Автор работы: Пользователь скрыл имя, 24 Сентября 2015 в 20:06, реферат
Республикамыз тәуелсіздік алғаннан кейін ата тарихымыз бен мәдени құндылықтарымызды ыждағаттылықпен қайта зерттеуге кірістік. Азаттықпен келген шығармашылық бостандық тарих ғылымында да түбейгелі өзгерістерге жол ашты. Жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы пәнін оқытуға ерекше мән беріле бастады. Өйткені, тарих - ғылым мен пән ретінде аса маңызды білім саласына жатады. Бүгінгі жас ұрпақ өз елінің, жерінің, ата-бабаларының тарихын біліп, оның жақсысынан үйреніп, жаманынан жиреніп қорытынды жасауы тиіс.
Жәнібек пен Керей хандығы нығайғаннан кейін, олардың қамтуындағы халық түгелдей қазақтар деп атала бастады. Бірте-бірте "қазақ" атауы этникалық мәнге ие болады да, Шығыс Дешті-Қыпшақтың, Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның әбден қалыптасқан түріктектес халқының этнонимі ретінде қолданыла бастайды.
ХҮІІ ғ. және ХҮІІІ ғ. басындағы Қазақ хандығының саяси дамуы. Қазақстан аумағында мемлекеттілік дамуының тамырлары тереңде жатыр. Ол көне дәуірде және орта ғасырларда Қазақстан аумағын мекендеген көптеген тайпалар мен халықтардың тарихына байланысты. Қазақ мемлекеттігінің қалыптасуы мен дамуын тарихи әдебиетте Қазақ хандығының дәуірімен байланыстыру қабылданған.
Дамудың маңызды кезеңдерінің бірі моңғолдардан кейінгі кезең ХІV-ХV ғасырлар болды. Сол кезде Шығыс Дешті Қыпшақтың (Қазақстанның далалық бөлігі), Жетісу мен Түркістанның (деректемелерде соңғы орта ғасырлардағы Оңтүстік Қазақстан аумағы осылай аталған) көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы-егінші халқын этникалық және саяси жағынан топтастыру аяқталды. Қазақстан тарихындағы бұл күрделі дәуірдің бастапқы кезеңі моңғол ұлыстарының - Дешті Қыпшақ пен Орта Азиядағы (Мауереннахрдағы) Шыңғыс ұрпақтары иеліктерінің ыдырауымен, соңғы кезеңі нақ Қазақ мемлекетінің, Қазақ хандығының құрылуымен сипатталады.
Қазақ хандығының пайда болуы Шығыс Дешті Қыпшақтың, Жетісу мен Түркістанның кең байтақ, аумағындағы әлеуметтік-экономикалық процесстердің заңды қорытындысы болды. Көшпелі мал шаруашылығы мен отырықшы-егіншілік, қала шаруашылығы қалыптасқан аралас экономикалы өлкелердің табиғи тығыз байланысы негізінде ХІҮ-ХҮ ғасырларда тұтас экономикалық ауданның құрылуы аймақтың бүкіл жерінің бір саяси құрылымға бірігуіне қолайлы жағдай әзірледі. Аймақтың көшпелі және отырықшы халқының экономикалық мәдени, қоғамдық-саяси байланыстарының нығаюы Қазақ рулары мен тайпаларының этникалық жағынан бірігуіне, халықтың ұзаққа созылған қалыптасу процесінің іс жүзіндс аяқталуына себепші болды. Өз кезегінде Ақ Орда, Моғолстан, Әбілқайыр хандығы, Ноғай Ордасы шеңберінде жергілікті этникалық негізде мемлекеттіктің даму тәжірибесі қалыптасып жатқан біртұтас халықтың саяси жағынан бірігу қажет екенін түсінуіне жәрдемдесті. Этникалық қауымдастықты айқындайтын көптеген элементтерді - тіл, материалдық мәдениет, тұрмыс, тарихи зерде, халықтың ғұрпы, ойлау салты элементтерін қайта жаңғыртуда, оны дамыту мен этникалық аумағын қорғауда мемлекеттің жетекші рөл атқаратыны белгілі.
Біртұтас мемлекет қана халықтың этникалық құралу процесіндегі ықпалдардың әсерін жойып, оның этнос ретіндегі мәдени-шаруашылық дамуын қамтамасыз етеді.
Бірқатар зерттеушілер көшпелілердің мемлекеттілігі егінші өңір мен қалаларды жаулап алуы арқылы қалыптасады деген пікір ұстанатынын атап өткен жөн. Бірақ тарихи шындыққа қарағанда арғы ата-бабалары сияқты қазақтар таза көшпелі мал шаруашылығымен айналыспаған, олар отырықшы, жартылай отырықшы болған, егіншілік те, қала мәдениетін де білген.
