Ә.Кекілбаев пен Б.Нұржекеев шығармаларындағы ұлттық менталитет

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 24 Сентября 2012 в 13:04, диссертация

Краткое описание

Адамзат қоғамын дүр сілкіндіріп, мәңгі өмір сүрудің өткір, өзекжарды мәселелері материалдық, техникалық, жер асты, жер үсті байлығы тапшы, халқының саны шектеулі ұсақ ұлттар мен ұлыстарды ойландыра бастады.

Содержание

КІРІСПЕ.................................................................................................................................. 3
І. Ә.КЕКІЛБАЕВ ПЕН Б.НҰРЖЕКЕЕВ ӘҢГІМЕ, ПОВЕСТЕРІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ МЕНТАЛИТЕТТІҢ АЛАТЫН ОРНЫ...............................................................................15
1.1. ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ ӘҢГІМЕ, ПОВЕСТЕРІНДЕГІ САЛТ-САНА, ДӘСТҮР МЕН НАНЫМНЫҢ БЕЙНЕЛЕНУІ ................................................................................................15
1.2. БЕКСҰЛТАН НҰРЖЕКЕЕВ ӘҢГІМЕ, ПОВЕСТЕРІНДЕГІ ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ УАҚЫТ СЫНЫНАН ӨТКЕН МЕНТАЛИТЕТТЕРІНІҢ КЕСТЕЛЕНУІ.................................56
ІІ. Ә.КЕКІЛБАЕВ ПЕН Б.НҰРЖЕКЕЕВ РОМАНДАРЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ МЕНТАЛИТЕТТІҢ БЕЙНЕЛЕНУІ....................................................................................74
2.1. «АҢЫЗДЫҢ АҚЫРЫНДАҒЫ» ҰЛТТЫҚ ТАҒЫЛЫМ ...............................................74
2.2. «ҮРКЕР», «ЕЛЕҢ-АЛАҢ» РОМАНДАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚЫ МЕНТАЛИТЕТТІҢ КӨРІНІСІ ...................................................................................................................................84
2.3. «КҮТУМЕН КЕШКЕН ҒҰМЫР» РОМАНЫНДАҒЫ ӨНЕРГЕ ҚҰРМЕТ ПЕН ҰЛТТЫҚ МІНЕЗДЕГІ КЕРАҒАРЛЫҚТАР ............................................................................................103
2.4. «БІР ӨКІНІШ, БІР ҮМІТ», «ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАР» РОМАНДАРЫНДА ОТБАСЫЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР НЕГІЗІНДЕ ҚАЗАҚ МЕНТАЛИТЕТІНІҢ БЕЙНЕЛЕНУІ....................114

ҚОРЫТЫНДЫ.........................................................................................................................138
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ....................................................................143

Прикрепленные файлы: 1 файл

Диссертация Асем 2+++.doc

— 1.10 Мб (Скачать документ)

Туындыдағы ата-бабалардан қалған асыл қасиеттер де бізге осы  мәңгілік ұлы мақсаттарымен биіктен  көрінеді.

Қаламгер өзі өмір сүрген дәуір талап еткен бірқатар маңызды мәселелерге өзінше жауап беруге әрекет жасаған. Автор өзінің шығармаларында мораль, этика, әдептілік, тәлім-тәрбие туралы өсиет-ғибрат сөздер айтады. Қоғамдағы адамдардың өзара қарым-қатынасы, сөйлесуі, сыйласуы, әсіресе тіл әдептілігі егжей-тегжейлі сөз болады. «Бір шоқ жиде» туындысында автор ерекше мән беріп, зор шабытпен жазған аса маңызды мәселелердің бірі – адамдардың бірін-бірі құрметтеуі, ізет көрсетуі, сыйлауы болып табылады. Атап айтқанда, мұнда жастардың қарттарға, қариялардың жастарға,  балалардың өз әке-шешелеріне, ата-ананың өз перзентіне деген ізгі құрметі қандай болу керек деген сауалға жауап берілген. Ал, құрмет, ынтымақ, бірлікті үлгі еткен салт-дәстүр халықтың мәңгілігіне меңзейді.

