Ә.Кекілбаев пен Б.Нұржекеев шығармаларындағы ұлттық менталитет

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 24 Сентября 2012 в 13:04, диссертация

Краткое описание

Адамзат қоғамын дүр сілкіндіріп, мәңгі өмір сүрудің өткір, өзекжарды мәселелері материалдық, техникалық, жер асты, жер үсті байлығы тапшы, халқының саны шектеулі ұсақ ұлттар мен ұлыстарды ойландыра бастады.

Содержание

КІРІСПЕ.................................................................................................................................. 3
І. Ә.КЕКІЛБАЕВ ПЕН Б.НҰРЖЕКЕЕВ ӘҢГІМЕ, ПОВЕСТЕРІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ МЕНТАЛИТЕТТІҢ АЛАТЫН ОРНЫ...............................................................................15
1.1. ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ ӘҢГІМЕ, ПОВЕСТЕРІНДЕГІ САЛТ-САНА, ДӘСТҮР МЕН НАНЫМНЫҢ БЕЙНЕЛЕНУІ ................................................................................................15
1.2. БЕКСҰЛТАН НҰРЖЕКЕЕВ ӘҢГІМЕ, ПОВЕСТЕРІНДЕГІ ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ УАҚЫТ СЫНЫНАН ӨТКЕН МЕНТАЛИТЕТТЕРІНІҢ КЕСТЕЛЕНУІ.................................56
ІІ. Ә.КЕКІЛБАЕВ ПЕН Б.НҰРЖЕКЕЕВ РОМАНДАРЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ МЕНТАЛИТЕТТІҢ БЕЙНЕЛЕНУІ....................................................................................74
2.1. «АҢЫЗДЫҢ АҚЫРЫНДАҒЫ» ҰЛТТЫҚ ТАҒЫЛЫМ ...............................................74
2.2. «ҮРКЕР», «ЕЛЕҢ-АЛАҢ» РОМАНДАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚЫ МЕНТАЛИТЕТТІҢ КӨРІНІСІ ...................................................................................................................................84
2.3. «КҮТУМЕН КЕШКЕН ҒҰМЫР» РОМАНЫНДАҒЫ ӨНЕРГЕ ҚҰРМЕТ ПЕН ҰЛТТЫҚ МІНЕЗДЕГІ КЕРАҒАРЛЫҚТАР ............................................................................................103
2.4. «БІР ӨКІНІШ, БІР ҮМІТ», «ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАР» РОМАНДАРЫНДА ОТБАСЫЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР НЕГІЗІНДЕ ҚАЗАҚ МЕНТАЛИТЕТІНІҢ БЕЙНЕЛЕНУІ....................114

ҚОРЫТЫНДЫ.........................................................................................................................138
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ....................................................................143

Прикрепленные файлы: 1 файл

Диссертация Асем 2+++.doc

— 1.10 Мб (Скачать документ)

Қазақ әйеліне тән  әдептілікті, ұяңдықты тағы да әңгімесінің  мына бір жолдарынан байқаймыз: «Торғын  асығып келеді. Жұрт болса жұмысқа  кетті. Үйі енді босаған шығар. Дәулеттің өңін дұрыстап көріп, тілдесетін шақ та осы. Осыдан барған соң, иығындағы қапты ошақтың басына итере салып, үйге кіріп барады. Бұл барғанда атасы үйде болмағай да. Онда Дәулет Торғынның ең болмаса хал-жағдайын сұрар еді. Бұл жылап жіберіп жүрмес пе екен. Ана жылы майданға шығарып салғанда, атасынан қаймығып жылай да алмаған. Тамағына тығылған ащы жас көкірегін кеулеп, үш-төрт күнге дейін аузын ашса, өксіп-өксіп қалып жүрді» [1, 42-б].      

  Жазушы бір ғана суретке көп мағына сыйғызады. Жалғызын күткен кемпір-шалдың жаңбыр жауса да су шүмектеп тұратын шұрық тесік киіз үйі – сол тұстағы халықтың әлуметтік тұрмыс-күйінің шынайы көрінісі.

«Көлденең көк аттыдағы»  көкесінен қаралы хабар келгенде балалар көріп қоймасын деп жылға-жылғаға  бұқпантайлап тығылып жылайтын бала - сол тұстағы ерте есейген балалардың жиынтық бейнесі болса, Зайыр – ел басына әңгіртаяқ ойнатқан, тіліне, қолына да тиымы жоқ жексұрын, зұлым.

