Бюджетный кодекс на казахском

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 10 Ноября 2012 в 19:23, реферат

Краткое описание

Осы Кодекс бюджеттік, бюджетаралық қатынастарды реттейді, бюджет жүйесінің жұмыс істеуінің, бюджет қаражатының құралуы мен пайдаланылуының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру мен пайдаланудың негізгі ережелерін, принциптерін және тетіктерін белгілейді.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Бюджетный-кодекс-на-казахском.doc

— 909.00 Кб (Скачать документ)

  227-бап. Мемлекет кепілгерлігін беруді шектеу     

1. Мемлекет кепілгерлігі  республикалық бюджет туралы  заңда белгіленген лимит шегінде  беріледі. 
      2. Мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыз қаражаты концессия объектілерін құруға ғана пайдаланылады. 
      3. Мемлекет кепілгерліктері бұрын тартылған қарыздарды қайта қаржыландыру ретінде немесе қарыздарға қызмет көрсету үшін, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың қарыздарын қайтаруды қамтамасыз ету ретінде тартылатын қарыздар бойынша берілмейді. 
      4. Мемлекет кепілгерліктерін беру лимитінің көлемі осы лимит белгіленген тиісті қаржы жылы шегінде ғана пайдаланылуы мүмкін.     

  228-бап. Мемлекет кепілгерліктерін беру шарттары     

1. Мемлекет кепілгерліктері  Қазақстан Республикасы Үкіметі  шешімдерінің негізінде беріледі. 
      2. Мемлекет кепілгерлігін беру: 
      1) осы Кодекстің 233-бабына сәйкес қарыз алушының концессия объектісін мемлекетке беруінің міндеттілігі; 
      2) қарыз алушының арнайы шотта мемлекеттің кепілгерлігімен тартылатын қарыз бойынша міндеттемелерді уақтылы орындауды қамтамасыз етуге арналған қаражатты шоғырландыру міндеттемесі шартымен жүзеге асырылады. 
      Қаражатты арнайы шотта шоғырландыру тәртібі кепілгерлік шартында айқындалады. 
      3. Мемлекеттік емес қарыз бойынша мемлекет кепілгерлігі берілгені үшін қарыз алушыдан мемлекет кепілгерлігі сомасының екі проценті мөлшерінде алдын ала біржолғы төлем (алым) өндіріп алынады. 
      4. Мемлекет кепілгерлігін беру мемлекет кепілгерлігі бойынша міндеттемелерді орындауға тартылған республикалық бюджет қаражатының қайтарымдылығын қамтамасыз ету талаптарын қанағаттандыратын сақтандыру шарты болған кезде жүзеге асырылады.    

  229-бап. Мемлекет кепілгерлігін алуға үміткер тұлғаларға 
                қойылатын талаптар     

 Заңды тұлғалар  өздері қарыз алушы ретінде  әрекет ететін қарыздар бойынша мемлекет кепілгерлігін алуға үміткер болғанда осы заңды тұлғаларға мынадай талаптар қойылады: 
      1) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының резиденті болу; 
      2) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті органмен келісім бойынша белгілейтін мемлекет кепілгерлігімен тартылған қарыздың қайтарымдылығын қамтамасыз ету талаптарын қанағаттандыратын сақтандыру шартының болуы; 
      3) тиісті саланың уәкілетті органының оң қорытындысының болуы; 
      4) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның оң қорытындысының болуы; 
      5) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның оң қорытындысының болуы; 
      6) мемлекет кепілгерлігімен не мемлекеттік кепілдіктерімен бұрын алынған, төлем мерзімдері басталған қарыздарды өтеу және оларға қызмет көрсету бойынша берешегінің, сондай-ақ кредиторлар алдында өзге де мерзімі өткен берешегінің болмауы; 
      7) концессия объектісінің құнына қатысты кемінде жиырма процентті құрайтын меншікті капиталының болуы; 
      8) төлемақы төлеуге қабілетті болып табылуы, таратуға жатпауы, оның мүлкіне тыйым салынбауы, оның қаржы-шаруашылық қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тоқтатыла тұрмауы тиіс.    

  230-бап. Мемлекет кепілгерліктерін беру үшін концессиялық 
                жобаларды іріктеу     

 Мемлекет  кепілгерліктерін беру үшін концессиялық  жобаларды іріктеуді Қазақстан  Республикасының Үкіметі айқындайтын  тәртіппен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган жүргізеді.     

