Қазақстан Республикасындағы қылмысқа қарсы күрес тиімділігінің теориялық негіздері

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 19 Августа 2013 в 08:59, курсовая работа

Краткое описание

Елімізде жүргізіліп жатқан реформаны іске асыру және барлық заңды мүдделерді қорғау үшін қылмыстылықпен күрес шараларын күшейтуді қажет етеді. 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдуммен қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының 1 бабында “Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы-адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары” дей отырып қоғамға, адамзатқа қарсы іс-әрекеттерді жасауға тыйым салады [1. 1-бап]. Қолданылып жатқан, құқықтық және ұйымдастыру шараларына қарамастан еліміздегі қылмыстық ахуал күрделі күйінде қалып отыр және техниканың дамуы мен көбеюіне, өндірістік қызметтердің қарқынды жүргізілуіне байланысты заңмен қорғалатын құндылықтарға абайсызда зардаптар келуінің мүмкіндігі де артуда.

Прикрепленные файлы: 1 файл

ЖАЗА.doc

— 465.50 Кб (Скачать документ)

Жазалаудың алтыншы  элементі, бұл жаза жұмыс орны бойынша  емес, түзеу жұмыстарын атқаратын  инспекциясының белгілеген орны бойынша өтелетіндігімен байланысты.

Жазалаудың жетінші  элементі, оның соттылығы болуында». [32; 48-57 б.]

Осындай ұқсас элементтер бас бостандығынан  шектеумен  байланысты емес басқа да жаза шараларының  түрлеріне тән. Сонымен, қылмыскерге  өмірінде белгілі бір күйзелістер, жайсыздықтар мен қиындықтар келтіру сияқты жазалаудың осындай ажырамас бөліктері, әрбір жазаның түрінде бар. Сондықтан әрбір жаза белгілі бір жазалау қызметін орындайды деп айтуға толық негіз бар.

Келтірілген тұжырымдарға байланысты жазалау қызметі тек жазаның қатаң түрлеріне – бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруға тән десек қате түсінеміз. Жазаның қаталдығы, қатігездік  дәрежесі жөнінде әңгіме басқаша болуы мүмкін, бірақ оны теріске шығару жөнінде әңгіме бөлек. Яғни, жазалау барлық   жазаның түрлерінде де бар.

 

2.2 Қоғамнан оқшаулаумен байланысты  емес жазалардың тиімділігі

 

 

Қазақстан Республикасы Қылмыстық заңының 1997 жылы өткізілген реформасына сәйкес, жазалардың жүйесіне маңызды өзгерістер енгізілген. Өскелең өмір талабына лайық қылмыстық жазалар жүйесі түсінігінің өзін қайта қарауды, тіпті, жазалар жүйесі қылмыстық-құқықтық және пенитенциарлық түсініктерінің табиғатын ашуда қалыптасып қалған қылмыстық құқықтың теориясындағы дәстүрлі әдістемелерден айырықша, жаңа ғылыми әдістемелерді қалыптастыруды және жетілдіруді қажет етеді.      

Қазақстан Республикасының  қылмыстық құқық теориясында  жазалар жүйесі жайлы қалыптасқан  бір ізділік  бар сияқты. Ал шындығында, бұл салада да әр түрлі бір-біріне қайшы пікірлер де кездеседі.  

Қылмыстық құқықта жазалардың жекелеген түрлерінің белгіленген  ерекшеліктері мен қасиеттерінің  негізінде жазаларды бөлек ішкі жүйелер бойынша топтастыру қалыптасқан.     

Мысалы, «мазмұны және ықпал  ететін сипаты бойынша жазалар еңбекпен түзеу ықпалымен және онымен байланысты емес жазаларға бөлінеді – деп саналған. Еңбекпен түзеу міндетті түрде байланысты жазалардың қатарына бас бостандығынан айыру, жер аудару, шығарып жіберу, бас бостандығынан айырмай қолданылатын түзеу жұмыстары жатады. Қылмыстық заңмен көзделген басқа жазалар мұндай ықпал етуді талап етпейді, себебі жазаның мақсатына оны қолдану нәтижесінде қол жеткізіледі.

Еңбекпен түзеумен байланысты жазалар жасалған қылмыстың және қылмыскердің жеке басын сипаттайтын  белгілер сотталушының  құқықтарының шектелуімен және оған жазаны қолдану процесінде педагогикалық, тәрбиелік сипаттағы ерекше әсер ететін – еңбекпен түзеумен байланысты жазаның айбарлы түрін қолданусыз жазаның мақсаттарына қол жеткізуге мүмкіндік болмайтынын дәлелдейтін жағдайда ғана қолданылады». [33; 326-327 б.]  Кеңестік қылмыстық құқықта да жазаларды ішкі жүйеге топтастыру үшін бағалау белгісі ретінде жазалардың сотталушыға еңбекпен түзеумен байланыстылығы немесе байланысты еместігі әсер еткен. Себебі, жазаның негізгі, ең басты мақсаты сотталушыларды түзеу және қайта тәрбиелеу болған.

