Сәбит Мұқанов

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 22 Октября 2013 в 20:28, реферат

Краткое описание

Сәбит Мұқанов - қазақ әдебиетінің тұтас бір дәуірі. Ол - қазақ әдебиетінің қаламгері ғана емес, қазақ әдебиетінің ұйымдастырушы жалаугері. Осы екі араны ашыңқырап сөйлеуіміз керек. Өз шығармалары және қазақ әдебиет ісін ұйымдастырушы, сол жолда ұлтты ұлықтаушы тұлға!

Прикрепленные файлы: 1 файл

С.Муанов.doc

— 413.00 Кб (Скачать документ)

 

...Жатақханаға жаяу  тартып келемін. Қолымда кітап.  Құлағымда жазушы үні күмбірлейді.  «Ұрпағымды аттап жүре берейін  бе?», - деген мейірбан үн, «Замандарың  келеді» - деген жұмбақ үн...

 

2. «АЗИАДА» алауына  қарап отырып...

 

(Сәбит Мұқановтың «Советский спорт» газетінде жарияланған бір мақаласынан туындаған ой)

 

«АЗИАДА» алауы қазақ  жерінің бір шетінен еніп, екінші қиырына қарай жылжып кетіп барады. Астанада әне-міне әлемдік спорт  додасы басталады. Біз тағатсыздана күтіп отырмыз. Әлемдік спорт додасы басталар сәтте ресми ашылуына орай туымыз төрге ілініп, мемлекеттік әнұранымыз аспандайды. «Алтын күн аспаны...» Қазақ азаматы арқаланады. «Мен қазақпын!» - деген азаматтың мәртебесі биіктер сәт! Осы сәттерді көз алдыма елестетемін. Елестетемін де ойға батамын. Көңіл көкжиегіне ғұмырымның жарымын арнап зерттеп келе жатқан қазақ болмысты жазушымыз Сәбит Мұқанов бейнесі көтеріледі. Асылы, ол кісінің біздің өмірімізде қалам тартпаған саласы жоқ еді-ау...Спорт ше? Спортты да жанын шырқыратып отырып жазған. Өмірдің бір қыры - қазақ шопандарына жағдай жасалмай жатыр деп айқайлап жүріп «Үштөбеден» киіз үй жасайтын фабрика аштырған Сәбит Мұқанов. «Қайрат» командасы неге қазақ жастарынан құралмайды?» - деп айқайлаған да Сәбең жарықтық. Ох, есіме түсті. Кешегі кеңестік кезеңнің коммунистік саясаты сыздаған сыздауықтай қабындап тұрған сәтінде бүкілодақтық «Советский спорт» газеті бетінде «Ауыл спорты, хал қалай?» - деп алпысыншы жылдары қорықпай мәселе көтерген, он бес одақтас республикаға дауысын жіберіп айқай салған да Сәбит Мұқанов емес пе еді? Иә, солай!

 

«Советский спорттың»  оқушыларының көбі менің ауылымның  тарихымен дүние жүзінің көптеген тілдеріне аударылған «Өмір мектептерім» атты өмірбаяндық трилогиямнан таныс  болар деп ойлаймын.» - деп алып ұлт спорты мәселелерін буынынан ұстап мәселе көтеріп еді-ау. Ол қандай ұлттық мәселе қызыл империя саясаты қызып тұрған кезде қазақ жазушысы қаймықпай көтеріп жүрген? Асылы, жазушының өзіне сөз берген:

 

«Біздің уақытымызда  ұлттық спорттық ойындарды мүлде  басқаша өткізуге болар еді. Мүмкіндік бар-ау, бірақ өткізбейді. Менің жастығымның сүйікті ойындарын еске алуымның себебі бүгінгі ауылда спорттың ұлттық түрлері түгелдей дерлік ұмытылғандықтан.

