Автор работы: Пользователь скрыл имя, 24 Сентября 2012 в 13:04, диссертация
Адамзат қоғамын дүр сілкіндіріп, мәңгі өмір сүрудің өткір, өзекжарды мәселелері материалдық, техникалық, жер асты, жер үсті байлығы тапшы, халқының саны шектеулі ұсақ ұлттар мен ұлыстарды ойландыра бастады.
КІРІСПЕ.................................................................................................................................. 3
І. Ә.КЕКІЛБАЕВ ПЕН Б.НҰРЖЕКЕЕВ ӘҢГІМЕ, ПОВЕСТЕРІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ МЕНТАЛИТЕТТІҢ АЛАТЫН ОРНЫ...............................................................................15
1.1. ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ ӘҢГІМЕ, ПОВЕСТЕРІНДЕГІ САЛТ-САНА, ДӘСТҮР МЕН НАНЫМНЫҢ БЕЙНЕЛЕНУІ ................................................................................................15
1.2. БЕКСҰЛТАН НҰРЖЕКЕЕВ ӘҢГІМЕ, ПОВЕСТЕРІНДЕГІ ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ УАҚЫТ СЫНЫНАН ӨТКЕН МЕНТАЛИТЕТТЕРІНІҢ КЕСТЕЛЕНУІ.................................56
ІІ. Ә.КЕКІЛБАЕВ ПЕН Б.НҰРЖЕКЕЕВ РОМАНДАРЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ МЕНТАЛИТЕТТІҢ БЕЙНЕЛЕНУІ....................................................................................74
2.1. «АҢЫЗДЫҢ АҚЫРЫНДАҒЫ» ҰЛТТЫҚ ТАҒЫЛЫМ ...............................................74
2.2. «ҮРКЕР», «ЕЛЕҢ-АЛАҢ» РОМАНДАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚЫ МЕНТАЛИТЕТТІҢ КӨРІНІСІ ...................................................................................................................................84
2.3. «КҮТУМЕН КЕШКЕН ҒҰМЫР» РОМАНЫНДАҒЫ ӨНЕРГЕ ҚҰРМЕТ ПЕН ҰЛТТЫҚ МІНЕЗДЕГІ КЕРАҒАРЛЫҚТАР ............................................................................................103
2.4. «БІР ӨКІНІШ, БІР ҮМІТ», «ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАР» РОМАНДАРЫНДА ОТБАСЫЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР НЕГІЗІНДЕ ҚАЗАҚ МЕНТАЛИТЕТІНІҢ БЕЙНЕЛЕНУІ....................114
ҚОРЫТЫНДЫ.........................................................................................................................138
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ....................................................................143
Қазақ – батыр халық, ұйымшыл, бауырмал, етек-жеңі кең, даласындай дархан халық. Жерін жат жаудан қорғау үшін «мың өліп, мың тірілген» халықты осындай кіріптарлық күйге түсірген қарапайым, ержүрек, еңбекқор халық емес, көшбастаушысы, ру, тайпа көсемдері кінәлі. Ашкөздігі, алауыз, надандығы, ел басқаруда ақыл-парасаты кем соғып, стратегиялық ой жүйесінің тобанаяқтығы, дипломатиялық, тактикалық алғырлық, біліктің қанына дарымай, іштарлық, бақайесеп, күншілдік кеселі бойларын жайлап, еме-жемге келгенде елін, жерін, Отанын сатып кететін опасыз, сатқындығынан, дүниеқоңыздығынан. Мәселен, ел басына күн туған 1916 жылғы маусым жарлығынан кейін басталған орыс империясының жазалау шаралы кезінде сол Жұмабек төре, Байту, Теміріәлі, Дастарбек, Нүсіпбек, Құдайберді, Бекмұқан бастаған топ, «ел жақсылары» Қытайға асып кетіп, бастарын сауғаласа, жергілікті жұрт ақтардың да, қызылдың да таяғын аз жеген жоқ. Ал, атақты әнші, батыр жігіттер Әтіке мен Жүнісбек 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде патшаның маусым жарлығына наразы көптің жағында болып, жан аямай күресіп, жазалаушы отрядтың жендеттерімен жазықсыз халық кекшілдерін арашалай жүріп, мұздай қаруланған отаршылдармен айқаста қарап болып, артынан ергендерден айырылып қалмас үшін Қытай асып кетуге мәжбүр болады. Тегі, қазақ рухын бойына жинаған өнерпаз ұлдары жан сақтаудан гөрі өзін оққа байлап, ізгілік, бостандық жолында күресуден қайтпаған қайсар, күрескер жандар санатында тұрған ғой. Құрманғазы, Махамбет, Біржан, Балуан Шолақ, Қожамберді жырау, Нысанбай, Естай, Абай ақындардың арпалысқа толы тағдыры соны еске салады. «Түзетпек едім заманды, өзімді тым-ақ зор қылып» (Абай) демекші, олар кешегі ұлы жыраулардан қалған жырымен заман сөзін айтып, әділдік жолында ханмен де «тепсінісуден» тайсалмай, халық басына қаралы күн туғанда «тебінгінің астынан ала балта суырысып», қанды көбе киінген, қабағына қан қатқан батырға айналған, отты жыры мен алмас қылышты қатар ұстанған. Қазаққа Ұлы Даланы берген Хақтағалла сол даласын кірпік қақпай қорғайтын батыр әрі жайшылықта елдің сыйқын кетіріп, бас-басына би болған өңкей қиқымдармен қырандай айқасқан от ауызды, орақ тілді ақын, әнші, күйші, сазгер-рухани көсемдерді де аз жаратпаған. Соның бірі «Күтумен өткен ғұмыр» романының бас кейіпкері - Әтіке әнші. Әтікенің бұрын ауылынан аспаған атын Үмбетей қажының Ұлы жүз, Орта жүздің басын қосқан тойы жалпақ қазақ даласының біраз жеріне жайып кетті. «Әтіке ән шығарыпты, өзіміздің Баркөрнеуді әнге қосыпты. Әні мен сөзі бірінен бірі өтеді!»[2,168-б], – деп тыңдаған жұрттың аузының суы құрыған.
Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған. Әтікенің сыртқы дене бітіміне, өнері үйлескенде бұл төңіректегі бойжетіп отырған қыз, ажарлы келіншектердің көңіліне құрт түскен. Әтіке «Баркөрнеуді» қырық құбылтып, тоқсан толғап, аспандағы аққуға үнін қоса шырқаған түні, әнді ауыздарын ашып, көзін жұмып, алпыс екі тамырлары иіп, есі кете тыңдап отырған ығайлар мен сығайларға күміс ожаумен күміс кесеге күлімсіреп қымыз құйып отырған сұлу келіншек, Үмбетей қажының оң қолы саналған Жұмабек төренің туған әпкесінің ұлы Байтуға былтыр ұзатқан қызы, Әуес арбалып қалады. Сылқым, қылықты, асқан көрікті жас келіншек Әтікенің де қырағы көзіне шапшаң ілігеді. Сұлу келіншек пен өнерлі, келісті жігіттің табысуы да алысқа ұзамайды. Тұла бойы майысып, қамшының өрімінше бұратылған Әуес арты әшкереленіп қалатын Әтікемен ыстық табысудан кейін: «Соғып өткен самалдай сен кетесің, сені іздеп, өзімдікінен жиреніп, бірақ соны сездірмеу үшін, артымды жауып абыройымды сақтау үшін көлгірсіп, күліп, аярлықпен, жаным қалмай оған да жалпыштанам-ау ертең. Құдайым-ай, неткен қараң қалғыр өмір еді?! Ешкіммен жарасып жұрт көзінше жүре алмайсың, сәл қуансаң, оның да өзі жырақта емес, мынадай таса мен түнекте» [2,49-б],-дейді қазақ қыздарының соры-қалыңмалмен сүймеген адамы Байтуға қосақталғанына күйінген сұлу келіншек. Бақыты ашылмаған сол сорлы Әтікемен кездесемін деп қолға түсіп қалып, күйеуі үйінен қуып шыққаннан кейін бір жеңгесі арқылы Әтікеге: «Бетімнің ажары басыма азап болды. Біреуді сүйіндірсем, біреудің ішін күйдірдім. Қолы жетпегендер өз үлесінен айырылғандай-ақ ашынады. Сондайлар менің сөзге іліккенімді тілейді. Сен әніңмен елден ассаң, мен көркіммен көзге түстім. Әйел деп сен намыс етпесең, жетектеп мейілің жердің түбіне әкет, итің боп еріп кетуге бармын. Ауыр өсекке іліккен басымыз, алып қашып аруағымды бір асырып кет! Қалған ғұмырымда қалтқысыз сыйлаймын. Антым да осы, айтарым да осы!»[2,68-б], – деп жалынып та, жалбарынып та, аяғына жығылып та Әтікеге ақыры тәні қосылған соң жанын да қосуға жылап тұрып өтінген. «Аузы күйген үріп ішеді». Әнші жігіт жұмыртқадан жүн қырыққан Жұмабек қылыш пен найзаға ғана сеніп, қанішерлігі жағынан алдына жан салмайтын, біреудің соңына түссе басын алмайынша, не намысын таптамайынша тоқтамайтын терісазу Жайтудың «алда-жалда қажының қызы Әтікемен қашып кететін болса, қашан айттың демеңдер, жердің жеті қабат түбіне кіріп кетсе де тауып алып, ат құйрығына сүйреп өлтірем», - деп кіжінуі оған көп ой салады. Ұстамды, сөзіне, уәдесіне берік жігіт шындығында да Әуестің сұлулығы, мінезі, қылығы, тәкаппар, қайсарлығын іштей ұнатып, құптағанымен Әтіке Жайтудың қоқан-лоқысынан емес, қазақтың ағайын алауыздығынан безетін, ел бірлігін бәрінен жоғары қоятын салтынан аттай алмады. Жігіттік желігімен біреудің ақ некелі төсегін былғағанын арлы жігіт өзіне кешпейді. Оның үстіне әр нәрсеге терең маңыз беретін абыз Байтарақ қарияның сүйікті інісі Әтікеге сыз қабақпен: «Ұнаса болды үйреніп ала қоятын әйелдерді де ән деп жүрмісің, батшағар. Әдемінің бәрінен ауыз тие берсең, айуан боп кетпеймісің. Әйелге әуестікпен аброй тапқан еркекті өз басым әлі естіген емеспін. Өнерге деген отыңды өйтіп пышыратқанша, бір шүйкебас тауып алып тыныш жүрсеңші, - деп шиырлы соқпақтан, абыройсыздықтан сақтандырады. Саясаттанушы Н.