Автор работы: Пользователь скрыл имя, 06 Мая 2015 в 10:15, дипломная работа
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының мақсаты - Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа интеграциялануын нығайту негізіндегі интеграциялық үдерістер саласындағы экономикалық қатынастарын кешенді зерттеу арқылы теориялық, практикалық, әдістемелік және оны жетілдіру бағыттарына ұсыныстар жасауды көздейді.
Қойылған мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттерді шешу талабы қойылды:
– ғаламдану үдерісін экономиканың дамуының шынайы заңдылығы ретінде зерттеу;
– интеграциялық үдерістердің генезисіне, қағидалары мен формаларына талдау жасау және олардың алғы шарттары, кезеңдері мен формаларын саралау;
- интеграциялық үдерістер дамуының макро- және мезодеңгейдегі аспектілерін анықтау;
– Қазақстанның ТМД шеңберіндегі интеграциялық қатынастарының дамуына сараптама жасау;
– интеграциялық үдерістерді басқару және алшақ экономикалық жүйе жағдайында капиталдың қалыптасуының экономико-математикалық үлгісін әзірлеуге ұсыныстар жасау; \
– ұлттық экономикалық мүдделерді ескере отырып интеграциялық үдерістердің ерекшеліктері мен нәтижелерін және Қазақстан Республикасының ЕО, ТМД, Азия, Латын Америкасы мен Африка елдерімен өзара сауда байланыстарын бағалау.
Қазақстан Республикасы — өз егемендігін дүние жүзіне мойындатқан президенттік республика. Қазақстан аумағы Еуразия материгінің орталығында, дүниежүзілік мұхиттардан шалғайда орналасқан. Географиялық жағдайы климатының шұғыл континентті, құрғақ болуына әсер етеді. Аумағының 90%-ын жазықтар алып жатыр, ол шаруашылыққа қолайлы болып келеді.
Халқының саны — 16,2 млн (2010 ж.) адам. Оның өсуі табиғи өсімге және халықтың көші-қонына байланысты. Республикада рыноктық экономикаға көшудің қиындықтарымен байланысты табиғи өсім өте төмендеп кетсе, соңғы жылдары қайтадан көтерілуде.
Қазақстан алуан түрлі пайдалы қазбаларға өте бай, ол аумағының өте күрделі геологиялық құрылысы, ертедегі қатпарлы негізімен және шөгінді жыныстармен байланысты. Қазақстанның басты байлығы көмір, мұнай мен газ, түсті және қара металдар, фосфорит т.б.
Қазақстан су байлығына тапшы және ол әркелкі таралған, оның 60%-ы Оңтүстік Қазақстанға келеді. Су энергетикалық байлығының басымы таудан бастау алатын өзендер.
Орман Қазақстан аумағының 4%-ын алады, оның басымы Шығыс Қазақстанда.
Шаруашылық кешендерінде өнеркәсіп жетекші орын алып, оның жалпы өнімінен Қазақстан Ресей мен Украинаға жол береді. Өнеркәсіптің жетекші салаларына отын-энергетика, түсті және қара металлургия, мұнай-химиясы және тамақ өнеркәсіптері жатады.Өнеркәсіптің негізін отын-энергетика құрайды, Қарағанды және Екібастұз бассейіндерінде көмір, Батыс Қазақстанда мұнай мен газ өндіріледі.
Қазақстанда мұнай өндіру көлемі жыл сайын артып отыр (2006) жылы 75 млн т). Мұнай өндіруден ТМД елдерінде тек қана Ресейге жол береді. Қоры мол Теңізмұнай және Қарашығанақ газ-конденсаты кен орны бар.
Түсті металлургияның Жезқазған, Балқаш мыс балқыту, Шымкент қорғасын, Өскемен қорғасын-мырыш, титан-магний және Риддер полиметалл, Павлодар глинозем, т.б. кәсіпорындары бар. Алтын құймалары Ақтөбе, Шымкент, Астана және Өскемен кәсіпорындарында шығарылады.
