Ә.Кекілбаев пен Б.Нұржекеев шығармаларындағы ұлттық менталитет

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 24 Сентября 2012 в 13:04, диссертация

Краткое описание

Адамзат қоғамын дүр сілкіндіріп, мәңгі өмір сүрудің өткір, өзекжарды мәселелері материалдық, техникалық, жер асты, жер үсті байлығы тапшы, халқының саны шектеулі ұсақ ұлттар мен ұлыстарды ойландыра бастады.

Содержание

КІРІСПЕ.................................................................................................................................. 3
І. Ә.КЕКІЛБАЕВ ПЕН Б.НҰРЖЕКЕЕВ ӘҢГІМЕ, ПОВЕСТЕРІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ МЕНТАЛИТЕТТІҢ АЛАТЫН ОРНЫ...............................................................................15
1.1. ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ ӘҢГІМЕ, ПОВЕСТЕРІНДЕГІ САЛТ-САНА, ДӘСТҮР МЕН НАНЫМНЫҢ БЕЙНЕЛЕНУІ ................................................................................................15
1.2. БЕКСҰЛТАН НҰРЖЕКЕЕВ ӘҢГІМЕ, ПОВЕСТЕРІНДЕГІ ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ УАҚЫТ СЫНЫНАН ӨТКЕН МЕНТАЛИТЕТТЕРІНІҢ КЕСТЕЛЕНУІ.................................56
ІІ. Ә.КЕКІЛБАЕВ ПЕН Б.НҰРЖЕКЕЕВ РОМАНДАРЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ МЕНТАЛИТЕТТІҢ БЕЙНЕЛЕНУІ....................................................................................74
2.1. «АҢЫЗДЫҢ АҚЫРЫНДАҒЫ» ҰЛТТЫҚ ТАҒЫЛЫМ ...............................................74
2.2. «ҮРКЕР», «ЕЛЕҢ-АЛАҢ» РОМАНДАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚЫ МЕНТАЛИТЕТТІҢ КӨРІНІСІ ...................................................................................................................................84
2.3. «КҮТУМЕН КЕШКЕН ҒҰМЫР» РОМАНЫНДАҒЫ ӨНЕРГЕ ҚҰРМЕТ ПЕН ҰЛТТЫҚ МІНЕЗДЕГІ КЕРАҒАРЛЫҚТАР ............................................................................................103
2.4. «БІР ӨКІНІШ, БІР ҮМІТ», «ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАР» РОМАНДАРЫНДА ОТБАСЫЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР НЕГІЗІНДЕ ҚАЗАҚ МЕНТАЛИТЕТІНІҢ БЕЙНЕЛЕНУІ....................114

ҚОРЫТЫНДЫ.........................................................................................................................138
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ....................................................................143

Прикрепленные файлы: 1 файл

Диссертация Асем 2+++.doc

— 1.10 Мб (Скачать документ)

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ҚОРЫТЫНДЫ

1. Зерттеуіміздің объектісі етіп алған тақырыбымыз «Ә.Кекілбаев пен Б.Нұржекеев шығармаларындағы ұлттық менталитет» болғандықтан, әдебиеттану ғылымында әлі берік орныға қоймаған «менталитет» терминінің  қай елде туып, өрісі қай бағытты қамтығанын, ал Шығыс елдерінде бұл ұғымның кеңіп, ұлттық қасиеттерді толық қамтитын келелі қызметке жегілуінің ғылыми негіздері  байыпталып, анықтама берілді.

