Автор работы: Пользователь скрыл имя, 24 Сентября 2012 в 13:04, диссертация
Адамзат қоғамын дүр сілкіндіріп, мәңгі өмір сүрудің өткір, өзекжарды мәселелері материалдық, техникалық, жер асты, жер үсті байлығы тапшы, халқының саны шектеулі ұсақ ұлттар мен ұлыстарды ойландыра бастады.
КІРІСПЕ.................................................................................................................................. 3
І. Ә.КЕКІЛБАЕВ ПЕН Б.НҰРЖЕКЕЕВ ӘҢГІМЕ, ПОВЕСТЕРІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ МЕНТАЛИТЕТТІҢ АЛАТЫН ОРНЫ...............................................................................15
1.1. ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ ӘҢГІМЕ, ПОВЕСТЕРІНДЕГІ САЛТ-САНА, ДӘСТҮР МЕН НАНЫМНЫҢ БЕЙНЕЛЕНУІ ................................................................................................15
1.2. БЕКСҰЛТАН НҰРЖЕКЕЕВ ӘҢГІМЕ, ПОВЕСТЕРІНДЕГІ ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ УАҚЫТ СЫНЫНАН ӨТКЕН МЕНТАЛИТЕТТЕРІНІҢ КЕСТЕЛЕНУІ.................................56
ІІ. Ә.КЕКІЛБАЕВ ПЕН Б.НҰРЖЕКЕЕВ РОМАНДАРЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ МЕНТАЛИТЕТТІҢ БЕЙНЕЛЕНУІ....................................................................................74
2.1. «АҢЫЗДЫҢ АҚЫРЫНДАҒЫ» ҰЛТТЫҚ ТАҒЫЛЫМ ...............................................74
2.2. «ҮРКЕР», «ЕЛЕҢ-АЛАҢ» РОМАНДАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚЫ МЕНТАЛИТЕТТІҢ КӨРІНІСІ ...................................................................................................................................84
2.3. «КҮТУМЕН КЕШКЕН ҒҰМЫР» РОМАНЫНДАҒЫ ӨНЕРГЕ ҚҰРМЕТ ПЕН ҰЛТТЫҚ МІНЕЗДЕГІ КЕРАҒАРЛЫҚТАР ............................................................................................103
2.4. «БІР ӨКІНІШ, БІР ҮМІТ», «ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАР» РОМАНДАРЫНДА ОТБАСЫЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР НЕГІЗІНДЕ ҚАЗАҚ МЕНТАЛИТЕТІНІҢ БЕЙНЕЛЕНУІ....................114
ҚОРЫТЫНДЫ.........................................................................................................................138
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ....................................................................143
Малдың тұяғына, жерінің жайылымға байлығына сенген көшпенді халық, шаруаға қырсыз, табиғат қаһарына қарсы тіресе күресуге өнерсіз, жас баладай аңғал, енжар, жалқаулық, жаңаны іздеуге мойны жар бермейтін салтымызды қатаң табиғат қаһарымен қан қақсатып, жұтымен жалмап кететінін жасыра алмаймыз. Қазақтың қорқатын сол жұтын Ә.Кекілбаев: «Қыс қыс қой, көктемнің қара суығынан төбе шашың тік тұрады. Жаңа қоздап, іші бауыры ақылжып бос қалған аш саулықтар үй көрсе киізі мен шиін, адам көрсе балағы мен етегін шайнап тұра ұмтылатын қасқырға айналды. Ит екеш иттен де қашпайды. Көрсе болды, құйрығына аузын ала жүгіреді. Малды ауылдың итінің малға тимейтін әдеті ғой. Бірақ сүмеңдеп соңдарынан қалмағасын, аш саулықтарға жындары кеп ырылдап тұра қалысады. Кейде тіпті шап беріп тиісе кетеді. Саулықтардың онымен шаруалары жоқ, аузы жеткен жерге кенедей қадалып жібермейді. Ит сосын басымен қайғы боп безе жөнелуге мәжбүр болады. Әншейінде аяғын бусаң, мыңқ етпей қылжия салатын момын жарықтық арп етіп аузын ала жүгіретін түйенің айбатынан да, жылқының тұяғынан да шіміріккенді қойды, құйрығы мен жабағасына жабысады да қалады. Туған бойда қозысына тап беріп, үстіндегі шырышын ғана жалап қоймай, қырбақ түгіне кірш-кірш тіс қадайды. Талай қошақан көзін ашпай жатып өз енесінің аузынан ажал тапты»[1,68-б],- деп тәптіштеп баяндаған. Егер соншама мал өсіре білген қазекең ала жаздай шөп шауып, егін егіп, жемін әзірлесе, қорасын салып, жылтып, төлін бақса, мұндай жантүршігерлік жұтты көктемнің қара суығында басынан кешпеген болары еді. Дәл осындай жұттың болатынын Ж.