Н. Сауранбаев және қазақ тіл білімінің мәселелері

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 07 Февраля 2015 в 12:17, курсовая работа

Краткое описание

Диплом жұмысының өзектілігі. Ғылыми бағыттың өміршеңдігі уақытпен өлшенеді. Ғалымның ғылыми тұжырымдары мен бағыттары көзі тірісінде қолдау тауып немесе келіспеушіліктерге кездессе, ғалым дүниеден өткеннен кейін оның ғылыми бағыты өзінің негізгі сынағы – уақыт сынағынан өтеді. Бітіру жұмысында академик Нығмет Сауранбаевтың лингвистикалық мұраларына, атап айтқанда, алфавит пен орфография, терминология, тіл тарихы, диалектология, морфология мен құрмалас сөйлемдерге қатысты еңбектері жинақталып, оларға талдау жасалды.

Содержание

1. Н.Т.Сауранбаевтың қазақ тілі оқулықтарын жазудағы және теориялық негіздеудегі қызметі
1.1. Қазақ алфавиті мен орфографиясының дамуындағы ұстанған бағыты.
1.2. Терминология мәселесіне қосқан үлесі
1.3. Оқулықтар мен программалар жазудағы қазақ тіл біліміне сіңірген еңбектері
2. Н.Т.Сауранбаевтың іргелі ғылыми зерттеу еңбектері
2.1. Тіл тарихы мен әдеби тіл жайындағы көзқарасы
2.2. Қазақ тіліндегі көсемшелердің семантикасы мен қызметі жайлы еңбегі
2.3. Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі жайлы еңбегі
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер

Прикрепленные файлы: 1 файл

Сауранбаев Н.doc

— 829.50 Кб (Скачать документ)

Жалғаулықтардың тілімізде пайда болу дәуірі де, жазба ескеткіштер тілінде кездесу дәрежесі де, қызметтері де біркелкі емес. Ғалым 8-17 ғасырлар арасында жазба ескерткіш тілінде осы күні қолданылып жүрген жалғаулықтардың болмағандығын айтып, тек «үшін» шылауының қолданылғандығын айтады [41.20-21б] Зерттеушілердің жалғаулықтардың бір кезде пайда болмағандығын, олардың бірте-бірте жеке сөздерден, тіпті сөйлемдерден пайда болып, олардың жаңа синтаксистік мәнге ие болғандығын жоққа шығармайды. Проф. Р. Әміровтың пікірінше, болмаса, әйтпесе, немесе ерте кезде шартты бағыныңқы сабақтас қызметін атқарып, осының нәтижесінде талғаулықты және қарсылықты жалғаулықтар пайда болған [43.13-15б]

Өзгеде тілдік категориялар сияқты құрмалас сөйлемдердің өзіндік қалыптасу, даму тарихы бар. Адамзат қоғамының мәдени және шаруашылық өмірінің ғасырдан-ғасырға дамуы тілдің синтаксистік құрылысының дамуына әкеледі. Өйткені, қоғаммен бірге адамның ой өрісі, дүние тануы күрделене түседі. Ал ой болса тіл арқылы қалыптасып, тілдік құралдар арқылы жүзеге асады. Құрмалас сөйлемдер адамның ой өрісінің, дүние тануының ғасырдан-ғасырға күрделеніп, кеңеюіне байланысты дамыған.

Қазіргі заманғы тілдердің, соның ішінде қазақ тілін құрмалас сөйлемдерінің сан алуан түрлері бір уақытта пайда болмаған. Олар уақыт өте бірте-бірте қалыптасқан. Құрмалас сөйлемнің бастапқы екі жай сөйлемнің іргелесе, ешбір жалғаулықсыз байланысу негізінде пайда болған. Көрнекті ғалымдардың (Мейе, Спринчак т.б.) айтуы бойынша, тілдің әуелгі бастапқы дәуірінде күрделі ой екі жай сөйлемнің құрмаласуымен емес, қатар тұруымен берілген.

