Автор работы: Пользователь скрыл имя, 09 Октября 2013 в 13:39, курсовая работа
Тақырып өзектілігі. Қазақстан тәуелсіздік алған жиырма жыл ішінде талай-талай белестерді бағындырды. Ол халықаралық қатынастан бастап, елдің әлеуметтік, экономикалық, саяси және мәдени салаларының барынша қарқынмен дамуы арқылы көзге түседі. Бұл еліміздің рухани бай болуының, білімділігінің, байсалдылығы мен сабырлығының арқасында келіп жатқан үлкен жетістік. Қазақ халқы тарихтың талай соқпақтарынан өтсе де, небір қилы заманды басынан кешсе де ұлттық құндылығын бағалаған халық. Оның айғағы тіліміздің, дініміз бен діліміздің, ұлттық құндылықтарымыз бен өнеріміздің өлмей, атадан балаға мұра болып, қазіргі өркениетті күнге жетуі десек артық айтқандық емес. Соның ішінде ұлттық өнердің ажырамас бөлігіне айналған қазақ биінің орны ерекше.
Сонымен, бозбала Нұрғиса Мәскеуде жүріп, ғұлама ұстаздардан тәлім, білім алып, дирижерлықтың қыр-сырын жетік меңгереді. Ол кәсіпқой дирижер, шебер күйші-домбырашы болып, туған еліне, Алматыға оралады. Сол сәтте ел мерекелік ынтымақ күнін тойлап жатқан кезі еді. Мерекелік шеру өз үйлесімін табады. «Шыңдалу» бөлімінің екінші көрінісі «Көңілді бикеш» деп аталады. Өнер адамы тым сезімтал, жүрегі жұмсақ болып келетіні мәлім. Ол адам ғашық болса, дүние құбылып, шабыты келіп, талай белестерді алатыны сөзсіз. Нұрғиса да сондай сәтті басынан кешіріп, бір бойжеткенді құлай сүйеді. Сол бойжеткеннің бойындағы әйел затына бұйырған сұлулық пен нәзіктікке тәнті болып, ғашықтық сезімдері көкірегіне жыр қосып, оның өнер тұлғасы ретінде шыңдала түсуіне тікелей әсер етеді. Сол сәттен-ақ, Нұрғиса өмірлік жарын табады. Адал махаббат пен сүйіспеншіліктің нәзік лебі, жастардың бір-біріне деген ыстық ықыласы көздерінен көрініп, қыймылдарымен өз үйлесімін тауып жатты. Соңғы «Алып тұлға» бөлімі үш: «Күйші - композитор», «Арман», «Ұлы Нұрғиса» атты көріністерден тұрады. Халық Нұрғисаны нағыз тума талант ретінде тани бастайды. Аталған көріністер Ұлы тұлға, қазақтың маңдайына біткен, біртуар талант иесі Нұрғиса Тілендіұлының өміріндегі бақытты, шарықтау шегінен сыр шертеді. Аққу - ғашықтар символы. Жүрегі сүйіспеншілікке толы Нұрғиса ағамыз домбырамен төгілтіп күй шертеді. Қыз-бозбала жиналып, айлы түннің астында, бұлақтың әдемі сыңғырын тыңдап ән салады. Нұрғисаның әуендері елден елге тарап, халықтың ықыласына бөленіп, тыңдармандарының сүйіп салатын әуендеріне айналады. Дирижерды қолдайтын өнердегі жолдастары оған шабыт беріп, қолдап, оның қасына ұлттық аспаптар ұстаған бір топ жастар шоғырлана бастайды. «Отырар сазы» этнографиялық фольклорлы оркестрін ашу Нұрғиса ағамыздың үлкен армандарының бірі болатын, ол биік белеске жетелеген ауқымды шара болды. Соның нәтижесінде КСРО халық әртісі атағын иеленді. Еңбекқорлығының, табандылығының арқасында мерейі үстем болып, қазіргі таңда қазақ халық өнерінің бай қазынасын толықтырып кеткен тарихи тұлғаға айналды. Қазақтың осындай біртуар азаматы туралы би спектаклін қою идеясының авторы - Н. Байымбетова, қоюшы режиссеры әрі бас балетмейстері - Е. Ағымбаев болса, қоюшы балетмейстер - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері - Қ. Ағымбаева еді. Ал, ғылыми кеңесшісі - Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Ұлттық музыка академиясының доценті - Қ. Сайжанов мырза болатын. Дирижеры - Е. Бақтыгерей, либретто авторы - Н. Вахитов, әуенін өңдеуші - М. Тналин екенін айта кеткен жөн. Бейне көріністермен әрлеуші - Қ. Мұрзанинаның, дыбыс режиссерлері - Н. Мағзұмов, С. Лизунков, сценограф - Ж. Қалтаевтың, хормейстер - Ж. Жұлқаштың еңбектері орасан зор болды. Өйткені, ұйымдастырушылардың ойын әсерлі, әдемі етіп көрерменге жеткізуде ұжымның бір адамдай жұмыс істеуі өте маңызды болып табылады. Аталмыш спектакльге «Шашу» балалар би ансамблінің де қосқан үлесі зор. Жетекшісі - Тәуіржан Рахат. Нұрғиса рөлін сомдаған талантты биші -А. Спатаевпен бірге әріптестері керемет көріністі абыроймен алып шықты.
