Ә.Кекілбаев пен Б.Нұржекеев шығармаларындағы ұлттық менталитет

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 24 Сентября 2012 в 13:04, диссертация

Краткое описание

Адамзат қоғамын дүр сілкіндіріп, мәңгі өмір сүрудің өткір, өзекжарды мәселелері материалдық, техникалық, жер асты, жер үсті байлығы тапшы, халқының саны шектеулі ұсақ ұлттар мен ұлыстарды ойландыра бастады.

Содержание

КІРІСПЕ.................................................................................................................................. 3
І. Ә.КЕКІЛБАЕВ ПЕН Б.НҰРЖЕКЕЕВ ӘҢГІМЕ, ПОВЕСТЕРІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ МЕНТАЛИТЕТТІҢ АЛАТЫН ОРНЫ...............................................................................15
1.1. ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ ӘҢГІМЕ, ПОВЕСТЕРІНДЕГІ САЛТ-САНА, ДӘСТҮР МЕН НАНЫМНЫҢ БЕЙНЕЛЕНУІ ................................................................................................15
1.2. БЕКСҰЛТАН НҰРЖЕКЕЕВ ӘҢГІМЕ, ПОВЕСТЕРІНДЕГІ ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ УАҚЫТ СЫНЫНАН ӨТКЕН МЕНТАЛИТЕТТЕРІНІҢ КЕСТЕЛЕНУІ.................................56
ІІ. Ә.КЕКІЛБАЕВ ПЕН Б.НҰРЖЕКЕЕВ РОМАНДАРЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ МЕНТАЛИТЕТТІҢ БЕЙНЕЛЕНУІ....................................................................................74
2.1. «АҢЫЗДЫҢ АҚЫРЫНДАҒЫ» ҰЛТТЫҚ ТАҒЫЛЫМ ...............................................74
2.2. «ҮРКЕР», «ЕЛЕҢ-АЛАҢ» РОМАНДАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚЫ МЕНТАЛИТЕТТІҢ КӨРІНІСІ ...................................................................................................................................84
2.3. «КҮТУМЕН КЕШКЕН ҒҰМЫР» РОМАНЫНДАҒЫ ӨНЕРГЕ ҚҰРМЕТ ПЕН ҰЛТТЫҚ МІНЕЗДЕГІ КЕРАҒАРЛЫҚТАР ............................................................................................103
2.4. «БІР ӨКІНІШ, БІР ҮМІТ», «ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАР» РОМАНДАРЫНДА ОТБАСЫЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР НЕГІЗІНДЕ ҚАЗАҚ МЕНТАЛИТЕТІНІҢ БЕЙНЕЛЕНУІ....................114

ҚОРЫТЫНДЫ.........................................................................................................................138
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ....................................................................143

Прикрепленные файлы: 1 файл

Диссертация Асем 2+++.doc

— 1.10 Мб (Скачать документ)

Шектен шыққан анайы  нәпсіқұмарлық, тойымсыздық хан деп қара деп талғамай-ақ, талайлардың түбіне жеткен. Шыңғыс хан өлімі әрқилы айтылып, жазылғанымен, жазушы өзіне керек оқиғаларды ғана таңдап алған. Суреткер аңызды көркем тілімен баяндай отырып, ханның дүние жүзін жаулап, қанды жеңіске жеткенімен, түптің түбінде сазайын ханнан да қарадан да күші асқан күші батырдан да емес, төмен етекті әйелден тартқандығын көрсетеді. Әйелді құрметтей, сүйе, сүйгізе білсең - әйел - жар да; зорлық намысын таптау, қорлау үстемдік еткен жерде – ажалын Гүрбелжін ару ерлігі арқылы жазушы қазақ әйеліне де тән ерлік, қайсарлық, сертке берік ұлттық менталитетті айтқысы келген.

