Бюджетный кодекс на казахском

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 10 Ноября 2012 в 19:23, реферат

Краткое описание

Осы Кодекс бюджеттік, бюджетаралық қатынастарды реттейді, бюджет жүйесінің жұмыс істеуінің, бюджет қаражатының құралуы мен пайдаланылуының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру мен пайдаланудың негізгі ережелерін, принциптерін және тетіктерін белгілейді.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Бюджетный-кодекс-на-казахском.doc

— 909.00 Кб (Скачать документ)

  75-бап. Жергілікті бюджеттің жобасын қарау және бекіту 
               туралы жалпы ережелер     

1. Облыстың, республикалық  маңызы бар қаланың, астананың  жергілікті атқарушы органы облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетінің жобасын тиісті мәслихатқа ағымдағы қаржы жылының 15 қазанынан кешіктірмей енгізеді. 
      Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің жобасын тиісті мәслихатқа ағымдағы қаржы жылының 1 қарашасынан кешіктірмей енгізеді. 
      Жергілікті атқарушы орган жергілікті бюджеттің жобасымен бір мезгілде мынадай құжаттарды және материалдарды: 
      1) өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының және бюджеттік параметрлерінің болжамын; 
      2) мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының жобаларын; 
      3) жергілікті бюджет жобасына енгізілген шешімдерді ашып көрсететін түсіндірме жазбаны ұсынады. 
      2. Тиісті мәслихаттар облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерін Қазақстан Республикасының Президенті республикалық бюджет туралы заңға қол қойғаннан кейін екі апта мерзімнен кешіктірмей бекітеді. 
      Мәслихат ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетін облыстық бюджетті бекіту туралы облыстық мәслихаттың шешіміне қол қойылғаннан кейін екі апта мерзімнен кешіктірмей бекітеді. 
      3. Егер мәслихат осы баптың 2-тармағында белгіленген мерзімде жергілікті бюджет туралы шешімді қабылдамаған болса, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органы кезекті қаржы жылының бірінші тоқсанына арналған жергілікті қаржы жоспары туралы қаулы шығаруға құқылы, ол мәслихат жергілікті бюджетті бекіткенге дейін қолданылады. Кезекті қаржы жылының бірінші тоқсанына арналған жергілікті қаржы жоспары туралы жергілікті атқарушы орган қаулысының жобасын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган әзірлейді. 
      Кезекті қаржы жылының бірінші тоқсанына арналған жергілікті қаржы жоспары кезекті қаржы жылына арналған жергілікті бюджет болжамының төрттен бір бөлігі көлемінде ағымдағы жылдың 25 желтоқсанынан кешіктірілмей бекітіледі. 
      Жергілікті қаржы жоспарының атқарылуы осы Кодексте белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. 
      4. Кезекті қаржы жылының бірінші тоқсанына арналған жергілікті қаржы жоспары бекітілген жағдайда, осы қаржы жылына арналған жергілікті бюджет сол жылдың 1 наурызынан кешіктірілмей бекітілуге тиіс. 
      Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары аудандық (қалалық) мәслихаттар аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджеттерін бекіту туралы шешімдер қабылдағаннан кейін бір апта мерзімде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға бекітілген жергілікті бюджеттердің негізінде жинақталған облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерін, сондай-ақ жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын жоспарлы кезеңге арналған жергілікті бюджеттік инвестициялық жобалардың тізбесін ұсынады. 
      6. Мәслихаттың жергілікті бюджет туралы шешімі қосымшаларымен бірге және кезекті қаржы жылының бірінші тоқсанына арналған жергілікті қаржы жоспары туралы жергілікті атқарушы органның қаулысы қосымшаларымен бірге бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.    