Осы қойылымды тамашалауға келген, Ұлы тұлға Нұрғиса ағамыздың өмірлік жары - Дариға мен қызы Динараның ризашылықтарында шек болмады. Қойлым соңында сөз алған Дариға ханым: «Құрметті өнер сүйер қауым!» - деп бастады сөзін. «Мынау сөзсіз, бимен қойылған спектакль сөзбен сөйлегеннен де керемет екен! Нұрағаның бүкіл өмірін, бүкіл образын ашып, өмірін музыкамен жазып кеткен екен. Келе жатқанда, бұл бимен қойылатын қандай спектакль, түсініксіз дүние шығар деп ойлаған едім. Бұл бір керемет дүние болды. Бүкіл халық риза болды. Осыған қандай адам ақылы жетіп, осындай қиын істі, жауапкершілікті кім алып отыр десем, мына жігіт екен...»,-деп, «жарайсың» дегендей, Еркебұлан Ағымбаев мырзаның арқасынан қақты. Дариға ханымның көзінен үлкен мақтаныш сезімі байқалды, жүрегінде қуаныш пен қобалжу бар еді. Себебі, Құдай қосқан қосағы Нұрғиса Тілендіұлының бүкіл өмірін баяндайтын, оның өмірі мен өнерін жалпақ жұртқа түсінікті етіп, бимен әсерлеп қойылған мұндай спектакль бұрын соңды қазақ тарихында болмаған. Бұл - ерлі-зайыпты Ағымбаевтардың қазақ би өнеріне әкелген тың жаңалығы, үлкен жетістігі болды.
Көпшіліктің көзайымына айналған «Наз» халық би ансамблі, осы театрдың көшін алға сүйреп келе жатқан Ағымбаевтар туралы бұқаралық ақпарат құралдары не дейді екен? Қандай баға береді?! Қоғаммен бітісе қайнасып жатқан БАҚ өкілдерінің материалдарына бір көз жүгіртсек. Мысалы, «Өрге жүзген өнерпаздар» атты «Астана хабары» газетіне жарияланған мақалада: «Елорда мәдениетінің іргелі шаңырақтарының бірі - Наз халық би ансамблі. Жылдар жылжыған сайын ансамбльдің қанаты қатайып, тұяғы жетіліп келеді. Бұған би өнеріне өлермен құштар екі жастың қажыр қайраты мен шығармашылық қабілеті кепіл. Әрине, үлкен мақсатқа жету үшін, ұлы арман керек. Ағымбаевтар осындай арманшыл жандар»,-деп журналистер қауымы ағынан жарылады [33, 12б.].
Сыншыл басылымдарымыздың бірі «Айқын» газетінде «Наз» халыққа берген сертінен шықты» атты мақалада: «Атырау қаласына жасаған алғашқы гастрольдік сапарлары сәтсіз аяқталған «Наз» мемлекеттік би театры өз уәделерінде тұрды. Бір-ақ күнде би театрының абыройын түсірген жаңа администратор Талғат Байкеновтың былықтырып кеткен ісіне намыстары қозған «Наз» би ұжымы шығынға ұшырағанына қарамастан атыраулықтардың алдында толық бағдарламамен өнер көрсетіп, халықтың қошеметіне бөленді»,-деп жазады [34, 5 б.]. Бұл, «Наз» би театр ұжымының ақшаны емес, абыройды, адамгершілік қасиетті басты міндет етіп қоятынын, рухы биік өнер иелері екенін тағы бір дәлелдегендей.
