Жалпы тіл білімі

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 22 Февраля 2015 в 10:07, реферат

Краткое описание

Жалпы тіл білімінің анықтамасы. Ол, біріншіден, тіл білімінің теориялық саласы болса, екіншіден, оқу пәні болып есептелінетіні. Соңғы мағынадағы оның мақсаты мен міндеті. Жалпы тіл білімінің нысаны адамдардың дыбыстық тіл. Жалпы тіл ғылымы тілдің құрамын, функциялық сипаттарын, даму заңдылықтарын, сыртқы дүниемен, қоғаммен, ой-cанамен, мәдениетпен қарым-қатынасын түгел алып, жан-жақты зерттейтіні.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Жалпы тіл білімі әдістеме.doc

— 674.00 Кб (Скачать документ)

      Орта ғасырдың өзіндік бір ерекшелігі - әр түрлі діндердің әлемдік діндерге айналуы. Ондай діндер қатарына будда, ислам, христиан діндерін жатқызуға болады.

      2. Дүниежүзілік діндердің тарауымен қатар сол діндердің сүннет-парызын, шариғатын уағыздайтын жазбалар да тарады. Ол жазбалар тілі киелі, қасиетті тіл, пайғамбарлар тілі деп жарияланды. Жергілікті халықтар ол тілде жазылған аят-хадистардың мағынасын, тілін түсінбесе де жатқа біліп, құдайға құлшылық ететін дұға ретінде айтуға міндетті болды. Бұл тіл – тіл ғылымында канондық  тіл деп аталады. Сөйтіп, дін тараған аймақтардағы халықтар өз ана тілімен қатар канондық тілді де қолданды. Канондық тіл бірден-бір дұрыс тіл деп жарияланды да, әр халықтың өз ана тілі, сөйлеу тілі – теріс тіл, пендешілік тілі деп есептелді. Жазба тіл, әдеби тіл канондық тіл болып саналады. Мысалы, түркі халықтары, сондай-ақ қазақ халқы үшін де канондық тіл араб тілі, исламның ең қасиетті, киелі кітабы – құранның тілі болды. Араб тілі оқу пәні болды. Оны молдалар, дін иелері оқытты. Оқытудың I-сатысында әліпби, екінші сатысында иманшарт, үшінші сатысында әптиек, одан кейін құран оқытылды. Еуропа халықтары үшін канондық тіл – латын тілі. Олар латын тілін жазу тілі, ғылыми тілі ретінде пайдаланды. Бүкіл оқу орындарында ғылыми пән ретінде оқытылатын да латын тілі грамматикасы болды. Жеке тідер грамматикасы латын тілі грамматикасы негізінде сөз болып, соның үлгісіне түсірілді. Латын тілі грамматикасы барлық тілдерге бірдей дәрежеде қолдануға болатын ортақ құрал деп есептелінді. Солай бола тұрса да орта ғасырдағы грамматикалық ой-пікірдің бір мәнді жағы бар: ол кейінгі заманғы жалпы тіл ғылымының сол орта ғасыр топырағында тамырлана бастауы еді. Әлем халықтарының бүкіл рухани мәдениетіне ұлы өзгерістер енгізді. «Қайта өркендеу дәуірінің» өзі де орта ғасыр топырағында көктей бастаған болатын. Сондықтан кейбір мәселеде кертартпалығына, діни қарсылықтарына қарамастан, орта ғасырды прогресс үшін, ғылым үшін құралақан болды деу жөн емес.

      Зерттеудің өзіндік жаңа жүйесін жасай алмағандарымен, қолтума еңбектер бермегендерімен, филологиялық, грамматикалық мәселелермен орта ғасырда шұғылданушылар да аз болған жоқ. Олардың баса назар аударған бір мәселесі – көне канондық жазбалар тілінің өзіндік нормасын өзгеріссіз сақтау, кейінгі заман жазба тілін көне канондық тілмен үйлестіру, олардың арасындағы алалықтарды бір ізге салу сияқты нормалаушылық жұмыстар болды. Бұл жұмыстарында олар антикалық қоғам қалдырған грамматикалық, поэтикалық, риторикалық, логикалық тұжырымдарға сүйенді, соларды басшылыққа алды.

