Автор работы: Пользователь скрыл имя, 24 Сентября 2013 в 20:16, курсовая работа
Бүгінгі күні тіл ғылымы жаңа – антропоцентристік бағытта дамып келеді. Жаңа бағыттағы зерттеулердің дені тілді адам баласының өзін-өзі тануының құралы ретінде қарау принципіне сүйенеді. Бұған дейінгі лингвистикадағы басым бағыт – құрылымдық болса, қазіргі кезде бұл дәстүрден өзгеше дәстүр қалыптасты.
I МӘСЕЛЕНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ МЕН ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫ
1.1Күрделі атау, сандық ұғымдардан жасалған күрделі атаулар – сөзжасамдық бірліктер
1.2Қазақ тіліндегі сан атауларының зерттелуі жайында
1. 3 Когнитивтік лингвистика және концепт ұғымы
ІІ САНДЫҚ ҰҒЫМДАР АРҚЫЛЫ ЖАСАЛҒАН КҮРДЕЛІ АТАУЛАР КОНЦЕПТІЛЕРІНІҢ ҚҰРЫЛЫМЫ МЕН МАЗМҰНЫ
2.1 Сандық ұғымдар арқылы жасалған күрделі атаулар концептілерінің құрылымы: аялық білім, астырт және үстірт мағына
2.2 Сандық ұғымдар арқылы жасалған күрделі атаулар концептілерінің мазмұны
Төрт санының символикалық мәні. Төрт саны ең алдымен дүниенің төрт бұрышымен – оңтүстік, солтүстік, шығыс және батыспен тікелей байланысты. Көне ұйғыр ескерткіштеріндегі tört bulun // төрт бұрыш «бүкіл дүние, әлем» мағынасында қолданылатын көне дәстүр. Қазақ тіліндегі дүниенің төрт бұрышы «барлық әлем, түпкір-түпкірден», түрік тіліндегі dunjanyn tört buzagyndan // дүниенің төрт бұрышынан «бүкіл әлемнен, әр тараптан», кабардин-балқар тіліндегі төрт дуниа «бүкіл әлем», өзбек тіліндегі томаниң Қибла «барлық төрт тарабқа» және т.б тіркестер қазіргі түркі тілдес халықтарда сақталған.
Төрт саны мифологиялық түсінікте тұрақтылық, тұтастық мағынасында жұмсалады. Мысалы: төрт құбыласы түгел, төрт көзі түгел, төрт қанат үй, төрт мезгіл, төрт мүше, төрт маусым, құранның төрт мүшесі, төрт пір және т.б.
Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінде» tört tjyum «төрт рет туылу, дүнеге келу», tört es «төрт әулие», яғни Алланың төрт әулиесі, мұсылман мемлекетінің алғашқы төрт әкімі – Әбубәкір, Омар, Осман және Әли аттарымен тікелей байланысты. Қазақ тіліндегі аспаннан түскен төрт кітап фраземасы діни ұғыммен – Мұсаның кітабы – Библия, Дәуіттің кітабы – Пластырь, Исаның кітабы – Евангелие, Мұхамбет кітабы – Құран – тікелей байланысты.
Төрт саны туралы Ф.Р.Ахметжанова мен Қ.С.Дүсіпбаева былай дейді: «Төрт періште» мифология мен діни ұғымдар бойынша, құдайдың әмірін жеткізіп тұратын, табиғаттан тыс мифтік көмекшілер. Аллаға жақын ұлы төрт періште бар, олар: Жәбірейіл – Алламен арадағы байланысшы, сенімді хабаршы; Мекайыл – табиғат күшін (жауын, жел, егіншілік т.б.), құбылыстарын бақылайды; Исрафил – қиямет күнінде жел тұрғызып дауылдатады, адамдардың қайта дүниеге келуін бақылайды; Әзірейіл – ажалы жеткендердің жанын алады (Ахметжанова, Дүсіпбаева, 2001:63).
Төрт санының киелі қасиеттері туралы ғалымдар Ж.Байзақов пен С.Қонақбаев, дүниенің негізі төрт элементтен – от, су, жер және жел, төрт ұғымы осымен байланысты деп түсіндіреді (Байзақов, Қонақбаев, 1979: 25).
