Автор работы: Пользователь скрыл имя, 20 Мая 2013 в 19:14, курсовая работа
Төлеген Айбергенов жыр әлеміне өзіндік үнімен еніп, соңынан тұтас бір толқынды ерткен, қазақ поэзиясы тарихында бүтін бір дәуірдің кілті болған тұлға. Ол 1937 жылы 8 наурызда Қарақалпақстанның Қоңырат ауданы «Қоңырат» кеңшарында дүниеге келген.
Алғаш Чкалов атындағы жеті жылдық мектепте, 8 кластан бастап М.Горький атындағы орта мектепте білім алып, сондағы балалар үйінде тәрбиеленеді. Орта мектепті 1954 жылы бітіреді. Төлеген Ташкентке келіп, Низами атындағы педагогикалық институтының қазақ тілі және әдебиеті факультетінде оқиды.
Ол Сарыағаш қаласындағы М.Әуезов атындағы мектептің жанындағы жұмысшы – жастарға білім береті кешкі мектепке директор болып орналасады. Жұбайы Үрниса Оразғалиева қаладан сәл шеткерірек орналасқан мектеп-интернатта аға тәрбиеші және тіл, әдебиет пәнінің мұғалімі болып қызмет жасады.
І.Кіріспе бөлім....................................................................................................3-4
ІІ. Негізгі бөлім.
2.1.Төлеген Айбергеновтің өмір белестері.......................................................5-7
2.2.Т.Айбергенов жырларының көркемдік ерекшеліктері............................8-19
2.3.Аз ғұмыр жайлы құнды пікірлер. ............................................................20-23
ІІІ. Қорытынды. .................................................................................................24
IV. Пайдаланылған әдебиеттер........................................................................25
2.2. Төлеген поэзиясы өз бойына қаулаған жігер мен алғыр сезімді сәулелі парасат пен зымыран ойларды қатар сіңірген толыққанды поэзия. Сондықтан да оны таңдайына әсемдіктің тұзын тати білетін адамның тебіренбей, толқымай оқуы мүмкін емес.
Асылы, адамды, адами қарым-қатынасты жазудай қиып ештеңе болмаса керек. Алда-пенделіктің тарам-тарам гүжбар өзені. Пенделік бар жерде иірім бар. Алда-мұрат пен мақсат таулары, мұрат бар жерде арман бар. Кім қай жолмен жүреді?
Ақынның бүкіл азаматтың болмысы мен мінезі осы шумақтарға түгел сиып тұр. Бір ғажабы Айбергенов өз поэзиясында қандай өр, әрі қызба, жомарт, меймандас болса, өмірде де сондай болатын.
Айбергенов поэзиясы үн-әуезге толы. Іш пыстырарлық салқындылық, сананы сарғайтар сабырлылық оған жат. Лапылдап, аптығып, бұрқап, булығып келеді. Сыбырламайды – айқайлайды, бұқпайды – «мен мұндамын» айбарлайды. Не де болса ақтарылып, ақырына жеткенше ақиқатын, барын бүкпей айтады.
Жалған сөйлеу - өлеңді өлтіретінін ол мықтап ұстанған. Айбергенов дүние – тірліктің лүпілін, дыбысын аңдайды. Сондықтанда оның жыры музыка тілімен сөйлейді. Тасыр-тұсыр, кездейсоқ дыбыс емес бұл. Мынау алыс-жұлысқа, ардақ пен арамға мекен болған жорық дүниенің кеуде түкпірінен шығып жатқан кейде сылқым әуез. Ақын жанына ұйқы бермейтін де сол.
Оралам үйге кейде мен,
Ойнақшып сылқым ойда өлең.
Қайтамын үйге кейде мен,
Еңсемді басқан ойменен.
Келемін мен үйге кей шақта
Шаршаған дел-сал бойменен.
Оның ең өнімді жырлаған тақырыбы – туған жер тақырыбы. Елін айтқанда, ақынның мақтаны, масайрады көп. Өйткені, ол алып-анадан туса, азаматтың халықтан туатынын бағып өскен. Елі мен жерінің бүгіні, ертеңі – арай таңдарға толы. Бұл әншейінгі көз жұмбай, ойсыз оптимизм емес. Туған топырағымен кіндігі мықтап байланған азаматтың көл-көсір сенім, шалқар сезімі.
Туған жер табиғаты Айбергенов жырларында туған жер туралы ұғыммен тепе-тең. Тіпті Төлеген жырларын оқып отырып, қазақ даласы дегеніміз сыңсыған орман мен теңселген теңізге, мөлдіреген көлге, сарқырып аққан бұлаққа, көк жасыл әлеметке мекен болған, аспан астындағы бірден-бір жерұйық екен-ау деп ойлап қаласыз. Аспан астында бұдан бейбіт жер жоқ сияқты.