Аймауытовтың «Қартқожа» романынан да ұшыратамыз. Қазекең сондай жұттың алдын алуға өнері, шаруаға қыры жоқтықтан еріксіз жол берген. Дегенмен, қаншама жұтты басынан кешіп отырса да қазекең кейде бауырмалдығынан айнымай, «малың өлсе-қызылдас, қатының өссе жылулас», - деп қырылған малды бірге «қызылдасып», бөлісіп алудан, қатыны өлсе қайғыны бірге кешіп, жанын жұбатудан қашпаған. Өйткені, жалғыз жүріп ешкім ұшпаққа жетпейтінін, ауыртпалықты да, қайғыны да тең бөлісіп, ынтымақ-бірлікке ұмтылғанынан ұпайы толмаса, тозбасын қандастарымыз жақсы білген. Ынтымақ түбі – ырыс. «Аштықта жеген құйқаның дәмі тоқтықта ұмытылар ма» деген-ді айтқан да қазекеңнің өзі. Бейнет, азапты бірден ұмыта алмайсың. Жұртымызды тығырыққа тіреген талай боранды, дауылды күндерді қыры сынбай қарсы алған халықпыз, «ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны бастан кешіп», қайыңды да сауған, өлмей аман қалып, өзек жалғау үшін тышқанды, жыланды да жеген небір қасіретті күндер маңдайымызға жазылғандықтан, қатқан көңді жібітіп, аш-жалаңаш болған кезімізді есімізден шығармай, қарнымыз тойғанда да кекірмей, «құйқаның» дәмін ұмытпадық. Қарны ашты тойдырып, жылағанды жұбатып, тоңғанды жылытуды парызымыз санауымыз, сол тәттісінен ащысы мол тағдыр пешенемізге жазылуынан. Қазақтың дастарханы мол, құшағы әркімге де мамық болатыны сонан.
Қазақтың өзіне ғана тән менталитетін, тұрмыс-салтын оқшаулап тұратын, халықтың ерек қасиеттерін әйгілейтін жайларды жазушыларымыз өз мүмкіндігіне қарай бейнелеп, жас ұрпақтың бойына ұлттық патриотизмнің құнарлы шырынын дарытып, елін сүюге бастайтын үздік өнеге-өсиеттің дәнін егуге тырысады. Ұлттық батырымыз, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы: «Все хорошее в прошлом казахского народа должно восторжествовать в настоящее время, и «золотая казна» народный мудрости должна стать нашим достоянием, обоготить наши знания и опыт и оказать услуги делам нашим»[32,75-б1], - деп өскелең ұрпақ тәрбиесі жөнінде сол кездегі Қаз.ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасыновқа майдан даласынан сонау Ұлы Отан соғысы нағыз қайнап тұрған шақта 1943 жылы 18 сәуірде хат жазыпты. Өткенге мұрын шүйіре қарау, ғасырлар бойы халқымызды асырап келген кәсіптің мәні мен маңызын жоққа шығару да білгендіктен, көреген-көсемдіктен аулы қашық. Қарап отырасыңыз, көшпелі қазақтың түрлі ырымы, кәсібі мен күнделікті тірлігін бір-бірінен бөліп алып қарауға болмайды екен. Әбіш Кекілбаев «Елең-алаң» романында: «Күн ашық болса, түнектегі мал шетіне құрт-құмырсқа, жылан-шаян жорғаламасын деп шырқ айналдыра қыл арқан тастайды да, соның ортасына киімшең-киімшең қисая-қисая кетіседі. Іштеріндегі ең ересегі түнде мал өрсе, біліп жату үшін қолына қошқар байлап жатады. Олардың жол азығы да осы отардың өзінде. Қарындары ашса қой сауып, құмырларындағы ащы айранға сүт қосып, қойыртпақ ішеді. Кештеу туған саулықтардың желінін қақтап, уыз қатырады. Іштері пысса-қошқар сүзістіреді. Ауыздарын жаппай, ертегі айтысады, жұмбақ айтысады. Дауыстары ашықтары шырқатып ән бастайды... жырық ерін, жалақ ауыз қойшы тек қана қой ғана бақпайды, ой да бағады. Қойың от жерге тап болып, бір жұлғаны бір май болып, тыныш жайылып жатса, шалқаңнан түсіп, ойға батпағанда, не істейсің! Қазақтың талай дастанын, ертегісін, жұмбағын, әндері мен жаңылтпаштарын осы қойшыекеңдер туғызған»[1,126-127-б], - деп мектебі, жоғары оқу орны, кәсіби білікке баулитын білім ордалары жоқ кезде қойшы, сиыршы, жылқышы, түйеші болу-отбасыңды асыраудың көзіне, өнер қуудың, жаугершілік заманда қару-жарақты асынып, оны шебер қолдануға үйрететін мектеп саналған. Қобыланды 6 жасында Естеміспен бірге жылқы бағуға сұранып барып, жылқыны құлағынан, құйрығынан ұстап былқ еткізбейтін әмбебап батыр жігіттермен бірге жүріп, солардан ерлік пен жау түсірер ептілікті үйреніп, шынығып, ауыр тұрмысқа көндігіп жүргенін уыздай сәби шағымызда батырлар жырынан оқып, көкейге түйіп өстік. Тегі, малшылық кәсіп - ауыр бейнет, ертеңнен–кешке дейін қиян түзде сарылып өткізген