«Неделя в Астане» баспасөзінің «Народное творчество» айдарында «Тұйғындар - мастера «изящной пластики» атты көлемді мақала жарық көрді. Онда ерлі - зайыпты Ағымбаевтардың шеберліктерін сөз етіп, Алматы қаласындағы алаңда олимпиада алауының эстафетасы өткен кезде осы би ұжымының қытай халық биін орындағаны, оған тек қазақстандықтар ғана емес, қытайлықтардың өздерінің қайран қалғанын жазған екен [35, 11 б.].
«Шашу» журналында жарық көрген «Кер даланың қоңыраулы керуені «Наз» деп аталатын әдемі мақала жарық көрді. Онда «Шашу - 2007» фестиваліне Қазақстан атынан «Наз» мемлекеттік халық би ансамблінің қатысқаны туралы ақпарат беріле келе: «Еркебұлан мен Қадиша Ағымбаевтар қазіргі уақытта қазақ би өнерінің тарихын зерттеп және насихаттап жүрген еліміздегі бірден-бір балетмейстер-хореографтар. Сондықтан да «Шашу» Халықаралық халық биі фестивалі олар үшін аса маңызды да жауапты белең»,-делінген [36, 4 б.].
Би жанашыры Еркебұлан Ағымбаев тіл жанашырларына сұхбатты көптеп береді. Ондағы қозғалатын өзекті мәселе, әрине, қазақ биін өркендету, салт-дәстүрін жаңғырту, болашақта атқарылатын келелі мәселелерді қаузайды. Ірі көлемде жарық көрген сұхбаттардың бір-екеуіне көз жүгіртсек. «Мәдени мұра» журналына берген Еркебұлан Мүлікұлының сұхбаты «Назды» академиялық театр деңгейіне жеткізсем» - деп аталады. «Боямасыз болмысты би өнерімен өрнектеп жүрген «Наз» театры мәдениетіміздің оқшау жұлдызы спетті. Өзегіңізден шыққандай болып кеткен «Наз» Мемлекеттік би театры туралы нақты айтып берсеңіз. Өнер мен мәдениет саласының жанашыры болып жүруіңіздің себебі неде?»-деп, тілші сұрағымен басталатын, ауқымды материалға айналды [37, 74 б.].
Сондай-ақ, «Атырау» газетіне «Қазақта би болмады деген - бекер» атты көлемді сұхбат жарияланған болатын. Онда Еркебұлан Ағымбаев қазақ биінің шығу тарихы, қазіргі бидің ерекшелігі мен жетістігі, ұжым туралы ойларын, армандары мен мақсаттарын ортаға салады [38, 4 б.].
Қазақ би өнерінің өсіп-өркендеуіне, оның қазіргі заман талабына сай жаңаша құбылуына, көрермендердің талғамдарына сәйкес жаңғыруына үлкен үлесін қосып келе жатқан ерлі-зайыпты өнер иелері Еркебұлан мен Қадиша Ағымбаевтардың қазақ биі тарихында алар орны ерекше. Олардың шығармашылық жаңалықтары - көне Түркі Күлтегін заманынан бергі ұлт рухын дәріптейтін, қазіргі жастардың санасына патриоттық сезім ұялататын қазақ билерін қазақтың мінезіне үйлестіріп, мәні мен мағынасын жоғалтпай, салт-дәстүрімізді уағыздайтын әдемі де көркем би спектакльдерін қойып, оны қалың жұртшылықтың жүрегіне жеткізіп, ыстық ықыласқа бөленуінде болып табылады.
Қазақ би өнерінің сахналық көрінісін жасап, оның дамуына үлес қосқан аға буын балетмейстерлер еңбегін жалғастырып жүрген Еркебұлан мен Қадиша Ағымбаевтардың еңбегі жемісті болды. Осы жылдар арасында қойған би бағдарламалары мен спектакльдері халықтың рухани азығына айналғанын көзіміз көрді.
Міне, осындай шығармалар арқылы халықтың рухын асқақтатып, басқаларға төл мәдениетіміздің тылсым тұстарын жан-жақты таныстыруымен қатар, іргемізді бекітіп, шаңырағымызды биіктете түсу қажет екенін түсінген өнер саңлақтары Ағымбаевтардың тәуелсіз қазақ елінің тарихында би өнері саласы бойынша әлі талай белестерді бағындыратынына сеніміміз кәміл.
