екен.
Авторлық баяндау - Бейімбет стилінің ерекше түрі. Бірақ, баяндауының шындығына көз жеткізу үшін басқа тәсілдермен толықтыра ашуы жиі кездеседі.. Авторлық баяндаумен кейіпкер образын көрсеткеннен кейін, оған оқырманды сендіру үшін сюжеттермен толықтыруы «Жолаба!.. Торы!..» оқшауында анық байқалады. Оқшау «Октябрьдің бірі күні Жөлектің базары қызып жатқанда, Жорабек Есенұлы мен Пірімбет Тәжінұлының арасындағы кикілжің де қыза бастайды. Екеуі екі елдің жігіт ағасы. Әсіресе, Жорабек Есенұлы Некең заманында азуы шығып, пәлен жыл ел басқарған, жанды бетіне қаратпаған кісі. Кешегі Кержұрт ылаңында Ақмешіт уезін уысына сидырып, артынан сотқа ілігіпті ғой» - деп баяндап кейіпкермен таныстырады. Жорабектің қандай адам екенін сезесің. Бірақ, Бейімбет бұл құр сөз болмасын, соны аша түсейін дегендей детальды сюжет жасайды. Түрмеге түсейін деп тұрған Жорабек аруаққа жалбарына кетейін деп әкесінің моласына барады. Құран оқыса, жаңыла береді. «Сорлы қақпас енді менен құранды да көпсіндің бе?» - деп әкесінің моласын тепкілеген. Өз кінәсін өзінен көрмей, басқаға дүрсе қоя беретін, жалақор мінез осы детальмен де бейнеленген. Жорабекті қызылкөз пәле шығар деп іш тартасың: азуы алты қарыс, бетіне жан қаратпаған, бүкіл уезді уысына сидырған, тіпті өз әкесінің аруағын сыйламаған адамның бейнесі жасалған. Оның сол кейпі Жорабек пен Пірімбет екеуінің төбелесін суреттеген сюжет те қоюлана түседі. Екеуі сөзге келіп айқаса түседі. Оларға жақтастары қосыла кетеді. Милиция келіп тоқтатпағанда жойқын қырғын болатын еді. Бір жағы «Жолаба!», екінші жағы «Торы!» деп ұрандатып айқасқан. Сан төбелесті бастап, талай рет басы жарылып еті үйренген, әрі өзі шатақ Жорабектің бұдан кейін де жаны жай таппайды. Пірімбетте де маза жоқ. Олар түс көргенде де ұрандатып жатады. Сөйтіп Бейімбет бастапқы баяндауына көз жеткізіп береді.
Авторлық баяндау жазушының публицистикалық туындыларының басталуында, ортасында да, арасында да кездесе береді.
Б.Майлин - әр шығармасын бастау тәсілін түрліше қолданған суреткер. Басында айтылған ойын, берген адам бейнесін, мінезін, әрекетін дәлелдеу үшін бірнеше тәсілге жүгінетін кездері де аз емес.
«Ақ шайыға ораулы» оқшауы
- Келдің бе?
- Жаз ендеше» - [35] деген диалогпен басталады. Не жазбақшы екен деп ынтығасың. Мұрнының ұшы тершіп, қағазын аударыстырып бала отыр. «Түйе жүн көрпені арқасына жамылып, сол аяғын көсіліп жіберіп, бай шай ішіп отыр». Осы суретті көз алдыңызға келтіріп көріңізші, паң, менмен бай бейнесі келе қалмай ма? Ол не ойлап отыр, нені жаздырмақшы? Дайын отырған баланы жер-жебіріне жетіп бір ұрсып алады. Оның кейпі ірілене түсіп, ашушаң, бір беткейлігі сезіледі.
Фельетонный, екінші бөлімінде Бейімбет бұдан бұрынғы оқиғаны еске түсіріп, көлденеңнен қосып жібереді. Жантуар деген бай Еркебала деген қызын алып қашқандардан шу шығарып, пәле жасап, талап кетті деп жар салып, тиынға шейін есептеп өтеуін талап етеді. Ниязбектің өтірігіне көз жеткізу үшін Бейімбет осы қосымша сюжетті кіргізе отырып, соттың жалған сөзді жақтамайтынына сенім артады. Бір шығармада бірнеше тәсіл қолданылған. Ондай жағдай көптеген фельетондарында бар.
