Г.Н. Потанин және қазақ зиялылары: саяси және рухани көзқарастарды тарихи талдау

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 15 Января 2014 в 08:00, автореферат

Краткое описание

Кіріспеде жұмысқа жалпы сипаттама беріліп, тақырыптың өзектілігі мен ғылыми жаңалығы көрсетіліп, мақсаты мен міндеттері, зерттеу нысаны анықталды, методологиялық негізі айқындалып, хронологиялық шеңбері, практикалық маңызы көрсетілді. Бірінші тарау «ХІХ Ғ. екінші жартысындағы – ХХ ғ. басындағы демократияшыл орыс және қазақ зиялыларының көзқарастарын зерттеудің методологиялық мәселелері» деп аталады.

Прикрепленные файлы: 1 файл

потанин.doc

— 436.50 Кб (Скачать документ)

Адам тиімділікті ғана ойлап қоймай, жеке өзі метафизикалы да ойлайды. Ойлау принципіне сай адамдар ғылыми және көркемдік мектептерге, бағыттар мен қозғалыстарға бөліне алады.

 Н.П. Гордеевтің  пікірінше, мұндай жағдайда тұлғалар тобының таптан, әлеуметтен тыс тобын айтудың қажеті жоқ, өйткені әңгіме рухани тарих, ой тарихы туралы болып отыр. Ал оны осы ұрпақтың кез келгені қайталай алады.

М.А. Славинский интеллигентті  интелектуалды зертхана деп атап, онда таза мәдени құндылықтардан басқа, ұлт азаттықтың және саяси құрылымның түрлері мен кейпі жасалады деген пікір айтады [3]. Бұл автордың ұлтты дамытудағы интеллигенцияның рөлі туралы мәселені көтергенін құптауға болады. Автордың ойынша, интеллигенция өз халқының ұлттық санасының барлық құрамдарын қорғайтыны анық. Оның мәдени дамуы сол халықтың мәдени даму деңгейімен анықталады, оның көңіл-күйі де сол ұлттыкіндей, психикасы халықтық санамен ұлттық психологияның ақырғы формасын береді. Халықтың мәдени-ұлттық шығармашылығының басты қаруы болып табылатын ұлттық тіл соның иелігінде болады. М.А. Славинскийдің пайымдамалары қазіргі заманғы зерттеушілердің көзқарастарына қарама-қайшы келетінін байқауға болады.

 Таптық қоғамдағы  интеллигенцияның орны туралы айта отырып, С.Я. Вольфсон оның пролетариат пен ұсақ буржуазия арасындағы аралық топ екенін, «пролетарлық интеллигенция» терминіне қарсы екенін айқындап, кез келген интеллигенция тапқа тәуелсіз деп көрсетеді. Автордың бұл ұстанымы интеллигенция туралы кеңестік тарихнамада оңшыл оппортунистік делінді. Интелегенция туралы екінші тұжырымдаманы жақтаушылар оны күрделі шығармашылық еңбекпен, кәсіби ой еңбегімен айналысатын адамдар тобы деп таныды. Бұл анықтамаға назар аударсақ, В.И. Лениннің «Бір қадам алға, екі қадам артқа» деген еңбегінде интеллигенциға қатысты утилитаризм тәсілін қолданғанын байқаймыз, ал бұл тәсіл большевиктер партиясы билікке келгеннен кейін теория мен практикада жүзінде анықталды. Мұндай марксистік тәсілде революцияға дейінгі және кеңестік кезеңдегі интеллигенция арасындағы айырмашылық көрсетілмеді, оның рөлі мен орны да анықталмаған. Интеллигенция қызметін таза кәсіби қызмет деп санайды [4].

В.И. Ленин орыс қоғамының  ерекше тобы ретіндегі «сословиесіз интеллигенция» тезисіне қарсы болып, орыстың алдыңғы қатарлы, либералды, демократиялық интеллигенция буржуазиялық интеллигенция болды деп мәлімдеді. И.В. Сталин интеллигенция мәнін теориялық жағынан қарапайым схемаға салды. Ол В.И. Лениннен коммунистік қоғамды дамытудың жоғары деңгейіне жеткізетін ерекше әлеуметтік топ деген пікірін ала отырып, кеңестік қоғамның әлеуметтік-таптық құрылысының «үштік формуласына» енгізді.

