Сандық ұғымдар арқылы жасалған күрделі атаулар концептілерінің құрылым

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 24 Сентября 2013 в 20:16, курсовая работа

Краткое описание

Бүгінгі күні тіл ғылымы жаңа – антропоцентристік бағытта дамып келеді. Жаңа бағыттағы зерттеулердің дені тілді адам баласының өзін-өзі тануының құралы ретінде қарау принципіне сүйенеді. Бұған дейінгі лингвистикадағы басым бағыт – құрылымдық болса, қазіргі кезде бұл дәстүрден өзгеше дәстүр қалыптасты.

Содержание

I МӘСЕЛЕНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ МЕН ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫ
1.1Күрделі атау, сандық ұғымдардан жасалған күрделі атаулар – сөзжасамдық бірліктер
1.2Қазақ тіліндегі сан атауларының зерттелуі жайында
1. 3 Когнитивтік лингвистика және концепт ұғымы
ІІ САНДЫҚ ҰҒЫМДАР АРҚЫЛЫ ЖАСАЛҒАН КҮРДЕЛІ АТАУЛАР КОНЦЕПТІЛЕРІНІҢ ҚҰРЫЛЫМЫ МЕН МАЗМҰНЫ
2.1 Сандық ұғымдар арқылы жасалған күрделі атаулар концептілерінің құрылымы: аялық білім, астырт және үстірт мағына
2.2 Сандық ұғымдар арқылы жасалған күрделі атаулар концептілерінің мазмұны

Прикрепленные файлы: 1 файл

Сандық+ұғымдар+арқылы+жасалған+күрделі+атаулар+концептілерінің+құрылым.doc

— 493.50 Кб (Скачать документ)


МАЗМҰНЫ

 

I МӘСЕЛЕНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ МЕН ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫ

    1. Күрделі атау, сандық ұғымдардан жасалған күрделі атаулар – сөзжасамдық бірліктер
    2. Қазақ тіліндегі сан атауларының зерттелуі жайында

 

1. 3  Когнитивтік лингвистика және концепт ұғымы

 

ІІ САНДЫҚ ҰҒЫМДАР АРҚЫЛЫ ЖАСАЛҒАН КҮРДЕЛІ АТАУЛАР КОНЦЕПТІЛЕРІНІҢ ҚҰРЫЛЫМЫ МЕН МАЗМҰНЫ

2.1 Сандық ұғымдар арқылы жасалған күрделі атаулар концептілерінің құрылымы: аялық білім, астырт және үстірт мағына

2.2 Сандық  ұғымдар арқылы жасалған күрделі  атаулар концептілерінің мазмұны

 

 

 

 

 

К І Р І С П Е

Бүгінгі күні тіл ғылымы жаңа – антропоцентристік бағытта  дамып келеді. Жаңа бағыттағы зерттеулердің  дені тілді адам баласының өзін-өзі  тануының құралы ретінде қарау принципіне сүйенеді. Бұған дейінгі лингвистикадағы  басым бағыт – құрылымдық болса, қазіргі кезде бұл дәстүрден өзгеше дәстүр қалыптасты. Тілді тек өз ішіндегі құрылым ретінде емес, адамның ой-санасы, мұқтаждықтары, жаны мен тәнінің өзгерісіне қарай құбылып қана қоймай, дамуының жаңа кезеңдерінде тіпті адам тұлғасы мен танымын қалыптастыра алатын тірі жүйе ретінде қарастыру басшылыққа алынған. Сондықтан да қазіргі заман лингвистикасында екі ғылым шегіде дамыған социолингвистика, психолингвистика, этнолингвистика, лингвокультурология, когнитивтік лингвистика сияқты тілтанымдық ғылымдар салалары қарқынды дамып келеді. Бұл ненің көрінісі? Біздің ойымызша, бұл адамды, адам қоғамы мен олардың даму заңдылықтарын зерттейтін психология, когнитология, культурология, социология сияқты ғылымдардың өз нысандарын танып білу үшін тілдің маңызды фактор екенін сезінудің көрінісі. Яғни адам баласының барлық әрекетін, оның болмысын тілсіз танып білу мүмкін емес.