Бүгінгі күні театрдың мұндай шараларға баруы тектен тек емес, ол жан-жақты ойластырылған, бүгінгі іс-қимыл, болашаққа бағыт бағдар. Жылдар өте келе бұл бастамалар болашақтың еншісінде қалып қоймай, тамырын тереңге жаятыны ақиқат. Мәдениет саласына тың серпін беріп, ел болашағының рухани әлемін байыта түсетін өнер құдіреті - ағып жатқан су сияқты, үнемі заман ағымына байланысты жаңаша нұсқалар мен жаңаша идеяларды қажет етіп отырады. Мұның арты үлкен еңбек пен ізденімпаздықты, кәсіби шеберлікті талап етеді. Осыған байланысты өз өмірлерін өнермен өрнектеген Ағымбаевтар театрдың танылуы мен шеберлігін шыңдауға өз үлестерін аз қосқан жоқ. Ұлттық болмысымыздың бұзылмас келбетін, салт-дәстүріміздің алтын діңгегі мен ұлттық құндылықтарын ұлықтау арқылы ғана ертеңгі күнді жасай алатынымызға үлесін қосқан осындай өнер адамдары. Қазақтың бір туар ақиық ақыны Төлеген Айбергеновше айтсақ, «жанам деген жүрекке от берген» [39, 4 б.] театр ұжымының көрсетіп жүрген өнері - тынымсыз еңбектің жемісі екенін анық аңғартады.
Қазақ би өнерінің сахналық үлгісін жасап, оның дамуына үлес қосқан аға буын балетмейстерлер еңбегін жалғастырып жүрген Еркебұлан мен Қадиша Ағымбаевтардың еңбегі жемісті болды. Осы жылдар аралығында дайындаған би бағдарламалары мен қойған спектакльдері халықтың рухани азығына айналды.
2.2 «Наз» мемлекеттік би театрының шығармашылық жолы мен ерекшелігі
Қазіргі қазақтың ұлттық би өнері шығыс билері мен әлем билерінің көлеңкесінде қалып бара жатқаны да жасырын емес. Сән-салтанаты келіскен кештер мен кездесулерде, жиын-тойларда қазақтың ұлттық билерінен гөрі шығыстық стильдегі билер өздерінің өтімдірек көрінеді. Мемлекеттік биліктегі мәртебелі қонақты қарсы алу салтанатының шымылдығы өзбек билерімен ашылғанын көріп, талай мәрте қапа болғанымыз да жасырын емес. Мұндай мысалдардың барлығы ұлттық би өнерінің жаңа қарқынмен дамуы керек екендігін көрсетіп отыр. Мұндай мысалдардың барлығы «Қазақта би болған ба, болмаған ба?» деген сауалдар туындатқаннан гөрі ұлттық би өнерін заманға сай түрлендіру керек екендігін айқындады.
Осы орайда Астана тарихымен астасып жатқан өнер ошақтары баршылық солардың бірі, әрі бірегейі деп тілге тиек ететін қазақтың жаңа ғасырдағы жаңаша бағытты ұстанып, өз өнерімен халық мұрасын насихаттап келе жатқан мәдени ұжымдарының бірі «Наз» мемлекеттік би театры. Аталмыш театр 1999 жылы Астана қаласындағы мемлекеттік филормонияның жанынан құрылған. 2007 жылы қала әкімінің шешімі бойынша «Наз» филормониядан бөлініп, жеке шаңырақ көтерді. Ол қазір Көктал кентіндегі Мәдениет үйінде орналасқан.
Бүгінде театр Қазақстан Республикасының кәсіби би ұжымдарының ішінде алдыңғы лекте жүрген өнер ұжымы. Жеткен жетістіктерді айтпағанда театрдың алға қойған мақсаттары мен биік белес шыңдары әлі де көп. Осыған дәлел ұжымның құрамы, Қазақстанның түкпір-түкпірінен арнайы саралап алынған дарынды, биге деген махаббаттары оттай жанып тұрған кәсіби дәрежесі биік жас мамандар. Театр құрамында Селезнев атындағы Алматы хореграфиялық училещесін, эстрада-цирк колледжін, сонымен қатар хореография кафедраларын және Қызылорда, Шымкент, Орал, Шымкент, Барнаул, Омск қалаларының оқу орындарын бітірген түлектер бар.
