Сезікті мен айыпталушының алдын-ала тергеу стадиясындағы конституциялық құқықтары мен бостандықтарының іс жүргізу кепілдіктері

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 18 Декабря 2012 в 10:16, автореферат

Краткое описание

Диссертациялық жұмыс алдын-ала тергеу стадиясындағы сезікті мен айыпталушының қылмыстық іс-жүргізудегі конституциялық құқықтарын кепілдендіруге бағытталған. Зерттеу барысында, сезікті мен айыпталушының конституциялық құқықтары және оның кепілдіктері, сонымен қатар, оларға қатысты кейбір тергеу әрекеттерін жүргізу барысында қолданылатын ережелер, сезікті мен айыпталушының қылмыстық іс жүргізу заңымен бекітілген құқықтары, жедел-іздестіру шараларының іс жүргізудегі маңызы, мәжбүрлеу шаралары тәрізді институттар қарастырылады.

Прикрепленные файлы: 1 файл

karataev.doc

— 235.50 Кб (Скачать документ)

Қазақстан Республикасы ҚІЖК-де тергеу іс әрекеттерін жүргізу тәртібіне қатысты да жеткіліксіз тұстары кездеседі.

Мысалы, Қазақстан Республикасы ҚІЖК нің 240-бабында, «сараптама, іс үшін  маңызы бар мән-жайларды алынуы мүмкін жағдайда тағайындалады. Сараптаманы тағайындау қажет деп таныған тергеуші бұл туралы қаулы шығарады»- делінген. Осыған сәйкес, сараптаманы тек тергеуші, қажет болған жағдайларда, прокурор (Қазақстан Республикасы ҚІЖК-нің 197-бабы), сот (Қазақстан Республикасы ҚІЖК-нің 354-бабы) тағайындай алады. Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда, сараптама, анықтау органы бастығының бекітуімен, анықтаушымен және анықтау органымен де тағайындалады. Бірақ, бұл заңсыз болып есептелінеді. Себебі, сараптаманы тағайындау кейінгі қалдыруға болмайтын тергеу іс әрекеттерінің қатарына жатқызылмайды (Қазақстан Республикасы ҚІЖК нің 200-бабы). Сондықтан, олар арқылы тағайындалған сараптамның дәлелдемелік күші болмайды.        

Ол туралы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 20.04. 2006 жылғы №4 нормативтік қаулысында: «Өкілеттігі жоқ адамның тағайындауымен немесе қаулысыз, сондай-ақ өзге де заң талаптарының бұзылуымен жүргізілген (сараптама түрлерінің жүргізілу кезектілігі сақталмай) сараптаманың нәтижесінде алынған сарапшының қортындысы жарамды дәлелдеме деп таныла алмайды» [6] – деп көрсетілген.

Автордың пікірінше, сезікті  мен айыпталушының конституциялық конституциялық құқықтарын толық кепілдендіру үшін, қылмыстық іс жүргізудегі қарама қайшылықтарды жою үшін, Қазақстан Республикасы ҚІЖК нің 200 бабындағы кейінге қалдыруға болмайтын тергеу іс әрекеттерінің қатарына «сараптаманы тағайындау» ендіру қажет

Сонымен қатар, автордың пікірінше сараптамалық зерттеу үшін үлгілер алу тек алдын ала тергеу стадиясында ғана жүргізілуі тиіс, және ол кейінге қалдыруға болмайтын тергеу әрекеттерінің тізіміне кірмейді. Сондықтан, аталған тергеу іс әрекеттерін түнгі уақыттарда жүргізуге болмайды. 

Бірақ тәжірибе барысында, сараптамалық зерттеу үшін үлгілер алу тергеу іс әрекеті қылмыстық істі қозғау стадиясында да, сонымен қатар тәуліктің кез келген уақытында жүргізіле береді. Бұл қолданыстағы заңға қарама қайшы болып есептелінеді.

