Г.Н. Потанин және қазақ зиялылары: саяси және рухани көзқарастарды тарихи талдау

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 15 Января 2014 в 08:00, автореферат

Краткое описание

Кіріспеде жұмысқа жалпы сипаттама беріліп, тақырыптың өзектілігі мен ғылыми жаңалығы көрсетіліп, мақсаты мен міндеттері, зерттеу нысаны анықталды, методологиялық негізі айқындалып, хронологиялық шеңбері, практикалық маңызы көрсетілді. Бірінші тарау «ХІХ Ғ. екінші жартысындағы – ХХ ғ. басындағы демократияшыл орыс және қазақ зиялыларының көзқарастарын зерттеудің методологиялық мәселелері» деп аталады.

Прикрепленные файлы: 1 файл

потанин.doc

— 436.50 Кб (Скачать документ)

      1991 жылы тәуелсіздігіміз жариялап, Алаш қайраткерлері туралы зерттеулерге жол ашылғаннан кейін ұлттық мүдде тұрғысынан олардың өмірі мен қоғамдық-саяси істерін қарастыра бастады. Олардың қызметін жаңаша көзқарас тұрғысынан К.Нұрпейісовтың, М.Қойгелдиевтің, Д. Аманжолованың, Ө. Озғанбайдың, О. Қоңыратбаевтың, М. Қозыбаевтың, Т. Омарбековтың,   М. Құл-Мухамедтің, С. Өзбекұлының монографиялық зерттеулері, т.б. зерттеушілердің саяси көшбасшылар жөніндегі еңбектері баспасөз бетінде жарияланып тұрды.

       Алашорданың күрделі мәселелерін зерттеуде үлкен қадам жасаған Кеңес Нұрпейісов болды. Оның тарихи зерттеуінің құндылығы бұрын қол жетпейтін құжаттарды ғылыми айналымға енгізгендігінде болып табылады. Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің мұрағат құжаттарына, газет (“Қазақ”, “Сарыарқа”) материалдарына сүйеніп, күрделі мәселелерді жаңаша көзқараспен шешуге мүмкіндік алған. Автор мұрағат материалдарын жүйелеу арқылы аз зерттелген, күрмеуі көп мәселелердің шешімін табуға тырысқан. К. Нұрпейісов тарихи әдебиетте бірінші рет Ә. Бөкейхановтың “Алаш” партиясын құру, Алашорданың төрағасы болған кездегі қызметін, жалпы ел басқарудағы рөлін көрсетсе [19], ал ғылыми мақалаларында Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов сияқты Алаштың саяси жетекшілерінің ұлт-азаттық қозғалысқа тікелей қатынаспаса да, сатқындық жасамағанын дәлелдеп, Алаш пен Алашорда қозғалысының құрамдас бөлімдеріне, бірінші орыс революциясы жылдарындағы Ә.Бөкейханов төңірегіне топтасқан қазақ зиялыларының саясатқа араласқан алғашқы қадамдарына сипаттама жасайды.

      Қазақтың саяси элитасының қоғамдық-саяси қызметін зерттеудегі жаңа кезеңнің бір көрінісі осы мәселе жөніндегі ”Болашақ үшін өткенді білу – парыз” және “Қос төңкеріс және Алаш қозғалысы” деген пікір алысулардың да маңызы зор болды деп есептейміз.      

      Ә. Бөкейхановтың шығармашылығына арналған еңбектерден С.Аққұлұлының, Д.Тоқпановтың, А. Мектептегінің, Б. Қойшыбаевтың ғылыми мақалаларын атауға болады. Е. Серкебаевтың “Бүкілресейлік құрылтай және “Алаш” зиялылары” мақаласында құрылтайға депутаттар сайлау барысы мен оның жұмысына шолу жасаса, жекелеген зерттеушілер Алаш қозғалысына баға беру үшін алдымен оның көш бастаушыларының кімдер болғандығын анықтау мәселесі осы тақырыпты ғылыми тұрғыдан игеруге шешуші түрде ықпал жасайды деп есептейді. Олар осы кезге дейін алаш қозғалысының көсемдеріне “буржуазиялық либералдар”, “қазақ ұлтшылдары”анықтамаларын беру Алаш интеллигенциясын және олар басқарған саяси қозғалыстың қоғамдық дамудағы алатын орнына сәйкес емес деп түсінеді. М.К. Қозыбаев Алашқа либералды ұлттық инттелигенцияның партиясы деген анықтама бере отырып, оның идеологиясы отаршылдыққа қарсы бағытталған ұлтшылдық болды деген қорытынды жасады.

