Курстық жұмыс. Бастауыш сынып оқушыларының отаншылдық сезімдерін тәрбиелеу негіздері

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 17 Апреля 2014 в 05:05, курсовая работа

Краткое описание

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері балалардың бойында отаншылдық сезімді жастайынан қалыптастыру мәселесі күрделене түсті.Сондықтан «Қазақстан Республикасының жастарына үздіксіз тәлім-тәрбие беру тұжырымдамасында» тәрбиенің негізгі мақсаты дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, иманды, ақылды, парасатты, рухани ойлау дәрежесі биік, ар- ожданы мол, еңбекқор, іскер, талғамы жоғары және бойында тағы да басқа ізгі қасиеттері бар азаматты тәрбиелеу деп белгіленген. Қазақ халқы, яғни біздің ата-бабаларымыз, тәрбиенің негізгі мақсаты сегіз қырлы, бір сырлы, жетілген адамды тәрбиелеу деп санаған.Тәрбенің негізгі міндеттерінің (бағыттарының) ішінде патриоттық (елжандылық, ұлтжандылық) тәрбие ерекше орын алады. Сондықтан оқу – тәрбие ісінде назар аударып отырған, тәрбие салаларының бірі – отансүйгіштік тәрбие. Қазақстан Республикасы – көп ұлтты іргелі ел.

Содержание

Кіріспе ......................................................................................................... 2
І Тарау. Бастауыш сынып оқушыларының отаншылдық сезімдерін тәрбиелеу негіздері.
1.1 Отаншылдық тәрбиенің негізгі ұғымдары......................................... 6
1.2 Бастауыш сынып оқушыларының білім дағдыларын қалыптастырудағы еліміздің даму тарихы......................................................................................... 15
ІІ Тарау. Қоғам жаңалықтарының оқушылардың бойында отансүйгіштік сезімін оятудағы маңызы.
2.1 Ұлықтау рәсімінің бастауыш сынып оқушыларында отаншылдық сезімдерді тәрбиелеудегі маңызы...................................................................... 34
2.2 Оқу тәрбие процесінде отаншылдық сезімдерді тәрбиелеу мақсатында жүргізілген іс шаралар........................................................................................ 43
2.3 Бастауыш сынып оқушыларында отаншылдық сезімдерді тәрбиелеу бағытында жүргізілген эксперименттік жұмыс................................................ 67
Қорытынды.................................................................................................... 72
Әдебиеттер тізімі........................................................................................... 74

Прикрепленные файлы: 1 файл

Курстық жұмыс. Бастауыш сынып оқушыларының отаншылдық сезімдерін тәрбиелеу негіздері..doc

— 351.00 Кб (Скачать документ)

         Бірақ қашанда уақытқа, түсіндірулерге  және баяндауларға бағынбайтын немесе бағынбайтын дерлік ең маңызды жайттарды бөліп алуға болады.

Алдымен Қазақстан астанасын Алматыдан елдің басқа бір өңіріне көшіру міндеті қойылды. Ал Астананың нақ ақмолаға ауыстырылғаны оны қайда көшіру керек еді деген сұраққа мейлінше жақын жауап болды.

Расында да, ақбас шыңды Алатаудың бауырын бойлай ондаған шақырымға созылған Алматы қаласы табиғаттың өзі астана етуге лайықталғандай-ақ емес пе еді! Жұмсақ климат, мұнартқан таулар, сарқыраған өзендерде, баяғыдан қалыптасқан қосалқы құрылымдар, қызмет көрсетудің дамыған желісі.

Оның үстіне Алматының өзі бос жатқан жерде өркендеген жоқ және оңтүстік астананың “орталық” шығу тегі туралы орнаққан әрі жұртқа сіңген көзқарастармен көп ретте сәйкеспейтін өзіндік ескі тарихы бар-ды.

Мысалы, Алматы аумағы ХІХ ғасырдың ортасында майор Перемышльскийдің отряды келгенге дейін де емін-еркін қазақтар жайлаған Жетіссудың шұрайлы да шырайлы пұшпағы болатын.

Орынбор мен Қызылордадан кейін, 1929 жылы республиканың астанасы боп жарияланған Алматы қауырт өркендеді. Алматылықтардың талай ұрпағы өз қалаларын ең бір әсем де қайталанбас астаналардың бірі ету жолында қайрат-күштерін аянбай-ақ жұмсасты.

