Ж Аупбаев - журналист, публицист

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 23 Апреля 2014 в 11:03, дипломная работа

Краткое описание

Осы мақсатқа сай диплом жұмысының алдына мынадай негізгі міндеттерді шешу мәселелері қойылды:
- Жанболат Ауытбаевның журналистикаға келіп, баспасөз ісіне араласуына, публицист ретінде қалыптасуына әсер еткен қоғамдық-саяси, әлеуметтік-тарихи факторларды анықтау;
- Жанболат Ауытбаевның журналистік қызметінің хронологиялық кезеңдерін саралап, қазақ баспасөзінің дамуына қосқан үлесіне баға беру;
- қаламгер публицистикасының қоғамдық-саяси салмағы мен идеясын, тақырыптық сипатын қазіргі заман шындығымен байланыстыра, сабақтастыра талдау;
- журналистің публицистикалық шығармаларының қоғамдық-саяси мәні өткір, мейлінше өзекті екенін бүгінгі заманның талап-талғамы тұрғысынан бағалап, дәлелдеу;
- Жанболат Ауытбаевның публицистикалық еңбектерінің басты сипатын, басқа публицистерден дараланатын негізгі ерекшеліктерін айқындау;
- публицист шығармаларының жанрлық әр алуандылығын, стильдік, тілдік ерекшелігі мен образ жасаудағы журналистік әдіс-тәсілдерді қолдану шеберлігін саралау;
- журналистің көркем-публицистикалық очерктерінің әдеби, публицистикалық тіл кестесіне талдау жүргізу;

Содержание

Кіріспе........................................................................................................3-6
1 Ж. Ауытбаевтың журналистік ғұмырбаяны..............................................7-31
1.1 Журналисттік қызметтегі алғашқы қаламгерлік ізденістер.........................7
1.2 Облыстық, республикалық басылымдардағы публицистикаларының проблематикасы.....................................................................................................15
1.3 Қазақ баспасөзін өркендетудегі публистистикалық еңбектерінің мәні....................................................................................................23
2 . Ж. Ауытбаевтың журналистикасы......................................................32-58
2.1 Қаламгер журналистикасының тақырып ауқымы, мазмұн тереңдігі..................................................................................................................32
2.2 Ж. Ауытбаев көсемсөздерінің жанрлық түр алуандығы, стильдік айшықтары.............................................................................................................40
2.3 тілши сухбаттары мен мақалаларындағы әдеби-көркем, публицистикалық тіл кестесінің ерекшеліктері......................................................................48
Қорытынды..............................................................................................59-60
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі..............................................................61-63

Прикрепленные файлы: 1 файл

Жандос Аупбаев журналист.doc

— 537.50 Кб (Скачать документ)

 Ақ парақ демекші…

 Жанболат жалпы ақ  параққа ерте қол созды. Ол алдымен ақ параққа сурет салды. Зерделі бала өмірден ойға түйгенін қағаз бетіне түрлі-түсті қарындашпен өрнектеді. Бір суретін әлі күнге дейін қастерлеп сақтап қойыпты. Оны 1965 жылы 28 сәуір күні салыпты. Көктем келген мезгіл. Қар суынан деңгейі көтеріліп, төңіректі су алған өзен жағасы. Жарқабақта жұмыр қарағайдан қиып салған үй сұлбасы көрінеді. Одан беріректегі ағаш басында қараторғай ұясы тұр. Арбиған бұтақтар мен күшіктей бастаған шыбықтар… Былай қарасаң, сол жылдарда қазақтың бар баласы жаппай салатын дәстүрлі сурет. Бірақ Жақаңның теректе отырған торғайларының тұрқы бөлек. Тіпті торғайдан гөрі топшысы қаттырақ басқа бір мақұлыққа көбірек келе ме, қалай? Алайда суреттің көркемдік шешімінде жай баланың өрнегіне ұқсаңқырамайтын өзгеше бір үрдіс бар. Аупбаевтың құстары өршеленіп, алға ұмсынып тұр. Яғни, өміршеңдіктің, өрлеу мен өрмелеудің нышаны бар. Балаң туындыға психологтың көзқарасымен үңілсек, автордың ұстанымы оптимизммен орайлас екенін анық аңғарасың. Соны сезсе керек, сурет пәнінің мұғалімі бұл «туындыға» «бес» қойыпты. Суретшіде алдымен бояу, сосын көңілі ояу болуы керек деген қағидаға жүгінсек, бала Жанболат тап осы өнерді шындап қуса, ойлы тұжырым жасайтын қарымды қылқалам иесі болып қалыптасқандай екен.

