Ә.Кекілбаев пен Б.Нұржекеев шығармаларындағы ұлттық менталитет

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 24 Сентября 2012 в 13:04, диссертация

Краткое описание

Адамзат қоғамын дүр сілкіндіріп, мәңгі өмір сүрудің өткір, өзекжарды мәселелері материалдық, техникалық, жер асты, жер үсті байлығы тапшы, халқының саны шектеулі ұсақ ұлттар мен ұлыстарды ойландыра бастады.

Содержание

КІРІСПЕ.................................................................................................................................. 3
І. Ә.КЕКІЛБАЕВ ПЕН Б.НҰРЖЕКЕЕВ ӘҢГІМЕ, ПОВЕСТЕРІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ МЕНТАЛИТЕТТІҢ АЛАТЫН ОРНЫ...............................................................................15
1.1. ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ ӘҢГІМЕ, ПОВЕСТЕРІНДЕГІ САЛТ-САНА, ДӘСТҮР МЕН НАНЫМНЫҢ БЕЙНЕЛЕНУІ ................................................................................................15
1.2. БЕКСҰЛТАН НҰРЖЕКЕЕВ ӘҢГІМЕ, ПОВЕСТЕРІНДЕГІ ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ УАҚЫТ СЫНЫНАН ӨТКЕН МЕНТАЛИТЕТТЕРІНІҢ КЕСТЕЛЕНУІ.................................56
ІІ. Ә.КЕКІЛБАЕВ ПЕН Б.НҰРЖЕКЕЕВ РОМАНДАРЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ МЕНТАЛИТЕТТІҢ БЕЙНЕЛЕНУІ....................................................................................74
2.1. «АҢЫЗДЫҢ АҚЫРЫНДАҒЫ» ҰЛТТЫҚ ТАҒЫЛЫМ ...............................................74
2.2. «ҮРКЕР», «ЕЛЕҢ-АЛАҢ» РОМАНДАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚЫ МЕНТАЛИТЕТТІҢ КӨРІНІСІ ...................................................................................................................................84
2.3. «КҮТУМЕН КЕШКЕН ҒҰМЫР» РОМАНЫНДАҒЫ ӨНЕРГЕ ҚҰРМЕТ ПЕН ҰЛТТЫҚ МІНЕЗДЕГІ КЕРАҒАРЛЫҚТАР ............................................................................................103
2.4. «БІР ӨКІНІШ, БІР ҮМІТ», «ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАР» РОМАНДАРЫНДА ОТБАСЫЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР НЕГІЗІНДЕ ҚАЗАҚ МЕНТАЛИТЕТІНІҢ БЕЙНЕЛЕНУІ....................114

ҚОРЫТЫНДЫ.........................................................................................................................138
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ....................................................................143

Прикрепленные файлы: 1 файл

Диссертация Асем 2+++.doc

— 1.10 Мб (Скачать документ)

