Ә.Кекілбаев пен Б.Нұржекеев шығармаларындағы ұлттық менталитет

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 24 Сентября 2012 в 13:04, диссертация

Краткое описание

Адамзат қоғамын дүр сілкіндіріп, мәңгі өмір сүрудің өткір, өзекжарды мәселелері материалдық, техникалық, жер асты, жер үсті байлығы тапшы, халқының саны шектеулі ұсақ ұлттар мен ұлыстарды ойландыра бастады.

Содержание

КІРІСПЕ.................................................................................................................................. 3
І. Ә.КЕКІЛБАЕВ ПЕН Б.НҰРЖЕКЕЕВ ӘҢГІМЕ, ПОВЕСТЕРІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ МЕНТАЛИТЕТТІҢ АЛАТЫН ОРНЫ...............................................................................15
1.1. ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ ӘҢГІМЕ, ПОВЕСТЕРІНДЕГІ САЛТ-САНА, ДӘСТҮР МЕН НАНЫМНЫҢ БЕЙНЕЛЕНУІ ................................................................................................15
1.2. БЕКСҰЛТАН НҰРЖЕКЕЕВ ӘҢГІМЕ, ПОВЕСТЕРІНДЕГІ ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ УАҚЫТ СЫНЫНАН ӨТКЕН МЕНТАЛИТЕТТЕРІНІҢ КЕСТЕЛЕНУІ.................................56
ІІ. Ә.КЕКІЛБАЕВ ПЕН Б.НҰРЖЕКЕЕВ РОМАНДАРЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ МЕНТАЛИТЕТТІҢ БЕЙНЕЛЕНУІ....................................................................................74
2.1. «АҢЫЗДЫҢ АҚЫРЫНДАҒЫ» ҰЛТТЫҚ ТАҒЫЛЫМ ...............................................74
2.2. «ҮРКЕР», «ЕЛЕҢ-АЛАҢ» РОМАНДАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚЫ МЕНТАЛИТЕТТІҢ КӨРІНІСІ ...................................................................................................................................84
2.3. «КҮТУМЕН КЕШКЕН ҒҰМЫР» РОМАНЫНДАҒЫ ӨНЕРГЕ ҚҰРМЕТ ПЕН ҰЛТТЫҚ МІНЕЗДЕГІ КЕРАҒАРЛЫҚТАР ............................................................................................103
2.4. «БІР ӨКІНІШ, БІР ҮМІТ», «ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАР» РОМАНДАРЫНДА ОТБАСЫЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР НЕГІЗІНДЕ ҚАЗАҚ МЕНТАЛИТЕТІНІҢ БЕЙНЕЛЕНУІ....................114

ҚОРЫТЫНДЫ.........................................................................................................................138
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ....................................................................143

Прикрепленные файлы: 1 файл

Диссертация Асем 2+++.doc

— 1.10 Мб (Скачать документ)

Суреткер Әбіш Кекілбаев  көркемдіктің құрыған көздеген нысанасына қапысыз салуға машықтанған эпик жазушы. Оның дарын табиғатына біткен аста-төк қабілет-шалымы да, әлемдік  көркемөнер айдынының тұнығынан  жүзіп жүріп сусындаған тәжірибесі де қыруар. Ол айта алған ой, ол кестелеп үлгерген өнер барша сыр-салмағымен, барша көркі бояуымен бүгінгі таңда тек қана Әбіштік ой, тек қана Әбіштік өнер болып отырған жоқ . Сонымен бірге қазіргі қазақ өнерінің және рухани ұмтылыстардың бедерлі бір айғағына айналып отыр.

