Автор работы: Пользователь скрыл имя, 14 Декабря 2013 в 18:44, реферат
Жас ерекшелік психологиясы психиканың жас мөлшеріне қарай даму динамикасын жеке тұлғаның психикалық даму үдерістерінің онтогенезін «жеке адамның психикалық дамуының өзіндік ерекшеліктері» және психологиялық сапаларын зерттейді. Бұл үдерістер (процестер) мен сапалар адамның жас мөлшеріне қарай өзгерту үстінде болады.
Кіріспе
Жас ерекшелік психологиясы пәні – психиканың даму динамикасын, психикалық процестердің және жеке адам өмірінде жиі өзгеріске ұшырайтын тұлғаның психологиялық сапаларын оқытады.
Оқырман назарына ұсынылып отырған оқу құралы Мемлекеттік стандарттағы «Жас ерекшелік психологиясы» курсының оқу бағдарламасына сәйкес келеді. Оқу құралы оқырмандарды тұлға дамуының отандық және шетелдік психологиядағы негізгі тұжырымдамаларымен таныстыра отырып, әрбір теорияның ерекшелігін қарастырады. Жас ерекшелік психологиясы пәні – психиканың даму динамикасын, психикалық процестердің және жеке адам өмірінде жиі өзгеріске ұшырайтын тұлғаның психологиялық ерекшеліктерін оөытады. Оқу құралында нәрестелік кезең, сәбилік кезең, мектепке дейінгі кезең, бастауыш сыныптық кезең, жеткіншектік кезең, жастық шақ, кемел жас және қарттық кезеңдер қарастырылады. Әрбір кезеңде дамудың физикалық, когнитивтік, эмоционалдық, психоәлеуметтік бағыттары сипатталған. Бірінші тарауда жас ерекшелік психологиясы пәні, құрылымы, өзекті мәселелерін қарастырады. Келесі тарауларда әрбір жас кезеңіне байланысты таным процестерінің дамуы, психикалық құбылыстар, қасиеттер және жас кезеңіне байланысты дағдарыстар қарастырылады.
Оқу құралы педагогикалық ЖОО студенттеріне, магистранттарға, оқытушыларға және білім беру жүйесінің әр саласында қызмет атқарып жүрген педагог, психолог мамандарға арналған.
I ТАРАУ. ЖЕКЕ ТҰЛҒА ЖӘНЕ ПСИХИКАЛЫҚ ПРОЦЕСТЕР ОНТОГЕНЕЗІ
Жас ерекшелік психологиясы психиканың жас мөлшеріне қарай даму динамикасын жеке тұлғаның психикалық даму үдерістерінің онтогенезін «жеке адамның психикалық дамуының өзіндік ерекшеліктері» және психологиялық сапаларын зерттейді. Бұл үдерістер (процестер) мен сапалар адамның жас мөлшеріне қарай өзгерту үстінде болады. Іргелі теориялық пән ретінде жас ерекшелік психологиясы саласы адамның психикалық және жеке тұлғалық дамуын жас мөлшерлерінің статистикалық нормаларымен байланыстыра түсіндіреді; әртүрлі факторлардың психикалық және жеке тұлғалық дамуына тигізетін ықпалын сараптайды; адамның әртүрлі өмірлік кезеңдеріндегі онтогенездік психикалық даму барысына болжам жасайды т.с.с.
Жас ерекшелік психологиясының нысаны – жеке тұлғаның психикасының, мінез-құлқы мен өмірлік ұстанымдарының жас мөлшеріне қарай өзгерістерге ұшырау үрдістері. Бұл ғылым саласының негізгі категориясы – психикалық даму. Ал, даму дегеніміз не? Ол немен сипатталады?
Даму дегеніміз – психологиядағы сапалық өзгерістердің жаңа құрылымдардың, механизмдердің, процестердің пайда болуы.
Жалпы, дамуда болатын өзгерістер мынадай болуы мүмкін:
Алайда, даму, ең алдымен, сапалық өзгерістермен сипатталады.
Осы саланың көрнекті өкілдері Х.Вернер, Л.С.Выготский және басқа да психологтар дамудың негізгі сипаттарын барынша айқындаған. Сол белгілердің маңыздырақ жақтары: даму үдерісінің жаңа элементтердің пайда болуы, нысан тараптары арсындағы байланыстардаң қайта құрылуы.
