Ә.Кекілбаев пен Б.Нұржекеев шығармаларындағы ұлттық менталитет

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 24 Сентября 2012 в 13:04, диссертация

Краткое описание

Адамзат қоғамын дүр сілкіндіріп, мәңгі өмір сүрудің өткір, өзекжарды мәселелері материалдық, техникалық, жер асты, жер үсті байлығы тапшы, халқының саны шектеулі ұсақ ұлттар мен ұлыстарды ойландыра бастады.

Содержание

КІРІСПЕ.................................................................................................................................. 3
І. Ә.КЕКІЛБАЕВ ПЕН Б.НҰРЖЕКЕЕВ ӘҢГІМЕ, ПОВЕСТЕРІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ МЕНТАЛИТЕТТІҢ АЛАТЫН ОРНЫ...............................................................................15
1.1. ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ ӘҢГІМЕ, ПОВЕСТЕРІНДЕГІ САЛТ-САНА, ДӘСТҮР МЕН НАНЫМНЫҢ БЕЙНЕЛЕНУІ ................................................................................................15
1.2. БЕКСҰЛТАН НҰРЖЕКЕЕВ ӘҢГІМЕ, ПОВЕСТЕРІНДЕГІ ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ УАҚЫТ СЫНЫНАН ӨТКЕН МЕНТАЛИТЕТТЕРІНІҢ КЕСТЕЛЕНУІ.................................56
ІІ. Ә.КЕКІЛБАЕВ ПЕН Б.НҰРЖЕКЕЕВ РОМАНДАРЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ МЕНТАЛИТЕТТІҢ БЕЙНЕЛЕНУІ....................................................................................74
2.1. «АҢЫЗДЫҢ АҚЫРЫНДАҒЫ» ҰЛТТЫҚ ТАҒЫЛЫМ ...............................................74
2.2. «ҮРКЕР», «ЕЛЕҢ-АЛАҢ» РОМАНДАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚЫ МЕНТАЛИТЕТТІҢ КӨРІНІСІ ...................................................................................................................................84
2.3. «КҮТУМЕН КЕШКЕН ҒҰМЫР» РОМАНЫНДАҒЫ ӨНЕРГЕ ҚҰРМЕТ ПЕН ҰЛТТЫҚ МІНЕЗДЕГІ КЕРАҒАРЛЫҚТАР ............................................................................................103
2.4. «БІР ӨКІНІШ, БІР ҮМІТ», «ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАР» РОМАНДАРЫНДА ОТБАСЫЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР НЕГІЗІНДЕ ҚАЗАҚ МЕНТАЛИТЕТІНІҢ БЕЙНЕЛЕНУІ....................114

ҚОРЫТЫНДЫ.........................................................................................................................138
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ....................................................................143

Прикрепленные файлы: 1 файл

Диссертация Асем 2+++.doc

— 1.10 Мб (Скачать документ)

«Онбайдың осы жігер-қайраты, батылдығы мен пысықтығы соғыстан бір аяғын жоғалтып келгенде де өзгермеген. «Тостағандай қос жанарында маздап тұратын бұрынғы пысықтығы, батылдыққа айналғандай. Кім сөйлесе де тікесінен морт кесіп тастап отыр». Ол – еңбексүйгіш, қандай қиындықтан да тайынбайтын еңбекқор, шебер ұйымдастырушы, халықты аузына қаратқан көсем, тапқыр, жаңашыл, ескілікке қарсы аянбай күрес жүргізе білетін күрескер, халық қамын ойлайтын қамқор адам екендігін соғыстан келгенен кейін басқармалыққа сайланғанда анық көрсете білді. Оның іске алғырлығының нәтижесін жазушы бір жағы қазақы әзілге жыға әсерлі баяндаған: «Бір аяғы үзеңгіде, екі балдағы ердің артында өңгерулі. Шолақ аяқ басқарма ойда – жоқта төбеден түсе қалды. Жұрттың көрмесін көріп, білмесін біліп отырады. Ол дегенде бұрын аузын ашып, көзін жұматын ел енді жағаларын ұстайды. Орақшы әйелдер басқарма үстімізден шығып қала ма деп, бұрынғы шөмеле түбінде бірінің-бірі басын қарай беретінді қойды. Қырманшы шалдар астық бастырып біткен күні «қырман түн» деп ырым қып, жұрттың етегіне бір-бір уыс бидай түйіп жіберетінді тоқтатты. Кеңседегілер де аяқтарының ұшынан басады. Ауданда заемді бірінші болып орындайтын – Онбайдың колхозы. Тіпті бойдақ салық екеш бойдақ салық та Онбай келгелі бірінші болып орындалды. Онбайдың тұсында жыл он екі ай бос жататын ала қырға мал жайылды. Оңбайдың тұсында арқар мен киіктен басқа аяқ баспаған бөрілі түздерге орақ түсті».[1,15б-б]