жалғызілікті жіпсіз байланған тірлік санау орынсыз. Оның да бай тәжірибені, темірдей төзімді қажетсінетінін теріске шығармасақ та, романтикасы да, еліктіріп әкетер өзіндік магиялық қасиеті де жеткілікті. Жайлауға жеткенше немесе жайлаудан күзеуге орын тепкенше созылатын ұзақ, ми-мырт көш-қонның да бала тәрбиесіне берері асып-төгілетінін романында Әбіш Кекілбаев: «Қазақтың талай баласы жер сырын, ауа райын, мал жайын, оттың ретін, жолдың қамын осындай көші-қон тұстарында қойшылардан білген. Ата-аналары айта бермейтін талай қитұрқыны да солардан естіген. Былапыт сөз, қиямпұрыс қалжың, мал мен жанның еркек-ұрғашысының білмей болмайтын жағдаяттары дәнеңеден хабары жоқ балғын саналарға осындай сапарларда мәлім болған. Мұндай кештер тек жаңа аяқтанған жас төлдің ғана тақымын созып, борбайын ширатып қоймай, талай жас ұрпақтарың да көзін ашып, көңілін тереңдеткен»[1,128-б], - деп жеріне-жеткізе малшылық кәсіптің кезінде қазаққа қаншалыққа қажет, пайдалы, өмірдің қайнанған өзегі, сегіз қырлы, бір сырлы өнерге баулыған, бос жүрістен, бұзақылықтан тиған, өзіңізді танытатын, өзіңді танитын тіршілік ұстаханасы болғанын аңғарамыз. Романнан алынған үзінділердің өзінен ғана малды қалай сақтаудың халықтық ырымы, қойды ит-құстан сақтаудың сыналған әдісі, мал баға жүріп қалай дем алу, экологиялық таза да құнарлы тамақтарды қалай қолдан жасау, іш пысқан шақта шұғылданатын қызықтың түрі, ой қуудың, рухани баюдың мүмкіндігі де шексіздігін Әбіш сүйсіне, нақты дәлелге сүйеніп қызыға, құлшына баяндаған. Малшылық кәсіппен ол уақытта жаппай айналыстатындықтан, көктеуі, жайлауы, күзеуі бірінен кейін бірі келіп, әр тараптан жиналған халық бұлақтардың өзенге, өзеннің теңізге құятыны тәрізді тоғысып, көкірегі сәулелі жастарды өнерге де, білімге де, өмірдің сабағына да, ұлтын сүйіп, өткені мен бүгіні, бай ауыз әдебиеті, күйіне де бас қойып, кеудесін мөлдір ағысқа толтырған, «талай жас ұрпақтың көзін ашып, көңілін тереңдеткен».
Әбіш Кекілбаев – қазақ өмірінің ұңғыл-шұңғылын жете білетін, ұлттық мінез-құлық, салт-сана, әдет-ғұрып, шаруашылық салалары, ұлттық тағамдарды әзірлеу, этнографиялық, этикалық ерекшеліктерімізді т.б. еріннің ұшымен емес, жүрек-жанының есік-терезесін ашып тастап, барымызды базарлауға, келбетімізді, ішкі сарайымызды танытуға барын салатын кең пішілген абыз суреткер, нағыз ұлт көсеміне лайық тұлға. Басқалардың шығармаларында сараң қатынның қолынан сығымдалып шығатын ұлттық менталитет компоненттері оның роман, әңгіме, повестерінде өріп жүреді. Мәселен, енді мына бір үзіндіге назар аударайықшы: «Тай қазандарда бұрқ-бұрқ құрт қайнап, орта қазандарда буы бұрқырап ірімшік пісіп жатыр. Арасында абайсызда түсіп кеткен сүрдің соңы жалқы жілік сарысуға араласып, хош иіс шығарады. Соның бірін місе тұтпай, табақ түбінен қақпыш бірдеңе тауып әкеп, күлге көміп, етегіне бір сүртіп алып, жұрт көзін ала беріп, жасырып қайзалап отырған жерік әйелдің былайғы дүниемен шаруасы жоқ, бар есіл-дерті етегіндегі жаңғыз тал боршада... Ақ үйлердің оң жақ бетіне, қашқақтатып тіккен ас үйлердің маңы шыптадан көтеріп самсатып қойған кіл өре. Өрелердің үсті жайылған қойдай бытырай шашылып жатқан ақ ірімшік, сары ірімшік, көкше құрт, тұздық құрт, ежегей, сарсу, балқаймақ. Көлеңкеде күрс-күрс мес шайқалады. Үй ішінде пыс-пыс саба пісіледі»[1,132-б]. Үзіндіде қазақтың ас әзірлеу технологиясы толық көрінеді. Бүгін экологиялық таза, әл-қуаты жоғары, кез-келген дастарханнан ұшыраса бермейтін құрт, ірімшік қазанда қалай қайнап-пісетіні, құрттың неше атасы болатыны, олар қайда, қалай кептіріліп дастарханға келетіні, екінің бірі біле бермейтін ежегей, сарсу, балқаймақ деген сүттен жасалатын тағамдар, «қымыздың күрс-күрс месте», «пыс-пыс сабада пісілетінін» қаламгер ауылдың қарасын көрмеген, бірақ ауылдың дәмімен жүрек жалғап жүргендерге қолмен қойғандай етіп суреттеп, қазақтың ырысы, берекесі, жылуы, күш-қайраты, намысы мен сарқылмас жігері қайда жатқанына меңзейтіндей.