 Содан кейін ол ақ  параққа өлең жазды. Алғашқы өлеңі 1967 жылы аудандық газетке шықты. Бірақ ақындық өнерді өзіне серік ете қойған жоқ. Себебі, адам ақын болып қалыптаспайтын, керісінше ақын болып туатын көрінеді. Табиғи таланттың тіпті өлеңді жазып әуре болмайтынын, оның кеудесінен жыр дегенің өзінен-өзі ағыл-тегіл төгіліп жататынын ерте ұқты. Мысал керек пе? Мінекей. Алыстан іздеудің де қажеті жоқ. Тап осы Нарынқолдан шыққан екі бірдей сұрапыл ақын ағасы Мұқағали мен Еркін дүниені дүрілдетіп тұр. Жаза алсаң, соларша жаз! Ал олай болмайды екен, онда… Сосын қойды өлеңді. Ортақол ақын болғанды қаламады.

 Бірақ ақ парақты  қолынан тастамады. Енді оған  мақалаларын жазды. «Жақсы журналист  болып та елге қызмет етуге  болады ғой»,– деген ойды ерте  ұқты. Соған мықтап бекінді. Үш-төрт-ақ  орысы бар Нарынқол сияқты алыстағы ауылдан қазақ мектебін бітіріп-ақ Кеңес Одағының «Правда» секілді бас басылымының Қазақстандағы тілшісі болған Тельман Жанұзақов ағасы журналистикадағы жампоздықтың үлгісін көрсеткен жоқ па?! Осы тұжырымға тоқтаған жас өрен ақ армандарын тоғытқан ақ парақтың жалына мықтап жармасты. Сөйтіп ақ ниетпен болашаққа жол тартты.

 

* * *

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

2.2 Ж. Ауытбаев көсемсөздерінің  жанрлық түр алуандығы, стильдік  айшықтары

 

 Сексенінші жылдардың  басында журналистика факультетіне  оқуға түскен біздердің кумиріміз  Жанболат Аупбаев болды. «Осы  күнгі ең мықты журналист кім?», — десең, жастар бір ауыздан Жанболат Аупбаевты атайтын. Таңертең пошташы жатақхананың кіре берісіндегі үстел үстінде «Комсомольская правданы» үйіп әкеп тастайды. Сол-ақ екен, студенттер оны пышақ үстінен бөліп әкетеді. Бұл басылымға сол тұста жатақханадағылардың бірі қалмай жазылады. Өзі де газет біткеннің төресі. Үйренетін нәрсе жеткілікті. Бұрынғы Одақтың қаламы қарымды журналистерінің бәрі сонда шоғырланған. Фотоаппаратын өңгеріп, адам аяғы баспаған қиырларды шарлауға құмар Василий Песков, қоғам һәм мораль тақырыбының иін қандырып илейтін Инна Руденко, ғарыш мәселелерін жілікше шағатын Ярослав Головановтың мақалалары шыққан газет қолдан қолға көшіп жүреді. Күніне елді елең еткізетін кемінде бір танымдық дүние жарық көреді. Жапатармағай таласып-тармасып оқимыз.

 Бұл тұстағы «Лениншіл жастың» да оқырмандар арасындағы беделі «Комсомольская правдадан» бір кем емес. Пошташы оны да қаптатып әкеледі. Сейдахмет Бердіқұлов басқаратын басылым журналистерінің айдарынан жел есіп тұр. Есімдері жалпақ жұртқа кең танымал. Ел ішіне сапарға шыға қалса, халық оларды ғарышкерді күткендей әлпештеп қарсы алады. Солардың ішінде әсіресе жұртшылықтың Жанболат Аупбаевқа деген ықыласы алабөтен еді. Ол «Лениншіл жастағы» бұрыннан бар лиризмді берік ұстанумен бірге «Комсомольская правда» мен «Литературная газетадағы» драматизм мен психологизм үрдістерін жастар басылымына батыл орнықтыра бастады. Сөйтіп оның мақалалары мен очерктері осы ерекшеліктері арқылы елді ауық-ауық дүр еткізумен болды. Жұрттың аузында тек соның аты жүреді. Оқимыз. Қызығамыз. Таңғаламыз.