М. Қойгелдиев еңбегінде  Алаш зиялыларының іс-қимылдарына сипаттама  жасалған [20]. Алаш зиялыларының идеялық-саяси көөзқарастары Ресей, Түркия сияқты елдердің жоғары оқу орындарында қалыптасқанын көрсеткен.  Құжаттық деректер негізінде автор Ә. Бөкейхан, Ж. Ақпаев, А. Байтұрсыновтың қызметіне талдау жасайды. 1906-1916 жж. кезеңнің тәуелсіздік үшін күрестегі идеологияның қалыптасуына, Алаш қозғалысының саяси ұстанымының нығаюында маңызды рөл атқарғанын анықтайды. Ө. Озғанбай Ресей мемлекеттік Думасы туралы жан-жақты талдау жасаса [21], С. Мадуанов Орталық Азия елдерімен қазақтардың қатынасын көрсетуде қоғамдық-саяси оқиғаларға мән берсе [22], Хабижанова Г.Б., Валиханов Е.Ж., А. Кривков зерттеуінде ХІХ ғ. екінші жартысы-ХХ ғ. басындағы орыс интеллигенциясының Қазақстандағы қызметіне сипаттама жасалған [23]. Бұл еңбекте Г.Н. Потаниннің қазақ зиялыларымен арадағы байланысы атап өтілген. Сібірдегі саяси жағдайды Қазақстанмен салыстыруда М.К. Асылбеков еңбегін пайдаландық [24]. Ол Қазақстандағы темір жолшылардың саяси санасының өсуіне сипаттама жасаған. Ал В. Галиев еңбегінде Қазақстанды зерттеген шетелдік және Ресей саяхатшыларына қазақ зиялылары қалай көмектескенін және тілмаштық қызметтерін атап өткен [25].

      Жеке  тұлғалар жөнінде ғалымдардың  назарын аударған бірқатар диссертациялық  зерттеулер жазылды. Қазақстанның  қос төңкеріс пен азамат соғысы  кезеңіндегі Алаш қозғалысының жекелеген мәселелері бойынша, атап айтқанда, Алаш қозғалысының тарихнамасы, Ақпан революциясынан кейінгі демократиялық өзгерістер, қазақ комитеттерінің қызметі, қазақ съездері, мұсылмандық қозғалыс мәселесі туралы Р.Нұрмағамбетованың, А.Абылғазинаның, А.Махаеваның, С.Рүстемовтың, Ә.Пірмановтың, А.Бопованың, Ш.Тухмарованың, Т.Әуелғазинаның, К.Атымтаеваның және т.б. диссертациялық еңбектерінде ғылыми талап негізінде зерттеліп, объективті баға беруге талпыныс жасалған. Бұл зерттеулерді “ХХ ғ. басындағы Қазақстан” атты кешенді мәселені ашу ісіне қосылған зор үлес деп бағалауға болады.

     Сонымен, 90-жж. ғылыми-саяси әдебиетке талдау  жасау алаш мәселесін зерттеуде  зерттеушілік ойдың алға жылжығанын  байқатады. Әсіресе бұл зерттеулердің  жан-жақтылығы мен құжаттық базасының кеңдігін атап өткен дұрыс деп есептейміз. Соның нәтижесінде Алаш пен Алашорда тарихының өзекті мәселелерін, яғни оппозициялық қозғалыстың пайда болуы, әлеуметтік құрамы, ішкі және сыртқы факторларын анықтау сияқты саяси-әлеуметтік үрдістер көшбасшыларының қоғамдық-саяси, идеологиялық көзқарастарының қалыптасуындағы маңызды роль атқарған жақтарын көрсетті.

     ХХ ғ.  аяғы ХХІ ғ. басында көптеген  ғылыми әдебиеттер жарық көріп,  оған объективті алғышарттар  - Қазақстанның тәуелсіз алуы, демократиялық үдерістердің көрінуі саяси еңбектерге әсерін тигізбей қойған жоқ. Жаңа құжаттардың ғылыми айналымға енуі, оларды талдау қайта қарауға мүмкіндік туғызып, Алаш қозғалысына, оның жетекшілеріне деген тұжырымдардың мәні өзгертіп, бұрынғы кертартпа пікірлерінен бас тартуға әкелді. Шетелдік зерттеушілер Алашорда қозғалысының негізгі маңызы ХХ ғ. бірінші ширегіндегі қазақ ұлттық біртұтастығының қайта өрлеуіне қосықан үлесінде деп көрсетеді.