Қазақ - ырымшыл халық. Сейсенбі, жұма күндері жолға шықпайды. Жанып тұрған отқа май тастап, соның лапылына, жалынының түсіне қарап болашақты болжайды. Жауырынға қарап та болашақты, тұрмыс-түршілік ағысын, жақсылық пен жамандық нышанын болжайтын ырым бар. «Елең-алаңда» Әбілқайыр хан Ор бекінісіндегі ант беру салтанатынан кеш шығып, елге осы «қуаныштың» қызуымен аттанып кетуді ойлайды да аспандағы жұлдыздарға қарап, жаман ырымды сезгендей шешімін ертеңге қалдырады: «Суыт жолаушы күн батқасын жөнді дұрыстап бағдарлай алатын жұлдыз көрінгенше, ал жұлдыз жоғалғанда айналаға жарық түсіп таң сыз бермей тұрып еру көшті жолға салмайтын. Ондай алакеуімде аттанған керуенді әлденелер алжастырып, адастырып кетеді деуші еді. Хан да тәтті ұйқыдағы керуенді оятқысы келмейді. Көкірегі алға ұмтылғанымен көзі аяқ-жөнді әлі жыға танып үлгіре қоймаған, таң сесі әлі біліне қоймаған елең-алаң кезі еді»[1,407-б]. Демек, Әбілқайыр күн батып кетіп, жұлдыздар түгел жамырай туған соң негізгі бағытты белгілейтін жұлдызды таба алмай, сосын таңғы бірінші туатын жұлдызды да нобайын түстеп танып алмағандықтан, сапарға ертеңгісін шығады. Даланың әр сай-саласы, төбесі мен жықпыл-жықпылын, қай өсімдік қайда өсетініне дейін жетік білетін сара көкірек Әбілқайыр, әлденеден секем алып, жағымсыз ырымнан сақтанған. Әбілқайырдың киесі – қызыл түлкі. Жолға шыға алмаған ол жаман түс көреді. Дәурен биіктің басында жүретін тарғыл бүркіт сол қызыл түлкінің үстіне қайта-қайта төне береді. Соны көріп жатқан Әбілқайырдың кеудесіне күдік жүгіреді: «... Баяғы Мәти би айтқан түлкі дәуреннің дәуреннің біржола орнағаны ғой. Ал, сонда мұның әлгі тағдырдың жазуындай тарғыл бүркіттің өзіне тап-тап бергені не болғаны? Өлерменігі ме өміршеңдігі ме?..»[1,407-б]. Иә, орыс империясы дегеніне жетті. Ор бекінісі салынды. Қару-жарағы сай қалың қол желкеден төнді. Әбілқайырдың орыс отарлары-қарақалпақты, қалмақты, башқұрттарды өзіне бағындыру үшін жасаған жорықтарын кешпеді. Алып империяның сұсынан сескенбейтін, күні біткен «хансымақ» етектен алып, қоқаңдауы Ор бекінісін пайдалануға бергеннен кейін тиылары хақ. Кішкене баласын да ант беру үстінде Ор бекінісіне аманатқа қалтырды. Енді, зәлім, екіжүзді, шовинистігі асқынған патша чиновниктері патшайымның жасырын тапсырмасы бойынша дипломатияға жетік, батыр, ақылды, айлалы, елді артынан ертуге қабілетті Әбілқайырды өздері сырттап қалып, қазақтың өз ішіндегі күншіл сұлтандарының қолымен көзін құртуы қажет. Ол – «күншілі» көптен ханға тісін басып, Дәурен биікті паналап жүрген тарғыл бүркіт – Барақ сұлтан. Әбілқайырдың түсі шындыққа айналады: өмірінің салтанатты шағы бітіп, қарадай сүріндірер жылбысқы шақ өкшелеп, оппаға жығар күн таяп қалды. Асылы, оның ақылдылығы, айлалылығы дипломатиялық ептілігі, батыл әрекеттері, қауіптен сескенбейтін ержүрек, қайсарлығы жауын көбейтіп, ажал сағатын жақындата түскен.