 Қалай таңғалмайсың? Атақты  қолбасшы Георгий Жуков 1945 жылы  Жеңіс парадына мініп шыққан  Араб атты сәйгүлік біздің  Луговойда өмірге келген Абсенттің  «әкесі» көрінеді. Осыны жылқы  зауытына барып, жылнамаларды ақтарып  отырып, Аупбаев анықтады. Александр  Матросовтың ерлігін қайталағандардың бәрі шейіт болғаны белгілі. «Матросов ерлігі» деген ұғым — өлім себелеп тұрған пулеметтің ұясын кеудеңмен жауып, өз еркіңмен жан тапсыру деген сөз. Демек, тірі қалу мүмкін емес. Бірақ соған қарамастан одан да аман қалған кісі бар екен! Оны айтасың, ол адам басқа емес, өзіміздің қазақ болып шықты. Аты-жөні — Сабалақ Оразалинов. Әлі күнге дейін арамызда көптің бірі болып елеусіз жүрген оны Аупбаев іздеп тауып, темір жол бойындағы шағын күркенің ішінде отырып сағаттап әңгімелесіпті. Сол Сабалақтың ғайыптан тайып, аман қалғанының арқасында дүниеге келген ұлы Асқар Оразалинов кейін су добынан еліміз құрамасының капитаны болып, аламан бәйгелерде талай рет топ жарды. Ғарышқа алғаш рет самғаған Юрий Гагариннің ұстазы қазақ екен. Оны да жалпақ жұртқа Жанболат аға таныстырды. Соғыс кезінде Батыс Қазақстан аспанында жау ұшағы ойқастай бой көрсетіпті. Бірақ сол неміс ұшағын көп еркінсітпей біздің ұшқыш таран жасап соғып, Орда ауданының құмына құлатыпты. Мұның да жай-жапсарын басқа емес Жанболат Аупбаев баяндайды. Әлемді шарлаған әйгілі суреттің жайын айтсаңшы… Бір аяғы жоқ майдангер Брест қамалындағы 1941 жылғы шайқасқан жеріне жиырма жылдан кейін келіп, окоптың жақтауына маңдайын сүйеп, жылап тұр. Бұл суретті Беларусь телеграф агенттігінің фототілшісі Михаил Ананьин түсірген. Ол атақты публицист, Лениндік сыйлықтың лауреаты Сергей Смирновтың «Брест қамалы» атты кітабында жарияланған. Ал талай халықаралық көрмелерге қойылып, бүкіл дүние жүзін шарлап шыққан «Соғысқа лағынет!» деп аталатын осы суреттегі кісінің кім екенін білесіз бе? Сөйтсек, өзіміз КазГу-дің коридорында күнде көріп, жанынан ойқастап өтіп жүрген биофактың профессоры Владимир Фурсов екен. Белгілі ғалым. Ғылым докторы. Тағдыры тым аянышты көрінеді. Аяғынан жараланып, тұтқынға түскен. Жіліншігін сондағы лагерьде кескізіп, өлім аузынан қалған. Көрмеген қорлығы жоқ. Соның бәрінен аман-есен өткен. Көйлегін құшақтап туған ба дерсің. Демек, жұртты естен тандыратын жаңалық алыста ғана емес, іргеңде, тіпті иегіңнің астында да тұратын көрінеді. Тек оны іздеп табу керек. Жанболат Аупбаев осы қағиданы қазақ баспасөзіне мықтап орнықтырды.