Қазақстанда қара металл кендерінен темір, хромит, марганец өте мол. Теміртауда Қарағандының толық циклді “Теміртау Миттал стилі” және қайта қорыту комбинаттары орналасқан, олар Қарағанды бассейнінің кокстелінетін көмірінде істейді. Ал Ақтөбе мен Ақсуда, Таразда сапалы болат шығаратын ферроқорытпа зауыттары бар.
Қаратау фосфориті химия өнеркәсібінің негізгі шикізат базасын құрайды. Қаратауда фосфор ұнтағы, Таразда суперфосфат зауыттары, Шымкентте мұнай өңдеу (ШНОС) және шина, Теміртауда синтетикалық каучук зауыттары орналасқан.
Машина жасаудың кейбір салалары Қазақстанның ішкі қажетін ғана қамтамасыз еткенімен, жетекші сала болып табылады. Оған Қарағанды, Алматы кен-шахта жабдықтары зауыттары, Өскеменнің түсті металлургия жабдығын шығаратын “Востокмаш”, Семейдегі “Қазақкабель” зауыттары ірі кәсіпорындары жатады.
Тамақ өнеркәсібінің ет, сүт өндіретін ірі кәсіпорындарына Семей, Петропавл, Алматы ет (консерві), Павлодар сүт консерві комбинаттары жатады.
Қазақстан шаруашылығының жетекші салаларының бірі ауыл шаруашылығы. Табиғат жағдайы, оның солтүстік және оңтүстік бөліктерінің мамандануының ерекшеліктерін анықтайды. Қазақстанның солтүстігінде жаздық бидай, күнбағыс дақылдары және сүтті-етті бағыттағы ірі қара шаруашылығы жетекші салалар болып табылады. Астық және етті-жүнді бағыттағы қой шаруашылығы да маманданған салалар.
Оңтүстік Қазақстанның басты ауыл шаруашылығы салаларына күздік бидай, күріш, жүгері, ал техникалық дақылдардан мақта, қант қызылшасы, темекі, сонымен бірге етті-жүнді бағыттағы қой шаруашылығы жатады. Қазақстан — ТМД-ның ең басты астықты экспорттайтын елі (жылын 5 млн т-дан астам). 3-ші орын және 2 млн. т ұн — әлемде бірінші орында.
Қазақстанды БҰҰ, дүниежүзілік қауымдастық және Еуропалық одақ елдері рыногы республика ретінде таныды. Шетелдік инвестицияны тартуда ТМД елдерінің ішінде 1-орында. Қазақстанның сыртқы экономикалық байланысында мұнай, көмір, түсті және қара металл, тері, жүн сияқты шикізаттың бағыты басым болып келеді.
ТҮРІКМЕНСТАН (астанасы - Ашхабат)
ЭГЖ. Орта Азияның жер көлемі жөнінен ең үлкені (территориясының 40% алып жатыр) және ең өнеркәсіпті мемлекеті. Жер бетінің көпшілік бөлігін Қарақұм шөлі алып жатқан - ойпатты жазық, оңтүстік және оңтүстік-батысында - Копетдаг және Паропамиза таулары орналасқан. Территориясының 90% шөлдер алып жатыр. Тұщы сумен ең төменгі дәрежеде қамтамасыз етілген.
Пайдалы қазбалары: Түрікменстанның негізгі табиғат байлығы табиғи газ, оның қоры жөнінен дүние жүзінде 5-орында.Одан басқа мұнай, табиғи күкірт, калий және глаубер тұздары (мирабилит) бар.
Халқы біркелкі таралмаған, негізінен Амудария, Теджен, Мургаб аңғарында, сондай-ақ Қарақұм каналы және Түрікменбашы - Чарджоу теміржол бойында орналасқан. Ұлттық құрамы: түрікмендер- 68%, орыстар- 13%, өзбектер- 8%, қазақтар- 4%.
Экономикасы. Өзбекстанға қарағанда АӨК аса қуатты емес. Егістік, жер территориясының 1% жуығын алып жатыр.
