Сәбит Мұқанов

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 22 Октября 2013 в 20:28, реферат

Краткое описание

Сәбит Мұқанов - қазақ әдебиетінің тұтас бір дәуірі. Ол - қазақ әдебиетінің қаламгері ғана емес, қазақ әдебиетінің ұйымдастырушы жалаугері. Осы екі араны ашыңқырап сөйлеуіміз керек. Өз шығармалары және қазақ әдебиет ісін ұйымдастырушы, сол жолда ұлтты ұлықтаушы тұлға!

Прикрепленные файлы: 1 файл

С.Муанов.doc

— 413.00 Кб (Скачать документ)

 

Келесі пікір осылай сабақталыпты. Бұл диссертацияға пікір айту емес, Оқу министрінің орынбасарын тігінен тік тұрғызып қойып «сою». Коммунистік алып империяның «ұсақ ұлттарды» орыстандыру саясатын ашық әшкерелеу. Жалаңтөстік! Одан әрі: «Жастарға интернационалдық тәрбие беру жамылғысымен қазақтың бастауыш мектептерін жабуға атымен қарсымын!» деп бір-ақ қайырыпты ұлт ағасына айналған жазушы. Қайран, Сәбең! Алпысыншы жылдың аяғында қызыл империя саясаты қызып тұрған заманда қай қазақ қайраткері айта алыпты осындай сөзді? Атақ-даңқы Сәбит Мұқановтан асып, аспандап кеткен жазушың да айта алмаған сөз ғой мына сөз. Жәй сөз емес, ҰЛТЫМ деген ҰЛЫ сөз! Күрескер СӨЗ, қайраткер СӨЗ! Басын бәйгеге тігу!

 

Бас та керек, әрине! Кімнің қарадай басын алдырғысы келеді? Сәбең жарықтық басын былай қорғайды: «Әрбір халықтың ұлттық мектебі - сол халықтың күллі ұлттық мәдение­тінің негізі, тіпті тұғыры! Ұлттың тілі, әдебиеті, өнері сол ұлттық мектепте жасалып қалыптасады. Олай болса ҰЛТТЫҚ МЕКТЕП - сол ұлттың өмірі, өмір сүру кепілі!». Міне, көрдіңіз бе, Сәбит Мұқанов басын қорғамайды. Ұлт мектептерін жабуды әшкерелеп, оны ұлттың мәдениет қайнарына айналдырып, ҰЛТ ТАҒДЫРЫН қорғайды. Ұлт тағдырын қорғай отырып, сол өзі сүйген қазақ ұлтының қыл үстіндегі тағдырын орыстандыру саясатынан сақтайды, сол ұлт тағдыры жолына басын бәйгеге тігеді! Сәбит Мұқановтан өзге бірде-бір кісі бармаған, бара алмаған, бара алмайтын ерлік еді бұл! Өйткені, басымызда азаттық жоқ, елімізде тәуелсіздік жоқ кез еді ол. Ұлттан ұлы не бар? Ұлт тағдыры сынға түсер сәттерде Сәбит Мұқановша тайталаса алса әрбір алаш азаматы, басын бәйгеге тігіп қазақ ұлты үшін тұра алса әрбір қазақ азаматы! Мүмкін емес кезеңде, сол қоғамнан атақ алып, даңқ көріп отырған коммунист жазушы Сәбит Мұқанов солай қазақ ұлтының тағдыры үшін тұра алыпты. Бүгін ше? Бүгін қазақ елінің тағдыры үшін тек қазақ азаматтары ғана емес, күллі қазақстандықтар тұра алатын күнге жетуіміз керек шығар!? Өз басым Н.Ә.Назарбаевтың «қазақстандық ұлт» ұғымын осылай түсінемін! Біз қазақстандық өзге ұлт өкілдерін қазақ тілінде сөйлетіп, қазақ ұлтының мүддесі үшін күресе алатын патриоттық деңгейге жеткізуіміз керек. Сонда ғана қазақ мемлекет құрушы ұлтқа айналады. Орайында есіме қазақ ұлтының мүддесін адал қорғаған Шеголихин, Бельгер түседі. Құлағыма академик Д.С.Лихачевтің: «Коммунистік партия Советтер одағын мекендеген ұсақ ұлттардың тілдеріне қаскөйлік жасады. Жаратылыста басы артық ештеңе де болмайды. Ұсақ ұлттардың тілі - сол ұлттың мәдениетін жасаушы. Біз ұсақ ұлттардың тілін құрту арқылы олардың адамзат баласы мәдениетіне қосқан ұлттық мәдениет үлгісін де құртамыз. Бұл - мәдениет экологиясы. Советтер одағында ұлт тілін жою, ұлт тілін жою арқылы ұсақ ұлттарды орыстандыру процесі тоқтатылмаса мен СССР Ғылым академиясының мүшелігінен шығамын!» - деген үні келеді.