Тіл білімінде құрмалас сөйлемнің пайда болу, қалыптасу жағдайын айтқанда, көбіне проф. А. Рифтиннің «Аккад тіліндегі құрмалас сөйлемдердің даму жолдары» деген мақала беріледі. Бұл мақалада құрмалас сөйлемдердің екі түрлі даму жолдары көрсетілген: бірінші жол – жай сөйлемнің салаласа байланысуы, екінші жол – жай сөйлемнің етістікті тіркестердің күрделеніп дамуы. Автор құрмалас сөйлемнің дамуындағы бұл айтылған екі жол барлық тілдерге тән ерекшелік, бірақ бір тілдерде біріншісі, екіншісі бір тілдерде екіншіжолы жетекші болып келеді дейді. Мәселен, флективті тілдерде жай сөйлемдердің салаласа байланысуы, ал жалғамалы тілдерге етістікті обороттакрдың күрделенуі негізгі даму жолы болып саналады. Бұндай пікір қазақ тіл білімінде де өз жалғасын тапты. Проф. А. Ысқақов А. Рифтиннің пікірлерін қолдай келіп, қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемнің дамуында екінші жол бар деген қорытындыға келді. Ол бұл жердің адамында сіз білмейтін тағы бір сыр бар деген сөйлемді құрмалас сөйлем деп таниды. Ал берілген сөйлем қазіргі қазақ тілі тұрғысынан үйірлі анықтауышты жай сөйлем. А. Ысқақов: «Тіліміздегі құрмалас сөйлемнің ішіндегі бағыныңқылары кәдімгі жай сөйлемнің дамуынан шыққан. Онан да ашығырақ айтсақ, кәдімгі сөйлемнің негізгі бір мүшесінің күрделеніп дамуының нәтижесінде сол мүше өз алдына сөйлемге айналып, сөйлемнің ішінен сөйлем шыққан» [44.56-60б] десе, бұл пікірге      Қ. Есенов қосылмайды. Оның айтуынша: «Сөйлем мүшелерінің (оралымның) күрделенуінен жеке сөйлем өрбіп шықпайды, тек бас мүшелердің жан-жақты айқындалуына мүмакіндік туады» [45.122б]

Қазіргі қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдердің пайда болу жолдарын іздестіріп, олардың даму мен қалыптасу тарихын белгілеуге ден қойған ғалым 1944 жылы «Құрмалас сөйлемдер және олардың даму жолдары» деген мақала жариялады. Академик Н. Сауранбаев үндіеуропа тілдеріндегі құрмалас сөйлемдердің даму жолдары айтылған пікірлерге сүйене, бай тілдік материалдарды қолдана отырып, түркі тілдерінің синтаксистік жүйесінің тарихына зерттеу жасаған. Автор мұнда құрмалас сөйлемдер жайында бұрын соңды айтылып жүрген теориялық болжамдарға шолу жасай келіп, түркі тілдерінің, соның ішінде қазақ тілінің құрмалас сөйлемдер жүйесінің даму жолын тарихи нұсқалар негізінде төрт кезеңге бөліп көрсетеді. Олар: 1. Біздің жыл санауымыздың IV-VI ғасырдағы түркі халықтарының тілінде жазылған орхон жазуының құрмалас сөйлемдер жүйесі; 2. Біздің жыл санауымыздың   VIII-X ғасырдағы ескі ұйғыр жазуы тілінің құрмалас сөйлемдер жүйесі;            3. Біздің жыл санауымыздың XII-XV ғасыр аралығындағы Азиядағы түркі тілдерінің (шағатай, оғыз) тілінде жазылған нұсқалар; 4. Қазақ халқының құрала бастаған дәуірінде шыққан халық әдебиет нұсқалары тілінің құрмалас сөйлемдер жүйесі [46.22-29б]