      Американ  тарихшысы Марта Олкотт өз  еңбегінде Алаш-Орда мен большевиктік өкіметтің өзара қарым-қатынасын қарастырып, 1919 жылға тоқталады; бұл кезде, Алаштың жетекшілері Кеңес өкіметімен ынтымақтасуды жөн көрген болатын. Мұрағат құжаттарын пайдаланбағандықтан, автор мәселенің тұңғиық тереңіне жете алмаған. Ал Хасен Оралтайдың еңбектерінде дерек ретінде С.Сейфуллиннің еңбектерін қолданып, Алаш тарихын жалпытүріктік позиция тұрғысынан қарастырады.  Хоккайдо университетінде қызмет ететін жапон тарихшысы Уяма Томохиконың еңбектері назар аударарлық деп санаймыз. Алаш зиялыларының жетекшілері екі мақсатқа – автономиялық мемлекет пен ұлтаралық татулықты сақтауға талпынды деп автор дұрыс көрсетеді.   Сонымен бірге Томохико әдебиетте кездесетін қайшылықты да көрсетеді, яғни Алашорданың түпкі мақсаты тәуелсіздікке қол жеткізу болса, ал деректерде ол Ресей Федеративтік Республикасы құрамында автономия болу деп атап көрсетеді. Ұлттық тұлғалар жөніндегі маңызды еңбектерге Ричард Пайпстың зерттеулері жатады. Өз еңбегінде автор белгілі мәселелерді қарастыра отырып, Ресейдің мемлекеттік құрылымын талдап, Ақпан революциясының оқиғаларын сипаттайды. ХХ ғ. басындағы Ресей тарихында зиялы қауымның орны мен рөліне, тарихи миссиясына, партия мен либералдық қозғалысқа талдау жасауы көңіл қоярлық тұжырым. Мұндай еңбектер бізге Ресейдегі саяси оқиғалардың шет аймаққа әсеріне талдау жасауға аз да болса көмегін тигізді.

     Алаш тарихнамасына  талдау жасау біздің зерттеу  нысанамызға жатпайды. Біз Г.Н.  Потанинге қатысты дүниелерді  оның өз еңбектерінен  ғана  алдық, сондықтан оны дерек  ретінде қолданғандықтан тарихнамалық талдауға енбейтіні белгілі. Ал Г.Н. Потанин мен Алаш зиялыларының қарым-қатынасы туралы арнайы зерттеулер жоқ.

      Тақырыптың деректік негіздері осы тараудың 3-бөлімінде талданды. Зерттеуде қолданылған деректердің ауқымы кең деуге болады. Деректердің негізі Г.Н. Потаниннің өз шығармалары, Томск, Омск облыстық мұрағат құжаттары, ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатының материалдары, ҚР ҒА кітапханасының сирек кітаптар қорындағы деректік материалдар.

      Г.Н. Потаниннің  эпистолярлық мұралары көп. Оның бәрі жарыққа шықты                                        деп айту қиын. 1987-1992 жж. Иркутск зерттеушілері Г.Н. Потаниннің бес томдық хаттар жинағын шығарды. Оған 662 хат енген. Томск университетінің ғылыми кітапханасы қорында 1920 жылдан бастап Г.Н. Потаниннің мұрағаты сақталған. Ғалымның мұрағаты мен кітапханасының Томск мемлекеттік университетіне түсу Сібірді зерттеу институтының тағдырымен байланысты болды.

      Сібірді зерттеу  институтын ұйымдастыру туралы  алғашқы мәжіліс 1919 жылы 15 қаңтарда Томск профессорлары Б.П. Вейнберг, В.В. Сапожников, М.А. Усовтардың бастамасымен өтті. Бұл институттың негізгі міндеті Сібірдің табиғи байлығын тиімді пайдалану үшін табиғатын, халқын т.б. зерттеу болды. Институт жанына мұрағат, мұражай, кітапхана ашып, кітап, мерзімді баспасөз қорларын ұйымдастыру, Сібірді барлық жағынан да ашып көрсететін материалдар жинастыру да кезек күттірмейтін міндет ретінде қойылды. Әсіресе Сібірдің көрнекті қайраткерлерінің қорын жасап, онда қолжазбаларын, хаттарын, портреттерін, басқа да заттарын сақтап қою да ұмытылған жоқ, сондықтан съезд бюросы шешімімен жеке адамдарға, мекемелерге, қоғамдарға Сібір туралы институтқа материал жіберу ұсыныстары айтылды. Сібір зиялы қауымы бұл ұсынысқа ерекше назар аударып, кітаптар ғана емес, жеке мақалаларын, журналдар, газеттер жібереді. Олардың қатарында жеке адамдар ғана емес, түрлі мекемелер, қоғамдар, ұйымдар, соның ішінде Томск халық кітапханасы, Алтайды зерттеу қоғамы, Тобыл губерниялық мұражайы т.б. болды. Олар кітапханаға кітаптар, газет-журналдар жіберді.