Шынына келгенде, қазақ мемлекеттігі Ақ Орданың өзінде-ақ қалыптасқан. Халықтың шаруашылық үлгісінің, ортақтығы, бірдей материалдық мәдениеті мен тұрмысы, Қазақстан аумағында түрік тілдес тайпалардың тіл жөнінен жақындығы орын алған. Ақ Орда мен Әбілқайыр хандығында да, Қазақ хандығында да халықтың ортақ қоныстану аумағы болды.
XV ғасырда Ақ Орда әлсіреп,
феодалдық талас-тартыстар
Қазақ халқының негізін қалаған Ақ Орда хандарының ұрпақтары Жәнібек пен Керей "қазақтарының" Әбілқайыр "өзбектерінен" этникалық құрамы жөнінен де, әлеуметтік-мәдени дамуы, кәсібінің тегі, материалдық тұрмысы, шаруашылығы жөнінен де еш айырмашылығы болмады. Қазақ хандығы Ақ Орда, Әбілқайыр хандығы мемлекеттігінің тікелей жалғасы болды.
Ақ Орда мемлекеттін, Әбілқайыр хандығын, Моғолстанның солтүстік бөлігін (Жетісуды) және Ноғай Ордасын қазақ халқының ірі-ірі этникалық топтары мекендеді. Осы мемлекеттерде мемлекеттік даму, шаруашылық, мәдениет саласында моңғолдар жаулап алуының теріс зардаптарын біртіндеп жоюмен бірге XIV-XV ғасырларда қазақ халқынын одан әрі бірігу, топтасу процесі жүріп жатты. Моңғолдар жаулап алуының зардаптарын жоюдың бүкіл кезеңі бойында, Қазақстан аумағында Ақ Орда, Әбілқайыр хандығы, Моғолстан, Ноғай Ордасы өмір сүрген кезең бойында нақ қазақ мемлекеттігін нығайту міндеті алда тұрды. Этникалық жағынан жақын топтардың саяси бытыраңқылығын жою, саяси және шаруашылық байланыстардың үзілуіне әкеп соққан үздіксіз соғыстары мен талас-тартыстарды жою, сол үшін сол кезде-ақ іс жүзінде халық болып қалыптасқан қазақ тайпалары мен руларын мемлекет етіп біріктіру міндеті барынша қажет болды. Оны нақты шешуге біртұтас мемлекет құру жәрдемдесе алатын еді. Ол кейінгі ғасырларда қазақ халқынын топтасуын, оның этникалық аумағының тұтастығын халықтың сан ғасырлық мәдениетінің дамуын қамтамасыз еткен Қазақ хандығы болуға тиіс еді.
7-8 дәріс. Қазақ мемлекетінің құрылуы.
Қазақ хандығының негізін салушылар Ақ Орда билеушісі Ұрұс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек еді. Қазақстан рулары мен тайпаларының едәуір бөлігі сонау XV ғ. 40-50-жылдарының өзінде Қазақстанның оңтүстігіндегі жерлерде - Қаратау баурайларында, Сырдарияның төменгі ағысында, Түркістанның солтүстік бөлігінде Керей мен Жәнібектің төңірегіне топтасқан еді. Әбілқайыр хан өз билігін нығайту жолындағы күреспен, көптеген Жошы ұрпақтарының және рулар мен тайпалардың бағынбаған басшыларының қарсыласын басумен әлек болып жүргенде, Ақ Орда хандарының мұрагерлері бұл аумақта тұрақты билігін қамтамасыз етіп алды.
Тарихи әдебиетте Ұрұс хан, ал сол арқылы Барақ хан және Жәнібек пен Керей де Орда Еженнің (Жошының үлкен ұлы деп айтылады) ұрпақтары деп саналатын болған, дегенмен бұл туралы деректемелерде нақты мәліметтер жоқ
Авторы белгісіз "Таварих-и гузида-йи нусрат наме" мен Махмуд бен Әмір Уәлидің "Бахр-әл асрар фи манакиб әл-ахийары" қазақ хандарының генеалогиясын Жошының 13-ұлы Тоқа-Темірге апарып тірейді: Жошы-Тоқа-Темір - Үз-Темір – Қожа - Бәдік - Ұрұс хан - Қаруджақ (Құйыршық) – Барақ -Жәнібек хан, оны Бу Са"ид деп атаған. Қадырғали Жалаири де Ұрұс ханды Жошының 13-ұлы Тоқа Темірдің ұрпағы деп атайды ("Жамиғ-ат тауарих").