«Жүз күн атан болғанша, бір күн бура» болған да жөн шығар. Қалмақтар сілікпесін шығарған үш жүздің қолын бастап, Бас Сардар - Әбілқайыр жауын жайрата жеңеді. Аңырақайда қалмақтарды аңыратып, екі ғасырға созылған қанды соғысқа нүкте қоятын сәтті шағы жетіп еді, ортақ таққа отыратын, еңбегі сіңген лайық адамды бақталас сұлтандар, керіауыз билер мен жуанжұдырық батырлар іштарлық жасап, мұны елейтін жерде де елемей, намысына тиюі – шешілгелі тұрған тарихи жеңісті аяқасты еткізді. Кіші жүздің ханы ғана боп кішірейіп қалуды бұл қаламады, орыс империясынан етекбастылықты көп көрген төңірегіндегі ұсақ ұлттар мен ұлыстарға қолұшын беріп, бауырына тарта бастады. Кәпірлер орманын өртеп, ауылын шауып, малын айдап әкетіп, көтеріліске шыққандарды оққа байлап, нағыз тамұқты бастарына таңғанда Қарабас батыр башқұрттардың тізгінін Кіші жүз ханы, сыралғы, құшағы қауіпсіз, мұсылман Әбілқайырдың қолына ұстауын өтінді. Халқымен бірге небір қандықапасты басынан кешкен Қарабас Әбілқайырға: «Өз ханыңыз болғанда, ханшамыздың бірі біздің бауырымыз болғанын жақсы көреміз. Қарсылығыңыз болмаса біздің қалауымыз – еліміздің ең қадірлі азамматтарының бірі – Алдарбай Есекеұлының қызы ата көрген, ана көрген тәрбиелі бала. Сүйегіңізге дақ түсірмейді деп, алтын тажды қосағына лайық адал жар болады деп сеніп, тілегін бүкіл ел болып тілейміз»[1,310-б], - деп башқұрттың даңқты отбасының моншақты қызын қосып, халық тағдырын енді күйеу баласына нық сенімен тапсырып, ақ жол тілейді. Хан «күйеу» ел жақсыларының алғашқы тілегін орындауға кірісті. Орыс империясы атағы алысқа кеткен кіші жүз жанының сөзін жықпай, Ор бекінісіндегі тұтқын башқұрттар Жүніс пен Таймасты босатып береді, сөйтіп ол қолтығынан демеген елін бір сілкіндіріп алады. Ор бекінісінің басшылары «үй ішінен үй тікен» Әбілқайырдың өзім білеміндігін бір жолы «кешіріп», өтінішін орындайды. Өйткені, іргелі ел – жалпақ қазақты отарлау саясатының шиі шығып, қаншама жылғы қыруар еңбек ханның қитығуымен аяқасты болып кетуі ғажап емес еді. Ор бекінісінде осы мемлекеттік саяси рәсім-бодан болуға ант беру салтанатын сәтімен өткізіп алуға дейін оның бар «еркелігін» көтермеске лаждары жоқты.
В.Шкловский: «В искусстве же синтез необходим, иначе образ будет не «объемным», «стереоскопичным», а хоотичным. И искусство идет ради этого на условность, на привнесение в образ того, что в действительности именно в таком качестве не существуети и с помощью общегносеологического историзма. Это внеситоризм» [45,89-б], - деп жазады. Әбіш Кекілбаев өз жазушылық тәжірибесінде жоқтан бар жасамайды, стереотипке баспайды, кәдімгі ұлылығы пенделігінен өрістеп, өмірдің өз қойнауынан шыққан нағыз адам бейнесін тудыруға кәнігіленген. Қазаққа мақтан, көңілі құлағанды асыра айту, көңілінен шықпағанды тебендей ету, есебі, даңққұмарлық та жат әдет емес. Естеріңізде болар, Ор бекінісінде Әбілқайырдың орыс империясына бодан болуына арналған ант беру салтанаты өтеді. Мұздай құрсанған қарулы шеруді көріп, аста-төк дастарханнан тоя тамақ ішіп, 21 дүркін өзінің құрметіне атылған зеңбірек гүрсілін тамашалаған жұртта қисап жоқ еді. Осының бәріне себепкер, өзі, асылы, осының бәрі өз құрметіне жасалып жатқанына Әбілқайыр мұнша асып-таспасын... Кіші жүз ханы тек бір нәрсеге қатты өкінеді. Салтанатқа қатысушылар ант беру салтанатында көрсеткен құрметті, көрген «кереметтерін» бойына сіңіре алмай жүргенде, ол іштей: «Шіркін, осыны сонау Ертіс бойындағы Әбілмамбет пен Әбілмансұр естір ме еді, Торғай бойындағы Барақ, Сары бойындағы Батыр сұлтандар естір ме еді! Іштері қыж-қыж қайнар еді-ау. Шіркін мұны өзінің ауылы, Бопай, Зылиха, балалары естір ме еді! Төбелері көкке бір жетіп қалар еді! Бұның аты бұдан былай ауыздарында жүрер еді! Мұны, міне, мынау жүз елу би естіп тұр. Іштеріңде не жатқанын білер ме еді! Ертеңінде елдеріне не айтып барғандарын естір ме еді!?..»