Сандық ұғымдар арқылы жасалған күрделі атаулар концептілерінің құрылым

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 24 Сентября 2013 в 20:16, курсовая работа

Краткое описание

Бүгінгі күні тіл ғылымы жаңа – антропоцентристік бағытта дамып келеді. Жаңа бағыттағы зерттеулердің дені тілді адам баласының өзін-өзі тануының құралы ретінде қарау принципіне сүйенеді. Бұған дейінгі лингвистикадағы басым бағыт – құрылымдық болса, қазіргі кезде бұл дәстүрден өзгеше дәстүр қалыптасты.

Содержание

I МӘСЕЛЕНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ МЕН ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫ
1.1Күрделі атау, сандық ұғымдардан жасалған күрделі атаулар – сөзжасамдық бірліктер
1.2Қазақ тіліндегі сан атауларының зерттелуі жайында
1. 3 Когнитивтік лингвистика және концепт ұғымы
ІІ САНДЫҚ ҰҒЫМДАР АРҚЫЛЫ ЖАСАЛҒАН КҮРДЕЛІ АТАУЛАР КОНЦЕПТІЛЕРІНІҢ ҚҰРЫЛЫМЫ МЕН МАЗМҰНЫ
2.1 Сандық ұғымдар арқылы жасалған күрделі атаулар концептілерінің құрылымы: аялық білім, астырт және үстірт мағына
2.2 Сандық ұғымдар арқылы жасалған күрделі атаулар концептілерінің мазмұны

Прикрепленные файлы: 1 файл

Сандық+ұғымдар+арқылы+жасалған+күрделі+атаулар+концептілерінің+құрылым.doc

— 493.50 Кб (Скачать документ)

Күрделі атау, біріншіден, тұтас бір ұғымды екі немесе одан да көп ұғымдар арқылы білдіреді, екіншіден, құрамындағы ұғымдары үнемі мағыналық тұтастық қатынаста тұрады, қызметі жағынан бөлшектенбеді, үшіншіден, сыңарлары бірте-бірде өздеріне тән мағынадан айырылып, жаңа ұғымның белгілерін көрсетуші қасиетке ие болады. Осы анықтаманың мысалы ретінде атарба сөзінің күрделі атауға айналу процесін келтіруге болады. О баста ат сөзі көлік қызметін атқаратын үй жануарының дара атауы, ал арба сөзі жүк не жолаушы таситын қолдан жасалған көліктің дара атауы, мұнда арба кез келген сырт қозғаушы күштің әсерімен қозғалысқа түсетін көлік екенін ұмытпау керек. Енді арбаның атқа жегілген түрі «ат жегілген арба» тіркесімен берілсе керек. Бұл тұста «атқа жегілген арба» тіркесі тілдік жүйеде әлі де синтаксистік тіркес  қасиетін сақтап тұрды, кейіннен номинация процесінің нәтижесінде бұл тіркестің мазмұн жағы да ықшамдалып, жұмырланып, өзіндік айқын белгілерге ие ақиқат өмірдің бір ұғымын білдіретіндей санадан орын алды да (дефиницияланды), осымен қатар аталған тіркестің тұрпат межесінде де ықшамдалу, қолайлы болу процесі қатар жүрді. Нәтижесінде «атқа жеккен арба» сөз тіркесі аталымға айналып, ықшам тұрпатқа, яғни «атарба» формасына, дара атау формасына ұқсас тұрпатқа ие болды. Сонда, «атарба» сөзі ақиқат өмірдегі басқа өзі тектес заттардан айырмашылығы бар нақты заттың санадағы ұғымының атауы. Бұл процестің реттілігін былай көрсетуге болады: Ақиқат өмірдегі нақты зат (бейсана өмір) – оның санада нақты ұғымға ие болуы (санадағы көрініс) - ұғымның тіл шекарасында аталымға ие болуы (тілдік сана) – аталымның қолданыста күрделі сөз арқылы нақты тілдік тұрпат алуы (вербалды қатынасқа түсуі). Сонымен күрделі атаулар мен жеке атаулардың айырмашылығы олардың әр деңгейдегі процесс болуында. Жеке ұғым атауының негізінде күрделі атау туындайды. Яғни жеке ұғым атуы алғашқы деңгейлік (первичный), ала күрделі атаулар екінші (вторичный) деңгейлік процестер.   