Ғалым қазақ тілінің құрмалас сөйлемдер жүйесін зерттеуді көне заманнан бастайды.Оның зерттеуінше: «1,2,3 пункттердегі документтер осы күнгі қазақ тіліне ұқсас болмауы мүмкін. Бірақ олардың бәрі осы түрік тілдерінің қай қайсысына да өте ұқсас емес. Олар осы күнгі түркі тілдерінің ескі замандағы жай-күйін көрсете алады. Себебі, түркі тілдері аспаннан түскен емес, сол бұрыңғы түрік деп аталатын түркі тілдерінің араласуы, өзгеруі арқылы пайда болған» дей келе, әрбір кезеңдердің тілдік деректеріне талдау жасап, мынандай қорытындыға келеді: 1. Жеке сөйлемдердің бір-бірімен байланысуы түркі тілдерінің көне дәуірлерінде басталған, яғни сөздердің бір-бірімен байланысуы сияқты жеке сөйлемдер де өзара байланысатын болған; 2. Мағына жағынан  бір-бірімен байланысты сөйлемдер бір-бірімен не ешбір жалғаулы формасыз іргелесіп байланысатын болған, я болмаса алдыңғы сөйлемнің баяндауышы арқылы байланысқан, кейде өте аз болса да, сөйлемдердің арасы көмекші сөздер арқылы байланысатын болған (мысалы, үшін); 3. Ескі ұйғыр тілінде жеке сөйлемдер көбіне көсемше арқылы байланысып, алдыңғы компоненттің баяндауыштары көсемше тұлғасында келіп, соңғы компоненттің баяндауышы жіктік жалғауында келеді; 4. Оғыз тіліндегі жеке сөйлемдердің құрмаласу формасы іргестік (паратаксис) я болмаса асиндетикалық (жалғауыш форма әдейі түсіріліп айтылуы) жолдары үлкен орын алған. Сөйлемдердің іргелесіп байланысуы соншалық күшті болған, кейде гипотаксис құрмаластардың арасына басқа сөйлемдер ешбір жалғаулықсыз-ақ қыстырылып айтылады. Сонымен қатар оғыз тіліндегі жазба нұсқаларында құрмалас сөйлемдердің жаңа түрлері кездеседі. Ол аралас мүше арқылы байланысқан жеке сөйлемдердің тіркесуінен пайда болған ортақ мүшелі құрмалас сөйлемдер. Ғалымның көрсетуінше, аралас мүшелі құрмалас паратаксистің екінші басқышы;                5. Қыпшақ тіліндегі жеке сөйлемдердің сабақтаса құрмаласуы шартты рай жатыс септігінде келген есімше, көсемше жұрнақтары арқылы құрмаласады.

Сонымен бірге «Едіге» мәтінінде ескі дәуірдегі құрмалас сөйлемдердің түрлері кейде нақ сол ескі қалпында, не аздап өзгерген, дамыған қалыпта кездеседі, кейде тіпті құрмалас сөйлемдердің жаңа түрі кездеседі:

Ерте заманда баба Омар дигән аулие бар икан// он бишде аумиямек келуп, киткан икан// шол уақытта бир қызға көзі тикан икан// көзі тикан сол қыз буаз болған икан// Буаз кімдін оғул табты// ол оғулынын аты Баба Түкті чачадты ғазиз қойды// икрлі иашқа аулиялық қилуб жоналді. Автордың талдауы бойынша,  бұл келтірілген мәтіндегі сөйлемдердің баяндауыштары бір тұлғамен ғана аяқталған. Дегенмен, мұндағы бірнеше сөйлемдер мағына жағынан өзара байланысып, ол байланыс белгілі жолмен беріліп тұр. Екінші сөйлем үшінші сөйлем үшінші сөйлеммен, үшінші сөйлем төртінші сөйлеммен байланысып, бұл байланыс әрбір алдыңғы сөйлемдегі бір мүше әрбір соңғы сөйлемде қайталану арқылы беріліп тұр. Осы сияқты бесінші сөйлемдегі үл тапты дегенді “ұл” сөзі алтыншы сөйлемде “ол” сөзімен қайталанған. Мұндағы қайталанудың себебі, алдыңғы сөйлемді соңғы сөйлеммен байланыстыру. Мұндай қайталаманы ғалым аралас мүше, ал аралас мүше арқылы байланысқан жеке сөйлемдердің тіркесуін ортақ мүшелі құрмалас деп атайды [47.266-287б]

Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер туралы жазған Н. Т. Сауранбаев еңбектерінің ең бір белдісі, бар ойды жиып айтып, түйіп тастаған жері – оның «Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі» деген очерктері (1948 ж.). Бұл еңбек бір жағынан монографиялық жаңа ізденулер болса, екінші жағынан жоғарыда көрсетілген мақалалар мен оқулықтар көлемінде айтылған толғамдардың жиынтығы мен қорытындылары іспеттес еді.                                 Н. Т. Сауранбаевтың монографиясы осы тақырыпқа жазылған бүкіл тюркологиялық әдебиеттердің маңдай алдысы болып есептеледі. Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдерді автор мұнда үш топқа бөледі: іргелес құрмаластар, салалас құрмаластар және сабақтас құрмаластар. Мәселенің желісін ол синтаксистік қатынастар мен сол синтаксистік қатынастардың көріну тәсілдерінен бастайды. «Жеке сөздер сөйлем болу үшін өзара бір-біріне байланысты болады». Сөздердің осындай ішкі байланысын Н. Т. Сауранбаев «синтаксистік қатынас» деп атайды. Синтаксистік қатынасқа енген сөздердің арасындағы ішкі байланысты автор мынадай топтарға бөліп қарайды: субъект-предикаттық, объектілік және атрибуттық қатынастар.