  231-бап. Мемлекет кепілгерлігінің нысаны     

1. Мемлекет кепілгерлігі  бюджетті атқару жөніндегі орталық 
уәкілетті орган мен қарыз беруші арасында мемлекет кепілгерлігі шартын жазбаша нысанда жасасу арқылы беріледі. 
      Осы баптың талаптарына сәйкес келетін құжат мемлекет кепілгерлігі деп танылуы мүмкін. 
      Мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының актілерінің немесе өзге де құжаттарының мемлекет кепілгерлігі болатын заңдық күші болмайды. 
      2. Мемлекет кепілгерлігі шартына бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның бірінші басшысы қол қояды. 
      3. Мемлекет кепілгерлігі шартында: 
      1) оған сәйкес мемлекеттің кепілгерлігі берілетін Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулыларының деректемелері; 
      2) қарыз алушы мен қарыз берушінің атауы және тұрған жері; 
      3) қарыз алушының негізгі міндеттемесінің мазмұны; 
      4) мемлекет кепілгерлігі берілетін қарыз сомасы, мемлекет кепілгерлігінің күші қолданылатын қарыз бойынша басқа да міндеттемелер. Басқа да міндеттемелер қарыз сомасын ұлғайта алмайды (капиталдандырмайды); 
      5) мемлекет кепілгерлігінің қолданылу мерзімі; 
      6) мемлекет кепілгерлігі шартына қол қойған лауазымды адам көрсетіледі. 
      4. Осы баптың 2-тармағында және 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген талаптар сақталмаған кезде мемлекеттің кепілгерлігі жарамсыз болып саналады.    

  232-бап. Мемлекет беретін кепілгерліктерді және мемлекет 
                кепілгерлігімен берілетін қарыздарды есепке алу     

 Мемлекет  беретін кепілгерліктер және  мемлекет кепілгерлігімен берілетін  қарыздар бюджетті атқару жөніндегі  орталық уәкілетті органда Қазақстан  Республикасының Үкіметі белгілеген  тәртіппен тіркелуге және есепке  алынуға жатады. 
      Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган мемлекет кепілгерлігі бойынша борыш мониторингін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырады.    

  233-бап. Мемлекет кепілгерлігін орындау     

 Егер қарыз  алушы мемлекеттің кепілгерлігімен тартылған қарыз бойынша міндеттемелерді төлем мерзімі өткен күні өтемесе, мемлекет кепілгерлігі бойынша міндеттемелер орындалуға жатуы мүмкін. Кепілгерлік бойынша міндеттемелерді орындау кезінде кепілгер қарыз алушыға кері талап қояды. 
      Мемлекеттің кепілгерлігі бойынша міндеттемелерді орындауға бөлінген қаражат сақтандыру шарты негізінде концессия объектісін мемлекетке беру жолымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де тәсілдермен республикалық бюджетке қайтарылуға жатады.    

  234-бап. Мемлекет кепілгерлігінің қолданылуын тоқтатудың 
                негіздері     

 Мемлекет  кепілгерлігі қарыз алушы немесе  кепілгер мемлекет кепілгерлігімен  қамтамасыз етілген қарыз бойынша  міндеттемелерді толық орындағаннан кейін қолданылуын тоқтатады.     

  235-бап. Мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыз 
                қаражатын пайдалануға қойылатын шектеу     

 Мемлекет  кепілгерлігімен тартылатын қарыз  қаражатын кепілгерлік шартында  көзделмеген мақсаттарға, сондай-ақ мемлекеттік органдарға кредит беру үшін пайдалануға тыйым салынады.     

  236-бап. Мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыз 
                қаражатының пайдаланылуына бақылау және 
                жауаптылық     

 Мемлекет  кепілгерлігімен тартылатын қарыз қаражатының пайдаланылуына Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен бақылау жүзеге асырылады. 
      Мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыз бойынша қарыз алушы алынған қаражатты мақсатсыз пайдаланғаны және қарыз бойынша борыштық міндеттемелерін орындамаған жағдайда, мемлекет кепілгерлігі бойынша міндеттемелерді орындауға бөлінген қаражатты қайтаруы үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.

47-тарау.  ҚАРЫЗ БЕРУШІНІҢ МҮДДЕЛЕРІН ҚОРҒАУ      

237-бап.  Қарыз шарты бойынша міндеттемені орындаудан 
                 біржақты бас тартуға жол бермеу      

 Қарыз шарты  бойынша міндеттемені орындаудан  біржақты бас тартуға жол берілмейді.    