Мұстафа Шоқай интеллигенция деп кім алдына жоғары мақсат қойып, сол мақсат үшін барлығымен бірігетін білімді адамдарды атауға болатынын айтты. Ұлттық интеллигенция құрамына өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуы үшін еңбек ететіндер де енеді деп көрсетті [5].

Кеңестік қоғамдық ғылымда интеллигенция мәселесі идеологияландырылды. Марксизм догматикалық бұл мәселені ХХ ғ. 30-жж. толығымен бекітті. Интеллигенция өзінің жеке дүниетанымы жоқ, қоғамның қандай да бір табының дүниетанымын білдіретін ой еңбегі қызметкерлерінен тұратын әлеуметтік топ ретінде анықталды. Бұдан басқа анықтамаларды қабылдамады. Кеңестік ғылымда ұзақ уақыт бойы интеллигенцияның әлеуметтік-саяси дербестігі туралы мәселе жабық болды.

Деректік мәліметтерге қарағанда алашшыл ұлт зиялылары саяси күрес жүргізуді, дипломатиялық, идеологиялық әдістерді кең қолданған. Өйткені, сол тарихи кезеңде қазақ қоғамының ішкі және сыртқы әсерлері яғни демографиялық ара салмақ, орыс халқының шовинистік пиғылы, автономия ісін жүзеге асыруда әрдайым дипломатиялық тәсілдерді қолдануға мәжбүр болды. Өйтпеген жағдайда елде азамат соғысы өрті тұтануы мүмкін еді. Міне осы жағдайды ескере отырып бұл кезеңдегі қазақ зиялыларының әр бағыттағы белсенді қызметі нәтижесінде алаштық дипломатия мектебі қалыптасты деген қорытынды да жасауымызға болады. Идеологиялық әдіс - қазақ қоғамын идеялық тұрғыдан біріктіруге, халықтың саяси сана-сезімін оятуға және большевизмге қарсы үгіт-насихат жүргізу жұмыстарында кеңінен қолданылды. Саяси күрес жүргізудегі ұлт зиялыларының ұстанған әдістерінің ішіндегі маңыздыларының бірі - қай жерде болмасын қалалық Думада, Земство мекемелерінде, Кеңестік биліктің негізгі ықпалды, жауапты қызмет орындарын қолға алу арқылы ұлттық мүддеге сай жұмыс жүргізу тәсілі болды. Сондай-ақ, Алаш зиялылары большевиктерге қарсы саяси репрессиялық әдіске де жүгінуге тырысқан.

       «Тақырыптың зерттелу деңгейі» деп аталатын бөлімде тақырыпқа қатысты зерттеулерге шолу жасалды. Г.Н. Потанин туралы библиографиялық еңбектер көп екеніне дау жоқ. Оның көпшілігі Г.Н. Потаниннің зерттеу еңбектері жарық көргенде және 1905, 1915 жж. мен 70-80-жылдық мерей тойлары атап өтілгенде шықты. Біз Г.Н. Потанин туралы шыққан бүкіл еңбектерді толығымен сипаттауды мақсат тұтпаймыз, өйткені біздің тақырыбымыздың түйінін ашуға оның бәрі қажетті деп айту қиын. Тақырыптың мазмұнына сай тарауларға қатысты мәселелер бойынша ғана әдебиеттерге тоқталып шолу жасаған дұрыс деп есептедік.