Тіл қоғамдағы тарихи, әлеуметтік, мәдени, рухани өзгерістерінің айнасы іспетті. Осыған байланысты тілдік жүйенің құрылымдық бірліктері тек лингвистиканың ғана емес, этностану, әлеуметтану, елтану т.б. нысанына алынып отыр. Ендігі кезекте лингвистика ғылымы да өзінің зерттеу нысанын әлдеқайда кеңейте түсті.

Тілдік жүйенің құрылымына тереңдеп барудың, ұлттық тілдің табиғатын шынайы танудың бір жолы – тілдік таңбаларды, оны құрайтын элементтерді, олардың мазмұндық жағы мен тұлғалық жағын тілдің өз заңдылықтары негізінде қарау болса, екінші жолы – оларды тілдік емес мәнділіктермен, яғни ақиқат өмір, ойлау, танымдық тұрғыда бір-бірімен тығыз байланыста қарау болмақ. Осы тұрғыдан алғанда тілдік бірліктер ақиқат өмірді, ойлау мен тілді ұштастыратын категория ретінде танылады.

Егемендігін алған Қазақстан  халқы жаңғыру кезеңін бастан өткізіп жатқаны мәлім. Осымен байланысты рухани мәні бар көптеген құбылыстарды, соның ішінде ұлттық таным мен мәдениетке қатысты құндылықтарды қайта жаңғыртып, бағалаудың қажеттілігі зор. Кеңестік идеологиямен байланысты қазақ халқы Ресейге қосылып, отырықшылыққа көшкенге дейін өркениетті мәдениет иесі болмаған деген қасаң көзқарас қалыптасқан. Осындай қасаңдықтарды тіл деректеріне сүйене отырып қайта қарау керек. Мәселен, сан атауларымен байланысты лексика-фразеологиялық бірліктер қазақ тілінің сөз қазынасында елеулі орынға ие болған дүние. Қоршаған ортаны танып, материалдық байлықты игеру процесі кезінде, шаруашылықты игеру практикасында қалыптасатын сандық ұғымдар, олардың тілдегі атаулары тілдік ұжымның еңбек тәжірибесі, әдет-ғұрпы, мінез-құлқы, наным-сенімі, бір сөзбен айтқанда материалдық, рухани мәдени келбетін көрсететін білімдерді жинақтаушы қызмет алады. Этнос табиғи ортаны игере отырып, алған білімдерін сандық қатынас арқылы абстрактілендіре отырып, өзінің мәдениетін, басқаша айтқанда, күй-жайының тұтас дүниесі болған дәстүрлі мәдениетті жасайды және оны әрі қарай дамытады. Сөйтіп оның дәстүрлі мәдениеті тіл дүниесінен айқын көрінеді. Табиғаттағы құбылыс, заттардың мөлшерін, бір-біріне мөлшерлік, көлемдік қатынасын игеру үрдісінде пайда болған сандық атаулар халықтың әлеуметтік өмірін, кәсібін, қоғамдық құрылысы мен тарихын көрсететін индикаторлар болып табылады. Сондықтан этностың болмысы, рухани, материалдық мәдениеті, ең алдымен, тілдің лексика-фразеологиялық жүйесінде ерекше семиотикалық кодтармен таңбаланады. Осы тұрғыда әрбір халықтың болмысын, дүниетанымдық ерекшеліктерін, жинақтаған білім жүйесін оның тіл құрылымынан  іздеу керектігі еш дау туғызбайды.

Қазақ тілінде өзіндік  сыры бар байырғы сөздердің бірі – сан атауларына қатысты тілдік бірліктер. Бұл жерде сан атауларынан  жасалған күрделі атауларды – тілдік бірліктерді ақиқат өмірдің үзігі ретінде қараудың мәні ерекше. Қазақ халқының сан ұғымдарымен байланысты қалыптасқан тілдік емес құрылымдарды (соғыс жүргізу, салт-дәстүр, діни нанымдар және т.б.) тілдік дерек негізінде қарастыру жұмыстың аса маңызды тұсы   болып табылады. Жоғарыда айтылғандар дипломдық жұмыс тақырыбының              ө з е к т і л і г і н танытады.