 Міне, оның тағы бір  тамаша дүниесін оқып отырмыз. Құпиясы көп Көккөлдің жағасында  күнұзаққа сарылып, алып құбыжықты  аңдыпты. Осы көлді мекен еткен  аждаһа ара-тұра басын көтеріп, төңірекке көз салады екен деген қауесет тарап кеткен. Осыған орай арнайы келген беті. Сол еңбегіне қарай әлгі елді дүрліктірген құбыжығы құрғыр көл бетіне шыға қоймайды. Автормен бірге сол жексұрын пәленің тезірек көрінуін сен де тағатсыздана күтесің. Бірақ күткен ғұрлы берекетің кетеді. Көккөл құбыжығы әне-міне дегенше аяқ астынан сопаң етіп, су бетінде пайда болып, журналист ағамызды асай-мүсейімен қосып жұтып жіберетіндей көрінеді. Сөйтіп, мақаланың аяғына жеткенше жүрегің суылдап, әбден діңкең құриды.

 Бала көңіл бізге  Жанболат Аупбаев қолынан келмейтіні, іздеп таппайтыны жоқ мүмкіндігі  шексіз адам секілді сезілетін. Тіпті оның сол тұста сұм  соғыстың небір қоясын ақтарғаны  соншалық, Матросовтың ерлігін Матросовтан  бұрын қайталаған қазақты тауып берсе де таңғалмайтын едік.

 Осының бәрі журналист  мамандығын игеремін деп Алматыға  келген біз секілді бозөкпелерге  қатты әсер етті. «Қой, редакцияға  барайық, атағы жер дүниені тітіретіп  тұрған Аупбаевты өз көзімізбен  көрейік»,– дестік. «Мен оны жақсы білемін, — деді тастай пысық курстасымыз Мұратбек Тоқтағазин. — Менің жездем ғой ол. Біздің ауылдағы Ләззат деген әдемі әпкемізге үйленген. Сендерді өзім ертіп апарып таныстырайын». Түнімен қалғып-мүлгіп отырып, бұрқыратып жиі мақала жазатын Мұратбектің өзі күнде «Лениншіл жастан» шықпайды. Бірде жездесіне барады, бірде өзгесіне барады, әйтеуір кешке қарай жатақханаға бір құшақ бу ала кіреді. Бірақ қолы тимеді ме, әлде ұмытып кетті ме, Тоқтағазиннің бізді Жанболат Аупбаевпен таныстыру рәсімі түрлі себептерге байланысты кешеуілдей берді. Сосын бір-екі жігіт Максим Горький көшесіндегі 50-ші үйді бетке алып, тартып кеттік.

 Сөйтіп, жетінші қабаттағы  «Лениншіл жасқа» Жанболат Аупбаевты  іздеп келіп тұрмыз. Танысуға  батылдығымыз жете қоймас. Ең  болмаса сыртынан көріп кетсек дейміз. Ол кезде қазіргідей қит етсе журналистердің мақалаларын суретімен қоса беріп жататын үрдіс жоқ. «Лениншіл жастың» сайыпқырандарының атын естігеніміз болмаса, ешқайсысын түстеп танымаймыз. Қарсы алдымыздан былғары күрте киген кербез жігіт ағасы шыға келді. Жүріс-тұрысы маңғаз. Шашы қалың. Көзі оттай жанып, төңірегіне сынай көз тастайды. Мінез-құлқында паңдық бар. Атақ-даңқы дүрілдеп тұрған Аупбаев дәу де болса осы шығар дейміз. Басқаша болуы мүмкін емес. Қасына баруға жігеріміз жетпеді. Айналсоқтап жүріп, біреулерден сыр тартып көрсек, Аупбаев емес, сол тұста есімі елге кең танылған сыншы Қамбар Керейқұлов екен. Әрі қарай кеттік.

 Әне, бір жігіт ағасы  бөлмеден шығып барады. Шашы ептеп  бурыл тартқан. Бойы екі метрге  жуық. Адымы кең. Асықпай қозғалады, сыбырлаңқырап сөйлейді. «Бой-сойы келіскен кісі екен, атақты Жақаң осы шығар»,– деп соның ізінен ердік те отырдық. Ұзынтұра ағайдың соңынан қалмай, газеттің машбюросына, одан әрі «Ленинская смена» басылымы орналасқан арғы қанатқа да барып қайттық. Ол да: «Бұлар неғып менің төңірегімде күйбеңдеп жүр?» дегендей бізге жәймен ғана күдіктене көз тастап қояды. Бірақ сонша аңдыған еңбегіміз ақталмады. Бұл ағамыз да іздеген кісіміз емес, газеттің шаруа жастар бөлімінің меңгерушісі Саттар Сапарбеков болып шықты.