Жоғарыдағы  ойларды пысықтай түсу үшін Б.Қасымның еңбегінде келтірілген тіл біліміндегі  тірек ретінде қалыптасқан күрделі  атаулардың үш белгісін көрсетуге болады.

  1. Мағыналық тұтастық белгісі. Күрделі атаулардың құрамындағы сыңарлардың мағыналық дербестігі мен грамматикалық дербестігінің күңгірттенуі немесе жойылуы күрделі атаудың бұл түрінде маңғыналы тұтастықтың пайда болуына әкеледі. Бұл белгі бойынша күрделі атаудың құрамындағы сыңарлардың әрқайсысы әр басқа лексикалық мағынаны емес, тұтасқан күйінде бір бүтін мағынаны білдіріп, жеке атау болады.
  2. Құрылымдық тұтастық белгісі. Күрделі атау да жалаң сөз тәрізді парадигмалық қатынастарға түсе алады. Оның сыңарларының әрқайсысы бөлек-бөлек өзгермей, тұтас күйінде түрленіп, бір тұлғаға ие болады. Күрделі атаудың жеке сыңарлары өздігінен белгілі бір атаудың морфологиялық тұтастығының, сөзжасамдық құрылымдық тұтастық белгісі бір бүтін екендігін көрсетеді.
  3. Синтаксистік тұтастық белгісі. Күрделі атаудың шығу тегін тарихи тұрғыдан қарап, оның бастау көзі сөз тіркестерімен байланыстырылады  (6, 32-34). Дегенмен күрделі атаулар сөз тіркесі синтаксистік бірлігінен ерекшеленеді. Сөз тіркесі құрамындағы сөздер жеке-жеке лексема болып табылады да, күрделі атаулар бүтін бір лексема болып, сөзжасамдық тұтас тұлға болып келеді. Демек, сөз тіркесі құрамындағы сөздердің тіркесімділігі еркін сипатта болады да, күрделі атау құрамындағы тіркескен сөздердің дербестігі болмайды немесе шектеулі болады. Сондықтан да мұндай атаулар құрамындағы бір немесе бірнеше түбірден біріккен, кіріккен, тіркескен сөздер топтасып тұтас түрде дайын күйінде қолданылып, тіл иелерінің санасында біртұтас бірлік ретінде басқа да лексемалармен жүйелік қатынаста тұрады.

Сонымен, жоғарыда айтылған ойларды қорытындылайтын болсақ мынадай тұжырым жасауға болады. К ү р д е л і  а т а у мен к ү р д е л і  с ө з терминдерінің арасына тең дәрежесін қоюға келмейді, себебі күрделі атау қандайда бір заттың, құбылыстың санадағы аталу процесімен, ұғымның тіл шекарасына өтіп, өзінше тұрпатқа ие болуының нәтижесімен, қандайда бір білімнің бірлігі не элементі ретінде тілде белгіленіп, білімнің басқа да жүйеленген тілдік таңбалары арасынан орын алған номинативтік бірлік болса, күрделі сөз сол атаудың репрезентациясының жазуда бөлек таңбаланатын, нақты дыбысталған немесе жазуға түскен түрі. Сонымен күрделі атау мен күрделі сөз бір құбылыстың екі жағы, бірі санадағы ойлау мен тілдің қатынасын білдірсе, екіншісі осы процестің қолданыстағы көрінісі. Олай болса, келесі талдауларымызда күрделі атаудың тілдік таңбасы болып табылатын құрама сөздерге тоқталамыз.