Он алты жасқа енді толып, әлі оң-солын байыптай қоймаған ару әлемді тітіреткен құдіретті  хан күйеуі қобди толы асыл тасты  сыйға жібергеніне ризалықтан жан-жүрегі елжіреп, жоқ махаббатты қолдан жасап, алыста өзін аңсап, үздігіп жүрген зайыбына өзінің де «күйіп-жанған» пәк махаббатының белгісі ретінде махаббат мұнарасын тұрғыздыруға белсене кіріседі. Жорықтан оралған Алмас хан өзіне арналған көгілдір мұнараны көргенде: «Мынау мөлдір судай мап-майда үлбірек сезім ойына тағы да ханымды түсірді. Ол әлгі көк мұнарада бұған алыстан қол бұлғаған сағынышы мен  асыға күткен ынтызарын, өзгеден алабөтен өліп-өшкен ықыласын ғана емес,  жалғыздығын, басқалардың көптігін істеп басынғанын көріп, қамырыққан қам көңілін, «Кел, мұңымды тыңда, ұқ, қорға» деп шағынған жалбарыныш сезімін түгел бейнелегендей. Асқақтық пен нәзіктік, шаттық пен мұң, ерлік пен аяныш, сағыныш пен құштарлық бәрі қосылғанда махаббаттан басқа не болушы еді»[29,174-б], - деп екі түрлі ой, екі түрлі сезім, екі түрлі шешімнің отына күйіп, тасқынына тұншығады. «Ақ ниетті, ақ жүректі тектілер, жұртын қолдап, елді ұшпаққа жеткізер» (Ж.Баласағұн). Алмас хан басқаны  ұшпаққа жеткізбек түгілі, пәк сезімімен бір қобди асыл тастың қадірінен махаббат бағасын жоғары қойған уылжыған арудың құрметін бойына дарыта алмай, әрі-сәрі күйдің, қызғаныштың, өзімшілдіктің қызыл итіне таланады.  Қамыққан қам көңілін емдеп, жалбарынышты назын, тыңдап жұбатудың орнына, сағынышы шегіне жетіп, ерінің құшағын аңсаған жас келіншектің өтініші мен арман-аңсарын жауынан бетер қаралап, жәбірлеп, жазалаудан шімірікпейді. «Ақ жүректі», «ақ ниетті» саналған, алып империяның тағдыры қолындағы ұлы әмірші бәйбішесінің күндестік сезімін ар таразысынан өткізбей, күдіктің уына бойын алдырады. «Тарпаң-тұрпаңсыз, биязы. Биліктің әзәзіл дәміне құныға қоймаған уыз жас... Кіші ханым жорықтығы жарының құрметіне  мұнара салыпты. Қазір Байтақ шаһардағы мұнараларының бәрінен бойын асырып тұрған - сол»[29,171-б]. Иә, кіші ханша ізгі ниет, таза көңілден ізгі іс тындырғанын Ұлы әмірші ұғып, бәрін тура мағынасында қабылдаса да, тектілігінен пенделігі асып түсіп,  көзі жеткенге де әміршілдік ұртоқпағын аямай сілтеп, Алла алдында кешірілмес күнәға  батады. Мұнан  біз қазақ әйелдері қалың малмен қосақталса да, құдай жетелеп кеп, мәжбүр еткен әйелдік парызын өтеуге адал, иманына беріктігін аңғарамыз. Қатал тәрбие мектебінен өткен қазақ қызына өмір-дүние жинау үшін емес, дүние өмір сүру үшін қажет. Олар үшін кім де болмасын, ақ некесі қиылған адамға  қылдай қиянат жасамау, сәл ілтипатын ескерусіз қалдырмау - тіршіліктің жазылмаған заңы, аналық, әйелдік борышы. Ал, «қиянатқа, ақ некенің талабына нұқсан келтірсе», ол үлкен әйелінің астарлы, қитұрқы әрекетінің шырмауынан шыға алмай, әрі өзінің еркектік мүмкіндігінің төмендігі мәжбүр еткен бейдауа күйінен қорынғандықтан,  ұзақ уақыт ой мүжіген, заңды күйеуін тосқан ыстық құшақты әйелді өзінен суынуға, жек көруге, безінуге мәжбүрлеген. Ит жанды қазақ әйелі өзіне телулі еркектің қай қорлығы, сынағына да төзіп, көңілі қайтқаннан кейін ғана «тар зынданнан» жеріп, беймәлім әлемге қол созған. Шектеусіз билік қолындағы хан әйел жүрегіне де әмірім жүреді деп, ақыры тілін тістеп, жалған дүниенің бір күндей болмай өте шығатынын кеш сезіп, тұйыққа тіреледі.