     Г.Н. Потаниннің (1835-1920) өскен ортасы және көзқарасының қалыптасуына талдау жасасақ, оның өмірбаяны туралы мәліметтер алғаш рет П.П. Семенов-Тяншаньскийдің  жазғандарында кездеседі [6]. Ол «Нива» журналында жарияланған болатын. Г.Н. Потаниннің география, этнография, фольклор, өлкетану, ботаника ғылымына, Сібірдің қоғамдық-саяси және мәдени өміріне қосқан үлесі туралы көптеген энциклопедиялық, анықтамалық және жинақтық басылымдарда жарық көрді. Атап айтқанда, Кеңес дәуіріндегі Үлкен энциклопедияда,  Тарихи энциклопедияда, Қысқаша географиялық энциклопедияда Г.Н. Потаниннің өмірі мен ғылымға қосқан үлесі туралы мағлұмат берілген.  Неміс тілінен орысшаға аударылған 300 ден астам саяхатшылар мен зерттеушілердің мұраларын сипаттаған өмірбаяндық, анықтамалық сөздікте де Г.Н. Потанин жөнінде мәліметтер бар.

      Г.Н. Потаниннің  өмірбаянын жазу қай кезде  болсын тоқтаған жоқ. Мысалы, А.В.  Адрианов оның 80 жылдығына арналған жинақта өмірбаянын толық баяндаған [7]. В.А. Обручевте оның өмірі мен қызметі туралы көлемді еңбек жазған [8].  Алайда бұл еңбектердің бір кемшілігі Г.Н. Потаниннің Алаш зиялыларымен қарым-қатынасы туралы жекелеген мәліметтердің аздығы. М.В. Шиловский Г.Н. Потаниннің туғанына 160 жыл толуына орай ол туралы мәліметті «тұлғалық кейіпкер» түрінде жинақтаған. М.В.Шиловскийдің келесі бір еңбегі Г.Н. Потаниннің 170 жылдығына арналып, оның Орталық Азияда жүргізген зерттеулерін кешенді түрде қарастырған, әсіресе география, фольклор, этнография, тарих, ботаника т.б. қосқан үлесін көрсеткен. Автор Г.Н. Потаниннің зерттеулеріндегі өзіндік тұжырымдау тәсілдеріне баса назар аударған. Сонымен қатар ХІХ ғ. екінші жартысы – ХХ ғ. басындағы Сібірдің қоғамдық-саяси және мәдени өміріндегі Г.Н. Потаниннің Сібір облысшыларының идеологы ретіндегі рөлін көрсетуге тырысып, алғаш рет Ресей тарихындағы аймақтануды негіздеудің тәсілдерін жасаған. Г.Н. Потаниннің Ресейдің ғылымы мен мәдениетіне үлес қосқан П. Семенов-Тяншаньский, А.С. Гациский, И.И. Попов, В.А. Обручев, В.Г. Короленко, Д.А. Клеменц, С.Ф. Ольденбург, В.Я. Шишков, Г.Д. Гребеньщиковпен қарым-қатынастарын талдаған. Сібір кадет корпусында      Г.Н. Потаниннің Шоқанмен бірге оқығанын сипаттағанымен,  зерттеуде автор Григорий Потаниннің қазақ зиялыларымен қарым-қатынасын көрсетпеген. Г.Н. Гехтман Г.Н. Потаниннің өмірбаянымен бірге, оның географияға қосқан үлесін мазмұндаған. Алайда бұл еңбекте Г.Н. Потаниннің қазақ өлкесін зерттеуде оған көмектескен қазақ зиялылары туралы айтылмаған.