Автор жақсы мінез-құлық, әдептілік, кішіпейілділік ең алдымен адамның тәлім-тәрбиесіне байланысты деп түйеді. Сондықтан жас нәресте өмірге келісімен-ақ оны тиісінше тәрбиелеу әке-шешенің қасиетті борышы екенін айтады. Суреткер әсіресе, жастарды өркөкірек, тәкаппар, қуыс кеуде болудан көбірек сақтандырады. Кішіпейілділік үлкенге де, кішіге де бірдей жарасатын қымбат қасиет екенін ескертеді.

Бала, ұл-қыз тәрбиесі – қоғамдық іс. Қаламгер де бала тәрбиесіне арналған тарауда осы қоғамдық әлеуметтік деңгейге көтере баяндайды. Жалпы автор шығармада бала, ұрпақ мәселесіне ауық-ауық әлденеше оралып отырған. Өлсең орныңды жоқтатпайтын, атыңды өшірмейтін – бала. Бақ-байлық, даңқ қуып, лауазым дәреже қуып өлерінде ғана ес жиып, бала тауып, бала өсіру – өкінішті іс.

Кекілбаев шығармаларында  ұшырасатын этнографиялық өрнектер арқылы ұлттың нағыз табиғи бітім-болмысы, ішкі рухани жан-дүниесі, әдеби-мәдени құндылықтары айқын көрінеді. Шығарма арқылы тек жазушы таланты ғана сезіледі емес, халықтың жаны сезіледі, өйткені туа біткен дарындылық ұлт перзентінің бойына асыл анасының бесік жырынан, абзал әкесінің өнегесінен басталып, туған топырағының киесімен дариды, дамиды. Осылайша жүрегі елім деп дүрсілдейтін жазушы өрнекті сөз, уытты тілімен исі қазақтың қанына сіңген киелі де қастерлі ұғымдарды, наным-сенімдерді, түсінік-түйсіктерді, салт-сананы, ұлттық тәлім-тәрбиені, жан-дүниесіндегі қасиетті саналатын әдет-ғұрыптарды жеткізуге ұмтылады. Қаламгер ұлт рухын аша түсуде этнографиялық өрнектерді қолданады. Этнография – халықтың, ұлттың бітім-болмысын, рухани жан-дүниесін, әдебиеті мен мәдениетін, өзіне тән салт-санасын, әдет-ғұрпын, тілін зерттейтін ғылым. Этнография шеңберіне енетін мәдениет жеке адамның басына тән қасиеттен басталып, бүкіл ұлттың менталитеті, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық сана, дүниетаным, салт-дәстүр, рухани-метариалдық байлықтардың бәр-бәрін түгел қамтитын өте күрделі ұғым.