«Аңыздың ақырында»  ортағасырда билік жүргізген  хан мен төңірегіндегілердің  салтанаты тәптіштеп суреттеледі. Ол мемлекеттің қуатын,  дәстүрін насихаттап, халықтың билік жүргізушілердің аста-төк  тұрмысына, салтанатына таңданып, өздерінің құны төмен, мағынасыз-мәнсіз тірлігінен жиреніп, күштіге табанып, төңірегіне күні үшін топтасуға итермелеген. Ұзақ жыл шет елде болып, жарты әлемді ат тұяғымен жаншып,  бағындырып оралған хан, Байтақ шаһарында  жеңісін  тойлауға кіріседі. Алмас ханның салтанатты  қабылдауына келген  жұрттың аяғы саябырси бастағанда: «Олардың опыр-топыр есіктен шыға беруі мұң екен, көрші қошаудан бәйбіше көрінді. Ол үстіне көміп тұратын,  зер шайып – кестеленген қызыл көйлек киіпті. Оның сүйретілген ұзын етегін он бес әйел көтеріп келеді. Ханым әр аттаған сайын басындағы ауыр сәукеле  бұлғаңдап, әр бағытқа ауып-ауып түседі. Жан-жағынан бірнеше әйел қолымен демеп келеді... Бәйбішенің мөлт қара шашы екі иығынан төгіле құлапты. Ханымға жүз әйел нөкер еріпті...»[29,192-б]. Романнан осы үзіндіні оқып, бала-шағасы әлдеқашан ат жалын тартып мініп, үйілі-боранды боп, бір-бір уәлаятты аузына қаратып отырған шақта да жасының тым егде тартқанына қарамай, «кестелеген қызыл көйлек киіп, сәукелесі бұлғақтап, шашын екі иығынан төгілте,  қаптаған нөкерімен төңірегіне сес көрсетіп, әзәзіл көз сұғын қадап, ханды желігі  қайтпаған қылығымен қытықтап өткеніне таңданысыңды тұйықтап үлгірмей, екінші  көрініске көзің сүрінеді. «Бәйбіше енді жайғасып бола бергенде, екінші жақ қоршаудан жүз әйел нөкерлерімен кіші ханым көрінді. Оның да салтанаты бәйбішенің салтанатынан бір кем емес. Ол бәйбішеден сәл төменірек жайғасты. Екеуінен кейін  әміршінің жеті келіні кеп қастарынан орын алды.[29,192-193-б] Кәмелеттік жасқа толмай, атағы үлкен, айбары  зор ханға телінгенін тәңірдің пендесіне сыйлар сирек сыйы деп түсінген албырт арудың сәні мен салтанатын асыруға, бірінен-бірі өтер қызметші  қыздары мен нөкерін сайлауға ұмтылуы орынды. Жеті келіні де 700 нөкер ертуі қалыптасқан сарай үрдісі. Былайғы жұртты тұралататыны-феодалдық мемлекетте шексіз билік иесі - ханның мемлекет қаражатын құмға құйған судай ысырап етуге айылын жимайтыны. Ханның төңірегінде иіліп – жапырылғандар қаншама, оған 2 әйелі, 7 келініне мыңнан астам нөкер қызметте жүргенін еске алсаңыз, ысырап «балық басынан» басталатынына иманыңыз қасым болады. Жазықсыз соғыс, ыңыршығы шыққан сарбаздар, еті терісіне жабысқан қара жұрт, ойраны шыққан қала,  таланған ауылдар, шелектеп төгілген көз жасы... Жазушы  жоғарыдағы сабырды сарқатын асыра салтанатты бейнелей отырып, хандық дәуірдің  қазақ менталитетіндегі  төзуге болмайтын асыра сілтеушілік екенін әшкерелеген.