Демек, Онбайдың тұсында істелген нәрселердің бәрі халық көңілінен шықты.

Алайда, халыққа тигізер пайдасын ойлаудан бас тартып көрмеген, адам дегенде жүрегін суырып беруге дайын тұратын осындай іскер азаматтың жолы болмады, ауыл түгіл бүкіл ауданды дүбірлеткен «шолақ аяқ басқарманың дәурені бәрібір келте болды». Қазаққа тән елгезектік, тапсырылған міндеттерді дер кезінде орындауға жауапкершілік сезімі, тіпті билікке құмар қазақы менталитет те жоқ емес. Онбайды «құртқан» асыра белсенділік.

Кемшілік дегенді ата-бабасынан  бері жек көретін Онбай аудандағы қағазбастылықты қатты сынап, бір жиында сөз сөйлеп, шаруашылықтарды ірілендіру кезінде іріленген колхозға басқарма болайын деп тұрған жерінен қағылады. Бірақ Онбайдікі қазақтың діңкесін құрытқан баққұмарлық емес еді, керісінше, барлық күш-жігерін, білімін халық игілігіне ұйымдастыру ісіне арнау болатын. Қызбалықпен сөйлеген сөзінің бір ұшы хатшының жанына жайсыздау тиіп кеткенен кейін барып біледі. Енді Онбай өзіне тілін тістеткен сол «пысықтықтың» зиянын өкіне еске алады: «Қазір орынсыз момын болуға да, орынсыз пысық болуға да, орынсыз алғыр болуға да, орынсыз ақылды болуға да болмайды, қасқа. Артық дәулет көз шығармаса шығармас, артық ақылдың көз шығаратыны ып-рас. Дүниеде Құдайдың бергені де ештеңе емес, бергенін қайтып алғаны да ештеңе емес, бәрінен де берейін деп тұрып бермей, қайтып алғаны жаман екен. Өлгенше есіңнен кетпейді. Солай, құрдас»,[1,157-б]-деп өз құрдасына мұңын шағып, өзінше өмір философиясының тұжырымын жасайды. Асылы, шамадан тыс баққұмарық, шамадан тыс ақылдылық, ақылды, білімділері көп жаңа заманда қазақ менталитетіне өзгеріс әкеле бастаған. Әңгімедегі бұл деталь – шын мәнісінде де кеңестік бюрократтық аппараттың мінез-құлқы. Бұл кезде кім алға шығып бара жатса, алуан әдіс-шаралар қолданылып тұқыртылатын. Әңгіменің бас кейіпкерінің бірі – Онбай енді жасы ұлғайған шағында сол жастық жігерін пайдалы іске жұмсамағанына күйініп, жамандамайтын адамы қалмай, бірінің ататегінен түк қоймай балағаттап, «ащы судың» ашуына беріле ашына сөйлейді. Қоғамдағы жіберіліп жатқан әділетсіздіктерді ол көп біледі. Міне, өз тілінен өзі сондай қорлық көріп, Отан соғысында аяғын жоғалтқандарға берілетін машинаны өз бетімен өмір бақи ала алмай, енді ауырған шағында балдаққа сүйеніп жүре алмайтын болған соң, құрдасы Қарабаланы аудан басшыларына барып, машина алуға жұмсап отыр. Осылайша бейнеленген кейіпкер-типтік образ Онбай сияқты адамдарды әрбір қазақ ауылынан кездестіруге болады. Өмірде осындай жігері құм болған талай адамдар бар. Жазушы, кешегі «тура биде – туған жоқ» дейтін заманның өткенін, әділдікті айтамын деп төрешілдік шегіне жетіп тұрған, аз біліп көп билікті қолына жинап алғанның қырына, қаһарына ұшырап қалмауға шақырады. Отарлаушылар, тоталитарлық жүйе ұлттық санаға, рухқа қарсы күрес ашқан күнде, Онбайдай еркіндігі асқандардың жолы кесілген. Күн айдағанға жүріп, байлағанға тұратындікі.  