 

Солтүстік Қазақстан  облысының совхоздарында қазір  әбзелдерді (ат сайман), керек-жарақтарының өзін табу қиын. Әйтеуір, биылғы жылы маған ауылда жарамды ер-тоқым тауып бере алмады. Маған ауыл адамдары мына бір қызықты фактіні айтып берді. Өткен жылы менің жерлестерім қасқырды жатқан жерінен үркітіпті. Жас жігіттер жыртқышқа мылтық оғы жететін жерге жақындай алмағанда, 70 жастағы Бейсен қарт қасқырды қуып жетіп, үзеңгімен ұрып талдырып (қолында таяқ болмаған соң) байлап алыпты. Ауыл балалары өздерінің қалалық теңдестері сияқты атқа мінуді ұмытады ғой деп шошимын. Қазақтардың үстел үстіндегі «тоғыз құмалақ» ойындарының аңызға айналып кетуі де мүмкін. Селолық «Қайрат» қоғамының кубогі үшін жарыстарда, оның өзі де жыл сайын өткізілмейді, шахмат сияқты ертеден келе жатқан ойындардың чемпионы үнемі 60 жастағы жамбылдық қарт Рахымбай Ақпанбетовтің болуы кездейсоқтық емес. Мұндай фактілер республика спорт ұйымдарына ой салуы тиіс. «Тоғыз құмалақ» мыңдаған тәсілдері мен түрлері бар қызықты ойын.

 

Мені олимпиадалық ойындарға  қарсы деп ойламаңыздар. Оларды жан-жақты  дамытып, ауылға үдете енгізу керек. Бірақ, олар халықтан шығып, халықтың сүйікті өнеріне айналған спорттың ұлттық түрлерін көлеңкеде қалдырмауы тиіс. Халықтың спорт түрлерінің дамуына даңғыл жол ашқан күнде классикалық түрлерін енгізу процесін тездетуге көмектесер еді. Қазақстан самбистері мен еркін күрес секцияларына көптеген балуандар қазақша күрестен келді.

 

 Бүкілроссиялық спорттың  үлкен әлеміне французша күрестің  дүниежүзілік чемпионы Қажымұқан  Мұңайтпасов та осындай жолмен  келген-ді. Мен онымен ет жақын  таныс едім. Табиғат кереметтей күш сыйлаған тамаша адам болатын. Ол Иван Поддубныйдың досы еді. Мен тағы бір аты ел арасында аңызға айналып кеткен Балуан Шолақпен де дос болдым. Ол жөнінде бір кезде роман да жазғанмын. Менің ойымша ол осы кезде туса, сөзсіз, дүние жүзінің чемпионы болар еді.» - дейді («Советский спорт» газетінде жарияланған мақала. «Спорт» №48(514) 23 ноябрь 1968 ж. Саны бойынша беріліп отыр) қазақ жазушысы!

 

1968 жылы жазылған мақала. Ол кез - кеңестік кезең. Кеңестік  кезеңде, терезесі тең он бес  республика деп алқына сөйлеп, шын мәнінде қазақ елінің басынан қиқу кетірмеу, еліне көз аларту, жеріне сұғын қадау - дүркін-дүркін қайталанып, ұлттық дәстүрге шабуыл сәт сайын көрініп те, көрінбей де жүргізіліп қазақтың басынан құй қазған заман. Неге олар ұлттық дәстүрге шабуыл жасайды? Ұлттық дәстүр - ұлтты коммунистік басқыншылықтан сақтап қала алатын жалғыз фактор еді. Ұлттық дәстүр аясында тәрбиеленген азамат елі үшін тұра алатын, жері үшін тұрыса алатын. Ж.Тәшенов сынды біртуар азаматтың: «Жер - қазақтікі, Никита Сергеевич, сіз айтты екен деп қазақ жері берілсін деп қол қойып, қолыңа ұстатып жібере алмаймын» деп КПСС Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.С.Хрущевқа қасқайып қарсы тұра алуы да қазақ қайраткерінің ұлттық рухқа адалдығы. Ұлттық дәстүрде тәрбиеленбесе, «жеті басты жалмауыздан» жаман коммунистік басқыншылыққа қарсы тұра алар ма еді?! Тұра алмас еді ғой. Сондықтан сақтарымыз ұлттық дәстүр, аяларымыз ұлттық рух болсын де!

 

Сәбит Мұқановтың жәй  спорт туралы мақаласын қайталап оқып, қатты риза болып отырған  себебіміз де ұлттық дәстүрге байланысты. Қазақы болмысты жазушы қазақтың дәстүрлі спорты туралы батыл айтып, бүкілодақтық газет бетінде 1968 жылы мәселе көтеріп отыр. Дәстүрлі спорт түрлеріне сұрау салып, жоқтаған болып сөйлеп те қазақтың ұлттық дәстүрін сақтауға батыл үндеп отыр. Шынына келгенде ұлттық рухқа шақырып отыр!