Құрама сөздерді «күрделі сөздер» терминімен атап оған мынадай  анықтама берілген: «барлық басқа  да туынды сөздер сияқты сөзжасам әрекетінің нәтижесінне жатады. Анығырақ айтсақ, ол – туынды сөздер тобындағы сөздер, ал туынды сөздер лексикалық лексикалық бірлік деп танылатыны белгілі. Олай болса, аналитикалық синтаксистік тәсіл арқылы жасалған күрделі сөздер тілге белгілі бір лексикалық мағынамен қосылады. Сондықтан күрделі сөздердің әрқайсысының өзіндік лексикалық мағынасы болады» (8, 247).

Жоғарыда айтылған пікірлер құрама сөздерге қатысты барлық зерттеулердің  желісін қамтымайды, себебі бұл мәселе қазіргі тіл біліміндегі ең күрделі  мәселеге жатады. Мұны соңғы шыққан қазақ грамматикасының авторлары да көрсеткен болатын. Дегенмен құрама сөздерді «күрделі сөздер»  деп алып, оларды былай жіктеу әбден орныққан: 1) біріккен сөздер; 2) қос сөздер 3) тіркесті күрделі сөздер; 4) қысқарған сөздер.

Осы тұста өз жұмысымызда  мынадай терминдерді ұстанғанды жөн санадық. Тарауымыздың басында  көрсеткендей жалпы күрделі атаулардың тілдік репрезентаттарын дәстүрлі грамматикада қалыптасқандай күрделі сөздер деп  емес, ғалым Н.Уәлидің ұстанымы бойынша қ ұ р а м а  с ө з д е р деп алғанды дұрыс санадық. Себебі осы күрделі атаулардың тілдік бірліктерінің барлығының бір ортақ қасиеті олардың құрамының өзгешелігінде. Мұны Н.Оралбаева да көрсетеді: «Тек дара сөздер мен күрделі сөздер құрамы жағынан ғана бір-бірінен ажыратылады» (8, 248). Олай болса құрама сөздер деп атаудың негізі бар. Ал күрделі сөздер терминімен осы құрама сөздердің ішіндегі орфографиялық рәсімделуі жағынан басқаларынан ерекшеленетін бір түрін, яғни жазылуы бөлек сөздерді атауды дұрыс санадық.

Сонымен, қазақ тіліндегі күрделі атаулардың тілдік репрезентаттарына біріккен сөздер, күрделі сөздер, қос сөздер, қысқарған сөздер жатады да, олардың барлығы да құрама сөздер болып табылып, құрамы жағынан дара сөздерге қарама-қарсы қойылады.

Жұмысымыздың объектісіне сандық ұғымдар арқылы жасалған күрделі атаулар алынғандықтан, олардың еркешелігіне тоқталған жөн.  Қазақ тілінде сандық ұғымдар арқылы жасалған сандық ұғымдар біріккен құрама сөздер, күрделі құрама сөздер, кіріккен құрама сөздер, қос құрама сөздер де бар. Олардың әрқайсысын мысал келтіруге болады.

Біріккен сөздер: біраз, сегізкөз, біртоға, екібастан, Екібастұз, бесжылдық, төртбұрыш, бесенеден, бессайыс, Бесарық, бесатар, сегізаяқ, бірқатар, біршама, Жетіқарақшы, қырыққұлақ, қырыққабат, қырықбуын, қырықаяқ, мыңбас, мыңтамыр және т.б.

Күрделі сөздер: он үш, отыз екі, жиырма бес, алты мың екі жүз, үш тоғыз, бес қару және т.б.

Кіріккен сөздер: сексен, тоқсан, жиырма, бірдеме, біресе және т.б.

Қос сөздер: он-он бес, жиырма-отыз, қырық-елу, екі-үшеу, бір-бір, бес-бес және т.б.

