Автор работы: Пользователь скрыл имя, 24 Сентября 2015 в 20:06, реферат
Республикамыз тәуелсіздік алғаннан кейін ата тарихымыз бен мәдени құндылықтарымызды ыждағаттылықпен қайта зерттеуге кірістік. Азаттықпен келген шығармашылық бостандық тарих ғылымында да түбейгелі өзгерістерге жол ашты. Жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы пәнін оқытуға ерекше мән беріле бастады. Өйткені, тарих - ғылым мен пән ретінде аса маңызды білім саласына жатады. Бүгінгі жас ұрпақ өз елінің, жерінің, ата-бабаларының тарихын біліп, оның жақсысынан үйреніп, жаманынан жиреніп қорытынды жасауы тиіс.
Моғолстан (ХІҮ ғ. ортасы – ХҮІ ғ. басы). Ұлы ханға тауелді болмаған саяси бірлік түріндегі Орта Азиялық шыңғыстықтардың мемлекеті - Хайду мемлекеті. Хайду (1269-1301 жж.) билеген кезде мемлекеттің құрылымы өзінің толысу шегіне жетті. Жамал қаршының сөзіне қарағанда, Хайду әділетті, қайырымды, жұмсақ мінезді, елінің мүддесін қорғайтын білімді мұсылмандарға қамқор хан болған. Үгедейдің немересі Хайду өлгеннен кейін көп кешікпей, 1306-1307 жж. шамасында мемлекеттегі билік Барақ ханның ұлы, Шағатайдың шөбересі Туваға (Дуваға) ауысты. Сөйтіп, Шағатай әулетінің Орта Азия мен Жетісудағы рөлі қалпына келді. В.В. Бартольдтың айтуына қарғанда, оны Шағатай мемлекетінің негізін салушы ретінде танып-білу керек. Бірақ Шағатай мемлекеті көп тұрған жоқ. Өзара тартыстың әсерінен әлсіреген хандық биліктің беделінің түсуі әскери көшпелі қауымның алға шығуына себепші болды. XIV ғасырдың 40 және 50-жылдары ол он шақты иелікке бөлініп кетті. 1346 жылы Шағатай мемлекетінен Моғолстан деп аталған солтүстік-шығыстағы аумақ бөлініп шықты.
Моғолстанның құрылуы пайда болған кезінен бастап-ақ саяси және экономикалық жағынан біртұтас ел болмаған Шағатай ұрпағы мемлекетінің ыдырауымен байланысты. Мауереннахрды жаулап алған моңғолдар жергілікті отырықшы - егіншіліктің және қала дәстүрлерінің ықпалымен жаңа жағдайға бейімделіп, отырықщылыққа ауыса бастады. Жетісуда қалған моңғолдар болса, олар мұнда елеулі дәрежеде түріктенсе де, негізінен көшпелі тұрмысты сақтап қалды, ол былай тұрсын, жергілікті халықтың егіншілері мен жартылай көшпенділерінің біразы көшпелі тұрмысқа көше бастады. Таусылмайтын феодалдық соғыстар мен тартыстар елдің ауыр шаруашылығын күйзеліске ұшыратты. Мұнда 1306 жылдан 1370 жылға дейін 20 хан ауысты. Осының бәрі XIV ғасырдың ортасына қарай Шағатай мемлекетінің ыдырап, батыс пен шығыс бөліктерге бөлінуіне әкеп соқты. Шығыс бөлігі Моғолстан атанды, ал батысы - Мауереннахр дербес аймақ күйінде қала берді.
Орта ғасырдағы тарихшылардың келтірген деректеріне қарағанда, XIV ғасырға таман осындағы ру-тайпалар "моғол" деп аталған. Бірақ бір кездегі "моғол" сөзі XIV ғ. қалыптасқан халықтың аты емес, әскери-саяси одақтың ғана аты болған еді. XIV ғасырдың ортасыңда осы "моғол" одағы негіз болып құрылған хандық Моғолстан деп аталады. Алайда тарихи оқиғаларға байланысты Моғолстанның жер көлемі бірде кеңейіп, бірде тарылып отырды. Дулат феодалының тәуелді иелігі болған Маңғылай Сүбе өлкесі Моғолстанға кейде қосылып, кейде бөлініп кетіп отырды. Маңғылай Сүбе өлкесі Моғолстан мемлекетінің негізгі халқы түркі тілдес тайпалар - дулат, албан, суан, қаңлы, керей, арғын, найман т.б. Бұлардың басым көпшілігі ежелден осы өңірді мекендеген түрік тілдес тайпалар, олардың ішінде жергілікті түрік тілдес халықтарға сіңіп, түріктеніп кеткен моңғол тайпалары да болды.