«Төрт» сөзі көз сөзімен тіркесіп метафораланған тіркестер жасайды: қазақ тіліндегі екі көзі төрт болу «күту, әбігерлену, тынышы кету, қорқу», төрт көзі түгел «жанұясы аман-есен, барлығы түгел», түн ұйқысын төрт бөлу «мазасы кету, алаңдау», төрт арыстың баласы «бүкіл ел, халық», төрт аяғы тең теңселген (жорға) 1. «жақсы жорғалайтын ат»; 2. «төгілте жырлайтын ақын», төрт аяқтан ақсады «ауыртпалық басына түсіп, қатты қиналды», торт аяқты екенсің! (қарғыс) «қу, зұлым», төрт табандады «екі аяқ, екі қолын тіреп тұра қалды», төрт тағаны кимылдады «зорға қимылдады, әлсіреді»; түрік тілінде dört göze beklemek «асыға, шыдамсыз-дана күту» (сөзбе сөз «төрт көзімен қарау»); башқұрт тілінде дөрт күз менен күтүу «асыға күту» (сөзбе сөз «төрт көзімен күту»); өзбек тілінде турт кузи билан кутди ~ икки кузи турт болди «асыға күту» (сөзбе сөз «төрт көзімен күту» ~ «екі көзі төрт болды»), турт ишкали бут «бір нәрсеге зәру болу», турт оғиз «аздау, аз» (сөзбе сөз «төрт ауыз»); ұйғыр тілінде икки көзи төрт болмақ «шыдамсыздан күту», төрт көзи тәл (олтурмак) «бәрі жиналып, түгелімен болу»), төрт пути асманға салбиримақ «қайтыс болу, о дүниеге аттану» және т.б.
Түркі халықтарында, әсіресе, қазақ халқы үшін төрт түлік күн көріс пен тіршіліктің негізгі көзі болған. Төрт түлік мал фраземасының мотиві – түйе, жылқы, сиыр, қой. Төрт түліктің сақтаушы иесі бар деп есептеген, атап айтсақ: түйе пірі – Ойсыл қара, жылқы пірі – Қамбар ата, сиыр пірі – Зеңгі баба, қой пірі – Шопан (Шекшек) ата және оларға сиынған. Тілде сақталған төрт түлігі сай болды «малға байыды, бай болды» фраземасы да осы түсінікпен тікелей байланысты.
Түркі тілдерінде төрт сөзімен тіркесіп жасалған идиомалар саны аз емес. Идиомалардың негізгі мағынасы «толыққандылық, тұрақтылық, беріктік, біркелкілік». Мысалы, ұйғыр тілінде төрт айиғида тик турғизмақ «бағып-өсіріп, адам қылу», төрт мүчиси сақ «сау-саламат, аман-есен», төрт там «тұратын жай, баспана», түрік тілінде dört ajak üstüne düsmek «сәті түсу, жолы болу» (сөзбе сез «төр аяқтап құлау»), dört basi mamur «барлық жағынан өте жақсы, төрт қүбыласы тең» (сөзбе сөз «төрт басы да өте сәтті»), dört japrakly gul olmak «гүлдену, шаттану» (сөзбе сөз «төрт жапырақты гүл болып қалу») жөне т.б.
Саха (якут) тілінде «төрт» саны о дүниемен, тозақпен тікелей байланысты, нес туöтуген «жеңіл тозақ» (сөзбе сөз «төрт тозақ»), Саха халқының тілін, мифологиясы мен мәдениетін зерттеуші ғалым А.А.Габышеваның пікірінше, «төрт» сөзі тек тозақпен, жамандықпен, о дүниемен ғана байланысты емес, сонымен қатар түнмен және қыспен де тікелей байланысты дейді (Габышева, 1988: 88).
Қазақ тілідегі төрт қанатты үй, төрт төбе қыпшақ, төрт тарап және т.б. тіркестердегі ұғымдар «төрт» санының бойындағы құпиялар мен жұмбақ сырлардан мағлұматтар бере алады.
«Бес» концептісінің мағынасы. Қазақ тілінде «бес» сөзі бүтін «қол» мәнінде жұмсалады. Сөз түбірі о баста «беш» не «біл» түрінде емес, «піл» түрінде айтылса керек. Адам баласы үштік санау жүйесінен кейін бестік санау жүйесін ойлап тапты. Бестік санау жүйесі бойынша ертеде сандарының шегі бес болғаны анық. Әрі бес- календарь жүйесіндегі негізгі сан атауы. Бес анық: анық сөзі бұл жерде айқын деген мағынады қолданған. Бес анықты тарататын болсақ: тіл, дін, дәстүр, тарих, атамекен. Грек ғұламаларының айтуынша, адамдардың белгілі, ұлтқа, халыққа тән екендігін айқын сезіну үшін 5 түрлі шартқа толық жауап беруі тиіс:
Сандардың шегі «бес» деп білген халық, қолдағы бес саусақпен байлап, бүкіл қаруды жинастырып бес бөлікке бөлуі де ғажап емес. Өйткені қару-жарақ адамдар үшін тіршілік көзі. Әрі, бес сан есімі бір қолдағы бес саусаққа байланысты ерекше қолданысқа ие болған. Адам қолындағы бес саусақтың бірігіп тұрған төртеуі төрт текті (жер, су, от, ауа) яғни адамның топырақтан жаратылғанын білдірсе, бесінші тіке тұрған бес бармақ аспанға қарап, жаратушының жалғыздығын көрсетеді.