Ақынға ілесіп, сізде бала болып кетсіз. Расында ақын көңіл мен сәби көңілінің арасында алабөтен сәуегей болмаған ақынның халі мүшкіл, шабыты шабан соғып жатады.
Бұл ақынның стихиясы. Бұл әрнәрсеге, тіпті, кейде ақылға сиымсыз көрінетін, алысқа қол ұратын аңқау сәби көңілдің сыры.
Соның бірі «Бір жетсе менің ажалым жетеді» деп басталатын өлең. Осындағы тентектік, осындағы өр мінез жәй бір поза емес. «Мені көрдіңдер ме?» деп кеудені ұрғылау емес. Кейде кісі ажалдан қорыққанынан қыр көрсетеді ғой. Айбергенов гәбінің сыры өзгеше мұндағы лирикалық кейіпкер – лирикалық қаһарман тақырыбына шығады, кейіпкер, қаһарманға айналады.
Өле берсін күншілдер күйігінде,
Өз ғасырым өзімнің иінімде.
Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты,
Мен өлемін өзімнің биігімде!
Сырттай қарасақ, осындағы әңгіме өлім жайында секіді. Ал шын мағынасында бұл өмір жайлы өлең ғой. Бұл өлеңде де өмір жеңіп жатады.
Ақын, азамат мойнындағы парызды оның өзі әдемі айтады.
Нахаттан күйіп баратса нұрлы күн үшін бір тұтқын,
Кес-кестеп барып кеудеңді оғына тосу мықтықтың.
Қалдырмау үшін ұятқа күнәсіз мынау дүниені,
Жамау қып басы өзіңді аузына барлық жыртықтың.
Айбергенов поэзиясы образға тұнып тұрады. Ол тек образ тілімен сөйлеуді мұрат еткен. Осыдан Айбергенов жырының айрықша бейнешілдік сипаты келіп шығады.
Бұл бейнешілік қазақ оқушысына тұрпайы, тосын емес, қайта оның ұғымымен етене жақын қонсыласып жатады. Қазақ фольклорының, суырылған шешендік сөздердің әсерін анық байқауға болады. Ақын туған жұртының өлең тілін мейлінше жақын біледі. Осындағы ұлттық «нағашы», «жиен», «насыбай» секілді ұғымдармен шектелмейді тағы.
Төлеген теңеу деген ұғымды мейлінше еркін,, мейлінше енік, қолданады. Тың ассоциялар, тың бояулар мол.
Оның поэтикалық палитрисы ерен жомарт. Оның бәрін тізбелеп, зерттеп айту үшін тағы бірнеше мақала жазу керек болар еді. Бір ғана мысал.
Ақ жұпар аңқып, бұрқырап озон тараған,
Барсаң сен жаздың жаңбырында аппақ бораған.
Жетеді сен боп дүңкілдеп маған қаққанда –
Самала мынау таулардан
Сарқырамалар – барабан.
Айбергенов қазақ поэзиясына тың бейнелер ғана емес, соны түрлер әкеліп қосқан ақын. Оның жыр өлшемдері айрықша қызық. Ол 8, 13, 18, 15, 3, 2, 6, 17 т.б. буынмен төгіле жырлар жазған. Ең қызығы, осы тәріздес алауан буын мен алуан ырғақ кейде жалғыз өлеңнің бойынан кездеседі. Және сол өлеңнің көркемдік сапасына әсте нұсқан келтірмейді.
Оныкі – жанды, жарқын боялуы ізденістер. Бұл ретте ақынға расында да оның өзі жетіп білетін өзбек, қарақалпақ поэзиясының игі әсері тиген болу керек. Дегенмен, Айбергенов поэзиясының білеу-білеу тамырларын қазақ жырының төл топырағынан танитынымыз ақиқат.
Ақын әрбір өлеңге барарында сол өлеңнің қақпасын ашатын кілтін тауып, үлкен қамалды алатындай жан-жақты дайындық жасап баруы керек. Ақын алдында мен осы өлеңімде не айтамын, жұртқа нені ұғындырамын деген сұрақтар тұруға тиіс. Ақын жасайтын объектісінің анатомиялық құрамын зерттеп, философиялық шешімін табуға керек жаңағы бояулар мен ақындық кредоның шарттары Төлеген Айбергеновтың «Сағыныш» деген өлеңін оқығанда алдыңнан шығып, айдындай ашыла кетеді.
Сағынбай барсаң, теңіз де сенің тебіренбес жастық шағындай,
Бұлбұлдың даусын есіте алмайсың, бауларға кірсең сағынбай.
Сағынбай барсақ, таулар да сенің алдыңнан шықпас асқақ тап.