«Бір шөкім бұлт» - жазушының мейірбан жеңгелеріне  арналған ескерткіші. Повесть оқиғасы  шегініс арқылы өрбиді. Жасөспірім Қаржау мен екі шаңырақтың арқа сүйері Ожан қатар әскерге аттанғанда, ауылдағы бар ауыртпалық осы әйелдердің мойнына артылады. Жаңылсын, Шайзада, Аққаймақтардың тылдағы жанқиярлық еңбектері шығармада шынайы бейнеленген. Олардың мейірімді, кішіпейіл, нәзік жандарын тағдырдың тақсіреті де өзгерте алмайды. Кеше ғана толысқан уыз жас қыз Аққаймақ көз алдымызда ширығып, піседі. Өмірдің өзі оның иығына нар көтере алмас жүк артады. Соның бәріне төзу, төтеп беру – қазақ әйелінің ғана еншісіне тиеді. Не деген төзімділік, не деген шыдамдылық! Жазушы кейіпкер бойындағы мұндай ерекшеліктерді олардың әрекеті арқылы дәлелдеп ашады. Мұндағы кейіпкерлер арасында пәлендей тартыс жоқ. Кейіпкерлердің іс-әрекеті уақыттың өзінен туындап әдемі шешім табады. Шайзаданың ер жігітке бергісіз мінезін Досан ақсақалдың: «Шырағым, Шынжырбек, маған осы келін болмаса, басқа бақа-шаянның серіктікке жарамайды»[1,254-б],-деген бір ауыз сөзінен-ақ аңғарамыз. Ауыр тұрмыс қажыта алмаған Шайзаданы жалғызының қасіреті оны көрген күні о дүниеге аттандырды.

Жазушы пейзажды адам мен табиғаттың бүтіндігін көрсетер жерде тауып пайдаланады. Қаржау келген күнгі: «Жаяу жел сыртта шилердің сақалын тарап суылдап тұр» деген сурет жайсыз хабардан белгі берсе, «Өзінің әйел екенін тұңғыш ұғып, ұзақ жылайды. Сыртта топырақ дүркіреп кетті. Кешеден бері таудың желкесіне шарта жүгініп алған қара бұлт қашанғы шыдасын, төгіп-төгіп жіберді»[1,236-б], – деген көрініс – перзентінің көз жасына ерік берген табиғат – анасының көз жасы.

Бір апта елде болып, сыр  ашпаған күйі аттанған Қаржаудың жан-жарасы мен тән жарасын полк командирінің: «Таусылма, Қаржау. Сен әлі уыздай жассың. Сенің қасіретің соғыс тап қылған қасіреттің ең ауыр екені де рас»[1, 285-б],-деген сөзімен аша түскен. Көп ұзамай «Капитан Қаржау Құттымов «Отан үшін аса пайдалы қиын тапсырманы орындап, ерлікпен қаза тапты»,- деп ауылға келген қаралы қағаз да Аққаймаққа тапсырылды. Әке-шешеден, оның орнын басар Шайзададан, соңғы үміті Қаржаудан айрылу Аққаймақ үшін оңай емес. Бірақ, ол –болған іске болаттай беріктік танытқан қажымас қайсар жан. Екі шаңырақтан жалғыз қалған Аққаймақ қос жанарын Отан қорғауға беріп, бір ұл, бір қызымен жарынан айырылған Тайбағармен табысады.

Аққаймақтың тағдыры  қанша қиын болғанмен ол адам баласына қолынан келгенін жасауға даяр. Екі перзентті, жанарсыз Тайбағармен шаңырақ көтеру де екінің бірінің қолынан келмес ерлік. Автор Аққаймақты негізгі кейіпкер ретінде алып, ортақ жаумен айқасу үстінде мүгедек болған батырға өз жастығын сайлаған ірі мінезді қазақ әйелінің типтік бейнесін жасаған.

