Ғылым ретіндегі Қазақстан тарихының мақсат, міндеттері және оны зерттеудің өзектілігі

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 24 Сентября 2015 в 20:06, реферат

Краткое описание

Республикамыз тәуелсіздік алғаннан кейін ата тарихымыз бен мәдени құндылықтарымызды ыждағаттылықпен қайта зерттеуге кірістік. Азаттықпен келген шығармашылық бостандық тарих ғылымында да түбейгелі өзгерістерге жол ашты. Жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы пәнін оқытуға ерекше мән беріле бастады. Өйткені, тарих - ғылым мен пән ретінде аса маңызды білім саласына жатады. Бүгінгі жас ұрпақ өз елінің, жерінің, ата-бабаларының тарихын біліп, оның жақсысынан үйреніп, жаманынан жиреніп қорытынды жасауы тиіс.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Дәрістер курсы(1).doc

— 662.00 Кб (Скачать документ)

1846 жылдардың басында Кенесары  әскерелерімен Балқаш көлі маңайына  қоныс аударды. Патша үкіметі  Кенесары басқарған көтерілістерді  жоюға  генерал-майор Вишневский  басқарған әскерлерді жіберді. Кенесары 1846 жылы Қоқанға қарсы күресте  Әулиеата (Тараз), Мерке қалаларын алады. 1846 жылы Кенесарыны қолдаушы Ұлы жүздің Саурық батыры қырғыздардың Жаманқора деген батырын өлтіреді. Қырғыздар оған жауап ретінде Саурық батырдың ауылына шабуыл жасап, жігіттерімен бірге оны өлтіріп, мал-мүлкін тонап кетеді. Осындай шиеленістердің нәтиежесінде 1847 жылы Кенесары 10 мың сарбазымен қырғыздар жеріне басып кіреді.

Кенесарының соңғы шайқасы Кекілік сеңгірінде өтті, қырғыз манаптары, Вишневскийдің отряды және Қоқан хандығының әскерлері «Алмалы сай» шатқалында үш жақтан Кенесары әскерін қоршады. Күштері әлденеше есе көп жау әскерімен қаһармандық күресте Кенесары 32 қазақ сұлтандарымен бірге қаза тапты.

Кенесары Қасымұлы басқарған ұлт-азаттық көтерілістің жеңілуіне бірнеше себептер болды. Оның ішінде ең бастысы бүкіл қазақ халқының біртұтас бірікпеуі, кейбір ру басшыларының өз бетіне бас болмақ болуы, рулық жіктелу, қазақ феодалдарының Ресей мемлекетін қолдауы. Кенесарыға Ресей, Қоқан, Бұхар хандықтарымен күресуде күші тең болмады. Сонымен қатар ол өзін жақтамаған қазақ және қырғыз ауылдарын шабуы сол жердің халқының наразылығын тудырып, көтерілісті әлсіретті. Сонымен, Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс жеңіліс тапқанымен, ол қазақ халқының тарихында мәңгілік өшпес із қалдырды және тарихи маңызы зор болды.

 

15-16 дәріс. ХІХ ғасырдағы және ХХ ғ. басындағы Қазақстандағы  патшалықтың заңдары.

Ресей империясы қазақ жерінде ХІХ ғасырдың 60-90 жылдары әкімшілік-территориялық реформалар жүргізді. 1867 жылы “Жетісу және Сырдария облыстарын басқару туралы уақытша ереже” бекітілді, ал 1868 жылы Орынбор және Батыс-Сібір генерал-губернаторлығын басқару туралы уақытша ереже бекітілді. Осы ережелерге сәйкес бүкіл Қазақстан территориясы Түркістан, Орынбор және Батыс-Сібір генерал-губернаторлығына бөлінді. Барлық билік – азаматтық, әскери биліктер бір ғана генерал-губернатордың қолында болды. Орынборға Орал мен Торғай облыстары, Батыс-Сібірге Ақмола мен Семей облыстары; Түркістанға Жетісу мен Сырдария облыстары кірді. Бұрынғы Бөкей хандығының территориясы Астрахан губерниясының құрамына,  Маңғышылақ 1870 жылы Кавказ әскери округының құрамына кірді. Генерал-губернаторлар тағайындап отырған уезд бастықтарына көмекші екі кісінің біреуі жергілікті шонжар тап өкілдерінен алынды. Уезд бастықтарына полиция да, әскери бөлімдер де, уездегі мекемелер де, бекіністер де бағынды. Уездер территориялық пинципке негізделген болыстарға, ал болыстар 100-200 шаңырақтан тұратын ауылдарға бөлінді.

1867-1868 жылдардағы реформалар  арқылы әскери-сот комиссиялары  мен уездік соттар құрылды. Сот  мекемелері Ресей империясының  отаршылдық саясатын жүргізу  құралы болды. Уездік және әскери  соттар бұқараны қанауды үдетті. Реформа арқылы отарлық басқару, билік нығайтылды.