Бес санының символикалық мәні. Санау жүйесі ретінде «бес» ертегідегі сандардың шегі болған. Санау жүйесінің бастамасы саусақтан басталатынын ескерсек, шектік, көптік мағына бес саусақпен тікелей байланысты. В.Гордлевский сөзімен айтсақ, «... вообще число пять заключало в себе какое-то законченное количество, скорее указывающее на огромность числа и на руке всего пять пальцев» (Габышева, 1988: 88).
Қазақ тіліндегі бес аспабы сайлаулы «бар қаруы дайын, жау-жарағы әзір» фраземасы бес қарудан шыққан. Бес қару тартыспақ – садақ, атыспақ – мылтық, шанышпақ – найза, сүңгі, шабыспақ – қылыш, алдаспан, салыспақ – шоқпар, айбалта. Ертедегі түсінік бойынша, ержігіттің бес қаруы болуы керек, ол әрқашан дайын тұру қажет (Ахметжанова, Дүсіпбаева, 2001: 29).
Тілдегі бес аспап «қолынан бәрі келетін шебер, барлық іске икемді», бес саусақтай біледі «жатқа біледі, жетік біледі», бес биенің сабасындай «толық, ет жеңді» фраземаларында «өте жақсы», «керемет» семаларының мағыналары бар.
Бес санының магиялық, жұмбақ сырын бес асыл, бес дұшпан деп жырлаған Абай өлеңінің жолдары да дәлелдей түседі:
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол
Адам болам десеңіз...
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ,
Бес дұшпаның білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой,
Бес асыл іс көнсеңіз. ...(Абай).
Бес күндік пәни // бес күндік жалған дүние // бес күндік өмір «шектеулі ғұмыр» мағынасындағы фраземалалар семантикасы шектік, уақытша ұғымындағы адамның жарық дүниеге келіп, о дүниеге аттану аралығындағы уақыт өлшемін білдіреді.
«Алты» концептісінің мағынасы. Алты санының символикалық мәні. Алты санының мағынасында өте көп, шексіз, шетсіз семасы бар. Бестік санау жүйесінен кейінгі (көп мағынасындағы) алты саны да халық ұғымында алыстық, күштілік, кереметтік, қаһарлық мағынасы бар. Алты аласы, бес бересі жоқ «айдаладағы, алыс: біреу», алты арыс «ірі-ірі ру-тайпалары, туыстық жағынан жақындар», алты алаштың баласы «күллі қазақ, тұтас», алтау араз болса «өзара араз, береке болмаса», алты қабат аспанның ар жағында // алты қырдың ар жағында // алты қырдың астынан «алыста, қиырда» фраземаларында алыс, көпшілік, біртұтас мағыналары басым болса, алты басты айдаһар «айбарлы, күшті, дүлей», алты батпан «аса зор, үлкен, тым ауыр», алты батпан азап «ауыр жол, қиянат-қасіреті мол өмір», алты малта ас болмай «басқа қиыншылық күндер туып, жартымсыз тамаққа көну», алты қанат ақ үй // алты қанат ақ орда «үлкен, еңселі, салтанатты», алты құлаш ақ найза «батырларға арналған ұзын қару» идиомаларында күшті, қаһарлы, үлкен, ұзын, дәу, өте зор мағыналары басым.
Алты санындағы метафоралану мағынасын зерттеген ғалымдар екі түрлі көріністі атап көрсетеді: 1. жанұяда дүниеге келген ұл балалардың реттік саны (алтыншы); 2. мүгедек, кеміс туылған нәресте (алтыпармақ), аяғында немесе қолында алтыншы саусақпен туылған ұл бала (Менажиев, Азаматов, Абдурахманов, Бегметов, 1968: 69).