 Міне, тағы бір ағамыз  бері қарай баяу аяңдап келеді. Көзілдірік таққан, келбеті келіскен  жігіт екен. Шашының әрбір талына  дейін қисаймай орнында тұр. Аса  ұқыпты екені бірден байқалады. Модалар салонының ішінен қазір  ғана жұтынып шыға келгендей әсер қалдырады. Ендеше, мұнтаздай киінген мына кісінің Аупбаев болмауы мүмкін емес. Бұл енді таза соның өзі. Тек барып амандасуымыз ғана қалды. Сонда да алдымен анықтап алайық деп, жол-жөнекей жолыққан бір кісіден сұрап едік: «Сендер не, жауапты хатшымыз Ерғали Сағатовты танымайсыңдар ма?»,– деп бізге біртүрлі көзбен қарады.

 Сөйтіп жүріп оны  көрдік-ау ақыры. Қағілез қара  жігіт екен. Сол кезде оның  ілгеріде Бауыржан Момышұлымен  телефон арқылы сөйлескенде «тырыли  арық қарамын» дейтіні есіме  түсті. Бұл қалай ойымызға келмеген? Тез қимылдайды. Бағанадан бері қасымыздан сан рет өткен-ді. Ол кісіні Аупбаевтің дәл өзі деп кім ойлаған? Өте қарапайым әрі кішіпейіл көрінді. Ал енді бізге сонысы қатты ұнады. Ешқандай жасандылығы жоқ, табиғи мінез-құлыққа ие мұндай адамдардың алдына мақалаңды еркін алып кіресің. Терісіне симай сызданып отыратындарға мүлде жолағың келмейді. Көп ұзамай журфактың студенттері Аупбаевтың айналасына үйіріле бастады. Жазған-сызғанымызды алдымен соған ұсынатын болдық.

 Бір күні атақты  электрмен дәнекерлеуші Манат Ахметова туралы очерк жазып апардым. Бұл сол кезде атағы дүрілдеп шыға бастаған құрылысшы апамыздың Мәскеуде өтетін съезге делегат болып ұсынылып жатқан кезі еді. Жанболат аға қалың қағаздың арасында көміліп отырып, жазғанымды көп жөндемей, ептеп қана мұртын басып, газетке ұсынды. Менің балаңдықтың иісі аңқып тұрған сүреңсіздеу тақырыбымды «Қала оттары жымыңдайды» деп өзгертті. Ұзамай жарқ етіп, «Лениншіл жасқа» шыға келді. Ол осылайша жалғыз мен ғана емес, өзіміз қатарлы талай студенттің қаламын қатырып тұрып ұштап берді.

 

* * *

 Жақаң рухани нәрді  өзінің отының басынан алыпты. Әкесі қарапайым ұста болған. Қазақ ұстаны жақсы көреді  ғой. Оның үстіне қазір де көзі  тірі, тоқсанға таяп қалған Әлихан  ақсақалдың тақуалығы керемет. Кеңес дәуірінде намаз оқыды. Ешкімнен қарыз алмады. Ешкімге қарыз болмады. Өмір бойы орден-медаль дегендерге қарсы екен. Бұған ол кісі адамдарды таластыратын, қызғаныш туғызатын жағымсыз нәрсе деп қарапты. Осы мінез Жақаңа да дарыған. Бәйгеге суырылып көп түсе бермейді. Жеткен биігінің бәрін қанағат қылады. Мақаласының соңында тұрған аты-жөнін марапаттың бәрінен де артық көреді. Біреудің алдына түсемін деп ешқашан жанығып ұмтылған емес. Атақ-абыройы, бақ-несібесі мұны өзі іздеп тапты. Соған қарамастан Алматыдағы журналистика энциклопедиясын шығарушылар Жақаңды жинаққа енгізуді «ұмытып» кетіпті. Бәлкім: «Ол кісінің өзі де бір энциклопедия ғой»,– деген шығар.