Жұмыстың н ы с а н ы – қазақ тіліндегі сандық ұғымдар арқылы жасалған күрделі атаулардың концептілері болғандықтан, құрылымдық тіл білімінің зерттеу әдістерімен қатар экстралингвистикалық фактілерге негізделген концептілік талдау әдістерін де қолданамыз. Жұмысымызда алдымен қазақ тіліндегі күрделі атаулардың лексикалық бірлік ретіндегі анықтамасына сүйене отырып, сандық ұғымдар арқылы жасалған күрделі атауларды анықтап аламыз. Оларды қазақ тілінің сөзжасамдық тәсілдері арқылы жасалған жекелеген лексикалық бірліктер ретінде тани отырып, осы бірліктерді таным элементтері ретінде қарастырамыз. Сонымен, осы процесті кесте түрінде көрсетсек былай болып шығады:

1) объективті дүниедегі зат немесе  құбылыс                2) оның санада абстракциялануы                3) сандық ұғым (сан есім)             4) ақиқат дүниедегі сандық ұғым  бір бөлшегі (элементі) болып табылатын  басқа ұғымның танылуы                5) ұлт мәдениеті мен танымындағы білімнің бірлігі - күрделі атаудың жасалуы.


Сонымен жұмыстың жалпы сипаттамасына көшетін  болсақ, «Қазақ тіліндегі сандық ұғымдар  арқылы жасалған күрделі атаулар  концептілері» атты дипломдық жұмыстың басты м а қ с а т ы  – сандық ұғымдардан жасалған күрделі атаулардың лексикалық бірлік ретінде таным бөлшегі болуы негізінде ұлт санасында қалыптастырған білім мазмұнын (концептіні) анықтау.

Жоғарыда көрсетілген  жұмыс мақсатына орай мынадай                          м і н д е т т е р алға тартылды:

  • күрделі атаулардың дефинициясының негізінде зерттеу нысанымыздағы сан ұғымдары арқылы жасалған күрделі атауларды анықтау;
  • қазақ тіліндегі сандық ұғымдарға қатысты жүргізілген зерттеулерге шолу жасау;
  • концепт бірлігі болып табылатын когнитивтік лингвистиканың басқа ғылым саларымен байланысын, негізгі ұстанымдарын көрсету;
  • тілдік бірліктерді таным бірліктері ретінде танытатын концепт теориясына тоқталу;
  • қазақ тіліндегі күрделі атаулар құрамындағы сандық ұғымдардың концептілерін көрсету;
  • зерттеу нысанындағы күрделі атаулардан түзілген концептілерге тоқталу.

Жұмыстың т е о р и я л ы қ  ж ә н е  ә д і с т е м е л і к                           н е г і з д е р і н е жалпы лингвистикадағы, қазақ тіл біліміндегі номинация теориясына, сөзжасамға, конитивтік әдіс пен антропоцентристік бағытқа арналған зерттеулер алынды.

Жұмыстың қ ұ р ы л ы м ы. Жұмыс екі тараудан тұрады, бірінші тарау «Мәселенің теориялық негіздері мен зерттелу тарихы», екінші тарау «Сандық ұғымдар арқылы  жасалған күрделі атаулар концептілерінің құрылымы мен мазмұны» деп аталады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1 МӘСЕЛЕНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ МЕН ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫ

1. 1  Күрделі атау, сандық  ұғымдардан жасалған күрделі  атаулар – сөзжасамдық бірліктер 

Қазақ тіл білімінде күрделі сөздер мәселесі бүгінгі күнге дейін ғалымдардың назарынан тыс қалмай келе жатқан күрделі проблемалардың бірі. Осы күнге дейінгі зерттеулерге шолу жасайтын болсақ, қазақ тіл білімінде бұндай сөздердің табиғатына алғаш рет тілтанымдық зерттеулер жүргізген ғалым Ахмет Байтұрсынұлы болды. Ғалым күрделі сөздерді қос сөз деп атап, қазақ тілі дыбыс үндестігіне сәйкес келгенін бірге, «ауытқитынын» сызықша арқылы жазуды ұсынады. Мысалы басқұр, аққала, желкесер және жел-бау, жүк-аяқ, тілеу-бай (1, 153).