Сапалық өзгерістермен сипатталатын «даму» ұғымы күнделікті ой- ұғымда және ғылыми мәтіндерде жиі кездесетін «өсу», «пісіп-жетілу» және «деңгейге жету» ұғымдарының едәуір айрықшаланады.
Өсу – нысанның сыртқы белгілеріндегі сандық өзгеру үрдісі, яғни биіктігімен, ұзындығымен, енімен, салмақ өлшемдерімен сипатталады. Дамудың мәнін айқын көрсетпегендіктен, өсу дамудың сыртқы көрсеткіші, сол себептен ол оның сандық сипаты болып табылады.
«Пісіп-жетілу» кезеңі генетикалық аппараттың тікелей басқаруымен жүріп жататын морфологиялық өзгерістер ұғымын білдіреді. Бұл кезеңнің түпкі мәні – бағдармаланған, басқаша айтқанда, осы үдеріске қатысты тектілік-тұқымдық ықпал түріндегі биологиялық даму. «Пісіп-жетілу» үдерістеріне мидың, жүйке және бұлшық ет жүйелерінің, эндокриндік бездердің т.с.с. пісіп-жетілуі сияқты дене құрылысындағы өзгерістер жатады.
Деңгейге жету дегеніміз – алға қойған жоғары мақсатқа жетуге ұмтылу қасиетін сипаттайтын өзгерістер. Бұл ұғым педагогикада көбінесе әлдебір мінсіз, жоғары сатыда даму формасы ретінде пайдаланылады. Алайда, мұндай жағдайда бұл даму формасын айқындайтын белгілерді нақтылай түсу керек.
Психиканың дамуы –психикалық процестердің уақыт шеңберінде сандық, сапалық және құрылымдық жағынан заңдылық негізде өзгеріп отыруы.
Адам психикасының дамуын толығырақ түсіну үшін сол даму процестері жүретін уақыт аралықтарының ұзақтығын қарастыру қажет.
Осыған байланысты даму өзгерістерінің кем дегенде төрт қатарын айқындауға болады: филогенез, онтогенез, антропогенез және микрогенез.
Фиолгенез – түр-тектің дамуы, өмірдің пайда болуын, түр-тектердің өмірге келуін, олардың өзгеру үдерісін, дифференциялануы мен жалғастығын, басқаша айтқанда, өте қарапайым түрден адамға дейінгі бүкіл биологиялық өсу жолын қамтитын шектеулі уақыттың ара қашықтығы.
Онтогенез – адамның ұрық болып пайда болған сәтінен басталып, өмірінің соңына дейінгі жеке дамуы. Пренатальдық кезең (эмбрион мен ұрықтың дамуы) өміршеңдік функциялардың ана ағзасына тәуелділігі ерекше жағдайда болады.
Антропогенез – адамның барлық жағынан, соның ішінде мәдени тұрғыдан да дамуы, филогенездің Homo sapiens пайда болғаннан басталып, бүгінгі күнмен аяқталатын бір бөлшегі.
Микрогенез – өзекті генез, «жас» кезеңін қамтитын мейлінше қысқа мерзімді психикалық процестер, сондай-ақ кең көлемді дәйекті әрекеттер (мәселен, сынақтан өтушінің шығармашылық міндеттерді шешу кезіндегі іс-әрекеті) өтіп жатады.
Онтогенез, филогенез, антропогенез және микрогенез – адам дамуының негізгі желілері (қатарлары). Енді даму типтеріне тоқталайық. Аз дегенде, дамудың екі типін атап айтуға болады.
Дамудың алдын-ала қалыптастырылған типі – ағза өтетін сатылар да, сондай-ақ ол жететін соңғы нәтиже де ең бастапқы кезде белгіленіп, бекітіліп қойған даму типі. Оған эмбриональдық даму мысал бола алады. Эмбриогенездің өзіндік даму жолы болғанымен, бұл даму типін өзгертпейді. Психология тарихында психикалық дамуды эмбрионалдық принциппен қарастыру талпынысы болған. Ол - С.Холлдың ұстанымы, мұнда психикалық даму жануарлар мен алғашқы адамдардың психикалық дамуы сатыларының қысқаша қайталануы ретінде қарастылады.