 

1973 жылы сәуірдің 18-і. Біз студент едік. Профессор Тұрсынбек Кәкішұлының сабағы. «Әдеби сын тарихы» болар асылы. Есіктен аудиторияға кіріп келе жатқан аққұба ұстаздың өңі өрт сөндіргендей күреңітіңкі. Әдеттегідей орнымыздан тұрдық. Ұстазға қалыпты ізетіміз. Қалыпты ырғақпен орнымызға отыра берген бізді ұстаз қайта көтерді. «Бүгін қазақ совет әдебиетінің ұлы қайраткері Сәбит Мұқанов дүниеден өтті. Орындарымыздан тұрып бір минөт тағзым жасайық!» - деді. Көзінде жас. Шынайы жас. Сөйтіп Сәбит Мұқановтың жарық дү­ниеден өткенін біз қадірмен ұстаз аузынан естідік. Коммунист жазушыға орысша тағзым жасадық. Сәуірдің 21-і күні Абай атындағы Опера және балет театрында жазушымен қошта­су рәсімі болды. Онан соң қаралы көш Алатау баурайына - Кеңсай зиратына қарай жылжыды. Қаралы көштің алды Кеңсайға жеткенде сүйікті жазушысымен қоштасуға, топырақ салуға қазақ даласының әр қиырынан келген ықыласты азаматтардың аяғы опера және балет театры жанынан жаңа жылжып бара жатты. Нөпір. Ұлы тізбек! Міне, құрмет! «18 сәуірде Сәбит Мұқанов қайтыс болды. Ертең (22) жерленбекші. Егер бұрынғылардың айтқаны рас болса, енді екінші, нағыз өмірі басталатын адам осы Сәбең болуға тиісті.

 

Жұрт не ойласа да өзі  білсін, менің ойымша, Сәбит - үлкен  дүние. Өзі - Өмір. Хатты жаңа тани бастаған қазақтың қалаулы ұлдарының ішіндегі ең ірісі осы адам болуға тиісті. Өзін өсірген заманы тұрғанда, Сәбеңді ұрпақтар ұмытпақ емес. Бұл - қазақтың Бальзагы (70 жылдығында солай деп ем...)

 

Құрметті адам өлгенде  де құрметті! Қош, қария! Топырағың торқа  болсын!» деп жазыпты Мұқағали Мақатаев. (21 сәуір 1973 жылғы күнделігінен.)

 

«Кеше (22 сәуір) Алматы Сәбит  Мұқановты ақырғы сапарына аттандырып, қоштасты. Түнеріп келіп, нөсерлете  жаумай, анда-санда бүркіп қана тұрған күннің райы ыстық та емес, салқын да емес, қоңыржай, шыбынсыз көктем, ағылған жұрт нөпірі, өзіне оңаша бөлінген Көктөбенің баурайы - бәрі де символично. Халық өз ұлынан ештеңесін де аяған жоқ, ақ ниеттерімен ақырғы рет қоштасты. Сірә, өз халқының мұншама ықыласына бөлену енді кімдерге қиындау болар...