Театр гастрольддік сапарлармен Қазақстанның көптеген облыстарында, Алматы және Астана қалаларында өз өнерлерін көрсетті. Республика мақтанышына айналған Наз тіпті шетелдерде - Ресейде, Қытайда, Түркияда, Бельгияда Голландияда, Францияда болып, қазақ халқының би өнерін әлем жұртшылығына паш етіп жүр. Мұны аз уақыт ішінде қол жеткізген театр ұжымының тамаша табысы деп бағалау орынды. Әрине, үлкен мақсатқа жету үшін, ұлы арман керек. Ал, армандай алмайтын адамның алдынан ақ таң атпайды. Ағымбаевтар осындай арманшыл жандар. Өнерлі жұп елордаға ат басын тіреген кезде Астананың атына сай өнер ұжымдарының әлі бекімеген тұсы еді. Оны айтасыз, Қуанышбаев атындағы қазақ-музыкалық драма театрынан басқа өнер ұжымдарының тұрақты баспаннасы жоқ еді. Осы бір алмағайып кезеңде құрылған Наз би театрының маңдайы тасқа тимеді десек әбестік болар. Бұларды қаржы да қинады, дайындалатын арнайы орындары да болмады. Бүгін осының бәрі артта қалды. Төл өнерімізді түрлендіру арқылы театрдың да беделі өсті. Табиғи бояуы қанық ұлттық би үлгілерін жаңғырту арқылы өзінің өнердегі орынын тапты. Қазақ биін жеке және топтық шағын көріністерден алып шығып, толық қанды би спектакліне айналдырды. Бұның басты ерекшелігі тағы да сол тарихи танымы терең этнографиялық, фольклорлық, этностилдік үлгіні дамытуында еді. Ұжымның атын шығарған һәм өнер сүйер жұртқа әйгілі еткен «Тұйғындар» би спектаклі. Рухты бидің қимылы арқылы, музыканың үні арқылы жеткізген өнерпаздардың талантына тәнті боласыз. Бұл жерде сөйлеп тұрған тіл жоқ, жан дүниеңді ширықтырар еркіндік рухы бар. Сондықтанн да бұл өнер кез-келген халыққа түсінікті.
Өнер ұжымының өрлеу жылдары 2001 жылдан басталды. 2007 жылдан бастап «Наз» би театры жеке мемлекеттік мекеме болып құрылды. Ұжым басшысы Еркебұлан Мүлікұлы, бұны қала әкімдігі тарапынан жасалған ұсыныс дейді әрі құп көреді.
Қала әкімдігі ұлттық өнерді өркендетуге қолдау көрсетіп, ұжымға жаңадан шаңырақ көтеріп берді. Ол бұрын аудандық мәдениет үйі мәртебесіне ие болып келген Көктал кентіндегі жаңа ғимарат. Қысқасын айтқанда, арман болған жеке шаңыраққа қолы жеткен бұл ұжым енді нағыз шығармашылық айдынға желкен жайды. Бұл өнер ұжымының халықтың терең тамырлы тарихынан сыр шертетін би өнерін дамытуға қосып келе жатқан үлесі ерекше. Ал, осы өнерді жан жақты дамытуға өзіндік күш жігерлерін салып, оны бүгінгі заман талабына сай қайта жаңғыртуда аталмыш өнер ұжымының жасап келе жатқан істері де жеткілікті. Жан-жақтан келген жас мамандардан құралған ансамбль ең алғаш халық назарына қыздар мен бір топ жігіттердің орындауында «Шернияз» биін ұсынды. Сонымен қатар 2000 жылы наурыз мерекесіне ерлі-зайыпты Ағымбаевтар Б.Жұманиязовтың «Серпін» күйіне би шығарып, тағы да көрерменнің ерекше ыстық ықыласына бөленді. «Серпін» биі ұжымның репертуарындағы ең алғашқы билерінің қатарына жатқанымен, осы күнге дейін бұл биден орындаушылар да, көрермендер де жалыққан емес. Өйткені бұл шығарма «Наз» мемлекеттік би театрының қоржынындағы ең сәтті шыққан билердің бірі. Осы би арқылы да көптеген байқауларда жеңіс төрінен көрінді.