Қазақ мәдениетінің би өнеріне ықпалы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 09 Октября 2013 в 13:39, курсовая работа

Краткое описание

Тақырып өзектілігі. Қазақстан тәуелсіздік алған жиырма жыл ішінде талай-талай белестерді бағындырды. Ол халықаралық қатынастан бастап, елдің әлеуметтік, экономикалық, саяси және мәдени салаларының барынша қарқынмен дамуы арқылы көзге түседі. Бұл еліміздің рухани бай болуының, білімділігінің, байсалдылығы мен сабырлығының арқасында келіп жатқан үлкен жетістік. Қазақ халқы тарихтың талай соқпақтарынан өтсе де, небір қилы заманды басынан кешсе де ұлттық құндылығын бағалаған халық. Оның айғағы тіліміздің, дініміз бен діліміздің, ұлттық құндылықтарымыз бен өнеріміздің өлмей, атадан балаға мұра болып, қазіргі өркениетті күнге жетуі десек артық айтқандық емес. Соның ішінде ұлттық өнердің ажырамас бөлігіне айналған қазақ биінің орны ерекше.

Прикрепленные файлы: 1 файл

МАГИСТ.ДИССЕР..doc

— 6.34 Мб (Скачать документ)

«Сахнада орындалатын бидің астарын ашу, мағынасын жеткізу үшін қажетті компоненттермен қатар бишілерден көп ізденіс, мол тер төгуді қажет ететіні белгілі. Биші өзінің ғажайып қимылдары арқылы әрбір биін ерекше көріктендіріп, түрлендіріп тұрады. Сондықтан да бишінің мүлтіксіз жасаған көркем де мәнерлі қимылдары көрермен ойынан дәл шығып, көркемдік әлеміне ұласып жатуы қажет»,-деген қазақ биін зерттеуші ғалым Т.О.Ізім өзінің «Алтынай» атты кітабында [22, 9 б.].

Міне, осыған орай аталған ұстанымды ұжымның бишілері де, жетекшілері де жадынан шығармағанын көрдік.

Жалпы алғанда театр репертуары шығармашылыққа өте бай. Оның ішінде тек қазақ билері ғана емес, әр ұлттың билері де бар. Театр репертуарындағы ең алғашқы билерінің бірі - түрік ұлтының «Ана долы халайы» атты биі театрдың көркемдік өсу жолының жоғары деңгейге көтерілуіне өзіндік септігін тигізген билердің бірі деуге болады. Бұл биді жыл сайын Астана қаласында өтетін IV Халықаралық «Шабыт» шығармашылық жастар фестивалінде орындап, 2001 жылы бас жүлдені ұтып алған болатын. Қыздар мен жігіттердің орындауында бұл би сахнада өте көңілді, көтеріңкі көңіл күйді көрсете білді.

Сондай-ақ, осы ұжымның қоржынында әзіл-қалжыңнан тұратын билерде жоқ емес. Мысалы: Украйн халқының «Женихи» атты биін көріп отырған жастарға да, үлкен кісілерге де көңілді сәттерді сыйлайтын әзіл-қалжыңға негізделген би болды. Бұл биде үш образдағы, яғни мас кейіпкердің, интелегент және шалдың кезек-кезек жас қызға таласуын көрсетеді. Қыздың үш кейіпкермен де билеп, олардың еш қайсысына қарамай мазақтап кетіп қалуы, осы үш кейіпкердің бір-бірімен таласу барысы көрерменнің көңілін көтеретіні рас. Жылдар өткен сайын осы бидегі кейіпкердің бейнесін сомдайтын балет артистері де өзгеріп отыратыны белгілі. Дегенмен, осы бидегі қыздың рөлін Айгүл Таңбаева, шалдың рөлін Талғат Сүбаналиев, мас адамды Адыл Еркинбаев және интелегент жігіттің рөлін Бейбіт Баянбаев нақышына келтіріп, өз образдарын керемет сомдаған кез болатын. Театр репертуарында осындай сюжеттен тұратын билер көбеюде.