Елде азаматтарды әлеуметтік қорғау мемлекет саясаты шеңберінде. 1993 жылдан бастап халыққа тегін электр энергиясы, су, табиғи газ және ас тұзын беру жүзеге асуда. Газ өнеркәсібі халықты жұмыспен қамтамасыз ететін сала. Шаруашылықтың маманданған салаларына мұнай және газ өндіру, өңдеу және тарату, ұзын талшықты мақта, жібек, қаракөл өндіру жатады.
Өнеркәсіпті одан әрі дамыту өңдеуші салаларды кеңейтуге, газды экспорттау арқылы ел экономикасының жоғары тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Түрікменстанның мақта, табиғи газ, қолөнер өнімдеріне сұраныс жоғары. Кеңес Одағы құрамында болған кезінде Түркімения шикізат көзі ретінде болып, (ең бастысы, мақта және энергия көзі) өңдеу үшін басқа одақтас республикаларға жіберіліп отырылды. 1991 жылға дейін Түркіменияның басқа елдермен дербес сауда қатынасы болмады. 1990-шы жылдардың ортасында жеңіл және тамақ өнеркәсіптері, энергетикалық ресурстарды барлау және өңдеу сияқты секторларда жаңа сауда келісімдерін шетелдік компаниялармен біріккен кәсіпорындарды ұйымдастыру мақсатында үкімет сыртқы экономикалық қажетті активтендіре түсті. Жалпы ішкі өнім (2007) 26,25 $, жан басына 5055$ шамасында.
Мұнай-газ өнеркәсібі маманданудың басты экспортты саласы. Табиғи газға жалпы ішкі өнім көлемінің 60%-ы тиесілі. Мұнай елдің батысында өндіріледі. Табиғи газ шығарудан ТМД-да тек Ресейге жол берсе, дүние жүзінде 4-орында (жылына 72 млрд м3). Оны негізгі тұтынушылар Ресей, Украина мен Кавказ сырты және Иран елдері. Табиғи газ (15—20 трлн.текше метр) және мұнайдың (1,5—20 млрд.т) қорына ие бола отырып Түркмения отын ресурстарының маңызды экспортаушысы ретінде әйгілі. Бірақ жалпы ұлттық өнімнің 70% қалыптастыратын экономиканың бұл секторының дамуын тасымалдау және барлау проблемалары қиындатуда.
Химия өнеркәсібі - минерал тыңайтқыштар (Чарджоу қаласында суперфосфат зауыты), йод, күкірт қышқылы, глаубер тұзын өндіруден тұрады (Қара Бұғаз-Гол).
Жеңіл өнеркәсіптің жібек, мақта мата және кілем тоқу салалары едәуір жақсы дамыған (Ашхабат, Безмеин).
Ауыл шаруашылығында суармалы егіншілік және қой шаруашылығы басты орынды алады. Аумағының 3%-ы ғана ауыл шаруашылығына жарамды жер, ол негізінде оазистерде орналасқан. Суармалы жер егіс көлемінің 95%-ын алады. Негізгі дақылы мақта, оның талшықты сорты басым. Копетдаг тауы етегінде жеміс, жүзім, көкөніс, дәнді дақылдар, жібек шаруашылығы дамыған. Мақта жинаудан тек Өзбекстанға жол береді, ал жібек өндіруден Өзбекстан, Әзірбайжаннан кейінгі 3-орында. Республика өзін толық астықпен қамтамасыз етуде. Табиғи жайылымның молдығы қаракөл қойын өсіруге қолайлы болса, оған жалпы мал санының 50%-ы сәйкес келеді. Қаракөл елтірісін өндіру жөнінде Өзбекстанға жол береді. Копетдаг тауының етегі атақты ақалтеке жылқысының отаны.
ОЭК. ЖЭС және электр энергетикасы қарқынды түрде дамуда.