ХХ ғасырдың бас кезінде Қазақстан Ресей империясының капитализмге дейінгі өндірістік қатынастар басым болған аграрлы-отарлық шет аймағы болды.

Отарлаушылар қазақ халқының жері мен оның табиғи байлығының көп бөлігін иелік етіп қана қоймай, сонымен бірге қазақтарды рухани жағынан отарлады. Халықты тілінен, дінінен, жерінен айыру бағытында қатыгездікпен ойластырылған шараларды жүзеге асыра бастады.

Бұл жөнінде Міржақып Дулатов 1907 жылы жазылған “Қазағым менің, елім менің” – атты мақаласына былай деп ашына жазған еді: “Ең алдымен қазақ халқы – Россияға тәуелді халық, оның ешқандай правосы жоқтығы кек тудырады. Халықтан жиналған салық қаражатының көп бөлігі халыққа тіпті керек емес нәрселерге жұмсалады.

Енді патша чиновниктері біздің дінімізге, атадан мұра болып келе жатқан әдет-ғұрыптарымызға тиісе бастады, діни кітаптарды тұтқынға алды”.

ХХ ғасырдың бас кезінде Ресей империясында таптық күрес шиеленісе түсті. Патша үкіметі осы таптық күресті шешу мақсатында қазақтардан көптеген жаңа жерлерді тартып алып, оған Ресейден орыс шаруаларын жаппай қоныс аудара бастады.

Ресейден қоныс аударған шаруалар салықтан, әскерден босатылды. Оларға алғашқы кезде ақшалай жәрдем берді. Бұл Қазақстанға қоныс аударған орыс шаруалары Ресей империясының Қазақстанды отарлауының тірегі болды.

Орыс шаруаларын Қазақстанға қоныс аудару, әсіресе Столыпинның  аграрлық саясаты кезінде кең өрістеді. Бір ғана 1906 жылдан 1907 жылға дейінгі аралықта қазақтардан 17 миллион десятина құнарлы жер тартып алынды. Қазақтарды құмды, шөлейт жерлерге ығыстырып тастады. Бұл қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайының нашарлауына алып келді.

ХІХ ғасырдың ІІ-жартысында патша үкіметі шаруалар толқуын әлсіретіп, жер мәселесін шешу мақсатында орыс шаруаларын Қазақстан, Орта Азия сияқты ұлттың аймақтарға қоныс аударту мәселесін қолға ала бастады. 1868 ж. “Жетісуда шаруаларды қоныстандыру туралы” ереже қабылданды. 1870 жылдан бастап Ресей мен Украинадан Жетісу, Семей, Орал, Сырдария, Ақмола облыстарына көптеген шаруалар қоныс тепті. 1862-1877 жылы Қытайда ұйғырлар мен дүнгендердің азаттық көтерілісі болды. Көтеріліс нәтиежесінде Ұйғыр мемлекеті құрылды. Кейін Цинь империясы Ұйғыр мемлекетін құлатты, Цинь империясының қыспаққа алуы, ұйғырлар мен дүнгендердің Қазақстанға қоныс аударуына себеп болды.

1883 жылы “Жетісу облысына орыс, ұйғыр, дүнгендерді орналастыру туралы” ереже қабылданды. Қоныс аударған ұйғырлар саны 45000, дүнгендер саны 5000 болды. Жаркент, Ақсу, Ақкент, Малыбай, Қарасу, Қорамса болыстарының негізін ұйғырлар қалады. 1897 жылы Жетісудағы ұйғырлар саны 55999 адамға; дүнгендер саны 14136 адамға жетті.

ХХ ғасырдың бас кезінде Ресейден, Украинадан Қазақстанға 1,5 миллионға жуық адам келді.

1897 жылы Бүкіл Ресейлік  халық санағы бойынша қазақтар  өз жеріндегі халықтың 81% құраса, 1914 жылы олардың саны 65%-ке төмендеді.

Сонымен бірге ХХ ғасырдың бас кезінде Қазақстанға капиталистік қатынастар ене бастады.

Қазақстанда негізінен кен қазып шығару және тау-кен зауыттары, өңдеуші кәсіпорындар дамыды.

Тау-кен өнеркәсібі түсті металдар мен темірдің бай кен орындары Алтай мен Орталық Қазақстанда өркендеді. ХХ ғ. басында Қазақстандағы мыс, алтын, темір және басқа қазба байлықтар шығаратын тау-кен өнеркәсібі шетелдіктердің қолында боды.