Әбіш Кекілбаев «Аңыздың ақыры» романында ұлттық менталитетке қатысты этнографиялық бояуларды келістіре жағып, өмір шындығын қаз-қалпында кестелеуге барын салған. Ми қайтантқан шілде ыстығында  салынып жатқан мұнараның құрылысымен танысқалы келген кіші ханышаны қаламгер: «Әр жер-әр жерінен алтын жүгірткен селдер перденің ар жағынан  мойылдай  мөлдіреп қос жанар бұған  қадала қапты. Сол қап-қара екі жанар мен керме қас болмаса,  мынау зымыран мұнараның басына жел көтеріп әкелген әлдекімнің селдір  пердесі екен деп қалатындайсың. Қарсы алдына кеп қадала қалған әлгі бір жұмбақ әйел басынан  аяғына дейін мөлдіреген селдір ақ шәйіге көміліп апты... Әйел мұның өз көзіне өзі сенбей тұрғанын аңғарып қалғандай селдір жамылғының ар  жағынан күнге шағылысып жарқырап көрінетін қамқа көйлегінің етегін сүйріктей әдемі саусақтарымен бірге көтеріп, кенереге жақынырақ барып,  төменге көз салды да, биік сәукелесін түсіріп алмайын деген  кісіше, дереу бойын тіктеп, кері бұрылып еді, маңдай тұсынан бармақтай лағыл жарқ ете қалды.  Сосын бұған әлдене айтқалы оқталды да, не айтарын білмей қысылып, қымсына күлімсіреді. Сол бір оқыс қызарып, қымсына жымиғаны манадан бері от шаша қараған қос тана көздің астында қыбырсыз жатқан бұйығы ақша жүзін түгел нұрландырып жібергендей болды»[29,222-б], - деп романның күллі рухын көтеріп тұрған оқиғалардың жұлын - жүйкесін алдыңызға тосады. «Алтын жүгірткен селдір перде», «мойылдай мөлдіреген қос жанар», «керме қас», «сүйріктей әдемі саусақ», «биік сәукеле», «маңдай тұсындағы лағыл», «от шаша қараған қос тана көз»... Ақ шәйіге көмілген хаса сұлу Кіші ханша – орта ғасырдың әйелі. Бет-жүзін, дене мүшелерін шүберекпен қымтап, бөтен еркекке көрсетпеу - о дәуірде ханның да, қараның да салтына сіңген әдет. Жорықтан  оралып келе жатқан «ынтық зайыбы» келгенше, оған тартатын бағасыз сыйы – көгілдір мұнара бітуі қажет. Бас шеберге сенсе де, уақыт шыдамын мүжіп, сабырдан айырылған Кіші ханша байыз таппай, құрылыс басына келгені аз, сабырсыздық жеңіп, құрылыс жүріп жатқан сонау биікке баспалдақпен көтеріліп кетеді. Күш-қуаты толысқан, жас емендей шымыр, берік, көзі өткір, көңілі зерек жас шебер ақ шәйіге көмілген хаса сұлуды әлгі біз атап өткен көркем детальдар арқылы-ақ танып, табанда ғашық боп, тіл-жақтан айырылады. Өзіне арбалған бейбақтан әлдене сұрап, әлдене тапсырма беру мүмкін емесін сұңғыла Кіші ханыша бірден түсініп, ғайып болады. Мәжнүн шебер жігіт мұнараға енді бұрынғыдан да көз ала алмастай сымбат пен сыр бітіріп, көрген түстей ғайып болған аруды аңсап, сағынған, қол бұлғап шақырған алаулаған ынтық сезімін сіңіреді. Демек, жоғарыда берілген үзіндіде Шығыс әйелдерінің нәзіктігін, құпия-жұмбақтығын, алғыр, сезімге бай, тілсіз тілмен сырын жеткізетін сырбаз, инабатты, барынша сезімтал, айтқанын  орындатпай қоймайтын табанды, қайсар, бірақ өзімшілдігі жоқ, тәкаппарлығын паш етеді. Кіші ханыша «бас-аяғы қымтаулы» қалпында-ақ жүрген жүрісі, ізеті мен динамикалық әрекеттері,  жеке дене мүшелерінің  жұқа пердеден көзге шалынған бітімімен-ақ көкірек көзі өткір, әсемдікті қырымнан танитын талантты шебер жігіттің рухын оятып, қиялындағы, қайталанбас құрылысты салуға құлшындырып жібереді. Философ ғалым А.