Көлік кешені. Жүк тасымалының негізгі бөлігін теміржол көлігі атқарады. Түрікменбашы (Красноводск) порты- бұрын Орта Азиялық “теңіз қақпасы” рөлін атқарған болатын. Энергетикалық ресурстарды жеткізу үшін көліктің әрбір түрлері, оның ішінде негізгісі болып кеңестік мерзімде салынған “Орталық Азия — Орталық” газ құбыры болып табылады. Транскаспий газ құбырын салу келісіміне қол қойылған
ӨЗБЕКСТАН (астанасы - Ташкент)
Өзбекстан— Орталық Азияның орталық бөлігінде орналасқан. Жер бедерінің 80%-ы жазық, Орта Азияның шаруашылығы аса дамыған мемлекеті. Мұнда Орта Азияның ең көне, әрі ірі қалаларының көпшілігі және суармалы жерлердің 2/3 астамы шоғырланған. Құрамына - Қарақалпақстан Республикасы (астанасы - Нүкіс) кіреді.
Пайдалы қазбалары: газ (Газли), мұнай (Ферғана аңғары), мыс, полиметалл рудалары, алтын.
Халқы. Ірі - Ферғана, Ташкент, Самарқанд оазистерінде мекендейді. Мұнда халықтың тығыздығы 1 шаршы км-ге 100 адамнан асады, ал Қызылқұмда тұрақты халық жоқ. Ұлттық құрамы: өзбектер - 69%, орыстар - 11%, қазақтар - 4%, татарлар - 4%, қарақалпақтар т.б.
Экономикасы. Кеңес Одағы ыдырап, рыноктық қатынасқа өтуімен байланысты көптеген шаруашылық салалары өнімді өткізу қиындығына ұшырауда. Экономиканың нашар жағы: дәнді дақылдарды импорттауға тәуелділігі, ішкі өнім ел қажетінің 25% ғана қамтамасыз етеді. Экономиканы жеткіліксіз реформалау,жоғары құнсыздану (2004 ж 23),ұлттық валютаны айырбастаудың едәуір қиындығы сияқты проблемалар бар.
Өзбекстан экономикасында өнімнің 40%-ы жеңіл өнеркәсіпке тиесілі, мақта талшығын шығарудан ТМД-да 1-орынды, ал жібек матасынан 3-орынды алады (Ташкент, Самарқанд).
Мамандануының маңызды салалары - газ және мұнай өнеркәсібі, түсті металургия.
Түсті металлургия - мыс және полиметалл рудаларын өндіру және өндеуден (басты орталығы - Алмалық) тұрады. Алтын өндіру Мұрынтауда жүргізіледі.
Химия өнеркәсібі. Табиғи газдан - азот (Шыршық, Ферғана, Навои), ал Қазақстан фосфориттерінен (Самарқанд)- фосфат тыңайтқыштарын өндіру жолға қойылған.
Машина жасау — мақта өнеркәсібі кешенінің саласы ретінде дамып, ол мақта шаруашылығы үшін машина (мақта жинау комбайны, т.б.), тоқыма және суландыруға қажетті техника шығарады (Ташкент).
Отын-энергетиканың негізін газ өнеркәсібі алып, ол республика қажетін ғана қамтамасыз етіп қоймай, газды ТМД-ның Қырғызстан, Қазақстан, Украина, Ресей және Закавказье елдеріне шығарады. Газды өндіру көлемінен (жылына 35 млрд м3) Ресей, Түрікменстаннан кейінгі 3-орында. Ферғана аңғарында мұнай өндіріліп, Ферғана қаласында өңделеді.
Тамақ өнеркәсібінде жеміс консервісін даярлау, мақта майын айыру, жүзім шарабын жасаудан елеулі орынды алады.
Өзбекстан ауыл шаруашылығының маманданған саласы — мақта шаруашылығы, ол оазистерде өсіріледі. Шитті мақта жинаудан Өзбекстан ТМД-да 1-орында, ал оны экспорттауда дүние жүзінде 2-орын алады. Суармалы жерде бидай, Әмударияның төменгі ағысында күріш өсірілсе,тауаралық аңғарларда бау-бақша, жүзім шаруашылықтары дамыған. Қазіргі кезде республика астықпен өзін-өзі қамтамасыз ете бастады (дәнді дақылдардың үлесі 40%-ға көтерілді). 2009 ж дәнді дақылдан ел жоғары өнім (6,6 млн т) алды.