 

Мақала «Советский спорт» газетінде басылыпты. Әдейі кезіндегі  тілмен айтқанда «бүкілодақтық» басылым  бетінде сөйлеген. Және қанын сорғалатып ұлттық пішінде сөйлеген. Қан­шалықты  ділгер мәселе көтерген, соншалықты тамаша етіп көтерген. Қалай ғана осыдан кейін Сәбит Мұқанов жарықтықты жақсы көрмессің?! Жақсы көріп кетесің. Құранда «О, Құдай, пендеңнің біліп, білмей жасаған күнәларын кешкейсің...» - деген тілек ұдайы бірге айтылып, бірге жүреді. Толымды шығармаларында айта алмаған ұлттық мәселелерді оймақтай ғана мақаласымен «одақтық» газет бетінде айта алғаны үшін де Сәбең жарықтықтың «біліп, білмей жасаған күнәләрін» кешіргің келіп кетеді...

 

Былтыр жаз С.Мұқановтың туғанына 110 жыл толуына орай бас сәбиттанушы райында шақырылдым да жазушының туған ауылына барып қайттым. Облыс орталығынан тойы өтіп жатқан жазушының бағанға ілінген ауқымды бір суретін көре алмай қарным ашты. Сәбең ескерткішіне гүл шоғын қойғанда да жалтақтық көрсеткендей болдық. Қашан жазушының туған топырағына (ауданы) барып жеткенше С.Мұқановқа арналған ашық-жарқын жарнаманы көре алмадық... Жол бойы «Петропавлдан» басталған орысша топонимдер... «Қызылжарға» келгенде танабымыз тартыла қалады... Онысы несі? «Егемен Қазақстан» бастап бірсыпыра басылым Парламент Мәжілісінің депутаты Жарасбай Сүлейменовтің Солтүстік Қазақстан облысының орталығын «Қызылжар» деп атайықшы деген пікіріне намыстандық келіп. Не болды осы бізге?

 

Әңгіме Сәбит Мұқановтай қазақы болмысты жазушының «Ауыл  спорты, хал қалай?» аталатын мәселелі (проблемалық) мақаласынан сабақталып еді-ау. Жарықтықтың өзі де ұлттық спорт ойындарын беделге салып, бүкілодақтық деңгейге көтергенде көріп отырғанымыздай өзінің «Өмір мектебі» («Менің мектептерім») мемуарына сүйене сөйлеген екен. Біз де бір мақаласынан басталған сөзді оның «Өмір мектебі» мемуарымен сабақтастырып, жазушы туып-өскен өңір - «Қызылжар» мәселесінен бір-ақ келіп шықтық... Шашыла сөйлеп кеттік білем. Сонда аяғын замана желіне көп шалдырған үлкен жазушы қалам қаракетінен туар тәлім, түйер түйін қандай? Егер біз ел болып, егемендігімізді сақтап, тәуелсіздігімізді өркен­детуді ойласақ - ұлтымызды мемлекет құраушы ұлтқа айналдыруымыз керек екен. Бүгінгі ұрпақты аға буын дәстүрінде ұлттық дәстүрде тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтауды тәрбие үрдісіне айналдыруымыз жөн-ақ! Ұлттық дәстүрге барып саймайтын ұлт тірлігінде бірде-бір шетін мәселе жоқ. Олай болса ұлттық қадір-қасиетті ұрпақ бойына сіңіру - мәселенің мәселесі! Ұлттық дәстүр - ұлт мәселесінде ғана ма, ұлттық дәстүр - ұлт өкілдері үшін ғана ма? Бастауы солай болғанымен, қазақ ұлты бойындағы (тарихындағы) өскелең ұлттық дәстүр - барлық қазақстандық үшін шарт. Ұлттық дәстүрді сақтау оны орнықтырудан басталады. Сонымен қатар, ұлттық дәстүрді сақтау - оны дамыту, игілікті істермен молықтыру деген ұлы міндеттен тұрады. Олай болса ұлт бойындағы ұлттық дәстүр тұтуға болатын құндылықтарды «ұлттық брендке» айналдырып, айқұлақтандыра насихаттап әлемге танытып, әлемдік деңгейге көтеріп, әлем азаматтары тұтынатын халге жеткізуіміз керек. Басқасын қоя тұрып, Сәбит Мұқанов көтеріп отырған ұлттық спорт ойын­дары түрлерін дамытып, біртіндеп олимпиялық ойын дәрежесіне көтеруге болмас па? Айталық, «АЗИАДА» елімізде табыспен өтті. Тіпті алауы қазақ жерін аралап, «АЗИАДА» басталған сәтте ұлттық намысы бар азаматтың бәрі де ерекше шаттанды. Міне, осындай жарыстарға ұлттық спорт ойын түрлері қосылса, шіркін. Жалғыз спорт қана ма? Өмірдің бар арнасындағы тілек осы емес пе?!

