Қазақ мәдениетінің би өнеріне ықпалы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 09 Октября 2013 в 13:39, курсовая работа

Краткое описание

Тақырып өзектілігі. Қазақстан тәуелсіздік алған жиырма жыл ішінде талай-талай белестерді бағындырды. Ол халықаралық қатынастан бастап, елдің әлеуметтік, экономикалық, саяси және мәдени салаларының барынша қарқынмен дамуы арқылы көзге түседі. Бұл еліміздің рухани бай болуының, білімділігінің, байсалдылығы мен сабырлығының арқасында келіп жатқан үлкен жетістік. Қазақ халқы тарихтың талай соқпақтарынан өтсе де, небір қилы заманды басынан кешсе де ұлттық құндылығын бағалаған халық. Оның айғағы тіліміздің, дініміз бен діліміздің, ұлттық құндылықтарымыз бен өнеріміздің өлмей, атадан балаға мұра болып, қазіргі өркениетті күнге жетуі десек артық айтқандық емес. Соның ішінде ұлттық өнердің ажырамас бөлігіне айналған қазақ биінің орны ерекше.

Прикрепленные файлы: 1 файл

МАГИСТ.ДИССЕР..doc

— 6.34 Мб (Скачать документ)

Е.Үсеновтың шығармасына негізделген «Шабыт» биі мен Құрманғазының күйіне қойылған «Қуаныш» биі де көтеріңкі көңілдегі билердің бірі. Олар той-думанның жалғасқанының белгісі іспеттес еді. Қара, сары түсті киінген бір топ қыз-жігіттер той ажарын келтіріп тұрды. Олардың жасаған күрделі би қимылдарына мән бермеу мүмкін емес. Көрініс өте сәтті шықты. Оған дәлел көрермендердің ұзақ қол шапалақтаулары мен қошеметтері болатын. «Шабыт» биінің балетмейстері, «Наз» театрының негізін қалаушы - Еркебұлан Ағымбаев болса, «Қуаныш» биін қойған осы дисертациялық жұмыстың авторы               А. Шәмшиев болды. Бұдан кейін «Шабыт» биі көрерменін баурап әкетті.

Нұрғиса Тілендиевтің туындысына жазылған «Баламишка» әзілді биі балалардың еркелігін, тентек мінезін көрсететін көңілді би. Биді қойған - ІХ халықаралық «Шабыт» жастар шығармашылығы фестивалінің лауреаты - Б. Баянбаев болса, оны халық жүрегіне жеткізіп, көңілді көтере отырып, нақышына келтіріп билеген бишілер - М. Байболова мен А. Рысқалиев.

Жұманиязовтың шығармасына негізделген «Серпін» биі:

«Қазақпыз, қыз өсірген іңкәр қылып,

Қазақпыз, ұл өсірген шырқап жүріп,

Қазақпыз, құс та салып, ат жаратқан,

Сайысқа түскен және тұлпар мініп»,-деп басталғанда делебең қозып, орныңда отыра алмайсың [44, 4 б.].  Он жұптан, яғни он қыз, он жігіттен тұратын бишілер тобы ауылдағы дүбірлі тойды еске салатын, қазақ күресін бейнелейтін әдемі би үлгісін көрсетті. Қыздар мен жігіттер қолдарындағы қамшыларымен аттарын сабалаған кезде, бейне бір «Сабан тойда» жүргендей, ат жарысын тамашалап отырғандай сезінесің. Бұрынғы кездері ауылда жылына бір рет дүбірлі «Сабан той» өтуші еді. Онда «бәйге», «жорға» ұйымдастырылып, қазақша күрес, арқан тарту, қыз қуу сияқты түрлі ұлттық ойындарымыз ойналатын. Дәл сондай тойдың керемет көрінісін жасап, би ұжымы көрермендер көңілін шын серпілтіп тастады.  Серпін» биі де Ресейдің Новосибирск қаласында өткен ІІ халықаралық хореографтар байқауына ұсынылған би болатын. Осы жарқын туындыны қойған - Қадиша, Еркебұлан Ағымбаевтар. Бұл билердің бәрінің астарында халқымыздың тұрмысы, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, этнографиясы, көне музыкасы жатыр. «Наз» Мемлекеттік би театрының бағдарламасы осы секілді жаңалығы мол ұлттық әрі жаңа үрдіске бағытталуымен ерекшеленеді.