         Сондықтан, сараптамалық зерттеу үлгілер алуды қылмыстық істі қозғау стадиясында да жүзеге асыру қажет. Сонымен қатар,  кейінге қалдыруға болмайтын тергеу әрекетіне кіргізу қажет, осы арқылы біз сезікті мен айыпталушының конституциялық құқықтарының кепілдендіруді жетілдіре аламыз.

Келесі тергеу іс-әрекетінің бірі – куәландыру. Қазақстан Республикасы ҚІЖК-нің 226-бабына сәйкес, куәландыру адам денесіндегі ерекше белгілерді, қылмыс іздерін, денсаулығына келтірілген  зиянның белгілерін анықтау, мас  болу жағдайын немесе іс үшін маңызы бар өзге де қасиеттер мен белгілерді анықтау үшін, егер бұл үшін сараптама жүргізу талап етілмесе, сезіктіге, айыпталушыға, жәбірленушіге және куәға куәландыру жүргізілуі мүмкін. Куәландыру жүргізу туралы тергеуші сезікті, айыпталушы үшін міндетті болып табылатын қаулы шығарады. Жәбірленушінің, куәнің мәжбүрлеп куәландырылуы прокурордың санкциясы бойынша жүргізіледі.

Автордың пікірінше, қазіргі таңда  қылмыстық іс жүргізуге қатысушылардың, оның ішінде сезікті мен айыпталушының конституциялық құқықтарын кепілдендіру күрделі мәселелердің бірі болғандықтан, сезікті мен айыпталушы өз еріктерімен үлгілерді беруден бас тартқан жағдайларда, үлгілерді мәжбүрлеп алу прокурордың санкциясы арқылы жүзеге асырылуы аса қажет.

Сондықтан, Қазақстан Республикасы ҚІЖК нің 226-бабы 2-бөлігінде көрсетілген «жәбірленушінің, куәнің мәжбүрлеп куәландырылуы прокурордың санкциясы бойынша жүргізіледі» – деп көрсетілген тұсқа, «жәбірленушінің, куәнің, айыпталушының мәжбүрлеп куәландырылуы прокурордың санкциясы бойынша жүргізіледі, ал кезек күттірмейтін жағдайларда айыпталушыны куәландыру прокурордың санкциясынсыз жүргізілуі мүмкін, бірақ ол туралы 12 сағат ішінде прокурорға хабарландырылуы тиіс» деп толықтыру қажет.

Диссертациялық жұмыстың екінші тарауының  екінші бөлімшесінде «Сезікті мен айыпталушының қорғану құқығының кепілдігі» мәселелері зерттеледі.

Қазақстан Республикасы Конституцияның 13-бабын сәйкес: «әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуға құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға хақылы» делінген. Ал, қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес бұл құқықты іске тартылған кез-келген қатысушы пайдалана алады. Соның ішінде, айрықша орынды сезікті мен айыпталушының қорғану құқығы алады. Себебі, қорғану құқығы – сезікті мен айыпталушыға сезіктен немесе айыптаудан сақтануға, өзінің қылмысқа қатысты еместігіне, жауаптылығын жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Қылмыстық іс жүргізуде сезікті (айыпталушы) өздерінің қорғану құқығын Қазақстан Республикасы ҚІЖК-нің 26-бабына сәйкес, жеке өзі немесе қорғаушының, заңды өкілдің көмегі арқылы жүзеге асыра алады.

Бірақ бүгінгі таңда  тәжірибеге сүйенсек, қорғаушы ретінде  іске айыпталушының жақын туыстарының жіберілуі өте тиімсіз. Оның себебі туралы Р.Н. Юрченко: «Қазақстан Республикасы 70-бабының 2-тармағында көрсетілген тұлғалардың (айыпталушының жұбайы, зайыбы, жақын туыстары, заңды өкілдері) қорғаушы ретінде жіберілуі тиімсіз. Бұлар заң көмегін толық түрде көрсете алмайды. Себебі көп жағдайда біріншіден бұл тұлғалардың кәсіби заң білімі жоқ, екіншіден бұл тұлғалардың білімі аз, кейбірі тіптен сауатсыз болып келеді. Заңда көрсетілген кемшіліктерді көптеген құқық қорғау органдары қызметкері өз мақсаттарына пайдаланады Қазіргі кезде, қылмыстық істерге тек осы тұлғалардың қатысуы көптеп кездеседі. Сондықтан да, сезіктінің, айыпталушының құқықтары жиі бұзылып отыр, соттан қосымша тергеу жүргізуге кері қайтқан қылмыстық істердің саны артуда. Осыдан, қылмыстық іс жүргізу барысында міндетті түрде кәсіби қорғаушының қатысуы туындап отыр деп көрсетеді [3, б. 37].