   238-бап. Мемлекеттік органдардың және лауазымды 
                адамдардың заңсыз іс-әрекеттерінен қорғау     

 Мемлекеттік  органдар мен олардың лауазымды  адамдарының Қазақстан Республикасының  заңнамасын бұза отырып қабылдаған  және мемлекеттік және мемлекет  кепілдік берген қарыздарды тарту,  пайдалану немесе өтеу шарттарын  нашарлататын актілерінің заңдық күші болмайды.     

  239-бап. Дауларды шешу      

1. Қарыз шарттарына, мемлекеттік эмиссиялық бағалы  қағаздарға, үкіметтік кепілдіктерге,  кепілгерліктерге байланысты немесе  мемлекеттік, үкіметтік борышты,  жергілікті атқарушы органдардың  борышын немесе мемлекет кепілдік берген борышты басқаруды қоса алғанда, олардың қызметіне байланысты туындайтын даулар мен келіспеушіліктер мүмкіндігінше келіссөздер жүргізу арқылы не қарыз шарттарында, мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар шығару ережелерінде белгіленген дауларды шешудің бұрын келісілген рәсімдеріне сәйкес шешіледі. 
      2. Осы баптың 1-тармағында көзделмеген өзге даулардың барлығын, шетелдік қарыз берушінің Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен дауларын қоса алғанда, егер тараптардың келісімінде өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының соттары шешеді.

13-бөлім.  ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР

48-тарау.  ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР    

  240-бап. 2009 қаржы жылына арналған жергілікті 
               бюджеттерді әзірлеу      

1. 2009 қаржы жылына арналған  жергілікті бюджеттер осы Кодекстің  13-бабында көзделген бюджет құрылымы  бойынша әзірленеді. 
      2. Осы Кодекстің 50-52-баптарында көзделген жергілікті бюджеттердің түсімдерін болжауды өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының орта мерзімді жоспарына және алдағы үш жылдық кезеңге арналған орта мерзімдік фискалдық саясат негізінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган жүзеге асырады. 
      3. 2009 қаржы жылына арналған жергілікті бюджет туралы шешімнің мәтіні: 
      1) алдағы қаржы жылындағы бюджет кірістерінің, шығындарының, таза бюджеттік кредит беруінің, қаржы активтерімен жүргізілетін операциялар бойынша сальдосының, тапшылығының (профицитінің), тапшылығын қаржыландырудың (профицитті пайдаланудың) көлемдерін; 
      2) жоғары тұрған бюджеттен төменгі тұрған бюджетке берілетін бюджеттік субвенциялардың көлемдерін және төменгі тұрған бюджеттен жоғары тұрған бюджетке бюджеттік алып қоюлардың көлемдерін; 
      3) жергілікті атқарушы орган резервінің мөлшерін; 
      4) басқа да ережелерді қамтиды. 
      4. 2009 қаржы жылына арналған жергілікті бюджет туралы шешімге мыналар қоса тіркеледі: 
      1) осы Кодексте белгіленген құрылым бойынша тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджет. Бұл ретте түсімдер - санаттар, сыныптар және ішкі сыныптар бойынша баяндалады, ал шығыстар функционалдық топтар, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері және бюджеттік бағдарламалар бойынша баяндалады. "Бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитті пайдалану)" бөлімі жалпы сомамен ұсынылады; 
      2) бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға және заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыруға немесе ұлғайтуға бағытталған бюджеттік бағдарламаларға бөлінген бюджеттік даму бағдарламаларының тізбесі; 
      3) 2009 жылға арналған жергілікті бюджетті атқару процесінде секвестрлеуге жатпайтын, оның ішінде 2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңмен (2009 жылға арналған облыстық бюджетті бекіту туралы облыстық мәслихаттың шешімімен) белгіленген жергілікті бюджеттік бағдарламалар тізбесі; 
      4) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін сатудан республикалық маңызы бар қаланың, астананың (ауданның (облыстық маңызы бар қаланың бюджетіне) бюджетіне түсетін түсімдердің көлемі; 
      5) қаладағы әрбір ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің бюджеттік бағдарламалары; 
      6) басқа да деректер. 
      5. Бюджеттік бағдарлама - мемлекеттік басқару функцияларын, республиканы немесе өңірді дамытудың стратегиялық, орта мерзімді бағдарламалары мен жоспарларын іске асыру үшін қабылданған, бюджет қаражатымен қамтамасыз етілетін міндеттер. 
      Бюджеттік бағдарлама мемлекеттік басқару функцияларын, республиканы немесе өңірді дамытудың стратегиялық, орта мерзімді бағдарламалары мен жоспарларын іске асыру үшін қабылданған, бюджет қаражатымен қамтамасыз етілетін міндеттерді бюджеттік бағдарлама шеңберінде нақтылайтын кіші бағдарламаларға бөлінуі мүмкін. 
      Бюджеттік бағдарламаның іске асырылу нәтижелерін көрсететін мақсаты, міндеттері және индикаторлары болуға тиіс. 
      Бюджеттік бағдарламаның мақсаты бюджеттік бағдарламаны орындау кезінде қол жеткізілуге тиіс белгілі бір түпкі нәтиже болып табылады. Бюджеттік бағдарламаның мақсаты айқын, нақтылы және қол жететіндей болуға тиіс. 
      Бюджеттік бағдарламаның мақсаты жекелеген міндеттерге бөлінеді, олар бюджеттік бағдарламаның мақсатына қол жеткізудің жолдары болып табылады. 
      Индикаторлар мақсатқа сай және оңай есептелетін болуға тиіс. 
      Бюджеттік бағдарламаның атауы Қазақстан Республикасының заңнамасымен қабылданған мемлекеттік функциялардың мақсаттарын, стратегиялық, орта мерзімді бағдарламалар мен даму жоспарларының міндеттерін бейнелеуге тиіс. 
      Бюджеттік бағдарламаның мазмұны Қазақстан Республикасының заңнамасымен қабылданған, мемлекет көрсететін тиісті қызметтерді бейнелейтін мемлекеттік функцияларға, республиканың стратегиялық, орта мерзімді бағдарламалары мен даму жоспарлары міндеттерінің іс-шараларына сәйкес болуға тиіс. 
      6. Бюджеттік бағдарламалар ағымдағы бюджеттік бағдарламаларға және бюджеттік даму бағдарламаларына бөлінеді. 
      Ағымдағы бюджеттік бағдарламалар - олардың нәтижелері: 
      1) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес мемлекеттік басқару функциялары мен мемлекеттің міндеттемелерін орындау жөніндегі тұрақты сипаты бар қызметін қамтамасыз етуге; 
      2) республиканың немесе өңірдің стратегиялық, орта мерзімді бағдарламалары мен даму жоспарларының мақсатына қол жеткізуге, олардың нақты міндеттері мен іс-шараларын шешуге бағытталған бюджеттік бағдарламалар. 
      Бюджеттік даму бағдарламалары - нәтижелері республиканың немесе өңірдің стратегиялық, орта мерзімді бағдарламаларының, даму жоспарларының мақсатына қол жеткізу дәрежесіне және олардың міндеттері мен іс-шараларын шешуге тікелей ықпал ететін, экономикалық пайда алуға немесе әлеуметтік-экономикалық тиімділікке қол жеткізуге бағытталған бюджеттік бағдарламалар.    