       Сібір кадет  корпусы туралы да еңбектер  баршылық. Бұл оқу орнында қазақтың  біртуар ұлы Шоқан Уәлихановтың  оқығанын мақтан етпейтін қазақ  жоқ. Бұл оқу орнының Г.Н. Потаниннің дүниетанымын қалыптастыруда орны ерекше болды. Өйткені, дәл осы жерде ол Шоқанмен бірге оқып, одан көп нәрсені үйренді, оның дарындылығына, біліміне тәнті болды. А.И. Солодухин Кадет корпустарындағы оқу үрдісін сипаттай отырып, Г.Н. Потаниннің өз достары арасында әділетті болғанын айтады. Ә. Марғұлан Шоқан өмірі туралы очерк жазса [9], Шоқан мен Г.Н. Потанин арасындағы достықты С. Өтениязов өз зерттеуінде жүйелі баяндалған [10]. Сонымен бірге автор бұл еңбегінде Мұса Шорманов туралы да ұтымды мәлімет келтіргенін айта кеткеніміз жөн. Ал, М. Малышева мен Познанскийдің мақаласында Г. Потанин Шоқаннан үлкен тағылым алғандығы айтылған. Бұл еңбектер Омбы облысының мемлекеттік мұрағат құжаттарын молынан пайдаланғандықтан құнды деп есептейміз. Ал И. Белов болса Кадет корпусында оқып жүрген кезінде Омбы қаласының Г.Н. Потанинге қалай әсер еткенін жазған. Омбы қаласы туралы М.И. Юрасованың да тамаша еңбегі бар. Г.Н. Потаниннің өзі Қазақстан қалаларының ішінен Семей туралы жазғанын, ал бұл туралы қалалар тарихын зерттеуші Ж. Қасымбаев еңбегінде айтылғанын атап кетуге болады. Г.Н. Потаниннің дүниетанымына, ғылыми жолына үлкен үлес қосқандардың бірі әйгілі саяхатшы П.П. Семенов болды. Ол Г.Н. Потанинге саяхатшы-ғалым болудың жолын көрсетті. П.П. Семенов Г.Н. Потанинді Орыс Географиялық қоғамының жұмысына қатыстырып, оны таза ғылым жолына баулыды. П.П. Семеновтың көзі тірісінде-ақ бұл қоғамның жарты ғасырлық тарихы бар болатын. А.М. Сагалаев пен В.М. Крюков еңбегінде Г.Н. Потаниннің ғылымға қосқан үлесі, көзқарасы туралы жан-жақты баяндалады. Сонымен бірге Сібірдегі қоғамдық және ғылыми өмірді де біршама сипаттаған [11].

      Г.Н. Потаниннің  ғылыми саяхаты туралы жазылған  еңбектер аз. Оны тек біз Г.Н. Потаниннің өз еңбектерінен ғана білеміз. Тек, Г.Е. Катанаев Потаниннің әкесінің Орта Азиядағы барлауы туралы жазған [12].  Екінші бір еңбегінде Г. Катанаев ХІХ ғ. Н.И. Потаниннің қырғыз даласы мен Қоқан хандығына жасаған сапары туралы жазған. 

       С.Ф. Ольденбург, В.А. Гордлевский айтқандай Г.Н. Потанин Шығысты еуропалықтардың санасына енгізіп, оны дүние жүзілік мәдениеттің қатарына қосудағы ұлы істегі алғашқылардың бірі болды [13]. С.Ф. Ольденбург  Г.Н. Потаниннің ғылыми қызметінің ерекшелігі қоғамдық, халықтық мәнде болды дей отыра, тыныш бір кабинетте, бір-бірімен араласпайтын қалада жасалған жоқ, ол ашық аспан астында, үңгірде, киіз үйде оның өмірі өтіп, еңбектері жазылды дейді. Аталмыш осы екі авторлардың Г.Н. Потаниннің ғылыми еңбектерін жоғары бағалауымен бірге, Г.Н. Потанин  мерейтойына қатысты жазған газет пен журналдарды жарияланған мақалаларының да үздік шыққанын айта кеткеніміз жөн. Мысалы, С.Ф. Ольденбургтің «Не довольно» деген очеркі 1915 ж. 21 қыркүйекте Сібірді зерттеу қоғамының жиналысында тыңдалды. Осы кезде В.А. Гордлевскийдің «Г.Н. Потанин как народословник» деген мақаласы да жарық көріп, екеуі де Г.Н. Потаниннің саяхаттары  ғылымға зор үлес қосқанын айтқан.