Дамудың алдын-ала қалыптастырылмаған типі - алдын-ала айқындалмаған даму. Бұл дамудың біздің ғаламарда ең көп тараған түрі. Осы даму типіне аспан әлемінің, Жердің дамуы, биологиялық эволюция үрдісі, қоғам дамуы, сондай-ақ адамның психикалық даму процесі жатады. Л.С.Выготский баланың пси-хикалық, дамуын алдын-ала қалыптастырылмаған даму типіне жатқызады.
XIX ғасырда бала психологиясы
ретінде пайда болған жас
Жас ерекшелік психологиясы даму психологиясына қарағанда ауқымы тар. Себебі, мұнда даму онтогенездің белгілі бір жас шекарасында ғана қарастырылады. Ал даму психологиясы адам психикасы мен тұлғасының қалыптасуының филогенезін де, онтогенезді де, микрогенезді де қамтиды. Сондықтан, жас ерекшелік психологиясы даму психологиясының синонимі ретінде қолданылғанымен оның бір саласы ғана.
Адамның психикалық дамуын зерттеу - дамуды суреттеу, түсіндіру, болжау және түзету міндеттерін шешу деген сөз.
Дамуды суреттеуде психикалық дамудың көптеген фактілерін, құбылыстары мен процестерін кең ауқымда сипаттау жүреді. Жас ерекшелік психологиясының көптеген мәселелері сипаттау деңгейінен ары аса алмай тұрғаны өкінішті.
Дамуды түсіндіру - даму негізінде орын алған мінез-құлық пен бастан кешулердегі өзгерістердің себептерін, факторларын және шарттарын анықтау. Түсіндіру негізінде себеп-салдарлық байланыс жатыр: 1) қатаң біржақты байланыс (өте сирек кездеседі); 2) ықтималды байланыс (түрлі деңгейдегі ауытқу); 3) байланыстың мүлде болмауы; 4) бір реттік байланыс (бұл да сирек кездеседі); 5) көп жақты байланыс (дамуды зерттеуде жиі орын алады).
Түсіндіру «бұл не себептен болды?» деген сұраққа жауап берсе, бар себептерді ашып, факторларды анықтау негізінде туындаған болжам берілген себептен шығатын нәтижені нұсқайтын «бұл неге алып келеді?» деген сұраққа жауап береді
Сонымен, жас ерекшелік психологиясының міндеті онтогенездің бірізді сатыларының психологиялық мазмұнын ашуға және дамуға мәдени-тарихи, этникалық, әлеуметтік-экономикалық және түрлі биологиялық факторлардың әсерін ескеруге бағытталған. Оқыту мен тәрбиелеу үрдістерін тиімді басқару үшін, адамның өмірлік жолы барысында табысты; психологиялық көмекті ұйымдастыру үшін заманауи әдістемелік базаны қа-лыптастыру жас ерекшелік психологиясының маңызды практикалық міндеттер қатарына жатады.
Жас ерекшелік психологиясының пән аралақ байланыстары ауқымды. Ол бір жағынан, психологияның басқа салаларымен тығыз байланыста болса, екінші жағынан зерттеу нысаны - адам болып табылатын ғылымдармен де байланыста. Жаратылыстану және әлеуметтік ғылымдардан алынған жаңа білімдер негізінде жас ерекшелік психологоиясының зерттеу пәнінің аумағы да кеңуде.
1.2. Жас ерекшелік психөлогиясының зерттеу әдістері
Іс жүзінде теориялық және практикалық зерттеулердің жалпы психологиялық әдістерінің бәрі жас кезеңдері психологиясының әдістемелік жүйесіне енген.