Бейімбет публицистикасының басталуы түрліше келетіні, бір сарынды, бір қалыпты болмайтыны төмендегі мысалдарда да айшықты көрінеді. Желге ұласып ызғырақ боран соғып, айналаны қар басып, мал мен жанды әбігерлікке салған жағдайды суреттеуден басталған «Бұл - сол еді» оқшауында кедей Қарқымбайдың жалғыз атынан айырылып, әйелі мен баласы қаңғып кеткеніне кездесеміз. «Жол үстінде» фельетоны да сар даланы ақ қар жауып, ызғырық жел соғып тұрған табиғат құбылысын көрсетуден басталады. Мұнда да көмегі болар деп дәмеленген Ысқақ ат айдаушы болып шыққанмен Мертай төреден тым болмаса жылы сөз де естімейді. «Аш-жалаңаш» оқшауындағы «Күз.. Ызыңдаған ащы жел суық лебін денеге соғып, тітіркендіреді. Денені түршіктіріп, қыстың ызғарын көз алдыңа елестетеді!» - деген кіріспеден де бір сүреңсіз өмірдің боларын сезесің. Ал мұнда тырдай жалаңаш, өздері аш бүрсеңдеп, әр бұрышты паналап жүрген балаларды көріп, оларға ешкім жанашырлық жасамайтынына кезігесің. Табиғаттың қатал көрінісімен басталатын «Сен де солай ма едің?» фельетонына артынша ыстық жасқа булығып, сарнап отырған Дәмешке тап боламыз. «Пүртекел» оқшауында да сақылдаған сары аяз алдымен айтылады.
Басты кейіпкерін таныстырудан бастайтын туындыларына «Шапайұлы Шапалақ», «Әлидің хаты», «Жантөре мен Шаймерден», «Тап өзі», «Әлекемнің аяқ алысы», «Рақымбайдың мақаласы», «Болыстың құдасы», «Ұл туса, Мәкеден тусын!», «Өңгелбай», «Зайым-помыш» оқшау-фельетондары жатады. Бірінде мұғалімді, енді бірінде апайтөс бай-болыстарды, тағы бірінде кеңес қызметкерлерін кім екендіктерін, қайдан шыққандықтарын айтып өтіп, сол таныстыруларына сәйкес іс-әрекеттерін ашады.
«Жырым жеген деген жаман сөз. Мұны өте кейігенде, асқынғанда ғана айту керек. Әйтпесе, жырым жеушілер өкпелеп те қалады» («Жырым жегендер»), «Пәленің мыңы сырда, бірі – қырда» деп Арқа елі мақал қылады. Бұл рас. Сыр елін қаптап кеткен не қылған пәле?» («Пәленің мыңы сырда...»), «Көшеге көп жүріп үйренбеген адамға Қызылорданың базарының жанына жүруден қиын не бар» («Қаудыр тон»), «Елдегі ерсі мінездердің әрқайсысының өзінше тарихы бар ғой» («Жігітшілік»), «Салқамбайдың бір жетіден бері басын қатырып жүрген жұмыс - Күләштің жайы» («Салқамбай тоба қылды»), «Молда-екеңдерге, «құдай» деген пенделерге көптен қайырылып соға алмай ұятты болып жүр едім» («Ұжмақ белеті») деп шығармалардың басында-ақ кекесін-мысқылдың иісі сезіледі.
Жазушы бір топ публицистикасын өзі болған жерлерде көргендерінен бастайды. Жазатын тақырыбына орай керек жерін іздеп, күлкілі жағдайларға, келеңсіз кемшіліктерге, елеусіз ерсіліктерге кездесіп, содан ойға түйгенін өзім болдым, көрдім деп бастаса, жазушы шығармасына жұрттың сенімі арта түседі. Оны ескеруі Бейімбет стилінің маңызын арттыра түскен.
Публицистикалық туындыларының тілшілер хабарларынан да, әр түрлі жиналыс, мәжіліс, сайлау өткізудің бастапқы көрінісін беруден де, жаңа өмірге аяқ басқандықты, жаңа жұртшылықтың іргесін қалап жатқандықты, үкіметтің атқарып жатқан істерін тілге тиек етуден де басталатындары да назарға ілінбей қалмайды. Сөйтіп, Б.Майлин шығармаларының басталуын алуан түрлі етіп құрады, солар арқылы тартымдылығын, әсерлілігін арттырады, әрі өзінің нысаналы мақсатына жету үшін оқиға, құбылыс сюжетін ширатып өреді.