Тайжанов: «Ұлтқа рух беретіндер тектілер. Тектілік-қасиет. Этномәдени тәрбие тектіні, дарынды, дананы, талантты құрметтеуге үйретеді»[23,4-б], - десе сенесіз. Кіші ханша Алмас ханның анасы шыққан ортадан  таңдап алынғаны оқырманға мәшһүр. Бірақ тақ танауын делдитіп, бақ көкірегін өсірген, төңірегі көзін лайлаған Алмас хан Кіші ханышаның жанын ұғып, жүрегінің көз жасын ұқпайды, керең. «Соқырдың қолына, кереңнің астына түспе» дейтін нақыл Жаппар  шебердің де, Кіші ханшаның  да қолдан жасалған трагедиясы. Шығыстың қыздары  ғашығына ынтық сезімін, құштарлығын ашық сездіре алмай, оңашада көз жасымен қасіретін жібітіп, түсінде ғана отты құшақтап, асық, асау сезімнің өртіне аймаланған ғой. Енді Кіші ханышаның Алмас ханның «сезігін» бекіткен,  түсінде шебер жігітпен тар төсекте  жолыққан сәтін бейнелейтін картинаға үңілейік: «бауыры от құшақтағандай өртеніп барады. Ол төсегіне батылсыз енген жас жігіттің  мойнына орала кетті. Бұның баяғыдан бергі сарылып күткен ыстық іңкәрі басқа ешкім де, ештеңе де емес, тек осы ғана. Бауырына кіріп еріп бара жатқан осы бір өндір бала жігіт қана. Енді, оны құшағынан өмір бақи шығармайды. Ол қасындағы бөгде денені темір құрсаудай сыға түсті, өзі де сығымдалып оның бауырына кіріп барады... Ханым өне бойын билеп алып бара жатқан, бұрын-соңды бастан кешіріп көрмеген бір алапат құштарлықтың ырқына біржола берілді. Оның болат серіппедей  шиыршық атқан қос білегі, бауырындағы  бала жігіттің балғын денесін біржолата ұн қылып үгіт жіберердей, сығымдай берді, сығымдай берді... Осы бір сәт тым ұзаққа, тіпті енді қалған ғұмырына түгел созылса екен... Кенет сүйек-сүйегінің бәрі түгел еріп бара  жатты да, болат серіппедей шиырыққан темір тегеуіріннен айырылды да қалды...[29,226-б]. Міне, қаяусыз махаббат,  аспандағы айға қол созған есірік көңілдің жетелеп әкелген жері, өліп-өшкен соқыр махаббаттың асау ағысы. Үнсіз құштарлық, тылсым іңкәр, асау дәме, албырт көңіл байғұстың темір тордан босанғанда бұлтты сапырып, алып еменді түбімен  қопарар дауылдың екпіні. Кәрілік жеңіп, бірақ құшағы ыстық, мінезі жайлы  жас ханшаға қанша  «өкпелесе» де құштарлығы жеңіп  жар төсегіне жеткенде Кіші  ханшаны ол төсегіндегі  ұйқы-тұйқы әрекеті  үстінде көріп, Алмас хан біраз әйелінің  өзінен мүлде қашықтап кеткеніне, көңілін түсінде жеңген әзәзіл өңінде де жеңбей қоймайтынын  мойындап, пұшайман күй кешеді. Алып империяны уысында ұстап, айдарынан жел ескен, менмен мемлекеттерді қас-қабағымен жасқаған Алмас хан шүйкедей келіншегінің жұдырықтай жүрегіне әмірі жүрмей,   балшық иісі аңқыған құрылысшы жігіттің ханшаны хан сарайынан бездірген құдіретіне таң-тамаша қалып, аяғы өмірінің мән-мағынасы жойылып, тағдыры тұйыққа тірелетін шақтың  жеткенін мойындамасқа лажы жоқ-ты. Қару-жарақ, ат тұяғымен қорқытып, жаншып, қаһарыңмен төңірегіңді табындырғаннан махаббаттың шырынын бойыңа сіңіріп, еңбек теріңмен  жүрек жалғап, бала өсіріп, немереңнің күміс күлкісімен бір жасыңа екі жас қосып,  қара суға семіріп, отбасының, ағайынның, дос-жаранның есепке құрылмаған ілтипат-құрметіне бөленіп, бақиға жасың жеткенде, төңірегіңе мұңды көзбен қарамай, күліп аттансаңыз не арман бар!?. Алмас  хан өзегін өртеген өкініштің уын қайтару үшін тағы бір жойқын соғысқа  аттанып бара жатып, уайымсыз, ойсыз, төрт құбыласы тең, бір-бірімен жарасып, бал жаласып отырған  рухани бай ұрпақты өсіріп, риясыз құрметке бөленіп отырған  қарапайым адамның тағдырына қызығып, қызғанып, жол үстінде қан қысымынан ажалын табады...