  76-бап. Өкілді органдардың бюджеттер жобаларын қарауының 
               негізгі принциптері     

1. Өкілді органдар бюджеттердің  жобаларын қарау кезінде мынадай  принциптерді ұстанады: 
      1) негізділік принципі; 
      2) бюджеттің теңгерімділігін сақтау принципі. 
      2. Негізділік принципі депутаттардың бюджет жобасына өзгерістер немесе толықтырулар енгізу туралы кез келген ұсыныстары осы түзетулерді енгізу, оларға тиісті есеп-қисаптар қоса беріле отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарына сәйкестігі және мемлекеттік органдар қызметінің олардың стратегиялық жоспарларында көзделген мақсаттарын, міндеттерін және нәтижелерінің көрсеткіштерін түзету жөніндегі ұсыныстардың қажеттігі жазбаша баяндалып берілуге тиіс екендігін білдіреді. 
      3. Бюджеттің теңгерімділігін сақтау принципі депутаттар бюджет жобасына кез келген өзгеріс немесе толықтыру енгізген кезде бюджет тапшылығының мөлшерін бюджет жобасында белгіленгеннен асырмай сақтау үшін түсімдердің қосымша көздері не қысқартылатын шығыстар айқындалуға тиіс екендігін білдіреді.    

  77-бап. Республикалық бюджеттің жобасын Қазақстан 
               Республикасының Парламентінде қарау     

 Республикалық бюджет  туралы заңның жобасын Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мен Сенатының жалпы отырыстарында қарауға Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген адамның (адамдардың) республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуының және бюджеттік параметрлерінің болжамы және республикалық бюджет туралы заңның жобасы бойынша, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының ақша-кредит саясаты бойынша баяндамалары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламентінің Палаталары уәкілеттік берген адамдардың заң жобасы бойынша қорытындыларымен коса баяндамалары кіреді.    

  78-бап. Жергілікті бюджеттің жобасын мәслихаттың тұрақты 
             комиссияларында қарау     

1. Жергілікті бюджеттің  жобасы тиісті мәслихаттың тұрақты  комиссияларында қаралады. 
      2. Тиісті мәслихаттардың тұрақты комиссиялары комиссия мүшелерінің арасынан жұмыс топтарын құрады. Жұмыс топтарына жергілікті атқарушы органдардың өкілдері тартылуы мүмкін. 
      3. Тұрақты комиссиялар жұмыс топтарының пікірлерін ескере отырып, тиісті негіздемелермен және есеп-қисаптармен жергілікті бюджет жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлейді және оларды тиісті мәслихат айқындаған тұрақты бас комиссияға жібереді. 
      4. Тұрақты бас комиссия тұрақты комиссиялардың ұсыныстарын жинақтауды жүзеге асырады, ол мәслихаттың сессиясына шығарылады. Бұл ретте жинақтауға тиісті негіздемелері мен есеп-қисаптары бар ұсыныстар ғана енгізіледі. 
      5. Тиісті мәслихаттың сессиясында жергілікті бюджеттің жобасын талқылауға тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімінің немесе жергілікті атқарушы орган уәкілеттік берген адамының (адамдарының) өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының және бюджеттік параметрлерінің болжамы, жергілікті бюджеттің жобасы бойынша, сондай-ақ мәслихат уәкілеттік берген адамдарының жергілікті бюджеттің жобасы бойынша қорытындысымен қоса баяндамалары кіреді.    

  79-бап. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті 
               атқарушы органдардың республикалық бюджет туралы 
               заңды және жергілікті бюджеттер туралы 
               мәслихаттардың шешімдерін іске асыру туралы 
               қаулылары     