2. Диссертациялық жұмысымыздың объектісі етіп көрнекті жазушылар Ә.Кекілбаев пен Б.Нұржекеевтің «Бәйгеторы», «Шеткері үй», «Көз жасы», «Тасбақаның шөбі», «Керек адам», «Ақырғы аялдама», «Қиын сұрақ», «Күләштің соңғы көктемі», «Кінәлі махаббат», «Қырғыз келіншек», «Қыз сезімі», әңгімелері мен «Күй», «Ханша-дария хикаясы», «Бәсеке», «Шыңырау», «Құс қанаты», «Бір шөкім бұлт», «Бір шоқ жейде», «Жайлаудағы жиырма күн» повестерін, «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-алаң», «Күтумен кешкен ғұмыр», «Бір өкініш, бір үміт», «Ерлі-зайыптылар» романдарын неге алғанымызды, сол шығармалар арқылы олар ұлттық менталитеттің қай аспектілерін мейілінше танып, кейіпкерлер характері арқылы игеруге тер төккенін барлап, себебін ғылыми түрде тұжырымдадық.

3. Суреткер Ә.Кекілбаев – көркемдік құрығын көздеген нысанасына қапысыз салуға машықтанған эпик жазушы. Оның біз талдап отырған шығармалары «Не болды?» деген мәселелерді күйттемейді, «Неге олай болды?» деген сұрақтарды талдайды. Қалай өмір сүруді көлденең тартады. Сол арқылы заман, уақыт, сол уақыт тудырған кейіпкердің ұлттық бейнесі қалыптасады.

4. Әбіш Кекілбаев адамзат әулетінің ғұмыр-шежіресіне  бүгінгі және болашаққа қызмет ететін өмір тәжірибесі деп қарап, мәңгүртіктен сақтандырады. «Мәңгүрттік» ұғымы адамзат баласы үшін өз әкесі мен шешесін ғана ұмыту емес, туған жерін, халықтың ұлттық менталитетін, демек, қайдан келіп, қайдан шыққанын, тарихтың сабағын ұмыту.

5. Аңызды пайдалануда көсіліп қалам тартып, өзінің көркемдік шешімін әлемге танытқан үлкен суреткердің бірі - Әбіш Кекілбаев. Оның «Күй», «Ханша- дария хикаясы», «Бәсеке», «Шыңырау» повестері аңыздық желіге құрылғанымен, арғы түбі шын өмірде болған оқиғаларға, аңызға негізделген. Осы аңыздар арқылы адамзат баласын, оның ішінде ұлтты да азапқа салып тоздырып жүрген даңққұмарлық, таққұмарлық, баққұмарлық, күншілдік, күндестік, іштарлық, қатігездік, өзімшілдік, кеудемсоқтық, нәпсіқұмарлық, тойымсыздық, бәсекелестік, даңғойлық тәрізді жағымсыз менталитеттерді әшкерелеп, тарих сабағын бүгінгі саналы ұрпақ еске сақтап, зұлымдықтың жер қаптырмай қоймайтынына назарларын аудартады.

6. Ә.Кекілбаев аңыздар арқылы қай заманда болсын зорлықты тудырушы – билік иесі, не соған жақын топ, олардың қалың халықпен табыса алмауы да ұғым – түсінігінің сәйкеспейтіндігінен, рухани жақындығының жоқтығынан, өзгені құлдықта ұқсағысы келген адам - өзін жер тәңірісі санайтын астам көкіректің адамы екенін дәлелдеп, ондай өзін «тірі құдайға» балаған адамнан да, Алладан да қолдау таппайтын, биік шыңнан құзға құлап, сүйегі шашылып қалатынын философиялық тұрғыда байыпталды, халықтан бойын асырмақ боп әлектенгеннің орны – тозақ.