[1,384-б] -деп осынау қайталанбас, көргендердің таңдайын тамсандырған, дұшпандарын тіл-жағынан айырған бодан болуға ант беру салтанатын, бастысы, жаулары мен тілеуін тілеп жүрген ет жақын ағайын-туған, балаларының көре алмағанына күйзеледі. Бұл, әрине, Әбілқайыр ханның баққұмарлығынан хабар беретін штрих. Баққұмарлық тек Әбілқайырға ғана қатысты емес, күллі сұлтандар мен ел ағасы саналған ру басыларының да бұл аурудан сауы жоқ. Шен-шекпен, байлықты, сый-сыяпатты үлесуде бірінен бірі аспауын, жол мен жоралғыдан жаңылмауын талап еткен пенделік күйкіліктен де таза еместігін мына бір мысалдан айқын аңғарамыз. Әбілхайыр ханға Россия императорынан оның қарауындағы елімен бодан болып қабылдануын өтініп патшайымға арнайы елші жіберуіне жауап ретінде ол жақтан Тевкелев бастаған елшілік хан аулына жетіп, бодандыққа өткісі келген ру басылары, атақты адамдарына сый-сыяпат көрсетіп, арнайы қағазға бармағын бастырып, мөрлерін соқтырып жатқаны аян-ды. Сондай бір сый-сыяпат мәзіретін мәртебелі елші Батыр сұлтанға жасағанда, өзін өзге сұлтандардан жоғары, ханмен қатар қоятын Батыр сұлтан елшінің «адам танымайтын ноқайлығына» кейіп: «Ақ патша біздің қазақтай ұлы табан іргелі жұртқа жөн білмейтін, жосың білмейтін ноқай кісіні елшілікке жұмсамайтын шығар деуші едік. Әлде ауыл арасының ақ сайтаны араласты ма екен? Сіз келгелі қостың сыртына шығып, ат мініп, мал қарап жүрген кез келген май тымақты қол бұлғап шақырып алып, иығына шапан жауып, қолтығына сыбаға қыстырып жатыр деп естиміз. Мына Кіші жүздегі тізгін ұстап отырған екі «Арқар» ұрандының біреуі ғой деп, өзімді сыйламаса да, Петр ағзаммен хат алысып тұрған әкем Қайып ханның аруағын сыйлап, мені де шақырып, ықылас білдіретін шығар деп біраз тостым. Мәмбет мырзаның, ең болмаса, өлі-тірімізді білгісі келетін сыңайы көріне қоймайды»[1,349-б], - деп қара қазандай өкпесін қойып қалады. Қазақтың байлары мен шен-шекпеніне маңғазданған кеудемсоқтарының тегін үлестіріліп жатқан «нәпәһаның» бірінен біріне көк тиын артық берілуін сырттай аңдып отырған күншіл – қызғаншақтығын жете түсініп қалған Мәмбет мырза, мына дәукестен аман құтылуы үшін сый-сыяпатқа қолын батырыңқырап жіберіп, екі бума мата берсе де көмекейі кең сұлтан маңдайына темірмен күйдіріп таңба басқандай ышқынып: «Әбілқайырдың үйіндегі ханымға ақ патшаның өзі киетін қамқадан көйлек әкеліпті деп естідік. Ол төренің қатыны болса, біздің әйеліміз төренің қызы, мынаның ішінде оның неғып сыбағасы жоқ»[1,250-б], - деп тепсініп отырып алады. Бұнымен жазушы қазақтың өзі шығымсыз, ал өзгеден алғанда араны ашылып кететін дүние-қоңыздығын өткір сынға алады. Айтары жоқ, бұл қазақ менталитетіндегі ұлтымызға жат, жербауырлататын жағымсыз-ақ әдет. Ел тізгінін ұстаған Қайып ханның баласы Батыр сұлтанның «кесімі» осындай мардымсыз болғанда, малын ішіп-жемей өсіруді ғана мұрат санайтын, төңірегінен тың-тыңдап, «іннен шыққысы кеп басын қылтитып отырған нағыз сұр жылан» Сырлыбай байдан мәртікті қалай талап етпексің?.. Айталық, оған Мәмбет мырза бір орам көк шұға ұсынғанда ол қолын да созбайды, сосын 50 сомның матасы әлгіге қосқанда барып екеуін алдына тартып, көзін ежірейтіп тырып алған соң, ыңғайсызданған елші Әбілқайырдың ымымен беліндегі деңмент белбеуін, алқызыл мауыты шекпенін, күрең барқыт шекпенін шешіп бергеннен кейін барып сақал мұрты селтиген, қызара бөрткен жалпақ бетінен «ырзалық» белгісі сезіліп, даукес шалдың қабағы ашылады.