Өз шығармашылық жолын кәсіби деңгейге көтеруде, халықтың өрнек нақыштарымен безендіруде театр үлкен жұмыстар мен ауқымды шаралар жүргізіп келеді. Жаңа ізденістер арқылы халық шығармашылық қазынасының сарқылмас бұлағы поэзия мен музыкасын, ежелгі ойын түрлерін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын игеруде және оны болашақ өскелең ұрпаққа жеткізуде театрдың орны айырықша. «Наз» Мемлекеттік би театрының «Қазақ жәдігерлері» атты концерттік бағдарламасына халықтың алғысы шексіз еді. Өйткені, ата-бабамыз көзінің қарашығындай сақтап келген салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды би тілінде сөйлетіп, ескімізді жаңғыртып, оны дүйім алаш жұртының назарына ұсыну, сол арқылы жастарымызды ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу - ерекше еңбектің, айрықша парасаттылықтың белгісі.

Қазақ халқының өзге ұлттардан бір ерекшелігі, ол өзінің би өнері арқылы күнделікті тұрмыстағы тыныс-тіршілікті дөп басып бейнелей білген. Басқаны былай қойғанда, қазақ халқының батырлары да биге өте жақын болған. Батырлардың жауын жеңіп, жеңіспен елге оралып келе жатқанын қарапайым ауыл адамдары олардың биі арқылы танып білген. Биі арқылы дейтініміз, әдетте қазақ батырлары жауды ойсырата жеңіп, елге таяп қалғанда, анадай жерден аттарынан түсіп, ауылға қарай «Бүркіт» биін билеп келетін болған. Осылайша, олар ауылға жақсы хабарды жеткізе білген. Бұл, әрине, тек қазақ халқына ғана тән нәрсе.

Тағы бір ерекшелігі - қазақ халқы ежелден ән айта жүріп би билеген, би билеп жүріп ән айтуға машықтанғандығын айтуға болады. Бұл да болса, қазақ би өнерінің өзіндік ерекшелігі. Той-томалақтарда қазақтың қыз-келіншектері мен жігіттері би өнері арқылы сайысқа түсіп, жеңімпаздарға ұлттық дәстүр бойынша сый-сияпат көрсетіліп, жол-жоралғы жасалып отырған.

«Би халық өнерінен туындайды»,-дейді Шара Жиенқұлова. Қазақтың өнерден кенде халық емес екені де баршаға аян. Солай бола тұра ұлттық биге келгенде оң көзқарас аздау, би өнеріне шек келтіретіндер де бар. Ондайларға беретін жауап та жоқ емес. Шараның өз сөзімен айтсақ: «...айгөлек, ақсүйек, ортеке, соқыр теке, түйе-түйе, алтыбақан, орамал тастау, беташар, жар-жар, шашу, мерген, сайыс, көкпар, бәйге, күрес, жаяу жарыс, атшабыс, айтыс, қыз қуу, садақ тарту сияқты ұлт ойындарын, сондай-ақ, бұлардың сыртында өрнек тоқу, кесте тігу, текемет, сырмақ басу, тұскиіз, күмістеп оюланған ертоқым, сандық, кебеже, саба пісу, ұршық иіру тәрізді қазақ әйелдерінің қолөнеріне қатысты іс-қимылдары да бар екенін ескерсек, солардың барлығы да музыка ырғағына тұнып тұрған қазақ биі демей, не дейміз? Шаңырақ көтеріп, кизі үй тігу және оны жығудың өзі қандай әсем көрініс…» [45, 26 б.].