1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысқан аталарымыздың құрметіне арнайы қойылған «Жеңіспен үйге қайтқанда» атты сюжеттік би қойылымы да көрерменнің  көңілінен шыққан көркем шығарма. Биде туған жеріне асығып келе жатқан үш жігіттің бейнесі шынайы  сомдалған. Жүйіткіп келе жатқан отарбаны қолдарына ұстаған ағаштары арқылы көрсеткен жігіттердің бірі елге деген сағынышын туған жердің топырағын сүю арқылы көрсетсе, екінші жігіт өзінің сүйген жарына асығып келе жатқанын орамалмен билеу арқылы  көңілді етіп бейнелейді. Ал үшінші жігіт жолдастарының  қылықтарын әзілмен билеп көрсетеді.

Наз алғаш құрылған жылдардан-ақ репертуарындағы би қойылымдарын, би спектакльдерін байытумен болды. Мәселен, 2007 жылдың өзінде  сол кездегі ансамбль мүшелері көрермендеріне 50 қойылым ұсынған. Атап айтар болсақ, «Махамбет», «Шернияз», «Серпін», «Гопак», «Көшкеруен», «Білезік ойыны», «Сарбаздар», «Көктем», «Шашу», «Киіз басу», испан биі «Коррида любви», өзбек биі «Қаракөз», аджар биі  «Хоруми», шығыс биі  «Сылқылдақ», «Балбырауын», «Көңіл ашар», «Масленица», «Желдірме», «Жайлауда», «Назерке», «Елес», «Жеңіспен үйге қайтқанда», «Алтын қыран» тағы басқалары.

Би театрының өсіп өркендеуіне, дамып толысуына, репертуардың толығуына - еліміздің және көрші елдерден келген хореографиялық білімі бар жас мамандар негіз болып отыр. Хореографиялық білімі бар жас мамандардың «Наз» мемлекеттік би театрында қызмет ете жүріп би қоюға, өздерінің шығармашылық қабілеттерін толық көрсетуге мүмкіндіктері бар. Мысалы: Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан облысының түлегі Айтмағамбетова Мейрамгүл осы өнер ұжымында он жылдан аса балет артисі ретінде қызмет жасай жүріп, бірнеше би қойып, театр репертуарына енгізді. «Қалыңдық», «Қайындар», және Дүзбаев Сагиттің орыс биі «Кадриль», испан биі «Каволерос», Сүлейменова Дананың «Секіртпе» және Шәмшиев Алматтың «Қуаныш», «Қос құрбы» атты билері театрдың репертуарлық қорын толықтыра түсті.

Бұл билер бір біріне ұқсамайды, себебі Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі әр түрлі хореографиялық мектептен өткеннен кейін, әр би қоюшының қол таңбасы да бөлек. Осы би қойып жүрген жастар балет артисі ретінде қызмет ете жүрумен қатар өз қабілеттерін көрсетіп, би қою мүмкіндіктеріне ие болды. Бұл да осы ұжымның басқа би ансамбльдерінен ерекшелігінің бірі деуге болады. Сонымен қатар осындай мүмкіндік беріп отырған театр жетекшілері Ағымбаевтардың жастарды шығармашылық бағытта тәрбиелеп отырғанының көрінісі. «Наз» мемлекеттік би театры болғандықтан театр бишілері биді негізге ала отырып, «сегіз қырлы бір сырлы» демекші өнердің басқа саласы арқылы да өздерін жан-жақты көрсетуде. Яғни, ақын жазушылардың шығармашылық кешінде поэзия, монологтар оқып, көптеген мерекелерге қатысты кішігірім спектакльдерде бірнеше рольдерді сомдап, орындап жүр. Мысалы, тетрдың бишілері «Күшік күйеу» атты спектакльден үзінді көрсетіп халыққа басқа да қырынан танылған болатын. Бұл, әрине, бишілерге актерлік шеберліктерін таныту үшін керек. Сондай-ақ осы ұжымның әншісі, режисері Вахитов Нұрфаттың «Ақ пен Қара» атты жас бүлдіршіндерге арналған спектаклін театрдың балет артистері орындап шықты. Бұл спектакльде балаларға қызықты болуы үшін өте қарапайым сюжет алынып, би арқылы көрсетілген. Өмірдің өзі жақсы мен жаманнан яғни, ақтың ақ екенін қараның қара екенін көрсетіп, балаларға түрлі сұрақтар қойып, көрініспен тығыз байланыстыра отырып жеткізе білді. Көрініс біткеннен кейін, өмірдің баспалдағынан болашаққа енді қадам басып келе жатқан бүлдіршіндердің үлкен ойға кенеліп, түйсініп тарқасқандары көздерінен көрініп тұрды.