 «Ханша – дария  хикаясы» ғасырлар түпкірінен  алтын күректей есіп, замандастарының  көп құлақ, көп көз, көп көңілге әшкере болған жайдақ сезімдерінен тоңып жаураған жаныңды жылытып сіресіп қатқан мұзды ерітерлік қуатымен ерекшеленеді. Шыдамсыз, намысқой, күйгелек Шүйдіргімен некесі қиылғанына жыл жарым ғана уақыт өткенімен, оның қайсар, дініне қаттылығы жұмыр жерді құлағынан басып бағындырған, тағдыры қолында тұрған бас жендет - Шыңғыс хан қаһарынан қаймықпай, еңсесін тік ұстаған батырлығы сүйсіндіреді. Жұмыр жердің жартысын қанға бөктірген жыртқыш, қанқұмар император оған текке керегі жоқ.                                                                                                                                                                                                                                                  

        Бұл әңгіме-хикаялардағы кейіпкерлердің дені дерлік қарапайым, өзіміз өмірде күнде көріп жүрген қатардағы жандар. Әрине, олардың өскен әлеуметтік орталары да, мінез-құлықтары да, болмыс-бітімдері де, өздері өмір сүрген қоғаммен замандастарымен қарым-қатынастары да әр түрлі болуы заңды.

Әлемді бағындырған, көктегі хақ Тәңірден басқадан қыңбайтын бас жендетті жеңгеннің көзсіз ерлігі, адамгершілік пәк сезімнің салтанаты, биік адамдық пен ізгілік үкімі, нақақ төгілген қанның өтеуі, төгілген ар, тапталған намыстың сұрауы, зұлымдық пен зымияндықтың әшкереленуі деп қабылдаған жөн.

Міне, жазушы осындай  сан қилы, сан түрлі тағдырлардың ішкі жан-дүниесіне зер сала үңіліп, оларды қарекет үстінде, ісі мен күнделікті тіршілігінде болып жататын процесс арқылы адамдық бітімін, кісілік болмысын ашады.

Аңызды қолдаудағы мақсаты – жазушының өзі айтқандай «кім жасаса да, зұлымдықтың қарымтасының қайтпай қалмайтындығы». Халық қарғысына қалған еш уақытта оңбайды. Қайткен кезде де жауыздық әділдіктің алдында басын иеді. Автор мұнда «мың асқанға бір тосқан» дегеннің кебін келтіреді. Ол тосқауыл – Гүрбелжін сұлу деген ойға қосылады. Сонымен, «Барар жерің – бәрібір жердің асты» - деген ойды мұнда да меңзейді. Бұл ойының түйіні - әділдік пен зұлымдықтың егеске түсуі, әділдіктің жеңуі. Шыңғыс хан өлгеннен кейін де тынышталмапты. Аңыздың түйінінде рахымды, мейірімді, қанағатты болуды уағыздаған ізгілік үні анық айтылған. Жазушы өзінің көркемдік топшалауы аңызбен астастыра шебер берген. Повестен мысал келтірейік: «Кейін тибеттің Панчен Эрдені бірде Шыңғыс ханның сүйегі сақталған үйде жұрттан жасырынып жалғыз қалып, табытты ашып, әміршінің бейітіне адам емес, жылқы шаламыз»[1,218-б], - деп айтқан екен.

Қаламгердің авторлық ұстанымы повестегі  соңғы сөйлемдерден айқын көрінеді. «Осынша адамға қысастық қылғанның  зауалы ақыры адамнан болатынын  айтып, жер түбінен ұран салып  тұратын киелі төбенің еңсесі биік болуы үшін әрлі-берлі өткен жүргінші Темір Олхаға бір уыс топырақ қосып отырады. Ал енді Гүрбелжінің Шыңғыс ханнан қалай кек алғанын өзінен басқа тағы бір адамға айтып берген кісі де Темір Олхаға бір уыс топырақ қосқан адам болып есептелетін көрінеді»[1,218-б].

Ана рухы, әйел даңқы, құдіреті кәдімгі жай өмірде де биік қой. Повесте жазушы аңыз арқылы халық ұғымымен үндестіре отырып әйел рухын жауыздықты ауыздықтаушы ретінде де оның ұлылығын биіктете түскен... Ақыры, Шыңғыс хан Гүрбелжін рухынан, адамгершілігінен жеңіліс табады.  