 

Өзбектен келген жазушы (Сафаров) өз тілінде жақсы сөйледі. Ғабең (Мүсірепов) толқып сөйледі.

 

Сонымен, Сәбеңнің екінші өмірінің бірінші күні басталды. О, оның ұзақ өмірі енді басталды. Сәбеңде  арман жоқ! Өз өмірінің шежіресін  жазып үлгерді ол. Ал оның өмірі - дәуірдің өзі.

 

Жыртықтаған жігіттерді жек көріп кеткенім-ай. Қарғадай бастарынан бақастықты, тақастықты, пәскене-қоқыстықты қайдан үйренеді осылар?! Бұл жақсылық емес. Жастық жақсылыққа ғана ұмтылмайтын  ба еді?» (Мұқағали. Күнделік. - Алматы: ҚазАқпарат, 2009. - 110 б.) - депті тағы да. Сәбит Мұқановты алғаш көзбе-көз көрген сәттегі жас ақын, кейін ұлттық мақтанышымызға айналған Мұқағали Мақатаев күнделігінен үзіндіні әдейі келтіріп отырмын.

 

Тағдыр айдап «С.Мұқанұлы мемориалдық музей-үйіне» қызметке келдім. Жазушы архивін ақтарып, қолжазбаларының бүгіліс-түгілісін түгел ашып қарап, қатты ойға қалдым. Бір рет емес, сан рет Сәбит Мұқанов жөніндегі көзқарасымды өзгерттім. Сәбит Мұқановты бүкіл адасулары мен тура жолды қайта табуы, ұлтын сүюі, байқамай ұлттың асыл перзенттеріне қарсы жүруі ... бәрі-бәрін таразылай келе бүгінгі таңда жүрегіме үңілгенде - жазушыны жақсы көретінімді аңғарамын. Сәбит Мұқанов - қазақ совет әдебиетінің ғана емес, тұтас қазақ әдебиетінің ірі тұлғасы! Оны ұлты сүйді, өйткені, ол ұлтын сүйген еді. Уақыт жаңара ауысып, сан ұрпақ алмасар әлі. Олар да Сәбит Мұқановтай қазақ жазушысы жайында көзқарасын сан рет қайта қарайтынына сенемін! Сонда бетке алар темірқазығымыз - ұлт тағдыры, ұлт тағдырына қызмет болуы керек! Сәбит Мұқановқа ұлтын сүю жолында ұлтты сүю былай тұрсын ұлттық мүддеге жантартудың өзі - ұлттық нигилизм, ұлтшылдық болып саналатын «бейбауырмал» коммунистік партия, сол партияға негізделген советтік қоғам да қарсы тұра алмады. Ұлтшыл атанармын деп қорықпады. Беттің қызылына баланатын қалтасындағы «қызыл билеттен» айырылып тынармын деп қаймықпады. Өйткені, қазақ ұлты жоқта өзі құрысқан «Қазақ ССР»-інде береке, өзінің «халық жазушылығында» баян жоғын анық түсінді. Сөздің жақсы мағынасында «жазушы Сәбит ұлтшылдығы» дегеніміз де міне осы! Басынан бақайшағына дейін коммунист Сәбит Мұқановтың ұлтшылдығы бүгінгі таңда өзін ұлттың шынайы перзенті санайтын билік басындағы коммунист емес (бәлкім бұрын коммунистік партия қатарында болған) азаматтарымыздың көбісіне жете бермейді... Ондай ұлтын сүю бүгінгі жастар дүниетанымында да жоқ. Өкінішті!

 

Ұлт жазушы, ғалым, ойшылы болса - жандайшап жағымпаз емес, ұлт  тағдыры үшін қасқайып қарсы тұрар  қайраткер шыншыл тұлға болсын! Үлгі керек пе? Үлгі міне, - Сәбит Мұқанов!

 

О, әруағыңнан айналайын, Сәбит аға! Ұлт жазушысы болсаң - осындай бол!

 

Түркістан

 

«Егемен Қазақстан» газеті

 

 

 

 

 

 


Информация о работе Сәбит Мұқанов