В.Шкловский: «Тема прозы – это  спор, кто виноват, и о том где  можно  найти доктора, которой  вылечит болезни»[45,278-б], - деп жазады. Мәмбет қарияның жалғыз ұлының әйелі Жәмиха да қандай топырақтан жаралғанын  «кінәлі, кінәлі емес пе» жеткізе саралауды қажетсінетін күрделі образ. Қазақ көргенді жердің қызын алуға тырысқан, ал көргенді жерден  алған қыз келген жерінде көргенділігін істейді. Жәмиха - әке-шешесінен ерте айырылса да барған жеріне балдай батып,  судай сіңуді жақсы білетін, төңірегінен алған тәлім-тәрбиесі бар әйел. Сондықтан Сәтімге қосылысымен, оның  әке-шешесін өгейсінбей, бірден сіңіп кетеді.  Атасын кәдімгі қазақи жолмен «Әти» деп атайды. Бір ұл, бір қыз дүниеге келеді.  Бірін тұңғышы болғандықтан, ата-енесі баурына басады, қызы Күлдариғаны күйеуінің  әпкесі Кәмеш бала  көтермегендіктен, баурына салып алады. Келесі  көретін кішкентайым өзіме бұйырар деп жүргенде Сәтім соғысқа кетеді де, жесір қалады.  Бауырында не ұл, не қыз жоқ, оларға еміренер құқығы жоқ, жалғыз басы сопиып қала  береді. Баласы мен шешесінің арасына от тастауға, өшіктіруге шебер Кәмеш кішкентай Шегенге апасын, әлде, Жамиханды жақсы көретінін сұрап,  егер жек көретін болса, Жамиханы боқтауға ұсыныс жасап қинайды. Өйткені,  атасы мен әжесінің баласы өз әкесін «аға», шешесін «тәте» деп олардан қашықтай бастамақ. Жас емес пе, күйеуінің майданнан оралатынынан күдер үзе бастаған келіншек бойдақ жігіт Мұқышқа тиеді. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» осы  тұста басталады. Мәмбет шал, Бәтжан кейуана, Кәмеш «көк айылдығына адам  шақ келмейтін» Жәмиха қай күні  Шеген мен Күлдариғаны жетелеп алып  кетеді деп  ішкен астары бойларына сіңбейді. Алайда, Жәмиха атасы мен енесін жерге қаратпайды, Сәтімнің балаларына тиіспей, Мұқыштан бір ұл тауып алады. Құдай бір  айналдырғанда шыр айналдырады емес пе, Мұқышы да көп кешікпей бұл  дүниеден өтеді.Соры бес елі Жәмиха баласын тәрбиелеп, Шегенімен де жасарын табысып, күн өткізіп жатады. Сәтімнің әкесі Мәмбет пен енесі Бәтжаннан күдер үзбей, сыйласымы бұрынғы  деңгейінде қалады.  Әсіресе, енесі Бәтжан Жамихаға кір жуытпай, жақсысын  асырып, жаманын жасырып, келініне тісін басқан шалы Мәмбет пен кекшіл, долы қызы Кәмешті басып, екі оттың ортасында күн кешті. Жәмихан кейін енесі қайтыс болғанда  арнайы хабар бермесе де, өзі келіп көңіл айтып, жоқтауын аңыратады. Мына,  бір күнгі қу тірліктің азабы мен тозағын арқалап, мұңы мен зары кеңірдегіне кептелген Жәмиха: «Қырық рулы ел жабылып жамандаса да атыма шаң  жуытпаған жаным апа-ау, енді менің күнім не болады? Енді қайтып елге сиям? Сен барда Сәтім де бір жерде жүргендей көрінуші еді,  одан да енді айырылғандай  болдым-ау, апа!»[2,240-б], - деп ішіне жиналған запыранды төгіп,  жиналған жұртты да теңселтеді, атасының сақалынан алты тарам жасын ағызады.  Бұл жерде қазаққа ғана тән, өлген адамның қадір-қасиетін баршаға жеткізетін  жоқтаудың мән-мағынасын  танытады жазушы.

