Ғылым ретіндегі Қазақстан тарихының мақсат, міндеттері және оны зерттеудің өзектілігі

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 24 Сентября 2015 в 20:06, реферат

Краткое описание

Республикамыз тәуелсіздік алғаннан кейін ата тарихымыз бен мәдени құндылықтарымызды ыждағаттылықпен қайта зерттеуге кірістік. Азаттықпен келген шығармашылық бостандық тарих ғылымында да түбейгелі өзгерістерге жол ашты. Жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы пәнін оқытуға ерекше мән беріле бастады. Өйткені, тарих - ғылым мен пән ретінде аса маңызды білім саласына жатады. Бүгінгі жас ұрпақ өз елінің, жерінің, ата-бабаларының тарихын біліп, оның жақсысынан үйреніп, жаманынан жиреніп қорытынды жасауы тиіс.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Дәрістер курсы(1).doc

— 662.00 Кб (Скачать документ)

Жәңгір хан басқарған жылдары қазақтар мен жоңғарлардың арасында үш ірі соғыс болған. Біріншісі 1635 ж., екіншісі 1643 ж., үшіншісі 1652 жылы. 1643 жылғы ұрыста қазақтар екі таудын арасына ор қазып, жоңғарларға қарсы соғысты. Осы соғыста Жәңгір хан 6 мыңдай әскерімен 50 мың жоңғарларға тойтарыс берді. Осы ұрыста Жоңғар ханға Самарқан билеушісі Жалаңтөс Бахадүр 20 мың әскерімен көмекке келген.

Жәңгір хан 1652 жылы кезекті қазақ-жоңғар соғысында қаза табады.

XVII ғасырдағы қазақ хандығының тарихында Тәуке хан (1680-1718) да айрықша орын алады. Тәуке хан тұсында Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласы болды.

Тәуке хан Қасым хан мен Есім ханның тұсында жасалған қазақтың әдет-ғұрып, заң жораларын бірізге түсіріп, "Жеті Жарғы" зандар жинағын жасады.

Үш жүздің басын біріктіріп, олардың көшіп-қону конысын белгіледі. Әр руға таңба үлестіріп, ұранын айқындады. Жыл сайын қазақ ру басыларын жинап Күлтебеде кеңес өткізді.

Тәуке хан тұсында хан кеңесі, билер кеңесі сияқты органдар жұмыс істеді.

Қазақ хандығына "Қасым ханның қасқа жолы", "Есім ханның ескі жолы", Тәуке ханның "Жеті Жарғысы" деп аталатын зандар болды.

Қасым ханның кезіндегі заңдар жинағы бес бөлімнен тұрды:

1. мүлік заңы (мал, мүлік, жер дауын шешу ережелері);

2. қылмыс заңы (кісі өлтіру, ел шабу, мал тонау, ұрлық)

3. әскери заң (қосын кұру, аламан міндеті, тұлпар ат, қару жарақ);

4. елшілік жоралары (шешендік, халықаралық қатынастарда 
сыпайылық, әдептілік)

5. жұртшылық заңы (ас, той, мереке үстіндегі ережелер)

Қасым ханның қасқа жолы бір ғасырдай қолданған соң, тиісті толықтырулар енгізіліп, Есім ханның тұсында "Есім ханның ескі жолы" деп аталған.

Тәуке хан тұсында "қасқа жолдың" бұрынғы бес тарауына тағы да екі тарау қосылып, "Жеті Жарғы" деп аталды. Бұл жаңадан қосылған екі тарау: жер дауы туралы заң мен құн дауы туралы заң еді.

1718 жылы Тәуке хан дүние  салды да, Қазақ елі үшке бөлініп  кетті. Бір-бірімен алты бақан  алауыз хандар бір қазақтың  баласын үшке бөліп, береке-бірлігін бұзды. Осындай қырқыс кезеңді Жоңғар ханы Сыбан Раптан қапы жіберген жоқ. Көрші мемлекеттерден қару-жарақ сатып алып 80 мың адамдық әскерімен Жетісу жеріне басып кірді. Болат, Сәмеке, Әбілқайыр хандардың қырсығынан береке-бірліктен, күш қуаттан айырылып қалған қазақтарды қатыгез жау қырғынға ұшыратты.

1724-1725 жылдары жоңғарлар  Ташкент пен Түркістанды басып  алып тонады.