«Бір шөкім бұлт»– повесі соғыс жылдарындағы ауыл өмірінің негізінде жазылған. Яғни, тақырыптық шеңберінде қиын-қыстау, қысылшаң шақ, кірпіктерде қан қатқан алапат соғыс  уақытындағы шалғай шеттегі қарапайым  қазақ ауылындағы өмір шындықтары, адамдар арасындағы достық қарым-қатынас, бауырмалдық, жарқын қасиеттер сөз болады. Анығырақ айтқанда «қотандағы қозысына дейін қатар жамырайтын» екі отбасының соғыс салған жарадан кейінгі тағдырлары суреттеледі. Автордың шығармадағы негізгі идеясы - бір шөкім бұлттай шағын семьяның басында болған қабырға қайыстырар трагедиялық өткір драмалық шиеленіске толы өмір эпизодтары, сол кездегі баршаны шарпыған, баршаның басындағы ащы шындық екенін көрсету. Повестің ортақ кейіпкерлері Аққаймақ және Шайзада. «Қимылы аз, қиялы көп» қырда өскен қызғалдақтай көрікті қызбен, өз ісіне тыңғылықты қытымыр күндер қиыншылығын басынан өткізе жүріп қыңқ етпеген «жер қозғалса, қозғалмас» қазақ әйелдерінің бейнелері толыққанды шыққан көкейге қонымды. Аққаймақ пен Шайзаданың өзіндік ішкі жан-дүниелерін, мінездік сипаттарын, характерлерін автор едәуір сәтті көрсеткен, сыртқы бітім-тұлға, кескіндерін шебер мүсіндеуге тырысқандығы байқалады. Әрқайсысының өз қыры, өз сыры бар, адамшылық табиғаттары қос бейненің бір-біріне ұқсас, бірінде жоқты бірі толықтырып жатады, толыстырып тұрады. Повестегі Аққаймақ пен Шайзаданың нұрлы бейнелері оқушы қиялында шынайы айшықталғандығымен тартымды әсер қалдырады. Олар ұлттық менталитеттен айнымайтын, қарапайым да қайырымды жандары сұлу, мінездері ашық күндей жайдары, тонған мен тағдыр бақытын тонағандарға қолұшын аямайтын адамдар. Автор әсіресе, Ақаймақ бейнесін шыншыл, шымыр кескіндепті. Ол қатал тағдырдың қатыгез өміріне бас имеген шындығы шынардай өршіл мінезді, өмірге ғашық жан. Туған әкесін соғыс жалмады. Жан анасын құшағына қара жер мезгілсіз алды. Сүйген жігіті Қаржау өзімен-өзі жел айдаған қаңбақтай ауыр тағдырды арқалап кетті. Жақын жанашыры, арыстай қайын енесін де сұсты ажал  жеңіп, еріксіз басын идірді. Күз болмай жапырағынан айырылған жалаңаштанып қалған ақ қайыңдай состиып Аққаймақ жалғыз қалды. Тағдыр қанша оны топшысынан қағып жыққанмен ол жасымады. Қарсыласты. Иілгенде не істемек? Қайта бұрынғысынан да өмірдің өзі оны ширата түсті. Адамның күні адаммен. Әйелі өліп екі баласымен қорғансыз қалған, маңдайындағы қос шырағын соғыс сөндіріп кеткен Тайбағармен Аққаймақ көңіл қосады. Бұл заңды да еді. Аққаймақтың характеріне әбден лайықты табиғи құбылыс. Адам бақыт үшін жаралған. Ол бір адамды бақытты етіп, жүзіне мұң көлеңкесін жанына қайғы ізін түсірмеу қолынан келетіндігіне күмәнсіз сенеді. Аққаймақта аяулы жүрек, ақыл парасат бар. Аққаймақтың ары тау суындай тұнық та мөлдір. Ауылдың итінен де есегі қабаған. Қаржауды тосып жүргенде оның сыртынан талай өсек торы құрылды. Бұл да қазаққа тән жағымсыз қылық, мінез құрыққа сырық жалғанып, өтірік шындай, ақсақ тыңдай болып өсек оты лаулады. Оның бықсыған өртінен де қолқаңды қауып, деміңді тарылтатын дерті жаман. Аққаймақ бұған шыдады. Шындық иілгенмен сынбайды деп білді. Аққаймақтың жаны рухани таза, моральдық бейнесі де жоғары. Адамгершілігі мол. Ол жалт етпе минуттық арзан сезімнің иесі емес, өзін тежей біледі. Өкіл жігіттің сұғанақтығына жол бермей, жүрек сезімін ақылға жеңдірген сәтте оқырман қауым Аққаймаққа риза болады. Автор повестегі Ожан, Жаңылсын бейнелерін де нанымды сипаттаған. Түймедейді түйедей етіп көретін, барып кел, шауып келдің адамы пошташы Түсіп те едәуір көңіл аударарлықтай бейне. Жазушы оның ішкі жан дүниесін әдейілеп ашпағанмен сыртқы сипатынан, жүріс-тұрыс, сөйлеген  сөзінен характер сырын аңдатқан. Повестің бір ерекшелігі қарапайымдылығында, жай емей, көркем қарапайымдылығында. Мұнда шығарма арнасына сыймай  жатқан дау-дамай, талас-тартыс, шытырман шиеленіс, конфликт жоқ. Оқиға біртіндеп дамып өрбиді. Оқиға дамуында ойға оралымсыз, логикаға қайшы жәйттер бой көрсетпейді. Повестке өзек болған сюжеттік, ситуация өмір шындығынан алынған.