Ұрус хан мен оның ұрпақтарының Жошы тармағындағы Тоқа-Темірден тарайтындығының немесе олардың тегі Орда-Еженмен байланысты болуының принципті маңызы жоқ. Олардың екеуі де дәстүр бойынша Ақ Орданың дәрежесі тең билеушілері деп саналған. Тоқа Темірдің ұрпақтары XIII ғасырдың өзінде-ақ Орда-Ежен ұлысына жатады деп саналған. Бірақ ХІҮ-ХV ғасырлар шебінде Алтын Орданың ыңырауы кезеңінде олардың көбі оның Сарайдағы тағына үміткер болды.
"Таварих-и ғузида-йи нұсрат намеде" берілген шежіреге сәйкес, Қазақ хандығының негізін қалаушылар Жәнібек пен Керей немере ағайын болған, яғни өте жақын туыс болмаған. Керей ханның шежіресі: Ұрұс хан – Тоқтақия – Полад - Керей хан. Жәнібек ханның шежіресі: Ұрұс хан – Кұйыршық –Барақ хан - Жәнібек хан. Осы қосарласып билік еткен қазақ хандарының XV ғасырдың 60-70-жылдарындағы іс-қимылдары туралы баяндайтын деректемелерде екі ханның қайсысы басты хан болғаны дәл түсіндірілмейді, олардың есімдері қатар жазылады және бірақ қатаң ретпен жазылмайды. Жәнібек хан өз әкесі Барақ ханның тура мұрагері және мирасқоры болатын, оның атасы Құйыршық та хан болған. Керей ханның Жәнібектен жасы үлкен болған және ол Ұрұс ханның үлкен ұлы және мирасқоры Тоқтақияның немересі еді, ал Жәнібек Ұрұс ханның төртінші ұлы Құйыршықтың немересі болатын. Демек Жәнібек сұлтан сияқты хан атағына Керей сұлтан да үміт ете алатын.
50-жылдардың аяғында Әбілқайыр қалмақтардан (ойраттардан) жеңілгеннен кейін, ол ойрандалған ұлыстарда қатаң шаралар қолданып тәртіп орнатуға кіріскен кезде, Керей мен Жәнібекке бағынған көшпелі рулар мен тайпалардың жағдайы бұрынғыдан да қысымшылыққа ұшырады, Әбілғазы Шыңғыс ұрпақтарының арасында "ханның қысымына ұшырамаған не оның садағының оғы дарымаған бірде-бір адам қалмады" деп жазады. Әбілқайырдың көрші елдердің ішкі істеріне үнемі дерлік араласып отыруы, үздіксіз жүргізген соғыстары мен шапқыпшылықтары мемлекетті құлдырауға жеткізді. Осының бәрі өзбек және қазақ тайпаларының ара жігінің ажырауына және соңғыларының ұлыстың оңтүстік-шығыс аумағына көшіп кетуіне алып келді. Моғолстан ханының Жетісу халқын ойраттардың шапқыншылығынан корғай алмауы сияқты, Әбілқайырдың іс-әрекеттері де бүкіл аймақтың соғыстар мен талас-тартыстар күйзелткен халық бұқарасының бұрынғыдан да зор наразылығын туғызды. Халық өзінің ауыр жағдайы үшін орта ғасырлардағы көшпелі қоғамға тән қарсылық түрі - Шығыс Дешті Қыпшақта да, Жетісуда да билеушілерінің қол астынан көшіп кетумен жауап қайырды. 50-жылдардың аяғында осындай көшіп кетуді Жәнібек пен Керей басқарды. XV ғасырдың 50-жылдарының соңынан бастап, 70-жылдардың басына дейін Шығыс Дешті Қыпшақтан, Сырдария бойындағы алқаптар мен Қаратау бөктерлерінен Батыс Жетісуға екі мыңға дейінгі адам, негізінен қыпшақ рулары мен тайпалары көшіп кеткен. Тұрғын халықтың жаппай көшуін Жәнібек пен Керей бастады. 1458-1459 жылдары Әбілқайыр хандығынан тысқары, Моғолстанға, Батыс Жетісу жерлеріне ертіп кетті. Көшіп кету әсіресе 1468 ж. Әбілқайыр өлген соң, мемлекет ыдыраған кезде тым күшейіп кетеді. Жәнібек пен Керей хандар бастаған қазақтардың қалың бұқарасының Оңтүстік және Орталық Қазақстаннан Жетісуға, Шу, Талас алқабына қарай ойысуы тегін емес. Бұған Ақ Орданың Моғолстанмен, ең бастысы оның Жетісудың солтүстік бөлігінің иелерімен ертеден бергі достық қатынастары; Жәнібек пен Керейге қарасты өлкенің басым бөлігін мекендейтін тұрғындарының этникалық жақындығы; ең соңында, феодалдық-бытыраңқы Моғолстанның, оның билеушісінің Жетісудағы үкімет билігін өз қолында ұстап тұра алмайтын әлсіздігі себеп болды.