Осыған байланысты Ұлы жүзбен Орта жүздің көп бөлігі Самарқан мен Бұқараға барып бас сауғалаған. Кіші жүз Хиуаға қарай көшті.

Ата-баба қонысынан, туған-туысқанынан, барлық байлық мал-жанынан айрылған бұл 1723 жылғы қасіретті қазақ халқы "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" деп атады. Кіші жүзде оны "Сауран айналған" дейді.

Осы қазақ халқының басына төнген құдіретті жылдары 1 жарым миллиондай адам қырғынға ұшырады.

Хандардың басы бірікпей алауыз болып жатқанда елін жаудан қорғау үшін Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Райымбек, Тайлақ, Саурық сияқты батырлар атқа қонды.

Қазақтың ер жүрек жігіттері әр жерден жауға тұтқиылдан тиіп, кек қайтара бастады.

Қазақ халқы жауға қарсы азаттық соғысына, Отан соғысына көтерілді.

Үш жүздің билері, батырлары Шымкенттен 30 шақырым жердей Бадам станциясынан 5 шақырым жердегі Ордабасы аталып кеткен төбе басында күш біріктіріп, күреске шығуға тоқтамға келді.

Бас қолбасшылыққа Кіші жүздің ханы Әбілқайыр сайланды, Үш жүздің біріккен күші 1728 жылы Бұланты өзенінің бойында Шұбартеңіз көлінің маңында жоңғарлар қолына соққы беріп, жеңіске жетті. Бұл жеңіс халықты рухтандырып, жауға қарсы жаңа күреске шығуға, туған жерді жоңғарлардан біржолата азат етуге бел байлатты. 1730 жылы көктемінде Балқаш көлінің төңірегінде Аңырақай деген жерде Үш жүздің қазақ әскері басқыншы жоңғарлар қолын тас-талқанын шығарып жеңді.

Бірақ бұл жеңіс ұзаққа бармады. Аңырақай жеңісінен кейін-ақ өлген Болат ханның орнына бас хандыққа талас басталды. Үміткерлер үшеу еді. Біріншісі барлық қазақ әскеріне қолбасшылық жасаған және тамаша жеңістерге жеткен Кіші жүздің ханы Әбілқайыр, екіншісі - Болаттың інісі Сәмеке, үшіншісі- Болаттың жас ұлы Әбілмәмбет.

Хан сайлаушылардың көпшілігі осы Әбілмәмбетке дауыс берген. Осыған ызаланған Әбілқайыр Орынборға қарай көшті. Енді ол бүкіл үш жүзге хан болу арманын Ресейге арқа сүйеу арқылы іске асырмақ болды.

 

Қазақстанның ХІҮ ғасырмен ХҮІІІ ғ. бас кезіндегі мәдениеті.

Хандар кезеңінде қазақ қоғамы бір-біріне қарама-қарсы негізгі әлеуметтік топтан – ақсүйектер мен қарсүйектерден тұрды, олардың экономикалық жағынан ғана емес, саяси және құқтық белгілері жағынан да айырмашылығы болды.

Шыңғысханның әке жағынан тарайтын, хан болмаған ұрпақтарын білдіру үшін сұлтан терминімен қатар «төре» немесе «оғлан» термині қолданылған. Алайда «төре» деген сөз сұлтандарды ғана емес, неғұрлым көп адамдарды – жалпы алғанда көрнекті және атақты адамдарды да, қазы, билерді де білдіру үшін қолданған.

Ұлыстарды басқару сұлтандарға ұлыс адамдарына әскери-саяси билік етуге де, іс жүзінде жайылымдарды, су көздерін және т.б. билеп-төстеуге де құқық беретін еді. Әрбір ұлыс сұлтаны ұлыс аумағының мұраға алатын құқығы бар жеке иеленуші емес, ең алдымен ұлысты басқару және ұлыс әскеріне қолбасшылық ететін құқығы бар билеушісі болды. «Сұлтанды немесе қожаны өлтірген адам, - делінген «Жеті Жарғы» қаулыларында, - өлтірілген адамның туыстарына жеті адамның құнын төлейді. Сұлтанға немесе қожаға тіл тигізіп ренжіткен 9 мал, ал қол тигізген 27 мал төлеумен жазаланады». Қоғамның басқа мүшелері алдындағы тағы бір артықшылығы – оларға дүре соғуға болмады және билер соттамады. Шыңғысханның ұрпақтарын сұлтан немесе ханның өзі соттайтын болды. Әңгімелескен кезде қарапайым адамдардың оларды атымен атауына болмайтын еді, есімінің орнына тақсыр (мырза) деген қолдануға тиіс болды. Сұлтанмен кездескен кезде кез-келген қарапайым адам атынан түсіп, онымен бір тізесін бүгіп тұрып сәлемдесуге тиіс болған. Сәлеміне жауап ретінде сұлтан оның иығына қолын салған. Сұлтанның үйі ақ киізбен жабылған. Ақсүйектердің барлық өкілдері тек қана ақ киіздің үстінде отырған. Сұлтандар (әскери міндеткерліктен басқа) ешқандайда міндеткерліктер атқармады. Қазақ ұлысы барлық сұлтандардың «Асқар» деп аталатын бір ғана ерекше ұраны болды, оны қарапайым халық – қарасүйектер қолдануына болмады.