ХХ ғ. бас кезіндегі тау-кен өнеркәсібінің басты салаларының бірі алтын шығару болды. Екібастұзда, Қарағандыда, Саранда көмір кен орындары пайдаланылды. Сондай-ақ тұз өндіру ісі де біршама дамыды. Семейде, Павлодарда тұз кәсіпшіліктері болды. Батыс Қазақстандағы Орал-Ембі аймағында мұнай шығарылды.

Жалпы алғанда ауыл шаруашылық шикізаттарын өңдейтін, теріден былғары жасайтын, май шыжғыратын, сабын қайнататын, спирт шығаратын кәсіпорындар басым болды.

1901-1905 жылдары Орынбор-Ташкент  темір жолы салынды.

ХІХ ғасырдың аяғына қарай шаруашылықтың дамуына байланысты Қазақстанда банкілер пайда болды. Орал банкісі (1876 ж.), Қызылжар банкісі (1881 ж.), Семей банкісі (1895 ж.), Омбы банкісі (1895 ж.), Верный банкісі (1912 ж.) ашылды. Капиталистік қатынастардың дамуына байланысты сауда, айырбас ісі қанат жайды. ХІХ ғасырда қазақ даласында сауда ісінде маңызды орын алған көптеген жәрмеңкелер ашылды. Алғашқы жәрмеңке 1832 ж. Бөкей ордасында ұйымдастырылды. 1848 ж. Қазақстандағы ең ірі жәрмеңке Талдықоянды деген жерде ашылды. Қарқара жәрмеңкесі, негізінен Қытаймен сауда жасайтын ірі орталық болды. 1880 ж. Қазақстанның шығыс өңірінде 70-ке жуық маңызды сауда орталығы (жәрмеңке) болған.

ХІХ ғасырдың І-жартысында Қазақстан, Қытай Шынжаң араларында сауда байланысы дами түсті. Екі ел арасындағы ірі сауда орталықтары: Бұқтырма, Кереку, Өскемен бекіністері мен Семей, Қызылжар (Петропавл) қалалары.

Ресейдегі 1905-1907 жылдар аралығында болған бірінші буржуазиялық-демократиялық революция Қазақстан еңбекшілерінің саяси оянуына, ұлт-азаттық қозғалыстың дамуына әсер етті.

1905 жылғы Петербургте  болған қанды жексенбі оқиғасы Қазақстанға да тарады. Соған байланысты Түркістан, Шалқар, Перовск, Жосалы темір жолшылары ереуілге шықты.

Сонымен бірге бұл революция қазақ зиялыларының саяси көзқарасының қалыптасып, қоғамдық-саяси қызметке араласуына ықпал жасады.

17-19 дәріс.ХІХ-ХХ ғ. б. қазақ зиялыларының коғамдық-саяси өмірдегі орны мен рөлі.  1916 ж. ұлт-азаттық көтеріліс.

 ХХ ғасырдың бас  кезіндегі қазақ зиялылары Әлихан  Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Бақытжан  Қаратаев, Міржақып Дулатов бұл  революцияға белсене қатысты.

Олар 1905 жылы қазанда Оралда бес облыстағы қазақ халқы делегаттарының съезін өткізіп, қазақтардың ұлттық мүдделерін қорғауға тиісті өздерінің партиясын құруға әрекет жасады. Олар өздерінің алдына орыс шаруаларының Қазақстанға жер беру, мектептер ашу, дін тұту ерекшелігін алу, ұлттық мәдениетті дамыту, қазақ тілін басқа тілдермен теңестіруін қойды.

1905-1907 жылдар Қазақстанның  саяси өмірі мен ұлттық интеллигенциясы  тарихында І және ІІ мемлекеттік  Думаға сайлау ерекше маңызды  болып табылады. Бұл науқанға ұлтық интеллигенцияның белгілі өкілдері белсенді түрде қатысты. І мемлекеттік Думаға қазақ өлкесінен сайланғандар қатарында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Бірімжанов, Алпысбай Қалменовтер болды.

Ал ІІ мемлекеттік Думаның қатарына Бақытжан Қаратаев, Мұхаметжан Тынышпаев, Әлихан Бөкейхановтар болды. Бақытжан Қаратаев Думаның 1907 жылғы мәжілісіне сөйлеген сөзінде Столыпинның  Қазақстандағы аграрлық саясатын қатты сынға алды. Орыс шаруаларын Қазақстанға қоныс аударуды тоқтатуға шақырды.

Бірінші дүние жүзілік соғысқа Ресей империясының қатысуына байланысты, Қазақстан ол кезде Ресей империясының отары болғандықтан соғыстың бар ауыртпалығы қазақ халқының басына түсті.

Қазақ халқының жерлерін тартып алу, соғыс қажеті үшін киімдерін, малын және азық-түлік өнімдерін мемлекет есебіне деп еріксіз алды. Соғыс салығы түріндегі барлығы 10-ға жуық әр түрлі салықтар салынды. Бір ғана Түркістан өлкесінен 300 мың пұт ет, 70 мың жылқы, 13 мың түйе тасып әкетілді.