«Аш бөрі» әңгімесінде  Құрманғазының бір сәттік көрінісінің  өзі сол заманның суретін толық  ашады. Алпауыт күйшіге тізесін  батырған билеуші тап өкілдері оны қараңғыда тар қапаспен мойыта алмайды. Ол жолда келе жатып-ақ «Алатау» күйін шығарады. Көне дастандарда «Әзіреттің Алатауы» деп аталатын тауға қарап күйші  бойын кернеген шабытпен көңілінің көк бұлағын сапырған. Күйші атаның тасқындап тулаған өнер селін басып,  мұқалта алмаған жандарды, иә, «Алатау» күйі мазақ етердей әсер берсе, ол қонатын үй қазақтың бар жылы-жұмсағын қонағын сыйлайтын дәстүрін, яғни, қазақтың қонақжайлылығын қаламгер мына бір жолдармен ұтымды бейнелейді: «Е, хабарласқандай кім бар? – деп дауыстайды. Жолай кездескен үйге тақай бере күйші.

Үйде күңгір-күңгір дауыс  бар. Соның арасынша сықырлауық сылдырап, үйден біреу шықты. Қолында шелегі. Аруананың бауырына бара беріп, жолаушыдан барыс жайын сұрады. Жолаушы құдайы қонақ екенін айтты.

Әйел: Онда түсіңіз, қоныңыз», - деді[1,21-б]. «Қонағы айтпай қонатын, көршісі айтпай кіретін» халқымыздың қанына сіңген дәстүрлік әдебі. Қонаққа үйдің төрін, астың дәмдісін ұсынып, соған бір жасап қалу – ежелден келе жатқан ескі салтымыз. Нақтылап айтсақ, ұлттық менталитетіміз қонақты ақ жарқын көңілмен жақсылап күту көргенділігі, адамгершілігі, азаматтық ғана емес, тіпті міндеті болған. Қазақтың «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» деп аталатын көне заң жарғыларында және оған дейінгі де қылмыстық істерді қарастыратын, белгілейтін ережелерде қонақ күту мәселесі арнайы  баптармен заңдастырылған. Мысалы, құдайы қонақты қондырмай жіберген үй айып төлеген. Мұның бәрі қонақжайлылық, меймандостық дәстүрді берік орнату, оны бұзуға жол бермеу мақсатынан туған. Құдайы қонақты қабылдау, тегін күту, дұрыс демалу жайын мүлт жібермей атқару ауыл абыройы санаған. Қонақты Қызыр ретінде қабылдаған қазақ менталитетінің басты шарты.

Халқымыздың осындай  қонақжайлылығы, дастарханның кеңдігі, таныс-білістері  түгілі, бейсауыт жолаушыға есігі ашықтығы барын құдайы қонағының алдына тосатын мырзалығы жайында қазақ елінде болған шет жұрттық білімпаздар, саяхатшылардың тамсана жазбағандары кемде-кем. Орыс ақын-ғалымдары А.С. Пушкин, В.В. Радлов, Г.И. Потанин тағы басқа көптеген атақты кісілер бұл елдің адамдары үйіне қонған жолаушыдан жамбасақы, ішкен-жегені үшін ақша пұл алмақ тұрмақ, ондайды тісінен шығаруды ұят көретін, егер осы халықты экватор бойына тізіп орналастырса, жер шарын ешбір қаражатсыз-ақ айналып шығуға болатыны жайында қолдарымен жүрегін басып тұрып, емірене қағазға түсірген.         