Оның келісті бақтары мен гүлзарлары, көшелері мен алаңдары ақындар мен жазушыларға, сәулетшілер мен суретшілерге, ғылым мен мәдениет қайраткерлеріне өздерінің ең үздік шығармаларын өмірге әкелуде әрдайым шабыт беріп отырды, әлі де солай. Бұл қалада жалғыз рет қана болған жанның жадында естен кетпес шуақты әсерлер мен тамаша естеліктер қалары сөзсіз.

Қазақстанның мәдениеті мен ғылымының, саясатының басты орталығы Алматыға қашанда шығармашылық пен еркін ой ахуалы тән болатын.

Тоталитаризмге қарсы ашық наразылықтың алғашқысы – 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының нақ осы қалада болуы кездейсоқтық емес.

Алматы тек біздің республиканың демократиялық жұртышылығына ғана емес, бұрынғы одан көлеміне – халық бұқарасының озбырлықтың бұғауына қарсы тұруының символына, қазақ халқының намысына, қайта өрлеген ұлттық сана – сезімінің белгісіне айналды.

Осы қалада Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігі жарияланды. Осы оқиғаның құрметіне Алматыда Республика алаңында алып Тәуелсіздік монументі айбындана көкке шаншылып тұр.Жаңа астананы таңдауда басшылыққа алынған барлық өлшемдердің негізінде тәуелсіз Қазақстанның әкімшілік және саяси орталығын Ақмола қаласына орналастыру нұсқасы мейлінше ұтымды шықты.

Сөйтіп 1994 жылғы шілдеде астананы солтүстікке 1000 шақырымнан астам жерде жатқан далалық Ақмолаға көшіруге шешім қабылданды...

1992 жылдың 4 маусымы ел тарихындағы  ерекше мәртебелі күн болып, тарихта  қалары – ақиқат. Тәуелсіздік  жолындағы күрес жайын жылнамалаған жас ғалым бұл күнге соқпай кетуі мүмкін емес. Бұл жолы да елдігімізге сынға түсіп, ертеңіміз үшін жан беріп, жан алысқан парламенттегі қызу шайқасқа куә болдық. Түп тамыры тереңде жатқан ой жарысы, сыртқа барын жайып сала бермейтін амал – айла бәсекесі ұзаққа созылды. Сан қилы пікір сан сала сөздің сарасынан таймай, көкейдегіні көпшілік қолдайтын сәтке жеткізу үшін, нағыз азаматтық белсенділік, терең білімділік пен тайсалмайтын күрескерлік, ең бастысы – қияннан жол табатын даналық керек еді. Тәуба, соның бәрі табылды. Жаңа елдік нышандарымыз екі күннен соң Абай атындағы опера және балет театрының зәулім ғимаратында салтанатты  түрде жер – жаһанға жария етілді. Тұңғыш Президентіміз Н. Ә. Назараев ту шашағын сүйіп тұрып: «Мазмұнына өрнегі жарасқан тәуелсіздіктің қасиетті туы мәңгі желбіресін, күніміз мәңгі сөнбесін!

 Енді бүгін өлген  Туым тірілді,

         Әнұраным жалғап алды ғұмырды.

          Босағада қалып келген Елтаңбам,

Баяғыша төріме кеп ілінді, -

деп, ұлы қуанышқа өлеңнен шашу шашты.

Ел – жұрт, ең алдымен, жаңа нышандардан өзінің төл тарихының ұшқындарын, өзінің төл халықтық рухының тынысын сезініп, шаттықта бөлінді. Оның үстіне оларда көркемөнер тілімен ел саясатының темірқазығына айналып отырған бейбітшілікке, ынтымақтастыққа, бірлік пен бітімділікке деген ұмтылыс ниеті ұтымды өрнектелген. Бүкіл болмыс – бітімдерінен ақ пейіліміз де айқын аңғарылды.

Енді бір сәт соған көңіл бөлсек. Зерделеуді зерен Тудан бастайық.

Қасиетті көк байрақ!.. Алаштың алғы тарихынан аз – кем хабары бар адамның қай – қайсысының көзіне де бірден жылы ұшырайтыны сөзсіз. Сонымен бірге ол жалпыадамзаттық мәдениет қайнарынан сусындаған, тек қана ізгілік идеясына негізделген өнер туындысы ретінде өзгелерге де шекеден қарап тұрған жоқ.