Жәнібек хан мен Керей ханның көшіп келуін Моғолстан ханы Есен-Бұға құрметтпен және ықыласпен қарсы алған. Моғолстан ханы көшіп келген Қазақ басшыларының көмегімен өзінің ішкі және сыртқы дұшпандарын әлсіретіп алмақ болған. Ол уақытша болса да інісі Жүніс ханның бақталастық бәсекесін тойтара алды. Есен-Бұға хан қазақтарды ойраттарға тойтарыс беру үшін де нақты әскери күш ретінде пайдалануға тырысқан. Ал өз кезегінде Керей мен Жәнібек хандар Әбілқайыр хандығы мен Моғолстанның толық құлдырау сәтін тиімді пайдаланып, өздерінің саяси дербестігін нығайтты.
Шығыс Дешті Қыпшақта Ақ Орда хандары әулетінің билігін қалпына келтіру жолында Шайбани әулетіне қарсы күресе отырып, олар халық бұқарасының наразылығын пайдалана білді.
Зерттеуші-тарихшылар Қазақ хандығы тарихын есептеу үшін қабылдаған бірнеше уақыттар немесе оқиғалар бар. Хандықтың құрылуы мен Шығыс Дешті Қыпшақта Қазақ хандары билігінің таралу уақытын Мырза Мұхамед Хайдар Дұғлаттың "Та'рих-и Рашидидегі" мағлұматтарына сүйеніп, В.В. Вильяминов-Зернов әлдеқашан-ақ хижраның 870 жылы, XV ғасырдың 60-жылдарының ортасы деп есептеуді ұсынған.
Осы мағлұматты толық келтірейік. "Сол уақытта Дешті Қыпшақты Әбілқайыр хан биледі. Ол Жошы әулетінен шыққан сұлтандарды көп мазалады. Жәнібек хан мен Керей хан одан Моғолстанға қашып кетті. Есен-Бұға хан оларды шын ықыласымен қарсы алып, Моғолстанның батыс шебін құрайтын Шу және Қозыбасы округын берді. Олар бұл жақта жақсы жайғасып алған кезде, Әбілқайыр өлген соң, өзбек ұлысы бұзылып сала берді: онда үлкен-үлкен шатақтар басталды. Оның қол астындағылардың үлкен бөлігі Керей хан мен Жәнібек ханға көшіп кетті, сөйтіп олардың төңірегіне жиналғандардың саны екі жүз мың адамға жетті. Олар енді өзбектер-қазақтар (өзбек-қазақ) деп аталатын болды. Қазақ сұлтандарының билігі сегіз жүз жетпісінші жылдан басталады, бәрін де бір Алла біледі."
Осы уақыт хижраның 870 жылы - біздің жыл санауымыздың 1465-1466 жылдар бес томдық "Қазақ ССР-ның көне заманнан бүгінге дейінгі тарихында" Қазақ хандығының құрылған уақыты ретінде алынған. Бұл оқиға Жетісудың батыс беллігіндегі аумағымен байланысты деп көрсетілген. Қазақ тайпалары мен руларының бір бөлігі Шығыс Дешті Қыпшақтан ондаған жылдар бойы тап осында ауысып келген. Моғолстанның жоғарыда аталған ханы Есен-Бұға 1462 ж. өлгеннен кейін Жетісуда Қазақ билеушілеріне қарсы тура алатын нақты күш болған жоқ. Оның інісі Жүніс хан ол кезде Ташкентте жүрген. Осындай жағдайда бұл аумақта жаңа саяси құрылым - Қазақ хандығының дербес шығуы толық жүзеге асатын құбылыс еді. Оның пайда болуы және Қазақ басшыларынын дербес шығуы үшін 1468 жылғы Әбілқайыр өліміне байланысты Дештідегі оқиғалардың барысын күтудің қажеті жоқ болатын. XV ғасырдың 60-жылдарының аяғы мен 70-жылдарының басында және одан кейінгі жылдары Қазақ хандарының билігі Қазақ хандығының құрамына енгізілген басқа жерлері мен оны мекендеген халықтары, Түркістан және Шығыс Дешті Қыпшақтағы ұлан-ғайыр жазық далаларда бірте-бірте кең тарай бастады. "Та'рих-и Рашидиден" жоғарыда келтірілген үзіндіде Әбілқайыр өлгеннен кейін "оның кол астындағылардың үлкен бөлігі Керей хан мен Жәнібек ханға көшіп кетті" делінген. Хандарға дейді. Олар бұл уақытта хан болған. Бұл сөздер Әбілқайырдың өлімінен (хижраның 874 жылы-1468/69 жылдар немесе тышқан жылы - 1468 жылдың күзі) бұрын іске асқан оқиғаны білдіреді.