Әбіш «Аңыздың ақыры» романында тек қазақ халқына тән ұлттық салт-сана, әдет-ғұрыпты бейнелеп берумен шектелмей, Байтақ шаһарында тұратын саудагер  ұйғырдың қызын ұзату салтын  сол үйден пәтер жалдап тұратын Жаппар шебердің көзімен көріп, бастан кешіртеді, ой түйдіртеді. «Ұлттық характерді, ұлттық образды беру, - деп жазады көрнекті ақын, лингвист Олжас Сүлейменов, - әдебиеттегі  ең қиын нәрсе. Ең шебер  деген жазушы бөтен ұлттың мінез-құлқын бере алмайды. Ол оның қолынан келмейді. Ол тек өз халқының, өз ұлтының ғана образын бере алады. Қисыны жоқ істі талап ету орынсыз»[48,318-б]. Бір жағы түркі туыстас халық, екіншіден, іргелес,  қоңсы қонан аяқ-табағы араласқан көрші-қолаң, үшіншіден, қыз алып, қыз беріскен құдандал, сіңіскен жұрт қой. Жазушы сондықтан болар салт-санасында, әдет-ғұрпында қазаққа көп ұқсастықтары бар ағайын халықтың осы тұрғыдағы ерекшеліктерін қалдырмай, аса бір ілтипатпен детальдарын қалт жібермей бейнелейді. Ұйғыр ағайындар шаруаға мығым, әр нәрсеге ұқыпты, тыянақты, мазасыздау келеді ғой.  Ахмет саудагер қызын ұзатпақшы. Сол көптен күткен күн де таяды. Ауланың ішіне үш-төрт  жерге тайқазан асылып, палау басылады. Неше жерге шоқ өртеліп, кәуап та пісіріледі. Әйтеуір тандыр біткеннен от кеткен жоқ... Алдын-ала жиылған ағайын-туған,  көрші-қолаңның қас-қабағы жайдары. Ауланы дәм иісі кернеп кеткен. Еркектер отырған бөлмеден шарап пен тер иісі, әйелдер бөлмесінен миуа мен әтір иісі  тұмсығыңды жарады. Ол кезде қазаққа шарап пен әтір жете қойған жоқ, қымыз бен дала гүлінің қосылған иісі танауыңды қытықтап, таң нұрын сіңіріп жүргені мәлім. Ұйғыр да мұсылман халық қой. Сондықтан неке қию үрдісі қазаққа да ұқсас: «Күннің қызылы семе еркектер бөлмесінде тойға арнайы шақырылған қази қолындағы ішіне сақина салған тостағанға неке суын құйып, қасына күйеу мен қалыңдықтың куәгерін шақырды. Ақ некенің дұғасы оқылғасын қази қолындағы судан күйеуге  бір ұрттатып,  куәгер мен жігіттің жолдастарын ертіп, бөлек үйде шымылдық ішінде отырған қалыңдыққа беріп жібереді. Көп ұзамай тостаған қазидың  қолына қайтып оралды. Ол екі әке мен күйеудің, куәгердің алдында дұға оқып, ақ некеге бата берді»[29,197-б]. Бәрі орын-орнымен жүзеге асады. Неке суын куәгерлердің көзінше жігіт ішіп, қалыңдық та ұрттайды. Неке қиярға жиналған қауым көзінше болашақ ерлі-зайыптылар неке сақинасы салынған зәмзәм суын ішіп, қыз бен жігіттің әкесінің қатысуымен дұға батасы оқылып, бата беріледі. Некені дін жолымен қию процесі тек еркек қауымы арасында өтеді. Келесі кезекте ер адамдар ортасында отырған күйеу жігітті ырым бойынша әйелдер «тартып» әкетіп, нәзік жыныстылар бөлмесіне ертіп әкеледі. Үрдістің ретіне қарай күйеу жігіт үйге жиналған әйелдің бәріне «қыз көрсетер» сыйлық бергенде ғана ол ән айтып, би билеген келіншектердің қошеметіне бөленіп, шымылдық ішінде жинаулы жасау үстінде отырған қалыңдығының қасына жайғасып, бір ыдыспен әкелген палауды бірге жеуге қақылы. Әйтсе де күйеу «өтер қыл көпір», ырым-жырым қазақтарға қарағанда ұйғыр бауырларда әлдеқайда жеңілдеу тәрізді. Әр елдің «салты басқа, иттері қара қасқа» демекші, ұйғыр жұртында некесі қиылған жігіт пен қалыңдықтың алғашқы кездесу кеші де өзшеге: «Жас келін мен күйеуді оңаша қалдырып шығып кеткен сақа келіншектер есік, терезеден тың тыңдайды. Әуелі дымдары ішінде боп үн-түнсіз тұратын олар әлдебір уақытта бір-біріне сыпсыңдай жөнеледі, енді біраздан  соң сылқ-сылқ күле бастайды. «Неге күлгенімізді жұрт біліп қалмасын, жайырақ күлсейші, - деп бірінің бірі мықынын үзіп алады. Сосын іштегі дыбыс басылған кезде, олар да күлкілерін пышақ кескендей  тез тыя қояды. Қапелімде не болып, не қойғанын біле алмай аңтарылып тұрып қалады да,  сәлден кейін бір-бірімен сыбырласып кеңес құрады. Сосын іштерінен біреуіне жас жұбайлардың  есігін қағуды тапсырады»[29,198-б]. Жаңа қосып, табысқан ерлі-зайыптылардың  төсекте алғаш кездесуін аңду қазақта ерсі  саналады. Бірақ қалыңдықтың пәктігін ескеру халқымызда ерекше саналатынын  теріске шығаруға болмайды. Ұйғыр халқы  сол екі жастың алғашқы  табысу кешін  тыңдап, ондағы әрбір дыбысқа үздіге құлақ түруі, сосын қолма-қол бөлмесіне кіріп, астыларына төселген материалды тексеріп, нәтижесін табан астында әйгілеуді басты міндеттері санаған. Қазақ қалың малы төленген қалыңдығының пәктігін басты өлшемі санаса, ұйғырлар қыз тәрбиесіндегі ата-ана жауапкершілігін басты назарда ұстайтын тәрізді. Енді табысқан екі жастың төсегін тексеру анайы  саналғанымен, түркі туыстас халықтарда  қыздың тұрмысқа  шыққанша арын бекем сақтауы талап етіліп, анасына мол жауапкершілік жүктелген. «Ыдысына қарап асын іш, шешесіне қарап қызын ал», «Қызға қырық үйден тиым» дегенде нәзік жыныстылардан  қыз арына, бекем болу талабы тым қатал болған. Оны біз ұйғыр Ахмет саудагердің қызы Зухра тәрбиесінен аңғарарымыз: «Бетінен шарқаты түспей, малынған жібек көйлектің ар жағынан құрақтай майысқан талдырмаш денесін бұлт-бұлт ойнатып, қыбыр-қыбыр қимылдайтын да жүретін бала қыздың, күн сайын бір үйден өргенмен, ешқашан жүзін көрген емес-ті. Қыз еркектер отыратын бөлмеге, сірә да, бас сұқпайды»[29,223-б]. Міне, орта ғасырда да, қазір де түркі туыстас халықтар қызы ұзатылып кеткенше еш еркектің көзіне түспей,  тек қосылатын қосағына «аман жеткенінше» ұйқысы шала болатыны әмбеге аян. «Аман жету», «жетпеу» тек  қыздың ұстамдылығына  қатысты да бола бермейді. Жазушы Дулат Исабековтің «Тіршілік» повесінде төрт құбыласы  сай отбасында алтайы қызыл түлкідей құлпырып бойжеткен Қыжымкүл, көкірегі зор әкенің қызым өзімнен дәулеті,  сәулеті, бағы, шек-шекпені асқанға беріп, атағыма даңқ, байлығыма байлық үстеймін деген  пендешеліктің құрбаны боп, пысық байдың есебі «мұз да, тұз да жалатып», орны толмас ұтылысқа, қан жылатқан қасіретке ұрындырғаны өмір шындығынан алынған ғой. Намысқа тию кекті тудырады. Кек  асқына келе, астам көкіректі басып, асқанға топырақ асатады. Екі түйе сүйкеніссе, арасында байқұс шыбын «өледі». Періште перінің мазағына, жеміне айналады. Көшпенді тірлік, жаугершілікті бастан көп кешкен қазақ қызын қымтып-жасырмай, еркін ұстаған. Еркіндікті  сезінуін үйде де, түзде де сақтатып, ешкімнен тайсалмай беті ашық жүріп, денесін қымтап  ұстауға міндеттемеген. Ұлы жоқ үйдегі қыз еркекшора боп үйдің, түздің шаруасын бірдей атқарып, ұлдың орнына көбірек жүрген. Жаугершілік заманда қазақ әйелі күйеуі мен баласынан өзін бөлектемей, сауытын, дулығасын киіп, қолына қылыш, найзасын алып, ерлермен қатар тұрып, туған жері үшін аламан соғысқа білек сыбана кіріскен фактілер жеткілікті.

