Сәбит Мұқанов

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 22 Октября 2013 в 20:28, реферат

Краткое описание

Сәбит Мұқанов - қазақ әдебиетінің тұтас бір дәуірі. Ол - қазақ әдебиетінің қаламгері ғана емес, қазақ әдебиетінің ұйымдастырушы жалаугері. Осы екі араны ашыңқырап сөйлеуіміз керек. Өз шығармалары және қазақ әдебиет ісін ұйымдастырушы, сол жолда ұлтты ұлықтаушы тұлға!

Прикрепленные файлы: 1 файл

С.Муанов.doc

— 413.00 Кб (Скачать документ)

 

Роман алпысыншы жылдарға дейін  талай талапкердің әдебиетке  келуіне айтарлықтай ықпал-әсер етті. Жастарды сұлулыққа құштарландыра, сөз құпиясын меңгеруде тәрбиеші болды. Мұның өзі қазақ совет әдебиетінің профессионалдық тәжірибесі аз, халықтың сан ғасырлардан бері рухани қажетін өтеп келе жатқан фольклордан әлі де іргесін бөлектеп үлгермеген сәтте дүниеге келген көркем шығарманың күні бүгінге дейін атқарған үлкен эстетикалық қызметін көрсетсе керек. Сондықтан тұтас бір халықты оқырмандық белгілі бір кезеңнен алып өткен, туған әдебиетіміздің қазір ағасына айналған ат төбеліндей аға буынын, сан-сапасы молайған кейінгі толқын қаламгерлерін тәрбиелеген , қазіргі салауатты көркем шығармамен бірге тәрбиелесіп келе жатқан романның қыр-сырына бүгінгі уақыт биігінен үңілуге, творчестволық тарихы, кейінгі тағдыры туралы қызыға әңгімелеуге болады. Жақында ғана жарық көргеніне елу жыл толған роман кейінгі ұрпақтан жаңаша сөз етуді тілейтіні де анық.

 

Халық арасында айтылатын жыр негізінде  эпикалық таптық туынды жазуды көздейді. Өйткені «Сұлушаш» эпосы жас  ақынға өте жақын, етене таныс  материал еді. Халық эпосы – «Сұлушаш»  бала Сәбиттің талай-талай домбыраға  қосып айтып тындаушыларын риза еткен, тіпті күндік дәм-тұзын айырған жыры. Ол кейін «панасыз жетім күнімде, халық жиналған жерлерде, немесе әдебиетке әуес жеке үйлерде жаттаған өлеңдерімді, әсіресе, хиссаларды айтып сонымен тамақ асырадым» («Өсу жолдарымыз», 654 бет) деп жазған, «Сұлушашты» ойға алғаны деп түсінуіміз керек. Халық эпосы Сәбитті осылайша сұлулыққа тәрбиелеген. Көкірегіне құлай жатталған жыр қашанғы айна-қатесіз қайталанып айтыла береді. Орындаушының көңіл-күйіне орай кейде асып-тасып толығып та, қысқарып та сан мәрте айтылған болар-ау?! Осы жайды назарға алсақ, Сәбит Мұқанов белгілі дәрежеде эпос («Сұлушаш») айтушысының біріне айналған екен. Эпос айтушысы – творчестволық тұлға. Жанынан алмай, жадынан қоспай айтпайды. Эпос және оның айтушыларының тарихи тәжірибесіне қарап, халықтың ғашықтық лиро-эпикалық жыры – «Сұлушаш» - Сәбитті, Сәбит – жырды байытты, дамытты, жетілдірді деп нық сеніммен айта аламыз.

 

Дүниеге осылай келген шығарма жөнінде  мақтаған, даттаған әр түрлі пікірлердің  болғаны мәлім. Бір кезде айтылған сындарға назар аударсақ, көпшіліктің фольклорлық эпостан реалистік шығарма жасаудың мәніне жете түсінбегенін көреміз. Ауыз әдебиеті материалы негізінде жаңа заман, жарқын дәуір идеясын жырлау мүмкіндігін жете пайымдамаған. Уақытында әр қилы пікір тұғызып, әдеби айтысқа себепкер болған роман жайлы пікір одан бері де айтылып келеді. Бұл – шығарманың өміршендік сипатын танытса керек. әлі де бұл романды әдебиеттің әр түрлі мәселелеріне орайластыра зерттеу қажет.