Моғолстан атанған
бұрынғы Шағатай ұрпағы
Моғолстан шекарасы Мұхаммед Хайдардың "Тарих-и-Рашиди" атты кітабында былай баяндалады: "Қазір Моғолстан деп аталатын жер аумағының ені мен ұзындығы 7-8 айға созылатын жолды көрсетеді. Моғолстанның шығыс шеті қалмақтар жеріне кіріп жатыр, ол өзіне Барс көл, Еміл, Ертісті қосып алады. Солтүстігінде Көкше теңізбен (Балқаш көлі), Бом және Қараталмен, батысында Түркістан және Ташкентпен, оңтүстігінде Ферғана, Қашқар, Ақсу, Шалыс және Турфанмен шектеседі". Яғни сол кездегі Моғолстанға қазіргі Оңтүстік-шығыс және Оңтүстік Қазақстан жер аумағы кірген. Одан әрі қарай Хайдар былай жалғастырады: "Моғолстанда үлкен өзендер көп, үлкендігі Джейхунға (Әмудария) ұқсайды. Олардың ішінде Іле, Еміл, Ертіс, Шұйлық және Нарын бар. Бұл өзендер Сырдариядан кем түспейді. Бұл өзендердің көп бөлігі Көкше теңіз (Балқаш) көліне құяды, ол Моғолстан мен Өзбек ұлысының ортасын да бөліп тұрады". Бұл мемлекет Шағатай ұлысының бір бөлігі еді, ал екінші бөлгінде Мауереннахр өмір сүріп жатты.
Моғолстанның құрамына Түркістан, Оңтүстік-шығыс Қазақстан облыстары және Орта Азияның кейбір облыстары кірді. Моғолстан ортағасырлық авторлардың тарихи деректерінде мемлекет өзінің құрылу кезеңдеріне қарай "моғол" атты этникалық-саяси бір тұтастыққа енудің ұзақ араласу және сіңісу процесінен өткен жергілікті түрік және түріктенген моңғол тайпаларының мемлекеттік-саяси бірлестігі болып көрінеді. Оған кіретін тайпалар: дулаттар, албандар, суандар, қаңлылар, керейлер, арғындар, барластар т.б. Моғолстан ордасының орныққан орталығы Алмалық қаласы болды. Моғолстан бұрынғы Шағатай ұлысының және Жошының оңтүстік-шығыстағы әскерлеріне толық билік жүргізді. Тоғылық-Темір Мауереннахр өлкесін Шыңғыс әулеті Денішмендінің атынан билеп отырған Қазағанның көзін құртуды, сол арқылы бұл өңірді Моғолстанға қосып алуды ойлады. Сөйтіп, ол 1358 жылы астыртын кісі жіберіп Қазаған әмірді өлтіртті. Бір жыл өткен соң ірі соғыстардың бірінде Қазағанның мұрагер ұлы Абдолла да қаза тапты. Осыдан кейін Мауереннахр бірнеше тәуелсіз облыстарға бөлініп кетті. Бұл жағдайды пайдаланып қалуды көздеген Тоғылық-Темір оларды бағындыруға кірісті. 1360 жылдары Тоғылық-Темір Орта Азиядағы Шағатай мемлекетінің бұрынғы қалпына қайта келтіру үшін Мауереннахрға екінші рет жорық жасап, екеуін де жеңіспен аяқтап, баласы Ілияс Қожаны хан тағына отырғызып қайтады. Бұл жолы ол Орта Азияның болашақ билеушісі әмір Темірді Кеш қаласының бастығы етіп тағайындады. 1362 ж. Тоғылық Темір қаза тауып, Моғолстанда билік Ілияс Қожаға көшкенде Мауереннахрға билеуші болып, Қазағанның немересі Хұсайын тағайындалды. Осы тұста қарындасына үйленіп Хұсайынмен дос болған әмір Темір онымен бірге Моғолстанға қарсы шығып, Мауеренахрды өздерінің қол астына біріктіруге кірісті. Темір билік биігіне өрлегенде мұсылман дініне сүйенді. Ол діндар емес еді. Дін тиым салған талай күнәларға белшесінен батып жүріп көптеген мешіттер, діни оқу орындарын салдырды. Түркістанда Қожа Ахмет Иассауидің мазарын салдырған да соның өзі.