Ұлттық би өнерiмiздің қамқоршылары ретінде елге танылған ерлі-зайыпты Ағымбаевтар би өнері қасиетiнiң өмiршеңдiгiне бүгiнде көпшіліктің көзiн жеткізіп отырған өнер тарландары. Қазақ би өнерiнiң түп-тамыры ғасырлар қойнауынан бастау алады. Ұлттық дәстүр, салтты танытатын қазақ биі - киелі өнер түрі. Сондықтан да салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты насихаттайтын би спектакльдерін қою Қадиша мен Еркебұлан Ағымбаевтардың шығармашылық өсу жолының негізгі сатысы болды. Сайып келгенде, қазақ биiнің арқауы халықтың жан дүниесi, оның таным-түсiнiгi, табиғатпен байланысы, философиясы. Мiне, осының бәрi кез келген бидің құрылымынан, болмысынан айшықты көрiнiс тауып жатса жарасымды болары хақ. Биді өнеріміздің бөлінбес бір бөлшегі, өміріміздің көркем өрнегі ретінде ұлттық би қазынамыздың ортаймауына, оның жаңа билермен жарқырап көріне беруіне, адамның тек көзбен көріп қана қоймай, жүрекпен сезінуіне осы шығармашылық ұжымның қосқаны мол.

Нәтижесінде, Қазақстан халқының игілігіне жарайтын, ұлттық құндылықтарды насихаттап, сол арқылы ұрпақтың санасына жарқын ықпалын тигізетін өнердің мерейі қашан де үстем болмақ. Ендеше, «Наз» театрының репертуарындағы салт-дәстүр негізіндегі би қойылымдарының қоғамда алатын орны ерекше боларына сенім мол. Сондай-ақ, би өнерімізде ұлттық бастаулардың көзін ашып, қайта жаңғыртуда, тың ізденістер арқылы заңды эволюциялық өсу жолында өзінің көркемдік сипатымен, өз шығармашылығымен Қазақстанның хореография өнеріне үлкен үлес қосқаны анық.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ҚОРЫТЫНДЫ

 

Тәуелсіздік алғанымызға аз уақыт болса да, өнерде ғана емес, барлық жағынан биік белестерге жетіп отырған ел екенімізді әлемге паш еттік. Оған куә Рим Папасының Қазақстанға келуінен бастап, Азияда ойындарының, аты шулы Саммиттің біздің елде өтуін алыңыз, көптеген халықаралық шаралардың, құрылтайлардың Еуразия жүрегіне баланған елордамыз Астанада өтуі, соңғысы 2017 жылы күтіліп отырған «ЕХРО - 2017» ел мерейін тіпті асқақтатқан қуанышты хабар болды. Бұл, кез-келген елдің маңдайына бұйыра бермейтін бақ пен абырой. Соған көпұлтты қазақ елінің жұмыла көтерген бірлігінің, ынтымағының, сондай-ақ Елбасымыздың сындарлы саясатының нәтижесінде жеттік.

Шетелден келген халықтар ең алдымен біздің қаламыздың көркіне, яғни құрылысымызға, экономикамыздың дамуына қараса, одан кейін мәдениетімізге қарап бағалайды. Астанада сырттан келген ағайындардың қатысуымен ауқымды шаралар өткізіледі. Өйткені, бұл - бас қала. Осы қалаға қарап аймақтар көшін түзейді. Сондықтан, жаңашылдыққа ұмытыла отырып, ұлттық дәстүрімізді насихаттау, соның ішінде би өнерін дамыту басты мақсаттардың бірі.

Ал, қазақ биі - ұлтымыздың бай, мол қазыналы салт-дәстүрінің бет келбеті. Қаншалықты халық салт-дәстүрге бай болса, соншалықты би өнері де бай болмақ. Зерттеу барысында көптеген дәстүрлерімізді, ұлттық ойындарымызды балетмейстерлер осы би өнері арқылы сахна төріне шығарғанын көре алдық. Қазақ биінің қарқынды дамуына байланысты, кеңінен тараған дәстүрлеріміз ұлттық ойындарымыз (бет ашар, қоштасу, көкпар, бәйге, қыз қуу, тұсау кесер және тағы да басқалары) зерттеу жұмысының нысанына айналған «Наз» театрының қойылымдарында көптеп кездеседі, әрі осының барлығы қазақ биінің дамуында үлкен рөл атқарып отыр деп тұжырымдадық.