Байтұрсынұлының бұл принципінің негізгі себебін Н.Уәлиев былай түсіндіреді:  «А.Байтұрсынұлы бес инвариант фонеманың әрқайсысын бір-бір әріппен белгілейді. Сөйте отырып, әлгі әріптер арқылы әр фонеманың екі түрлі әуезін (жуан, жіңішке) сол фонеманың таңбасына сыйғызып береді. Сөйтіп, инварианттың варианттары үшін бас-басына таңба алмай-ақ, дәйекші арқылы жуан немесе жіңішке (дәйекші болмауы жуан, дәйекші болуы жіңішке оқуды)  әуезде оқылатындай жазу жүйесін» жасаған (2,14). Сонда дауыстылары бейүндес құрама сөздерді (жүк-аяқ, жел-бау және т.б.) әрі бұлардың құрама сөз екенін, әрі дәйекші арқылы бірінші сыңарларының жіңішке оқылатынын ескертеді.

Бұл жерде құрама сөз  деген терминнің мәніне тоқтала  кеткен жөн.  Қазіргі қазақ тіл  біліміндегі әдебиеттерде құрама сөз деп кемінде екі түбірден құралып, бір ғана зат пен құбылыстың атауы болатын, номинативтік бірлік ретінде қаралатын сөзді айтып жүр. К.Аханов тіркескен сөздерді құрама сөз деп атап, оларды сөз таптары аясында сипаттағанда қайтадан күрделі сан есім, күрделі сын есім атауларын пайдаланады. (3, 86) Ал Н.Уәлиев К.Ахановтың құрама сөз терминін біріккен сөз, қос сөз, қысқарған сөз, күрделі сөз басын құрап тұрған топтың ортақ атауы етеді. (4, 56) К.Күдеринова құрама сөз деп «синтаксистік сөз тіркесі шеңберінен шыққан лексикаланған немесе шектеулі тіркес (ортан жілік, бет күрделі орамал, қол орамал, асықты жілік), күрделі етістік, күрделі сын есім, күрделі сан есім енеді» (5, 20) деп көрсетеді. Сонымен құрама сөз термині күрделі сөздердің орфографиялық кескінделуі тұрғысынан ұсынылады, яғни құрама сөз типтерінің біреуінің бірігіп, екіншісінің дефиспен, үшіншісінің әріп, не буын қиюлы бірігуі, төртіншісінің бөлек жазылуына байланысты атаулары өзгешелніп отырады. Осыған байланысты бөлек жазылатын құрама сөздерді күрделі сөз, бірге жазылатын құрама сөздерді біріккен сөз, дефис арқылы жазылатын сөздерді қос сөздер деп атау қалыптасқан.Сонымен, құрама сөздер термині сөздердің орфографиялық кескіндемесіне қатыссыз екі сөздің тіркесінің (бірігуінің) бір күрделі ұғымды білдіретін тілдік бірлік атауы.

Осы құбылысты номинация  теориясы тұрғысынан зерттеген ғалым  Б.Қасым күрделі сөздер күрделі  атаудың тұрпат межесі деп танып, күрделі атауға мынадай анықтама береді: «күрделі атау – туынды сөздің ішінде туынды түбірмен салыстырғанда құрамы кем дегенде екі сөз тудырушы түбір немесе негіздермен ерекшеленеді. Күрделі туынды сөздердің міндетті құралдарына мыналар жатады: құрастырушы сыңардың тұрақты орын тәртібі, ішкі мағыналық байланыс (сыңарлардың байланысы мен арақатынасы), тұрпат пен мазмұнның тұтастық бірлігі» (6, 13).  Сонымен біріккен сөз, сөз тіркесі (фразеологиялық тіркес, атаулық тіркес), күрделі сөз бен қос сөз күрделі атаудың тұрпат межесі көріністері болса, күрделі атау осы айтылғандардың барлығына ортақ мазмұн меже болып отыр.  