Қай мәселенің де астарын ашып, түйінін шешіп алғанға не жетсін. «Бір өкініш, бір үміт» романының кейіпкері Шеген: «Қашанда кейінгі ұрпаққа көп сын қалады. Әр нәрсеге алдыңғылардан гөрі кейінгілер көбірек жауапты. Біз, керек болса, алдыңғылардың қатесі үшін де жауап беруге тиіспіз. Біз сол үшін ұрпақпыз, ата-бабамыз бізді соңына сол үшін қалдырған»[2,224-б], - деген толғанысын оқимыз. Демек, ұлттық салт-сана, әдет-ғұрып, дәстүр, адами болмыс, дүниетаным ерекшелігі алдыңғы буыннан кейінге беріледі, кейінгі буын алдыңғы ата-бабаларымыздың қалдырған рухани  мұрасын меңгеріп, жетілдіріп, дамытып отыруы қажет. Айталық, Мәмбет бойындағы  ішімдегіні біл деп шірену, қателескенге дауыс көтеру, немесе  қоқан-лоқы жасау  кейінгі білімді, білікті ұрпақтың бойына шақ келмейді. Ал, жақсылық, ізгілік,  адамгершілік нормалары бұзылмаған жерде ол жалғасын табады.  Мәселен, атасы мен әжесі баурына салып алған Шеген, ақ сүт берген анасы қасында  жүрсе де ана кісілерден сескеніп, еркелеуге,  еміренуге  қақы жоқ. Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан қатаң салтының зияны да, пайдасы да бар. Ол жөнінде кейін  ержеткен соң Шеген: «Әкесіздігім өз алдына, өз шешемді шеше деуге  батпай өскен  мен байғұс,  бойы иіп көрмеген бедеудей, қаншама жақсылықтардан құр қалғам десеңші!»[2,376-б], - деп өкінеді. Баланың өз әкесі мен туған шешесінің қойнында жатып, армансыз уызын еміп, жанының жылуын бойына дарытып, махаббат шырынын жүрегіне сіңіріп,  еркін еркелеп, жақсы қасиеттерін қабылдап, кімнен туып, кімнің  соңынан ұшып,  қуатты қанат бітетінін сезініп өскенге не жетсін. Қазақ баласы ата мен әжеден  өмірлік тәжірибе  алып өсіп, бай ауыз әдебиетінің құнарынан  тамыр тартатынын құптасақ та,  оған туған әке мен шешесінің  құшағынан артық жұмақ жоқ екенін ескерген орынды. Демек, дүниені тал бесіктен басталатын ұлттық санамен қабылдауды мақұлдағанымызбен, бүгінгі заман талабы өткеннің озығына да өзгеріс енгізетінін мойындаған жөн. Сонымен, Жамиха Бәтжан «енесінің топырағынан жарала отырып», ұлттық тәрбиенің озығына елеулі  үлес қосқанын да теріске шығармайсыз. Өлерінің алдында басында отырған Шегенге бұ  дүниенің  дәмін тауысып бара жатқан Жәмиха: «Жаман айтпай, жақсы жоқ, мен өле қалсам, ауылға апарып атаң мен апаңның қасына қой. Сол екеуінен басқа  менде бәрібір әке-шеше де, ата-ене де болған  жоқ. Қатты ұстағанның  жөні осы екен деп қатыгез болмай, бауырыңа жайлы бол. Дәуреніңнен  оны артық көр, Шәзия екеуің оған әке-шеше бол. Мінезі жаман, көңілдеріңе қарамай  қатты сөз айтып тастайтыны бар, ондайда кешірімді бол. Мен со баланы енді көрмеймін бе деп  қорқып қалдым. Күлдариға қыз ғой, ол бастарыңды ажыратпаса, құрай қоймас,  өзің бас бол бәріне»[2,377-б], - деп баласына соңғы өсиетін айтады. Қазақ болмысында  үлкен бала қалған  балалардың төлбасы болғандықтан, басқаларына - әке, әйелі - шеше қызметін атқармақ. Өзгелерге қамқоршы, тәрбиеші, жақсылығын құптап, кемшілігін түзеп,  үнемі қадағалап, жақсының басшысы, ұйытқысы, ақылды, ұстамды, бауырмал, кешірімді, кең қолтық қалпынан айнымақ емес. Жамиха қазақтың  керегесін кеңітіп, шаңырағын биіктетіп, өркенін өсіретін қызыр Ілияс қасиеттерді Шегеніне ескертіп, қаны қызулау кенжесінің бойындағы міндерін оның назарға алып,  әке-шешесінен айырылған жетімекке пана болуын өтінеді. Бала-бауыр етің, Дәуреніңнен  ініңді-бауырыңды артық көр, өйткені, бауыр-жалғыз, «бала-белде, қатын жолда» деген көне  даналықтың философиясына меңзеп, кеңес беріп отырғандай ақылды анасы. Оның үстіне Жәмиха көрген қорлықтың салмағы зілбатпан ғой.  Табиғаттың заңы,  тағдырдың жазуымен  Сәтімен кейін  басқа еркекке қосылса да,  балаларыңның атасы мен  әжесі Мәмбет қария мен Бәтжан кейуанадан тірлігінде қол үзбей, ренжіткен жері жоқ, сондықтан  өлгенде де, қабірі қатар жатуын өсиет  етеді.  Ол қазақ әйелдерінің ұлттық менталитетін берік ұстап, келін боп түскен, бала-шағасы өніп-өскен әулеттің тірісінде де, өлгеннен кейін де тілеуін тілеп, аруағымен желеп-жебемек.