Мұнда, жазушы ханның жер бетінен өзі жойып жіберген халықтың сұлуына іңкәрлігі билеушінің өліміне себеп болғанын өрнектейді. Ол бүкіл таңғұт елін қырғанмен, Гүрбелжін сұлуды бағындыра алмайды. Дүниеге өлім шашқан адам бір әйел алдында әлсіз екенін көріп, ажалына тап келеді. Ал әйел биік рухын сақтап қалады. Жазушы мұнда да шындықты өру негізінде өмір мен өлім, билік пен қарапайым халық, жақсылық пен жамандық жайлы философиялық толғаныстар жасайды, адам өмірінің тарихи-әлеуметтік сырларын психологиялық суреттермен береді. Осы сияқты тартыстардан адам тағдырын тануға қажетті адамшылық сипаттарды табады.

Ақырында Шыңғыс хан Гүрбелжін рухынан, адамгершілігінен жеңіліс табады. 

Елден – елге, кісіден –кісіге, тілден – тілге ауысып келген осы  аңызды автор мынадай эпилогпен аяқтайды: «Осынау адамға қысастық қылғанның зауалы ақыры адамнан болатынын айтып, жер түбінен ұран салып тұратын киелі төбенің еңсесі мәңгі биік болуы үшін әрлі-берлі өткен жүргінші Темір – Олхоға бір уыс топырақ қосып отырады...

Енді, міне, қадірлі оқушым, мен де Темір – Олхоға қосқан бір уыс топырағым деп, бұл хикаяны өздеріңе әңгімелеп отырмын».[1,218-б]

Повестің идеясы – жауыздықты, қанішерлікті, тойымсыздықты әшкерелеп, адалдықты, пәктікті, адамдықты ардақтау. Моңғол шапқыншылығына қатысып, қанішер жаулаушы, ісік кеуделі Шыңғыс қағанның тойымсыз нәпсісі мезгілсіз ажал әкелген бір оқиғаны суреттеу арқылы Таңғұт тәрізді іргелі елдің түбінен сұлу әйелдің жендеттің көз құрты болуы жеткенін күйіне жазады. Сол арқылы халық кегі Жұмыр жердің кіндігін ұстағанның да сазайын тарттырмай қоймасына жазушы Гүрбелжін «ерлігімен» еске салады. Өзінің туған халқы екі алып ел қолдаған қалмақ жаулаушыларын тас-талқан етті. 300 жыл тұншықтырып келген орыс отаршылдарын күйретті. Бұл повесть арқылы жазушы халқының бойындағы сөнбейтін кек жанартауын, ерлік, қайсарлық менталитетін астарлап жеткізеді.

«Шыңырау» (1971) повесі «Еңсеп ол күні бұл зымыранға қайтіп түспейтінін  білген жоқ» деп басталып, өткенге  шегіну арқылы дамиды. «Шыңыраудағы»  бас кейіпкер де ол жәй құдық қазушы емес, шындығында, өнерпаз жанның парықсыз, тағдырын көз алдыңа әкеледі»,- дейді С.Әшімбаев [19,53-б]. Сырт көзге бір құдықшының құдық қазуы жөніндегі сюжетті арқау еткен повестің айтпағы, асылы, арыда. Құдық шын мәнінде сыртқы фон, автордың негізгі айтпағы жұртымыздың тектілігіне шәк келтіретін менталитетімізді жағымсыз даңғойлық, көрсеқызарлық, іштарлық, дүниеқоңыздық, бәсекелестік секілді дерттері. Өз өнері өзіне сор болған Еңсеп тағдырынан өнер адамдарының өмірі қашан да өз бағасын алмайтынын ғана емес, өткінші дүниедегі әлсіздікті, жалғандықты, баянсыздықты, парықсыздықты көруге болады... Жазушы Еңсептің өмірі мен өліміне әлеуметтік психологиялық талдау жасайды.