           Повесте нақтылық та бар, бірақ көркемдік дәлелінің табиғилығы, заттылығы, дәлелдігі көкірегіңе нұр себеді. Азғана қаһармандарының әрекеті, болмыс-бітімінен көрініс беретін характер шындығы тағдыр логикасымен барынша үйлесімді шыққан. Сұлулық дүниесінің жұпар иісіне, бояуына, үніне, діріліне тәнті болмау мүмкін емес. «Бір шоқ жиде» повесінде, әсіресе, дала төсінде тереңнен қайнап шыққан кәусәр бұлақтай әрі ақылгөй, әрі батагөй, дарқан Тілеу образы өз шегіне жеткен дер едік. «Күлте сақал» Күдері қандай?.. Бойы жарасқан, пейілі мен құлқы жарасқан, әзіл - қалжыңы жарасқан, ойы жарасқан, «терін ішіп күнелткен» Тілеу мен Күдері құдды Ш.Айтматовтың «Боранды бекетіндегі» Қазанғабы мен Едігейі. Тілеу Қазанғап та, Едігей – Күдері. Қайталау емес, нағыз қазақи мінездердің сүзіліп төбе көрсетуі. Олардың достығы табиғатта, адам қоғамында сирек ұшырасатын Абай жырлайтын нағыз «самородный сары алтыны». Тіршілік тауқыметі, тағдырдың шиырлы соқпағы табыстырудан, қайғы – қасіреттің жасыл запыраны бөлінбестей бүтінге айналдырған. Ол екеуінде бөлінбейтін ештеңе жоқ, бәрі ортақ. Құлқы мен пейілі, қажыр-қайраты, ақыл-парасаты, тіпті қазаны да. Күллісінің басын біріктірген бір-біріне деген алаңсыз ықыласы. Ықылас Тілеудің де, Күдерінің де, Сәбит ақын «табым - тәңірім» деп емірене жазатындай – «тәңірі». Оны Күдері бұл баянсыз ғұмырдан озып кеткен досы Тілеуді нұры қашқан жанары жіпсіп, күбірлей: «Жалпы адамға ықыластан артық не керек? Әке балаға, бала әкеге, адам адамға ықыластан басқа не көрсете алады? Жалпы адам деген екі аяқты пенделерден адамзат деген жиынтық құрап тұрған да осы ықылас емес пе? Адамның адамға тартқан сыйы да, артына қалдырар мұрасы да сол - ықыласы ғана емес пе!»[1,328-б] - деп бейуақыт шақта көкірек қоймасынан сыздықтата шығаратын имандай сырынан бағамдайсыз. Қазақтың қазақ иісін шығарып жүрген Тілеу, Албан шал, Зейнептің жеңгесі, Күдерілер кие тұтып, күндей алаулатқан ықылас аптабы олардың көзін көрген, үлгісін, ісін көрген, сөзін тыңдаған тұрсын, рухына жанап өткендерді де шалмақ. Өйткені, олардың ықылас деген сөзінің астарында халқымыздың сөз етіп отырған менталитетінің нәрі: адамдық, азаматтық, адамгершілік, ерлік, өрлік, дархандық деген биік ұғымдар жамырай тоғысып, сәуле шашып жатады. Оны еміп өскеннің қанында жат мінездің жұқанасы да болмайды. Айтса айтқандай, тамырынан өрбімесе де, «ықыласынан өрбіген» Тілеудің Тұяғы «құмды аймақты күңіренте шыққан таныс гүрілді» жетелеп «әкесінің» жамбасы жерге тигеніне бір жыл толар қарсаңында басын қарайту үшін түнделетіп,  құм - шағылдарды шырт ұйқысынан оята жолбарыстай жортып келеді... Өзі өлсе де, артынан ықыласынан өнген мәуелі жемісі, ізгілігі, ізі қалған адам өлмейді. «Өлгенді ардақтай білген ғана тіріні құрметтей алады. Өлгенге бақыт керек емес. Өлгеннің бақыты тірінің тірлігінде» (Б.Момышұлы). Тұяқ «өзінің тірлігі», «өлгенді ардақтау» арқылы ата дәстүрін жалғастырып, мәңгіліктің дәнін бұл да «әкесіндей» ықыласымен егіп жүр. Жұлын-жүйкені иітетін, ұлттық менталитетіміздің өміршеңдігі, «Қызым – үйде, қылығы – түзде» деген мақалдың көркем көрінісі осындай. Қазақ барда қазақилықтың мұртын балта шаппайды[3,187-б].

Шығармадағы әр жолдың айтпақ ойы айқын: адалдық, мейірімділік, жомарттық, ұстамдылық, ұят-намысшылдық, ел қамын  ойлау... Өмірлік мәні зор қасиеттер. Автордың айтпағы, жұртшылық санасына сіңірмек басты идеясы осылар. Жазушының  кемелдену идеялары гуманистік – ізгілікті іздеу, оны насихаттаудан тұрады.