Шонжар ақсүйектер тобына қарама-қарсы хандықтың өзге халқы қарасүйек деп аталады. Қарасүйек адамдардың әр-түрлі категорияларын атау үшін бірнеше термин: қараша, қаракісі, құлқұтан, шаруа, бұқара терминдері қолданылды.

Әлеуметтік қарасүйектер тобында рулар мен тайпалардың басшылары – билердің ғана ерекше құқықтары болды. Би деген сөз бұрынғы бек сөзінің кейіннен өзгерген түрі болып табылады және деректемелерде ХҮ ғасырдан ерте кездеспейді, ал түріктердің «бек» деген сөзі  моңғолдардың «ноян» және арабтардың «әмір» деген сөздеріне сәйкес келеді.

Көшпелі қазақтар қоғамында жеке басы еркін адамдардан басқа, бас бостандығы жоқ еркектер (құлдар) мен бас бостандығы жоқ әйелдер (күңдер) болған.

ХҮІ-ХҮІІ ғасырлардағы қазақ қоғамы игі жақсыларының тобына батырларды да жатқызуға болады. Түрік-моңғолдың «батыр», «баһадүр» сөзі бастапқыда шайқас алдында жауын жекпе-жекке шақыратын батыл, ержүрек адамды білдірген. Шыңғысхан кезінен бастап батыр – «феодалданған әскери-көшпелі шонжарлардың» өкілдеріне берілетін феодалдық иерархия атақтарының бірі, сондай-ақ шайқаста жеке басының көрсеткен ерлігі немесе соғыс қимылдарына шебер басшылық еткені үшін хан немесе сұлтандар аталатын құрметті атақ. Бұл сөз атақ ретінде адамның атына қосылып айтылған.

«Ақсақал» - түрік сөзі. Деректемелердің мәліметтеріне қарағанда, саяси өмірде айтарлықтай рөл атқарған.

Мәдениеті. Қазақ хандығының нығаюы, Қазақ хандығының экономикалық және мәдени өмірі Оңтүстік Қазақстанның тарихымен тығыз байланыста болды. Соңғы орта ғасырларда қала мәдениеті мен отырықшы–егіншілік мәдениет қазақтың этникалық аумағының нақ осы, бірден-бір ауданында сақталып қалды.

Оңтүстік Қазақстан ХІҮ-ХҮІ ғасырдың жазба деректемелерінде Түркістан деп аталады.

Бұл тарихи географиялық термин орта ғасырлар деректемелерінде Мауреннахр (Сырдария және Әмудария өзендерінің аралығы осылай аталған) мен Шығыс Дешті Қыпшақ (Қаратаудан Сырдарияның төменгі ағысы мен Аралдан солтүстікке қарай көсіліп жатқан далалық кеңістік) арасында жатқан Орта Сырдария алабына қатысты айтылады, яғни оңтүстік-шығысында – Сайрам қаласынан оңтүстікке таман (Шымкент маңайында), Шыршық және Бадам аңғарларының су айрығымен және солтүстік-шығысында – Қаратау жотасымен шектелетін Сырдарияның сол жағалауын бойлай жатқан кең өңірдің жері Түркістан деп атаған.