      Г.Н. Потаниннің  Ішкі Азия, Алтай мен Қазақстанға  жасаған саяхаттары нәтижесінде жинаған материалдары ХІХ ғ. аяғындағы Азияны зерттеуші ғалымдардың ішінде бірінші орын алатынын В.А. Обручев өз еңбегінде атап өткен болатын [14]. Алайда бұл жөнінде қазіргі ғылымда тарихнамалық еңбектердің жоқ екенін айтқанымыз жөн деп санаймыз. В.А. Обручев Г.Н. Потаниннің саяхаты туралы жаза отырып, оның қоғамдық қызметі мен еңбектерінің тұтас бір тізімін жасау болашақтың ісі деп атап көрсеткен. ХІХ-ХХ ғғ. орыстың географиялық зерттеулерінің тарихы туралы еңбегінде В.А. Есаков Орталық Азиядағы зерттеулер М. Пржевальский, М.В. Певцов және Г.Н. Потаниндердің арқасында жүзеге асқанын көрсетеді.

      Сібірдегі қоғамдық-саяси өмірдің Қазақстанға да әсер еткені белгілі. Ал ХІХ -ХХ ғғ.  Сібірді айтқанда Г.Н. Потанинді еске алмау мүмкін емес. Томскідегі Потаниннің үйірмесі туралы Я.Р. Кошелев пен Г.И. Пелихтің мақаласында ұтымды сипатталған.

Сібір облысшылары туралы тарихи әдебиеттердегі ХІХ ғ. 50-60-шы жж. қоғамдық қозғалыстың өрлеуінің Г.Н. Потанин мен Ядринцевтің дүниетанымының қалыптасуына әсері айтарлықтай зерттелген емес. Сондықтан бұл зерттеуімізде біз осы ықпалдың деңгейін көрсетуге тырысамыз, ал облысшылардың пайда болуы туралы деректерге тақырыпқа қатысы жоқ болғандықтан тоқталмауды жөн көрдік. Н.А. Лапин еңбегінде ХІХ ғ. Сібірдегі революциялық-демократиялық қозғалысы сипатталса, С.Г. Сватиков осы кездегі Сібір облысшыларының қызметін талдаған. Ал М.В. Шиловский Сібірдің қоғамдық-саяси өміріндегі облысшылардың алатын орнын көрсеткен [15]. М.В. Шиловскийдің келесі бір көлемді зерттеуінде Сібірдегі 1917-1920 жылдардағы саяси үрдістер қарастырылып, аймақтағы негізгі саяси топтардың қызметі қарастырылған [16]. Большевиктерге қарсы мемлекеттік құрылымдар да зерттеу нысаны болған. Автор мәліметтік материалдар негізінде Ресейдің шығысындағы «ақтар» қозғалысы әсерінен әскери диктатура орнатуға жағдай туғанын көрсетеді. Сонымен бірге Сібір облысшыларының Г.Н. Потанин басшылығымен барлық саяси үрдістерге қатысқанын сипаттаған. Дегенмен де автор қазақ зиялыларына айтарлықтай сипаттама жасамаған, тек Әлихан Бөкейхановтың атын атап кетеді. Сібірдің қоғамдық-саяси өмірі, ол жерде өткен съездер туралы баспасөзде де жарияланып тұрды. Атап айтқанда А. Мейеровичтің мақаласы «Иркутск өмірінде» және А.Н. Шпицынның мақаласында елдің бірігуіне мән берілсе, ал 1917 жылдағы оқиғаларға тек шолу ғана  жасалды. Сібір автономиясына қатысты еңбектің қатарына М.П. Малышеваның жан-жақты жазғандарын жатқызуға болады [17]. Автор Сібір облысшылары-потаниншілдердің бірінші съезі туралы жаза отырып, Алашордалықтарға Г.Н. Потаниннің риза болғанын атап өтеді [18].