Сонымен, «Бір өкініш, бір үміт» романынынан аңғарарымыз, қазақ отбасындағы  асыраушы-әке,  бағып-қағушы ана екенін, бала мен келін, қызың, немерелерің ата дәстүрін, ұлттық салт-сана, әдет-ғұрыпты, көнеден келе жатқан дәстүрді олардың қалай түсініп, қалай қадірлейтінін,  бойларына қалай сіңіргендерін жаны құнарлы кейіпкерлері арқылы жеткізе бейнелеген. Әсіресе, атаны да, бала, келін, немере, көрші-қолаң, ағайын-туғанды алыстатпай, береке-бірлікті берік сақтауда  әз ананың орны қандай болтынын Бәтжан бейнесімен танытады. Отбасының қорғаны-ата қандай  болу қажеттігін Мәмбет қария; әке-бауыр, інілері мен өз отбасының ары мен намысы,  бары  мен жоғын түгендеп, бүтіндігі, бірлігі жолында қимастың сезімі ештеңеден тайындырмайтын бірбет, қайсар Кәмеш; ақылды, бірбет, қайсар, кешірімді, тәкаппар да табанды, инабатты да ибалы келіндер Жәмиха, Шәзия характердері көз тартады. Қазақтың өзіне ғана тән менталитеті басқа да кейіпкерлерінің тұлғасынан айқын сезіліп тұрады.

Бексұлтан Нұржекеев «Ерлі-зайыптылар»  романына  эпиграф ретінде  көрнекті жазушы А.М.Горькийдің: «Адам баласы жеткен ақылдылықтың ең шыңы -  әйелді сүйе білуі және оның сұлулығына табына білуі; жер  бетіндегі күллі әсемдік  әйелге деген махаббаттан туындыған», - деген пікірін алыпты. Иә, жер бетіндегі күллі әсемдік, жасампаздықтың  бәрі махабаттан туындаған, махаббат қана шың басына шығарады. Жаман еркекті жақсы ететін де, жақсы еркектің  түбіне жететін де - әйел. Әйелдің отбасындағы орны бәрінен де жоғары, негізгі екені  осыдан-ақ белгілі. Оған мемлекетіміздің,  қоғамымыздың болашағы бала тәрбиесін қоссаңыз, келер шағымыздың  нұрлы, туымыздың да беріктігі әйел халқының қуат-күші, даналығына  тәуелді. Сондықтан  әйел өзіне деген Алланың сенімін, жүрегіне ұялатқан иманын,  бойындағы қуатты махаббат сезімін, демек,  бір қолымен  бесікті,  екінші қолымен әлемді тербететінін естен шығармай, ұсақ мінез, пендешілік  ауруымен ауырғаннан сақтанғаны жөн. Отбасының ыдырауы- соғыстан да қауіпті. Отбасының тірегі - әке дегенмен, қазіргі отағасымен құқығы бірдей отанасының бір-біріне қояр талабы бұрынғыдан  әлсіз. Өйткені, бір кезде қызды қалыңмал арқылы иеленетін заман келмеске кетті,  әйел  құлақкесті күңің емес, өз еркімен, қалауымен ұнатқан еркекке тұрмысқа  шығады. Егер ері тарапынан қысым көріп, көңілін қалдыра берсе, қалтасында  дипломы, арнайы кәсіби мамандығы бар, көп қиналмай, ажырасып жүре береді. Филология ғылымдарының кандидаты С.Айбергенова: «Осы күні жалғыз басты әйелдер көбейіп кетті. Жалғыздық Аллаға ғана жарасады ғой. Осы күні қыздарға ер адамның  отбасы бар-жоғы бәрібір сияқты. Ақшаның құрбаны болып, әркіммен кете береді.  Әрбір әйел адам бақытты болғысы келеді ғой. Мүмкін, «Мен кімнен кеммін?» деген менмендік  те  болатын шығар.  Бүгінгі күні отбасына  деген адалдық әлсіреп барады [46,5-б], - деген аналық жанайқайы жанына батқандықтан айтылып жатқан шығар. Отбасы мәңгі болса – болашақта мәңгі, мәнді, мазмұнды, қазіргі  гендерлік саясатты да  құптаймыз. Әйелдің білімі, білігі толысқан, отбасына, бала тәрбиесіне,  қоғамдық істерге уақытын дұрыс бөліп, өзінің рухани кемелденуіне,  халыққа қызмет етуіне мүмкіндігі  еркін жетсе, неге тосқауыл қойып, аяғын тұсаймыз. Ал, әйел ең   басты бақыты – бала туып, тәрбиелеу мен отбасының жұмағын жасаудан қашып,  ат арқасына мінуге құмартып тұрса, ондай еркекшора, ұрғашы сымақтың қоғамдағы құны қарабақыр.  Онан көп бала туу, туғанына ел қатарлы өркениетті, ұлттық  санаға лайық тәрбие беру, сыйласу,  отбасы татулығын сақтау қиындау шығар. Жазушы: «...Махаббат,  үй болу, бала сүю, сыйласу, отбасы татулығы деген мәселелер бізден  сан ғасыр бұрын да көкейкесті болған, бізден сан ғасыр кейін де көкейкесті қалпында қала берер деп ойлаймын». [47,20-б],- деуінде осындай биік адами мақсатты қойып отырғанын байқаймыз.