Көлденең сюжет, көлденең кейіпкер кіргізу - қаламгердің жиі қолданатын әдістерінің бірі. Б.Майлин «Әлидің хаты» оқшауында көлденен сюжет ретінде кейіпкердін хатын пайдалану әдісін қолданған. Сол хаттың мазмұнында Әлидің де, Әшірбектің де құпия сырлары, түпкі арам ойлары жұртшылыққа жария етіледі. Оқшаудың сюжеттік құрылымын жымдастырған бірнеше стильдік ерекшеліктер аңғарылады. Туынды екі адамды жалпы таныстырумен басталады. Содан кейін Әлидің хаты келтіріледі. Басында ешкімнен артық ерекшелігі жоқ Әли сыр беріп алады. Бұл - өз хаты арқылы өзін әшкерелеу. Екінші бір ерекшелік - жазушының хат сөздерін өңдеп, жетілдіріп, көрік беріп жатпағандығы. Әлидін сөз құрау, сөйлеу мәнерін бұзбай қаз қалпында берген. Әрине, ол көсілтіп, құлпыртып сөйлейтін шешен емес. Бейімбет соны ескерген. Тілге жеңіл-желпі қарамайтындығы мұнда да сезіледі. Осыдан соң үшінші ерекшелікті көреміз. Жазушы жұрт түсінігіне айналған, көңіліне сіңген «совпарт», «болком», «болкомдерді», «болыскомдерді», «ответ работниктердің» деген сөздерді де енгізеді. Төртінші ерекшелік - Әлидің өзін өзі әшкерелеуімен шектеліп қалмай, Бейімбет өз тарапынан да оны масқара еткен. Ащы тілмен түйреп өткен. Ол аздай «сыбырлап қана сөйлейді, сыбырмен жүріп жұмысын бітіреді» деп кекесінді мысқылмен бет-пердесін сыпырған. Бесінші ерекшелік - жауапты қызметкерлердің кеңес мектебіне кім көрінгеннің адамдарын «тоғытып» жіберетінін ескерткен. Бұл көлденең баяндау абзацында көрінеді. Соңғы ерекшелік: оқшауды жазғандағы Бейімбеттің мақсаты не екендігіне жауапты өзі береді. «Кеңес мектебінің басқармалары, басқарып отырған азаматтары - Әлидің хатын біз сіздерге жолдадық. Әли құсап «оқып болған соң жыртып таста» демейміз. Оқып шық, мазмұнын түсін, күнделікті жұмысыңда қолыңа тал қылып ұста» дейміз, - деп нүкте қояды.
Ал «Салқамбай тоба қылды» фельетонына жазушы бірнеше сюжет кіргізеді. Алғашқы сюжетте қызына көз түскендердің сөз салуы, отағасының ойға қалуы суреттеледі. Бір жағынан қорқады, екінші жағынан ақшаға қызығады, алатын 500 сомға бір ат алып, қалғанын басқа керегіне жаратпақ болады. Келесі сюжетте Рахым деген жылпос келіп, «500 сомды бір қолдан санап беремін» деген бәйбішесі бар байға бер деп азғырады. Салқамбай келісе кетеді. Одан кейінгі сюжетте қыз әкесі бір ат, әйеліне бір пар жаулық, бір көйлек, өз бешпетіне тыс сатып алып, мәре-сәре болады. Қаулап өсек тарайды. Соңғы сюжетте «Қызыңды неше сомға саттың?», «алаяқ атты қайдан алдың?» деп дікеңдеп ауылнай келіп қалады. Тергеу жүреді. Салқамбай сасады, аман-есен құтылар болса, ендігәрі теріс қадам жасамастығын ойлайды. Әр сюжет ұзақ сонар емес, шағын, динамикалық байланысы күшті, қанша оқиға, әрекет сиып кеткен десеңізші. Фельетон осы қалпымен сахнаға шығарып қоятын пьесаға пара-пар. Бейімбеттің суреткерлік шеберлігін айшықтайтын туындысының бірі - осы «Салқамбай тоба қылды» фельетоны.