«Бір шоқ жиде» повесінде  адамның мінез-құлқы, адамгершілігі, әдептілігі, бір сөзбен айтқанда өмірге қойылатын адам бойындағы имандылық қасиеттердің барлығы дерлік суреттеледі.

Адам бойындағы барлық жақсы  қасиеттер оның бүкіл ғұмырындағы істеріне себепші болады.

Әр заманның өзінің бір рухы мол азаматы болады. Олар төңірегіне ықтасын емен сияқты, солардың адам бақытына құштар шапағатымен айналасындағы адамдар рухтанады. Әбіш Кекілбаев та сондай адамды іздейді. Автор пікіріне толығымен біз де қосыламыз. Өйткені бұл шығарманы жүрегінің көзімен оқып шыққан әр адам, әрбір жолдың, әрбір сөздің құдіретін, таратып тұрған нұр сәулесін сезеді. Бұл – асыл сөздер бізге арналады. Олардың әрқайсысын пікір жасай, ақылға, жүрекке тоқи отырып оқысақ, бізге берер ғибраты өте зор екенін көреміз. Мұндай шығарманы тек иманы мен рухы мықты адам ғана дүниеге әкеле алады.

Рухы жоқ елдің, болашағы жоқ. Оқу  – ағарту қызметінің негізі тәрбие екені белгілі. ХХІ ғасыр адамзаттың рухани даму ғасыры болғандықтан, халқымыздың, мемлекетіміздің болашағын айқындап және де ел беделін өсіретін, ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан тәрбие бесігін қайта түзеуге тиіспіз!

Халықтың жағдайы жақсарып, елде бірлік, түсіністік орнап, мейірімділік пен имандылығымыз күшейді. 70-жыл империялық езгіде болғанымен, халқымыз ата-дәстүрін, өзіне ғана тән менталитетін ұмыта қойған жоқ. Ата-дәстүр жалғасып, ұлттық идеямызға айналса, елдігімізге жат, сырттан әкелген ұғымдар ертелі-кеш өзінен-өзі жойылып кетеді. Қазақ пен тазалық ұғымы үйлесім тауып, тіліміздің беделі өсер еді, ұлттық ресурстарымызды ел мүддесіне адал, дұрыс көрсете білер едік.

Ұлттық идеяны, құндылықты сырттан  іздеудің қажеті жоқ.

Өзге құндылықтар бізге жат  екеніне көзіміз жетті. Ұлттық сана мен болмысымызды уландырып отырған тәрбие, салт-дәстүрімізге деген немқұрайлық.

Жан-жақтан қаржыландырып, санамызды  уландырып жатқан секталар мен ағымдар, қара шаңырағымыз бен елдімізге  кері әсерін тигізуде.

Ата дәстүріміз тазалыққа  негізделеді. Ұлттық идея ретінде ой тазалығы, сөз тазалығы, ісіңнің тазалығы, табысыңның адалдығы, адамдар, халықтар мен мемлекеттер ұстаз бен шәкірт, ата-ана арасындағы тазалық, адамның табиғатқа, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілік тұруы тиіс.

Елдігіміз бен рухымызды  көтеретін, елді біріктіретін де, осы ата дәстүр, салт-санамен, ана сүтімен дарыған қасиетті тазалық.

Ұлы ғұламаларымыз: Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Қорқыт, Абай, Қожа Ахмет Яссауи, Сүйінбай, Махамбет, Жамбыл, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин тағы басқа даналарымыз еңбектерінің  негізі  ұлттық тәрбиеде жатыр.