      Алғашқылардың бірі  болып Г.Н. Потанин бұл ұсынысқа  ерекше ден қойды. Әрине, бұл кезде Г.Н. Потаниннің денсаулығы нашар еді. Оған ұйытқы болған достары екені сөзсіз. 1920 жылы қаңтардың басында Институттың кітапхана комиссиясына ғалымның кітапханасындағы кітаптардың тізімі берілді. Комиссия құрамында Томск университеті кітапханасының бас кітапханашысы А.И. Милютин, В.Ф. Смолин, профессор Э.В. Диль кірді. 20­шы қаңтарда өткен комиссия мәжілісінде Г.Н. Потаниннің кітаптары мен мұрағатын алу туралы мәселе қаралып, кітаптарының тізімін қарастыруды М.К. Азадовскийге тапсырды. 17 ақпандағы мәжілісте А.И. Милютинмен бірге М.К. Азадовскийдің жасаған хабарламасында Г.Н. Потаниннің кітаптары мен мұрағатын 40 мың сомға бағалайтындарын айтты.

      Г.Н. Потаниннің  кітапханасы мен мұрағатында  1487 нөмірлі  кітап, брошюра,  жеке жазбалар, журналдар, жыл  сайынғы газеттер, 180 бума (10643 бет)  қолжазба, 12 бума (644 бет) суреттер, фотолар,  портреттер т.б. болған. Бұл мұралар  Институт кітапханасына түскеннен кейін оларға жеке қор ашып, орналастырады, өңдеп, жүйелейді. Құжаттарды реттік санмен белгілейді. Тізбелері құрастырылады. Олар қазірге дейін жақсы сақталған. Г.Н. Потанинге қатысты кітаптарға Институт кітапханасының төрт бұрышты штампы қойылады, кітап шифрі қасына екі «Пт.» деген дауыссыз дыбыс жазылады. Г.Н. Потаниннің бүкіл кітап қоры төрт инвентарь қолжазба кітапта жазылған.

Г.Н. Потаниннің 12 000 беттен тұратын мұрағаты Томскідегі Ғылыми кітапханада сақтаулы. Құжаттар үш бөлімді құрайды. Бірінші бөліміне тарих, география, этнографиядан жазған мақалалары, Г.Н. Потаниннің рецензиялары, жолда жазған күнделіктері (1876-1877, 1879, 1884, 1892), өмірбаяндық материалдары, хаттары. Екінші бөлімге фотолар, көркем сурет материалдары, көптеген хаттары. Үшінші бөлімде құжаттар, фотолар, хаттар, визитка карточкалары, Г.Н. Потаниннің шығармашылық қолжазбалары, нөмірленбеген, сондықтан мұрағат тізіміне енбеген.

ХХ ғасырдың 60-жж. «Корреспонденттердің алфавиттік көрсеткіштері» құрастырылып, зерттеушілердің пайдалануы жеңілденді. ХХ ғ. 70-жж. бұрын дұрыс топталмаған хаттары корреспонденция бойынша қайта жүйеленді. Өңделмеген мұрағаттан 100 хат анықталып, корреспонденттер ішінде Н.М. Ядринцев, В.М. Крутовский, А.В. Адрианов т.б. болды. ХХ ғ. 10-жж. жазылған Г.Н. Потаниннің 24 хаты А.Н. Седельниковке арналған.

Григорий Николаевич мұрағатына қарағанда ол табиғатынан ұқыпты адам болғаны байқалады, өйткені қолжазбаларын, экспедиция күнделіктерін, хаттарын сақтаумен бірге, ескі жазба кітаптарын, пәтер кітапшаларын, ескі чектер, газет қиындылары, конверттер т.б. сақтаған. Өз кітапханасынан оқыған кітаптарынан жасаған жазбалары 3 мың томды құрайды. Бұлар да Томск университетінің кітапханасында сақтаулы. Демек, Г.Н. Потаниннің мұрағаты кешенді деректер, оған қарап бізге оны жеке тұлға, ғалым ретінде ғана сипаттап қоймай, ХХ ғасыр басындағы замана шындықты көрсетуге көмектеседі,  Г.Н. Потаниннің айналасындағы адамдардың қандай болғанын білуге мәлімет береді.