Міне осындай түйткіл  мәселелер басқа да елдерде кездесіп отыр. Мысалы, осындай қиындықтардан шығу үшін Литва елінде 2000 жылдың 28-наурызында «заң көмегін мемлекеттік кепілдендіру туралы» заңы күшіне енді және осыған сәйкес Шауляй және Вильнюс қалаларында мемлекеттік адвокаттық конторалар құрылған. Халықаралық ұйымдар Шауляйстік адвокаттардың жұмысына жақсы баға беріп отыр. Мұндай мемлекеттік адвокаттық конторалар басқа да жекелеген адвокаттарға қарағанда жұмысты тиімді жүзеге асырып отыр [2, б. 22]. Ал, АҚШ және Германия қылмыстық іс жүргізу барысында оған қатысушылардың құқықтарын мемлекет арқылы қорғауды жүзеге асырып отыр. АҚШ Конгрессі кәсіби заң көмегін жүзеге асыру үшін жылына 400 млдр дол. аса қаржыны бөлуде.  Бүгінгі таңда, Беларусия Республикасы және Ресей Федерацияларында осы мәселелерден шығу үшін «Муниципальдық адвокатура құру туралы» заң жобалары жасалып және қорғауды жүзеге асыру үшін мемлекеттен бөлінетін қаржының көлемін ұлғайтуда[7].

         Қазақстан Республикасы аумағында да кәсіби заң көмегін жақсату мақсатында заңгерлер арасында бірқатар пікірлер айтылуда.

         Автордың пікірінше, осындай мәселелерден шығудың бір жолы: «мемлекеттік мекемелер аумағында муниципальдық адвокаттық кеңселер құру керек. Осы мекемелердегі адвокаттар жергілікті бюджеттен қамтамасыз етілуі қажет. Бұл мекеменің негізгі міндеті жерілікті халыққа кәсіби заң көмегін көрсету боп табылады» деп көрсетті.

Ал, диссертациялық зерттеу жұмысының екінші тарауының үшінші бөлімшесі «Жедел-іздестіру қызметін атқару кезіндегі сезікті мен айыпталушының конституциялық құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктері» деп аталады.

Тәжірибе барысы және жүргізілген көптеген зерттеулер, көп жағдайларда жедел-іздестіру шараларын қолданбай және олар арқылы мәліметтерді алмастан қылмыстарды ашу қиын екендігін, кейбір жағдайларда тіпті мүмкін емес екендігін дәлелдеп отыр. Бірақ та, қазіргі таңда жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында қаншалықты дәрежеде сезікті мен айыпталушының конституциялық құқықтары кепілдендіруде, сонымен қатар жедел-іздестіру шарасы барысында алынған мәліметтердің қылмыстық іс жүргізудегі дәлелдемелік роліне қатысты заңгер ғалымдардың арасында өткір мәселелер туындап отыр. Мұндай мәселердің туындауына негізгі себеп болып отырған, 1994-жылы 15-қыркүйекте қабылданған № 154-13 Қазақстан Республикасы «Жедел іздестіру қызметі туралы» заңы мен қылмыстық іс жүргізу кодексі арасындағы кейбір қайшылықтар әсер етуі мүмкін.