Әрі қарай қылмыстық  құқықта қолданылатын жазаның  сотталушыларды жазалаушылық әсері бойынша топтастыруды басқа белгілер мен әдістемелер  негізінде анықтаған.

Профессор А.В. Наумов  жазалаушылық элементтердің сипатын есепке ала отырып, жазаларды үш топқа бөлген:

«1) бас бостандығын  шектеумен немесе айырумен байланысты емес жазалар (айыппұл, белгiлi бiр лауазымды  атқару немесе белгiлi бiр қызметпен  айналысу құқығынан айыру, арнаулы  немесе әскери атағынан айыру, міндетті жұмыстар, түзеу жұмыстары, әскери қызмет бойынша шектеу және мүлкін тәркілеу);

2) бас бостандығын  шектеумен немесе айырумен байланысты  жазалар (бас бостандығын шектеу, қамау, тәртiптiк әскери бөлiмде  ұстау, белгілі мерзімге бас бостандығынан айыру, өмір бойы бас бостандығынан айыру);

3) өлім жазасы». [34; 374-375 б.]

А.В. Наумовтың жазаларды  топтастыруының негізінде соттың қылмыс жасаған кінәлі адамға бас бостандығынан  айыру жазасын қолдану немесе қолданбау мүмкіндігі бар.

Сотталғандарды құқықтары  мен бостандықтарын айыру мен  шектеудің мазмұны бойынша жазалар  бес топқа (ішкі жүйелерге) бөлінеді. Мазмұны бойынша өлім жазасынан  басқа жазалардың барлығы бір  жиынтық мағынасын да сипатталады.

Бас бостандығынан айыру  жазасы өзінің ішкі жүйесіне қоғамнан оқшаулаумен байланысты түрде, белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айыру және өмір бойы бас бостандығынан айыру түрінде қолданылады. Әрине, оның ешқайсысы да түрмеде қамау немесе өмір бойына жалғыз адамдық камерада ұстаса да қоғамнан толық оқшаулауды білдірмейді. Қылмыстық-атқару кодексі бойынша сотталушылар түзеу мекемесінен тыс жерлерге жыл сайынғы еңбек демалысына шығуға құқық алған. Сондықтан ғылыми заң әдебиеттерінде бас бостандығынан айыруды қылмыстық-атқару мекемесінде ұстау атауына ауыстыру жөнінде ұсыныстар енгізіліп жатыр.

Бас бостандығынан шектеу жазасы өзінің ішкі жүйесіне жазаның  осы түрін және тәртіптік әскери бөлімінде ұстауды қосады. Бас  бостандығынан айыру сияқты ол да еңбек, отбасы және тұрғын үйге деген  құқықтарының шектелуімен байланысты. Негізгі шектеу – бұл оның жүріп-тұру құқығын шектеу болып табылады.

Мүліктік жазалардың ішкі жүйесі–бұл сотталушылардың материалдық  құқықтарының шектелуін білдіреді. Мұндай жазаларға айыппұл және мүлікті  тәркілеу жатады.

Еңбекке тарту жазаларының ішкі жүйесі түзеу жұмыстарын, міндетті жұмыстарды, әскери қызмет бойынша шектеуді, белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруды, арнаулы, әскери немесе құрметтi атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградаларынан айыруды қамтиды. Жазаның негізгі белгісі ретінде бұл жерде еңбекке мәжбүрлеу қолданылады, яғни айыпты өзінің таңдауы бойынша емес, жаза атқарушы орган белгілеген еңбек түрімен айналысады. Еңбекке тарту жазаларының жиынтығы, кәсіптік шектеулермен  материалдық шектеулермен, оның ішінде бастылары еңбек ақы және кейінгі зейнетақы алуын шектеуден көрінеді.

Жазалардың соңғы ерекше ішкі жүйесінің бір түрі - өлім жазасы».

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 39-бабына сәйкес, кінәлі адамды қоғамнан оқшалаумен байланысты емес жазалардың ішкі жүйесіне айыппұл, белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру, қоғамдық жұмыстарға тарту, түзеу жұмыстары, әскери қызмет бойынша шектеу, бас бостандығын шектеу кіреді.

Қылмыстық құқықтың теориясында  кінәлі адамды қоғамнан оқшалаумен байланысты емес жазалар жүйесінің мәселелерін  анықтап, оны әрі қарай дамыту мақсатында бұл ішкі жүйені оған кіретін  жазаның әр түрлі қызметтік ерекшеліктеріне сәйкес жан-жақты зерттеуді қажет етеді.