Сейдін: «Үлкенді сыйлау – біздің этномәдениетіміздің Темірқазығы, одан ажырау ұлттық тұтастыққа, ұлттық ұйымдасуға селкеу түсіреді» [42,2-б], - деуі көкейіге қонады. Жақсы көретін, жаны ауыратын, жаратылысы бөлек қылшылдаған өткір жігітті ел ағасы жалынан сипап, кекілін тарап, оппадан сақтандырса есті Әтіке қалай бұра тартып, буыршындай бұйдасын үзбек. Оның бір көргеннен құлап, серттескен сұлуы да бар. Бірақ оның да басы бос емес, Жайтуың інісі Сәдірбекке айттырылып қойған Қайныкешпен қайтсе де қосылуға, үміт еткен арудың қансыраған жүрегін емдеп, көз жасын құрғатуы қажет. Үмбетей қажының тойында Әуес сұлумен ұсталып қалған, арты үлкен дау-дамайға ұласып, әйелдің күйеуінен қашып кетуі, Әтікенің басы жарылып, өз қылығына күйінген әнші азаматтың шеккен рухани азабын Қайныкеш Жайту мен Байтудың туған қарындасы, жақын жеңгесі Жамалханнан естіп, қатты күйзеледі. «Сорлы асық сағынса да, сарғайса да, жар тайып жақсы сөзден жаңылса да шыдап» кешпеске, көнбеске лажы жоқ. Оның үстіне айттырған адамынан айнып, Әтікенің өнері, кісілігі, азаматтық тұлғасын ұнатып, неге болса да басын тіккен асау бойжеткен Қайныкеш, әлгінде ғана Әтікесімен кездесіп, ол бар болған жайды өзі айтып беріп, арылады. Ұры иттей ұрлығын жасырып, қылмаңдайтын Әтіке ме, турасын айтып, «ірі турап», өзінің тек Қайныкешпен ғана тағдыры бірлігін мойындап, алып қашатын уақытын белгілеп, сертін «күрмеп байлып» кетті... Осы әр минуты жылға татитын ауырда, ләззатты кездесуден оралған жаны бай, сезімі сергек, махаббатқа опалы, кең ойлап, кеңінен пішетін барынша ұстамды, қайсар, қиялшыл ару: «Үйіне сақтықпен кіріп, Қайныкеш жастыққа басын жаңа қойған. Ауылдан ұзап шықпай жатып Әтіке шырқап қоя береді. Сол-ақ екен, тәтті бір толқын қыздың денесін шымыр-шымыр қуалай жөнеледі. Өне бойы еріп балқып, әлдеқандай сығынды шырын тақ жүрегінің басына тырс-тырс тамшылап тұрған сияқтанды. Әлгі шырын тырс-тырс тамған сайын қыз өзін азайып, көрпенің ішінде еріп бара жатқандай сезінді. Ән бірте-бірте алыстай береді...»[2,68-б], – деп қыздың аңсаған махаббатын тапқанда шеккен көңіл күйін жазушы оның рухани жан байлығын сараптау арқылы кестелеп береді. Бірақ «адамның басы – Алланың добы», адамның ойы Алланың бұйрығынан шыққан ба? Қайныкешті алып қашып нағашы жұртына түнделетіп келе жатқан Әтікеден бақытты жігіт жоқ еді. Сүйгені құшағында, күндей қыздырып, қараңғы түнді айдай ажарландырып, жаны теңіздей буырқанған Әтіке қалың орманды кешіп келе жатып қалыңдығын құшып, отқа өртеңгісі бар... Бірақ сүйгеніне опалы Қайныкеш, ары тазалығын некелі төсегінде дәлелдегісі келіп, жігіт құшағында қанша күйіп-жанып, қорғасындай балқығанымен өзін берік ұстап, Әтікені сабырға шақырады. Бірақ Жамалхан жеңгесінің опасыздығынан Жайту қашып бара жатқан Әтіке мен Қайныкештің бағытын, жүрер жолын, қайда баратынын біліп алып, дереу қол жинап, барар жеріне таяу, орман сыртында тосып тұрады. Көпке топырақ шашсын ба, Әтіке таяққа жығылады, қызды Жайту сұм Әтікемен әуейі болып, үйіне кетіп қалған Әуес сұлудың өтеуіне Байту інісінің қолына әкеп беріп, «айырылып қалма» деп қатты тапсырады. Әйелінен айырған Әтікені атарға оғы болмай жүрген, өз тірлігі жоқ Байту, құдай оңдап «тозғанын жаңалап, әпкесін жіберіп, сіңлісін алды». Қайныкештің суарылған тұлпардай, түлеген сұңқардай Әтікесіне сақтап жүрген «қымбаты» нәжісін домалатқан қара қоңыздай Байтуға бұйырды, жер қаптырды. Қасиетті нәрсесі қасиетсізге қор болады. Әтікені таяққа жығып, қалыңдығын тартып әкетіп, Байтуға зорлатқан Жайтудың қысасын кешпеген арлы, аптал азаматтар зорлықшының соңынан қуып, оны өлтіріп кек қайырғанмен, Қайныкешті қорқаудың тырнағынан есі кіресілі – шығасылы қалпында ажыратып алады, тілдерін тістейді. Не қалың малын толық төлеген айттырған жеріне бару бұйырмаған, әрі Әтікенге қарарға беті жоқ Қайныкеш, өлі мен тірінің арасында күн кешіп жүріп, «ары төгілген», «бағасы түскен», бірақ жұрт аузында мақталып жүрген қызға сөз салушылар көбейген тұста ол «кіммен қарайсаң, сонымен ағар» деп Байтуға қосылуды жөн санайды. Алайда, Қайныкеш ұшыраған бақытсыздыққа, оны қорғай алмаған амалсыздығын өзіне кешпеген Әтіке тартқан азап сүйгенінікінен де зілбатпан