ХҮ-ХҮІ ғасырлар шебінде, Қазақ хандығының нығаю дәуірінде ол айтқан «Түркістанның отыз бекінісінің» ең ірілері Сырдарияның оң жақ жағалауы мен оның салалары бойындағы Ясы (Түркістан), Отырар, Сайрам, Сауран, Иқан, оның сол жағалауындағы Аркөк, Үзгент, Аққорған, Қожан, Қаратаудың теріскей беткейіндегі Созақ, Құмкент қалалары болған. Сол кездің деректемелерінде қалалар мен қалашықтардың, бекіністер мен қыстақтардың жиырмадан астам атауы ауызға алынады (археологтар тапқан қала жұртының саны бұдан артық). Мәселен, Ясы қаласының төңірегіндегі Иқан, Қарнақ, Йунка, Қарашоқ, Сура қалалары мен қыстақтарын айтады. Отырар өңірінде Игілік қыстағы, Сайрамға жақын жерде Шымкент қалашығы, төменіректе Арыста-Халадж-Қараспан, Жақанкент (Иаканкент) болған. Қаратау беткейлерінде Қарақұрым қонысы мен Жылан-Қарауыл бекінісі болған.

Қалаларда құрылыс ісі және соған байланысты қолөнер (кірпіш, шыны жасау) дамыды. Қала құрылысында тұрғын үйлер, мешіттер, медреселер, мазарлар, моншалар, дүкендер, жабық базарлар, керуен-сарайлар, кесенелер салынды.

ХҮ ғасырдың екінші жартысы – ХҮІІ ғасырдағы халықаралық саудада Қазақстан даласы мен Түркістан қалалары арқылы Орта Азия мен Ресей сауда экономиканың дамуында маңызды факторға айналады. Ресей мен орта Азияның Қазақстан арқылы сауда және дипломатиялық қатынастары ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырларда жанданды.

Халықаралық саудамен қатар Сырдария қалаларының көшпелі дүниемен дәстүрлі саудасы және жергілікті сауда жүргізіледі. Сырдария қалаларынан далаға астық, қала қолөнерінің өнімдері, мата апарылды.

Қалалар төңіректегі егінші және көшпелі халықты қажетті товарлармен базар арқылы жабдықтап отырды.

Қазақтардың негізгі кәсібі мал шаруашылығы болды. Қазақтар негізінен қой, жылқы және түйе өсірген; қазақтардың шаруашылығында мүйізді ірі қара болмашы орын алған, өйткені ол жыл бойы бағуға, әсіресе қыс кезінде қар астынан тебіндеп жайылуға нашар бейімделген.

Деректемлердің кейбір хабарларынан қазақтардың егіншілікпен шұғылданғаны байқалады. Бірақ Қазақ хандығы аумағының түрлі аудандарында егіншіліктің дамуы мейлінше әркелкі болды, аудандардың басым көпшілігінде егін шаруашылығы төменгі дәрежеде болды, немесе болмады. Алайда, кейбір аудандарда егіншілік зор маңызға ие болды, бұл ең алдымен Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанға қатысты еді.

Қазақтардың шаруашылығында әр түрлі қолөнер мен үй кәсіпшіліктері елеулі орын алды, олардың көпшілігі мал шаруашылығы өнімдерін өңдеумен байланысты еді. Қазақтар ежелден тері өңдеп, киіз басуды, оларды түрлі түске бояуды білген, олар теріге, металға және тағы басқа материалдарға батыру арқылы өрнектеуді, құрап жамау және кестелеп тігу тәсілін шебер меңгерген.

Өз мемлекетінің құрылуы қазақ халқы рухани мәдениетінің одан әрі дамуында зор маңызы болды. Оның түрі тақырыбы мен мазмұны  алуан түрлі болып, бұрынғы дәуірлердің мәдениетін қисынды жалғастырды. Оның құрамында аңыз хикаялар мен кейінгі фольклорлық туындылар, орта ғасырдағы қолжазба кітаби дүниелер мен қазақтың төл әдебиеті, тарихи шежірелік және құқық қатынастар мен шешендік өнері, музыкалық және халықтық-драмалық шығармашылық пен халықтық көңіл көтеретін ойындары түгел қамтылған.

Дербес мемлекеттілік, оны қорғау мен нығайту қажеттілігі жағдайында бір мезгілде әрі көреген суырып салма ақын, әрі хандықтың бас идеологі, әрі хандардың серігі мен кеңесшісі, әрі тайпаның жауынгер басшысы ретінде көрінген жыраулардың рөлі едәуір арта түсті.