Келтірілген мысалдар тілдің грамматикалық құрылысы тұрғысынан алғандағы күрделі атаулардың тұрпаттық  көріністері. Ал күрделі атаулардың лексикалық тұрғыдан алғандағы репрезентанттары, яғни сөзжасамдық бірліктер немесе сөздік қор бірліктеріне тек қана жорғарыда көрсетілген біріккен, кіріккен, күрделі, қос сөздер мен қысқарған сөздер жатпайды, бұлармен қоса идиомалық тіркестерді де қарастырғанды дұрыс санаймыз. Себебі күрделі атау болып табылатын бұндай тіркестер лексиканың фразеологиялық деңгейінде қарастырылғанымен, тілдік қолданыста күрделі сөздер сияқты бір ұғым не құбылысты білдіріп, тұтастай, дайын күйінде жұмсалынады. Мұндай сипаттағы бес қару, үш тоғыз, он екі мүше, алпыс екі тамыр, бес жақсы сияқты идиомалық тіркестердің құрамындағы сыңарлары алпыс екі, он екі, он бес сияқты күрделі сөздерден грамматикалық құрылысы мен білдіретін мағыналарының этностық сипатымен ерекшеленеді.

Мұны кесте түрінде  былай көрсетуге болады:

 

С ө з ж  а с а м д ы қ  д е  ң г е й

К ү р д  е л і  а т а у л а р

Біріккен сөз

Күрделі сөз

Кіріккен сөз

Қос сөз

Қысқарған сөз

Фразеологиялық тіркес

Идиомаланған тіркес


 

Мысалы, он екі деген күрделі атау мен он екі мүше күрделі атауларының ұқсастықтары мен айырмашылығы мынадай:

ұқсастықтары:

  1. екеуі де күрделі атау, яғни бір ұғымды басқа ұғымдардың атауын қатыстыру арқылы атап тұр;
  2. екеуі де сөздердің тіркесінен жасалған;
  3. екеуінің де тіркескен сөздеріның орын тәртібі тұрақты;
  4. екеуі де тілдік қолданысқа дайын күйінде түсіп, дайын күйінде грамматикалық түрленімге түседі;
  5. екеуінің де құрамында грамматикалық көрсеткішті қабылдайтын мүшесі мен өзгермейтін негізгі мүшесі болады (он екі күрделі сөзінде негізгі мүше - он сан есімі; он екі мүше идиомалық тіркесте он екі күрделі сан есімі; он екі күрделі сөзінде түрленетін мүшесі екі сөзі (он екінші, он екіге және т.б.), он екі мүше тіркесінде мүше сөзі (он екі мүшесі, он екі мүшенің және т.б.));

айырмашылықтары;

  1. он екі күрделі сан есімі барлық тілдердің иелеріне ортақ әмбебаб сан категориясының көрсеткіші болғандықтан барлық тілде аналогы бар: мысалы, орыс тіліде двенадцать, неміс тілінде elf. Ал он екі мүше атауы білдіретін ұғым тек қазақ ұлты мен оның туыстас түркі ұлттарына таныс болмаса, жалпы адамзаттық категория емес. Әрине адамның мүшелерінің нақты саны әр ұлтта әр түрлі аталуы мүмкін, дегенмен он екі мүше тіркесінің мәнісі тілді тудырған этностың санасында ғана бейнеленген. ¤йткені мұны орыс тіліне двенадцать органов деп аударса мәнісі түсініксіз болады;
  2. он екі сөзі күрделі сөз, он екі мүше фразеологиялық қолданыс. Екеуі де бір тілдің лексикалық қорының бірліктері болғанымен бірінде (он екі мүше) ұлттық сипат айқын көрінеді де, бедерлі қолданыс болып табылады, ал екіншісінде (он екі) астырт мағына жоқ деуге де болады.
  3. он екі күрделі атауы таным бірлігі, ал он екі мүше күрделі атауы ұлттық таным бірлігі; ал таным бірлігіне концептінің жататын ескерсек, біздің жұмысымыздың қарастыратын объектісіне осы он екі мүше сияқты тіл бірліктері алынатыны өзінен-өзі анық болып шығады.