Ал, Онбайлармен қатар Қарабала сияқты момындар да жеткілікті. Қарабала бейнесі де – типтік бейне. Әр адамның отбасының мінезі өзіне ұқсайтыны рас қой, Қарабаланың отбасы да дәл өзі сияқты. Қарабала да мектепте оқыған, үш кластан аса алмаған. Бірақ өмір бойы ұсталық жұмысты кәсіп еткен. Жаны таза, жүрегі ақ жан. Онда адамға жамандық істеу былай тұрсын, жамандық ойлау да жоқ. Бүкіл болмысы қарапайымылықтан жаралған.

Қарабала өзінше өзінің кешірілмес кемшілігі – соғысқа бара алмағандығы деп біледі. Өзін басқалардан кем санайтыны сондықтан. Соғысқа барған Онбайдың алдында бұл мәселен кібіртіктеп, жер шұқып қалады.

Ол аудан орталығына өмірінде екінші рет бара жатыр. Бірі - әскерге  шақырылғанда, жас жігіт кезінде барса, екіншісі - осы жолы. Қартайғанда өзінің мектептес досы, айтқанын орындататын майдангер, адуын, жұртты аузына қаратқан Онбайдың тапсырмасымен бара жатыр. Ол өзінің өте аянышпен қарайтын досының көңілін қалдырғысы келмейді. Қарабала Онбайдың айтқанын қанағаттандармаған басшылардың мұның айтқанын тыңдайтынына күмәнді. Қазақта бес саусағынан өнер тамған, нағыз еңбеқор адам сөзге жоқ, іске бапандай, досқа адал, жауға мейірімді келеді. Ол қазақ менталитетінде абыз, адал, ізгі, берік, биік адамгершілік қасиеттердің жиынтығы. Абыз, әулие жан.

Жазушы оқырманға ұсынған  мына деталь - әңгіменің идеясының тініне «бойлатар» кілт іспетті: «Ауылдың алдындағы қара жол қарқарадай сөгіліпті. Қайда қарасаң – қарсы айырылып жатқан жарық. Қайда қарасаң – шөп арасында әлдеқайда бөксесін сүйретіп тоңқаңдап бара жатқан тасбақа. Күні кеше бір айдай тасбақының дауылы болады. Тұқшыңдаған немелер тұяқ дыбысын естігенде мойындарын іштеріне тығып бұға қалады да, сәл ұзасаң қайтадан тарбаңдай жөнеледі».[1,148-б] Міне, керемет! Табаның орнындай жарықтан енді шыға берген тасбақа мойнын әнтек созып, жан дәрменімен тырбаң-тырбаң етеді. Аузында бір тал шөп. Бидайдың дәніндей екі шегір көз бетіңе бедірейе қарайды. Талай ғасырды басынан өткізген кәрі мыстан ат үстінде қорбиып отырған осы бір жалба тымақ қазақ қайтер екен деп сынап жатқандай.

Қарабала шыбын жаны көзіне көрініп, азапқа түскен бейшараны  етпетінен аударып салайын деп, шыбыртқысын созып еңкейе берді де, тасбақаның жазғытұрым жер астынан тістеп шыққан шөбін алған адамның қай қалауы да орындалады дейтін әңгіме ойына оралып, атынан түсті. Қасына барды. «Бісміллә» деп шөпті алды. Инедей ғана бір тал шөп. Құмақтарда көп өсетін көсіктің сабағына келіңкірейді. Алақанына сап сипап көрді. Сосын көзі бақырайып, үйелеп жатқан тасбақаны етпетінен аударды. Атына мінді. Анадай жерге барып артына бұрылды. Киелі тасбақа әлі бауыр көтере қоймаған қу жусандардың арасына қарай тырмыса жорғалап барады.