      Канондық жазбалармен қатар біраз елдерде жазба жұмысы мен әдебиет едәуір дамыды. Жергілікті тілдерді зерттеу, нормалау, оларлың грамматикаларын жазу талабы күн тәртібіне қойылды. Сөйтіп, 7-15 ғасырлар аралығында иран, исланд, француз, испан, итальян, түркі, ағылшын т.б. тілдердің грамматикалары жарық көрді.

     Грамматика мәселелерімен қатар ежелгі дәірден келе жатқан зат атауларының табиғаты жөніндегі мәселе де ескерусіз қалмады. Оны сөз етушілер бұл дәуірде де екі топқа бөлінді. Оның бірі – реалистер, екіншісі -  номиналистер деп аталады. Реалистер заттар жөніндегі жалпы ұғым – ақиқат, ол алғашқы, зат соңғы деген идеалистік бағытты ұсынды. Номиналистер керісінше, зат болмаса, ол туралы ұғым да болмайды, сондықтан ақиқат нәрсе – зат, ол алғашқы, ал, зат туралы ұғым соңғы деген материалистік бағытты уағыздады.

      2. Араб тіл білімі. Дүние жүзі ғылымы мен мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосқан халықтардың бірі – арабтар. Бұлардың жазбалары 4 ғасырлардан басталады. Арабтар – тіл ғылымының дамуында да елеулі рөл атқарды. Ортағасырлық арабтарда тіл білімінің ерекше дамыған кезі – Халипат дәуірі деп аталатын 7-12 ғасырлар шамасы. Тілдің грамматикалық жүйесін сипаттауда араб тіл ғалымдары бір-біріне байланысты үш түрлі мәселенің сырын ашуды көздеді. Олар – сөз таптары мен сөйлем синтаксисін зерттейтін Нахв,сөздердің сөйлемдегі орын жағынан түрленісін, мағыналық құбылыстарын зерттейтін Сарф,сөйлеу прцесінде болатын дыбыстардың фонетикалық құбылыстарын, жалпы дыбыс жүйесін зерттейтін Таджив деп аталатын бөлімдер. Арабтар Үнді, Грек тіл ғылымы табыстарын жақсы пайдалана отырып, өз тілінің фонетикасын, морфологиясы мен лексикасын зерттеуге ерекше назар аударады. Фонетика саласында дыбыс пен әріп арасындағы өзгешеліктерді айқындайды. Дыбыстың физиологиялық сипатын ашуға көп көңіл бөлді. Кейбір ғалымдар (Сибавейхи) жасалу орнына қарай дыбыстарды 16 топқа бөліп қараған. Грамматика мәселесінде (көрнекті өкілі - Сибавейхи), әсіресе сөздерді тапқа бөлуде араб ғалымдары Аристотельге еліктеген. Аристотель сияқты бұлар да сөздерді есім, етістік, жалғауыштар деп үш топқа бөлді. Араб тіл білімінде өзіндік тың жол салған, соны пікірлер айтқан.

      Араб тіл ғалымдарының тілдің грамматикалық жүйесін зерттеу тәсілдері дле, грамматикалық терминдері де бұрынғылардан өзгеше болды, өзіндік дәстүр қалыптастырды. Арабтар киелі, қасиетті, канондық тіл деп саналатын құран тілінің нормасын зерттеудің өзінде де, көп жағдайда, сөйлеу тілі нормасына сүйенеді, соны зерттеді. Бұл - Ежелгі дәуір тіл ғылымының ешқайсысында да кездеспеген жаңалық. Араб тілі грамматикасын зерттеудің дәстүрін, өзіндік жүйесін қалыптастыруда Сибавейхидің 796 жылы жазған «Әл-китаб» деп аталатын еңбегі шешуші рөл атқарған. Араб тіл ғалымдары қалыптастырған біртұтас зерттеу жүйесі кейінгі замандарда туған Еврей тіл ғылымына да елеулі әсерін тигізген.