  241-бап. Мәслихаттардың 2009 жылға арналған жергілікті 
                бюджеттер туралы шешімдерін іске асыру туралы 
                жергілікті атқарушы органдардың қаулысын 
                әзірлеу     

1. Мәслихаттың 2009 жылға  арналған жергілікті бюджет туралы  шешімдерін іске асыру туралы жергілікті атқарушы органның қаулысы мәслихат жергілікті бюджетті бекіткеннен кейін екі апта мерзімде қабылданады. 
      2. Мәслихаттың 2009 жылға арналған жергілікті бюджет туралы шешімдерін іске асыру туралы жергілікті атқарушы органның қаулысы жергілікті бюджетті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің, бюджетті атқару жөніндегі жергілікті атқарушы органның уақтылы орындауын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырманы көздейді. 
      Қаулыға мыналар қоса беріледі: 
      1) бекітілген жергілікті бюджет. Бұл ретте түсімдер ерекшеліктер деңгейіне дейін ұсынылады, ал бюджеттік бағдарламалар кіші бағдарламаларға бөлініп ұсынылады. "Бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитті пайдалану)" бөлімі жалпы сомада беріледі; 
      2) нысаналы трансферттер мен кредиттерді төменгі тұрған бюджеттерге бөлу; 
      3) оларды айқындау Қазақстан Республикасының Үкіметіне немесе жергілікті атқарушы органға жүктелген 2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңды немесе мәслихаттың 2009 жылға арналған жергілікті бюджет туралы шешімін іске асыру үшін қажет басқа да деректер немесе көрсеткіштер. 
      3. Жергілікті бюджет нақтыланған жағдайда, мәслихаттың 2009 жылға арналған жергілікті бюджет туралы шешімін іске асыру туралы жергілікті атқарушы органның қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жергілікті атқарушы органның қаулысы мәслихаттың 2009 жылға арналған жергілікті бюджет туралы шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәслихаттың шешімі бекітілгеннен кейін екі апта мерзімде бекітіледі.    