Істеуші мен істеуші ісінің, қимылының, әрекетінің арасындағы қатынас субъект-предикаттық қатынас деп аталады. Мысалы, пештің аяқтары жерге батып кетіпті.

Іс, қимыл, әрекет пен олардың жұмсалатын затының, я олардан шыққан нәтиженің арасындағы қатынас объектілік қатынас болады. Мысалы, Асан мектепке барды.

Предикат пен оны сипаттайтын сөздердің арасындағы байланыс предикатив сипаттауыш (пысықтауыш) болып танылады. Сипаттауыштық қатынастың екі түрі болады: атрибуттық (есім анықтауыштық) сипаттауыш және предикатив-сипаттауыштық (етістік сипаттауыштық) қатынас. Мысалы, түнде қалжырап жүрген Лида енді құландай ойнайды деген сөйлемде түнде, енді деген сөздер предикатив сипаттауыш қатынаста, қалжырап жүрген – атрибуттық қатынаста және құландай ойнау – предикатив-сипаттауыштық қатынаста қолданылып тұр.

Оқшау сөздер сөйлемде басқа мүшелермен тіке қатыспай, сөйлеушінің сезім күйін білдіреді. Мысалы, Ой, Абай, сенбісің? деген сөйлемдегі ой деген сөз сөйлемнің ешбір мүшесімен байланысып тұрған жоқ, ол бүкіл сөйлемдегі айтылған ойға сөйлеушінің көзқарасын білдіреді.

Меншіктеу категориясы дегеніміз – затты иеленуші мен иеленетін зат арасындағы қатынас. Мысалы, менің үйім.

Синтаксистік қатынастардың сөйлем ішіндегі көріну тәсілдеріне келетін болсақ, автор мынадай тәсілдерді атап көрсетті.

Субъект-предикат категориялары субъект пен предикаттың жақтасып келуі арқылы, олардың белгілі орын тәртібі мен айтылу интонациясының өзіндік ерекшеліктері арқылы іске асады. Мысалы, мен жаспын; Асан – жазушы; жазушы Асан.

Атрибуттар категориясы (анықтауыштық қатынаста тұрған сөздер) өздерінің орналасу тәртібі арқылы көзге түседі; анықтауыш болған етістік есімшеге айналып, есімше өз субъектісінің алдында тұрады. Осы орайда              Н. Т. Сауранбаев есімшелерді бұрын-соңды айтылмай жүрген тұрғыдан қарап, олар туралы қысқа да дәл етіп бір-ақ анықтама келтіреді. «Есімшелер – етістіктердің анықтауыш (атрибут) категориясына айналуының негізгі бір тәсілі». Екінші бір сөзбен айтқанда, біз есімшелерді етістіктердің сөйлем құрамындағы синтаксистік функциясынан туған категория деп білуіміз керек. Мысалы, алты құлаш ала бие; бұйрық берген командир (командир бұйрық берген); адасқаннан басқа айып жоқ.

Предикатив сипаттауыш (пысықтауыш) қатынас (яғни етістік пен оны сипаттайтын сөздердің арасындағы қатынас)үстеу арқылы, етістіктің көсемше түрлері арқылы айтылады. Кейде есім сөздері арқылы да білінеді, мұндайда пысықтауыш болған есім пысықтайтын етістікке тақау тұруы шарт. Үстеулердің демеулікті, демеуліксіз түрлері және көсемшенің барлық түрлері орын талғамастан-ақ пысықтауыш болып, предикатив сипаттауыш қатынасын білдіре береді. Етістіктің шартты рай түрі, есімшенің –дай, -ша түрлері де әрқашан пысықтауыш болып, етістік баяндауышты сипаттайды. Мысалы, алай-түлей борап тұр; төмен қарай сырғып кетті; қалпына салып соқтыра берді: көзін сығырайтып соқтыра берді; басын жоғары көтере беріп соқтыра берді.