«Ақырғы аялдама», «Керек адам», «Міне, керемет» әңгімелерінде  осы заманғы, қазақтың қалыпты менталитетіне керағар ар-ождандық мәселелер көтеріліп, сәтті көркемдік шешімін тапқан «Міне, керемет» әңгімесінің формасы да айтары да  қызық. Мұнда да жазушы курстас достар араға біраз жыл салып кездескендегі әрқайсысының  өмір турасында қалыптасып біткен түсініктері төңірегіндегі ойлары сарапталады, ішкі қақтығысын зерттейді. Әр түрлі ортада болған достардың енді ой-түсінігі бір-бірінен бөлек, алшақ. Поездары да түсініктері тәрізді екі бағытқа қарай зулап барады. Бірі қалада, бірі далада тұратын екі жігіттің бір-біріне қызыға қарауынан тоймайтын тоғышарлықты көреміз. Автор осындай контраст арқылы өзгеше шешім жасайды. Өмірді өзінше көріп-білген, жігіт ағасы боп қалған кісілердің ойлары мен олардан туған албырт сезімді балалардың қиялы қарама-қарсы қойылады. Осыдан-ақ суреткер позициясы анық танылады.

Яғни, «Міне, керемет» әңгімесінде  пенделік қайшылықты бояп, сырлап бейнелеуге баспайды. Іс басындағы азаматтар сыртын сылау, қызмет баспалдағымен көтерілудің өнерін жетік игергенімен, адамшылықтың жолын игеруге қабілеттерінің тапшы екенін сездіртіп алады. Олардың бір-біріне деген жасанды ілтипаты, жасанды сыпайыгершілігі, жасанды сырбаздығы, жасанды өліп-өшкен құрмет - ізеті, Абай тілімен айтқанда, «Сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстық пен биліктің ешбір қасиеті жоқ» екенін сездіреді. Мансап пен билікті адам іздемей, мансап пен билік адамды іздейтін күн тумайынша халық маңдайындағы сорынан арылмайды. Осы әңгімесі арқылы қаламгер қылықтары көкірегіңе тікендей қадалатын замандастардан түңіліп, уақыттың үрдісінен шығып, қоғамды кенелтетін ойлы, парасатты, сезімтал, өмір алдындағы рухани жауапкершілігі жоғары шын мәніндегі зорды қалайтындай. Өзі зордың болады ығы да зор. Ұлы мұраттарға шақтап пішілген, екі тізгін, бір шылбыр ұстатар адамға биік талғам, биік парасат, күрескерлік сана, ірі мінездер тән... Демек, бұл әңгімеде қазақ менталитетінен ажыраған, тоталитарлық жүйеде тәрбиеленген, екі тілді, екі елдік салт-санаға бейімделген жандардың пиғылы әшкереленеді.

Қаламгердің ең бір тамаша жазылған  «Ақырғы аялдама» шығармасында жазушы ұлы мұраттар жолында алғыр  да білгір жандар неге сиреп кеткеніне  жауап іздейді. Ә.Кекілбаевтың көтерген мәселелері қашан да өрелі келеді. Бір айтқанын қайталау, бір жүріп өткен соқпағын табанымен тоздыру оған жат. Абай айтқандай: «Ырыс баққан - дау бақпас». Бәрін де алдын ала өлшеп – пішіп, жоспарлап, тәртіпке келтіріп отыруды қанына сіңірген инженер Бисековты күндейтін де, күндемейтін де адам жоқ. Өйткені, ол мынау қырық құйқылжыған алмағайып өмірде біреудің алдына түсіп, озып келуден сақтанады, билікте отырып, мансапқұмар болудан сақтанады. Қашан да екі езуі екі құлағына жетіп, осы өміріне риза болып жүргеннен басқа сыңай танытпайды. Тым әдепті, тым принципшіл (басқаға емес өзіне) тым кішіпейіл,  тым салмақты, тым ұстамды, тым момын... Сондықтан оның жауы да, досы да жоқ.