 Шешесі әкесіндей емес, мінезді кісі екен. Тілге өте  жүйрік. Адамның ойына келмейтін, ел естімеген мақал-мәтелдерді түйдектете айтып тастап отырған. Оның айтқан тіркестерін қазақтың тіл ғылымының тарландары түзген фразеологиялық сөздікті он қайыра ақтарсаң да таба алмайсың. Мысалы: «Куәнің екі беті қап қара», дейді. Әдепкіде әр нәрсеге зерек ұлдың өзі осыны ұқпай қалатын. Сөйтсе, куә деген дауласқан екі жақтың ортасында қалған бір бейшара екен ғой. Анаған да, мынаған да жалтақтайды. «Елемеген бұта көз шығарады», деп ескертіп отырады. Шынында да солай ғой. Байқамасаң басыңа тас боп тиетін нәрсе аз ба… Көрпесі жиналмай, үйінің іші шашылып жататын әйелдерді көрсе: «Ақсары алып қашқандай», деп күйінеді екен жарықтық. Бала Жанболат «ақсары» дегеннің не екенін түсіне қоймайтын. Соған есейгенде көзі жетті. Бірде өзен жағасында отырды. Мамыражай тыныш тіршілік. Сиырдың жапасын шоқыған қара қарға, шықылықтаған сауысқан, жөнімен жайылған мал… Бір уақытта бір құс келіп әлгілердің ту-талақайын шығарды. Ақсары деген нәлет сол екен. Өте бір тентек кішкене ғана берекесіз құс. Даусы да жаман. Тыныштықтың шырқын бұзып, бәрін алатайдай бүлдірді де кетті. Соның кесірінен жаңағы тіршілік иелерінің әрқайсысы әр жаққа қашты. Осындай сөздерді сәт сайын тоғытып отыратын ел ішіндегі көзі тірі «фразеологиялық сөздік» — Нұрша апамыз Жанболаттың бойына сөз құнарын әбден сіңіріп барып, 1998 жылы өмірден өтті.

 Ел жаппай бас қойып  оқыған мақалалар мен очерктерге  дерек іздеу оңайға түскен  жоқ. Қолға түспейтін кейіпкерлерін  дамылсыз аңдыған кездері болды. Әйгілі публицист Генрих Боровикті  Павлодардың қонақ үйінде ұйқы  көрмей түнімен күтіп отырды. Жанына барайын десе, шіренген шенеуніктер қақпайлап жолатпайды. Содан түннің бір уағында құрметті қонақты Мәскеуге ұшырып жіберудің алдында жолаяқ жасап жарбаңдағандарға қарамай атақты әріптесінің бөлмесіне кешірім сұрап кіріп барды. Басқаша жол жоқ еді. Генрих Боровик — 1967 жылы АҚШ-та АПН-ның тілшісі болып, баяғы Уақытша үкіметтің басшысы Керенскиймен әңгімелескен адам. Оның: «Мен 1917 жылғы 7 қарашада Қысқы сарайдан әйелдің киімін киіп қашқаным жоқ. Тарихшыларыңыз солай жазып жүр. Қақпадан Америка елшілігі жіберген машинаға мініп кеткенмін. Құдай үшін елге соны жеткізіңізші», – деген жалынышты дауысын өз құлағымен естіген, халықаралық дәрежеде мойындалған қаламгер. Павлодарға өзі келіп тұрған осындай «олжаны» қолдан жіберіп алу ағаттық болар еді. Ғажабы сол, Генрих Авиэзорович өте инабатты адам екен. Жалпаңбайлардың өз бөлмесінен шыға тұруын өтінді де жас тілшіге жарты сағат бойы сұхбат берді. Осы кезде оның Алматыдан бірге еріп келген әріптестері қонақ үйдің бөлмесінде шалқасынан түсіп, тәтті ұйқының құшағына беріліп жатыр еді. Бұл бір ғана мысал. Жанболат аға барлық мақаласының кейіпкерлері мен деректерін осылай жанкешкілікпен іздеді. Соның бәрін тереңнен толғанып, ар ісінің азабымен арпалысып отырып, жүрегімен жазды. «Жас Алаштың» оқырмандарын дүр сілкіндірген талай дүниенің редакциядағы жұмыс кабинеті мен үкінің ұясындай қазыналық пәтердің айналымға келмейтін кухнясында жазылғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмес.

Информация о работе Ж Аупбаев - журналист, публицист