Еңсеп бейнесін жазушы әр қырынан  аша білген. «Құдықшының қыран-топан қызыққа белшеден батқан берекелі өмірі жоқ. Түксиген сыз қабырғалар- мен су, қиыршық топырақтан басқа екі иінінен аждаһадай айқара басқан көр қараңғыдан басқа көргені де шамалы. Бірақ, оның осы қара көр қараңғыдан басқа сұрқай өмірінен бөгде ойлайтын да ештеңесі жоқ еді»[1,254-б] - деген үзіндіден Еңсептің жай-күйін бағамдаймыз. Құдық түбінде отырып біресе Бигелді болыстай, біресе Шоңмұрын бидей болғысы келетін, артқы үзеңгісін ескі жабумен жамап, қырық қырау құрым үйде отыратын әкесі Құлжанға ұқсағысы келмейтін Еңсеп ойлары тәтті қиялдан да құр емес. Алайда өмір бойы көрік құрған Құлжан мен астынан сыз өтіп, тар қапаста құдық қазған Еңсептің өмірі де, өлімі де ұқсас. Өнер иелерінің өмірінде өз бағасын ала алмай, еңбектерінің күн көріске жетпейтініндей болып бағалануы, осылардай азапты да қиыншылықты өмір кешуі – заман шындығы. «Тастан сарай салғызған» өнерлі жұрттың арманынан қашық жатқан, қараңғылық меңзеген, тұншықтырған жұртымыздың надандықтан алып жүрген сыбағасын осы Еңсеп трагедиясынан көрінеді.

Жазушы құдықшы мен Бигелді, Шоңмұрын секілді би, болыс, шонжарлардың өмірін қарама-қарсы алып, бірі ақылы екіншісін толықтырып отырады. «Астында көк жаңа тоқым, күміс бас ер, көк мойнақ арғымақ, қолында - өзегіне күміс құйған,  сабына алтын әшекей жүгірткен шашақты төрт өрме қамшы, артында - әр ауылдың пысықайларын» ерткен Бигелді Еңсепке қарама-қарсы жасалған бейне. Одан сол тұстағы атқамінерлердің әлеуметтік артықшылығы толық көрінеді.

Еңсепті құдықшы еткен де – сол  жоқшылық. Тұрмыс-тіршілігінің көзі –  осы болғандықтан, ол талай рет қара жердің астына тірідей түсті. Жетпіс құлаш құдық қазғанда да біреуі Еңсептің атымен аталмады. «Пәленше қаздырған», «түгенше қаздырған» деп талай байдың атымен аталған көп құдықтың ішінде Үстірттегі ең терең, ең мол шыңырау «Еңсеп қазған» емес, «Еңсеп өлген» деп аталып кетті. Бұл – Байсал байдың қаздырған құдығы еді. Оны қазу үшін Еңсеп жерді көп таңдады. Түсіне талай кіріп, ұйқысын қашырған су сарыны өзін жалмап тынды. Ол – теңізге қосылар жер асты суының сарыны еді.

«Шыңыраудың» повесінің әлеуметтік тереңдігі сонда, адам рухын құлдырауға емес, құлшынысқа, тазартуға, арылуға шақырған күрескерлік пафосқа толы. Қанша «Еңсеп трагедиясы» деп жанымыз күйзелгенімен, сонау 70,100 метр кейде одан да тереңге сүңгіп, жанкештілікпен суы сарқылмас, «сүтті» құдықтарды қазуға шыдау, көкбет табандылық та қазақ менталитетіне тән екенін сезініп, ұлтымыздың биік мұрат, мақсат жолындағы қайтпас қайсар мінезіне сүйсініп, соны жас ұрпақтың бойына сіңіруді армандайсың.  