Бақылау - адамның сыртқы іс-әрекеттерін әдейі, жүйелі және мақсатты түрде назарда ұстау, оның мақсаты - кейіннен бақылау нәтижелерін сараптау, адам мінез-құлқын түсіндіру. Дұрыс ұйымдастырылса, бұл әдіс адам мінез-құлқының шынайы сипаттамасын береді, өйткені бақылаудағы адам зерттеушінің назарында екенін білмейді, сондықтан да өзін табиғи қалыпта ұстайды. Мектепке дейінгі баланың ойын үстіндегі, оқушының сабак кезіндегі, ересектің кәсіби жұмысы сәттеріндегі мінез-құлқын бақылай отырып, психолог оның айтқан пікірлерін, іс-әрекеттерін, қылықтарын өзара байланыстыра келе, адамның тұтас тұлға ретіндегі езгешеліктері туралы мәліметтер алады.
Солай болғандықтан, бақылау дамушы адам психологиясын жүйелі талдауға көмектеседі, бақылау әдісі бойынша алынған мәліметтер өте құнды, В.Штерн өз қыздарының дамуын бақылау нәтижесінде сөздік қорының дамуы жөнінде 2 томдық зерттеу жұмысын дайындаған. 1925 жылы Ленинградта Н.М.Щелованованың жетекшілігімен балалардың қалыпты даму клиникасы құрылды. Ол жерде балаларды тәулігіне 24 сағат бойы бақылап, дәл осы жерде бала өмірінің бірінші жылын сипаттаушы негізгі белгілердің барлығы осы клиникада анықталды. Жалпыға белгілі сенсомоторлық ақыл-ойдың даму концепциясын Ж.Пиаже өзінің үш баласын бақылау негізінде құрған. Бір сыныптағы жеткіншіктерді ұзақ бақылау (3 жыл көлемінде) Д.Б.Эльконин мен Т.В.Драгуноваға жеткіншектік кезеңнің психологиялық сипаттамасын жасауға мүмкіндік берді.
Бақылау әдісін пайдалану шегі бірнеше себептерге байланысты болады. Біріншіден, адам мінез-құлқының әлеуметтік, физикалық, физиологиялық және психологиялық процестердің бірігіп кетуі олардың әрқайсысын жеке түсініп қарауды қиындатып, маңызды мәнді ашуға кедергі болады. Екіншіден, бақылау зерттеушінің адам әрекеттеріне араласуын шектейді сөйтіп, оның бақылаудағы адамның әлдебір іс-қимылды бұдан гөрі жақсырақ орындай алар-алмасын анықтауына мүмкіндік бермейді. Өйткені психолог зерттелуші құбылысты өзгертуге, оған түзету енгізуге тиіс емес.
Үшіншіден, бақылау кезінде бір деректің өзгеріссіз қайталануын қадағалау мүмкін емес. Төртіншіден, бақылау психикалық қасиеттерді қалыптастыруға емес, тек қана белгілеп, жазып алуға мүмкіндік береді. Бесіншіден, бақылау жеке факт бола алмайды, ол жүйелі, қайталанумен және сыналушылардың ірік-телуімен жүргізілуі керек. Сонымен қатар, бақылау әдісінің нәтижелері бақылаушының жеке тұлғасына, жеке психологиялық ерекшеліктеріне, байқағыштығына және зейінділігіне тікелей байланьісты,
Бақылау әдісінің негізгі кемшіліктері: бақылаушының көз-қарасы, мақсаты, психологиялық күйі, тұлғалық ерекшеліктері бақылау нәтижесіне ықпал етуі мүмкін; мәліметтерді қорытындылау қиындық тудырады; бақылау көп уақытты қажет етеді.
Сонымен қатар, жас ерекшелік психологиясында эксперименттің мынандай түрлері кеңінен қолданылады: белгілеуші және қалыптастырушы.
Белгілеуші эксперимент — белгілі бір психикалық ерекшеліктерді және психикалық қасиеттермен сапаларға сәйкес даму деңгейін, анықтауға мүмкіндік береді. Бірақ жас кезеңдері психологиясында басты әдістердің бірі - қалыптастырушы эксперимент. Қалыптастырушы эксперимент - сыналушыға мақсатты бағдарда ықпал етеді, сөйтіп, оның бойында белгілі бір қасиеттерді, бейімділіктерді қалыптастыруға ұмтылады. Бұл, басқаша айтқанда, арнайы ұйымдастырылған педагогикалық үрдістегі дамытушы әдіс.
Информация о работе Жас ерекшелік психологиясы пәні, құрылымы және өзекті мәселелері