Сонымен қатар, аты төрткүл дүниеге әйгілі «Мың бір түн» ертегісінің желісі бойынша қойылған «Мың бір түннің бір түні» атты хорео-драмалық қойылым да тарихи негіздегі көркем туынды. Оны дайындап, көрермен назарына ұсынған - «Наз» театрының көркемдік жетекшісі, бас балетмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері - Қадиша Ағымбаева. Қойылымның басты рөлін сомдағандардың қатарында етікші Маруфтың рөлін - Д. Гражданкин, Эсмигюль ханшайымның рөлін - М. Қужамжарова, Шахрезаданың рөлін - А. Умашева, Калиф Тахир рөлін - А. Шоман, бас уәзір рөлін - Б. Баянбаев, Евнухты - А. Рысқалиев, Жын - Эфрит рөлін - Д. Жаппасов, Маруфтың жарын - Д. Абилова, Жылан - бикеш рөлін - Н. Леоньтева, ұры басшысын - А. Спатаев, Жалын - құс рөлін - А. Тұрсынова және де бір топ театр әртістері асқан шеберлікпен ойнады. Либеретто авторы - А. Ким, сценограф - А. Қалиев, костюм дизайнері - Қ. Кагенова мен музыка редакторы - Н. Вахитовтың еңбектерінің ерен болғаны көрінді.

Аталған көрініс Ұлы Араб әмірлігінің Бағдат шаһарында болған бір күндік оқиға бейнеленеді, онда сатқындық пен махаббат, мейірім мен зұлымдық, байлық пен кедейшілік, жақсылық пен жамадық қатар жүретінін, бірақ, түбінде тек жақсылық пен мейірім, мөлдір махаббат қана жеңетінін дәріптейтін, тәрбиелік мәні мен мағынасы бар хореографиялық спектакль.

«Болмасаң да ұқсап бақ»,-деп Абай атамыз айтпақшы театр артистерінің өздерін басқа қырынан көрсетіп жатқандығы театр үшін - үлкен мақтаныш. Бұрын-соңды елімізде бишілердің көрініс ойнап, поэзия оқығандарын сахнада көрмегендіктен, бұл да «Наз» мемлекеттік би театрының қазіргі таңдағы жаңалықтарының, ерекшеліктерінің бірі.

Ерінбей, талмай, үнемі ізденіспен жүретін бұл ұжым жыл сайын жаңа шығармаларымен өз көрермендерімен қауышқанды мақсат тұтады.

Көрерменнің әрқашан осы аталмыш театрдан «Тағы не көрсетеді екен?»,- деген қызығушылықтарынан көп нәрсе күтіп жүргенін байқаймыз. Диссертациялық еңбектің авторы осы театрдың балет артистерінің бірі болғандықтан, «Наз» мемлекеттік би театрының шығармашылық жолымен бірге өсіп келе жатқандықтан ұжымның жетістіктеріне тікелей куә.

«Алматы ақшамы» газетіне жарияланған мақалада аталмыш театрдың басты ерекшелігі туралы былай деп сыр шертеді: «Төл өнерімізді түрлендіру арқылы ансамбльдің де беделі өсті. Дәл бүгін Қазақстандағы би ұжымдарының көш басында тұр. Әрі табиғи бояуы қанық ұлттық би үлгілерін жаңғырту арқылы өзінің өнердегі орнын тапты. Қазақ биін жеке және топтық шағын көріністерден алып шығып, сағаттарға созылған би спектакліне айналдырды. Бұның басты ерекшелігі тағы да сол тарихи танымы терең этнографиялық, фольклорлық, этностильдік үлгіні жалғастыруында еді»,-деп Мемлекеттік театрдың басты ерекшелігінің астын сызып көрсеткендей болды [40, 6 б.]. 

Өресі биік өнерін көрерменге мойындатқан бұл өнер ұжымы аз уақыттың ішінде осындай үлкен белестерден көрінуінің бірден бір себебі. Бұл үлкен ізденістің, еңбектің және өнер ұжымының ұйымшылдығы мен бірлігінің арқасы дегіміз келеді. Өнер жолы қиын жол десек те, қиындықтарға мойымай «Наз» мемлекеттік би театры әлі талай белестерді бағындыратыны анық.