 

Рас, лиро-эпостық сюжетті пайдаланған  автор аңыздық, фольклорлық сарындардан тысқары тұра алмады. Көптеген портреттерде, майдан сахнасында эпостық бейнелеу тәсілдері қолданылған. Алтайдың ата-анасының Тезек, Шұнақ аталуында да фольклорлық шартылық жатыр. Бірақ, сол кездегі эпикалық жанр табиғатын барлайтын болсақ адам характеріне нақты деталь негізінде назар салудан, идеяның образдар жүйесінде айтылуынан гөрі авторлық концепцияның ашық публицистік сарынға шығып кететінін байқар едік. Сондықтан романның жеке образдың жүйесіндегі фольклоризм элементтерін автордың саналы түрде барған әдеби тәсілі деп қарау жөн. Аға буын орыс әдебиеті мен ұлт әдебиеттерінің отызыншы жылдардағы даму тенденциясына назар аударғанда мұндай тәсілдің ортақ сипат алғанын байқаймыз.

 

Содан соң автордың оқырманына қарайлайтыны болады. Сол кездегі оқырман ой-санасы, психологиялық көңіл күйін, аңсарын көркем әдебиетті қабылдау мүмкіндігін ескергенде, автор фольклорлық сарындарға әдейі барған. Бұл орайда да фольклорлық әуен-мотивтер әдеби тәсіл ретінде өзін-өзі ақтайды.

Абай Құнанбаев, Владимир Маяковский, Максим Горький шығармашылықтарының әсері.[өңдеу]

 

Сәбит Мұқанов отызыншы жылдары  көптеген сын мақалалар, әдебиет  зерттеу еңбектерін жазды. Қазақстан  жазушыларының II-III съездерінде әдебиет  сыны, проза, поэзия жанрларының даму процестері жайында баяндамалар жасап, қазақ Совет әдебиетінің негізгі салаларынан теориялық мәселелер көтерді. Эпостық жырлар, ақындар айтысы жөнінде зерттеу жұмыстарын жүргізіп көлемді мақалалар жазды. Абай мұралары жөнінде көптеген еңбектер берді. Жазушы «XVIII-XIX ғ.ғ. қазақ әдебиеті тарихының очерктері» атты кітапта кейбір мәселелерді жаңсақ топшылап, қателіктер жіберді. Автор Абай творчествосы туралы жазылған еңбектерінде ертеректе жіберген ағат пікірлерін түзеп, өзінің «Жарқын жұлдыздар» атты еңбегінде ұлы ақынның мұрасын дұрыс бағалады. Әдебиет зерттеу мәселесінде теориялық жағынан тың пікірлер ұсынды.

 

Жиырмасыншы жылдардың алғашқы  жарымындағы шығармаларында Сәбит  Мұқанов көбінесе өткен өмірдің  ауыр қыспағын реалистікпен сипаттады. Бұдан кейінгі кезеңде ол үгіттік сипаты басым саяси-лирикалық шығармалар тудыра бастады. Жаңа өмірдің жарқын көрінісін беруде сюжеттік шығармалар жазып, теңдікке қолы жеткен бұкара халық өкілдерінің табысын жырлады.

 

Отызыншы жылдардағы шығармаларында жазушы Владимир Маяковскийдің жалынды жырларынан, Максим Горький дәстүрінен үйрене отырып, оны өзінше меңгеріп, қазақ совет поэзиясына жаңалықтар енгізді, саяси лирикаларының идеялық-көркемдік сапасын жаңа белгі көтерді; поэзиялық шығармаларында жаңалықтар тудырып, түр мен мазмұн тұтастығын жетілдіре түсті.