Қазақ қазақ болғалы қыз баланың  тәрбиесіне қатты қараған. Өйткені, қыз жат жұрттық, сондықтан келін боп түсер үйіне бесаспап боп барап, өнегелі, инабатты, пәк қалпында  ұясына қонса, шешеде онан бөлек  ақ тілек, арман жоқ. Сондықтан Ілескүлге шешесі бала жасынан құлағына құйған аналық нақылдарына ой жүгіртейік: «Ақылды әйел еркекпен бедел салыстырмайды,  еркелеп отырып өз ығына жұмсайды. Қазақтың әйеліне тән  әдет бар, оны білмесең, бәрібір  жақсы әйел бола алмайсың»[47,45-б]«Қызға қырық үйден тию, қала берді қара күңнен тыю... әйелді қорлайтын да еркек бар, қорғайтын да еркек бар»; «Тыю деген – тәртіп. Қай қазақ қызын үйден шығармай, бетіне пәрәнжі жауып өсіруші еді. Қызды   қадірлесе, қазақ қадірлесін. Қазақтың тыюы – қыз бойына жараспайтын жаман қылықты тыю. Былайша айтқанда, қызды жамандықтан қырық үй-бүкіл ауыл қорғайды, қала берді қара күң де қорғайды. Қадірлемесе, қорғар ма еді өйтіп»[47,69-б]; «Әйел баласы әйел  болудың не екенін білмей өтсе, кемдіктің көкесі – сол. Оны құдай сенің басыңа бермей-ақ қойсын» «Ізеттіліктің ең үлкені - өзгені сыйлау, өзгемен санасу,  өзге үшін өзіңді тежеу. Басқаның кінәсін көріп тұрып кешіре  білген адам-биік. Сондай биік адамдар бар, соларға жолыққан адам - бақытты»[47,75-б], «Жақсы еркек тек әйеліне бай, бала-шағасына әке емес, ел-жұртына азамат, үйінің қамын солай жейді. Ондай еркекті үйкүшік етіп ұстаймын  деген әйел ақымақ. Осы айтқанымды ешқашан есіңнен шығарма! Қызғаныш деген  қызыл иттен аулақ бол. Еркек қызғанған әйел аброй алмайды, тек еркектің бағын байлайды»[47,116-б], деп әркезде ақылын айтып, өмір мектебінен көрген- түйгенін қызының көкірегіне құюындай құйған. Байыптап оқыған адам жар болу, ана  болудың қандай бақыт екенін, бірақ онда қасиетті қара жер көтергенмен, атан  көтере алмас салмақ, жауапкершілік жатқанын жұлын-жүйкесімен сезінеді.  Күйеуіне зіл тастап, шаптықпай еркелей, кеудесіне  күн құшақтата отырып сөзін өткізетін нәзік жыныстыларды әйел деп айтуға  аузың бармайды, «жар» деген қол жетпес биікте тұрған сөз лайық шығар. Қызды қырық үйден тыйған да жөн болар. Өйткені,  тұра сап ел ақтап, өсек-аяң жинап, ешкімге қадірі жоқ қара күңмен аузы-аузына  тимей естіген – білгенін сапырып, күнін өткізетін қызылөзек  қыздан қайбір білім,  білік, өнер,  адамшылық күтуге болады. Әрине, қазақ қызының бетін бүркеп, тілін «кесіп», еркін жүріп,  еркін тұруына тосқауыл қойған емес. Ана тәрбиесі бесіктен басталатындықтан, уызына жарыған қыз ешкімге еліктемей, жаман қылықты бойына жұқтырмай, «қырық үйде» де «қызым үйде – қылығы түзде» екенін, қыдырға тән имандылықты, әдептілікті, инабаттылықты танытып, жұрттың алғысын алған тіпті, жаманшылық ойынан кетпеген,  көйлегі