     Біз Алашордаға  байланысты жазылған зерттеулерді  де бөліп қарастырдық, себебі  оларда ХХ ғ. бас кезіндегі саяси оқиғалардың барысы кең сипатталып жазылған. Әрине, ол еңбектерде кеңестік дәуірдің көзқарасы басым екенін ескергеніміз жөн. 20-ж. басында Ахмет Байтұрсынов пен Әлихан Бөкейханов “Алаш” ұлттық партиясының құрылуы мен қалыптасу кезеңдерін сипаттауға бірінші рет талпыныс жасайды. А.К. Бочаговтың тарихи очеркі қазақ интеллигенциясы үшін Ақпан революциясының ерекше рөл атқарғанын айтып өткенімен, 1927 жылы шыққан естелік кітабында Алашорданың “контрреволюциялық” мәнін көрсетуді мақсат еткен. Н. Мартыненко құрастырып, О.Исаев алғы сөз жазған құжаттар жинағында “Алаш” партиясының қызметіне кері баға берілуімен бірге, 1913-1920 жж. оқиғалар жөніндегі қызықты құжаттар қазақ қоғамының топтасуындағы Алашорданың ерекше рөліне баға беруге мүмкіндік береді. 1933 ж. 8-28 желтоқсан аралығында БК(б)П қазақ өлкесінің Комитеті жанындағы ҚМЛҒЗИ тарих секторында Алашорда қозғалысына арналған пікірталас ұйымдастырылды. Осы аталған институт қызметкерлері С. Брайнин мен Ш. Шафиро “Алашорданың тарихи рөлі” атты баяндама жасайды. Осы баяндама негізінде екеуі кейін кітап шығарады. Кітап “Алаш қозғалысының бастау көздері”, “1916 жылғы көтерілістегі алаш интеллигенциясының рөлі”, “Алаш қозғалысы Ақпан мен Қазан аралығында”, “Алашорда - ұлтшыл контрреволюцияның үкіметі”, “Алаш қозғалысының тарихын дәріптеушілікке қарсы” деген бөлімдерден тұрады. Тараулардың тақырыбынан көрініп тұрғандай, авторлар Алаш қозғалысының жетекшілері мен оған қатысқандардың барлығын дерлік орыс патшалығы мен уақытша үкіметтің итаршы, қолшоқпарлары, қазақ халқының қас жаулары деп бағалап, Алашорданы ұлтшыл контрреволюциялық үкімет деп анықтады.

        ХХ ғ. басындағы саяси-әлеуметтік үрдістер көшбасшыларының азаматтық болмысын айқындауда, олардың саяси-әлеуметтік әрекеттеріндегі кейбір мәселелерді баяндағанда М.Шоқай, З.У. Тоған, Х. Оралтай, А. Керенский және Н. Бердяев сияқты шетелдік эмиграцияға тоталитарлық жүйенің қысымы салдарынан кетуге мәжбүр болған қоғам қайраткерлерінің  зерттеу еңбектері мен ғұмырнамалық естеліктерінен мазмұнды мағлұматтар алуға болады.

    70-80 жж. Алаш зиялы қауымы  туралы зерттеулерде айтарлықтай  өзгеріс болмады. Революциялық-демократиялық бағыттағы ұлттық саяси интеллигенцияның идеялық және әлеуметтік-экономикалық көзқарастарын сипаттаған бірқатар еңбектер жарық көрді. Оларда алаш қозғалысы туралы бұрынғыдай революциялық оқиғаларға байланысты біраз мәліметтер ғана кездеседі. Бұл кезеңнің зерттеушілері Алаш жетекшілерінің қызметіне Қазақстандағы Кеңес үкіметіне қарсы бағытталған контрреволюциялық қозғалыс көсемдері ретінде баға берді. 80-жж. соңында қазақ мәдениеті мен ғылымының көрнекті қайраткерлерінің шығармашылық мұрасын қайта қарау үшін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанынан құрылған комиссияның шешімімен сталиндік жазалау құрбаны болған біз жоғарыда атаған қазақ зиялыларының шығарма жинақтары жариялана бастады. Дегенмен, 80 жж. аяғы-90 жж. басында КОКП идеологиясы Алаш туралы саяси тарихты әлі де тежеп жатты. Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық комитеті де Алаш қызметіне “Қазақ қоғамындағы феодал-байлардың мүддесін” қорғайтын “буржуазияшыл ұлтшылдар” деген баға берді. Ғылыми танымның жаңа методологиясының болмағандығынан осындай кемшіліктердің болуы қайта құру кезінде жазыла бастаған еңбектер Алаш мәселесін шынайы зерттеудің шекарасын кеңейтті.

Информация о работе Г.Н. Потанин және қазақ зиялылары: саяси және рухани көзқарастарды тарихи талдау