еді. Кейін табысайын десе «Байтудың құшқаны көкірегіне қара тікенше қадалады да тұрады, удай тырнақ осып өткендей кейде көкірегі сыздап ашиды. Қимайды, өкінеді, аяйды, бір сәт бәрін де ұмытып баяғысынша аймалағысы келеді. Бірақ қанша әуреленсе де өз көңіліне билігі жетпейді, жиіркеніш тәрізді жұқалтым бірдеңе кілкіген құсықтай жүрегін ылғи қобалжытады да тұрады»[2,125-б], – деп Әтікенің Қайныкешті қанша жақсы көрсе де, жақындата беріп, кері шегіндіріп жіберетін, кешірмейтін себебін алдыңызға тосады. Басқа ұлт өкілдері қыз арының тазалығына онша мән бермеуі де мүмкін, ал бір-бірін риясыз сүйген, бірін-бірі жете танып, екі жарты бір бүтін боп кеткен қыз бен жігіт жан тазалығына, көңіл тазалығына, ұждан тазалығына, ниет тазалығына, құлық тазалығына, ең бастысы, сезім тазалығына қатты мән береді. Сезім таза болса, өзінің бойындағы барын мөп-мөлдір қалпында сүйгеніне ғана сыйлайды. Демек, өлуге барғанмен, тазалығын жоғалтып, сүйгеніне көлгірсуге, алдауға бармаған. Қайныкеш те солай істейді. Жанына, арына, өміріне балаған Әтікеге тазалығынан айырылып қалған соң, «сүйемін», «мен сендікпін» деп айтуға ұят-ары, шын мәніндегі мөлдір махаббаты жібермейді. Сондықтан, Қайныкешін «жоғалтып» алған Әтікені соның ызасы, кегі жетелеп 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына әкелді, өлмеді, енді көзге күйік Қайныкешін көрмеу үшін көз көріп, құлақ естімес Қытай ауып кетті. Хабар-ошарсыз жоғалды.
Қайныкеш «пәктігінен
Сонымен, Б.Нұржекеев «Күтумен кешкен ғұмыр» романында басқа халықта ұшыраса бермейтін өнерге деген ыстық ықылас, қызығушылықты, ішкен асын жерге қоятын құштарлықты Әтіке әншіге деген құрметтерінен көрсетуге тырысқан. Әнші, батырды жаугершілік заманда халық төбесіне көтерген, өйткені ақын-жазушы - өз заманының рупоры, идеологі, жорыққа бастаушы қолбасшысы. Өнерді сүю керек, оны сүйгеннің басқалардың көңіліне тартқан алтын көпірі бар; өнерді сүймейтіндердің қойнына тыққан қол шоқпары бар. Ұлтымыз ұлттық тәрбиенің нәрін бойға сіңірген ақын, жазушыларға, жыршы, әншілерге төрін тосатыны романда тартымды бейнеленген. Жас келіншектер өзі сұлу, өзі талантты жігіттерді ұнатып қалғанына бола, бірін-бірі аңдыған әумесер топтың әлегі ауылдағы ұлан-асыр тойдың соңын кек алу майданына айналдырған сормаңдайлықты сынайды. Сол арқылы халқымызды неше ғасырлар бойы надандық шырмауы астында ұстаған ағайын арасындағы келіспеушілікті рулық алауыздыққа ұластырған ақсүйектердің жиіркенішті қылығын жеріне жеткізе әшкерелейді жазушы. Өнер тек той-томалақтың ажарын кіргізетін, жұртты кіріктіретін құдіретті күш деу аз, ел басына күн туғанда жыраулардың отты, өршіл жырлары күллі халықты аяғынан тік тұрғызып, бақайшағына шейін көк темірге малынған қатігез жауды сілікпесін шығара туған жерден қуып шықпасаң, мойныңа құлдықтың темір қамытын кигізіп, есігіндегі итіне айналдыратынын қаныңды қайната жырлайды. Қазақ отты маздатып намысты, қоздыратын шоқтай уытты жырларын жорық үстінде нөсерлете төгіп, тыңдаушысын алынбас, жеңілмес берік қамалға айнаналдырып, өліспей беріспейтін шайқасқа тоғытып жібереді. Сондай-ақ романда Б.Нұржекеев халық басына төнген аласапыран, жер бетінен жойылып кету қаупі төнген тұста «арыстандай айбаттанып, жолбарыстай қайраттанып» орыс империясының зеңбірегіне жалаң қылыш, сойылмен ұмтылған шынайы халық кекшілдері, батырларының ата-бабадан келе жатқан ел қорғау салтын, ел мақтаған жігітті қыз жақтаған қасиеттерін, қазақ табиғатына тән сабырлық, ұстамдық, сезім тазалығы, мінезділік, қазақ қыздарының ар тазалығы жолындағы арпалысы, мәрттігі, сүйген жігітіне деген асықтық сезімін мәңгі жүрегінде сақтайтын тектілігі, инабаттылығынан айнымай, ғашық жүректің талабынан таймайтын беттілігін қаламгер тебірене бейнелеген.