      Араб оқымыстыларының ерекше көңіл бөлген және зор табысқа жеткен саласы - лексикография көрінеді. Арабтың бір ғана әл-Фирузабади деген лингвисі «Хомус» (мухит) атты 60 томдық сөздік жасапты.

     Араб тіл ғалымдары ғылым тарихында бірінші болып, әр түрлі тілдер материалын бір-біріне салыстыра, салғастыра зерттеу тәсілін қолданған. Осы тәсілді қолдана отырып, олар түркі, моңғол, парсы тідерін зерттеп, олардың салыстырма сөздіктерін, шағын көлемді грамматикалық еңбектерін жазған. Осындай еңбектердің ғылымда белгілі ең көнесі және ең толығы түркі халқынан шыққан, арабияда оқып білім алғандықтан, араб ғалымы деп аталып кеткен Махмуд Қашқари жасаған «Түркі тілдерінің сөздігі» (Девону лугат-ит-түрк). Бұл сөздік 1073-1074 жылдары жазылған. Сөздікте сол дәуірдегі түркі тайпаларының көпшілігінің тілдік материалдары қамтылған және ол тайпалар тілдерінің өзара бір-біріне ұқсастық, өзгешеліктері тілдік материалдарды салыстыра қарау арқылы айқындалған. Бұл – түркі тілдері жөніндегі ең тұңғыш, ең көлемді және ең терең мәнді ғылыми еңбек. Сонымен қатар, бұл сөздік – тіл ғылымы тарихында әр түрлі тілдер фактілерін бір-біріне салыстыра зерттеу әдісімен жазылған тұңғыш еңбек. Мұның түркі тілдері үшін мәні ерекше.

      Араб тілді ғалымдар Махмуд Қашқари сөздігінен кейін де бірсыпыра сөздіктер, грамматикалық еңбектер жазып қалдырған. Олар туралы түркітану мәселелерін сөз ететін еңбектерден мол мәлімет алуға болады.

Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:

1. Орта ғасырлық  тіл білімінің ескерткіштері

2. Араб тіл білімі

3. Қайта өркендеу  дәуіріндегі тіл білімі

 

№11 ДӘРІС ТАҚЫРЫБЫ: ХІХ ғасыр тіл білімі

Дәріс жоспары:

1. ХҮІІІ-ХІХ ғасыр  тіл білімінің  зерттелу жайы.

2. Типологиялық  зерттеу.

1. Салыстырмалы-тарихи тіл білімі. Еуропалық тіл білімі дамуының жаңа дәуірі тілді дамып, өзгеріп отыратын тарихи құбылыс деп танудан, тілдер өзара туыстас, төркіндес болады деп біліп, сол заңдылықтарды ашуға, зерттеуге салыстырмалы-тарихи әдісті қолданудан басталады. Тіл туралы ғылым тарихында үлкен бетбұрыс болған бұл жайт19ғасырдың алғашқы он жылдығында орныға бастайды. Әрине, жаңа әдістің қалыптасуы – ежелгі заманнан басталатын лингвистикалық ой-пікір дамуының заңды, табиғи нәтижесі. 18 ғасырдың соңғы жартысы мен 19 ғасырдың алғашқы жылдарында тіл ғылымының даму қарқыны, бағыты жаңа зерттеу әдісінің қажеттігін айқын көрсетті.

      19 ғасырдың бас кезінде әр елде салыстырмалы-тарихи әдіс негізінде жазылған бірнеше еңбек жарық көрді. 1816 жылы неміс Франц Бопптың санскрит тіліндегі етістіктердің жіктелу жүйесімен салыстыра зерттеген еңбегі шықты. Онда аталған тілдердің туыстығы дәлелденді. Бопп бұл тілдерден жинаған материалдарын иран, славян, балтық бойы халықтары, армян тілдері фактілерімен толықтыра келіп, 1833-1849 жылдар арасында «Үндіеуропа тілдерінің салыстырма грамматикасын» жазды.