XIV ғасырдың 70-90 жж. Орта Азия билеушісіне айналған әмір Темір Моғолстан мен Ақ Ордаға қайта-қайта шапқыншылық жорықтар жасады. Әмір Темірдің әскерлері Алмалық маңына дейін келді және осы өңірдегі керей тайпасын талан-таражға ұшыратты. Әмір Темірдің шақыншылық жорықтары Ақ Орда мен Моғолстан халқына ауыр азап шектірді. Егін шаруашылығы бүлінді, қала-қыстақтар қирап, сауда мен қолөнер құлдырап, мал басы кеміп кетті. Осынын нәтижесінде 70-80-жж. өзінде-ақ Моғолстан билеушілері Қызыр Қожа ханның (1388-1389 жж.), әмір Қамар ад-дин Дулаттың, Енге төренің және басқалардың Жетісу мен Қашқарияға Темір әскерлерінің басып кіруіне қарсы ұзаққа созылған және табан тірескен күрес жүргізуіне тура келді. Осы күрес барысында Ақ Ордамен күш біріктіруге әрекет жасалды. Әмір Темірге қарсы бірлескен күресінің Шығыс Дешті-Қыпшақ пен Жетісу халқының саяси, шаруашылық байланыстарын орнату үшін зор маңызы болды. Орта Азия билеушісі жорықтарының нәтижесінде Моғолстан уақытша үлестерге бөлініп кетті. Қызыр Қожа хан өзін Темірдің вассалы деп тануға мәжбүр болды. Темір ұрпақтары XV ғасырдың І-жартысында Оңтүстік-Шығыс Қазақстан мен Қырғызстан жерлерінен дәмеленуін тоқтатпады.
Қызыр Қожа хан өлген соң, оның балалары билеген кезеңдерде өзара талас-тартыс қайта өршіді. Моғолстан мемлекеті бірнеше бөлікке ыдырады. 1408 жылдан Моғолстан ханы Мұхаммед ханның тұсында Моғолстан іс жүзінде Темір әулетіне тәуелді болған жоқ. Бұл хан Темір әулеті билігінен Моғолстанның батыс аудандарын, Шу, Талас алқабын азат етіп қоймай, сонымен қатар Түркістан мен Ферғананың егіншілікті алқаптарына қол жеткізу үшін одан әрі жылжуға күш салды. Мұхаммед Хайдар Дулати атап көрсеткендей Мұхаммед хан ел басқару ісін тәртіпке келтірді.
Дегенмен Мұхаммед ханнан кейін Моғолстанда бүліктер мен өзара дау-жанжал қайта өрбіп, мұны Мауереннахр билеушілері пайдаланды. 1414 ж. Қашқария қайтадан Темір әулетінің иелігіне көшті. Әмір Темірдің ұрпағы Ұлықбек 20-жж. Моғолстанның өз ішінде Жетісу жерлерінде, Солтүстік Тянь-Шаньда Темір әулетінің ықпалын кеңейту қадамдарын жасады.
1418-1421 жж. Моғолстанда үкімет билігі Уәйіс ханның қолында болды. Моғол тағына екінші бір үміткер Шер-Мұхаммедтің өтініші бойынша 1421 ж. маусымда Ұлықбектің өзі Моғолстанға жорыққа аттанды. Ұлықбектің көмегіне сүйенген Шер-Мұхаммед 1421 ж. елде билікті өз қолына алды. Моғол әмірлері мен бектерінің бір тобы оны қолдаса, енді бір тобы Уәйіс хан жағында қалды. Уәйіс хан тұсында (1418-1428 жж.) ойраттардың Моғолстанның шығыс шекараларына қысымы күшейе түсті.