2.4. «Бір өкініш, бір үміт», «Ерлі зайыптылар» романдарында отбасылық қатынастар негізінде қазақ менталитетінің бейнеленуі
Адамның тағдыры ұстанымына қатысты. А.И.Герцен: «Сердитесь сколько хотите, но мира никак не переделаете по какой-нибудь программе; он идет своим путем, и никто не в силах его сбить с дороги. Узнавайте этот путь – и вы отбросите нравоучительную точку зрения, и вы приобретаете силу», - дегенінде терең философиялық тұжырым жатыр. Еш нәрсені қолдан жасауға, бағдарламаға бағындыруға, қалағаныңа қарай бұруға болмайды. Өйткені, ол - өмір. Өмір тек тіршіліктің жазылмаған заңымен жүреді, өз арнасымен ағады. Егер бағдарламаға бағынса, күн басқаша шығып, ай басқаша боп батарында сөз бар ма. «Бір өкініш, бір үміт» романында Б.Нұржекеев бір отбасының тағдырын көлденең тарту арқылы қазақ отбасының өзіне ғана тән, бірақ күллі қазақ отбасына ортақ жайды, отбасының әр мүшесінің мінезін-құлқын, адамгершілік салтын, әлеуметтік ортадағы қызметін, адамдық сиқын түп-тамырымен тереңдей қазып, үлгі етерін де, теріс айналып жиреніп кетерін де қаз-қалпында реалистік тұрғыда бейнелеп береді. Басты кейіпкер Шегеннің атасы-Мәмбет, әжесі – Бәтжан, шешесі – Жамиха, әкесі – Сәтім, Сәтімнің әпкесі – Кәмеш, Шегеннің қарындасы – Күлдария. Мәмбет пен Бәтжан он бала сүйген. Содан тірі қалғаны – Сәтім мен Кәмеш қана. Ұлы Отан соғысы кімді жарылқаған, бұл шаңырақта аман қалған Сәтім үйленіп, екі бала көрген шақта арғы бақытын үзіп, көппен бірге ұлы тойға жетелеп әкеткен. Қазір өлі-тірісі белгісіз, әке-шешесі жолын тосып, қайғыдан қан жұтып отыр. Күйіп тұрған соғыс уақытында ер-азаматтың жоқтығынан Мәмбет қарт пен Тайбек қария қолына құрық алып колхоз жылқысын бағып жүр. Екеуінің де майданға алынған жалғыздарынан хабар жоқ, келіндері тепсе темір үзгендей жас, қайратты. Күйеулерінің аман оралуынан күдер үзген шақта, басқа біреудің етегінен ұстап, балаларын жетелеп кетіп, тірідей өлтіріп кетпесіне кім кепіл? Олардың сары бас құрттай көкірегін кеміріп жатқан уайымын жазушы: «Әкесіз бала өсе келе шешесінің артынан кете ме деген уайым Тайбекті де, Мәметті де мұжиды. Қысқасы, ондай-ондай іште жатқан бұқпа шерлер екі шалда да баршылық»[2,18-б], - деп баяндайды. Қазақ өз балаларына ат жалын тартып мінгенше қамқор болады да, өлгенше немерелерінің қамын жейді. Сондықтан қазақ отбасында бөліну, жатсыну, немерелерін туған әке-шешесіне итере салатын өзімшіл, салқын қатынас болмаған. Керек болса, қазақ отбасында сәбилі болған баласы мен келінінің аяқ-қолын байлап, еңбектен қол үздірмес үшін немерелерін бауырына салып алып, жас отаудың қиыншылығын өз мойындарына жүктеген. Өйткені, немере өз қаналарын жарып шыққан балаларынан туғандықтан, тіпті олардан да ыстық әрі өмірінің жалғасы, бір ағаштың бұтақтарының жемісі саналған. Қазақ отбасы жайлы ойлы мақалалар жазып жүрген жазушы-публицист Зейнеп Ахметова баланы «бауырына салу деген бізбен қатар өмір сүріп жатқан халықтардың ішінде тек қазаққа ғана тән. Әрине, өзге ұлттар да немерелеріне қамқорлық көрсетеді, бағады, қарайды. Ал қазақтардың ерекшелігі сол, тұңғыш немерені міндетті түрде атасы мен әжесі бауырына салған. Ол сол үйдің кенжесі болып өседі». Бауырына салу - қазаққа ғана. З.Ахметованың пайымдауларын құптаймыз, бірақ пікірде шектеушілік, балаларының тұңғышын «күштеп тартып алатындай» сыңай байқалады. Әулеттің басы шал мен кемпірге құдай берген балаларынан дүниеге келген немерелерінің бәрі ортақ. Бірінен бірін артық көру балалары мен келіндерінің арасына жік салады деп кемел қария, кеңқолтық әже бәрін бауырына басып, ата қаз бен ана қаздай немерелерін соңынан ертіп, сонан ләззат алып, әулетінің жемісін аялап, Алланың рахымы берген бақыты санаған. Керек десеңіз, қазіргі ата мен әже пейілінің дарқандығы сондай, қыздарынан туған балалар бұрын жиен саналса, қазір ұлдары мен қыздарын бір-бірінен бөліп, артық реніш шақырмас үшін, қыздарынан туған кішкентайларын да немере санайтын үрдіс қалыптасып келеді. «Семья – шағын мемелекет» десек, қазақ отбасында бар балаларының тағдырын дипломатиялық мәмлегерлікпен септестіріп, жүрек жылуын бәріне ортақ бөліп беріп отырған Президент – ата да, ынтымақты жарастырып отырған премьер-министр-әже. Атаның әділдігі, бірлікті қатал талап ететіні, әженің кеңқолтық мейірбандығы балаларының көңілін көншітіп, келіндерін отбасын риясыз құрметтеуге, балдай батып, судай сіңіп кетуге ұйытқан.