7. Өнер - өмір танудың, қоғам танудың, сол қоғамның негізі адамды

танудың теңдесі жоқ  құралы. Қазақ қоғамының қадірін  кетіретін ұлттық менталитетіне  жат, қоғамы, заманы «жұқтырған» адам бойындағы жағымсыз мінез-әрекеттер. Ә.Кекілбаев о баста-ақ дүниедегі ештеңенің қадіріне жетпей, азғындық пен моральдық тұрлаусыздықты ерлік, жетіскендік санап, скептицизм мен цинизм бойларын жайлаған адамдардың әрекетін әшкерелеуді «Көлденең көк атты», «Тасбақаның шөбі», «Керек адам», «Міне, керемет», «Ақырғы аялдама» әңгімелері мен «Бір шөкім бұлт», «Бәйгеторы», «Құс қанаты», «Шеткері үй», «Бір шоқ жейде» повестерінің өзегі еткен. Алдау, арбау, зорлық-зомбылық, әділетсіздік, көрсеқызарлық, тоғышарлық, зұлымдық пен менмендік жайлап, иістенген ортада намыс пен ыза адамды еріксіз тосын шешім қабылдатып, күйзелтіп, сана күресіне, рухани күреске жетелеп әкелмек. Әбіш қоғамдағы келеңсіздіктермен күресе отырып, ұлттың бойына жұққан мерезді емдеуді басты борышы санаған.

  8.   Қыз абыройына қатысты ұлттық менталитетті Әбіш Кекілбаев,

Б.Нұржекеев әңгіме, повесть, романдарының алтын өзегі етеді. Олары орынды да. Қыз абыройы - қазақта отбасының елдің болашағы, босағасының беріктігі, өмірдің қызығы. Халқымызда «Қыздың жолы жіңішке» деп, оның абыройын сақтауын қатаң қадағалап отырған. Яғни, қыздың абыройын жоғары бағалайды. Оның абыройлы болуына көбіне ана жауапты деп қарап, анасын ардақтай білмеген қыз, ана абыройын да сақтай білмейді деп тұжырымдайды. Қыз абыройлы болуы үшін оның мінез-құлқы ибалы, ізетті, иманды болуы керек. Жазушыларымыз өсіп келе жатқан қыздың алдына өмірлік міндеттер қойып, оны орындауын қыздың абыройы деп санайды. Ізетті болу, әкені күту, шешені сыйлау, дөрекі сөйлемеу, үлкеннің алдын кесіп өтпеу, ақ сақалды атаны, ақ шашты әжені, ақ жаулықты ананы, жалпы жасы үлкенді сыйлау мен алдын кесіп өтпей құрметтеуді қаза етпеу – тектіліктің негізі санайды. Шындығында, ұлттық менталитеттің құдіретілігі осы халықтық дәстүрде, мінезде жатқанын Әбіш те, Бексұлтан да назарда ұстап отырады.

9. Философиялық, аналитикалық суреттеу тәсілі Ә.Кекілбаев, Б.Нұржекеевте де сүйіп қолданатын тәсілдері. Ұлттың кешегі, бүгінгі болмыс бітімін, рухани әлемдегі психологиялық әлеуметтік, этикалық, адамгершілік менталитетін суреттей отырып олар өз кейіпкерлері барлық қырынан аударып-төңкеріп, қырнап-жонып, бүгіп-жазып дегендей жете танытып, қилы мінездер галереясымен армансыз жүздестіреді. Әсіресе, Ә.Кекілбаев шығарамаларының қайталанып оқылатыны, бізше, өмірлік шындықты, күрделі адамдық болмысты қылықтан емес, құлықтан іздейтіндігінде.

10. Ә.Кекілбаевтың шағын ғана «Тасбақаның шөбі» әңгімесі бір романның жүгін арқалап, қарапайым еңбек адамының бойына сіңген ұлттық менталитеттері детальдар құдіретімен тұлғасын асқақтатып жібереді. Қара балға мен қара төстің қажымайтын иесі Қарабалаға жақсылық әкелетін – «тасбақаның шөбі» сияқты сенім-нанымы оның бейнесін нұрландыра түседі. Асылы, өмірді әрлендіретін, тіршілік тұғыры болатын – қарапайым, елеусіз адамдардың еңбегі. Қазақ менталитетін танытатын ұлт кейіпкерлерінің іс-әрекеті, мінез-құлқынан, рухани әлемінен хабар беретін сөйлеу мақамы, адамгершілік болмысы диалог, монолог, психологиялық портрет арқылы жоғары көркемдікпен кестеленеді.