ХҮІ-ХҮІІІ ғасырлардағы жыраулар поэзиясының аса ірі өкілдері – Шалкиіз (Шалгез) Тіленшіұлы (1465-1560), Доспамбет жырау (шамамен 1490-1523), Жиембет Жырау (ХҮІІ ғ.), Марғасқа жырау (ХҮІІ ғ.), Ақтамберді жырау (1675-1768), Тәтіқара ақын (ХҮІІІ ғ.), Үмбетей жырау (1693-1787).

Қазақ хандығының мемлекеттік құрылысының өзіндік ерекшелігі, халық өмірінің ерекше жағдайлары мен өзіндік ерекшелігі бар қазақ қоғамы «билер сөзі», «билер айтысы», «билер дауы», «төрелік айту», «шешендік сөздер» деп аталатын көркемдік мәдениеттің бірегей түрін туғызды.

ХҮІ-ХҮІІІ ғасырлардағы би-шешендер арасында мемлекеттік және қоғамдық қызметінің маңыздылығы жағынан, шешендік өнерінің күші мен поэтикалық шеберлігі жағынан Төле би Әлібекұлы (1663-1756), Қазыбек Келдібекұлы (1665-1765) және Әйтеке Байбекұлы (1687-1766) ерекше бөлек орын алады, олар Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Ресейде, Жоңғария мен Цин империясында танымал болған.

Қазақ халқының рухани мәдениетінде жазбаша әдебиет те дамыды, ол негізінен алғанда сарай маңындағы ортада және көбінесе тарихи шығармалар түрінде қалыптасты.

Тарихта сақталған шежірелік және наративтік деректемелер ретінде ғана емес, сонымен қатар соңғы орта ғасырдағы Орта Азия мен Қазақстанның түрік халықтары көркем әдебиетінің ескерткіштері ретінде де маңызы бар шығармалар аз емес. Олардың ішінен Захир ад-дин Бабырдың (1483-1530) «Бабыр наме», Камал ад-дин Бинаидың «Шайбани намесін», Мұхамед Хайдар Дұғлатидің (1499-1551) «Тарихи Рашидиін», Қожамқұл бек Балхидің «Тарих-и Қыпшағын», Қадырғали бектің (1555-1607) «Жами-ат-таварихын», Әбілғазы Баһадүрдің (1603-1664) «Түрік шежіресін» және басқаларын арнайы бөліп көрсетуге болады. Бұл авторлар тек оқиғаларды суреттеумен және билеушілер генеалогиясының тарихын баяндаумен ғана шектелмеген. Олар өз суреттемелеріне қоса көркем бейнелер жасап, ауыспалы мән беріп отырған, кейде шайқастардың немесе басқа оқиғалардың әдеби көріністерін беріп, өздерінің сөз саптауларын алуан түрлі айшықты топтармен әрлендіре түскен, хикаяларына өздерінің сирек кездесетін поэтикалық таланты мен кең көлемді эрудициясы бар екендігін дәлелдейтін өлең жолдарын енгізіп отырған. 

Қазақ халқының тұрғын-үй – материалдық мәдениеттің тамаша ескерткіші. Қазақтың киіз үйі ағаш сүйегі мен киізден тұрады. Ағаш сүйегі мынадай төрт бөліктен тұрады: 1) құрастырмалы-жиналмалы қабырғасы – қанат, олардан киіз үйдің қабырғалары (кереге) құралады; 2) күмбез сүйегі (уық); 3) дөңгелек төбесі (шаңырақ); 4) есік немесе сықырлауық. Ағаш сүйектің әрбір бөлігіне белгілі бір киіз жамылғы сәйкес келеді, оларды шебер қазақ әйелдері жасайды, олар: 1) керегелерге тұтылатын туырлық, олар бірнешеу; 2) үзік күмбезге жабылады, олар екеу; 3) түндік – шаңыраққа жабылатын шаршы киіз; 4) Киіз есік – киіз үйдің есік ойығын жауып тұратын ұзынша киіз.

Қанаттың тор көзі ортасынан қиғаштап жіңішке қайыстармен (көк) біріктірілген шағын кереге ағаштарынан құралады, уықтар жиынтығы жеңіл де қатты, өңдеуге жақсы талдан жасалды. Дөңгелек шаңырақ қайыңнан иілген екі жарты шеңберден құрастырылады, ал есігі екі жаққа айқара ашылатын қос жақтаулы етіп қарағайдан жасалады.

Информация о работе Ғылым ретіндегі Қазақстан тарихының мақсат, міндеттері және оны зерттеудің өзектілігі