  Дала философиясында ер баланы тәрбиелеуде әкенің ролі ерекше зор болды. Әке ұлына өзінің бар өнерін, естіп-білген білімін түгел үйретуге тырысқан. «...Ата көрген оқ жонар» немесе «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер» деген мақалдар бала тәрбиесіндегі ата-ананың, өскен ортасының алатын орнын толық сипаттайды. Баланың әкеден ең алдымен үйренетіні – оның адами қасиеті. Игіліктен Кенжеғара («Оянған өлке», «Жат қолында»), Сүйіндіктен Асылбек, Құнанбайдан Абай, Абайдан Әбдірахман, Мағауия, Ақылбай («Абай жолы») адами қасиеттерді үйренбейді дей аласыз ба?

Әке – балаға сыншы. Сыйластық, тәлім-тәрбие ең алдымен отбасынан басталады. Балаға аспаннан түсетін, қалыптасқан тәрбие болмайды. Ата-ананың өз басының тәрбиесі, оның рухани байлығы, өмірге, айналаға деген көзқарасы – бәрі балаға тәрбие болып беріледі. Мінезге сіңетін дүние – баланың ата-ана бойынан көргені, содан алғаны. Оны Ә.Кекілбаев Тілеудің тілеуіне берген Тұяқтың «әкесінен» алғанын суреттеуінен аңғарамыз. («Бір шоқ жейде») Әкесінің баласын үлкенді сыйлау, сәлем беру дағдысына қалай тәрбиелегені шығармада шынайы көрініс тапқан. Үлкендерге амандасу рәсімін меңгеру нәтижесінде олардың аузынан бала «жақсы азамат, жігіт болып қалыпты» деген көтерме баға берудің өзі тек жақсы болуға жетелеу екенін танытады.

Халқымыз ақсақалды  атаны, ақ шашты әжені, ақ жаулықты ананы, жалпы жасы үлкенді сыйлап, алдынан кесіп өтпей құрметтеуді мұрат еткен. Бұл біздің ата дәстүріміз. Кішінің үлкенге сәлем беруі сол дәстүріміздің алғашқы қағидасы – тектіліктің негізі.

Халқымызда «алты жасар  бала алыстан келсе, алпыстағы қария сәлем береді» деген тамаша аталы сөз бар. Дәстүр бойынша жасының үлкендігін міндет етпей алыстан келген қонаққа, жолаушыға ауыл азаматтары өздері сәлем берген.

Талантты өмірден тоқығаны мол, ұлтжанды Ә.Кекілбаевтың әңгіме, повестерінде адамдар арасындағы адамгершілік, моральдық мәселелерді жан-жақты бейнелейді. Жазушы тосын орта, тосын оқиға іздеп әуре болмайды, күнделікті өмірде болып жатқан жайттарға терең үңілу нәтижесінде заман, адам, оның тіршілігі жайлы философиялық түйін жасайды. Оның әңгімелерінде Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тыл өмірі, сол заманнан қалған адам бойындағы тән жарасы мен жан жарасы, қазақ ауылының кешегі тұрмысы, бүгінгі қала  қазақтарының тыныс-тіршілігі сынды мәселелер қозғалады. Қазақ ауылы мен оның тұрғындары суреттелетін шығармаларда қазақ даласының иісі мен қазақ баласының ұлттық мінез ерекшелігі, өзіне тән әдет-ғұрып, салт-санасы анық байқалады. Жазушы кейіпкер бейнесін сомдауда психологиялық талдаудың тың жетістіктеріне қол жеткізеді. Бұл жазушының ғана емес, қазақ прозасының елеулі табысы.

Қаламгер кейіпкерлері, негізінен, осы дәстүр, ұлттық әдет-ғұрып заңына сүйенген, қазақы мінезді, кішіпейіл, ата-ананы сыйлаған әдепті жандар. «Ең бақытты күндегі» ата мен ене алдында, әдеп сақтап, өз ибалылығымен көрінген Торғын жары майданнан аман оралғанда қанша сағынса да, бірден жақындай алмайды. Әдептен озбау – қазақ келініне тән қасиет.