Жоғарыда айтып өткендей би театры басқа би ансамбльдері сияқты бір бағдарламамен жыл сайын есептік концертін беруден аулақ. «Наз» Мемлекеттік би театры концерттік бағдарламасын үнемі өзгертіп, шама-шарқынша жыл сайын жаңартып отыруға тырысады. Өйткені, өнер сүйер қауым қашанда өзі сүйіп көретін театрларының репертуарларынан жаңалық күтетіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан, ансамбльдің дәрежесіне кері әсерін тигізбес үшін, өнер ұжымының абыройына нұқсан келмес үшін жаңа ізденістерге жол ашу керек. Бұл да «Наз» ұжымының алға қойған мақсаттары, өзге театрлардан ерекшелігі.

Әрине, бір биді сапалы деңгейде даярлау үшін қаншама уақыт, күш-жігер, жүйке керек екенін екінің бірі түсіне бермеуі мүмкін. Ұйымдастырушыларға - музыканы дұрыс таңдау, оны сапалы жаздырту, бишілердің костюмдерін тақырыпқа сай, көрікті етіп тіктіру, бишілермен жұмыс, тағысын тағы жұмыстар жүргізіледі. Ал бишілердің алдында әрбір қимылды жаттау, музыка ырғағын түйсіну, оны дұрыс қолдану, әріптестерімен бірлесе, қалыспай тер төгу сынды міндеттер тұрары анық. Сол қиындықтарға қарамастан, аталған би ұжымы демалыссыз жұмыс істейді. Өйткені, ондағы мақсат та, міндет те, сайып келгенде мүдде мен арман да бір жерге тоғысып жатыр. Ол - халық көңілінен шығу. Олар үшін бұдан артық бақыт жоқ.

Ал жыл сайын есептік концертін бермесе де жаңа бағдарламасын таразыдан өткізіп, жеті рет өлшеп бір рет кесетін «Наз» мемлекеттік би театрының абыройы асқақтап тұр. Тек қана би қойылымымен шектеліп қалмай, көптеген би спектакльдерінде қойып үлгерді. Театр қоржынында Француз композиторы Морис Равельдің «Болеро» атты әйгілі шығармасына қойылған би спектаклі бар. Бұл спектакльді Испан елінде көп жылдар бойы өмір сүрген, Алматы қаласындағы А.Селезнев атындағы хореография училищесінің түлегі Ж.Саимов пен осы театрдың көркемдік жетекшісі Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Қ.Е.Ағымбаева қойды. Ж.Саимов Испан халқының билерінің қимылдар лексикасын көрсеткенімен биді қойған жоқ. Өйткені би қою практикалық тәжірибесі болмағандықтан бұл қойылым театрдың жетекшісі Қ.Е.Ағымбаева мен театр артистерінің бірігуімен сахналанды. Бұл койылымды жаттап, орындап шығу өнер ұжымына оңай болған жоқ. Театр артистері бұрын соңды мұндай қойылымды билеп көрмегендіктен испан халқының мәнерін келтіріп, би койылымы барысындағы образдарды сомдап шығу үшін біраз уакытты талап етті. Дегенмен, бірлікті ұстанған театр ұжымы бұл көріністі де өте сәтті сахна төріне шығара алды. Испан биі болғандықан ең бірінші жалындаған махаббат пен жарқыраған от сезімді көз алдымызға елестетеміз. Он бес минуттан тұратын шағын би спектаклінде де осы мазмұндар бой алды. Яғни қыз бен жігіттің бір-біріне махаббаты, сезімі, қойылымның ортасында тавернада сыра ішіп отырған жігіттердің, қыздардың қызғаныш сезімдерін шыр айнала билеу арқылы көрсете білді. Бірінші көрсетілімді (премьера) көрермен назарына 2008 жылдың мамыр айында ұсынған болатын. Сол кездегі осы қойылымның басты рольдерін Асқар Саржанов, Дана Сүлейменова және Айгүл Таңбаева сомдаса, кейінгі қойылымдарда Арман Спатаев, Аяжан Омашева және Дәмеш Абилова орындап жүр.