 

3. Щербаковты шөкесінен...

 

Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» романында «Чемберленді шекесінен ату» аталатын тарау бар. Онда отызыншы жылдардағы халықаралық жағдай әңгіме болады. Жай сауатының өзі шамалы жап-жас Сәбит Мұқановтың саяси оянуының күштілігін көрсетеді. Чемберленді біз көпке дейін Сәбең жарықтықтың әйгілі романының әлгі тарауы арқылы оқып, білдікке санап жүрдік. Сөйтсек, жағдай тіпті басқаша екен. Сәбең халықаралық жағдайда Совет өкіметі көзімен, ол ұстанған идеология парқымен қараған екен. Кейін Кертманның «Чемберлен әулеті» аталатын кітап оқып әулет әлеуетіне қайран қалғаным бар. Сонымен Сәбит Мұқанов жарықтық Чемберленді шекесінен атты ма, жоқ па? - деп ойланып жүрдім. Ол бір шетін мәселе. Чемберленді шекесінен атты ма жоқ па, бірақ Сәбит Мұқановтың коммунистік партия арқырап билеп, қазақтан өзге ұлтқа барынша басымшылық беріп, құлағымызды сал­питып қарап отырған қысылтаяң уақытта идеологиялық дауылдан қорықпай, үрікпей Қазақ ССР Оқу министрінің орынбасары Щербаковты шөкесінен түсіргені бар. Кеңес өкіметі тұсында идеологиялық жаңбыр, жоқ бұршақ соғып тұрғанда басынан бақайшағына шейін коммунист Сәбеңнің ұлт үшін басын оққа байлап атқарған сол бір ісін замандастары аңызға айналдырып айтумен өтті. Біреу жеткізбей айтады, біреу асырып айтады, біреу бұрып отырып, біреу таңқалып орнынан тұрып айтады... Аңыздың аты - аңыз. Өзі де аңызға лайық батырлық. Ал  ақиқаты ше? Ақиқаты қандай? Ақиқатты тек архив айтады. Міне, жазушы архивін ақтарып отырғаным. Ақыры таптық.

 

1969 жылы 11 ақпан күні  Қазақ ССР Оқу министрінің  орынбасары Александр Васильевич  Щербаков «Оқушыларды интернационалдық тұрғыдан тәрбиелеудің кейбір ғылыми-педагогикалық мәселелері» аталатын тақырыпта Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының арнаулы ғылыми кеңесінде кандидаттық диссертация қорғамақ болады. Сәбит Мұқановтың қолына ғайыптан тайып ізденуші шенеунік диссертациясының «Авторефераты» түседі (Оны жіберген Қазақ ССР Оқу министрлігіне әбден қатысы бар Әди Шәріпов екен.) Жазушы оқып танысады. Мәселе Қазақстанда аралас мектептерді көбейту жайында екен. Коммунист жазушы, табиғатынан ұлттық бейілдегі адам тақырыбы «интернационализм» деп айқайлап тұрған еңбектің астарынан орыстандыру амалын көре қояды. Өйткені, С.Мұқанов ғасырлар бойы біртіндеп жүзеге асырылып, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басында «туземная школа» арқылы қазақты шоқындыру саясатын көзімен көрген азамат. Жазушы шамырқанады. Жазушы құралы - қалам. Әттең-ай, диссертациялық кеңестің мүшесі емес. Әйтсе де, Сәбит Мұқановтың ұлттық намысы қозып қолына қалам алады. «Қазақ мектептерінің тағдыры» атап тақырыпты ақ парақтың басына оқшырайтып жазып қояды. Әрі қарай, әрі қарай ашуы мен ақылы арбасып аралас мектептердің бейбауырмалдық сипаты жайында ақтарылады келіп, ақтарылады келіп. Өзі мүше емес ғылыми кеңеске арнайы барып сөйлейді. Сөйлегенде не дейді? Сөйлегенде бүй дейді: «Мен КазПИ-дің Ғылыми кеңесінде мүше емеспін, соған қарамастан мына диссертациялық қорғауда жа­самыстығыма байланысты уақытымның жоқтығына, денсаулығымның аздығына қарамай сөйлейін деп шештім. Өйткені, мынадай саяси идеялық хаталыққа менің партиялық ар-ожданым шыдар болмады. Сол себепті мен өзімнің қарсылығымды ашық айтайын», - деп шештім.