Жоғарыда көрсетілген  зерттеу жұмыстарына сүйене отырып, қоғамнан оқшалаумен байланысты емес жазалардың жүйесін келесі ішкі топтарға топтастыруға болады:

1) сотталғандарға материалдық  жағынан шектеулер мен ауыртпалық келтіруге бағытталған мүліктік жазалардың ішкі тобы – айыппұл, мүлікті тәркілеу;

2) еңбекке тартумен  ерекшеленетін жазаларының ішкі  тобы - белгiлi бiр лауазымды атқару  немесе белгiлi бiр қызметпен  айналысу құқығынан айыру, қоғамдық жұмыстарға тарту, түзеу жұмыстары;

3) бостандығын шектеу  жазасының ішкі тобы – бостандығын  шектеу және әскери қызмет  бойынша шектеу.

Қазақстан Республикасы соттарының жасалған қылмыстар бойынша  жаза тағайындау жөніндегі сот практикасын  зерттеу қорытындылары көрсеткендей, бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны сирек, яғни адамдардың өліміне немесе жәбірленушінің денсаулығына ауыр зақым келтірілген ауыр салдарлар туындаған жағдайларда ғана қолданылған, соған орай кінәлі адамды қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаларды қолданудың кеңею үрдісі байқалады.

Қоғамнан оқшалаумен байланысты емес жазалардың ішкі жүйесінде  жаңадан пайда болған жаза түрлері  кездеседі, оларды қолдану туралы практика болмағандықтан, олар қазіргі уақытқа  дейін сирек және үлкен қиындықтармен қолданылады. Мысалы, Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 42-бабында, кінәлі адамды қоғамнан оқшалаумен байланысты емес түрде қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы көзделген.

Қылмыспен күрестің тиімділігін  көтеру мәселелерін шешу үшін кінәлі адамдарды қоғамдық жұмыстарға тарту практикасын кеңейтіп, оның жиі қолданылуын ескерген жөн. Алдымен, Қазақстандық қылмыстық құқықта және заң практикасында жазаның жаңа түрі ретінде қоғамдық жұмыстарға тарту институтының қылмыстық-құқықтық және пенитенциарлық табиғатының дұрыс түсінігін қалыптастыру қажет.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 42-бабына сәйкес, қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы сотталған адамның негiзгi жұмыстан немесе оқудан бос уақытта тегiн қоғамдық пайдалы жұмыстарды орындауынан тұрады, олардың түрлерiн жергiлiктi атқарушы органдар немесе жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары белгiлейдi.

Заң бойынша қоғамдық жұмыстар алпыс сағаттан екi жүз  қырық сағатқа дейiн белгiленедi және күнiне төрт сағаттан аспайтын уақытқа  өтеледi. Қоғамдық жұмыстардан әдейi жалтарған жағдайда олар қылмыстық заңда көзделген мерзiмдер шегiнде бас бостандығын шектеумен ауыстырылады. Бұл орайда сотталған адамның қоғамдық жұмыстарды өтеген уақытын есептеген кезде, бас бостандығын шектеудiң немесе қамауға алудың немесе бас бостандығынан айырудың бiр күнi қоғамдық жұмыстардың төрт сағатына есептеледi.    

Қылмыстық заңда әскери қызметшiлерге, елу бес жастан асқан  әйелдер мен алпыс жастан асқан  еркектерге, жүктi әйелдерге, үш жасқа  дейiнгi балалары бар әйелдерге, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектерге қоғамдық жұмысқа тарту тағайындалмайды.

Яғни, қолданыстағы қылмыстық  заңда қоғамдық жұмыстарға тарту  жазасының түсінігі, оның төменгі  және жоғарғы мерзімдері, бұл жазаны қолдану ережелері белгіленген. Сонымен қатар, жоғарыда көрсетілгендей, қылмыстық әділет органдарының практикасында жазаның бұл жаңа түрін теориялық және практикалық жағынан белсенді түрде қолдану жөніндегі шараларды іске асыру жолында көптеген қиындықтар кездеседі.

Қазіргі заманғы Қазақстан  Республикасы қылмыстық құқығының теориясында қоғамдық жұмыстарға тарту-жазаның жаңа түрі ретінде қолданудың бастапқы шарттары, әдістемелері дәрежелерінде ғана сипатталған.

«Қоғамдық жұмыстарға тарту (қоғам мүдделері үшін еңбек ету, қоғамның пайдасына жұмыстар орындау) жаза ретінде шетелдік қылмыстық құқыққа жақсы белгілі және практикада кеңінен таралған. Олар Англияның, Францияның, Нидерландтың, Испанияның және т.б. елдердің қылмыстық кодекстерінде көзделген. Бұл жазаны бірнеше мемлекеттердің жаза атқару практикасында қолдану оның жоғары тиімділігін көрсетті, сондықтан жазаның бұл түрі бұл елдерде бас бостандығынан айыру жазасына балама ретінде қолданылып отыр.