Ә.Кекілбаев өз шығармаларында детальды, штрихты орнымен жақсы пайдаланады. Алғашқы туындыларында бұрқан-талқан боп ерік бермей жөнелетін сөз стихиясын тізгіндеп, нақтылы, жанды картина жасап сөйлейді. Оған жазушының әрбір ұлттық санадағы майда құбылысты қалт жібермей бағып отырған қырағы көзі, шұрайлы тілі қосылып, өзгеше ұлттық менталитетке сүйенген суреткерлік әлемін жасайды. Және де дәл ұсталған ұлттық типтер, содан өздігінен шығып жатқан терең ұлттық  идея әлеуметтік мәні зор үлкен жүкті арқалап тұр. Сөз жоқ, Ә.Кекілбаев туындыларындағы көтерген мәселелері бұл кітап төл әдебиетіміздегі  жаңа сөз, көркем ойымыздағы айтарлықтай құбылыс.

 

1.2. Бексұлтан  Нұржекеев әңгіме, повестеріндегі  халқымыздың жасампаз қасиеттерінің  кестеленуі

 

Өмір – сабақ. Адамды тану қиын. Киімі қораш, бет-әлпеті ұсқынсыз, шаршап-шалдыққан кісіге елеусіз көз тоқтатып, жылы ілтипат білдірмеуің, сыйласпасың, сұхбаттаспасың да мүмкін. Тонына не сыртқы сықпытына қарап кісіге ілтипат білдіру не теріс айналу адамгершілік нормасын бұрмалауға жатады. Бексұлтан Нұржекеев үнемі болмаса да оқта-текте ұшырасып қалатын сондай бір адами қарым-қатынасты «Қиын сұрақ» әңгімесінде әдемі өрнектеген. «Ыржиған ауызды көріп-ақ Сәуле сырт айнала берді. Кешелі бері біліп үлгергені – бұл бір байғұс адам, көріп тұрғанына көңілі жетпейтін көр, кекесінді де ұқпайтын кем ақыл... Жұрт мәдениетке жарыған қазіргі заманда да қылығы оғаш: осы үй оны жақтыра ма-ау, жоқ па-ау, - жұмысы жоқ, қасқайып барып қақа төрге отырып жатыр»[2,395-б], - деп бұл үйдің туасы не пайдасы тиеді» дейтін де емес, түтесі шыққан жарымжан, жүгі де – жалғыз сандық адамды көрсе жынданып кете жаздайды Сәуле. Өзі педучилищеде оқиды. Міне, бүгін Зәуре деген дос қызын үйіне қонаққа шақырып еді, қонақпен қонақ болып сүйретіліп тағы жетті. Дүниеде шақырылмай келген қонақтан қадірсіз бар ма? Бірақ, әкесі Сарман, шешесі де осы бір адамға жік-жапар боп қарсы алып, төрін тосады. Үйінде артық ауыс адамның болуын жақтырмайтын асау Сәуле, кәрі, науқас, әйелі өлген, азып-қажыған шалға дөрекілік көрсетіп, жақтырмайды. Сөйтсе, Боташ есімді кемтар шал Ұлы Отан соғысының мүгедегі, жауапты қызметтер атқарған, Айғанша есімді сұлу әйелі баладан қайтыс болған, кезінде әлі алты айлық саби Сәулені шағайын деп тұрған жыланнан өз өмірін де құрбан етіп сақтап қалған мәрт әрі батыр; әке-шешесімен басынан өткен бірталай қиындығы ортақ, ойын-күлкісі ортақ, тағдыры ортақ, сыйлы қимас достары болып шықты. Кімнің кім екенін ескергісі келмей, үлкенді құрметтейтін қазақы әдет-ғұрпымызды мансұқтап, менталитетімізді тізесімен баспақшы болған Сәуленің қылығына жүрегі шайлыққан әкесі Сарман, шешесі үйде жоқ кезде шиыршық атып кеп, қызын қыспаққа алады: «Қабағын, қимыл-әрекеттерін көргенімде, жерге кіріп кете жаздадым жақтырмайды, тап оның әлі тірі жүргеніне тыжырынатындай. Сый-құрметін ешкім сатпайды, сонда да ел болып еркелетіп жүрген адамға ілтипаты жоқ мұндай бала өсіргенім маған да ұят. Түсінесің, Боташтың тірі жүргенінінің өзі тамаша ерлік. Талайға келдік, тәжірибе көрдік. Қан кешіп жүріп күлетіндер бар, қасқайып қара басы қалса