          Франц Бопп (1791-1867) Майнце қаласында туған. Гимназияда оқып жүрген кезінде-ақ санскрит, парсы, араб, көне еврей тілдерін оқып үйренген. 1821 жылы Берлин университетіндегі шығыс әдебиеті және жалпы тіл білімінің профессоры, 1829 жылы академик. Оның ең басты еңбегі – «Санскрит, зенд, армян, грек, латын, литва, көне славян, гот, неміс тілдерінің салыстырмалы грамматикасы». Бұл еңбек үш томнан тұрады: 1833-1852 жылдары бірінші рет, 1856-1861 жылдарда жөнделіп екінші рет, 1868-1870 жылдары үшінші рет басылды.

          Расмус Кристиан Раск (1787-1832) Копенгаген университетінде оқыған. 1823 жылдан бавстап осы университеттің профессоры. Ол 20-шақты тілді білген: испан, итальян, француз, көне ағылшын, швед, т.б. көптеген тілдердің грамматикасын жазған. Расктің тілдер фактілерін салыстырудан туған ең көрнекті еңбегі «Ежелгі солтүстік тілдері және неміс, ислан тілдерінің шығуы туралы зерттеулер» деп аталады. Бұл еңбегінде автор гот (герман) тілдерінің латын, грек тілдерімен туыстастығын дәлелдейді.

      Салыстырмалы-тарихи тіл білімінің тағы бір көрнекті өкілі – неміс ғалымы Якоб Гримм. Бұл ғалымның төрт томнан тұратын «Неміс грамматикасы» атты еңбегінің бірінші кітабы 1819 жылы басылады. Мұнда автор неміс тілінің қалыптасу, даму жолдарын, оның құрамындағы әр түрлі диалектілерді бір-біріне салыстыру, неміс тілін герман тіліне жататын басқа тілдермен қатар қоя қарау арқылы айқындайды.

      Тіл философиясы. Тіл философиясы тіл білімінен көп бұрын пайда болған. Тіл ғылымы дүниеге келген күнінен бастап философиямен тығыз байланыста келеді. Ол туралы алдыңғы тарауларда айтылды.

      Дүниеге келу тарихының көнелігіне қарамастан, тіл философиясы осы атауға 19 ғасырда ғана ие болды. 19 ғасырда Еуропа халықтарының салыстырмалы-тарихи грамматикаларын жазумен қатар тіл философиясының ғылым саласы ретінде қалыптасуына, дамуына, өзіндік нысанының айқындалуына көп көңіл бөлінді. Бұл дәуірдегі тіл философиясының алға қойған мақсаты – тілдің табиғаты мен мәнін, оның қоғам өмірінде алатын орны мен қызметін, ойлаумен, адамдардың рухани өмірімен байланысын айқындау болды. Бұл мәселемен сол дәуірдің көрнекті ойшылдары – Гердер, Шлегель, Гумбольдт, Шлейхер, Штейнталь, Вундт сияқты ғалымдар айналысты. Бұлардың ішінде өз дәуірі үшін де, кейінгі заман үшін де ең беделдісі Вильгельм Гумбольдт (1767-1835) болды. Тіл ғылымы тарихында оны салыстырмалы тіл білімінің, жалпы тіл білімінің және тіл философиясының негізін қалаушы деп санайды. Гумбольдт салыстырмалы-тарихи әдістің тіл зерттеу әдісі болып қалыптасуында үлкен рөл атқарды. Осы әдістің принциптері, проблемалары шеңберінен тысқары да көптеген проблемаларын көтеріп, теориялық тұжырымдар жасады. Тілдің табиғаты, мәні, құрылымы, тіл мен мәдениет, тіл мен материалдық дүние, тіл мен ойлау, тіл мен қоғам, тіл тарихы, тіл білімінің салалары, т.б. Гумбольдт зерттеген проблемалар қатарына жатады. Оның бұл салалардағы тұжырымдарын толық та айқын баяндайтын еңбектері – «Адамзат тілі құрылысының әр алуандығы туралы» (1827), «Ява аралығындағы Кави тілі туралы» (1836) деп аталатын туындылары.