Әдеп сақтау (этикалық қалып) –  қазақ халқының тарихи қалыптасқан  қоғамдық санасының практикалық  көрінісі, әлуметтік тәртіптің, борыш  пен міндеттердең заңды айғағы. Әдеп сақтау этикет, яғни, мінез-құлық пен қарым-қатынастың қалыптасқан халықтық ережесі. Ол ереже бұзылса, халықтық дәстүр де бұзылады. Әдеп сақтау ұлттық рәсімге, тәртіпке, ережеге амалсыз бағыну емес. Сол заңдылықтарды құрметтеу, қастерлеу, атап айтқанда, адамгершілік борышты өтеу болып табылады. «Әдептілік - әдемілік» дейді халық. Яғни, имандылық, кішіпейілдік, сыпайгершілік, ибалылылық  барлығы бір ауыз сөзбен айтқанда - әдептілік. Бір кештің арасындағы оқиғаны арқау еткен әңгіме шегіністерімен тыл өмірінің көп жайларын еске алғызады. Қыз-келіншектерге қырғидай тиген бригадир Берден – кешегі ер азаматтар майданға алынып, қорғансыз қалған нәзік жандарды басынған қиын шақ ел өмірінен алынған типтік бейне.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, жазушының «Ең бақытты күн» әңгімесіде қарапайым қазақ әйелі Торғынның ата-енеге деген мейірімділігі, ибалылығы, күйеуіне деген пәктік, адалдық сезімі осы әйелдің тұла бойында тұнып тұр. Енесі мен келіні арасындағы бір – біріне деген жанашырлық, сыйласымдылық, сыпайыгершілік мына бір жолдарда айқын көрініс тапқан: «Ене, жата беріңіз, мен тұрайын, - деген Торғынға енесі;  Жата бер, қалқам! Жұмысқа дейін бір ұйықтап оян, - деп қозғалтпайды»[1,31-б]. Тағы да бірде «Ене, тұра тұрыңыз, мен ашайын. Жауын басылып па?»,- деп кәрі ананың жанын қинамай, «жантайып жастық, еңкейіп төсек» болған инабатты көргенді келіннің киіз үйдегі тірлігін тәптіштеп бейнелейді Әбіш.

Қазақ халқы әдепті де сыйластық қарым-қатынастарға ежелден-ақ көңіл бөліп келгендігі баршамызға белгілі. Ұрпақтан – ұрпаққа ауысқан бұл өнегені біз қазақтың мақал-мәтелдері мен нақыл сөздерінен-ақ молдап ұшырастырар едік, «Ұлық болсаң, кішік бол», «Кішіпейілдік – кішілік емес, кісілік», «Сыйластық екі жаққа да бірдей», «Сыпайылылық жоқ жерде, сыйласу да жоқ» деп ой тарқататын сөз маржандары халқымыз ұстанған тәлім тәрбиенің жүйелі бағдарын меңзейді.

Осы әңгімеде соғыстан аман-есен оралған Дәулетті бүкіл ауыл болып қарсы алады. Бұл да халқымыздың азаматын ардақтай білетінін, қуаныш болса ортақтаса,  қайғы болса бөлісе білген қонақжай, даладай кең дархан көңілінің бір көрінісі. Енді осы ауылдың ынтымақ – бірлігін, жарасқан тірлігін Торғынның көзімен берілетін мына бір үзіндіге үңілейік: «Торғын, үйге бар. Шайды өзің құйып берсейші. Бұл кіргенде үйдің іші ығы-жығы. Төрде, атасының төңірегінде осы ауылдың шалдары. Қалған еркек олардан төмен, Дәулеттің маңында екі-үш кемпір ошақ жақтағы кебеженің алдында әлі есін жия алмай отырған енесін ортаға алыпты. Екі-үш әйел дастархан жайып, пішенші ауылдың кебежелерінде қалған ірімшік – құртты табаққа сап әкеліп, ортаға төгіп жатыр» [1, 41-б].

Информация о работе Ә.Кекілбаев пен Б.Нұржекеев шығармаларындағы ұлттық менталитет