«Апырай, ә... Сенейін бе, сенбейін бе? Жаратқан иемнің сүйген құлы болғаным-ау! Қай қылығыммен жақтым екен!»[1,152-б] Қарабала тосын күпті ойдан жүрегі алып-ұшып барады. Манадан бері қинап келе жатқан: «Ауданға барып ештеңе бітірмей қайтсам, Онбай төбемнен құдық қазады-ау деген күмән да жадынан шығып кетті».

Әңгіменің «Тасбақаның  шөбі» деп аталуы Қарабаланың  халық ұғымындағы сенімге құлай  нануынан туындаған. Кейіпкердің ойынша, егер тасбақа кездеспегенде, ол оның аузындағы шөбін алмағанда алдына қойған тілегі орындалмайтын еді. Автор да өз кейіпкерінің ығына құлап, әңгімесін осылай атауында елеулі мән бар. Бұл атаудың астарында оқырманға қойылған сауал-ой: «Шынында да, тасбақа шөбінің көмегі болды ма?». Жазушы осы әңгімесінде кейіпкер характерін ашуға қазақ ырымын шебер пайдаланған. Иә, Онбайдың Қарабала туралы айтқаны – шырқыраған шындық: «Бір өзі бір колхозға отгон болғандай ана маңдайың ашылмай жүр-ау. Әйтпесе, қайратың кімнен кем? Қыр мұрын, қияқ мұрт, дөңгелек жүз, еңгезердей қазақтың суреті қай газеттің көркін келтірмейді. «Жұлдызымыз, міне» деп сендейлерді көрсетудің орнына қайдағы бір мүжілген тобықтай қиқы-жиқы Қалиларды шығарды». Иә, солай Қарабала – еңбекқор жан, адамға деген жақсылығын ешкімнен аямаған. Алайда ол өзін «адамның қоры» санайды. Өзін еш бағалаған емес. Өмірде өзінің де салмағы бар екенін тек аудан орталығына келгенде білуі – Қарабала үшін үлкен жаңалық.

«Қарабала қара шал болғанша бұл ауылда әлі оны «Қарекең» деп көрген жоқ», ал мұндағылар оны алақанға салғандай сөз айтады. Мұндай құрметті ол өмір бақи көрген емес. Мұндағылар: «Бетіңіздің иманы бар» дейді. Қатардағы беделді адамдай сөйлеседі. «Ақсақал, сізге кірсін деп жатыр» деген сөз тағы бар.  Жұмысы бастан асатын аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы оған осылайша ілтипат білдіреді.

Басшы мекемеден жұмысы бітіп шығып бара жатып, бұл «рахметін» жаудыртқанда әлгі хатшы орнынан тұрып: «Сізге де рахмет. Былтыр біздің тапсырмамызды ойдағыдай орындадыңыз. Майдангерлерге ескерткіш орнату мәселесіне бас-көздік ету маған жүктелген-ді. Сіз қолғабыс жасамағанда ұятқа қала жаздап ек», - дейді, Қарабала мұндай сөзді бұрын естімеген, ескермеген болатын. Немесе мына бір диалог та Қарабаланың қандай адам екенін аша түсуде қомақты рөл атқарып тұр:

-  ...Сіз сонда «Ұшқыннансыз» ба?

- Иә.

- Мал бағасыз ба?

- Ұстамын.

- Апырай,ә?

- Атыңыз кім?

- Қарабала.

- Апырай, ә? Қашаннан ұстасыз?

- Мен өзім сонда туғам. Жұмысқа жарағалы темір соғам.

- Елу үштің жұты есіңізде ме?

- Әлбетте.

- Март айында сіздің ауылдың алдындағы дөңде қатып қалатын көп машинаны білесіз ғой.