Халықтың есінде сақталған көркем-тарихи ескерткіштері, дәстүрлі өнері қоғамның ұлттық сана сезімін қалыптастыруда, жас ұрпаққа эстетикалық тәрбие беруде, өз үйін, яғни Отанын сүюге, патриотизмге, адамгершілікке тәрбиелеуде айрықша рөл атқаратыны белгілі.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жыл сайын халықты салауатты өмір салтын ұстануға шақырып жүргені бәрімізге мәлім. Ол үшін жастарға барлық қолдан келген жағдайлар жасалуда. Салауатты өмір дегеніңіз тек спортпен шектелмейді. Ұлттық би дегеніңіз нағыз салауатты өмірге жетелейтін, жан сұлулығы мен тән сұлулығын бірге тәрбиелейтін керемет өнер түрі. Олай дейтініміз, қазіргі білікті балетмейстерлеріміздің жаңғыртқан дәстүрлі билері керемет қимылдарға толы, басыңыздан бастап башпайыңызға дейін қозғалтатын, буын-буыныңызды былқылдатып, жүрегіңізді мейірім мен шаттыққа толтыратын қазақтың қаншама тамаша билері бар. Біріншіден - денсаулыққа пайдалы болса, екіншіден - рухани азық. Сондықтан да болашақ ұрпақ үшін, олардың ұлттық құндылықтарды ұлағаттап, денсаулықтары мықты азамат етіп тәрбиелеуде қазақ биінің де өз қосар үлесі зор екенін көрдік.

Бұл күндері әлемге қазақ биін танытып жүрген, қазақтың ұлттық құндылығын дәріптеп, алаштың атын төрткүл дүниеге таныстырып келе жатқан би театрларымыз баршылық. Бұған дәлел АҚШ, Қытай, Жапония, Франция, Түркия тағы басқа елдердің сахналарында өнер көрсетіп, ұлттық биіміздің айшықты өрнегімен таңғалдырып жүрген таланттар. Олардың ішінде көптеген әлем халықтарының билерін меңгерген Қазақстан Республикасының «Салтанат», «Алтынай», «Гүлдер», «Шалқыма» би ансамбльдері мен «Наз» мемлекеттік би театры сынды елімізге және одан да тысқары елдерге кеңінен танымал би ұжымдары. Шетелдік көрермендер: «Мынау нағыз классикалық би ғой», - деп тамсанады екен. Сырттағы жұрттың көңіліне ұнап, сезімін баурап алған ең алдымен би өнеріміздің әрі мен нәрі, мағынасы мен мазмұны болса керек.

Жұмыс барысында жинақталған мәліметтерден, зерттеуден шығатын тұжырымдар мен қорытындыларда жоғарыда айтылып кеткен қазақ би өнеріндегі салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың ықпалы мен «Наз» театрының шығармашылық ерекшеліктеріне тоқталмақпыз.

Біріншіден, қазақ биінің мағынасы да өз деңгейін, орнын тапты. Олай дейтініміз, қазіргі таңда қолданылып жүрген ұлттық қимылдардың барлығы да салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа негізделген. Композициялық қойылымдардағы қимыл әрекеттердің қолданыс аясының кеңейгенін көреміз. Мысалы, қыздардың биінде кездесетін «Білезік», «Ұршық», «Қос алқа», «Қызғалдақ», «Тұмар», «Айна» сияқты қимылдардың би тақырыбына сәйкес қолданылуы. Әр қимылдың өз айтар ойы мен мән-мағынасы бар екеніне көз жеткіздік.