Олай болса, Мемлекеттік тудың негізгі элементі оның түсі екендігіне  дау  тумаса керек. Бұл ретте Коломбьер, Варенн, Ансельм сияқты белгілі тұтанушылардың еңбектерінен өте көп деректер табуға болады. Олар әр бояуға өзінше мағына берген. Мұндай кесте орта ғасырларда Урстиц, Кнаконус, Зибмахер, Спильман секілді ғалымдардың материалдары негізінде жасалған. Ең көп таралған деректер бойынша, мысалы, қызыл ту ерлік таныту, күрес қаупі төндіру, бас көтеру және шу шығару деген ұғымдарды береді. Ал ақ ту – бейбіт ниет, жауға қарсыласпай берілу, қара ту – қайғы, жоқтау және қарсылық білдіру белгісі деп саналады. Түстердің діни мағыналары да бар. Ақты – христиандар, жасылды – мұсылмандар, сарғыш қызылды буддаға табынушылар қасиет тұтады.

Осының бәрін ескерер болсақ, мемлекеттік тәуелсіздігіміздің қасиетті белгісі ретінде көтерген қыран қанатты көкшулан Туымыздың негізгі түсін таңдау қаншалықты күрделі болғандығын аңғару қиын болмас. Ақырында, көпшілік қалауы ашық аспан түстес зеңгір көк (көгілдір) бояуға түсті. Оның болмыс – бітімі, реңк-зері, нышандық мән – мағынасы халықтық сипатымен, тарихи тамырластығыме және жалпы адамзаттық ізгілік ниетіне үндестігімен дараланып тұрғанына назар аудару керек.

Зеңгір көк түс адам баласы түйсініп қабылдап, қолданып жүрген бояулардың ең бір реңділері қатарына жатады. Бұл кездейсоқ емес. Өйткені өнер біткен адамзаттың өзін қоршаған ортаға, табиғатқа еліктеуі нәтижесінде дүниеге келген ғой. Ендеше аспан түстес бояудың айрықша ықыласқа бөленуі де әбден заңды. Ол – табиғаттың өзі жасайтын ғаламат гүл шоғы – кемпірқосақ болмысындағы қасиетті жеті бояудың бірі.

Бұл бояуға өте ертеден – ақ терең мағына берілген. Танымдық тұрғыдан алғанда, қызыл – оттың, жылу мен қанның, жасыл – шөптің, өсімдіктің, қара – жердің, суықтың, қараңғылықтың, ақ – судың белгісі болып саналса, зеңгір көк – аспанның, ауа мен құрлықтың белгісіне баланады. Алғашқы геральдистердің бірі Ансельм жасаған кесте бойынша, ол – адалдықтың, кіршіксіз тазалық пен бейкүнә пәктіктің нышаны, әрі осы реңдес ту көтерген елдің саясатына ерекше сенім көрсетуге болады деген ойға жетелейді.

Тарихи наным – сенім тұрғысынан алғанда, көк түс – тәңірілік түс. Ерте замандарда төтемдік мәні болған. Тәңірілер мекені деп есептелген аспан аясын беретін ұғым тілімізде «көк» деген сөз болуы кездейсоқ емес. Сол сияқты, әйгілі «Оғыз – наме» жырындағы Ай – қаған атты анадан туған ғажап бір көркем ұлтың келбеті:

Сол баланың жүзі көгілдір,

Аузы оттай қызыл еді,

Көзі – ат қызыл, шашы, қасы

Қап – қара болатын, -

деп суреттелуінде мән жатыр. Мұндағы «көгілдір» жай ғана бояу түсін бермейді. Айрықша мағынаға ие болып тұр. Сол жырда қыз сұлулығы да былай жырланады:

Көзі оның аспаннан да мөлдір көк,

Шашы оның толқынындай өзеннің.

Тістері оның бейне маржан секілді...

«Аспаннан бір көк нұр түсті», «Көк жалды арлан қасқыр», «Көк бөрі» деген тіркестердегі «көк» сөзінің төтемдік мәніне терең үңілген жөн.