 

Сәбит Мұқановтың 1937 жылғы Семейге  сапары Абайды жазаша ұғынуына бетбұрыс жасады. Абай шығармаларының 1939 жылы бірінші  томы, 1940 жылы екінші томы шыққан академиялық  басылымына жазған кіріспе сөзде  Сәбит Мұқанов Абайды «халықтың  ақыны» деп, өзінің бұрынғы пікірлеріне түбірлі түзетулер жүргізді. Мұның алдында біраз уақыт бұрын, 1934 жылы жазушылардың бірінші съездегі баяндамасында Абайды «қазақ феодализмінің либерал беті» деген болатын. 1940 жылы Сәбит Мұқанов Семейге екінші рет келеді. Абайдың туғанына 95 жыл толуына арналған мерекелік шараларға қатынасып, ұйымдастыру, жұмыстарына басшылық етіп, баяндамалар жасайды. Абайтанудағы көзқарасының өзгеруі мен дамуы сапалана түседі және жеделдейді.

 

1945 жылы Абайдың туғанына жүз  жыл толу мерекесіне арналып шығарылған академиялық толық жинақтың кіріспе сөзін Сәбит Мұқанов «Абай – қазақ халқының ұлы кеменгері» деп атап жазды.

 

Осы жылы, Сәбит Мұқанов өзі Абай шығармаларының 1939 жылғы бірінші  томына жазған алғы сөзінде ескерткеніндей, абайтанумен тиянақты шұғылданып, қалың кітап арнамақ жоспарын орындайды. 1945 жылғы толық жинақтағы кіріспе сөз сол «Абай Құнанбаев» атты монографияның арқауы екен. 1947 жылы Ғылым академиясының мерекелік сессиясында «Қазақтың ұлттық әдебиеті туралы» баяндама жазған Сәбит Мұқанов түпкілікті шешуші пікірін біржола қалыптастырады: «Абай қазақтың көлемдегі ғана ақын емес. Ол өз тұсындағы қазақ поэзиясын дүниежүзілік ең мәдениетті жазба поэзияның дәрежесіне түр жағынан да, мазмұны жағынан да жеткізген ақын».

 

Әр ұлттың өнерлі иелерімен оның ішінде орыс әдебиетінің талантты қаламгерлерімен, белді зерттеушілерімен арадағы қарым-қатынас Сабит Мұқановтың жазушылық қаламының ұштаса түсуіне, көркемдік танымының кеңейе түсуіне әсері баса айтқан жөн сияқты. Сәбит Мұқанов үшін орыс әдебиеті қазақ әдебиетінің көркемдік талап-мұраттар тұрғысынан жаңа биіктерге көтерілуіндегі мектебіне айналды.

 

Осы орайда «Сәбит 20-жылдардағы сыни еңбектерде екі түбегейлі мәселеге ерекше назар аударды. Соның бірі орыс әдебиетінен қалтықсыз үйрену, үлгі-өнеге алу мәселесі. Ұлтшыл ақын-жазушылар дегендермен күресу дәстүрінде кейбір әдеби дәстүрімізді кеміте сөйлегеніне қарамастан, Сәбит Мұқанов білу, үйрену, білгеннен үлгі алу мәселесін күн тәртібіне қойып, өз ойын айтты. М.Горький мен В.Маяковскийдің новаторлық дәстүрлері қазақ әдебиетінде осындай саналы қадамдар мен орын тепті»-дейді Т.Кәкішев.