Уәйіс хан 1422 ж. Турфан қаласын басып алып, оны өз астанасына айналдырды, ал ойраттар Хами қаласына шабуып жасады. Уәйіс хан он жыл ішінде қалмақтардың барлығы 61 шабуылына тойтарыс берген.
XV ғасырдын I-жартысында Оңтүстік-Шығыс
Қазақстан тынымсыз өзара
Уейіс хан өлгеннен кейін 1433-1434 жылдар шамасында хан тағына 13 жасар Есен-Бұға отырды. Арада бірнеше жыл өткен соң моғол көшпелі ақсүйектерінің талап етуімен жаңа хан Есен-Бұға Сайрам, Түркістан, Ташкентке тонаушылық шапқыншылықтар жасады. Келесі жолғы жорықта Есен-Бұға Әндіжанға дейін жетіп, қамалды қоршады.
XV ғасырдың 50-жылдарында
ойраттар Моғолстан аумағына
келіп, Шу өзенінің жағасына жетті.
Қашқардағы алауыздық
XV ғ. ойраттар шапқыншылығы бірнеше рет қайталанды. Олар Моғолстанды әлсірете түсті, міне сондықтан да Моғолстан ханы Есен-Бұға 50-жж. аяғында Батыс Жетісуға келген қазақтар Жәнібек пен Керейді ойраттар бетін қайтару үшін пайдаланбақ болды. Қазақтар, іс жүзінде, әсіресе 60-жж. ортасында Жетісудағы өз иеліктерін ойраттардан қорғай алды.
Көшпелі өзбектер мемлекеті (1428 –1468 жж.). Феодалдық бытыраңқылықтың күшеюі XV ғасырдың алғашқы ширегінде Қазақстанның орталық аймағында Әбілқайыр хандығының пайда болуына әкелді.
XV ғасырдың 20-жылдарының аяғында Ақ Орданың далалық аумағының үлкен бөлігінде, XIV ғасырдың өзінде-ақ біріккен, Орда – Ежен мен Шайбани ұрпақтары билігіндегі халық пен жерде билеуші әулет ауысады: Шыңғыс ұрпақтары мен көшпелі шонжарларының қиян-кескі күресінің нәтижесінде билік біріншісінің мұрагерлерінен екіншісінің мұрагерлеріне ауысады. Бұл күрестің пайда болуы мен етек алуына саяси және әлеуметтік-экономикалық сипаттағы көптеген себебтерге байланысты Ақ Орданың әлсіреуі мен құлдырауы себепші болды. Ортағасырлық авторлардың бірі Махмұд ибн Уәли Ақ Ордада Шайбани ұрпақтарының билік басына келу фактісін жалпы Алтын Орданың күйреуімен орынды байланыстырады.Ақ Орда хандарынан айырмашылығы – Шайбани ұрпақтары Орда тағы үшін жан аямай, өздерінің материалдық және адам ресурстарын ысырап еткен жоқ. Олардың Темір мен оның мұрагерлерінің басқыншылық дәмелеріне тойтарыс беруіне де тура келмеді. Өйткені Темір ұрпақтарын бұл ауданда көшіп жүретін даладан гөрі бірінші кезекте Сырдария аңғарындағы бекініс-қалалар қызықтырған еді. Осының бәрі Шайбани ұрпақтарына Орда–Ежен мен Тоқа-Темір әулетінен өрбіген хандарға қарама-қарсы Ақ Орда аумағында билік ету құқығын білдіру және Шығыс Дешті Қыпшақ пен кейініректе Түркістанның саяси картасын өзгерту мүмкіндігін қамтамасыз етті.