1. Қазақстан Республикасы  Үкіметінің республикалық бюджет  туралы заңды іске асыру туралы  қаулысы Қазақстан Республикасының  Президенті республикалық бюджет  туралы заңға қол қойған күннен бастап екі апта мерзімде қабылданады. 
      Жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешімін іске асыру туралы жергілікті атқарушы органның қаулысы мәслихат жергілікті бюджетті бекіткеннен кейін екі апта мерзімде қабылданады. 
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың республикалық бюджет туралы заңды іске асыру және жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешімін іске асыру туралы қаулыларының жобаларын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі тиісті уәкілетті орган әзірлейді. 
      2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың республикалық бюджет туралы заңды іске асыру және жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешімін іске асыру туралы қаулылары бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне бюджеттің уақтылы атқарылуын қамтамасыз ету жөнінде, жергілікті атқарушы органдарға жоғары тұрған бюджеттен бөлінетін нысаналы трансферттер мен кредиттерді пайдалану бөлігінде тапсырмаларды көздейді. 
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің республикалық бюджет туралы заңды іске асыру туралы қаулысына: 
      1) темен тұрған бюджеттерге нысаналы трансферттер мен кредиттер бөлу; 
      2) объектілер бойынша жоспарлы кезеңге арналған бюджеттік инвестициялық жобалардың тізбесі; 
      3) объектілер бойынша республикалық бюджеттен қоса қаржыландыруды қажет ететін, жоспарлы кезеңге арналған концессиялық жобалардың тізбесі; 
      4) нысаналы даму трансферттері және жоғары тұрған бюджеттен бюджеттік кредиттеу есебінен қаржыландырылатын, жоспарлы кезеңге арналған жергілікті бюджеттік инвестициялық жобалардың тізбесі; 
      5) республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері және мемлекеттік тапсырмаларды орындауға жауапты заңды тұлғалар көрсетілген мемлекеттік тапсырмалар тізбесі; 
      6) Қазақстан Республикасының Үкіметіне айқындау жүктелген, республикалық бюджет туралы заңды іске асыруға қажетті басқа да деректер немесе көрсеткіштер қоса беріледі. 
      Жергілікті атқарушы органдардың жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешімін іске асыру туралы қаулысына: 
      1) төмен тұрған бюджеттерге нысаналы трансферттер мен кредиттер бөлу; 
      2) объектілер бойынша жоспарлы кезеңге арналған бюджеттік инвестициялық жобалардың тізбесі; 
      3) объектілер бойынша жергілікті бюджеттен коса қаржыландыруды қажет ететін, жоспарлы кезеңге арналған концессиялық жобалардың тізбесі; 
      4) облыстық бюджеттен аудан (облыстық маңызы кала) бюджетіне нысаналы даму трансферттері және бюджеттік кредиттеу есебінен қаржыландырылатын, жоспарлы кезеңге арналған жергілікті бюджеттік инвестициялық жобалардың тізбесі; 
      5) жергілікті атқарушы органға айқындау жүктелген, мәслихаттың жергілікті бюджет туралы шешімін іске асыруға қажетті басқа да деректер немесе көрсеткіштер қоса беріледі. 
      3. Республикалық бюджет нақтыланған жағдайда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің республикалық бюджет туралы заңды іске асыру туралы қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы Қазақстан Республикасының Президенті республикалық бюджет туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойған күннен бастап он күн ішінде бекітіледі. 
      Жергілікті бюджет нақтыланған жағдайда, мәслихаттың жергілікті бюджет туралы шешімін іске асыру туралы жергілікті атқарушы органның қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жергілікті атқарушы органның қаулысы мәслихаттың жергілікті бюджет туралы шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәслихат шешімі бекітілгеннен кейін екі апта мерзімде бекітіледі.

14-тарау.  ТӨТЕНШЕ МЕМЛЕКЕТТІК БЮДЖЕТТІ ӘЗІРЛЕУ, 
ЕНГІЗУ НЕМЕСЕ ОНЫҢ ҚОЛДАНЫСЫН ТОҚТАТУ    

  80-бап. Төтенше мемлекеттік бюджетті әзірлеу, енгізу 
              немесе оның қолданысын тоқтату үшін негіз     

1. Қазақстан Республикасы  Президентінің Қазақстан Республикасының аумағында төтенше немесе соғыс жағдайын енгізу немесе оның күшін толық немесе ішінара жою туралы жарлықтары төтенше мемлекеттік бюджетті әзірлеу, енгізу немесе оның қолданысын тоқтату үшін негіз болып табылады. 
      2. Қазақстан Республикасының бірнеше өңірінің аумағында бір мезгілде төтенше жағдайды енгізу төтенше жағдайдың салдары республиканың ұлттық мүддесі мен экономикалық қауіпсіздігіне нақты қатер төндіруі мүмкін болған жағдайда ғана төтенше мемлекеттік бюджетті енгізу үшін негіз болып табылуы мүмкін. 
      3. Төтенше мемлекеттік бюджетті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді және ол Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен бекітіледі.    