 

Сәбиттің ең алғаш рет қарым-қатынасқа  түскен орыс әдебиетінің қаламгері  В.Маяковский болды. Сәбит Маяковскийді ең алғаш рет 1924 жылы тарих музейдің клубында әдебиеттік диспутта көреді. Маяковский онда өзінің творчесволық әдісін түсіндіре отыра, Пушкиннің «Чернь» өлеңін және өзінің «В. И.Ленин» атты поэмасынан үзінді оқиды. Соның бәрін тыңдап отырған Сәбит Мұқанов «Маяковскийдің кім екенін мен сонда ғана толық таныдым. Одан бұрын да, талай оқығышты көре жүре, мен өлеңді мұндай шебер оқушыны көрген мен «міне қайда оқу!»-дедім мен ішімнен,... оқыған поэманың бар сырын түгел түсініп. Оның оқу шеберлігі, дауыс қуаты, сөз мазмұны мені ғана емес, бүкіл залды билеп ап, қашан оқып болғанша жақтаушылары түгіл қарсылары да дыбыссыз тым-тырыс бола қалды»-деді.

 

Сәбит Мұқановқа В.Маяковскийдің  орыс поэзия әлеміндегі өзіндік ақындық  үні, өзгеше қолтанбасы ерекше әсер етеді. Осы орайда Сәбит Мұқанов Маяковскийге еліктей, оны үлгі ете отырып қазақ поэзиясына жаңа тақырып, Маяковскийше соны ырғақ әкелді.

 

Маяковский жаңашыл ақын ретінде  орыс поэзиясының өлең құрылысының  ырғағына жаңалық енгізгені мәлім. Онымен тұтас кезең ақындарының  біразы оның ішінде оған Сәбит Мұқанов  та айналып өте алмады. Оған Сәбиттің мына өлең жолдары куә:

Тыңда,

            Даусын,

                          Дүние!

Деді,

            Әне,

                          «бір, екі, үш!»

Бар емес пе,

                          Даусында

Зеңбіректен

                          Артық күш?

 

Бұл өлеңдегі тағы бір ерекшелік  ретінде Маяковскийдегі өлең жолдарындағы паузаны көбірек қолдануды атауға болады. Қазақ өлең формасындағы жаңалықтардың  бірі есебінде де атап өтуге тұрарлық..

 

Сәбит Мұқанов халық поэзиясының  асыл дәстүрлерін молынан пайдаланып, орыстың классикалық, кеңес әдебиетінен үйрене отырып, поэзиялық күрделі табыстарға жеткен шығармаларының бірі «Майға сәлем» өлеңі. Бұл идеялық-көркемдік жағынан қазақ поэзиясы үшін жаңа, елеулі табыс болды. Осы өлеңімен ақын қазақ совет лирикасында жаңа бет ашты, соны ырғақ, жаңа образ жасады.

 

Маяковский әдісін өз поэзиясында  қолданған Сәбит «Гүл бағындай Отаным», «Н-тысяча», «Колхозды ауыл осындай», «Сөз-Советтік Армия», «Поэзия маршалы» шығармаларында пікір байлығын, көркем образды сөз мағынасын көтереді.

Биыл... көктем кезінде... бір күн  кешке,

Қиял шалқып, әрбір ой түсіп еске,

Түн бойы отырдым мен, шекпек болып

Қағазға сөзден сұлу көркем кесте.  

                                               «Гүл бағындай Отаным»

 

Сәбит Мұқановтың осы өлеңдері мен поэмалары – қазақ совет поэзиясында Маяковский дәстүрін кеңейте түскен және сол дәуірдегі әдебиетіміздің көркемдік амал-құралдарын молайта түскен шығармалар.

 

Маяковскийден үйрену, әсер алу-дәл  Маяковский болу емес. Әсер ала отырып өзінің күшін, қасиетін, қабілетін көрсету басым. Сәбит Мұқанов орыс әдебиетімен қарым-қатынасын еске алған кезде Горькийді айта кету керек. Горькийді Сәбит Мұқанов алғаш рет 1928 жылы Ленинград вокзалында көрген. 1930 жылы Москвадағы Марр атындағы Тіл білімі институтына түскен Сәбит Мұқанов келер жылы ИКП-ның әдебиет бөліміне ауысады. Сол жылы Горькийге барып жолығады. Горькийден алған әсерін былайша түйіндейді: «Горькийге кеңес ақын-жазушылары екі жақтан қызығу керек. Бірінші, Горькийдің барлық еңбегін бойына түгел сіңіріп, білімін Горькийше көтеріп, досқа да, дұшпанға да Горькийше қарай біліп, дәуірді Горькийше сүю, жазуды Горькийше жазу. Екінші, Горькийдің образын өз шығармаларында беруге тырысу»-деп өзінше түйіндейді.