Б.Майлиннің «Рақиланың көк тұсағы» оқшауында дәу пері атанған Мекежан мен Рақила бәйбішені сын-сықақ нысанасына алудағы тәсілі назар аударарлық. Оқшауға ауылда тіміскілігімен белгілі Жорабек Талтақұлы деген үшінші бір көлденең кейіпкерді кіргізеді. Соған әлгі екеуін де әшкере еткізеді. Ол қу алдымен екеуінің ауыз жаласып, ішке түйген құпия сырларын біліп алады. «Дәу қараға айтам, біреудің қойын алдап аласың? Шаңырағыңды ортаға түсірейін!» - деп қорқытып бақсыдан ауыз бастырыққа үш пұт бидайын алып алады. Одан кейін «көк тұсақты неге ұрлап бересің, байыңа айтам» - деп Рақиланың зәресін кетіреді. Бәйбіше үйіндегі сақтап жүрген майының қақ жартысын беріп, «масқара қыла көрме» деп жалынады. Алайда, Жорабек қу жұртқа жайып жібереді. Сөйтіп, Бейімбет басқа кейіпкердің әрекетімен емдеушіні де, емделушіні де әшкере жасайды, масқара етеді. Сондай-ақ оқшаудың желісінде адамдардың, әсіресе әйелдердің аңқаулығы да сезіледі. Аңқаулығы сол - аурудан айықсын-айықпасын мал-мүлкін жөнсіз бере салатындығы.
Өткендегімен салыстыру арқылы айтпағын оқырманға жеткізу - жазушының шебер қолданатын бір әдісі. Мәселен, біз атап өткен «Кім ұры?» оқшауындағы Есенғұл ұры мен оның арқа сүйейтін байды сынай келе өткен дәуірдің ұрылары туралы тосын әңгімеге ауысып кетеді. Кеңес кезіндегі ұрлықты жазып отырып Б.Майлин төңкерістен бұрынғы ұрылар жөнінде Бейсембі деген кісімен әңгімелескенін есіне алады. Ол Тобыл бойындағы ұрылардың бірі болыпты. Бейсембінің сөзіне қарағанда, жылқысы мың жарымға жеткен Жаппасбай байдың Ахмет деген баласы бірнеше жыл бойы болыс болған, ал екінші баласы Мұстапа сайлауда көп ақша шашып, «балаграф» атанған. «Ахметтің қолында 20 шақты жігіт болып тұрдық, дейді Бейсембі. Жай ұрлыққа әуестігіміз жоқ еді. Ахмет өштескен жеріне ғана жіберуші еді». Есенғұл мен Бейсембінің ұрлығын жарыстыра баяндағандағы жазушының мақсаты не? Біріншіден, ұрлық проблемасының алыстан келе жатқан тамырын ашу үшін қолданған стильдік тәсіл, екіншіден, нағыз ұрының кім екендігіне көз жеткізу. Бейімбет екі мысалды алға тарта отырып, өзгеше шешім-түйін жасайды. Есенғұлға ұрлатып алдырған малды іздеп келген иесін Маман тұқымдары сілейте ұрып тастайды. Өйткені, байлық, мықтылық солардың қолында. Кеңес кезінде де ескі әдеттен арылмаған олар. Ал Ахметтің де істейтіні сондай еді. Тегі байлар ұрлық жасамаған, бірақ малды ұрлықпен де жиған. Өздері атқа мінсе де ұрылары жанында жүрген. Керек жерінде олар жандайшаптарын жақтап қорғаған. Ұрылар сондықтан байға арқа сүйеген, оның сілтеуімен, тапсыруымен ұрлық істеген. Осындай ойын одан әрі Бейімбет былай баяндайды: «Елдегі момындар, кедей шаруалар екі күннің бірінде жалғыз атынан айырылып, жүгенін ұстап қала берген. Бірақ байды ұрлық қылады деп ешкім ойламаған. Ұрлықтың қайдан балалап жатқанын сезуші болмаған. Малынан айырылған кедейлер құдайдан көріп, «байдың малының ішінен жарлының жалғызын алады» деп мақал шығарған».