Ойлауың мүмкін дүниені мынау кеткен екен деп тас қаптап...
Үмітке толы, арманға толы әр жерде бір түп қарағай,
Сағынбай жүрсе қалуы мүмкін жамырасуға жарамай.
Биікте тұрған таулар да мынау нұрына таңның боялған
Сені мен менің ғасырлап күткен сағынышымнан оянған.
Төлеген лирикасының ең басты қаһарманы – сағыныш. Ол оқушысымен әр кездескен сайын сөзін сағыныштан бастайды.
Оның қай жырын оқысаңыз да осындай сағыныш сазы еседі. Туған жерге деген сағыныш достарға деген сағыныш, өлеңге деген сағыныш. Шындап келгенде, бұл сағыныштың бәрі де ақын көкірегін өртеп бара жатқан алай-дүлей махаббат.
Бұл – ақынның суреткерлік кредосы. Сағынбай тұрып барма, сүймей тұрып жазба! Ол үшін қаншама ерлік кеңдік, қаншама рухани байлық керек.
Поэтикалық шындықтың басты критерийі - органикалық тұтастық. Сол тұтастықты терең зерттеу арқылы талант-дарынның құпия сырын аша аламыз.
Ақын жүрегінінің, адам өмір сүрген ұрпақтар жүрегінің адамнан адамға, уақыттан уақытқа жалғастыратын жанды процесс. Ақыл мен жүрек, ой мен сезімнен туған өлең ғана ақынның жан-жүрегін, жан дүниесін келер ұрпаққа жеткізіп, мәңгіліктің кереунінде өз көшін бастайды. Сөзден басқа адам жүрегін, адам жанын сақтап қалар құрал жоқ. Ақырғы сапары – ажалға келіп тірелетін адамның қиналғанда тапқан құралы, адам адам болғанда тапқан алтын қазынасы, алтын қазығы – сөз. Сөздің құдіретін жеткізудің бір жолы - өлең, сол өлеңді аз ғана ғұмырына серік еткен ақын Төлеген Айбергеновтың жүрегі соғуын тоқтатса да, өлеңдегі сапарын тоқтату мүмкін емес.
Ей, адамдар, айналайын туғандар,
Жалғыз минут тыңдаңдар!
Мен сендерге көп болды сыр шертпедім,
Қазір түгел көкірегім өрт менің! – деп жүрегінің лапылдаған отымен, өз дерті, өз жүрегін күйдіріп бара жатқан сағынышымен қазақ поэзиясының шаңырағын жылытты. Адамның заңғар ұлылығын сағынышымен есептер, сағынышымен өлшеген ақын, сол сағыныштың «кірпіктеріне сүйеніп» өткен. «Сөйлейді сенің тілінде барлық құс біткен» деп сағыныш алдында бас иеді. Азаматтығын сағынышымен асқақтатады. Сағыныш сезімін құдіретін елестету үшін мына бір шумаққа зер салсақ та жеткілікті:
Сен менің өзімді көрсең,
Тұрысым осы менің.
Ал мендегі ғаламат сезімді көрсең
Шомыр едің!
Сен онда ойланар ең
Мен болып сезінер ең
Мен болып оянар ең,
Мен болып көз ілер ең
Жеткізе алмас ел мұны
Адамның сөзімен.
Адамның сөзіменен жеткізе алмаған жерден, құпия сезім құдіреті басталмақ. Осындай сезіммен өлең керуеніне енген ақынның азаматтық жүрегі – азаматтық лирикасымен көріктеніп, күрделене түсті. Төлеген ақынның өлеңіндегі ешкімнің де қаралы жете қоймаған тың бейнелілік, көркем оралымдар, өзіндік мақалдар өмірінің ақырында жазған туындалырының әрбір шумағында кездеседі десек артық айтқандық бола қоймас.
Жапырақтардан тіл бітіп бала құстарға (13)
Көктем келді тағыда Қазақстанда.
Медеудің мынау үкілі басы бұрқырап, (13)
Сапарын тартты сабылып сазы алыстарға. (14)
Сұңқар шыңдардан суырып семсер ақберген, (13)
Бұрма құздардан бұзылып көшті қақ терең. (13)
Бала қайыңдай солқылдап бұлақ сайлардан, (13)
Кеудемнен менің сыбызғы тартып ақты өлең (14) – деп басталатын «Қазақстан көктемдерді» деген өлеңіндегідей сазды да, әуенді жырларының буындары әртүрлі болып келсе де, тіл кібіртіктемейді, қайта арнайы ағысқа тартқан өзендей сүйіспеншілігінді оятып отырады. Бояулар да жұтаң емес, қалың сөздер де тосын: «Жапырақтардан тіл бітіп бала құстарға» дейді. Теңеулері де орнықты әрі сымбатты. «Медеудің мынау үкілі басы бұрқырап» дейді. Күтпеген көз алдыңда суреттер келеді. Бұл ағысының да сипаты тамаша, оған шыбық қайынның майысқақ, иілмелілігін ойға оралтып: «Бала қайыңдай солқылдап бұлақ сайлардан» дейді. Екі шумақтың өзінен неше алуан теңеулер төбе көрсетеді. Бәрі жарасымды. Көңілге қона кетеді.