«Бір өкініш, бір үмітте» Мәмбет қария мен Бәтжан әже сол біз жоғарыда атап өткен «Президент» пен «премьер-министрдей». Екеуі де өлі-тірісі бимәлім Сәтімнен қалған жалғыз тұяқ – Шеген дегенде шығар жаны бөлек. Келіндері Жәмихан қырманшы Мақышқа тұрмысқа шығып, 9 жасқа кеткен Шегенін өзі Ақжазықтағы мектепте оқытпақ ниетпен колхоз орталығына әкетпек болғанда амалы таусылған қария: «- О – Оһ! – деп Мәмет осы кез өкси күрсінді, - Сәтім-ау, сен бүгін өлдің ғой! Бүгін өлдің ғой, қу жалғыз-ау! Бүйтіп өлтіретінің бар, о баста көзіме неге көріндің, Шегентай-ау?! Шыдай, шыдай келіп ем, шарт сындырдың ғой, шырағым-ау»[2,97-б]. Ал, Шегеннің әжесі Бәтжанның немересіне деген аналық сезімін автор шал мен кемпір айтқанына көнбеген соң «Шегенді қолынан жұлқа сүйрелеп, Жәмиха табалдырықтың сыртында тұр екен. Үйден шығармай, немересінің аяғынан айырылмай жабысып, боздап жылап табалдырықтың ішінде Бәтжан жатыр. Сары шалдың бетінде қан-сөл жоқ, әлі де айыбыны сақтап, іргеде шынтақтап жатқан күйі сазарыпты да қалыпты. Жаны жоқ болса, баяғыда шығып кеткен адам дерлік»[2,96-б], - деп суреттейді. Жамиха баласына жаманшылық жасап, атасы мен әжесінен айырып әкетуді көздеп отырған жоқ. Соғыс жылдарының ауыртпалығынан бірінші сыныпқа уақытылы берудің реті келмей, жылқыдағы ауылда Шеген 9 жасқа дейін оқымай жүр. Осы жағдай жанына батқан анасы баласын еріксіз алып кетіп оқытуға бекінеді. Бірақ көрші әйел Сәлима Мәмет пен Бәтжан Шегеннің кетіп қалған қасіретін көтере алмай, бір нәрсеге ұрынып қала ма деп қорқып, сыры бір, достығы жарасқан Жәмихадан Шегенді тартып әкетіп, атасы мен әжесіне тапсырады. Немересі қайтып оралғанына жүрегі жиырыла қуанған Бәтжан кейуана: «Шүкір, Шегені қолында қалды. Ол үшін тағдырына да, үлкен адамгершілік жасаған Сәлимаға да, ұлын қиып кеткен келініне де дән риза. Өзге жақсылықты ұмытса да, бұл жақсылықты ұмытпас»[2,99-б], - деп немересіне ешнәрсені теңгермейтін аналық махаббатын паш етеді. Тегі, қазақ отбасының иесі де киесі де ана саналады. Ақылды, парасатты, инабатты, отбасының тірлігіне әмбебап, мінезге бай, көргенді жердің қызы келін боп түскен жеріне бірден сіңісіп кетіп, осы әулеттің бөлінбейтін бөлшегіне айналады, біртін-біртін рулы елдің аса сыйлы келіні, анасы боп жолға да, жөнге де жүйрік алтын қазынасы деңгейіне жетпек. Бәтжан айна қатесіз осындай отанасы болғанын жарты ғасырдан да көп отасқан Мәмбет шал: «Шындап келгенде, осылардың қай-қайсысынан да сыйласындысы - өзінің шүйкедей қара кемпірі. Ары шалқайғанды бері икемдеп, бері қисайғанды ары тартып, не де болса бәріне ара ағайыншылық жасайтын, бастарын біріктіретін – сол. Байқұс, бәрінің берекесі. Күңкілдеп жүріп жаманды да, жақсыны да көтерді. Қателерін түземесе, түзулерін қисайтқан жері жоқ»[2,71-б]. Отанасы «күңкілдегенде» қисық кетіп, мәмлеге, ақылға келмей, оппаға түсуге бағытталғанды сол қауіптен сақтап қалуға жаны шығып, шыр-пыр болатынын айтады. Ашуы алдында, ақылы соңында жүретін Кәмеш, өз дегенінен басқаға құлақ тоса қоймайтын, бірбеткей, қайсар Жамиха, қиқар Шеген, шаһар шалы Мәмбеттің қыбын баққан, қырыс қылықтарын көтеріп, жайлап жымиып отырып-ақ, өзінің қалаған ыңғайына салып жібереді.