тізесіне жетпеген «қара күң» де ақтан «көзі қарығып», төріне шығарып, төркініндей күткен... Ілескүлдің анасы, әсіресе, оң жақта отырған  қыз  күні ертең әйел болатынының  сырын, мәні мен мағынасын, аналық мұратын ұға алмай, табиғи инстинкт  ретінде ғана  қабылдаса, құдай төбесінен қос қолдап ұратынын тұспалдап, бірақ өмір бойы есінен кетпестей  көкейіне құйған. Кәдімгі қарапайым адамның адамшылығын аңғартатын этикалық норманы: өзгені сыйлау, өзгемен санасу, «таспен атқанды, аспен ату», өзгенің кемшілігін кешіре білу, өзімшілдікке жол бермеу-ол жеке басының артықшылығын байқататынын естен шығармаған жөн. Ер адамның бойындағы   сүйсінерлік қасиеттердің  қайнар көзі де жақсы  әйелдер екені айдан-анық. Еркін жүріп, еркін тұратын,  көп оқып, халықтың қамын көбірек жейтін, ағайын-туған, жолдас-жораға сыйлы азаматтардың отбасылық  қызметінің ауыртпалығын мойнынан алып,  басқан адымын аңдымай, сүйген адамының өмір айдынында еркін құлаш ұрып,   көгінде еркін самғауына толық мүмкіндік беретін дана әйелдер қазақта мол ғой.  Қызғаныштың қызыл итіне таланып, күйеуін «үйкүшік» жасауға тырысатын әйелдердің  жұбайылық  өмірі де көктемгі жыра-сайды қуалап, ақ  езуленіп аққан судай  шапшаң  сарқылып, тұйыққа тіреледі. Ілескүлдің шешесі - кешегі аштықты да, үркіншілік жылдарды,  зұлмат соғыстың ауыртпалығын да көріп, ащы мен тұщыны артығымен  татып,  адамның күні адаммен ғана екенін  бастан  кешкен, көңіліне тоқыған  халық анасы. Ол да Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясындағы Айғаншаның шешесі Қаракемпір, Т.Ахтановтың «Шырағың сөнбесін дилогиясындағы  Нәзираның әжесі Қамқа; М.Әуезовтің «Абай жолы» трилогиясындағы бала-немерелерін былай қойып, келіндері Ұлжан мен Айғызды апалы-сіңілілердей біріне-бірін қадірлетіп, береке бірлікті ұйытып отырған Зерелер сол Ілескүлдің шешесі тәрбие алған қасиетті мектеп. Қазақ баласының бойындағы  өзіне ғана тән кеңдік, дархандық, кешірімділік, кісілік, мәрттік, ірілік,  қайтпас-қайсарлық, досқа адал, дұшпанға әділдік тәрізді адамзаттық мәні бар ізгілік  көздері ұлтымызға туа бітті, түс қасиеттер. Үлкен ақын, көрнекті қоғам – мемлекет қайраткері Олжас Сүлейменов: «...қазақ халқы да – табиғи болмысы жағынан толстойшыл халық. Өзгемен танысқанда, араласқанда алдымен ұлтына емес, оның адамгершілігіне,  рухани болмысына мән беретін мұндай халық жер бетінде  некен-саяқ деуге  болады»[48,10-б], - деп ағынан ақтарылыпты. Жұмыр жердің алты құрлығына аяғы тиген ғұлама бауырымыз көпті көріп, танып,  талғамымен таразылап барып,  туған халқына мұндай  баға берсе, жел сөз емес, желінді сөз екенінен иланамыз. Сол иманы бетінде тұрған халық әлгі артықшылықтары үшін  қазақ анасына қарыздар.