      В. фон Гумбольдтың философиялық-тілдік ілімі негізінде тілді және оны зерттеу туралы қалыптасқан көзқарастар жиынтығынан гумбольдтианство пайда болды. Ол алдымен Германияда, кейін Ресейде дамыды. Гумбольдт ілімін қостап жалғастырушылардың бастылары Х.Штейнталь, В.Вундт (Германия), А.А. Потебня (Ресей) сияқты ғалымдар болды.

      20 ғасырдың алғашқы жартысында Еуропа мен Америкада неогумбольдтианство бағыты дамыды. Ол негізінен тілдің семантикалық жағын зерттеуге және тілді халық мәдениетімен тығыз байланыста зерттеуге мән берді. Бірақ идеалистік, метафизикалық философия тұрғысынан тілдің ой-сана мен танымдық процестегі қызметін асыра бағалады.

      2.Типологиялық зерттеу. Салыстырмалы-тарихи зерттеу - өзара туыстас, төркіндес тілдер семьясын жеке-жеке зерттегені болмаса, әр семьяға жататын тілдерді бір-біріне салыстыра жинақтап қарау, сөйтіп, дүние жүзіндегі тілдердің барлығына немесе көпшілігіне ортақ типтік сипаттарды ашу ісінде дәрменсіз болды. Ал, жалпы тіл білімі тек тілдер туыстастығын айқындауды ғана көздемейді, ол дүние жүзіндегі тілдердің жалпыадамзаттық сипаттарын, типтік белгілерін ашып, тіл атаулының барлығын да қамти алатын типологиялық классификация жасауды да қажет етеді. Осы мақсатты іске асыру үшін салыстырмалы-тарихи зерттеумен замандас салыстырудың екінші түрі, типологиялық салыстыру дүниеге келеді. Тіл білімінде зерттеудің бұл түрі салыстырмалы әдіс, типологиялық әдіс, кейде типологиялық тіл білімі деп аталады.

      Типологиялық зерттеу – мәні, функциясы жағынан тілдердің барлығына немесе көпшілігіне ортақ, жалпылылық сипаты бар нысандарды салыстырады. Мұндай нысан тілдің фонология саласында да, семантикалық, грамматикалық салаларында да болды. Типологиялық тілдердің осы аталған жүйелердегі жалпылық мәні бар нысандарды бір-біріне салыстыра қарау арқылы олардың арасындағы ұқсастықтар мен өзгешеліктерді ашады. Мысалы, фонология саласында дыбыстардың дауысты, дауыссыз, шұғыл, ызың болып бөлінуі, болмаса морфемалардың лексикалық, грамматикалық болып бөлінуі, т.с.с. тілдердің барлығына немесе басым көпшілігіне тән типтік белгілер. Типологиялық зерттеуде осылар сияқты универсал тұлғалар салыстырылады.

      Типологиялық әдістің тіл білімінде қолданыла бастағанына біраз уақыт болғанымен, ол туралы әр елдің көрнекті тіл ғалымдарының көпшілігі пікір айтқандарымен, бұл мәселе күні бүгінге дейін бір ізді шешімін тапқан жоқ.

      Дүние жүзіндегі тілдердің Типологиялық белгілерін айқындап, тілдерді сол белгілеріне қарай жіктеуді алғаш ұсынған неміс романтиктерінің көсемі Фридрих Шлегель. Ол 1809 жылы жарық көрген «Үнділердің тілі және даналығы» дейтін еңбегінде сөз тұлғасын түрлендіретін қосымшалардың бар-жоқтығына, сөздердің тұлғалық құбылысқа түсудегі сипатына қарай тілдерді флективті, агглютинативті деп екі топқа бөледі.

Информация о работе Жалпы тіл білімі