Объект категориясы (объект пен предикат арасындағы синтаксистік қатынас) септік жалғаулары мен демеуліктер арқылы беріледі. Барыс, жатыс, шығыс, көмектес септік жалғаулары өздері жалғанған сөздердің лексикалық мағынасына қарай кейде жанама толықтауыштық, кейде пысықтауыштық мәнді білдіреді. Мысалы, төсекке жатып, ұйқыға кетер алдында, майбасарды қайта-қайта есіне алып, оның Ділдә ауылына барып қайтқанын ойлап, Абай ең алғаш рет өз қалыңдығы туралы құпия, ыстық бір сезімді сезгендей болды; төсекке жатып, ұйқыға кетіп, есіне алып, аулына барып, қайтқанын ойлап; Ақтөбеге дейін; кеме жасау туралы; үйлену үшін.

Изафеттік топ (немесе сөйлем мүшелерінің изафет қатысы) үш түрлі болады:

1) Синтаксистік шеңберден шығып  морфология, оның ішінде сөз тудыру  жүйесіне айналған тәсіл: қаламұш (қалам ұш), желбау (жел бау), баскиім (бас киім). Бұлар – бірнеше сөзден бірігіп бір атауға айналып кеткен сөздер.

2) Бірінші топ (атауға айналып  кеткен сөздер тобы) пен үшінші  топтың (нағыз синтаксистік мәнде  жұмсалатын топтың) арасындағы ауыспалы дәрежеде жұмсалатын топ. Бұл топтағы изафеттік тіркестер кейде синтаксистік мағынада, кейде морфологиялық (лексикалық) мағынада ұғынылады. Мысалы, Арал теңізі, ауыл шаруашылығы, көмір кені, мектеп үйі. Ауыспалы топтағы тіркестің сыртқы тұлғалық белгісі – ілік жалғауының түсіріліп айтылуы.

3) Синтаксистік мағынада ғана  жұмсалатын топ. Ілік жалғауы  мұнда түсірілмей айтылады. Бұл  топ құрмалас сөйлемдер мен  жай сөйлемдердің құрамында жеке  синтагмаларды бір-бірімен матастырушы, қабыстырушы тәсіл есебінде жұмсалады. Мысалы, көктемнің майда желі, мың құлпырған гүлі, көкорай шалғын өсімдігінің жұпар исі жан біткенді маужыратып, мастандырғанға ұқсайды.

Бірінші және екінші топқа жататын изофеттік тіркестерді автор «лексикалық изафет», үшінші топқа жататын сөздерді «синтаксистік изафет» деп атайды.

Синтаксистік қатынастың осы келтірілген түрлері, Н. Т. Сауранбаевтың ойынша, жай сөйлем құрамында да кездеседі, яғни ол былай деп жазады: «Жай сөйлемге енген жеке сөйлемдердің қызметі мен құрмалас сөйлемге енген сөйлемдердің қызметі бірдей». Дәлірек айтқанда: «құрмаласқа енген бағыныңқы сөйлемдердің қызметі жай сөйлемдегі тұрлаусыз мүшелердің қызметімен бірдей». Осыдан барып «Құрмаласқа енген жай сөйлемдердің өзара байланысу тәсілі жай сөйлем мүшелерінің байланысу тәсілімен бірдей, жай сөйлемдегі мүшелер қандай синтаксистік қатынаста болса, олар қандай грамматикалық тәсілмен байланысса, сабақтас құрмаласқа енген жеке сөйлемдер де сондай синтаксистік қатынаста тұрып, сол тәсілдер арқылы байланысады (құрмаласады)». Автордың «тәсілдес принцип» дейтін атауы осыдан келіп шығады: «Жай сөйлем мен сабақтас құрмаластардың арасындағы синтаксистік қатынастың, сол сияқты олардың көріну тәсілдерінің бірдейлігін тәсілдес принцип деп отырмыз» - автор өзінің бұл саладағы зерттеу жұмыстарын осылай бір түйіп тастайды [13.255-290б]

Информация о работе Н. Сауранбаев және қазақ тіл білімінің мәселелері