Қазақстанда жалпы ұлттық дағдарыс пісіп-жетілді. Осы кездегі қазақ халқының хал-жағдайын суреттеген А.Байтұрсынов: “Қазақ ұлтының өмір сүруінің өзі проблемаға айналды,” – деп жазды. Осы қазақ халқының ауыр тұрмысы 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың себебі болды.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске  патшаның 19 жастан 43 жас аралығында еңбекке жарамды халықты майданның қара жұмысына алу туралы 25 маусымдағы жарлығы сылтау болды. Бұл қара жұмысқа Қазақстан мен Орта Азиядан 400 мың адам алу жоспарланды.

1916 жылы шілде айының  басында Қазақстанның барлық  аймақтарында қарулы көтеріліс басталды. 1916 жылы көтерілістің басты мақсаты ұлттық және саяси азаттыққа жету болды.

Торғай облысы 1916 жылғы көтерілістің ірі орталықтарының бірі болды. Мұнда қазақтардың күресі ұзаққа созылды. Торғай даласындағы көтерілісшілердің саны 50 мыңға дейін жеткен. 1916 ж. қазан айында Амангелді бастаған көтерілісшілер Торғай қаласын қоршады. Көтерілісті талқандау үшін патша үкіметі генерал Лаврентьев басқарған тоғыз мың адамдық жазалаушы корпус жіберді. Патшаның жазалаушы әскерлері қазақ ауылдарын шауып өртеп, халықты қырғынға ұшыратты. Көтерілісшілер Торғайды ала алмағаннан кейін партизандық күреске көшіп, жазалаушы әскерлерге елеулі соққы беріп отырды. Торғай көтерілісі 1917 жылы Ақпан революциясына дейін созылды.

Сонымен қатар көтерілістің ірі орталықтарының бірі Жетісу жері болды. Қазақстанның оңтүстігінде Қарқара аймағы халықтық революцияның ірі ошағы болды. 1916 жылы 11 тамызда 5 мыңнан астам көтерілісшілер Қарқара жәрмеңкесін қоршап алды. Көтерілісшілер Кравченконың жазалау отрядын талқандап, жәрмеңкені басып алды. Лепсі уезінде, Меркеде, Әулиеатада, Мойынқұмда көтерілісшілер патшаның жазалаушы отрядтарына қарсы табанды шайқас жүргізді.

Жетісудағы халық көтерілісін басып-жаншу үшін патша үкіметі құрамында 14 батальон, 42 зеңбірек, 97 пулемет командасы бір тұтас жазалау экспедициясын жіберді. Нашар қаруланған көтерілісшілер жеңілуге мәжбүр болды. Көтерілісшілердің көпшілігі Батыс Қытайға өтіп кетуге мәжбүр болды. Патшаның жазалаушы отрядтары қазақ ауылдарын шауып, өртеп халықты қырғынға ұшыратты.

Көтерілістің жеңіліс табуының ең басты себептері оның бытыраңқылығы, жеткілікті түрде ұйымдаспағаны болды. Сонымен бірге ұлттық демократиялық зиялылар қатарында бірлік болмады. Біреулері әскери қызметке баруға шақырды, екіншілері патша үкіметімен келіссөз жүргізді.

1916 жылы көтеріліс қазақ  халқының ұлттық сана – сезімінің  өсуіне үлкен әсер етті.

1917 жылы 27 ақпанда Ресейде  Ақпан буржуазиялық демократиялық  революциясы жеңіске жетті. ІІ  Николай патша тақтан құлатылды. Патша тақтан құлатылғаннан кейін  елде қос үкімет орнады. Оның бірі жұмысшы – солдат депутаттарының Кеңесі болса, екіншісі уақытша үкімет еді.

Ресейде болып жатқан оқиғалар Қазақстанда да қанат жайды.  Уақытша үкімет өзінің Қазақсандағы билігін сақтап қалу үшін бұрынғы облыс басындағы генерал-губернаторлардың орнына комиссарлар тағайындады. 1917 жылғы сәуір айында Түркістан өлкесін басқару үшін Түркістан комитеті құрылды. Бұл комитетінің құрамына қазақтардан Мұхамеджан Тынышбаев, Әлихан Бөкейханов кірді. Әлихан Бөкейханов сонымен бірге Торғай облысының комиссары болды. Уақытша үкімет органдарымен қатар Қазақстанда екінші үкімет – жұмысшы, солдат депутаттардың Кеңестері өмір сүрді.

Информация о работе Ғылым ретіндегі Қазақстан тарихының мақсат, міндеттері және оны зерттеудің өзектілігі