Томск мемлекеттік университетінің  ғылыми кітапханасында сақталған Г.Н. Потаниннің мұрағат материалдарын толық жарияласа, зерттеушілерге мол мәлімет көзі ашылар еді. «Сібір мұрағатының» 2 томына Г.Н. Потаниннің эпистолярлық мұрасы енген. Оған белгілі Сібір ақыны М.Г. Васильевамен (1863-1943) жазысқан хаттары [26]. М.Г. Васильева 1911-1917 жж. Г.Н. Потаниннің екінші әйелі болған, мұның өзі оның өмірінің жеке тұстарын білуге көмектеседі.

Кітапханада Г.Н. Потанин  мен М.Г. Васильеваның 251 хаты сақталған. Бірінші хатты Г.Н. Потанин Петербургтен Барнауылға 1901 жылы 3 қаңтарда жіберген, соңғы хатын Томскіден 1914 ж. 9 тамызында жазған. Бұл хаттар      Г.Н. Потанинді жеке адам ретінде қандай болғанын және өмірінің соңғы жылдары қалай өткенін білуге көмектеседі. Сонымен қатар бұл хаттардан алашшылдар Ә. Ермеков, Ж. Ақпаев, Ә. Бөкейханов туралы жазғандары бар. Оларды біз бұл жұмыста дерек ретінде пайдаландық.

«Сібір мұрағатының» бірінші томына «Сібір сепаратистерінің істері» енген, оны Сібір облысшыларының дерегі деуге болады. Новосибирск зерттеушілері Г.Н. Потаниннің әдеби шығармаларын жариялады. Тарихи-әдеби материалдарын Г.Н. Потанин аяқтамаған. Дегенмен де ондағы хаттар арқылы мазмұнының қалай дамығанын білуге болады.

        Г.Н. Потаниннің «Естеліктері» 1913 ж. 20 қаңтардан 1916 ж. 14 мамыр аралығында жарық көрді. Оның 60 кесіндісі жарық көрген. Н.Н. Яновский оларды жинақтап 1983 жылы жарияласа, 1986 жылы өңдеп қайта шығарған. А.Г. Грумм-Гржимайло Г.Н. Потаниннің 532 хатын жинақтап, Иркутскіде шығарады. Хаттардың келесі бір тобын Г.Н. Потаниннің қазақ зиялыларымен жазған хаттары құрайды. Олар Томск облыстық мемлекеттік мұрағаты (ГАТО) мен Томск мемлекеттік университеті кітапханасының сирек қорында сақталған. Ол хаттарды мұрағатта нөмірлеп белгілеген. Біз өз зерттеуімізде қазақ зиялыларының Г.Н. Потанинге жазған хаттарын пайдаланып, талдадық. Атап айтқанда Ж. Ақпаевтың жазған үш хаты, оның біріншісі № 11 деп белгіленген 1913 ж. 13 маусымда жазылған, екіншісі № 12 деп белгіленген 1914 жылы 30 мамырда Ж. Ақбаев Қарқаралыдан жазған хаты, үшіншісі № 1914 ж. 13-29 маусымда жазған хаты. Біржақсиннің қазақ ауыз әдебиеті туралы мәліметтерді туралы Г.Н. Потанинге жазған хатын біз Г.Н. Потаниннің қазақтар туралы зерттеулері қалай жүргенін талдағанда пайдаландық. Гайсиннің Г.Н. Потанинге жазған мұсылман облыстық съезінің болатыны туралы екінші хатында осы съезде қаралатын мәселелер туралы жазған.

      Келесі бір хатты Г. Кыштымов Монғолиядан жазған. Г.Н. Потанин Монғолияға саяхат жасап, зерттеу жүргізгендіктен Г. Кыштымов осы хаты арқылы Г.Н. Потанин сияқты зерттеушілердің еңбегіне риза болған тілегін жазған.

 Г.Н. Потаниннің Н. Ядринцевке жазған хаттары көп. Ядринцевпен арадағы қарым-қатынасын зерттеу біздің мақсатымыз болмаса да, оның жеке тұлғасының кейбір тұстарын ашуда біз Н. Ядринцевтің жұбайы Л. Ядринцеваның (Злобина) Г.Н. Потанинге жазған  хатын пайдаландық.

Информация о работе Г.Н. Потанин және қазақ зиялылары: саяси және рухани көзқарастарды тарихи талдау