Табиғатпен етене туысқан дарын – Төлеген Айбергенов творчествосын сөз еткенде, оның осы қырына арнайы тоқталуды жөн көрдік. «Атамекен» өлеңінде:
Көл дария көккірегіммен бір тұнба ашып,
Мен тұрмын ата-баба жұртын басып.
Жаутандап қазір менің жанарымда,
Түп-тұтас жиырма жеті жыл тұр ғашық – дейді. Бұл жерде ақын, өзінің жиырма жеті ғұмырына дейін қарапалпақ жерінде өсіп, бар болғаны үш жыл ғұмыры туған қазақ жұртында өтті. Сол үш жылда ақын – ағыл-тегіл жырлады, құдіретті сезімге шомылды, оның бәрі туған жер табиғатының қадір-қасиетінің күші еді.
Түп-түгел төрт құбылаңды түстік етіп,
Туған жер, мен сен салған құс түлетіп.
Дүние-ай, қандай жақсы еді табаныңа,
Тұрғаны өз топырақыңнан ыстық өтіп.
Мұндағы атамекенге деген сезімін мен сенің түлетіп ұшырған құсынмын дей келіп, «Дүние-ай қандай жақсы ед табаныңа, тұрғаны өз топырағыңнан ыстық өтіп» - сынды сезімді бастап кешу, жаутаңдап жиырма жеті жыл туған жеріне табаным тисе деп ғашық болған адамның, сағынған жанның жүргінен ғана туады. Күнде туған жерге табаны тиіп жүрген адамнан гөрі, терең ұғынады. Тіпте, ақын туған жерін сүйетіндігін, қастерлейтіндігі соншалықты өзінің көлеңкесін де сол жерге түсіргісі келмейді. Сондықтанда: «Мен сенің ақ төсіңе шаққай түсте, көлеңкем түспесін деп тік тұрамын», - дейді Айбергеновтің «Атамекен» өлеңінен табиғат, пейзаждық лириканы бастауымыз себебі, ақын сол туған жер табиғатының суретін, бояуларын саяси лирикаға да, философиялық лирикаға да, махаббат лирикасына да тамаша қолдана біледі. Оның бейнелеу құралының қуатты қаруы – табиғат тылсымдары. «Мұнаралар» деген өлеңінде:
Кезім менің!
Жатырсың жырақты ашып,
Қызыл гүлді барады қыр ап қашып.
Жиырмасыншы ғасыр жүр Маңғыстауда
Мұналар басына шырақ тасып. – дей келіп, «табаным астында қара дария, тас төбемде тайгосы мұнараның» - деп әдемі суретті табиғатпен табыстырады да
Өмір, өмір ойлайсың толғанасың,
Жастық шағың аңсайды қарбалысын.
Мұнаяды жиырма бес-қызық дәурен,
Көнке осылай шаншылып қалмағасын – деп, Маңғыстаудан мұнараларға, мұнараларын табиғатқа, табиғаттан - өмірге ойысып, адамның қызық дәурені, ғұмыры – жиырма бестің арман – мұңына әкеп тірейді. Бір-бірімен үйлесіп ұнасым табады.
Төлеген үшін табиғат – адамдай қозғалыстағы жанды дүние. Табиғат тек қана шабыттың ғана көзі емес, табиғатта да жүрек бар, табиғатта да бостандық, еркіндік бар, табиғатта да махаббат және оның тілі бардай сезінеді, содан өлеңнің жан дүниесі ашылып, адамның күрделі өміріне еркін енеді. Сезімін тербейді, табиғатты адаммен, адамды табиғатпен туыстырып, әдемі теңеулер туғызады.
«Маңғыстау саздарындағы» композитор Шәмші Қалдаяқовқа арналған «Сырласу» өлеңінде, табиғатты Шәмшіге теңемейді, керісінше Шәмшіге табиғатты теңеу арқылы көркем шешім тапқан.
Көрсең ғой шіркін бәрін де көзбен көрсең ғой,
Жатыр-ау менің жазира далам өлшенбей.
Осынша сөзбен ынтызар қылған аймаққа,
Бір әлем дария керек-ақ екен дәл сендей.
Информация о работе Т.Айбергеновтің әдебиеттегі өзіндік орны