Екіншіден, осы ғасырда қазақ биінің дамуына өзінше үлес қосып келе жатқан би театрлары бар. Соның ішінде «Наз» мемлекеттік би театры нысанаға алынып, аталған театрдың өзіндік ерекшеліктері мен оның шығармашылық дамуына салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың ықпалы қарастырылды.

Шын мәнінде ұлттық бидің қазіргі таңда мерейі үстем өнер түрінің бірі. Өйткені, тәуелсіздігімізді алып, көк туымыз желбірегелі бері ұлттық өнерімізді дамытып, жетілу жолдарына көңіл бөліп, оны болашақ ұрпақ игілігіне жұмсау өнер адамының міндеті. Сол мақсаттарға жол тартқан «Наз» халық театрларының шығармашылық өсу жолын қарастыра келе, ұжымның әлі де берері мол екеніне көз жеткіздік. Себебі, осындай ұлттық құндылықтарымызды, ұлттық билерімізді, сайып келгенде ұлттық киімдерімізге дейін жаңғыртып, оны бұқара халықтың алдына алып шығып, алғысына бөленіп жүрген би театрларының еңбегі ерен.

«Наз» мемлекеттік би театрының өнері, бағдарламасы, жалпы даму жолы қазақ би өнері тарихына өзіндік құбылыс болып еді. Театр ұмыт болған көне билер нұсқаларын жаңғыртып, жандандырып, тарихи тұлғалар туралы спектакль жасап, өзінше шығармашылық ізденісте болғанын көрдік. Мәселен, «Наз» мемлекеттік би театры арқылы:

    • дәстүрлі билерден құрылған сағаттарға созылатын би спектакльдері қолға алынып, көрерменге ұсынылды (Қазақ би жәдігерлері);
    • қазақ халқының тарихи тұлғалары туралы хореографиялық спектакльдердің қойылымдарын қолға алды (Нұрғиса);
    • көне би түрлерін репертуарына енгізіп, оған жаңаша серпін берді;
    • хореографиялық қойылымдарға күйлер мен халық музыкалары қолданылып, оған заман талабына сай өң берді;
    • әр бидің қимыл-қозғалысына, ерекшелігіне байланысты бұрыннан қолданылып келе жатқан қолөнерлік, тұрмыстық бұйымдар мен зергерлік заттарды биге қолдану үрдісін өздерінше қалыптастырды.

Бірінші тарауда қазақ мәдениетінің би өнеріне ықпалы қарастырылды. Онда ХХ ғасырдағы қазақ би өнерінің өсіп өркендеуі, қазақ биін дамытуға өзіндік үлес қосқан тұлғалардың еңбектері мен көркем ойлары зерделенді. XX ғасырдың 30-жылдары қазақтың рухани мәдениетінің қарыштап дамуына байланысты Қазақстанның мәдени өмірінде ұлттық  опера және балет, драма театрларын, хореография мектебін, концерттік ұжымдарды, симфониялық, ұлт аспаптар оркестрлерін кұруға мүмкіндік алғаны және осыған орай Қазақстан жерінде «Қазақ ССР-нің Мемлекеттік ән би ансамблі» құрылғаны, оның халықтық-сахналық би өнерінің дамуында үлкен үлес қосқаны айтылды. Би өнерін зерттеуші ғалымдар мен қазақ би өнерінің жанашырлары Н.И.Эльяш, Ә.Ысмайлов, О.В. Всеволодская-Голушкевич, Л.Д.Чернышева, Л.Смолянский, Ш.Жиенқұлова, Д.Әбіров, З.Райбаевтардың еңбегі сараланды. «Алтынай», «Салтанат» би ансамбльдерінің шығармашылығына шолу жасалды.

Сондай-ақ осы тарауда қазақ биінің мән-мағынасын ашуға тырыстық.  Әрбір ұлттың басты ерекшелігі оның рухани құндылықтарында жатқанына көз жеткіздік.

Информация о работе Қазақ мәдениетінің би өнеріне ықпалы