«Аңыздың ақырында»  Әбіш Кекілбаев ұлттық кейіпкердің  мінез-құлқы, жүрген-жүрісі, әрекеті, құлқы  мен қылығына дейін байыпты зерттеп, өмір шындығына қылдай қиянат жасамайды. Мәселен, әлгінде біз сөз етіп өткен ұйғыр  саудагер Ахмет байдың мазасыз, аңғал, мақтаншақтау, даңғаза мінез-құлқын, қылығын, сөйлеу мақамын, әйеліне маза бермейтін дегбірсіздігін,  шаруасына мығым, өз пайдасына келгенде сұңғыла, алайда аузына ие бола алмайтындығынан  естіп білгенін үйіне бояуын қалыңдата жеткізгенше шыдамы  жетпейтін арсы-гүрсі қылығын Әбіш сары майдан қылшық суырғандай  бипаз  бейнелейді. «Ахмет байдың дауысы біраз уақытқа тынып қалады. Бір уақытта барып өзі көрінеді. Басында –даңғара сәлде, үстінде –қырмызы шапан, аяқта көк сауыр кебіс. Дегене қарынды ені бір қарыс  деңмент белбеумен буып салған. Шапанының ойық омырауынан аппақ шәйі көйлегі  жарқырайды.

Мейманнан:

- Ұста – үкә, қалай? – деп сұрайды.

- Келісіп тұр, бай-еке.

Ахмет бай сая жайдан шалқақтай басып төмен түседі, ауланың  әлдебір түкпірінде жүрген әйеліне:

- Қатын, дүкен бүгін ашылмайды, - деп бір айқайлайды да, қолын құлаштай сермеп, бірақ біреу екі аяғын тұсап қойғандай, адымын жазбай тыпыр-тыпыр басып, дарбазаға беттейді»[29,195-б]. Ата сақалы аузына шыққан Ахмет бір жаққа барарда барын  аса ұқыптылықпен киіп, таранып-сыланғанды ұнатады. Үстіндегі киімі қандай  екенін біреуден сұрап, ол мақтап, таңқалса, көңілі өсіп, өзіне-өзі сұқтанады. Өзі өзгеден мақтау естігенде езуі құлағына жеткенімен, өзгенің өзіне қыл айтқанына төзбейді. Өте сақ, майда, өзіне бағыныштыларға әкіреңдеп, менсінбей, мүсіркей қарағанымен, өзінің ісі түсетіндерге, байлығы,  билігі жоғарыға жыбырлап тіл қатып, «тыпыр-тыпыр» төңірегін жағалап, сипақтап, «өліп-тірілетін» мінезін табиғи қалпында қабылдатады. Әбіш қабат-қабат адам сырларына қанып, оның ұлттық мінез-құлқы, болмысы тұрғысынан мүсіндеуге тырысады.

Сонымен, Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романында қазақ  халқы көшпенді өмір салтына сай  төрт түлік малдың ыңғайымен табиғатпен етене  табысып кеткеніне орай оның құшағында болатын астрономиялық құбылысты сезінетін деңгейге жеткен. Ауа райының ыңғайына бейімделмесе, «қас-қабағына» қарамаса, өмірі қиындап, шаруасы шатқаяқтап қалары ақиқат. Қазақ-қашанда әр нәрсені тікелей атымен атап, ойына ұялаған күдікті тұспалдап жеткізуге кәнігіленген сұңғыла халық. Романда Алмас хан,  Ұлы ханша, Кіші ханша, Жаппар шебер іс-әрекеттері негізінен тұспалға  құрылған. Қазақ қыздарын ежелден айттырылған жеріне пәк қалпында түсуге міндетті санаған. Бірақ адал пейілін, кіршіксіз сезімін арамдағанды кешпеген. Қазақ аруы өте сезімтал, сергек, ізгі,  қуатты, сертіне берік жігітке өмірін де қиюға әзір, дүниеқоңыздықтан қашықтығымен ерекшеленеді. Көп әйел алушылық қазақта қалыпты дәстүр болғандықтан, отбасындағы ірі-ірі қайшылықтар, күндестік әлегі, айтыс-тартыс, отбасының ойраны  бақытсыздыққа ұрындырмай тұрмаған. Ә.Кекілбаев хан отбасын суреттегенімен, онда да күндестік ауруы аз қасірет әкелмейтінін нақты бейнелеген. Өмір  бар жерде бір халық екінші халықпен жақындасуы, араласып, достасып, туысып кететіні – тіршілік заңы. Жазушы қазақ менталитетін  түбірлей қаза оның ел өміріндегі тигізетін пайдасы мен залалын бейнелеумен  шектеліп қалмай, жергілікті ұлтпен етене табысып кеткен ұйғыр халқының да  өкілдерінің мінез-құлқына, адамшылық болмысына, ұлттық салт-санасы,  дәстүрін көркем кестелеп, танымымыздың көкжиегін кеңіткен.