да, терең күрсініп қойып тағы да тіршілік етіп жүргендер де бар. Қанға шыланып жатқан адамды көріп-ақ жынданып кеткен және көп. Жай күйіттеген адамға жасырынатын қуыс жер бетінде аз ба? Құр жан бағыс кімнің қолынан келмейді? Боташ бір өзге адам. Үй болам, отбасы құрам десе, қолынан ол да келіп тұр. Айғаншам деп аһ ұрады, аруағын сыйлап әлі жүр. Сөгеріңді де білмейсің, сүйсінеріңді де білмейсің. Аңыз-үлгі етпесең, ғайбаттаудың қай реті бар? Басынан баяғыда өткен бақытты шағы жанына әлі күнге талшық. Қияли дүниені, бүкіл кереметті қолына ұстап тұрса да, кейбіреудің кейістігі көрге дейін тарқалмай кетеді емес пе?[2,398-399-б],-деп қызына жақсылығын, мәрттігін айтқызбай жасайтын аты үлкен әріппен жазылатын адамды тани білуге, құрметтей білуге, қарапайым, кішіпейіл, инабатты болуға кеңес береді. Қайта еліне адал, ісіне адал, достарына адал, сүйген Айғаншасына адал, қайсар Боташтардың тағдырын үлгі еткен қоғамда адамдар бір-біріне қиянат етпей, бір-біріне ізгілік шуағын шашып, қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын заман орнығар еді. Шешесі Боташ пен оны өліп-тіріліп сүйген Айғаншасының қысқа да мәнді, бірақ соңы трагедиялы тағдырын Сәуле мен Зәуреге жеткізе баяндап бергенде шолжаң, алаңсыз өскен еркетотай, тік мінез Сәуле мен дос қызы ауыр ойға батады. Әсіресе, жаңа қосылған күйеуі соғысқа кетіп, тағдыры ауыр еңбек қажытып, аяғы ауырлаған сұлу келіншекті нәпсіқұмар Тұрақазы бригадир айласын асырып, қолға түсіргені, күйеуінің көзіне шөп салғанын, өзін кешіре алмай арлы Айғашаның ажалын табуы-өмірден үлесі бар бойжетіп қалған қыздары, егер тағдыр осылай ащысын тосса, тығырықтан қалай шығудың «қиын сұрағына» жауап іздеттіреді. Ақ некеге адалдық өмірінің мәніне айналғанын Айғанша марқұм: «Ауыр күнә екенін о баста өзім ойламаппын, атып өлтірсе обал жоқ. Оқ пен оттың ортасында ол жүр, мауыққандай менікі – мынау. Жуып-шаятын кір емес, күнә деген көрге бірге кетеді. Мен риза болсын десең, мұнымды, әйтеуір өлгеннен кейін де оған айтпа»[2,402-б],- деп сенімді досына «күнәсін» тек өліммен ғана ақтай алатынын ескертеді. Адамға өмір бір-ақ рет беріледі. Мына қызығынан қитұрқысы жетіп артылатын, жазығынан ой-шұқыры мол, жүзе білмесең тереңіне шым батыратын, шоқалағына сүріне берсең, өзіңе қол жұмсап күресуге дәрменсіздік танытасың, жаратқанның да жадырай қарамасы һақ. Мәселе, сол өмірдің тайғақ құздарынан бір тайып кетсең еңсеңді тіктеп, көсілген көк айдынды буыршындай кіршілдетіп басып өтсең, сыннан сүрінбемегенің. Өзіңе де, өзгеге де  сонда ұнайсың, сенімің нығаяды. Сонда ғана Айғанша соғыстан кемтар болып оралған Боташына «аяқ» болып жалғанып, оның ақ сазандай ұлын көргенде жүз жасайтынына, тамыры терең емен екенін сездіріп, әйеліне халық басына қаралы күн туғанда жапалақтардың денесіне жұқтырған «кірін» мейірім шарбатымен жуып, қуатты жүректің күні оңынан туып, айы орнына батары сөзсіз. Енді ғана оқу орнының босағасын аттаған Зәуре Сәуленің шешесінен Айғанша бастан кешкен кейіпті естігенде «Аянышты екен!» десе, Сәуле «Өте аянышты екен!» деп қабырғалары қайысады. Бірақ, Айғаншаның келер күнін, мұның арты оған