11. Ә.Кекілбаев пен Б.Нұржекеев шығармаларында қазақтың ұлттық мәдени игіліктерінің ішінде елдің рухани қазынасы саналатын батаға қатты көңіл бөледі.  Өйткені аталардың қасиетті өсиеті – замандар мен ғасырлар бойы мысқалдап жинаған, ақыл елегінен өткен, өмір тәжірибесінің тарихи санасының даналық қорытындысы, адамгершіліктің ереже-қағидасы ретінде бағаланады олар. Халқымыздың белгілі бір жүйеден құралған  бата, тілек сөздерінде этикалық, эстетикалық, дидактикалық тұтастық бар. Бата әрбір жастың бойында белгілі бір тұтастық – бірлігін, салт-дәстүрін, адамгершілік қасиеттерін сақтауға берік құрал болып табылады. Себебі, болашақтың тұтқасы, иесі ұрпаққа амандық, парасаттылық, ізеттілік, өжеттік, мейірім, өнер-білім, құт-береке, ұзақ өмір, үлкен табыс тілеу ежелден адамзаттың асыл мұраты болған. Бата алған асыл мұратқа лайық кейіпкер болғандықтан, қаламгерлер оларды сол биікке жеткізуге күш салады.

12. Қаламгерлер туындыларында нағыз адамдық белгісі, ұлттық менталитеттің көрінісі – кісілік мінез-құлыққа баса назар аударады. Адамның өзі қымбат бола бермеуі мүмкін, адамгершілігі қымбат. Ізгілік – ізгілікпен қайтады. Адамгершілік – адамгершілікпен қайтады. Әрдайым өмірдің, адам болмысының шуақты жақтарына назар аударатын авторлар адам бойындағы тазалық, ізгілік атаулының табиғи қалпы бұзылмаған, қаймағы сылынбаған шағын нәзік көңілмен бейнеленеді.

13. Кекілбаев пен Нұржекеев шығармаларында ұшырасатын этнографиялық өрнектер арқылы нағыз табиғи бітім-болмысы, ішкі рухани жан дүниесі, әдеби-мәдени құндылықтарға назарымыз ауады. Шығарма негізінде тек жазушы таланты ғана емес, халықтың жаны сезіледі, өйткені туа біткен дарындылық ұлт перзентінің бойына асыл анасының бесік жырынан, абзал әкесінің өнегесінен басталып, туған топырағының киесімен дамиды. Осылайша жүрегі елім деп дүрсілдейтін жазушылар өрнекті сөз, уытты тілмен исі қазақтың қанына сіңген киелі де қастерлі ұғымдарды, наным-сенімдерді, түсінік-түйсіктерді, салт-сананы, ұлттық тәлім-тәрбиені, жан-дүниесіндегі қасиетті саналатын әдет-ғұрыптарды жеткізуге ұмтылады. Қаламгердің ұлт рухын аша түсуде этнографиялық өрнектерді қолданады. Этнография шеңберіне енетін мәдениет жеке адамның басына  тән қасиеттен басталып, бүкіл ұлттық менталитеті ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық сана, дүниетаным, салт-дәстүр, рухани-материалдың байлықтардың бәр-бәрін қамтиды.

14.  Қазақтың «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» деп

аталатын көне заң  жарғыларында және оған дейінгі де қылмыстық істерді қарастыратын, белгілейтін ережелерде қонақ күту мәселесі арнай баптармен заңдастырылған. Демек, қонаққа үйдің төрін тосу, астың дәмдісін ұсынып бір жарғап қалу – ежелден келе жатқан салтымыз екенін Ә.Кекілбаев пен Б.Нұржекеевтің кез-келген туындысынан бармақпен басып көрсетуге болады. Құдайы қонақты қабылдау, тегін күту, дұрыс демалу жайын мүлт жібермей атқару ауыл абыройы саналған. Қонақты Қызыр ретінде қабылдау қазақ менталитетінің басты шарты ретінде бейнеленгені еш күмән тудырмайды.