Осындай салыстыру әдісі Б.Майлиннің «Сый-тарақ» оқшауында да ұшырасады. Жазушы осы туындыда екі замандағы - ескі және жаңа (кеңес) дәуірдегі сый көрсету рәсімдерін салыстырған. Бұрын сыйды дос-жарандарға, қүдандалы адамдарға тартқаны туралы баяндайды. Терезесі тең байлар бір-біріне мал немесе асыл бұйым сыйлаған. «Біреуге біреу жақын болғысы келсе, біреуге біреудің ісі түссе, сый берген». Бай өзін мақтаған ақынға ат не зат сый еткен. Оны ақын мақтау өлеңімен өтеген. Ал кеңес кезінде кооператив дүкендерінде зат алушыларға керек емесін тыққыштап, қосымша ғып, «сый» деп береді екен. Алмасаң, басқа сұрағаныңды, керегіңді бермейді екен. Ондай нәрсені Бейімбет дүкеншіге «сый» дегізіп сықақ еткен. Оның үстіне ескі замандағыдан кеңес дәуіріндегі сыйдың артып кетпегенін салыстыру арқылы сынаған.
Адам әрекетінің қарама-қайшылығының үйлесімсіздігін суреттеу арқылы сықақ ету де - бір тәсіл.
Б.Майлин «Тек тірі болсын» фельетонында [35] Ахметұлы деген мектеп меңгерушісінің бет пердесін ашып берген. Жаңа штрихты оқи бастасаң, еріксіз ары қарай тартып әкете береді. Тартымды тәсіл. «Қызыл ту» колхозындағы жұрт әбігерге түскен, шошынып ығы-жығы болуда. Не болып қалды екен деп ойға қаласың. Сөйтсе, әлгі Ахметұлы алақандай записка тастап кетіпті. «Уайысұлы жолдас! Сіздер маған ұрыспаңыздар. Мен бұл дүниеде тұрмаймын. Тұруға риза емеспін. Мен өлемін... Атыламын. Қош, бақыл болыңыз! Ахметұлы» - деп жазыпты. Бейімбет записка қалдыру деталімен, біріншіден, оқушысын селт еткізіп баурап алса, екіншіден, кейіпкерінің мінез-қылығынан алғашқы, әлі белгісіз хабар беріп өткендей. Оқығанда бірден ынтаңды арттыратын сәтті штрих. Жазушы ары қарай соның мәніне көз жеткізу үшін, қызыға оқу үшін оқиғаны қоюландыра түседі. Ахметұлы мылтық алып терең сайға қарай бет алады. Оны байқап қалған жұрт не істерін білмей дағдарады. Оған жақындауға қорқады. Бүкіл ауыл болып, улап-шулап жүріп оны өлімнен алып қалады. Сөйтсе ол өлейін деп жүрген адам емес, қоқан-лоқы жасап, үрей туғызып өзінің бұрынғы жат істерін жасырып, тазамын деп көрсетпек болған қу екен. Жазушы оның қулығының сырын біліп алып, жеткізе ашыл береді. Сөйтсе, Ахметұлы мектеп меңгерушісі, комсомол мүшесі бола тұра өтірік қуған арызқой екен. Ол әйелі бар болса да, оқушы бір қызға сөз салған, көнбеген соң оны мектептен шығарған. Жалған документпен банктен бөтен біреудің ақшасын алған. Оның лауазымды қызметіне істеп жүрген істері қайшы келіп, үйлеспей жатыр. Ахметұлының келеңсіз әрекеттері белгілі болып қалып, тексеру жүріп жатқан екен. Записка жазып, мылтық ұстауының, елді әбігер етуінің себебі осы болып шықты. Сондықтан, жұрт оны қолдай қоймады, бірақ, өлмей-ақ қойсын деген мүсіркеулік пейіл ғана білдірді. «Тек тірі болсын!» деп Бейімбет те келеке етеді. Бірақ, «Тексеру орындары шабандық істемей Ахметұлының «тірі» кезінде үлгірсе, бұдан да гөрі күрделі «себептердің» көзін табуы мүмкін» - деп сілтеме жасайды. Тергеушілердің шабан қимылдамайтындықтарын да іліп кеткен. Тегі сот, тексеру мекемелерінің атына айтылатын Бейімбеттің сын-ескертпелері аз ұшыраспайды. Көбіне ол туындыларының соңында оларға қарата не ескерту, не құлақ қағыс, не өтініш, не талап түрінде сөз арнайды. Сынап жіберетін тұстары да жоқ емес.
Информация о работе Бейімбет Майлиннің сыншылдық, сатиралық бағыттағы публицистикасы