- Білгенде қандай! Тоң жібігенше жатты емес пе? Талайының белтемірі опырылып, маған бір ай бойы жұмыс табылған.

- Апырай, ә! «Ұшқында» бір қолы алтын ұста бар деуші еді. Сол сіз екенсіз ғой. Қарабала қызарып кетті»[1,164-б]

Міне, осы диалог арқылы да автор Қарабаланың кім екенін көз алдымызға ап-анық елестетіп отыр. Жүзбаев жолдастың содан кейінгі әңгімесі былай жалғасқанына Қарабала қатты қуанды:

«Апырай, ә? Жарайды енді. Сіз келгесін болмас. Ол машинаны жүргізіп алып кететін адамыңыз бар ма?»[1,166-б]

Бұлай жолы болып, ісі оңға басуын Қарабала өзінше бағалайды: «Ат сабылтып талай барып, әлдекімдердің ішін кептіре боқтап, талай құр қол қайтқан орақ ауыз Онбай бітіре алмай жүрген шаруа екі ауыз сөздің басын құраған құрлы көйлегінің арқасы малмандай боп шыға келетін Қарабалаға пішту болмай қалды. Бәрі манағы тасбақаның аузында қылтиған тебен иненің тұқылындай көк шөптің киесі ғой. Ата-баба білмей айтты дейсің бе? Шарапаты алдымен Онбайға тиді. Қазір барып рұқсат қағазды ұстата салғанда жүрегі жарылып қуанатын шығар. 

- Әй, қасқа-ай, сенің қолыңнан да бірдеңе келеді екен ғой, - деп кеңк-кеңк күлер».

Бұл – кейіпкер Қарабаланың ойы. Тамсанып қалдық. Ойландық. Өйткені  автор бізді терең ойға жетелеп  әкетті. «Әйтпесе досы  жұмсады, Қарабала аудан орталығына барды, машинаға рұқсат қағаз алды. Онбай деген бір атанақ бар екен. Өзі тындырмағанды досы Қарабала тындырды. Ал енді осында не тұр» деп те айтуға болады емес пе?

Жазушының әңгімелеріне зер сала қарап  отырсаңыз, көбіне оның қарапайым еңбеккерлерді суреттеуге құштар екеніне куә боласыз. Неге? Бұл Әбіштің қарапайым ауыл еңбеккерлерінің өмірін өте жақсы, терең білуінен шығар. Ол сана мен ұлттық мінез-құлықты айнытпай бейнелеуге кәнігіленгендігінен халық арасынан шыққан кейіпкерлердің ой – арманын, мүддесін терең зерек түсінеді, бүкіл болмысын, тынысын, күрсінісін, ішкі үнін естиді, іштерінде не керемет жатқанын сезеді. Қазақ әдебиетінде еңбек адамының, кеңпейіл, дархан ұлттық мінез-құлықты бойына жиған, қазақ ырымын, үздік қасиеттерін пір тұтқан қарапайым ауыл адамы бейнелерінің галереясын жасауда жазушы үлесі зор.

Қоғамда бір күн киіз, бір күн  мүйіз, бір күн періште, бір күн  пері Онбайлардан «шапса жүйрік, мінсе берік, жуан, жуас» Қарабалалар қадірлі, ырыс. Олар қара төс, қара балғаның арқасында «өзіне жұрттың ісі түскенімен, өзінің жұртқа ісі түсіп жарытпағанына» шүкіршілік етеді. Аузы «беремге» икемді, «аламға» ауыр. Халық басына түскен тауқыметті қайыспай көтеретін кереге жалды кертарлан. Сондықтан әмсе Қарабалалардың – қолы құтты, жолы болғыш, жаны жомарт. Түбі құдайдың қандай пендесінің де көкірегіне от жағып, жанына ізгілік егетін адал азаматтар. Осы - Қарабалалар. КСРО халық әртісі С.В. Образцов «Бақыт дегеніміз не?» деген сұраққа: «Бақыт өзіңнің жұртқа керектігіңді сезіну» деп қысқа да, нұсқа жауап қайырыпты. [3,180-б]