Кейін ұрпақтар тәжірибесімен толысып, байи түскен халықтық таным – түйсіктің дамуына орай, зеңгір көк түс ұғымы да мағыналық жағынан өміршеңденіп, нақтыланғанын айта кеткен жөн. [6;71-85]

Тілімізде «көгеру», «көк шықты», «көкке аузы ілікті», «көсегесі көгергір» деген тәріздес көп ұялас сөздер мен сөз тіркестері бар. Соның бәрі, сайып келгенде, өмір сүру, жаңарып – жасару, мұратқа жету деген ұғыммен төркіндес. Табиғат оянып, тіршілік біткенге тіл беретін жыл мезгілін де «көктем» деп атаймыз. Тіпті қарғыс біткеннің қатерлісі де «көктей солғыр» болып келеді. VI ғасырдағы «Чу шу» атты қытай жазбаларының бірінде түрік халқы туралы: «олар жыл соңынан жыл келіп, уақыт алмасу жүйесін шөптің көгеруіне қарап бағдарлайды» деген жолдар бар.

Енді бір көңіл аударар жайт, ертеден келе жатқан ұғымдар арасында дүниенің төрт бұрышын төрт түрлі бояу арқылы беру  дәстүрі бар. Солтүстіктіі – қара, оңтүстікті – ақ, шығысты – зеңгір көк, батысты – сары немесе қызыл бояу арқылы өрнектеу бүкіл түркі халықтарына тән.

Қай жағынан алғанда да, ұлттық бояу реңі деуге әбден лайық зеңгір көк түс ата – бабаларымыз көтерген байрақ, тулардың басты түстерінің бірі болғандығына тарихтың өзі куә.

Бұл жерде басқа халықтар тәрізді, біздің ата – бабаларымыз да өте ерте замандардан-ақ байрақ ұстап, ту көтергенін тағы бір пысықтай кеткен артық болмас. Оған куәлік етер көп дерек көне аңыз-әпсаналарымыда, тас жазуларымызда, батырлық жырларымыз бен ертеде жасалған әр түрлі елдердің тарихнамаларында баршылық. Оларды қарап отырып, ту көтеру халқымыздың бүкіл тұрмыс – салтына терең еніп, ұлттық дәстүр-танымымыздың бір көрінісіне айналғанын аңғарамыз. «Қамбар батыр» жырында:

Қараман шықты қаладан,

Кернейлері балпылдап,

Байрақты тулар жалпылдап,

Алтыннан қалқан жарқылдап,

Сыбызғы сырнай шаңқылдап,

Мінгендері дәу бедеу

Келеді бектер лапылдап, -

деген жолдар бар. Жауға аттаныс сәтін білдіретін бұл көріністегі ту көтеру рәсімінің жорықтық сипаты айтпаса да түсінікті болса керек. Махамбет те: «Желп-желп еткен ала ту, жиырып алар күн қайда; жасаулы найза қолға алып, жау тоқтатар күн қайда?» - деп толғайды.Оның үстіне байрақ – түркі тілдеріндегі өте көне сөздердің бірі, оған әйгілі Махмұд Қашқари сөздігінде: «Ұшына жібек шүберек байланған найза» деген анықтама беріледі. Ту, сөз жоқ, қазақ халқында да ең алдымен, елдік, ел тағдыры сынға түскенде рух беру, қан майданда жан беріп, жан алысқан әскерлердің бір – бірінен айырым белгісі болып есептелген.

Сонымен бірге ол қуанышта да серік. Жауды жеңгенде ғана емес, басқа қызықтарда да көтеріледі. Мысалы, «Қобыланды батыр» жырында Құртқа сұлу «төбесі жерге тарс етіп, маңдайы күнге жарқ еткен» ұл туған кездегі көрініс былай беріледі:

Арыстан туған екен деп,

Асыра жұрты қуанды.

Сүйінші сұрап жан – жаққа,

Қолдарына ту алды.

Қайғылы сәттерде де елдің көңіл күйі тудың түсірілуімен, азалы қара түсті ту көтерілуімен беріліп отырған. Жайсыз хабар жеткізушінің қолына қара ту ұстап келу дәстүрі бар. Ешқандай түсіндіріп жатуды қажет етпейтін, баршаға бірдей нышандық ұғымды береді.