Сонымен, қазақ тіліндегі  сандық ұғымдардан жасалған күрделі атаулардың концептісін қарастырғанда зерттеу материалы ретінде алынатын тілдік бірліктердің дені анықталды. Оларға ұлттық танымның көріністері, білімнің бірліктері болып табылатын сандық ұғымдардың қатысуымен жасалған бес жақсы, үйірімен үш тоғыз, бес қару, алты алаш сияқты тіркестер жатады. Егер концепт теориясынан шығатын болсақ, тілдегі кез келген бірлік білімнің көрінісі болып табылады. Оның барлығын жұмысымыздың нысанына ала алмаймыз. Бізді осы бірліктердің ішіндегі бедерлісі, тілімізді өзге тілдерден ерекшелеп тұратын нақыштысы ғана қызықтырады. Сол себепті концептілердің ішіндегі ұлттың дүниетанымын, ұлттың тәжірибесінде жинақталған білімді, ұлттық мәдениетті нақыштайтын түрлерін ғана қарастырамыз.

 

    1. Қазақ тіліндегі сан атауларының зерттелуі жайында

 

Қандайда бір ортақ  тіл иелерінің ұжымы бар жерде  сан да бар. Себебі сандар қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстардың  бір-біріне қатысты мөлшер, көлемін  анқытаудан туындап,  адамның дүниені  тануының бір құралына айналған. Қазіргі  кезде сандар кез келген ғылымның мазмұнына еніп,сол ғылым үшін қызмет етіп келеді. Сонымен бірге қай тілде болмасын ұлттың сандарға қасиет бергені байқалады. Сан атауларына қасиет беру, оны киелі санау дәстүрі – көптеген халықтарда тым ертеден келе жатқан құбылыс. Мәселен, жапондықтарда бұл «сан туралы ілім» деп аталады. Бұл ілім бойынша бірбір сан атауы тоғыз планетаға сәйкес келеді. Осы планетаға байланысты әр санның өзіндік ерекшелігі болады. Бір санына – Күн, екіге – Ай, үшке  - Юпитер, төртке  - Сатурн, беске – Меркурий, алтыға  - Венера, жетіге – Уран, сегізге  - Марс, тоғызға – Нептун телінген. Шумерлерден бастау алған мифологияда сандар жалпы тақ сандар, сиқырлы сандар, магиялық сандар, ретінде қалыптаса бастады. Осы деректер негізінде сандардың психолингвистикалық, логикалық аспектілері ескеріліп, қазақ тіл білімінде де қазақ ескіліктері тілдің танымдық қызметі тұрғысынан, тіл мен миф сабақтастығында қарастырыла бастады. Соның негізінде, мысалы,  сандар арқылы адамның тағдырын да болжауға белгілі болды.

Ежелгі Грецияның әйгілі философ математигі Пифагордың (б.з.д. 560-500 ж. шамасы) сан жөніндегі ілімі санды құдірет тұтып, әлемді сандар жүйесі деп қарайды, заттар мен адамды, рухани дүниені санға балап, өнердің өзін сандық қатынастар гармониясы ретінде дәріптейді (9, 238). Ол математикалық заңдылықтар мен философиялық қағидалардың арасындағы тығыз байланысқа қарап «Сан – бүкіл дүниенің негізі» деген қорытынды жасап, әр санға әр түрлі қасиеттерді теліген. Мәселен, олар: бір – ақыл, екі - пікір, үш – ерлік, төрт – әділеттік, бес – неке, алты – жетілгендік, жеті – денсаулық, сегіз - өлім, тоғыз - тұрақтылық, он – дүние системасының негізі, он үш  - қырсық, отыз алты – бүкіл әлем, алты жүз алпыс алты – хайуан және т.б. деген пікір айтқан.