«Тасбақаның шөбі» әңгімесіндегі  нұсқалы ой – идеяны бағамдай келе ойға түйеріміз, адамзат өмірінде адам үшін жасалған зәредей жақсы іс ешқашан өлмейді. Ол адам баласы қоғамында бір белгі боп, бір белгісіз толқын боп өмір сүреді. Қандай бір адамның аты белгілі болсын-болмасын, атқарған игі істері ешқашан өшпейді». Жақсылық боп алдыңнан шығады. Қазақ тәрбиесінің мазмұны осыған саяды. Өзіне шарапаты тимесе, ұрпағына тиеді. Ең кішкене, ең қарапайым адам Қарабала ұста десек, оның адамға есепсіз көрсеткен шарапаты, оның түсінігіндегі кісіге әкелетін  өмірге қосқан осындай үлесі үшін мақтануы керек. Адамға жақсылық әкелетін – «тасбақаның шөбі» сияқты сенім-нанымы оның бейнесін асқақтата түседі. Оның күнделікті өмірде істегені, атқарғаны, ақ-адал жақсы пиғылының нәтижесі. Асылы өмірді әрлендіретін, тіршілік тұғыры болатын – қарапайым, елеусіз адамдардың еңбегі. Міне, қазақ менталитетін танытатын ұлт кейіпкерлерінің іс-әрекеті, мінез-құлқынан, рухани әлемінен хабар беретін сөйлеу мақамы, адамгершілік болмысы талданып отырған әңгімеде айқынырақ көрінеді.

Ұлттық рухани құндылық, рухани байлыққа әр халықтың тілі, діні, ділі, адамгершілік қасиеттері, ұлттық салт - дәстүрі, өнері, әдебиеті мен мәдениеті жатады. Әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, рухани тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі»[5,37-б] деген сөзі ұрпаққа біліммен қоса адамгершілік тәрбиесі қатар берілу керектігін ұғындырады.

Әбіш Кекілбаев - бауыр етіндей жақын халықтық характерлер галереясын жасаған зергер қаламгер. «Құс қанаты» повесіндегі жаулығы қарқарадай қара кемпірдің бар болмысында жат санап, үрпие қалар еш артықтықты сезбейсіз, ана сезімнің күрделі шындығы судың бетіне қалқып шығады. Бүгінгі керме қас, қыр мұрын, жайнаң көз, жіңішке сүйек қыздар мен келіншектер қара кемпірдің монологы арқылы өрілетін ұзақ  ғұмырындағы жүрегін қабындырған ыстық шақтарын көкірек құлағымен қабылдаса, пікірі, көзқарасы, тұзы жарасып, тіршілігінің түнінен күні ұзаңқырай түсер еді. Қара кемпірдің бүгіні-келінінің ертеңі, келінінің бүгіні-енесінің кешегісі. Бүгінінің ертеңі болатынын парықтаған, көзі-таразы, көңілі-хан ақылды әйел кешегі мен бүгінгінің жүгін қара нардай қайыспай көтеріп жүрген кейуананың белі бүгіліп, шашы ағарғанын сезсе бақыты гүлдегені. Өйткені, «кешегіден бүгінге жеткен»-түбінде шамшырақ жанған терең. Қара кемпірдің қадірі, басының бағалылығы, есті жұрт есігінен сығалағанының өзін қағбаның қара тасын сүйгендей жағасы жайлау боп жүргені - оның қазақтың үш киелісі-қара жұрт, қара шаңырақ, қара қазанның иіне қанып, иісі аңқып тұратыны, соған адалдығы, иманы кәмілдігі. Оны мына бір жолдардан көреміз: «Қазақтың жанын қинайтын қара жұрт, қара шаңырақ, қара қазан еді. Қара шаңырақ пен қара қазан үшін қара жұртты қиып барамыз. Құдайым тек қара қазан мен қара шаңырақтың ырыздығы мен ынтымағынан айырмағай»,- деп көзіне жас алып еді[1,38-б]. Қазақы менталитет дегеніңіз осы қара кемпірдің бойында тұнып тұр.

Информация о работе Ә.Кекілбаев пен Б.Нұржекеев шығармаларындағы ұлттық менталитет