Түрі жағынан бір кейіпкердің, ішкі монологына құрылған повесте тартыс, шиеленіс көрінбейді. Бар оқиға бір кейіпкердің өмірі төңірегінде өрбиді. Бірақ, бастан аяқ кектеп отырған үрей, қорқыныштың салдары сол кейіпкердің қайғылы өліміне алып келеді. Өз өмірін мал-жанның ауыз суына арналған құдықшының есімі халықтың жадында мәңгі сақталмақ[3,193-б].

«Бәйгеторы» шығармасында жазушы тұлпар арқылы адам тағдырының, қоғам шындығының көркем бейнесін жасайды. Осындай ізденістерді Т.Әлімқұловтың Ақбозынан, Ш.Айтыматовтың Гүлсарысынан, С.Жүнісовтың Құлагерінен көруге болады. Ә.Кекілбаевтің «Бәйгеторысының» жазылуына Т.Әлімқұловтың «Ақбоз ат» романының әсері болғанын, бірақ өзінше шешім жасағанын осы тақырыпты зерттеуші Қ.Әбдезұлы атап көрсеткен: «Т.Әлімқұлов шығармасында нақты жазушы мұратына сәйкес сарын ретінде көрініс берген, толық жан-жақты өрістетіліп бейнеленбеген өмір шындығы енді Ә.Кекілбаевтің шығармасында мейілінше толық, дамытылған, жетілген күйінде жаңа көркемдік жинақтауларға көтеріледі»[7,121-б], - дейді ол.

Тұлпарлар туралы жазылған шығармалардан «Бәйгеторының» өзіндік ерекшелігі – оқиғаның жүйрік жануардың түйсік сезімі арқылы баяндалуында: «Бәйгеторы Сейісті бірден таныды. Сейіс бірақ осы ауылдың бота-тайлағына таланып, жал мен құйрықтан атымен ада боп сүңкі кеткен бұны қапелімде тани алмай қалды»[1,291-б], - деп бастаған повесть оқиғасы шегініс арқылы дамиды. Автор оның енесінің құрсағынан шыққаннан бергі өмірін жануардың ойы негізінде өрбітеді. Қой соңында жүрген Бәйгеторы қасқыр соққан күннен бастап бірден көзге түсіп, ауыздан-ауызға ілігіп, Сейістің қолына тиеді. Содан бастап Бәйгеторының бағы жана бастайды. Сол бір кездердегі Бәйгеторының көтеріңкі көңіл-күйі, шалқыған қуаныш сезімі уақыт өте күдік пен қорқынышқа ұласады. Әсіресе оның артынан шыққан дүбірге қорқа қарауы, тіпті жүрегі шаншып, мазасыз күй кешуі – адам жанында болар күйініш – сүйініш сезімдерден алынған. Жүйрікті танымай, қой соңына салу – қазақтың немқұрайдылығын аңғартса, қасқыр соққан соң атағы жайылуы – көзге бір түскен соң ғана таланттың танылуын көрсетеді. Ал оның бірте-бірте бәйгеден қалуы - өмір шындығы. «Ат тұяғын тай басар» дегендей, алдыңғы аға ұрпақтың орнын жас ұрпақтың басуы – табиғат заңы. Тұлпар мен қазақ егіз ұғым тәрізді. Жігіттің «тұлпары», «серкесі», «сұңқары» деген тіркестер тегін айтылмаса керек. Жылқы мінезді қазақ қашанда қиындықтан, азаптан қашпай алдына қойған мақсатын орындау барысында «жүйріктігінен», «тұлпарлығынан» танбаған. Тұлпар, жүйрік болатын құлынды танып, оның сол деңгейден табылуы үшін бар күшін салған. Демек, «тұлпарлықты» аңсау қазақ менталитетіне тән.