М.Ч. Қоғамовтың пікірінше: «Қазақстан Республикасы Жедел іздестіру қызметі мен қылмыстық іс жүргізу заңдары арасында қайшылықтардың туындауы, жүйелілік және аргументацияның жеткілікті болмауынан туындап отыр. Бұл бағытта көптеген тәртіп тек процессуалды тұрғыда ғана қалып отыр, толық реттелмеген. Тергеушінің жедел іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдардан түскен материалдарды процессуалдық реттеу және оларды дәлелдеме ретінде пайдаланудың  шарттары туралы сұрақтар өз шешімін таппаған» [8, б. 261-262].

Біріншіден, бүгінгі күнге дейін, өзіне қатысты жедел іздестіру шаралары жүргізілген тұлғалардың, ЖІҚ материалдарымен танысу тәртібі туралы сұрақ заңда нақты өз шешімін таппаған, сондықтан да қылмыскердің қылмыс жасауға дайындық жасау барысы және қылмыс жасағандығы толық дәлелденбейді.

Екіншіден, ЖІҚ туралы заңда көрсетілген  көптеген ЖІШ, ЖІҚ теориясымен сәйкес келмейді.

Үшіншіден, ведомствалық бақылау мен  прокурорлық қадағалау функциясы  ашып көрсетілмеген.

Сондықтан да аталып өткен мәселелер  ары қарай жалғаспау үшін, ЖІҚ заңын теориямен сәйкестендіру қажет, бұл теорияда жинақталған тәжірибені, құқық қорғау қызметкерлері жұмыс бабында пайдалануында өз септігін тигізеді.

Диссертациялық жұмыстың екінші тарауының  төртінші бөлімшесінде «Мәжбүрлеу шараларын қолдану кезінде сезікті мен айыпталушының конституциялық құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктері» мәселелері зерттеледі.

Қылмыстық іс жүргізудің мәжбүрлеу шаралары – қылмыстық  іс жүргізу заңымен бекітілген, қылмыстық  істерді тергеу мен шешуді қамтамасыз етуге және қылмыстық сот ісінің тапсырмаларын шешу үшін бағытталаған, қылмыстық сот ісінің қатысушыларына және басқа тұлғаларға қатысты жүргізілген іс бойынша жауапкершілікті өздеріне жүктеген заңды тұлғалар мен органдар арқылы қолданылған мемлекеттік мәжбүрлеудің тәсілдері.

Мәжбүрлеу шараларының  ерекшелігі сол, ол қылмыстық іс жүргізудегі  көптеген қатысушыларға қатысты  қолдануы. Олардың ішіндегі ең негізгісі  болып сезікті мен айыпталушы табылады.

Алып келу (Қазақстан Республикасы ҚІЖК-нің 158-бабы) дегеніміз – сезікті, айыпталушы, сондай-ақ куә мен жәбірленуші дәлелді себептерсіз шақыру бойынша келмеген жағдайда анықтаушының, тергеушінің, соттың дәлелді қаулысы бойынша алып келуге (мәжбүрлеп әкелуге) ұшыратуы.

Кейбір жағдайларда  алып келу тұрғын үйлерге кірумен ұштасуы мүмкін. Осындай жағдайларда іске қатысушылардың тұрғын үйлеріне баса көктеп кіруде олардың конституциялық құқықтары бұзылады. Заңға сәйкес, тұрғын үйге бас сұғу тек прокурордың немесе соттың рұқсатымен ғана жүзеге асырылуы тиіс. Ал, Қазақстан Республикасы ҚІЖК-158-бабында алып келуді жүзеге асырудың процессуалдық тәртібі мүлдем  көрсетілмеген.

Егер алып келу туралы қаулы орындау барысында тұрғын үйге кірумен ұштасса, яғни онда тұратын  тұлғалардың еркінен тыс бас  сұғумен жүзеге асыру жағдайында, анықтаушы, тергеуші прокурордың келісімен сотқа сезіктінің, айыпталушының, жәбірленушінің, куәнің тұратын үйіне еркінен тыс кіруге рұқсат беруін сұрап өтініш жасауы тиіс. Егер кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда, тұрғын үйге бас сұғу анықтаушының, тергеушінің қаулысы арқылы жүзеге асырылуы тиіс.

Сондықтан да автордың пікірінше, алып келуді жүзеге асыру барысында сезікті мен айыпталушы және басқа да қатысушылардың құқығын кепілдендіру мақсатында заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет.