15. Қазақтың ойын да, бойын да, ақыл-парасатын, ұстанымын өмірдің аптабы мен аязын бастан кешіп, бүгін өткенінің  зейнетін көріп отырған қарияларымыз, ардагерлерімізден сезінеміз. Өзін-өзі ұстау, өзгеге қайырымдылық жасау, халықтың мәңгілік мүддесін ойлау, іс-әрекеті, сөзімен, құлқы ниетімен  өз характерін таныту, ұстанған дәстүрі, өмірлік философиясына үңіліп Ә.Кекілбаевтың «Бір шоқ жейде» повесіндегі Тілеу мен Күдері, Б.Нұржекеевтің «Жайлаудағы жиырма күн» повесінің кейіпкерлері Қожахмет қарияны «сұлу қартайып, әдемі ақсақал» болып, елі мен жерінің, халқының алдында үлгі боларлық өмір сүріп келе жатқан оларды көргенде қазақ  деген халық қандай, несімен басқа ұлтардан ерекшеленеді тәрізді кең құрсақ сауалдарға жауап табамыз.

16. Ә.Кекілбаев пен Б.Нұржекеев әңгіме, повесть, романдарында махаббатқа тазалық, адалдықты насихаттап, қажет жағдайда құрбандыққа баруды ерлікпен бірдей санайды. Олардың суреттеуінде махаббаттың ұлылығы тазалығында. Сезімнің құдіреттілігі шексіздігінде. Ұлы махаббатты өлтіру, құрбандыққа шалу мүмкін емес. Адам бойындағы үш құмарлық қана махаббаты тудырады. Бұлар –жан құмарлығы, сана құмарлығы, тән құмарлығы. Осы үш құмарлық біріккенде ғана махаббат дейтін ұлы сезім салтанат құрмақ. Әйел жанын бейнелеуде олар ұлттық тәрбиемен астасқан нәзік иірімдерден тұратын қазақ әйелдерінің реалистік бейнесін жасайды. Қай туындының кейіпкерлерлерін алсақ та, ақылдылығымен, назды қылығымен дараланып, солардың жанынан жаныңа жұмақтың жұпар иісті самалы соғып тұрады. Әр ұлт өкілі өз ұлтының үздік қасиеттерін Ә.Кекілбаев «Ханша-дария хикаясы», «Аңыздың ақыры», Б.Нұржекеев «Кәріс қызы», «Қырғыз келіншек» секілді шығармаларын бойына жинап, соның шырынын тамсандыра татқызады.

17. Қазақ - ырымшыл халық. Сейсенбі, жұма күндері жолға шықпайды. Жанып тұрған отқа май тастап, соның лапылына, жалынының түсіне қарап болашақты болжайды. Жауырынға қарап та болашақты, тұрмыс-тіршілік ағысы, жақсылық пен жамандық нышанын болжайтын ырым бар екенін «Елең-алаң» романында Ә.Кекілбаев бізді сендіре баяндайды. Қазақ ырымға сенуі – болашақтан күдер үзбей, өмірдің қиян-кескі азабымен белдесуге көмектеседі.

18. Ә.Кекілбаев пен Б.Нұржекеев шығармаларында халқымыздың қадір-қасиетін танытатын менталитетіне, оның Алла бойына дарытқан шешендік өнеріне көбірек көңіл бөлген. Шешендік өнер кез-келген халыққа қонбайтын киелі қасиет. Ол – ешкімнің бетіне жел болып тимейтін мінезді, кең ойлап, кең пішетін кемеңгер, көп тыңдап, аз сөйлейтін, сөйлесе жетеңе жеткізе тоқетерін айтатын ешкімнің ала жібін аттамайтын адал, «тура сөйлеп, туғанына жақпайтын», ұлтының қамын жеп, халқының намысымен өртеніп, ойды септеп, қолымен от көсеп отыратын кемеңгер адам.