Егемендігімізді еңсеңдетер рәміздеріміздің бірі- елтаңба

Бұл киелі ұғым халқымыздың ең бір ізгі тілегін білдіреді. Елтаңбадағы ақ мүйізді, алтын қанатты ғажайып пырақтар қорғап, қияға көтерген қазақтың қара шаңырағының бейнесіне қарап тұрғанда, бірден еске түсер ой да осы. Елдігіміздің туына айналған ұлы идея – еркіндік идеясы, жұрт – жұрағатымыз аман болсын деген тағы бір ұлы идея - өміршеңдік идеясы туғызған қасиетті белгі бұдан былай барша халқымыздың бойтұмарына айналады. Бұрыңғыша айтсақ, мемлекеттік нышанымыз ғана емес, желеп – жебеушіміз де...

«Найзасыз ер болмайды, таңбасыз ел болмайды» деген қанатты сөз – көненің көзі. Фан Сюаньлин «Цзинь династиясының тарихы» атты еңбегінде үйсін тайпасынан шыққан ер жүрек қолбасшы Шы Лэнің ІІІ ғасырда бүкіл Қытайға билігін жүргізіп тұрған кездегі императорлық мөрі туралы кең мағлұмат береді. Ол ғажайып асыл тас – қара яшмадан (кварцтың бір түрі) жасалған. Көлемі – төртбұрышты (4 цунь мен 7 фень). Ұстайтын тұтқасы – тасбақа бейнелі. Аса бағалы асыл тас – оның қолындағы биліктің ерекше қасиетті, маңыздылығын білдірсе, оның түсі – тіршіліктің негізі болып табылатын бес стихияның бірі судың белгісі, ал тасбақа – сол киелі күштің иесі болып саналған. Төртбұрыш қабырғаларының өлшемдері де тегін алынбаған. Жеті саны – жеті аспан шырағын (Күн, Ай, Шолпан, Меркурий, Марс, Юпитер және Сатурн), төрт саны дүниенің төрт бұрышы деген ұғымдарды береді. Яғни, аспан денелерінің (құдайларының) мейірімі түскен император, төл стихиясы күш алып тұрған сәтте, шартарапқа бірдей сөзін өткізіп, билігін жүргізе бередіге саятын емеурін жатыр.

Халқымыздың өткен тарихына қатысты мұндай деректер моңғол тарихшыларының еңбектерінде де бар. Мысалы, әйгілі алтын шежіреде Шыңғыс хан, Найман мемлекетін құлатқаннан кейін, Таян ханның мөр сақтаушысы – Татагунаны сарай маңында ұстап, өнерін пайдаланғаны жазылған. Найман ханының жеке билік белгісін қойнына жасырып, жылысып бара жатқан Тататунгадан сарай әкімі Бати:

    • Басқаның бәрі бізге қарап жатса, сен қайда қашып барасың? Мынаны қайда апарасың? – деп сұрайды.
    • Мен өз қызметіне өлгенімше адал болайын деп едім. Бұл таңбаны мәртебелі иесіне табыс етуді ойлағанмын. Үлгермедім.
    • Ол неге керек?
    • Ием осы таңбаны маған көздің қарашығындай сақтатып, келген-кеткен қағазға бастырушы еді. Жақсы адамды жат жерге жіберерде, сенім көрсету белгісі ретінде пайдаланылады.

Содан былай таңба дегенді моңғолдар да өз тілдерінің ыңғайына қарай сәл ғана өзгертіп, «тамға» деп атап кетсе керек.

Шыңғыс ханның мөрі яшма асыл тасынан жасалған ал қызыл түсті «тамға» болған. Оған «Құдайтағала – аспанда. Хақан жердегі құдірет. Адамзат билеушісінің мөрі» деген сөздер ойып жазылған. Аңыз бойынша, Шыңғыс хан дүниеге келгенде, «оң қолына айдаһарлар патшалығының яшма асыл тасынан жасалған мөр ұстап жатқан екен» деген сөз бар.[8;64-65]

Белгілі түріктанушы ғалым В.В.Радлов бұл ұғымның мағынасын «белгі», «ру таңбасы», «мөр» деген сөздермен ашады. Өте ертедегі тасқа қашалып жазылған әдебиет нұсқаларындағы мәні де осы пікірдің дұрыстығын дәлелдейді.

Информация о работе Курстық жұмыс. Бастауыш сынып оқушыларының отаншылдық сезімдерін тәрбиелеу негіздері