Егер алып келу туралы қаулы орындау барысында тұрғын үйге кірумен ұштасса, яғни онда тұратын  тұлғалардың еркінен тыс бас  сұғумен жүзеге асыру жағдайында, анықтаушы, тергеуші прокурордың келісімен  сотқа күдіктінің, айыпталушының, жәбірленушінің, куәнің тұратын үйіне еркінен тыс кіруге рұқсат беруін сұрап өтініш жасауы тиіс. Егер кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда, тұрғын үйге бас сұғу анықтаушының, тергеушінің қаулысы арқылы жүзеге асырылуы тиіс.

Сонымен қатар, тұрғын үйге қол сұқпаушылық қағидасы толық сақталу үшін, Қазақстан Республикасы ҚІЖК-нің 17-бабына «Тұрғын үйге қол сұғылмайды. Тұрғын үйге онда тұратын адамдардың еркіне қарсы кіруге, оны қарауға және тінту, алып келу жүргізуге заңда белгіленген жағдайлар мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі» деп қосымша енгізу қажет.

Келесі өзге мәжбүрлеу  шарасы – қызметінен уақытша шеттету. Қазақстан Республикасы ҚІЖК-нің 159-бабына сәйкес, қылмыстық процесті жүргізуші орган, егер осы қызметте қала отырып, ол тергеуге және істі сотта қарауға, қылмыспен келтірілген залалды өтеуге кедергі келітеді немесе осы қызметте болуымен байланысты қылмыстық әрекетпен шұғылдануды жалғастырады деп пайымдауға жеткілікті негіз болса, айыпталушыны қызметінен шеттетуге құқылы. Айыпталушы қызметінен уақытша шеттету туралы қаулы оның жұмыс орны бойынша ұйым басшысына жіберіледі, ол оны алғаннан кейінгі үш тәулік ішінде қаулыны орындауға және ол туралы сол адамға немесе қызметінен шеттету туралы шешім қабылдаған органға хабарлауға міндетті. Қызметінен шеттетілген айыпталушының, егер ол оған қатысты емес жағдайлар бойынша басқа қызметте істей алмаса немесе басқа жұмысқа кіре алмаса, еңбекке ақы төлеудің бір ең төменгі мөлшерінен кем емес сомада ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақыға құқығы бар. Қызметінен уақытша шеттету бұл шараға қажеттілік болмаған кезде судъяның немесе прокурордың қаулысымен, сондай-ақ тергеушінің немесе анықтаушының қаулысымен тоқтатылады.

Ал, Қазақстан Республикасы «Прокуратура туралы» заңының 21-бабының 1-бөлігінің 3-тармақшасына сәйкес, «айып тағылған адамды қызметтін шеттетуге» прокурордың жазбаша түрде санкциясы арқылы жүзеге асырылады. Осында екі заңның арасындағы қарама-қайшылықтың орнын толтыруға болады.

Автордың пікірінше, аталған мәжбүрлеу шарасы, прокурордың рұқсаты арқылы жүзеге асырылуы дұрыс болар еді. Осы арқылы айыпталушының құқықтарының кепілдендіруде үлкен маңызы бар. Бұл айыпталушының Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетілген әрбір азаматтың жұмыс істеу құқығының толық қамтамасыз етуін кепілдендіреді. Сонымен қатар заң арасындағы қарама-қайшылықтардың орнын толтыру үшін, Қазақстан Республикасы ҚІЖК-нің 159-бабына келесідей толықтырулар ендірірілуі қажет: Онда «Егер айыпталушының іс-әрекетінде сыбайластық жемқорлыққа қатысты қылмыс белгілері болмаса, онда айыпталушының өз қызметінен уақытша шеттету тек прокурордың және судъяның рұқсатымен жүзеге асырылуы тиіс» деп көрсету керек.

Информация о работе Сезікті мен айыпталушының алдын-ала тергеу стадиясындағы конституциялық құқықтары мен бостандықтарының іс жүргізу кепілдіктері