Ілескүл Мұқа деген жігітпен қосылып, сегіз бала көреді. Өмірдің  ащысын да, тәттісін де татады. Жақсы журналист, мықты ақын қаламы қарымды боп,  жұртқа таныла бастаған соң, кеудесіне жел бітіп, араққа әуестене бастайды.  Сұлу қыз, келіншектерге  қырындауы да көбейіп, келіншегіне деген ыстық  сезімі әлсіреп,  Ілескүлдің оған деген күдігі ояна бастайды. Қазақы менталитет еріңе  еркіндік бер, ел ісінде жүрген азаматтың бостандығын жаман ырымға жорыма десе де, Мұқаның «еркелігі» көбейіп, отбасына салқындық түсе бастағаны отанасын азапқа салады. Мұқаның «Лениншіл жаста» жарияланған  топтама өлеңін оқып отырған Ілескүлді ақынның өзін махаббат отына еріткен қызға арналған өлеңі сыздаған жараның аузын тырнап, ушықтырып жібереді. Сол сәтте Ілескүл: «Өкініш те, ыза да, өкпе мен қимастық та араласқан өңкей бір удың қоспасын абайсыз  ішіп алған адам тәріздімін. Сол қоспа  ішімді өртеп, күйдіріп, паршалап кесіп қиқымдап турап жатқандай», - деп қызғаныш селіне тұншығады. Қазақ ежелден  жаман еркекті жақсы әйел ұлы ететінін, жаман еркек жақсы әйелді күң ететінін  жасырмай, басқа-көзге соғып айтқан, ескерткен. Мұқа ауданға беделді азамат саналғанымен, басына қонған бақытты көтере  алмай, ішімдікке  әуестеніп, жастық желіктің тізгінін қоя береді. Әзілмен жанашыры ретінде оспадар қылықтарынан  бас тартуға ақыл қосқан қосағын  жүре тыңдайтын дәрежеге жетеді. «Күю де, алып ұшқан құмарлық та – бәрі отбасы үшін керек. Бірін бірі сағынып,  бірін бірі құмартып тұрмаған жұбай, әрине үлгі болудан аулақ»[47,184-б], - деп сол сағыныш, құмарлық аулы  күйеуінен қашықтатып бара жатқан соң, арғы  «тозаққа» шыдай алмаған Ілескүл, Егіндідегі әпкесіне бес баласын алып жол тартпақ болады да, ашуды ақылға жеңдіріп, немерелерін жетелеп Тереңөзектегі атасы мен  енесінің үйіне келеді.