Қоғамдық жұмыстарға тарту Қазақстан Республикаасының қылмыстық кодексінде белгіленген және республиканың бұрынғы қылмыстық заңына белгілі болмаған жазаның жаңа түрі.

Қоғамдық жұмыстардың  түрі жергiлiктi атқарушы органдар немесе жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен белгiленедi. Олар мұндай жұмыстар бойынша  жұмыс орнын бере алатын мекемелерді  және жұмыс көлемі туралы жазаны орындайтын орган–қылмыстық-атқару инспекциясына хабарлайды. Қоғамдық жұмыстар сотталушының тұрғылықты жері бойынша өтеледі. [35; 68-71 б.]

Қылмыстық кодекстің 42-бабының 3-бөлігімен қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы қолданылмайтын адамдардың нақты тізімі көзделген. Әскери қызметшiлерге, елу бес жастан асқан әйелдер мен алпыс жастан асқан еркектерге, жүктi әйелдерге, үш жасқа дейiнгi балалары бар әйелдерге, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектерге қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалмайды.

Бұл жазаға сотталған  адам жүкті болып қалған жағдайда, Қылмыстық кодекстің 72-бабына сәйкес, жазаны өтеу кейінге қалдырылуы мүмкін.

Жазаны өтеу кезінде  сотталушы бірінші немесе екінші топтағы мүгедек болып танылған жағдайда, егер сотталушының денсаулығы келешекте бұл жазаны өтеуге кедергі келтіретін болса Қылмыстық кодекстің 73-бабының 2-бөлігіне сай бұл адамды сот жазаны өтеуден босатуы мүмкiн немесе бұл жаза неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстырылуы мүмкiн.

Қоғамдық жұмыстар тарту  үнемі қызметте болатындықтан  әскери қызметшілердің барлық санаттарына тағайындалмауы мүмкін.

Біздің ойымызша, қоғамдық жұмыстарға тарту институтын қылмыстық  құқықта теориялық жағынан зерттеу  және заң практикасында іске асырудың келешегі, жазаның бұл жаңа түрінің  әлеуметтік шарттылығы және әлеуметтік негізділігі мәселелерін дұрыс шешуді  қажет етеді.

Біздің республикамызда  да айыппұл жазасын кеңінен қолдануға  қылмыскерлердің салынған айыппұлды  өтей алатындай қандайда бір құнды  заттары мен ақша қаражатттары болмауы  сияқты криминологиялық ерекшеліктері  де кедергі келтіреді. Сондықтан  соттар осындай сотталушылардың криминологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, басқа балама жазаларды қолданады, айыппұл жазасына қарағанда кейбір жағдайларда өте ауыр, ал кейбір жағдаларда шамадан тыс жеңіл жазаларды таңдайды. Осындай жағдайларға байланысты соттар көбінесе шартты соттауды жиі қолданады. Өз кезегінде заң шығарушы шартты түрде соттаудың мәжбүрлеу потенциалын арттыра беруге тырысады, соның салдарынан жазадан босатудың бір түрі екенін ескермей, шартты түрде соттауды біртіндеп нақты жазалардың біріне айналдырып келеді. Мұндай қылмыстық құқық институтының екі жақтылығын  заңның өзінің, сондай-ақ қолданыстағы заңнамалар түсіндірмесінің анық еместігінен, жеткіліксіздігінен деп түсінуге болады.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекстің 63 бабының 3 бөлігіне сай, «Шартты түрде соттау тағайындалған кезде сотталған адамға өзінің түзелгенін дәлелдеуге тиіс сынақ мерзімін белгілейді. Сынақ мерзімі бір жылдан үш жылға дейінгі аралықта тағайындалады». Ал, Қылмыстық-атқару кодексінің 184 бабының 3 бөлігіне сай «Жеткілікті негіздер болған жағдайда қылмыстық-атқару инспекциясы сотқа сынақ мерзімін бір жылға дейін ұзарту туралы ұсыныс жасай алады». Яғни, Қылмыстық және Қылмыстық-атқару кодекстерінің нормаларында шартты түрде соттау кезіндегі сынақ мерзімдерінің әртүрлі болып белгіленуі, ол осы екі заңда елеулі айырмашылықтардың бар екендігін көрсетеді. Мұндай қарама-қайшылықтарды жою үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекстің 63 бабының 3 бөлігімен сәйкес келмейтін, Қылмыстық атқару кодексінің 184-бабының 3-бөлігін алып тастау қажет.

Информация о работе Қазақстан Республикасындағы қылмысқа қарсы күрес тиімділігінің теориялық негіздері