 

Одан әрі қарай жазушы өзінің айтыскерлік дағдысына салып  қарсы болатын себебін санамалай  айтып, саясатты жамылшы етіп ащы  сөйледі.

 

«Патшалық Ресейдің қазақ  жерінде ашқан мектептері колониалдық сипатта болды» - деп дұрыс сөйлей тұра, «Ол мектептер қазақ және өзге ұлт өкілдерін бір-біріне жақындастыра түсті» деп түйеді диссертант. Сөйтіп, өзіне-өзі қайшы келеді. Орыстар ашқан «мектептер» колониалдық сипатта болды. Оларды ашуға жанын салған миссионерлер. Ол мектептердің «бұратана ұлттарды» шоқындыру мақсатында ашылғанын сол кезде бурят ағартушысы Доржи Банзаров та, бүгін А.К.Шапеев секілді сібір тарихшылары да, басқалар да айтып, жазып келеді, - деп түйді жазушы. Ол «мектептерден» ағартушылар шықса - ол патшалық Ресейдің шапағаты емес, орыс демократтары көзқарасын өз бетінше оқып, үйренуінен! «Егер бүгінгі қазақ мектептерінде орыс тілі нашар үйретілсе оған мына отырған Оқу министрінің орынбасарынан бастап ағарту саласының басшылары кінәлі».

 

Жазушы найзаның ұшын Оқу министрінің орынбасарының  өзіне таяп қойғанын көріп отырмыз.

 

Диссертант «кез келген көпұлтты мемлекетте сол ұлттарға түсінікті  тіл қажеттілігі туады» (17 бет) - деп  жазған екен. С.Мұқанов «Диссертант  бұл пікірімен қандай ойды меңзеп отыр бізге, не айтқысы келеді?» - деп бір сілкініп алып былай дейді: «Адамзат баласының үштен бірі ағылшын тілінде сөйлейді. Алып Үндістан ағылшын колонизаторлары әлегінен мемлекеттік тілі ағылшын, ана тілінде мектеп аша алмай, ана тілінде баспа ісін дамыта алмай отыр. Сонда диссертант колонияға айналған елдерге ана тілінде мектеп ашпаңдар, тек колонизаторлар тілінде сөйлеп, жазыңдар дегісі келе ме?»

 

Оқып отырған біздің де ашына бастағанымыз анық. Свадост  есімді философтың тап сол 1969 жылы «Жалпыға ортақ тіл қалай пайда болады?» («Как возникнет всеобщий язык?») - деп кітап жазып бастырғаны есімізге түсіп отыр. Есесіне, Сәбит Мұқановтай ұлттық болмысты жазушының «ұлы орыстық» өктемшілікті ағылшын колонизаторларымен қатар қойып сы­науына қыбың қанады. Одан әрі қарай жазушы «Щербаковтың диссертациясында айтылғандай, мәселе Отанымызда жаппай орыс тіліне көшуге келіп тіреліп тұр ма?» деп төтесінен қояды мәселені. Коммунистік партияның айбалтасы айға шағылып тұрған уақытта мәселені тап осылай ұлт мүддесі тұрғысынан қоя білу - ол жылдары қиынның қиыны болатын. Ұлт атынан міндетті «кәрі орыс мұсылман болмайды» деп қойып өз мойнына алуы - тәуекелдің ісі. Шын батырлық!

 

«Диссертант қатардағы  көп кісінің бірі емес, ықпалды  үкімет адамының бірі. Министрліктің соңғы жылдары қазақ мектептерін, оның ішінде, әсіресе, бастауыш қазақ мектептерін жабуды жылдан жылға үдетіп келе жатқанын көріп отырмыз. Диссертант жүзеге асырып келген осы теріс ісін енді келіп теориялық тұрғыдан негіздеп бекіткісі келеді».

Информация о работе Сәбит Мұқанов