Әр санға қасиеттерді  телу, беру қазақ ауыз әдебиетінде де кездеседі. Бір дегенім – білеу, екі дегенім – егеу, үш дегенім – үскі, төрт дегенім – төсек, бес дегенім – бесік, алты дегенім - асық, жеті дегенім – желке, сегіз дегенім – серке, тоғыз дегенім – торқа, он дегенім – оймақ, он бір  - қара жұмбақ және тағы да басқа бірнеше нұсқалары бар. Бұлар тегін айталмағаны белгілі. Біз үшін қазіргі кезде жасырын болып тұрған бұл телулердің астарында үлкен сыр бар екені белгілі. Когнитивтік бағытта жүргізіліп жатқан зерттеулер осындай сырлы әлемді ашуға септігін тигізетіні сөзсіз.

«Сандар әлемді басқармайды, бірақ қалай басқару керектігін үйретеді», - деп ойшыл, әрі ақын Гете айтқандай, сандар төңірегінде үлкен  сыр бар екені о бастан-ақ сезілген.

Соңғы ширек ғасырда  түркі халықтарының сан есімдері жөнінде бірталай еңбектер жазылып, диссертациялар қорғалды. Мәселен, академик В.А.Гордлевскийдің «Түркі тіліндегі елу сан есімі» атты арнайы еңбегі бар, Автор түркі халықтарының сан есімдерін өзіне дейін зерттеген В.В.Радлов, Н.Я.Марр, В.В.Бартольд сияқты академиктердің пікірлерін зерттеуінің негізне алады. Сондай-ақ Г.Н.Потатниннің жалпы фольклор туралы, түркі-монғол, славян, Скандинавия, Еуропа халықтарының шығармалары жайында жазған еңбектерінде де сандар туралы мәліметтер көптеп кездеседі. Ғалым өзіне дейінгі еңбектерге сүйене отырып, 3,7,9 сандарын киелі, қасиетті деп, фольклорда көбірек ұшырасатынын айтады. Бұл құбылыстың себебін Г.Н.Потанин аспандағы жеті планетаны дәріптеуден іздеу дұрыс емес екенін ескертеді. Мұндай пікірді басқа да көрнекті ғалымдардың еңбектерінен көруге болады (10, 170-174; 11, 115-116; 12, 223-225; 13, 158-163). Бұл еңбектерде жалпы сандардың білдіретін ұғымдары, олардың адамның қоғамдық санасымен байланысы қаралады.

Қазақ тілінде сандарды әр түрлі қырынан зерттеу үрдісі байқалады. Мәселен сандардың ішінен киелі сандарды бөліп алып қарастыру үрдісі бар, сондай-ақ сан төңірегінде шоғырланған ойлардың мағынасы мен тарихы, сандардың жалпы фольклордағы немесе әдебиеттегі қызметі, көркемдік ерекшелігі, сандардың этнолингвистикалық сипаты, лингвомәдени мәнділігі де қаралып келеді. Осындай зерттеулердің бастамасы ретінде І.Кеңесбаевтың еңбегін айтуға болады (14, 3-14). Ғалым біршама фразеологизмдерге ұйтқы болған сандардың семантикалық қызметін аша отырып, олар көне замандағы діни сенімдермен байланысты болып шыққан киелі сандар деп қорытынды жасайды. Бұдан кейінгі жылдары да сандарға қатысты әр түрлі мақсаттағы лингвистикалық зерттеулер жүргізілді: Базен Л. (15),  Тенишев Э.Р. (16), Чернышев В.И. (17), Умаров Э.А. (18), Уаңкі М. (19) және т.б.

Информация о работе Сандық ұғымдар арқылы жасалған күрделі атаулар концептілерінің құрылым