«Наз» би театры құрылғалы бері 60-тан астам қазақ биін қойып, 7 би спектаклін өмірге әкелді. Би қойылымын жасау оңай шаруа емес, соны түсіну керек»,-дейді ұжым басшысы Еркебұлан Ағымбаев. Өйткені, тек би арқылы сахнада қойылым жасау, образ жасау, оны халыққа жеткізу өте үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Театрдың қойған билері мен би спектакльдерінің арасында Нұрғиса қойылымының орыны ерекше. Жоғарыда көрсетілгендей Нұрғиса Тілендиевтің тал бесіктен жер бесікке дейінгі өмірі толық көрсетілген.

Еліміз егемендік алып, тарих дөңгелегі шындыққа бет алған заманда өнер айдыны қанатын кеңге жайды. Оның дәлелі би өнерінде халқымыздың мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан өнер адамдарының жарқын бейнелері сомдалып, көрермен жүрегіне жол тапты.

Қос ішекті домбыраның күңіренген үнін естігенде тебіренбейтін қазақ жоқ шығар. Жабырқағанда жаныңа демеу болар, қуанғанда көңіліңді тербетер осы бір асыл да қасиетті аспап қазақ үшін теңдесі жоқ дүние. Оның қадір-қасиетіне жетіп, киелі аспаптың өн бойындағы күшін сезініп, оны өзгелерге жеткізе білген жандардың қай-қайсысы болмасын, өз заманының заңғар тұлғасы, халқының сүйікті ұлы, танымал адамдарының бірі болған. Олардың арасында халқымыздың музыкалық мәдениетіне, саз өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, артына өшпес мол мұра қалдырған, дәулескер күйші, қазақтың әйгілі композиторы Нұрғиса Тілендиевтің орны ерекше.

Кезінде жыр алыбы  Жамбыл Жабаев: «Менің ием, жолбарысым Тілендінің баласы Нұрғисаға кетті. Түсімде соның алақанын жалап тұр екен. Ендігі иесі сол болар»,-деген екен. Өмірінің соңына дейін жалынды жырларының иесі болып, рух беріп, босағасында жатқан қызыл жолбарысының тау асып, басқа өнер адамының бағына қонғанын пайымдағаны ғой алыптың [41, 75 б.].

Тілендіұлы Нұрғиса қазақтың музыкалық мәдениетіндегі сал серілік дәстүрдің соңғы тұяғы. Ол өнер туындату барысында уақыттың идеологиялық өктемдігіне, ассимиляцияшыл әсіре үрдісіне мүлде мойын ұсынбастан, өзінің тәңір дарытқан төлтума қалпынан қылдай ауытқымай жүріп, шығармашылық даралығын сақтап қала алды. Бұл ретте, Нұрғиса жерден қуат алатын Антей сияқты, қазақтың музыкалық дәстүріне табанын нық тіреп тұрып, өзінің арман аңсарын еш жасқанбастан дыбысқа айналдыра білді. Ол өз заманының музыкалық танымын терең игерген кәсіпқой музыкант бола тұра суырыпсалмалық дәстүрді ұдайы шабыт тұғыры етіп отырды. Былайша айтқанда, көргенді күйттеп, естігенді жаттап отыратын оркестрлік қасаңдыққа Нұрғиса буырқанған шабыт еркіндігін дарыта білді. Бұл ретте, Нұрғиса сахараның ақ бас абыздары сияқты, өз үнін көп дауысқа тұншықтырмай, өз лебізін көп даңғазаға ілестірмей, қазақтың дәстүрлі музыкалық тіліндегі дарашыл қасиетті тәу етіп өтті. Нұрғисаның композитор, дирижер, орындаушы ретіндегі ойы көпке ортақ, тілі көпке түсінікті. Егер, сал-серілер өнері адамның жан жүрегіне бағытталуымен дараланса, сол ұлы дәстүр Нұрғисаның да барша шығармашылық болмысында аста төк болып, шалқып шашылып жатты. Дәл осы тұрғыда Нұрғиса қазақтың дәстүрлі музыкасының әрін тайдырмастан, нәрін жоғалтпастан тек қана өзіне тән профессионализмді қалыптастыра алды [42, 13 б.].

Информация о работе Қазақ мәдениетінің би өнеріне ықпалы