Шегенге асау мінгізіп, бұрын мұндайды көрмеген бала аттан құлап, есінен танып қалады. Ауыл болып дүрлігеді. Дүрлігудің себебі Шеген атасы Мәмбеттің зорлығымен жүйрік, асау жануарға мінген-ді. Қиқар, шаһар шалға ешкім ескерту жасауға батпайды. Сол сәтте Бәтжан немересінің қиналуы жанын мұрнының ұшына әкелгенде, күйініп: «Сенің кінәң осының бәрі, баланы желіктіріп... Бәтжан шалын біраз жазғырайын деп келе жатыр еді, оның шытынай қалған қабағын көрді де, жым бола қойды. Сасқанынан баланың жастығын түзегенсіп бір-екі ырғады»[2,23-б], - деп бейнеленген. Мұнан біз қазақ әйелінің ешқашан ерінің алдынан кесе көлденең өтпей, қас-қабағын баққан, отағасын пір тұтып, бала-шағасын да әкені құрметтеуге, артық кетсе кешіре білуге, дегенін тапжылтпай орындауға үйрететін мінезділікті аңғарамыз. Жақсы мінез, жақсы қылық, инабатты, ибалылық анадан балаға жалғасады. Қазақты ұлы ұлт ретінде қазіргі өркениетті елдердің бағалай бастауы да сол қанымызға сіңген төл қасиеттеріміздің арқасы. Айтқыш, көреген ақынымыз Мұқағали Мақатаев ағаларының алдынан кесе көлденең өтуге қымсынып, күтіп тұрған қаршадай қызға елжіреп:
Мен жолымды берейін, өт, қарағым,
Несін күттің, несіне көп қарадың?
Анасының бергенін саған берген
Аруағынан айналдым текті Ананың!
Жалған-ай!
Жарасымды-ау ізет деген!
Иілген біз отпенен, сіз отпенен.
Қасиетін халқының сыйламайды.
Атасының дәстүрін күзетпеген.
Десек те жаңа өмір, жаңа заман,
Жақсы ғой бірін-бірі бағалаған.
Түйсіксіз тайлақтардан сақта, Құдай,
Тайраңдап алды-артына қарамаған, - [44,177-б] деп текті Ананың құлынының тектілігіне текті ағасы көзіне жас үйіреді.
Майлыққа да, сулыққа да жүріп, шалға да, немере, келінге, қызға да жағатын Бәтжан ана шалының қылығы қалыпқа сыймай кеткенде көршісі Сәлимаға: «Алара қараса Алатауды айналып кететін мен құсап елдің бәрі алдында тітіреп тұрса дейді байқұс. Елден былай, немереден былай айырылып қалармын деген ой қаперіне де кіріп шықпайды»[2,62-б], - деп қынжылады. Мәмет қарияның Кеңес өкіметі орнағалы көрмеген құқайы, қиянаты жоқ. Әбден сілікпесі шыға шаршаған. Оның үстіне 10 бала көргенмен, сонан бір ұл, бір қыз ғана тірі қалып, ақылы айран, ойы ойран боп жүргенде, қу соғыс басталып, кәрі қойдың жасындай жасы қалған шағында жалғыз ұл да майданға кетіп, хабарсыз жоғалып, тозған жүректі онан әрмен күпті етіп қойды. Қызы Кәмеш те долы, бетіне тіке қарағанның хас жауы. Күйеуге тигенмен, онысы ауру, бала көрмегендіктен ағасының қызы Күлдарияны бауырына сап алған. Қазақтың менталитетіне жататын озық тағы бір қасиеті ағайынды кісілер бірінде бала болмай жүдеп жүргенде, баласының бірін аға-жеңгесінің бауырына салып, асықты жілік ұстатып, ернін жібітіп, алқынын басқан. Кейде керісінше болуы да мүмкін. Асырып алған жаны баланың үстінде боп, бергені оны ұмытуы қажет. Мұндай ағалы-інілердің арасындағы жоқ-жітік, жан күйзелткен жайды ақсақал мен әже реттеп, әулеттің ынтымағын жарастырған. Сондықтан қазақ отбасында әулеттің пірі-ата саналған. Оның атқаны нысанаға тиіп, айтқаны орындалған. Мәселен, келіні қырманшы жігіт Мұқышқа шығып, Сәтімнің шаңырағын құлатқанына қайын әпкесі Кәмеш пен Мәмбет Жамихаға қарғысын қардай боратып, үйдің мазасын алып, әңгіртаяқ ойнатқанда, Мәмбеттің інісі: «Бетінде қан сөлі қалмай, Қаби бозарып кетті. Енді жалтақтағанымен жан қалмайтынын шамалады. Кісі екен деу жоқ, ылғи ақыру, жекіру – осы қорлығы да жетер, жарса жарып-ақ тастасын. Тыз ете қалған ашу тез қимыл жасатты. Бір аттап ағасының қарсы алдыңа келіп тұра қалды. Түймелерін бырт-бырт үзе жейдесінің қосқолдап екі айырды.