тағдыры телулі адамдарға әкелер қасіретін ойламай, ұшқалақ шұғыл шешім жасауы жастар тарапынан қолдау таппайды. Зәуре қыз: «Күнәға батқан жерде үзіле берсе, онда өмірдің осал болғаны ғой. Ойлап қарайықшы, ақылға жеңдіріп ұстамдылық етсе, баласы да боп, күйеуі де келмек екен. Өткеннің өкінішіне бола келешекті өстіп күйретуге бола ма? Айтуыңызға қарағанда, күйеуінің қайғы-мұңына да сол кісінің өлімі көп себеп», - дейді мұңдас, сырлас, қасіреті мен қуанышы ортақ шұғыл қайғылы қазағы ұшыраған құрбысының шешіміне күйзеліп, оған сөз келтіргісі келмеген Сәуленің анасына. Ол «ақ еді, таза еді, көз салған еркекке үрке қарап, бой түзеп, ұнағанды азғындық санайтын» деген мінездемелік штрихтар да ойлы жастарды мүлдем өшіріп тастайтын орны толмас өкінішті жағдайға салқын ақылмен қарауға бейімдігі ішіңді жылытады. «Ол дұрыс қой, - дейді Зәуре Сәуленің анасына, - бірақ бір ағаттыққа бола бүкіл өмірден бас тарту білгірлік бола ма? Күнә кімде жоқ, сол күнәға көміліп қалғаннан гөрі оны ісімен көміп тастаған адам үлгі емес пе бізге! Ал, балам, адам болам деп жарық дүниеге келетін баланы аямау айып емес пе қайта? Сүйген адамы сол күнәсін кешіретін еді, қазір, мүмкін күліп-ойнап қасында отыратын ба еді?»[2,403-б], - деп парасатты тұжырым жасайды. Шындығында да, бар мәселе біреудің зорлығына ойламаған жерден тап болып, қиянат шегуінде ме екен? Онанда зорға аяғын шаптырып, басын жойғызуы да мүмкін ғой. Зорлыққа ұшыраса, босанған зорлықшыдан кек қайырып, өзіңнің кім екеніңді өмір бойы шошынып еске алатындай қайрат көрсету керек. Ішіңдегі баланы туып, тәрбиелеп аналық борышыңды ақтауың, кемтар боп оралып, сағы сынған жарының жығылған жалын тұрғызып, сенсіз өмір сүре алмайтынына көзін жеткізіп жүрегінің кіршіксіз тазалығына табындыратындай биік адамгершілік өрісінен табылуы қажет. Сонда бір соғып өткен аязға үсіп қалатын осал Айғаншалар емес, сықырлаған сары аязға сыр бермей, боранды кеудесімен қақ айыра алға ұмтылған  екінің бірі қол жете алмайтын қуатты Айғаншалар жеңбек, түпкі максимум мұратына жетпек, «Қиын сұрақ» әңгімесінің астарлы ойы жастарды жаттанды соқпақпен ғана жүріп, қалыптасқан, үюге келмейтін әдет-салт, менталитеттің құрбаны болмай, жүнжіп болашағына балта шаппай, тосын қасіретке қарсы тұрып, жоғалтқанның орнын жабатын үлкен істер, әрекеттер, арман-мақсаттарыңа бел буып кірісуге меңзейді. Тахауи Ахтановтың «Махаббат мұңы» повесіндегі Ләззат, Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы Ақбілек пысықайларға алданып, қиянаткерлерге пәктігін құрбан еткенімен, ары мен ожданын жоғалтпай, қара күштің қармағынан жырылып шығып, жаңа топырақта тамыр жайып, жапырағы жайқалған қуатты, сымбатты шынарға айналады. Демек, жастарымызды білімділікке, біліктілікке жетелейтін адамзаттық өркениетті этикаға, этномәдени білім, ұлттық тіліміз бен ұлттық мәдениетіміз, озық салт-санамыз, менталитетіміз арқылы мына қиыны мен қиянаты «бөрік астындағы» өмірге төтеп беретін өршіл, отты, қайсар болмысымызды қалыптастыруымыз керек. Күрес – ол өмір, бақытты болудың кілті.

Информация о работе Ә.Кекілбаев пен Б.Нұржекеев шығармаларындағы ұлттық менталитет