19. Ә.Кекілбаев пен Б.Нұржекеев туындыларында қазақ ұрпағын бір сөзді, табанды болуға, малын арының, арын жанының садақасы етуге тәрбиелеген. Ешқашан сөзінен таймаған, уәде – құдай сөзі саналып, антқа, уәдеге беріктік азаматтық тұлғасын асқақтатқан. Азамат адам алдында, аруақ алдында күнәлі саналса, ақтығын дәлелдейтін қиямет-қайымды бастан кешіруге тиісті болған.

20. Қазақтың менталитетіне қатысты тағы да бір сұңғылалығы – ол ән салуда, күй жарысында, айтыста қарсыласының күші асса, өнері асса жеңілгендерін мойындап, жеңгенін қошамет көрсетуге тайсалмайтын кісілігінен көрінеді. Б.Нұржекеевтің «Күтумен кешкен ғұмыр» романында Үмбетей қажы жасаған аста-төк тойда соңына қара ертпей, дарабоздығынан жаңылмаған Әтікеге қарсыласы Түсіп қақпақ бетін сүйекпен өрнектеген домбырасын сыйласа, мықты әнші Сақан да бәйгені Әтікеге беруге ризалығын сездіреді.

21. «Күтумен кешкен ғұмыр» романында Б.Нұржекеев басқа халықта ұшыраса бермейтін өнерге деген ыстық ықылас, қызығушылықты, ішкен асын жерге қоятын Әтіке әншіге деген құрметтерінен көрсетуге тырысқан. Әнші, батырды жаугершілік заманда халық төбесіне көтерген, өйткені, ақын-жазушы - өз заманының идеологі, жорыққа бастаушы қолбасшысы.

22. Б.Нұржекеев «Ерлі-зайыптылар» романында халықты қанша темір тордың ішінде ұстаса да, өзін өмірге әкелген ұлтын сүю, туған Отанын құрметтеуден, тілінен, ділінен, дінінен бездіру, ата-бабасынан келе жатқан ізгі, қуатты ұлттық менталитет көздерінен бас тарттырып, бағынышты құлына мәңгүртке, көз алдында айналдыруға төзбейтінін дәлелдей алған.

23. Ұлттық менталитетті насихаттап, ой кеңітіп, өріс ашатын Б.Нұржекеевтің «Бір өкініш, бір үміт», «Күтумен кешкен ғұмыр», «Ерлі зайыптылар» Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар», «Мәңгі махаббат жыры» романдары-барлық жағынан мінсіз туындылар саналмағанымен, қазақтың болмысын, иісін, қандай ұлт екенін сездіретін менталитетін танытатын туындылар.

Қорыта келе айтарымыз, ұлттық сана, ұлттық менталитет, мінез-құлықты  насихаттап, жас ұрпақ бойына салт-сана, әдет-ғұрып, дәстүрлеріміздің озық үлгісін  дарытуды көздеген жазушыларға білгірлік  те, зерделі, сергектік те, ұшқыр сезім, қырымдағыны қылт естізбей басар қырағы көз, сәулелі көкірек, ұлттық намыс, ұлт деп соққан ыстық жүрек, алған бетінен қайтпайтын қайсарлық, табандылық, терең білімдарлық қажет. Біз шығармаларын зерттеуіміздің объектісіне алып отырған көрнекті жазушыларымыз Ә.Кекілбаев пен Бексұлтан Нұржекеев – аталған талаптар биігінен табылатындар.    

Информация о работе Ә.Кекілбаев пен Б.Нұржекеев шығармаларындағы ұлттық менталитет