Ал түркітанушы ғалым Л.Рашоньи былай дейді «... личные имена подобного типа имеют целью укрыть новорожденного от злых духов за числительным, предельно безличным, каковым являются порядковый номер новорожденного мальчика среди детей в данной семье. Вместе с тем ср.-кипч. личная имя alty bars истолковывается как «пожелание новорожденному, родившемуся в год тигра, прожить 6 х 12 годов, т.е. долгой жизни», аналогично же – ср. – кипч. Alty buya» (Rasonyi, 1953: 47-48). Нәрестені осылай атау зұлым күштер мен рухтардан сақтайтынына халық сенген. Көне түркі лұғатында орта ұйғыр ескерткіштерінде alty julduz тіркесі кездеседі (ДТС: 40).
«Жеті» концептісінің мағынасы. Жеті негізінде жасалған нақыл сөз, тақпақ, мақал т.б. фразеологизмдер едәуір. Бұларда көне дәуір салт-санасының ізі сақталған.
Қай елдің болса да өмірінде, ескі салтында бақсылық, балгерлік болғаны әркімге аян. Сол бақсылық, діни ұғым қалдықтары қазақта да болды. Қазақ құмалақ ашқанда, Жетіскенге беретін жеті әліп деп келеді. Бұл жерде «әліп» басында «білу, тану» деген мағынаны білдірген. Өйткені, қырғыз тілінде ол «арып» деген нұсқада қазір де қолданылады. Қырғызша айлакер қуды қырық бір арыбы бар деуі де осыдан. Құмалақ аша білетін қарттардың сөзіне қарағанда, құмалақтың «жеті әліп» боп келуі «маңдайы» ашылған, «бақыт» қонған, «қыдыр» дарыған кісінің белгісі болады-мыс. Мұндағы «жетіскен» деген мағына құмалақтың «жеті әліп» боп келуіне итермеші болып тұр. Балгердің «сәуегейлігіне» шын құлай сенетін адам жетіскенге беретін жеті әліпті құмалаққа тізе бүгуі даусыз. Мұндай сенім-нанымға ұйыған жұрттың жеті қабат жер, жеті қабат көк [аспан] дегенді шығарып алуына да таңырқауға болмайды. Бұл фразеологизмдер мифологиялық, астрологиялық ұғымнан хабар беріп тұр. Жерді ұстап тұрған «көк өгіздің мүйізі» деп білген халық өзінің ойын жетімен байланыстыруы бұл сан есімнің халықтың атам заманғы өмірінен, идеялогиясынан аздап болса да дерек бола алатындығын көрсетеді. Осыған қарағанда, Жеті қарақшы (көне түркі тілінде Жетіген), қырғызша Жети аркар жұлдызын ала-бөле жеті санымен байланыстыра атауы, бұл санның, бәлкім, «киелі» екендігін көрсетсе керек. Жеті жұлдызды жеті қарақшыға балаған болар, көзіне бадырайып, көрініп тұрған затты өзінің атымен атаған болар, мұнда ешқандай «киелі» қасиет жоқ дейік. Олай болса, сан есебіне келетін өңге жұлдыздар неге басқаша аталған? Жұлдыздардың бірін Темірқазық, Үркер, Шолпан десе, бірін Есекқырған, Ақбозат, Көкбозат дейміз. Көзге көрінген баданадай нәрсені өз атымен атады делік, ал енді көзге түртсе көрінбейтін түнді қазақ неге жеті түн немесе жеті қараңғы түн дейді. Осы сөзден барып жасалған жеті қараңғы түнде [жеті түнде] неғып жүрсің? Немесе жеті қараңғы түнде қайда барасың?, Жеті қарақшыны таныған жеті түнде адаспас деген тәрізділер өте жиі кездесіп отырады. Діни ұғым, магиялық сананың жеті сөзіне байланысты екендігін жеті бүзірік [мүдірік] әулие (мұндағы «бүзірік» – зор, ірі деген мағынада) немесе жеті шәріп деген тіркестер де көрсетіп тұр. Жеті шәріп деп жүргендері мыналар: 1. Мәке [Меке) шәріп; 2. Мәдина шәріп; 3. Бұхар шәріп; 4. Шам шәріп; 5. Қатым шәріп; 6. Құддыс шәріп [Мысыр шәріп]; 7. Кәлем шәріп. Дін иелерінің: «Кәлем шәріп мұсылманға бұйырған, ол аспаннан арнай түскен жеті кітаптың бірі» деп жүруінде негіз жоқ. Осы «жетінің» ислам дінімен, Мұхамбет пайғамбармен үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын дінді уағыздаушылар біле ме екен? Кәлем шәріп «аспаннан түспестен» бұрын, Мұхамбет пайғамбар тумастан әлденеше ғасыр бұрын «жеті» санымен ұласқан ұғым-нанымның сырын «молдекемдер» білмесе керек.