Өзбекстан Түрікменстанмен бірге Орталық Азия елдерінің ішінде қаракөл қойын өсіруден (Қызылқұм шөлді аймағы) көзге түсіп, елтірі жинаудан (30%) 1-орын алады. Ферғана аңғарында жібек шаруашылығы едәуір жетістіктерге жетті, жібек құртын өсірудің 50%-ы осы Ферғанаға тиесілі. Жұмыс істейтін халықтың 60%-ы ауыл шаруашылығымен айналысады.
Көлік кешені: теміржол көлігі басым, автомобиль, құбыр жолы.
Республиканың алға қойған стратегиялық мақсаты — толық экономикалық, оның ішінде энергетикалық және астық өнімдерін өндіруден жетістіктерге жету. Өзбекстан сыртқы саудасында ТМД елдерімен байланысы төмендеуде. Экспортында елеулі орынды мақта талшығы (40%) және энергия көздері (8%) алса, импортында машина, жабдықтар, азық-түлік және химиялық өнімдер басым болып келеді. Өзбекстан экспортында Ұлыбритания, Швейцария, Корея Республикасы жетекші орында.
ТӘЖІКСТАН (астанасы-Душанбе)
ЭГЖ. Памир-Алай тау жүйесінің шектерінде және соған жапсарлас Ферғана аңғары бөліктерінде орналасқан. Республика территориясының жартысы теңіз деңгейінен 3000 м аса биікте жатыр. Құрамында - Таулы Бадахшан автономиясы бар.
Табиғат ресурстары. Тәжікстан табиғат ресурстарына бай, бірақ республика аумағының таулы болуынан, оларды өндіру нашар дамыған инфрақұрылымның әсерінен қиындауда. Республика шаруашылығы үшін - су ресурстарының (әсіресе Вахш өзені) орасан зор маңызы бар,пайдалы қазбалардан полиметалл, вольфрам, алтын, күміс, сүрме, минералдардан флюорит бар.
Халқы. Халықтың негізгі бөлігі тауаралық - Вахш, Гиссар аңғарларында тұрады. Памирдің биік таулы аудандарында халық сирек. Ұлттық құрамы: тәжіктер -59%, өзбектер - 23%, орыстар - 10%, қырғыздар, қазақтар және памирдің аз санды ұлттары.
Экономикасы. Саяси шиеленіс және 1992 жылғы азамат соғысы терең экономикалық дағдарысқа әкелді. Кеңес Одағының ыдырауы, ішкі қайшылық экономикалық дағдарыстың тереңдеуіне әкеп соқты. Басқарудың барлық билігі мемлекеттің қолында, ол рыноктық қатынас пен инвестордың келуін тежеуде. Тәжікстан экономикасында тау-кен өндірісі, жеңіл және тамақ өнеркәсіптері, электр энергетикасы және ауыл шаруашылығы негізгі салалар болып табылады. Қазіргі шаруашылық құрылымында ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы жаңа бағытқа ие болуда.
Едәуір экономикалық әлеуметінің болуына қарамастан Тәжікстан дүниежүзіндегі кедей елдің бірі. Халықаралық валюталық қордың есебі бойынша халықтың 63% күніне 2 доллардан төмен жағдайда өмір сүруде (сатып алу ... бойынша). Ұзақ мерзімдік соғыс, онымен байланысты елді- мекендердің қирауы және адам шығыны экономиканың күрт құлдырауына әкеп соқты.Соңғы бейбітшілік жылдарында экономика және халықтың тұрмыс деңгейі көтерілуде. Экономиканың негізгі секторы мемлекеттік болуда. Мемлекет ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының басым бөлігін бақылауда. Ел экономикасы еңбек мигранттарының табысына терең байланысты болуда. Экономиканың белгілі үлесін көрші Ауғанстаннан героинды сату және өткізіп жіберу алады.Шаруашылығының территориялық құрамының негізі - Оңтүстік-батыс Тәжікстан.