Халқымыздың қадір-қасиетін танытатын менталитетіне оның Алла бойына дарытқан шешендік өнері жатады. Шешендік өнер - кез-келгенге қонбайтын киелі қасиет. Ол - ешкімнің бетіне жел болып тимейтін мінезді, кең ойлап, кең пішетін кемеңгер, көп тыңдап, аз сөйлейтін, сөйлесе жетеңе жеткізе тоқетерін айтатын, ешкімнің ала жібін аттамайтын адал, тура сөйлеп, «туғанына жақпайтын», ұлттың қамын жеп, халықтың намысымен өртеніп, ойды септеп, қолымен от көсеп отыратын кемеңгер адам. Сол кемеңгерлердің арқасында Ұлы Дала түрмені білмей, қоғамды бұзықтардан қорғап, заманды түзеп, жас ұрпақты береке-бірлік, ізгілікке ауыздандырып келді. Әбіш Кекілбаевтың шешендері мен билері: Төле, Қаздауысты Қазыбек би, Әйтеке би, Мәті т.б. билері осы деңгей, өлшемде көрінеді. Әсіресе, Әбілқайырдың бойындағы көжеден көп сұлтанның бәрінен табыла бермейтін үздік қасиеттерді ерте таныған сұңғыла Мәті би оны үнемі қоштап, қолдап, қатесін түзеп, сара жолға салуға көп еңбек сіңірді. Ол – қызыл тілім мен сара көкірегімнің жолына тұзақ болады деп иініне асыл ілмей, алдына мал түсірмей, жанына ағайын-жекжат жолатпай, қара қылды қақ жарған нағыз тура би атанған, кісілігі мол абыз адам. Жаугершілік заманда қалмақтың қонтайшысы қолға түскен Мәтіге: «Дүниедегі ең үш тәтті нәрсені қателеспей айтып берсең, басыңа бостандық берем», - дегенде ол: «Ақ некелі жардан тәтті не болушы еді, ақтан туған ұлдан не тәтті болушы еді, азамат екеніңді біліп өлген ажалдан тәтті не болушы еді» [1,85-б], - деп қазақтың кемеңгерлігі мен келістілігін мойындатып, тұзағын өз қолымен ағыттыртқан ғой. Демек, Мәті би ақ некелі жардың ардан аттамай, асыл қаныңды айнытпай, сертіне берік, жаныңа адал серік боп өтетін; ақ некеден, асыл қаныңнан жаралған ұлың қанын сұйылтпай, ата дәстүріне кір шалдырмай, жеткен биігіңді сеңгірге жеткізіп, көсегеңді көгертіп, өрісіңді кеңейтпек, даңқыға даңқ үстемек; ішкені мен кигеніне мәз, тойғанына кекірігі азған, халқын сорып, көз жасынан дәулет жиып, төңірегіне топ жиып, елді алатайдай бүлдіріп, жылаулар мен араздықтан бедел тапқан азғындықтан қашық жүріп, еңбегін, білімін, өнерін, тапқан-таянғанын жұртының керегіне жұмсап, туған елін құлы етуді аңсамай, құлы боп өтуді асқақ арманына, мүддесіне айналдырып, Темірқазығынан айнымаған адам ғана азамат деген атқа лайық екенін аз сөзге көп мағына сыйдырып, тыңдаушысы қара болсын, хан болсын ой теңізіне табанда шым батырып жіберетін даналық мектебі – шешендік өнеріне не жетсін. Шешендік өнер-өте күрделі ұғым. Шешен болу үшін ақ дариядай ақтарылған тілің болуы аз, арғы-бергі шежірені, халықтың басынан кешкен тарихын, бай ауыз әдебиеті үлгілерін, әдеті мен ғұрпы, салт-санасы, дәстүрін, философиясын, саяси-әлеуметтік жағдайларды, қоғамның қатпарлы құбылыстарын, көршілердің де жай-жапсарын көкейге түйген, ел басқарған игі жақсылардың кейінгіге қалдырған өнегелі істері мен қордалы көкіректерінің аңыз боп жеткен асыл мұрасын кеудесіне құйып алып, соның нұрын, шұғыласын елінің игілігіне жаратқан ғана шешен, би, абыз танылып, халқының жадынан өшпес қадірлісіне айналады. Көзі тірісінде олар «азамат» саналып, халқының тізгініне олар өлермендікпен жармаспай, халық тізгінін олардың қолына өздері ұстатып, соңынан ереді. Қаласа, қолындағы шамшырағы, қайраулы алдаспаны болуға, теңізді жұтуға да әзір. Сол Мәтінің «ақ некесінен», «ақтан туған» жалғыз ұлы Тайлан әкесінің күн көрістік қана дәулетінен қорынып ұзақ үйлене алмай жүреді. Сонда әкесі: «Әкең-Мәті, досың - Әбілқайыр болса, саған қандай қалың керек. Қасыңа сұлтанды ерт те, сұлтан түсетіндей бір үйдің ту сыртынан барып ат басын тарт. Ар жағын өзің көресің!.. Өзіңнің