Кезінде шаң жұқпас жүйрік атанған Бәйгеторының құйрық-жалдан айырылып, селдіреген шөп отауға жарамай қалуы – ащы болса да солай. Көзден де, құлақтан да қалған жүйріктің трагедиясы – адам трагедиясы. Қазақ қанша ауыр болса да осы трагедияны қалаған. «Жүз күн атан болғанша, бір күн бура болуды» қалаған.                                                               

 Жазушының «Көз жасы» әңгімесі  – соғыс салған лаңның құрбаны болған әйел тағдыры, ана тағдыры туралы, сондай-ақ қаперсіз өсіп келе жатқан балауса балғынның сүйегіне ғұмыр бойы таңба болып түсер қасіреті жайлы әңгіме. Әңгіме кейіпкері Ажар Құдай қосқан қосағынан өлідей бір айырылып, аз күн болса да, жанына медеу болған жанынан тірідей екі айырылып, солардың күйініші мен өкінішінің орнын толтырғандай боп қылтиып өсіп келе жатқан көз қуанышы құйтақандай ұлының әлдеқандай оспадар біреудің сұрқия, сұмпайы сөзінен жәбір-жапа шеккенін көріп мүлде жасып, орнынан тұра алмастай болып омалып отырып қалады. Үміті қырқылып, жарығы сөнгендей болады.

       Ал бала тағдыры одан да ауыр Жанқожаның баласымын деп жүрсе, тіпті де олай емес екен. Жанқожа опат болғаннан кейін туыпты. Оны Ажар Сәбиттен естіпті. Мына бір үзіндіге көз тоқтата кетейік. «Үн қата алмай сазарып қалған анасының Сәбиттен өшін қайтармайтынын Нұртай түсінді.

        Ертесіне ол тағы мазақтар деп мектепке балалардың ең соңынан кешігіп келді.

        Класқа кіре бергенде мұғалім:

- Неге кешіктің ?-деп сұрады. Өңі жылы. Нұртай үндеген жоқ. Мұғалім журналды алды. 

- Жарайды, атың кім ?

- Нұртай.

- Фамилияң ?

- Нұртай үнсіз.

- Фамилияң  кім ? Көкеңнің атын айта қойсаң болады.

«Бала жалт бұрылып есікке зыта жөнелді. Мұғалім аң-таң. Нұртайдың столдың үстінде қалып қойған дәптерінің бетінде екі тамшы жас мөлдірейді»[1,58-б].

Көз жасы! Бұл көз жасы, енді оның ғұмыр бойы жанын жегідей  жеп, тамағына кептеліп өтетін құса жасына айналмақ. Қандай аянышты тағдыр!..

       Әбіш Кекілбайұлы прозадағы өзінің тұңғыш туындылары осы «Ажар» триптихы мен Құрманғазының түрмеден құтылып, еліне жол тартып келе жатқан көңіл-күйін суретеген «Аш бөрі» арқылы-ақ қазақ әдебиетіне жаңа леп, соны серпін әкелген-ді. Бірінші әңгімеде жазушы туған әкесін білмеу қазақ менталитетінде ең ауыр жаза екенін еске алса, екіншісінде елі үшін еңіреп туған ер халқының азаттығы жолында шеккен азабын дәру санағанын жеткізеді.

        Әбіш Кекілбайұлы егер ел ішінде алауыздықтың ала құйыны, ашкөздік пен дүниеқоңыздықтың ақ түтегі кірсе, онда ол үлкен қауіп пен қатердің астында қалатынын барынша қазып, барынша қадап айтумен келеді. Іргені тек ынтымақ бекітіп, шаңырақты тек бірлік ұстап қалады деп ұғады. Сондықтан да ол қазақ менталитетіне етене адам мен адам арасындағы жарасым мен ұлт пен ұлт үйлесіміне жеткізе бейнелеуге барлық күш жігерін арнап келе жатқан қаламгер десек артық айтпаған болар едік. Жазушының аты аталғанда ең алдымен ауызға ілігетін ондай жүрек жарды туындылары «Көлденең көк атты», «Тасбақаның шөбі», «Керек адам», «Міне, керемет», «Ақырғы аялдама» әңгімелері мен «Бір шөкім бұлт», «Бәйгеторы», «Құс қанаты», «Шеткері үй», «Бір шоқ жиде» тағы басқа хикаялары дер едік.

Информация о работе Ә.Кекілбаев пен Б.Нұржекеев шығармаларындағы ұлттық менталитет