[2,73-б], - деп күйеуі оралмайтынын білген жас әйел өмірін өксітіп, өмірбойы жесір өтпек пе? Бауырларына басып отырған бір ұл, бір қыз – сол Жәмихандікі, борыштар ол емес, бұлар Жәмихаға борыштар. Текті бабалардың жүрек қылы, шері қонбаған Мәмет қарияның әділетсіз ісіне күйінген інісі Қаби ағасының жағасына жармаспайды, үлкенге қол көтеру қазақ баласына кешірілмес қылмыс. Сондықтан Қаби ағасын бетінен қайтпаса, өзін пышақпен жарып, отбасына тыныштық беруін талап етеді. Әкесінің мінезі қонған Кәмеш жеңгесіне өкпесі қара қара қазандай: «Сәтімнің түтінін түтетіп отырмай, Мұқышқа ілесіп кеткен ол қатынды өлсем кешірмеймін! Мен оған сенің өзің тұрмақ, жыртып тастаған киімдеріңді қимаймын. Сен мен десең, өле-өлгенше ол қатынды көрмей кет. Әкеңнің атын сыйламаған әйелді сен де сыйлама. Егер оны «шешем» дегеніңді естісем, мен сол күні буынып өлем. Сен менің тірі Сәтімімсің, мен оған Сәтімімді де қинамағам, сені де қинамаймын»[2,206-б], - деп шортандай аласұрады. Рас, «Бір өкініш, бір үміт» романында долы, дойыр, қатігез, бейпілауыздай боп көрінетін Кәмешті де түсіну керек. Бексұлтан бұл образымен еркін, ерке, еркекшора боп өскен қыздың бүгінгі табиғатымен жүздестіреді. Еркекшора әкесін де, шешесін де өзіне бағындырып, төңірегіндегілерді де бағынышты жасауға тырысады. Ата-енесі еркіне жіберген келіндері Жәмихаға Кәмештің жауыға қарауының сыры осында жатыр. Кәмеш әке-шешесін, Шегенді, ең ақыры осы үйдің итіне дейін қоруға, қорғауға тырысады. Жалғыз ағасы Сәтім десе өлуге бар. Шегенге анасы Жәмиха әпкесі Кәмеш туралы: «Қашан көрсең аһылап-үһлейді де отырады. Құдай өзіне қайдағы жоқ мінезді берген. Бірақ қайтесің, жаман болса да, жақсы болса да Сәтімнің жалғыз бауыры болған соң, одан безем десең де безе алмайсың сен»[2,361-б], - деп әпкесінің долданған кезде аузына ақ ит кіріп, көк ит шығатын, алды бар, арты жоқ арсы-гүрсі мінезін елемей, әкесінің аруағын сыйлап, онымен бірге туған әпкесін құрметтеуді өсиет етеді. Бұл да туған бауырға езіліп тұратын, керек болса жанын беріп, үлкеннің жағасынан ұстамайтын салт қазақ менталитетіндегі темірдей тәртіп. Жоғарыда біз сөз еткен Қаби шектен шыққан ағасына сөзі өтпеген соң, ашумен қол жұмсай жаздауы – соның жарқын мысалы, қазақ қаншама тозақтың отына шыжғырылса да мойымаған , бірлік бар жерде тірлік барын жадынан шығармаған текті халық. Кәмеш момын адамдарға қанша кіжініп жүргенімен олар тентек әпкелерін ренжітпеген: «Жалпы апам, құдай біледі, соншалық жаман адам да емес, бірақ біреудің сөзіне сұмдық тез ереді. Ешқайда шықпаса, жап-жақсы жүреді. Қалай біреулермен жолығады, солай бұзылып келеді»[2,348], - деп келіні Шәзия апасына арашаға түсуі де Кәмештің сырты сұсты көрінгенімен, жүрегінің жомарттығын терең сезінуінен деп қабылдаған орынды. Романда қазақ әйелдері төңірегіне қанша ызғарлы көрінгенімен, өзгеге де, өзіне де жеме- жемеге келгенде жаманшылық жасамай, қайта биік адамгершілігімен көрінген. Жалғызілікті, оның үстіне қаражат тапшылау заманда студент бауыры Шеген жаны қысылғанда, арасы суып кеткен, «қатыгез» әпкесі Кәмешке «той жасайық па, жоқ па?» - деп ақылдасқанда ол екі сөзге келмей: «Жаса, ұрлап алғандай, ертен елдің бетіне қалай қараймыз. Той жасайтын уақытыңды айт та қайт, барып керек-жарақтарыңды әзірлей бер»[2,328-б],-деп қаншылдық, бауырмалдық сезімін сабырмен, сенгенінің сеңгірлігін сездіреді. Көп ұзамай Алматыға қатынағаннан 1200 сом ақшасын беріп жібереді. Ол кезде орташа жалақы 120 сом болса, Кәмештің осыншама қаражатты табу үшін қаншама еңбек сіңіргенін, қандай туыс екенін аңғарасыз. Келіні Жәмихаға көңілі қалғаны сондай, «Өлгеніне де қайтпайды кегім. Басына тепкілеймін. Оның маған істегені жетеді, мен де істеймін» деп тісін шықырлатса, кейін сол келіні қайтыс болғанда жерлеуінің басы-қасында жүріп, көз жасын көлдетіп, қабырғасы сөгілген осы «тентек» Кәмеш. Жағымпаздықты, екіжүзділікті білмейтін, жүрген жерінде өзіне де, өзгеге де маза бермей, тәртіпті қатаң сақтап, кейде туғанына да жақпайтын, бірақ адамшылық, ізгілік таразыға тартылғанда, бірінші боп табылатын кесек мінезді, кісілігі зор қазақ әйелдері – сол ұлттық менталитетіміздің озық «туындысы».
Информация о работе Ә.Кекілбаев пен Б.Нұржекеев шығармаларындағы ұлттық менталитет