болашақ қадіріңді, әкеңнің атын, досыңның абройын тегін үйдің босағасына тастай салма»[1,88-б], - дейді абдыраған баласына. Айтқандайын-ақ, ерлігімен, ұстамды мінезі, азаматтық тұрлаулығымен Әбілқайыр ханға дос болған Тайлан батыр, сәтті бір күні Садыр руының атақты байы, сыртқы сұлулығы ішкі сұлулығымен үйлесіп, жігіт біткеннің көкейін тескен Патшайым атты қызы бар Жомарттың үйіне кеп аттан түседі. Жомарт құтты қонақтарды қуана қарсы алып, ағайын-туғанын түгел шақырып, жабылып жүріп күтіп, кетерінде бұйымтайларын сұрайды. Әбілқайыр досы, Мәті бидің баласы Тайланға Патшайымын қосуын өтінеді. Байлықты мақсат тұтпайтын, киелі отбасының қадірін білетін Жомарт бай екі сөзге келмей, Әбілқайырдың көзінше, жалпақ жұрттың алдында Тайлан батыр мен Патшайымға әкелік ақ батасын беріп, еш қалыңмалсыз Мәті бидің босағасын аттатады. Соның алдында ғана Тайлан киімінің қораш екенін, ат әбзелдерінің ескіргенін әкесіне ескерткенде, ол саспастан ұлының атына мініп базарға барып қайтуына кеңес берген-ді. Ол базар аралап жүргенде бір келбеті келіскен саудагер оған сәлемдесіп, әрнәрсенің нобайын айта келіп, мұнан: «Мәті бидің баласы емессіз бе? - деп сұрап қалады. Тайлан жөнін айтады. Сол-ақ екен әлгі саудагер Тайланды үйіне ертіп барып, қонақ етіп, күтіп, кетерінде астына бар әбзелдерімен ат мінгізіп, шырттай киіндіріп шығарып салады. Бәр-бәрі көрген түстей Тайланды таң-тамаша қалдырады да, осының сырын әкесінен сұрағанда, ол жайбарақат қана: «Бала әкеге бес жыл жұмбақ, әке балаға өмір бойы жұмбақ» деген ғой. Әкеңнің қадірін әлі түсінбегенің бе, балам»[1,88-б], - депті. Өмір дегенің қып-қызыл майдан. Сол майданда пенде қайда жүрмейді, не істемейді, қандай адамдармен қарым-қатынас жасамайды. Сондай сәттерде кейде жазықты боп әлдекімдерге тәуелді боласың, немесе қиянаткерлердің құрығына түсіп жазықсыз жапа шегесің. Қатігез қол ажалыңнан бұрын жер қаптырары да Аллаға аян. Сыйынған Алла, не құдіреті жүріп тұрған адамнан күдер үзгенде, саған көзі түсіп, айдаладағы біреу құрықтан босатып, қақпаннан құтқарса, ажалыңнан сақтап, қызыр боп ұшырасса, есепсіз жақсылығын өткізсе ұмытар ма едің?.. Жомарт та, әлгі саудагер де – «аштықта жеген құйқаның» дәмін татқан кісілігі жоғары жандар. Мәті бидің тағдырлары сынға түскенде қол үшін беріп, сатусыз жасаған періште пейілінің қайтарымын өмір бойы күтіп жүргендіктен, олар қызырды бірден танып, атан түйеге жүк болар шарапаттың тайлаққа жүк боларын ғана қайтарып, «тілдерін тістеп қалады». Көрген жақсылықты көзінше мойындағысы келмей, киелісіне күйе жағып немесе есіктен шыға бере жарылқаушысын жамандап, жауыр аттай құйрығын сабалап, жалын шайнап, шала бүлінетін жабылар аз ба?.. Өзіне сенімді Мәті бидей мықтылар, өмірден опық жегендерді қиянаткерлердің әлімжеттігінен талай жерде жолы кесіліп, бойы өспей, тұйыққа тірелгенде, Алладан медет сұрағандарды әмірі күштінің жердегі елшісіндей әділ би қолтығының астында қанаты барды аспанға ұшырып, екі аяқты пендені «Жиделібайсынға» жетелеп әкелген кездері көп-ті. Тегі, есепсіз жасаған жақсылықтың қайтарымы мол, ақ жаңбырдың солған тамырды иітері де есепсіз емес пе? Мәті бидің басқаға жасаған сатусыз жақсылығы, ақ жаңбырлығының қайтарымы әзірге теңіздің тамшысындай, ат аунаған жерде қалған түктей. Әркімді жел жағынан жүргізе бермейтін, байлығы мен атағынан ат үркетін Жомарт байдың қызын қалыңсыз құшып, көк тиын шығындамай киініп, астына тұлпар мінгеніне есі кеткен Тайлан батыр әкесінің хан алдындағы, қара халық алдындағы беделінің зорлығын түсінеді, ғибрат алады.
Информация о работе Ә.Кекілбаев пен Б.Нұржекеев шығармаларындағы ұлттық менталитет