  242-бап. 2009 жылы жергілікті бюджеттерді атқару тәртібі     

1. 2009 жылға арналған бюджетті  атқару негізі мыналар болып  табылады: 
      1) осы Кодекс; 
      2) 2009 жылға арналған жергілікті бюджеттер туралы мәслихаттардың шешімдері; 
      3) 2009 жылға арналған жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешімін іске асыру туралы жергілікті атқарушы органдардың қаулылары; 
      4) жергілікті бюджеттерді атқару барысында ағымдағы қаржы жылы қабылданатын жергілікті атқарушы органдардың шешімдері; 
      5) жергілікті бюджеттік бағдарламалардың паспорттары; 
      6) міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары, түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары; 
      7) жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің міндеттемелері және төлемдері бойынша қаржыландыру жоспарлары; 
      8) мемлекеттік мекемелердің міндеттемелері және төлемдері бойынша қаржыландырудың жеке жоспарлары; 
      9) осы Кодекске сәйкес бюджеттің атқарылу тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық актілер. 
      2. 2009 жылға арналған жергілікті бюджеттік бағдарламалардың паспорттарын мәслихат жергілікті бюджетті бекіткеннен кейін екі апта мерзімде жергілікті атқарушы орган бекітеді. 
      Жергілікті бюджеттік бағдарламалардың паспорттары бюджетті бекіту (нақтылау, түзету) кезінде қабылданған шешімдерді ескере отырып, бюджет комиссиясы мақұлдаған және бюджеттік өтінім құрамында ұсынылған бюджеттік бағдарлама паспорты жобасының негізінде жасалады. 
      Бюджеттік бағдарламалардың паспорттарына мынадай жағдайларда өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі: 
      1) бюджетті нақтылаған; 
      2) жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын атқарушы органдардың функциялары өзгерген; 
      3) мақсаттары, міндеттері, іс-шаралар, жауапты орындаушылар, іске асыру мерзімдері, күтіліп отырған нәтижелері және индикаторлары өзгерген жағдайда, 2009 жылға арналған жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешімдерін іске асыру туралы жергілікті атқарушы органның қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген; 
      4) Қазақстан Республикасының саяси, экономикалық, экологиялық және әлеуметтік тұрақтылығына қатер төндіретін ахуалдарды жою қажеттігі; 
      5) мемлекеттік мекеме бюджеттік бағдарламаның жоспарланған іс-шараларын тиісті тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) арналған нақты бағалардың болжамды бағалармен салыстырғанда төмендеуі салдарынан бекітілген сомадағы бюджет қаражатының аз көлеміне орындаған жағдайда пайда болған, пайдаланылмаған жоспарлы сомалардың қалдығы мақсаттарға барынша жақсы қол жеткізуге және бюджеттік бағдарламаның міндеттері мен іс-шаралар тізбесін кеңейтуге қажетті қосымша іс-шараларды орындауға жіберілген жағдайларда. 
      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпиялардың қорғалуын қамтамасыз ете отырып, жергілікті бюджеттік бағдарламалардың паспорттары бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялануға жатады. 
      3. Міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары, түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары, жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің міндеттемелері және төлемдері бойынша қаржыландыру жоспарлары, мемлекеттік мекемелердің міндеттемелері және төлемдері бойынша қаржыландырудың жеке жоспарлары осы Кодексте көзделген тәртіппен әзірленеді, бекітіледі және өзгертілуге жатады. 
      4. Түсімдер бойынша жергілікті бюджеттерді атқару, міндеттемелерді қабылдау, төлемдерді және ақша аударымдарын жүзеге асыру, бюджет қаражатының 2009 жылғы 1 қаңтарға дейінгі қалдығын пайдалану, 2009 жылғы жергілікті бюджеттерді нақтылау, секвестрлеу, бюджеттік мониторинг жүргізу осы Кодексте көзделген тәртіппен жүзеге асырылады. 
      5. Жергілікті бюджеттерді түзету кезінде бюджеттің көрсеткіштері 2009 жылға арналған жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешімін іске асыру туралы жергілікті атқарушы органның қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы мәслихатта нақтыланбай өзгертіледі. 
      Егер жүргізілген түзетуден кейін бюджетті нақтылау жүргізілген жағдайда, бөлінген бюджет бағдарламаларын қоспағанда, бюджеттің түзетілген көрсеткіштері нақтыланған бюджетте көрсетіледі.    

Информация о работе Бюджетный кодекс на казахском