  81-бап. Төтенше мемлекеттік бюджеттің жобасын әзірлеу     

1. Қазақстан Республикасының  Президенті төтенше немесе соғыс  жағдайын енгізген кезде бюджетті  атқару жөніндегі орталық уәкілетті  орган мемлекеттік жоспарлау  жөніндегі орталық уәкілетті  органға Қазақстан Республикасы Президентінің төтенше немесе соғыс жағдайын енгізу туралы жарлығы қабылданған күнгі жағдай бойынша республикалық және жергілікті бюджеттердің бекітілген, нақтыланған, түзетілген көрсеткіштерін және олардың кассалық атқарылуын ұсынады. 
      2. Тиісті мемлекеттік органдар мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға төтенше немесе соғыс жағдайының қолданылуы кезеңінде жүзеге асырылатын іс-шараларды қаржыландыру жөніндегі бюджеттік өтінімдерді енгізеді. 
      3. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган төтенше немесе соғыс жағдайының іс-шараларын қаржыландыруға арналған бюджеттік бағдарламалардың тізбесі мен көлемдерін жасайды және оларды Республикалық бюджеттік комиссияның қарауына енгізеді. 
      4. Республикалық бюджеттік комиссия осы баптың 3-тармағында көрсетілген бюджеттік бағдарламалардың тізбелері мен көлемдерін мақұлдағаннан кейін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Президентінің төтенше мемлекеттік бюджет туралы жарлығының жобасын жасайды. Төтенше мемлекеттік бюджет туралы Қазақстан Республикасы Президенті жарлығының жобасына: 
      1) осы Кодексте белгіленген құрылым бойынша жасалатын төтенше мемлекеттік бюджет; 
      2) төтенше мемлекеттік бюджеттің құрамына енгізілген және төтенше немесе соғыс жағдайының іс-шараларын қаржыландыруға арналған қажеттілікті ескере отырып, түзетілген республикалық және жергілікті бюджеттердің көрсеткіштері қоса беріледі. 
      5. Төтенше мемлекеттік бюджет туралы Қазақстан Республикасы Президенті жарлығының жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметі, егер Қазақстан Республикасы Президентінің төтенше немесе соғыс жағдайын енгізу туралы жарлығында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Президентінің бекітуіне енгізеді.

4-бөлім.  БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРЫЛУЫ

15-тарау. БЮДЖЕТТІҢ  АТҚАРЫЛУЫ ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР     

  82-бап. Бюджеттің атқарылуы туралы жалпы ережелер     

1. Бюджетке түсімдердің  түсуін, бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) іске асырылуын қамтамасыз ету, бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитті пайдалану) жөніндегі іс-шаралар кешенін орындау бюджеттің атқарылуы болып табылады. 
      2. Республикалық бюджеттің атқарылуын Қазақстан Республикасының Үкіметі қамтамасыз етеді. 
      3. Жергілікті бюджеттердің атқарылуын жергілікті атқарушы органдар қамтамасыз етеді. 
      4. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджеттің атқарылуы саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруды және оның іске асырылуын жүзеге асырады, өз құзыреті шегінде республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді әзірлеп, бекітеді, республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы, бухгалтерлік және бюджеттік есепке алу, қаржылық және бюджеттік есептілік саласындағы әдістемелік басшылықты жүзеге асырады. 
      5. Бюджеттің атқарылуы ағымдағы қаржы жылының 1 қаңтарында басталып, 31 желтоқсанында аяқталады. 
      6. Бюджеттің атқарылуы республикалық бюджет туралы заңмен немесе жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешімімен бекітілген тиісті қаржы жылына арналған бюджет қаражаты көлемінің шегінде жүзеге асырылады. 
      Бюджеттің атқарылуы кезінде жоспарлы кезеңнің екінші және (немесе) үшінші қаржы жылдарында көзделген бюджет қаражатын ағымдағы қаржы жылында пайдалануға жол берілмейді. 
      7. Бюджеттің атқарылуын ұйымдастыру және бюджеттің атқарылуы жөніндегі бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қызметін үйлестіру бюджеттің атқарылуы жөніндегі тиісті уәкілетті органға жүктеледі. 
      8. Бюджеттің атқарылу рәсімдерін және оларға кассалық қызмет көрсетуді Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.    

  83-бап. Қазақстан Республикасының кейбір заңдарының 
               ерекшеліктерін ескере отырып, бюджеттің атқарылуы     

 Бюджеттің атқарылуын реттейтін осы Кодекстің ережелері мемлекеттік құпиялар, Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасы Парламентінің, мәслихаттардың депутаттарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау, жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыру, елдің сыртқы саяси қызметін, қорғаныс қабілеті мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып қолданылады.

Информация о работе Бюджетный кодекс на казахском