«Әлмисақтан бері мұсылманбыз» деген ұғым бұқара халық үшін түсініксіз дүние. Грек халқындағы жеті әлемет («семь чудес света») талай пайғамбардың белінен басып өткен, талай әулие-әнбиелерді өзінен кейін туғызған. Ол аты шулы жеті әлемет (алыптар) мыналар: Египет (Мысыр) пирамидасы, Вавилондағы Семирамида бақшасы, Әфестегі Артемида храмы, Зевс статуясы, Галикарнастағы Мавзолей, Колосс Родосский, Фарос. Бұл жеті алып (жеті әлемет) неше буын ұрпақтардан қалып барып, әлемге әйгілі «күш» болып, сол жеті ұғымымен ұласып жатуы да – осы санның ел-елде айрықша мәні болғандығының дәлелі сықылды. Осыдан барып, ұлы зәулім, сәулетті үйлерді орыс тілінде «восьмое чудо света» деп келуі, немеее өнердің соңғы табысын «чудо современной техники» деп келуі жоғарғы «жеті әлеметтің» әсерінен шыққан екендігі орыс ғалымдарына әлдеқашаннан белгілі.
Жеті санының ой-санадан мықтап орын алғаны сондай, бір нәрсені шығаннан шыққан күш деп білсе, адам түңілерлік етіп, жеті санын қосып, қазақ ат қойып, айдар тағып алады; жалмауыздың, айдаһардың ең зорын қазақ жеті басты жалмауыз, жеті басты айдаһар (жеті басты аждаһа) дейді.
Бұл санға байланысты көзқарас халық арасында қалыптасып, салт, заң болып кеткен. Оған бір мысал: жеті атадан әрі ғана қыз алысу заңы. Араға жеті атаны салып, құда түсу әдеті ғасырлар бойы сақталып келген. Бұл дәстүр-салтты ислам дінін қабылдаған елдер кейін шариғатқа тура келтіріп алған; сөйтіп, жеті сөзі пайғамбардың хадісіне де шарпуын тигізген. Бертін келе алыс-жақындықтың өлшемі де осы жетімен өлшеніп, ең болмағанда, әр рудың адамы жеті атасын – бергі шежіресін білуге міндетті болған. Осыдан барып, жеті атасын білмеген мүрт (не жеті атасын білмеген кәпір) деген сөз қалған.
Көп нәрсені осы өлшеммен өлшеп, осы үлгімен пішіп дағдылануда сыр жатыр. Ежелден кедей, тұқым-тұқиятынан бері қарай дәнеңе көрмеген жарлы болса, оны жеті атасынан түк көрмеген дейді. Ес біліп, ат жалын тартып мініп, адам болғаннан бері қарай көргені қорлық болса, жеті жасынан көргені қорлық деп келеді. Үрім-бұтағынан бері қарай келе жатқан байлық, батырлық, ақындықты қазақ: жеті атасынан қара көк («шынжыр балақ, шұбар төс бай-манап, шонжар») десе, енді бір жерде жеті атадан бері негізі тойған; батырлық, байлық жеті атасынан келген деп келеді. Ата-бабасынан бері қарай ақындық дарыған кісіні жеті атасынан бері ақындық қонған дейді.
Тағы да қайталап айтарымыз: осындағы жеті деген сөз 7 сан есімімен лексикалық мағына жағынан, әрине адекватты емес, «о баста» «ежелден», «қашаннан», «арғы аталарынан бері қарай» деген мезгілдік ұғымды беріп тұр. Екінші сөзбен айтқанда, ең алғашқы тікелей мағына орнына басқа бір ұғым пайда болып отыр алғашқыдағы шекті сан, бертін келе «шексіз» немесе шартты, әйтеуір бір «көп сан» ретінде айтылып тұр. Бұл тәрізді құбылмалы, өзгермелілікті тілдің лексикалық саласының басқа тарауларынан да байқаймыз. Көп тілді білетін, көп халықтың әдет-ғұрпын білетін (полиглот) кісіні халық жеті ғылымның тілін біледі деп келеді; мұндағы «ғылым» деген «білім» мағынасында емес, «ел», «жұрт» мағынасында (бұл сөз тілімізге араб тілі арқылы келген «ықылым» түріндегі грек сөзі).
Информация о работе Сандық ұғымдар арқылы жасалған күрделі атаулар концептілерінің құрылым