 

2.2. «Үркер»,  «Елең-алаң» дилогиясындағы қазақы  менталитеттің көрінісі

 

Реализм әдісі суреткерден  өмір құбылыстарын, табиғатта болып  жататын зілзалаларды, олардың халыққа  әкелген ауыр зардаптарын, маңызды қоғамдық мәселелерді, күнделікті тұрмыстағы сан алуан жайларды мейлінше кең қамтып, ұлттық сана, ұлттық психологияға, ұлттық күрескерлік әлеуетіміздің деңгейінде  әлеуметтік өмірдің қайшылықтарын терең ашып көрсетіп, қарапайым адамдардың бейнесін сипаттауға жете назар аударса ғана ұтады. Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң»  дилогиясы эпикалық тынысы кең, қазақ қоғамының  су тиген шылбырдай шиырыққан, тіпті қалмақ-қазақ соғысынан әбден қалжырап, сілікпесі шыққан аса ауыр шағын бейнелейді. Керек десеңіз,  табиғат екеш ол да қазаққа қырын қарап, көрші алпауыт мемлекеттермен пиғылы қосылып, жұтып қоюға  бекінгендей сыңай танытады. Батыс Қазақстанның бұлт айналып, жаңбыр сіркіремейтін құлазығын,  малдың тісіне басарлығы қурап, желге ұшып, таздың басындай тақырланған құба сұр кеңістікті жазушы: «Қашан қарасаң да, қанша қарасаң да, бетпақ әйелдің  бетіндей бедірейеді де тұрады»,[1,5-б],-деп өзіне тағдыры телулі, төрт түлік малдың жай-күйін бағып, бүгіні мен ертеңін соған басыбайлы еткен көшпенді жұрттың шарасыздығын жазушы күні түскенге қайырым жоқ, кесіп алса қан шықпайтын бетпақ әйелге балап, зәре-құтыңды ұшырады. Халық неге үрейлі, аш-арық,  бұл дүниеден безіп кетуге әзір, оның себебін: «Қыс екі жыл қатарынан көк бет қатынның бетіндей бедірейіп өтті. Екі жыл қатарынан күз аяғында түскен көбік қарды қаңтардың қара суығы аш сиырдың тіліндей жалап-жұқтап жеп қойды»[1,67-б],-деп, сол басынан бақыты тая бастаған сорлы жұртымызды «сұр кеңістік» қана емес, қыстың да мейірімсіз боп жетіп, жердің көрпесі – көбік қарды да көпсініп, бораны азынап жұлқып, жыртып «аш сырдың тіліндей жалап-жұқтап» қойғанын жүйкеңе тигізе кесетелейді. Осы екі үзіндінің бірінде  табиғатты «бетпақ әйелдің бетіндей бедірейсе», екіншісінде ол «көк бет қатынның бетіндей бедірейеді». «Бетпақ» «көк бетке» үстемеленеді. Демек, табиғат көрінісі, тылсымын тану үшін қазақы ұғымдағы  қос үйді  қоса қондырмайтын, өз үйінде  шаңыраққа қобыз ойнатып, тозақты қолымен жасап жүрген аса  сұсты да жексұрын-көк- бет», «бетпақ» әйелге теңестіріледі.  Оның үстіне жүрген жерін лайлап, сүзіп, жалап-жұқтап, жеп дағдыланған небір сиыр үстемелене бейнеленгенде «Үркердегі» өмірдің қанша азаптығын теріңмен  сезінесің. Иә, «ерден бақ таярда қатыны құтырады, елден бақ таярда иті құтырады». Құтырған қатын да, ашыққан қорқау ит те ештеңеден тайынбай, беттен тырнап, қанжардай тісін салудан тайынбайтын кер заман туғанын Ә.Кекілбаев ыммен жеткізеді.

Информация о работе Ә.Кекілбаев пен Б.Нұржекеев шығармаларындағы ұлттық менталитет