Күрделі атаудың  қандай ойлау процестері негізінде  туындайтынын тілші ғалымдар бүгінгі  күнге дейін зерттеп келеді. Адам баласының күнделікті тәжірибесінен  жинақталған білім заттар мен  құбылыстардың атаулары негізінде  жүйеленеді. Алдымен зат не құбылыс адамның сезім мүшелерін тітіркендіру арқылы бір әсер береді, оны атау қажеттілігі туады.

Тұтасымен алғанда ол атау процесінің барысында жүзеге асады. Атау процесінің нәтижесінде туатын аталымдарға (номинати..) тілге дейінгі  экстралингвистикалық себептер мен тіл ішіндегі лингвистикалық себептердің әсер ететіні дәлелденіп отыр. Даму заңдылығы бойынша қоғамдағы заттар мен құбылыстардың пайда болуына және олардың аталуына негізіне әсер етіп экстралингвистикалық себептер болып табылады. Осы сыртқы себеп адамның ойлауына әсер етіп, пайда болған заттар мен құбылыстардың бейне-белгілері санада ұғым болып қалыптасады. Санада ұғым болып қалыптасқан белгі-бейнелер негізгі тірек болып ықшамдалып, онологиялық жолмен тілге көшіріледі. Тіл шекарасына кірген аналогиялық көрсеткіштерге (ұқсас белгілерге) осы арадан бастап тіршілік, яғни, лингвистикалық себеп ықпал жасайды. Ендігі жерде атау үрдісінде процесінде болатын құбылыстар тіл заңдылықтарына бағынады. Олардың түрлі тәсілдер арқылы белгілі бір тілдік тұлғаға (формаға) келуі тілдік жүйеде қарастырылады. Сөйтіп, нәтижесінде пайда болған аталымдар (сөздер, сөз тіркестері) сөзжасам жүйесінен өз орындарын алады. Осы арада, аталымдардың пайда болуын, салыстырмалы тұрғыдан қарап отырмыз, негізінен бұл құбылыс нәтижесі– көп уақыттың жемісі.

Заттар мен құбылыстар адам санасына әсер етіп, сәулесін түсіреді де, олардың басты белгілерінің онда қорытылып, топшыланған бейнесі– ұғым пайда болады. Ол «бейнелер» тілге  сөз арқылы беріледі де, тірек уәждер (Омотивтер) нәтижесінде ыңғайланып, мағына болып бекітіледі. Зат пен құбылыс болмаған жерде, немесе  олардың ұғымы болмаған жерде сөз де болмайды.

Атау үрдісінен толық  өтіп аталым дәрежесіне жеткенше сөздің басынан талай өзгерістер өтеді. Ал оның қандай жағдайда, қалай өтетініне  көз жеткізу өте орынды. Атау үрдісінде өзгерістер бізді, сөздің мағынасы жағынан қызмет мүмкіндігін тереңірек түсінуге жетелейді. С.Аманжоловтың «Сөз– танымдық процесс» деген пікірі де біздің осы ойымызды нақтылай түседі. Шындығында да, заттар мен құбылыстардың белгілі бір сөздермен аталып, олардың мағыналарындағы өзгерістердің мәнін ашу– сол сөздердің табиғатын толығырақ түсініп, танып білу. Бұл арада ойлау мен тілдің диалектикалық байланыс бірлігі қарастырылады (7).

Сонымен атау, аталым процесінің талдануы нәтижесінде бұларды тілдік бірлік тудыратын ойлау процестерімен тығыз байланысты екеніне көз жеткіздік. Сонда тіліміздегі күрделі атау деп алынып жүрген бірліктер жоғарыда талданған атау процесінің (номинация үрдісінің) нәтижесі болып отыр, қандай да бір тұтас ұғымды атауда адам баласы екі немесе одан көп ұғымның атауын пайдаланады, бірақ олардың жеке дербес мағыналары сақталмайды немесе өзгеріске ұшырап жаңа, тұтас ұғымды атауға қызмет етеді.

Информация о работе Сандық ұғымдар арқылы жасалған күрделі атаулар концептілерінің құрылым