 

Қазақ әдебиетінде Горький дәстүрін қалыптасуын айтқанда Мұқановтың «Өмір мектебі» атты трилогиясын айрықша атаймыз. «Менің мектептерім» дейтін романында революция кезіндегі қазақ ауылының бейнесін көрсетуден басқа бір үлкен маңыз бар. Ол – жазушының проза жанрында Горький мектебінен оқып өскендігін көрсететін творчестволық жаңалық.

 

Сәбит Мұқанов шығармаларында жазушы Маяковскийдің жалынды жырларынан Горький дәстүрінен үйрене отырып, оны өзінше меңгеріп қазақ совет  поэзиясына жаңалықтар енгізді, саяси  лирикаларының идеялық-көркемдік  сапасын белге көтереді, поэзиялық шығармаларында жаңалықтар тудырып, түр мен мазмұн тұтастығын жетілдіре түсті.

 

Осындай орыс әдебиетінің тұлғаларымен кездесіп, қарым-қатынас жасап жүрген Сәбит Мұқанов орыс әдебиетінің  озық үлгілерінен, тәжірибесін өзінің шығармаларынан байқауға болады.

 

Мысалы, Сәбит Мұқановтың «Ботагөз»  романында қазақ халқының жаңа өмірі  үшін әрекет еткен революциялық күрес  көрсетіледі. Орыс әдебиетіндегі жетістіктерді  тани білген, танып қана қоймай оны  өз шығармашылығына шеберлікпен  пайдалануға тырысқан Сәбит Мұқанов халқының тіршілігін, онда ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр мен әдет-ғұрыпты өз туындыларына арқау еткен тұстарда ұлттық мінезді негізге ала отырып бере білді. Басынан бәлен дәуір өткерген, өсу мен дағдарысты кешірген орыс әдебиетінің тарихына үңіле қарап, көп мағлұмат алып қана қойған жоқ, жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ әдебиетінің тарихына жаңалық енгізуге тырысты.

 

Қорыта келгенде орыс ақын-жазушыларының  шығармашылығындағы озық дәстүрлерінен  үйреніп қана қоймай, оқыған мен  тоқығаннан қазақ әдебиетіне жаңаша сипат дарыта білген Сәбит Мұқановтың әдебиет әлдеміндегі қаржылы еңбегі қай уақытта өз құнын жоймайтыны анық.

Сіңірген еңбектері[өңдеу]

 

1917 жылғы Қазан төңкерісін қазақ  халқына келген теңдік‚ бостандық  деп танып‚ әдебиетке кедейдің жырын жырлай келгендер ішінде коммунистік идеяға берілгендігімен ерекше көзге түскен Сәбит Мұқанұлы тек көркем шығарма жазумен ғана айналыспай, 1920-30 жылдары әдебиеттегі идеялық күреске белсене араласып‚ сын мен әдебиеттану саласында да қалам тартты. Сәбит Мұқанұлы әдебиетке араласқаннан бастап-ақ дәуір‚ заман алға қойған тақырыптарға қалам тербеді. Ол қазақ әдебиетінің барлық жанрында өндіре еңбек етті. Жазушы қаламынан туған әдеби мұра сан жанрлы, мол көлемді, идеялық-эстетик. мәні жоғары да бағалы. Оның артында қисапсыз мол мұра - 80 мың жолға жуық лирикалық өлең, жиырмаға тарта поэма, бірнеше повесть пен роман, көптеген әңгіме, очерктер, оннан астам пьеса, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын талдайтын монографиялар мен қазақ мәдениетінің тарихы және этнографиясы туралы зерттеу еңбектер‚ т.б. сан-салалы кітаптар қалды.

Информация о работе Сәбит Мұқанов