Шайбани ұрпағы Жұмадық хан 1428 жылы маңғыт әмірлерімен және Жошы Ұрпағы Қажы-Мұхаммедпен Жайтар-Жалқын сайында болған шайқаста қаза тапқаннан кейін Шайбани ұрпағы Дәулет-Шайхтың баласы Әбілқайыр хижра бойынша 833 жылы (1428-1429 жж.) Тура өңірінде (Батыс Сібір) хан деп жарияланады. Оның хандығының құрамына қият, маңғыт, шынбай, найман, қарлұқ, үйсін тағы басқа сол сияқты тайпалар енді. Шығыс Дешті Қыпшақтың феодалдық бытыраңқы жерлерін біріктірген "Көшпелі өзбектер мемлекетінің" яғни Әбілқайыр хандығының Қазақстан тарихында елеулі орны бар. Әбілқайыр хан құрған мемлекеттің атауы деретемелерде дәстүр бойынша "Өзбек ұлысы", сондай-ақ "Шайбани ұлысы", "Әбілқайыр ұлысы" деп аталған. "Ұлыс " атауы деректемелерде ел атауымен, "ел және өзбек ұлысы" деген түрде тәуелді халықтың этносаяси жалпы атауы ретінде айтылады. Бұл соңғы ат сонымен бірге географиялық "дийар "- ел (Дийар-и өзбек) ұғымымен қоса қолданылады. Тарихи әдебиетте Әбілқайыр мемлекетін "Өзбек хандығы", "Көшпелі өзбектер мемлекеті", "Әбілқайыр хандығы" деп атайды. Соңғы атау неғұрлым бейтараптау көрінеді, өйткені Орта Азиядағы өзбек халқының болашақ компоненті ретінде хандық аумағында тек көшпелі өзбектер ғана өмір сүрген жоқ, солармен бірге көп нәрседен хабардар болған XV ғасыр авторы Рузбихан Исфаханидің жазбаларына қарағанда, негізінен қазақтар, маңғыттар тұрған. Осы аумақты мекен еткен, Әбілқайыр мемлекетінің құрамына кірген аса үлкен этникалық топтардың бірінің атауымен оны Қыпшақ хандығы деп атауға да толық негіз бар.
Әбілқайырдың жаулаушылық соғыстары XV ғасырдың 30-жылдарында басталады. Тоқа Темір әулетіне қарсы жорыққа Әбілқайыр көп әскер жиды. Әбілқайырдың төменгі Сырдария аймағына жорыққа шығуының басты себебі әулеттік күрес қана емес, сонымен бірге Сырдария мен Арал жағалауы төңірегінен қысқы жайылымдық алу қажеттілігі еді. Сырдарияның төменгі сағасына иелік ету көшпелі мемлекеттің қуатын арттыру үшін аса қажетті Түркістан қалаларына жол ашатын. Шайқас 1431 ж. Екітүреп деген жерде болып, Тоқа-Темірдің жеңілуімен аяқталады. Әбілқайырдың келесі жеңісі 1446 жылы Атбасар маңында болды. Ол жолы Мұстафа ханды тас-талқан еткен. Ол бағындыру мақсатымен оңтүстік аймақтар мен елдерге әскери жорықтарға шыға бастады. Ол 1430 жылы қысқа мерзімге Хорезмді басып алды, Үргенішті тонады. 1446 жылы Ұлықбектің тақ мұрасы істеріне байланысты Мауереннахрдың оңтүстігі мен Хорасанға кеткенін білген Әбілқайыр жазғы көші-қонысын қоя тұрып, Самарқанд пен Бұқараға тап берді, олардың төңірегіндегі жерлерді тонап, ортаңғы Сырдарияның бірқатар қалаларын басып алды.
Әбілқайыр хан бұрынғы Барақ хан сияқты, Ақ Орданың экономикалық жағынан анағұрлым қуатты оңтүстік аудандарын өз қол астына кіргізудің маңызын жақсы түсінді. Ол үшін Сырдария қалалары, бұрынғы Ақ Ордадағы сияқты, бірігудің, мемлекеттің далалық аймақтарын өз билігінде ұстаудың факторы бола алатын еді. Қазақстанның далалық көшпелі аудандар тұрғындары үнемі ұмтылып келген кәсіпшілік пен сауда орталықтары саналатын Сырдария қалаларын алу Әбілқайыр хандығын нығайтуға айтарлықтай ықпал ететіні сөзсіз.