Орыстармен араласу қымыз, шұбатпен оразасын ашып,  түнгі ұйқыға кетер  алдында да  шөлін қымыз, шұбатпен басатын қазақты араққа үйір етті. Үйір еткеніңіз аз, «атасының  асына» айналып, жақсыға да, жаманға да шапшаң еліктегіш, елгезек жұртымыз арақты ішу жағынан орыстың  өзін де артқа тастап, қонақты да арақпен қарсы алып, тойын да арақсыз өткізбейтін күйге жетті. Талай өнерлі, талантты  жігіттеріміз  алғашында талантты «арақты ішіп», келе-келе «арақ талантын ішіп» тіпті кейбірін ғасыр дерті жалмап  тынды. Б.Нұржекеев «Ерлі-зайыпты» романында сол қазақты шыр айналдыра бастаған ғасыр дерті Мұқаны қалай еліктіріп, жеңе бастағанын әйелі Ілескүл қасіреті арқылы бейнелеген. Қайсар, ақылды келіншек сүйген адамының жүрегін жаралап,  жер-жебіріне жетпей, ол жұмысқа кеткенде бес баласын алып тайып тұрады. Атасы мен енесіне де келген себептерін  ушықтырмай, астарлап, жайлап, жайбарақат жеткізеді. Тоқырау жылдары қазақ отбасының басты қайғысына айналған араққа әуестік  Мұқаның әкесі мен шешесін де дүрліктіреді. Алтындай бес немересін  жаутаңдатып,  тәрбиелі, инабатты, салиқалы, сабырлы, білімді, мәдениетті Ілескүлдей келіннің миын шағып жүрген  абұйырсыз әдет, баласымен бетпе-бет жүздесіп, жүздерін ашып алуға  мәжбүрлейді. Бала-шағасы туған үйінен безіп, араққа үйір бола бастаған  аудандық газеттің редакторы, баласы Мұқаға  әкесі: «Сен маскүнем болып кеткеннен кейін айттың не, айтпадың не? Өзің сөз ұқпайтын болып қалыпсың ғой. Бастық деп сені қоластыңдағының  бәрі  тыңдайды; сенің соған бойың үйреніп қалғаны көрініп тұр. Ал ақылың болса, қол астыңдағылардың сөзін сен де  тыңдауға тиіссің. Әкеңді тыңдамауға айналғанда, саған өзі көкірек пайда бола бастаған екен... Қазір ақылы көптен гөрі арағы көптің сөзі өтімді болып барады. Ақын екенің рас болса,  осыған қарсы шық»[ 47,161-б], - деп, әке ішін жарып «шыққан қара шұбар жыланға» батыра айтады. Шындығында араққа, зиянды нәрсеге құмарлық - әлсіздіктің белгісі. Күллі аудан халқына өнеге шашатын басылымның бас редакторы, танымал ақын арақпен дос боп, жұрттың көзіне түссе, бала-шағасы әкесінен, әйелі күйеуінен безіп кетсе, ондай ақын мен азып-тозған, араққұмар редактордың барынан-жоғы. Мұқаның кемшілігін ұжымы айтпай, бетіне жіберсе, әке жанашырлықпен көзіне шұқып айтып, ақын, азамат, жауапты қызметкер ретінде өзін-өзі жеңіп, жаман әдеттен безіп, бұрынғы сүйкімін табуын талап етеді. Қазақ менталитетінде - әке отбасының қорғаны, бала-шағасының демеушісі, жебеушісі, үлгісі. Оның айтқаны – балаға да, отанасына да заң. Егер әкеге, оның ақылға, ізгілікке, адамгершілікке шақырған жанашырлық ақылын аяққа басқан  балаға ол қолының сыртымен қарғыс батасын беріп, қаңғыртып жіберуге, не қатал үкім шығарса, ешкім қолынан  қақпай құптаған, шешімді бұзуға қызықпаған. Өйткені, жаман қылық, сөзді ұқпаған азғын бала әулеттің,  ауылдың баласын бұзуы мүмкін. Шешесі Мұқаның істеп  жүргенін ар санап, немерелері мен  аяулы келінін жылы орнынан қуып шығуға жеткізген  жетесіздігіне ашына үн қатып, әкесінің айтқанынан бөлек, айтылуға  тиісті құлдыраудың салдарын, оның жымынан қалай құтылудың жолдарын баласының құлағына құяды: «Атың шыққаннан кейін жауың да шығады. Абайласаңшы. Түздегі ісім алға бассын десең,  алдымен үй ішіңді мықта. Жас балаңды, әйеліңді ойла, балаларыңды дұрыс тәрбиеле. Сен бізді  бақпай-ақ қой, бақ та демейміз. Жатқа да адамның жаны ашиды, сен ішімізден шықтың, саған біздей ешкім ақыл айтпайды. Әйелінің қабағына қарай алмаған адам, бала-шағасын бағып-қағып отырған кісіні ренжіткен адам, елдің  қамын жеп жарытпайды. Бір кісінің бабын білмеген мың кісінің бабын қайдан табады»[47,161-162-б], - деп есі бар жігіттің өн бойын жайлаған жын, пері, ібілісті қамшының астынан алып, қуып шығатын терең мәнді кеңес.

Информация о работе Ә.Кекілбаев пен Б.Нұржекеев шығармаларындағы ұлттық менталитет